360 ӘУЛИЕЛІ КИЕЛІ МАНҒЫСТАУ

Home » Рефераттар » 360 ӘУЛИЕЛІ КИЕЛІ МАНҒЫСТАУ
Рефераттар Комментариев нет

Қазіргі жазба деректерде адайлардың ежелден бергі ата мекені, кәрі Каспийдің жағасындағы түбектің Маңғыстау аталуы:
— Аты айтылмайтын белгісіз бір аймақтан Ман атты тайпаның Маңғыстауға келіп қоныстануына байланысты қойылғаны;
— Мыңқыстау, немесе Мыңжол деген сөзден шыққаны;
— Татарлар «әйгілі мекен»;
— Орыс империясы сөздігінде Ноғайлардың немесе оның менк деген руының қыстауы;
— Түрікпендер Манды қойдың аты дейді.
— Түрікпен ғалымы Қ.Аннаниязовтың айтуынша Ман сөзінің аудармасы «үлкен» қышлақ, поселок (үлкен поселок);
— Кеңес үкіметі кезінде «қазыналар қоймасы»;
— Тағы бір деректе түбек аты «Маңғұс» деген моңғол халықтарының мифологиясына тән мақұлық (айдаһар, құбыжық) атымен байланысты Маңғыстау – «айдаһарлар тауы» делінеді.
— Енді бірі «Маңғыстау… Мәңгі қыстау деген сөзден шықты ма екен? Әлде… мың қыстау деген ұғымды білдіре ме?… Малға қатысты айтылған ба, қалай? Мынау шетсіз де, шексіз даланың малсыз сәні келмесі анық. Әлде маңғаз тау ма екен?… деген сұрақ қоя жазады Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменов «Түлеген Түбек» атты мақаласында. («Егемен Қазақстан» 2 сәуір 2011 жыл).
— «Маңғыстау сөзінің шығу тегіне қатысты сан түрлі пікірлер бар. Соның бірі көшпелілердің құтты мекен, мың ауыл немесе мың қыстау дегені халық арасында кең таралған. 1985 жылы жарық көрген Е.Қойшыбаевтың «Қазақстанның жер-су атаулары атты сөздігі» кітабында Маңғыстау атауының шығу тегі туралы төрт болжам келтірілген. Біріншісі, өлке аты «мың» және «қыстау» тіркесінен шыққан. Екіншісі — ноғайдың «менк» деген тайпасының атынан ауысқан. Үшіншісі көне түркі тіліндегі «мен» төрт жастағы қой сөзіне «қышлақ» жалғауы арқылы қалыптасса, төртіншісі Е.Қойшыбаевтың өз болжамы бойынша «Маңғыштағ» «Құбыжықтар тауы» дегенді білдіреді.
— «Маңғыстаулық өлкетанушы ғалым Серікбол Қондыбай «құбыжықтарға» қатысты болжам дұрыс деген ой айтады. Шығыс түркі (қазақ) және моңғол мифологиясында «маңғыш» (маңғыс, мангус) айдаһар, керемет құбыжықтар дегенді білдіреді. Моңғолдарда ол тек зұлым, зиянды сипатқа ие болса, түркілерде екіұдай жақсы — жаман қасиетке ие ретінде баяндалады. Қондыбайдың айтуы бойынша Маңғыстауды мекен еткен оғыз түрікмен тайпаларының арасында «салыр» руы болған, бүгінгі түрікмен ұлтының құрамында «салор» атты ірі ру тайпасы бар. Сонымен қатар Қытайдағы Цинхай өлкесіндегі түркі тілдес салыр мен осы салор арасында тарихи генетикалық байланыс бар деген тұжырым айтады. Маңғыстауға келген оғыздар Қаратауды «Маңғыштағ» деп атаған. Айдаһар туралы аңыздар түрікмен халқында да, қазақ халқында да (Айназар батыр туралы) бар.
Оғыз салырлар «Маңғыштағ» атауын өздеріне дейінгі аңыздарға негіздеп жасаған, аударма (калька) топоним. Сондықтан «Маңғыстауды» маңғыш тау қорқынышты алып айдаһардың мекендеген тауы немесе «айдаһартау» дегенді білдіреді деген тоқтам жасауға болады» (Маңғыстау облысы. Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
— «Маңғыстау – қазына жөнінен де, тарих жөнінен де, рухани құндылықтар жөнінен де теңдесі жоқ бай өлке. Соны жарқырата көрсете білсек, мына дүниеге нұсқа болар мысалдар жеткілікті. Жер жетпегендей 360 әулие неліктен Маңғыстау топырағына кеп, бас сүйеген? Мұнайдың қызуына жылынайық демеген шығар, одан да басқа, біз білмейтін ғарыштық мұраттар болуы да ғажап емес. Әйтеуір сансыз әулие осы өңірде неше ғасырлар бойы үн-түнсіз күзетіп жатыр. Жоқ әлде келешек жас ұрпақтан бір жақсылық дәмете ме? Мына ызы-қиқы алақұйын заманда Маңғыстау перзенттері осы бір мәселені жадыларына түйіп жүрсе деп тілеймін. «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» киелі топыраққа адайларда осымен үш кетіп, үш келіп отыр. Бұл соңғы көш, соңғы келіс мәңгілік болсын деп тілеймін. Әр келіп, әр кеткен сайын бұрынғы тарихынан көз жазып қалған. Маңғыстау қатпарында ежелгі адайлардың ізі жатыр деп сенімдімін. Маңғыстау атауында, қазақ топырағында б.д.д. 3-1,5 мыңжылдықтар арасында жасаған арийдің ман тайпасының жаңғырығы жатыр. Маңғыстау, Ман-Ата, Манаш та осы қатардағы ұғым. Еділ-Жайық арасында арий тайпаларының ортасында пайда болған Зәрдөшт (Заратуштра) діні өз топырағында мойындалмағанда, абыздар Маңғыстауға қоныс аударған. Зәрдөштің өз жұртына келіп, жаңа жерде уағызын жалғастырған өлкесі осы Маңғыстауға ұқсайды. Зоастризмнің басты кітабы «Авестаның» ең ежелгі кейіпкерінің бірі – Сам. Кезінде Иран жұртында «Шаһнамамен» қатар «Самнаме» дастаны көп жырланған. Сам – Иран шаһы Манучеһрдің батыры Залдың әкесі, Рүстем батырдың атасы, Нариманның ағасы. Міне, осы Зәрдөшт дінінің кейіпкерінің есімі – тек Маңғыстау топырағында сақталған. Кейінгі талапшыл, ізденімпаз ұрпаққа бұлар бірде-бірі немкетті оқиға болмасқа керек. Көшті ілгері бастайтын, елді ел ететін тарихи санасы бар, ата-бабаларын мақтан тұтатын ұрпақ». Бұл Әнес Сарайдың «Тарих тұңғиығы тіл қатады…» атты еңбегінен алынған үзінді.
Қазақ даласы тұрғындарының ежелгі тарихын, рулық шежіресін, жоғарыда көрсеткенімдей көрші елдердің де жорамал-болжамдарын, осы даладағы және бүткіл әлемдегі көптеген Ман атты топонимдерді саралай келе жоғарыда келтірілген тұжырымдардың қай-қайсысы да Маңғыстау сөзінің мән-мағынасын толық аша алмайды деп есептеп, төмендегідей тұжырым ұсынамын:
1. Манқыстау — біріккен сөз. Ан, ман, ыс, қыс, ау, тау, қыстау.
— Ан – тірі жан, пенде. Адамзат баласының сана сезімі жетіспеген кезеңі. Даланың
Адамнан басқа тіршілік иесін «аң» дейтініміз осы. Біресе Ман, біресе Маң болатыны да осыдан. Демек алғашқы адамдардың санасы аңдардан айырмасы шамалы болған. Қазақтың «кісі киігі» осы. Тағы бір мағынасы Ан — ананың сөз түбірі. Ан екі рет, біреуі оң, екіншісі теріс оқылып қайталанғанда біздің күні бүгінгі сөздік қорымыздағы Ана деген ұғымымыз шығады. Жалпы қазақта ең киелі ұғымдардың (Ата, Аға, Апа, Аса) барлығы осылай туындайды. Демек, Ан екі еселеніп қайталанғанда Ана ұғымы шығады.
— Ман — алғашқы адамдар, яғни алғашқы аталарымыз .
— Ыс – ыс, қыс, ыссы, ыстық, (отқа, күнге, ыссылық пен суықтыққа байланысты ұғымның ең жоғарғы шегі).
— Ау мен Тау — Ауа анамыздың лақап есімі. Назар аударайық, Ау – Ауа анамыздың есімінің сөз түбірі.
Сонда Манқыстау дегеніміз «Анасының құрсағынан» жаңа шыққан, бүгінгі тіл мен
айтқанда «Мандардың (алғашқы адамдардың) қыста қыстайтын мекені» болып табылады. Басқадай жорамал-жобалардың барлығы түп-тамырымен қате.
Қазақ атам тарихты бір ауыз сөзбен жазған. Түсінген жанды тәнті етеді, түсінбеген, яғни сөз қадірін ұқпайтын жанға мәңгі жұмбақ болып қала береді. Алдағы уақытта бұл еңбектің өн-бойында «тақырыпқа тамызық» болған әр бір сөзді сөйлетіп отыратын боламыз. Басын Манқыстаумен бастадық, екіншіге «Мақал мен Мәтелді» саралайық. Себебі, осы бір ауыз сөз бізге Манның түп атамыз, Манқыстаудың ілкі төр екендігіне толықтай куәлік ете алады.
Мақал – құрамы Ақ (ақиқат), Ал (алғы, алғашқы, алдыңғы) деген екі біріккен сөзден тұрады. Ал алдыңғы Ма жұрнағы Манның бірінші буыны. Сондықтан бұл сөздің толық тарихи мағынасы Мандардың алғашқы ақиқаты, яғни алдыңғы Мандардың өз бастарынан өткен әр-бір құбылысқа (жақсысына да, жаманына да) тұжырым жасап өз ұрпақтарына қалдырып кеткен өсиеті болып табылады.
Мәтел – құрамы Әт (Ат, Ад) және Ел деген екі біріккен сөзден тұрады. Бұл жерде де Мә (Ма) жұрнағы Манның бірінші буыны. Мәтел сөзі жеке-дара айтылмай Мақал-мәтел деп мақалға тіркеліп айтылады. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл жерде Мәтел дегеніміз сол Мақалдардың авторлары кімдер екенін дәлдеп айшықтайды. Демек, мақалдардың авторлары Адам ата ұрпақтары, яғни МАД елі. Ал, олардың қарашаңырағы бүгінгі Адайлар.
Тарих тағлымы: Күнделікті тұрмыс-тіршілігіңде, немесе өмірің тығырыққа тірелген «айшықты» кезеңдерде атам Қазақтың мақал-мәтелдерін басшылыққа алсаң шындыққа беттейсің. Ол сенің азаматтық арыңды сақтап, ұрпағыңа үлгі болуыңа, ел-жұрт алдында «қарабет» болмауыңа толықтай кепілдік бере алады.
Манқыстау – қазақ даласының ауа райына да сәйкес келеді. Күні бүгінде де бүкіл қазақ даласының ең жылы жері Сыр алқабы (бүгінгі Түркістан) және Манқыстаудың қара ойы болып табылады. Суық жерлер Ақтөбе, Орал, бүкіл солтүстік өңірлер (Сарыарқа) жаз жайлауы деп аталған. Демек, аталарымыз жаз жайлауда жазды өткізсе, қысты, ең жылы жерде, қыстауда өткізген.
2. Орыс империясы сөздігіндегі Маңғыстауды Ноғайлардың қыстауы деуі тарихи шындықтан көп алшақ емес. Бір кездері Ман атамыздың атына сәйкес Мандар деп аталғанымыз сияқты, кейіннен Ноғай атамыздың атына сәйкес Ноғайлы елі аталған кезімізде болған. Айтулары дұрыс. Олар Манды Мен деп отыр.
3. Татарлардың «әйгілі мекені» мен Кеңес үкіметінің «Қазыналар қоймасы» Маңғыстау сөзінің мән-мағынасын ашпайды, тек қана оның әлемге әйгілі, алғы төр және оның жер қойнауының қазынаға өте бай екендігін сипаттаған мінездеме береді. Екеуі де Манқыстау тарихын жақсы біледі.
5. Е.Қойшыбаевтың келтірген төрт болжамының ішіндегі шындыққа сәл ғана (онда да тек қана жанама түрде) қатысы бары «көне түркі тіліндегі «мен» төрт жастағы қой сөзіне «қышлақ» жалғауы арқылы қалыптасты» дегені. Бұл жердегі айтпағымыз, «мен» деген сөз күні бүгінде де сол бұрынғы күйінде қолданыста. Мен, Ман атамыздың лақап аты. Қазақтың сөз жасау жүйесінде (а, е) дыбыстары бір-біріне жақын, бір тектен шыққан атауларға балама мағына ретінде қолданыла береді. Ал қойға келсек, ең алғашқы даланың жабайы аңынан (арқардан) қой мен қошқарды дүниеге әкелген осы Маңғыстаудың ежелгі тұрғындары қазіргі Адайлардың ата-бабалары болатын. Оған айғақ ретінде айтарымыз, қой мен қойшының пірі (ұстазы) Шопан атамыз бен Қошқар ата бейіттерінің осы Манқыстауда орналасуы. Бұл жерде Ман (мен) атауы қойдың (қошқардың) атасы (авторы) ретінде беріледі. Маңғыстауда бұндай балама атаулардың қолданылуы табиғи жағдай. Мысалы, Шыңғыс қағанды Қазақтың суырып салма, ақиық ақыны Қашаған Күржіманұлы (1841-1929) былайша жырлаған:
…«Кешегі Дүиім Баян кеткен соң
Алты жыл анық өткен соң,
Ар-сар болып жүрегі,
Қанға толып білегі,
Шыңғыс туды Арқардан?.
Оның туған тұқымы
Патша болып таралған». Арқар Адайлардың лақап аты және олардың ежелгі ұраны. Бұл жерде Қашаған атамыз Шыңғыс ханның шыққан тегі Манқыстау, руы Адай деп отыр.
«Ханыңыз онан соңғы Нұралы еді,
Төренің «арқар» деген ұраны еді (Шернияз). Төре де Адайлардың лақап аты.
4. Ал, түрікпен ғалымының «Манды» үлкен, кейбір «болжағыштардың» Мыңқыстау, немесе Мыңжол деген сөзден шыққан дейтіндері түп-тамырымен қате. Бұл атаулар керісінше, Мандардың атына сәйкес қойылған. Себебі, қазақта ру атымен және соған сәйкес жер, су, тау, елді мекен атаулары аталарымыздың атымен аталады. Топономикалық атауларды жер-суға адам баласы қояды емес пе? Мұның адам түсінбейтіндей несі бар? Осылайша ой түйіндеп, Мандардың шыққан тегі мен таралу аймағын саралайтын болсақ, Маңғыстау сөзінің тікелей мағынасы Манқыстау, Мандардың, яғни Ман елінің қыстауы болып шығады. Ман атаның моласы да, қыс қыстауы да Манқыстауда. Бұл жердің Манқыстау аталуы, осы жерді мекендеген жергілікті халықтың түп атасы Ман атамыздың атына сәйкес қойылған. Қазақ даласында ру, тайпалардың аталарының атын иемденіп, ұлыс пен ұлтқа айналуы ежелгі дәстүр. Сонау ежелгі заманнан бері аталарының моласы жатқан және сол жердің топономикалық атауына ие болған елге ешкім дауласпайды.
5. Манқыстау Ман елінің қыстауы болатын болса, демек ол елдің көшпенді халық екендігіне және олардың жаз жайлауының да бар екеніне ешкім дауласпауға тиіс. Олардың жаз жайлауында, көші-қон бағыттарында түбірінде Ман сөзі бар ел, елді мекен, жер, су, тау, әулие-қорым атаулары арқылы-ақ анықтау анау айтқандай қиындық туғызбаса керек. Оған алда тоқталатын боламыз.
6. Ман тайпасы басқа жақтан ауып келіп, ауып кеткен көп тайпалардың бірі болса, Адай ата ұрпақтары Ман атамызды әулие деп қастерлеп, ұлан-ғайыр аймаққа оның атын беріп қоймаған болар еді. Демек Ман атамыз — Қазақтың өз атасы.
7. Мандар бұдан бірнеше ондаған мың жылдар бұрын, яғни жер бетін топан су қаптаған Нұх пайғамбар заманынан бұрын өмір сүрген. Бұлай дейтін себебім, қазіргі ғылыми айналыста жүрген деректер бойынша бұдан үш мыңнан да арғы жылдар бұрын осы аймақтарды мекендеген үнді-арий және алман (герман) тайпалары тілінде бірінші адамды Ману, Манн деп атаған. «Адам пайғамбардан Шис, Одан Ануш-Қина-Мекайл-Берді-Ыдырыс пайғамбар-Маңғышлақ-Уамақ-Нұқ пайғамбар-Иапес-Түркі (сегіз Иапес: Түркі, Хазар, Сақтаб, Қытай, Қамари, Тарха, Жапон, Манжүр) болып келетін ұрпақты тізбек те Маңғыстаудың Ман-Адам (Ман – Ата қауымы да осында) мекені ретінде дей-деймекен (Серікболша ежелден де ежелгі) болғанына, сондықтан онда сақталған таңбалардың адам санасы дамуы мен жаңғыруын көрсететіндігіне шүбә келтірмейді. Көпшілік ғылыми тұжырымдар оғұз-окуз-ғұз атаулары түркілік текті білдіретіндігіне тоқталады» дейді (М.М.Ақмырзаев «Адай уезінің жазба мұралары» 20 бет). Адам Атадан басталатын бұл шежіре дерек ежелгі тарихи жазбалардың бәрінде де осылай беріледі. Бұл деректердің өзге шежірелерден айырмасы, Иафес балаларының рет санының (үлкен-кіші, яғни аға мен іні) сақталмағаны. Көптеген шежірелерде Сегіз Иафестің кенжесі Манжур емес Тарих деп көрсетілген. Демек, Ата-баба шежіресінің «Тарих» аталатыны осы атамыздан қалған. Әрине, солай Ата шежіресі, қарашаңырақта сақталмай басқа жерде сақталуы мүмкін де емес қой.
8. «Құпия шежіреде» көрсетілгендей Шыңғыс ханның билік басына келуіне елеулі еңбек сіңірген Құйылдыр ноян бастаған Маңғыт тайпасы, кейінгі Алтын Орда кезеңіндегі, осы Арал – Каспий аймағындағы Ноғайлардың (Қазақтардың М.Қ.) басын қосқан «Маңғыт үйі» осы Ман атамызға байланысты. Мына көрші елдің аты Түрікпен (Түрік-ман) болса, Жағалбайлының ұраны Манатау, он екі ата Жағалбайлы да Манатау, Ормантай аталары бар. Уақ руының екі тармағының бірі өз тегін Ерменнен (Ер Маннан) таратады. Қазақ елі ру, тайпаларының атауындағы «Т» жалғауы бар: Түркіт, Бауыт, Байауыт, Қоңырат, Керейіт, Келкіт, Меркіт, Қият, Якут, Бурят т.б. осы Маңғыт атауынан бастау алады.
9. Ал, енді Ман атауын Манқұс (алып құс), Маңғыш (айдаһар, құбыжық) деген сөзден шықты дейтіндері ешқандай ақылға сыймайды. Бұны керісінше, бірінші Ман атамыздың атынан Манқыстау, одан осы жердегі алып айдаһар мен құс Манқұс аталыпты десек ақиқаты осы болар.
10. Әлемнің көптеген елдерінің түсінігі бойынша Ман сөзі, ең алғашқы жаратушының жаратқан саналы тіршілік иесі Адам ата сияқты алғашқы адам деген мағына береді. Әлем картасында күні бүгінде түбірінде Ман деген сөз бар 513 топоним сақталған. Демек Ман атамыз да, бүкіл жер бетіндегі Ман аталған елдер де Манқыстаудан бастау алған.
11. Адай шежіресінде Ман деген ру да бар. Адай – Келінберді – Мұңал – Жаулы – Жары – Жетімек – Ман.
12. Ман алғашқы адамдар, Мұңал оның ұрпағы, кенжесі, қарашаңырағы. Себебі, Манның сөз түбірі «ан» пенде дегенді білдірсе, Мұңалдың сөз түбірі «ұң, ұңғы» өзек дегенді, оған «ал» жалғауы, жалғанып бұл жерде Мұңал атамыздың есімі «Алғашқы өзек» деген мағына беріп тұр. Маң, Мың, Мен, Мұң –бұлардың бәрі Ман атамыздың лақап аты. Бәрінің шығу тегі Ман атамыздың есімінің сөз түбірі «Ан» мен «Аң»-нан бастау алады.
13. Ман атамыздың моласы Маңғыстаудың қара ойынан қырға шығатын жердегі «Қараған-Босаға» деген жердегі ернеуде. Ақтау – Бейнеу тас жолының бойында, қазіргі Сай Өтес станциясына жақын маңда. Атамыздың бейіті өте ескі, орнында тек қана үйінді қотыртастардың қалдығы жатыр. Бейіттің орналасқан жері де Ман Атамыздың алғашқы адам екендігіне куәлік бере алғандай. Себебі, бұдан ондаған мың жылдар бұрын Маңғыстаудың қара ойының суы тартылып, сол ернеуге алғашқы Ман аталарымыздың табанының тиюімен сәйкес келеді. Қазақтың түп атасы Әз әулиенің бейіті де осы маңға жақын, қыр үстінде. Адайлардың рулық қорымы Сейсем Ата да осы өңірде, Әз әулие мен екі арасы бес шақырым шамасында. Сейсем атаға зиярат етуің үшін, бірінші Әз әулиеге баруың керек. Бұл ежелден келе жатқан ұлы қағида, құдды бір, бір үйге барғаныңда алдымен сол үйдің үлкен атасына барып сәлемдескенің сияқты.
14. Ендігі сөзді бар саналы өмірін туған елінің тарихына арнап, артына өшпес мұра қалдырып кеткен С.Қондыбай бауырымызға берейік: «Маңғыр немесе оған сырттай да болса ұқсас сөздерді тарихи құжаттардан кездестіруге болады. Мәселен, Қазақстан тарихының ортағасырлық қимақ, оғыз тайпалары жөніндегі тарауында былай делінген: қимақтардың кейбір топтары қыстауға Жайық пен Жем өзендері аралығындағы далаларға көшіп барса, ал жайлауын Ертіс маңында өткізген. Оғыздардың әлдебір бөлігі қыстауын Сырдарияның төменгі ағысы бойында, жайлауын Хасарлы маңылық далаларда өткізген. Әл-Бируни деген ортағасырлық автор оғыздардың қысқа таман Харезм шекарасына қарай жылжитынын хабарлай отырып, қимақтар еліндегі Манқур көлінің маңында көшіп жүретінінде айта кеткен (История Казахстана. 375-б; Абу-Райхан Бируни. Памятники минувших поколений. Ташкент. 1957. 211, 290-бб). Тек мұндағы Манқур көлін кітап құрастырушылар Ұлытау маңы (Орталық Қазақстан) болар деп шамалапты. Осы пікірді дәл деп айта алмаспыз, өйткені Әмірхан Балқыбектің Қазығұрт, топан су және жебірей інжілі деген мақаласында (Жас Алаш газеті. 2000. 17-тамыз) Қазығұрт тауының бір кездері Манкур деп аталғандығы атап көрсетіліпті. Ол Қазығұрт іргесіндегі Мансары тауы мен Мансары-әулиенің бар екендігін де айтады. Бұл Қазығұрт, сірә, — қазақ жеріндегі бүкіл Ман атаулының бастау алған қайнар-көзі, координаттар бастауы болып табылады. Міне нақ осы тұстан бүкіл ман атаулы өзінің тарихи-географиялық шеруін бастаған сыңайлы.
Манқур-Қазығұрттан, оның іргесіндегі Мансарыдан басқа да мандарды іздеп сапарға шықсақ, бірінші болып қайда барып тоқтар едік? Әрине, бірінші болып Шымкенттің шығыс жағындағы Манкентке барар едік.
Екінші бекет – Сыр бойындағы Баршынкент. Бұл – Қызылорда облысының Төменарық деген жерінде. Оны Көк кесене деп те атайды. Жергілікті қазақтар «Қызқала» деп атап кеткен тарихи нысанды Ә.Марғұлан оғыздардың Баршынкент – кәдімгі эпостық Алпамыс батырдың қалыңдығы болған Гүлбаршынның жұрты. Гүлбаршынның көне аты Бану-шешек, ал Бану сөзінің бастапқы аталуы Ману түрінде болғанын шамаласақ біздің жолымыздағы екінші Ман осы болмақ. Яғни, кесененің салыну уақыты оғыз-қыпшақ (Х1ғ) делінгенімен, сол өңірде кесене салынбастан бұрынғы ғасырларда да Бану (Ману) қыз туралы аңыз бен мифтің өмір сүргендігін жорамалдауға толық негіз бар.
Үшінші бекет – Ақтөбе облысындағы Ырғыз өзені аңғарындағы Маны әулие. Жергілікті жұрт оны Мәні әулие немесе Мені әулие деп те атайды. Аңыздың бір нұсқасында Манының қазақ жігітіне ғашық болған қалмақ ханының қызы екендігі айтылады. Екеуі қашып келіп осы өзен жағасына келіп тоқтағанда қызды жолбарыс жарып өлтірсе керек. Ал екінші нұсқа да Маны – қыздың қалмаққа қарсы соғыста қаза тапқан жауынгер қыз екендігі айтылады. Екі нұсқа сарыны бір-біріне қарама-қарсы болғанымен, олардың ортақ тұсы – екеуінде де кейіпкердің қыз екендігі. Міне, осы Маны-қыздың мифтік-поэтикалық тұрғыда да алдыңғы Бану-шешекпен бір ортақ қайнардан шыққандығы көрініп тұр.
Қазығұрт-Манкурдан басталып солтүстік-батысқа қарай жүрген із кесу Маны-әулиеге жеткен соң оңтүстік-батысқа қарай бұрылады. Ақтөбе облысының оңтүстік-батыс бөлігіндегі Шағырой жазығында Маныссай деген жер бар, оны – төртінші Ман деп атауға болады. Осы жерден Үстіртке қарай жүргенде қырдың солтүстік шетіндегі Мансуалмас деген жерге жетуге болады. Бұл – бесінші бекет. Үстірттің үстіне шыққан соң, Маңғыстауға қарай бұрылғанда Манашысайға жетуге болады. Бүгінгі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы осы бір жер мифтік-эпостық мандармен тығыз байланысты. Жыр желісі бойынша осы жерде Манашы батыр мен Орманбет би өлген, яғни осы көрсетілген екі есім де ман түбірі арқасында жасалған.
Манашысайдан шығып, одан әрі Маңғыстаудың ойына қарай жүргендегі Үстірттен Маңғыстауға құлайтын жолдың аты Маната делінеді. Шыңның етегінде Ман атаның моласы тұр. Манашысай – алтыншы «ман» болса, Маната (Ман-ата) – жетінші. Құрманғазының – Айыр түйе – Маната күйіне негіз болған Манатамыз осы. Маната – Маңғыстау ойының бізге белгілі тарихы бар Маңғыстаудың соңғы 1100 жыл бойындағы қақпасы. Қай заманның көшпелісі болмасын, солтүстік-шығыс жақтан Маңғыстауды бетке алғанда осы Маната қақпасын айналып өте алмайтын болған.
Одан әрі Маңғыстаудың ойындағы Отман тауы, бұл – сегізінші Ман. Ал, осы Манкур-Қазығұрттан басталып Маңғыр-Үстірт пен Маңғыстауға келіп тірелетін ман негізді маршруттарымыздың тарихи қисыны бар ма?
Ман жұрты Маңғыстауға 900-жылдар қарсаңында печенег-қаңғарлардың соңғы легімен келуі де, не Х-ғғ дейін-ақ та баяғы қаңғар-қаңгюй жұртының құрамында осы түбекке қоныстануы да мүмкін. Қалай болғанда да тек 870-900-жж соңғы меже ретінде көрсетуге болады, ал Х-Х1 ғасырларда тарихи құжаттарда «Маңғышлак» деп кездесе бастайды.
Міне, Отырар аймағынан Маңғыстау ауған осы «ман» жұрты Сыр бойына оғыздардың бастапқы топтары келгенге шейін қаңғар-печенегтер құрамындағы, ал оның алдында вар-дей булғарлар құрамындағы тайпалар болған деуге негіз бар. Оғыздардың Сырдария және Арал аймағына жетуі печенегтердің батысқа, хазарлар иелігіне қарай ығысуын тудырған. Олардың бір бөлігі Үстіртке, одан Маңғыстауға келген, сондай-ақ осы аймақтарда оғызданып кеткен де болар. Қырым цикліндегі Манашы (ман) мен Орманбет (ман), сондай-ақ Орманғали (ман, әлі) аттары да осы Ман немесе Манкур этнониміне байланысты. Бағзы Қаңға-Отырар-Қазығұрт аймағынан бастау алған миф пен эпос кешені батысқа қарай ығысып, Үстіртке (Маңғырға), одан Маңғыстауға жетіп тоқтаған. Үстірттегі Манашы сай мен осы жердегі Орманбет-Манашы эпостық оқиғасына карап ежелгі эпостық-мифтік кешеннің осы тұста пайыз тапқанын көруге болады. Нақ осы тұста Х1Ү ғасырдың аяғында бүгінгі қазақтың ноғайлы жырлары (Қырымның қырық батыры жырлары) бастау алған. Кем дегенде 1000 жылдық уақыттан соң (Ү-ХҮ ғғ) қайта тірілген ежелгі қаңғар-қазығұрттық жырдың жаңа тасқыны осы жерден басталған. Мыңдаған жылдар бойына сүрлеуін жоймаған рух сабақтастығы деген осы.
Қазығұрт-Манкурдан бастау алған мифтік алғашқы адам – Манудың есімі Ү-Ү1 ғасырлардан кейін этнонимге айналса, Х ғасырдан кейін Маңғыстау деген топонимге айналды. Маңғыстаудың киелілігі, 360 әулиелілігінің де ең тереңгі қабаттары бес мың жылдық тарихы бар Қазығұрттан нәр алып отыр және оны тарихи маршрут арқылы көрсетуге болады» (Серікбол Қондыбай «Есен-Қазақ» Алматы-2002. «160-162 беттер).
Келіңіз келтірілген деректерге сараптама жасап көрейік:
— Келтірілген деректердегі барлық атаулардың сөз түбірі Ман. Бұлардың бәрі сол аталарымыздан қалған. Бұл атаулар сол Ман аталарымыздың лақап аты. Бүгінгіше айтқанда, авторлық құқық солардікі.
— Қимақтар – Қидан, Қият, Қиян (Үш Қиян) бұлар Адайдың Мұңал аталығынан тарайды. Бүкіл жер бетіндегі ең терең екі ойпаттың бірі Қарақия (Маңғыстау облысы) ойпатының атауы осы аталарымыздан қалды. Ол жөнінде кейінірек тоқталатын боламыз.
— Оғыздар – арғы тегі Тобыш Адайлардан тарайды. Қазақтың тоғыз санының авторы осылар. Тоғыз Тобыштың лақап аты. Тобыш пен тоғыздың алғашқы буындарының ұқсас және тоғыз санының сөз түбірі оғыз болатыны осы. Ол жайлы деректерді Тобыштар атты тарауда беретін боламыз.
— Олардың бәрінің мекендері қазіргі қазақ даласы. Бұл жағдай қазақ қазақ болғалы солай. Әлем елдері тарихында бұл жерлерге менікі деп таласатын ешбір ел жоқ. Болуы да мүмкін емес.
— Бану мен Манудың сөз түбірі бір болғандықтан бұл тұжырымға тоқтаймыз. Қазақта сөз түбірі жаңылыспайды. Оны тек мойындау керек. Бұл жайлы әлі алда талай деректер келтірілетін болады.
— Шындығында, географиялық шеру Қазығұрттан емес, керісінше Маңғыстаудан басталады. Оған осы еңбекпен мұқият таныссаңыз көзіңіз толықтай жететін болады. Арғы жағын айтпағанның өзінде, көзге ұрып көрініп тұрған жағдай Манқур тауының Қазығұрт деп өзгертілуі, ал Маңғыстаудың күні бүгінде де Мандардың қыстауы деген ежелгі атауының сақталынып қалуы тек қана осыны білдіреді. Маңғыстаудағы атаулардың бәрі түп атаулар. Қазақтың «Қарға бойлы Қазтуған (Қазақтан туған Қазақ)» деген сөз тіркестеріндегі сол қара аталған қазақтардың түп атасының мекені Маңғыстауда Түпқараған (Қараған түп, Қараған түбек) деген атаумен бүгінгі күні де сақталып отыр. Және тағы бір аса көңіл аударатын жағдай Манқыстаудағы Ман атадан басқа өңірлердегі Ман түбірі бар атаулардың барлығының алды-артына жұрнақ пен жалғау жалғанады. Мысалы, Манқур, Мансары, Маны, Манашы, Орман, Орманғали, Отман, Бекман, Орманбет т.т. Ең негізгі, ешкімді ешқандай дау-дамайға жібермейтін басты дәлеліміз Ман атамыздың моласы Маңғыстауда. Әлемнің Маңғыстаудан өзге жерінде Ман атамыздың моласы бар деген дерек жоқ.
— Мансары да, Манкент те, Мәні әулие де бастапқы нүкте бола алмайды, себебі олардың алдында, бәрінің бастау алатын Ман атасы бар. Ман атаның бейіті Маңғыстауда екенін жоғарыда айттық. Мансары да, Мәні де, тіпті барлық осы Ман атамызға байланысты атау сөзінің түбірінде Ан (Ман) түбірі барлардың бәрі Ман ата ұрпақтары. Манкентті салған солар. Ең алғашқы кенттің авторлары да Маңғыстауда. Ол атамыздың моласы күні бүгінде де Кенті баба деп аталады. Бейіті Таушық кентінен Кетікке қарай теңіз жағасымен 30-35 км жерде.
— Қазығұртта бастау бола алмайды. Себебі, Қазығұрттың алдында Қаздың түп атауы Әз (Аз) әулие атамыз бар. Әз әулиенің де бейіті Маңғыстауда.
— Қаңғар-Қаңғюй жұрты да өз бастауын Ман атамыздан, Маңғыстаудан алады. Оған ан (аң) деген сөз түбірі толықтай дәлел бола алады. Еске ұстайық, сөз түбірі жаңылыспайды.
— Маңғыстаудағы Ман атамыздың өмір сүрген кезеңін Адай шежірелерінде айтылғандай 70 000 жылға ары қарай ысырғанымыз дұрыс.
Қорытынды: Ман (Адам) ата миф, аңыз, ертегі емес, олар осы Манқыстауда өмір кешкен, яғни бәріміздің түп атамыз. Бұны мойындамағанымыз, бәріміздің «тегін білмейтін тексізге» айналғанымыз болып табылады.
14. Манның сөз түбірі «Ан», сонда Қазақ шежіресіндегі Анес (Ан Ас) бабамыз осы кісі. Ан атасы, Ас баласы. Әйгілі Қожа Ахмет бабамыздың тегінің Иасы (Яссауи) деп айтылатыны осыдан. Демек, қазіргі тарихшылардың Қожа Ахметтің тегі ретінде жазылатын Иассауи-ді, Яссы қаласының тұрғыны деп түсіндіретіндері түп-тамырымен қате. Қаланың атының өзі осы Ас (Иасы) атамыздың есімі. Аспан (Ас Ман) сөзінің мағынасы да осы. Алдыңғы Ан Ас (Әнес) та, атасының аты бірінші, баласының есімі екінші болып, дүниеге келу ретімен берілсе, екіншісін де Аспан, Ас Манұлы деген ұғым береді. Сонда күні бүгінгі қолданыстағы «көк аспан» деген ұғымымыздың да, соған сәйкес ас (тағам), бас, дастархан деген ұғымдардың дүниеге келу төркіні осы. Ата-бабаларымыздың құрметті қонағына бас тартып, астан, дастарханнан (ақ дәмнен) ұлы жоқ деп айтылып та, жазылып та келе жатқанын бүкіл әлем білсе керек.
Бүкіл әлемге билігі мен ықпалы жүрген ұлы Шыңғыс қаған бабамыздың заңдар жинағының Шыңғысхан иасысы (Ясы Шыңғысхана) деп аталатынының да сыры осы.
Астың атасы нан, бұл атаудың негізі Ман, яғни «Нан» Ман атамыздың лақап аты. Ал, бидайымыз Би Адай, яғни ең алғаш бидай еккен атамыз осы кісілер, сондықтан бұл сөз астықтың атасы дегенді білдіріп тұр. Демек, алғаш рет бидай егіп, одан нан пісірген біздің аталарымыз. Оны нан пісіретін пештің Тандыр (сөз түбірі «ан») дейтіндерінен де көруге болады. Ал, тандыр сөзінің негізгі мағынасы бізді адамзат баласы тіршілігінің бастау алған кезеңіне сүйрейді. Себебі, Таң (н) жарық күннің басталу, ал «Ыр» адам баласының «Ырға» тілі келіп сөйлей бастаған кезеңі. Жырдың сөз түбірінің «ыр» болатыны осы. Бұл олардың «авторлық» құқығы. Оны тартып ала алмайсың.
«Ман» дегеніміз «Ма» сөзіне — «ан» жалғаулығы қосылған таза қазақ сөзі. Сонда «Ан» атамыздың аты да, осы «Ан»-ға «А» әрібін жалғасақ «Ана» болып шығады. Бұған дәлел ретінде айтарым: Қазақта ел билеушісін тек қана «М» әрібін өзгертіп «Хан»; ал әлемді, яғни бірнеше хан басқарған елдерді билеген ұлы билеушіні «Қаған»; елді Қыз – Қызан; Қаз — Қазан; Қан – Қаңлы; Тұр — Тұран; Ал — Алан, Алман, Алшын; Қият – Қиан, Қидан; Абақ – Абақан; Абат – Абадан, Түрік – Түрікман, Найман, Албан, Жапан, Отан, Оман, Иран т.б. болып жалғасып кете береді. Қалай болғанда да Адам мен Манның біреуінің лақап ат екені сөзсіз. Ал, қайсысы шын, қайсысы лақап дегенге келсек, атамыздың шын аты Ман, ал Адам Сафиолла оның лақап аты. Себебі, ескі жыр, шежіре-дастандарда Адам Сафиолла атамыздың лақап есімі деп айтылады. Оған дәлел Адам деген сөздің түбірі Ад (Ат), Ада (Ата), Адам (Атам, менің Атам) деп ұрпақ аузымен айтылатын сөзден шығуы.
Ал, Ман сөзіне келсек, осы сөзден адамның жеке қара басына және ел, жұрт, яғни бүгінгі тілмен айтқанда мемлекетке қатысты төмендегідей сөздер жасалған: Жан – адам жаны, рухы; Қан – адамды қозғаушы күш; Тән – адамның денесі, Сан, табан – адам денесінің мүшелері; Иман – сенім; Имам – дінбасы; Нан – адам азығының ең қастерлісі; Хан, Қаған – билеуші, лауазым; Ұлан (Оғлан) — ұл, Қыран – құс, Атан – түйе, Жылан, Ұран, Құран, Таң, Күн, Түн, Аспан, Тан (Таң), Сан, Тандыр, Ана, Пана, Сана т.т. Ман атамыздың Адам ата екендігінің тағы бір бұлтартпас дәлелі «Ман» сөзіндегі «н» жалғауы «ұлы», «баласы» деген де ұғым береді. Күні бүгіндегі «ов», «ев», «ова», «ева»-лардың (Адам и Ева) орнына Сарин – Сарының баласы, Алтынсарин – Алтынсарының баласы, Нұралин, Нұртазин, Майлин, Мамин деп қолданып жүрміз. Енді осылардың үстіне «Мен» деген сөздің де Ман атамыздың атынан шыққанын қосыңыз. Егер біздің тегіміз Ман болмаса бұлай деп аталмаған болар едік.
Енді Манның алғашқы буыны Ма-ға келер болсақ: Мақсат, Мақал, Мақтау, Мата, Маң, Маңдай, Маржан, Мазар, Май, Мамыр, Майлық, Мал, Мамық, Мамыражай, Маман, Мама, Мат, Мата, Матай, Мас, Масыл т.т. болып жалғасып кете береді. Мына көрші орыстардың да Мамасы мен Мат деген ұғымдарының бастау алатын жері осы.
Манның сөз түбірі «Ан» — ның пенде, тірі жан, яғни санасы толық жетіспеген дегенді білдіретін де мағынасы бар екенін жоғары да айттық. Бұған қазақтың Ан мен Аңы дәлел. Осыған сәйкес «Ан», «Аң» түбірінен Ана, Анам (анам менің), Анда, Аңшы, Аңқау, Аңсау, Аңдау, Аңдамау т.т. мағыналары осыған жақын сөздер туындаған. Демек, Ман атауы таза қазақ сөзі. Демек, алғашқы адамдар біз сөйлеп жүрген тілде сөйлеген.
Дәлел ме? Тыңдап көріңіз:
— Адам таза қазақ сөзі. Бұл дауға жатпауға тиіс. Біздер бұл сөз таза қазақ сөзі болғандықтан ғана бір-бірімізді Адам (Атам менің) дейміз. Әйтпесе, біздерде өзге елдер сияқты, мысалы, мына көрші орыстар сияқты «человек» немесе «люди» деген болар едік.
— Атам Қазақ өз тілдерін өзге елдер сияқты туысқан (родной) деп атамай, «Ана тілі» дегенде бұл менің шешемнің тілі деп отырған жоқ. Шеше жұрттың бәрінде де бар. Бұл сөз қазақ тілі бүкіл әлем елдері тілдерінің анасы деген сөз.
— Бүкіл әлемдегі сөйлеген сөзіне біздер түсіне алмайтын, бізге ең алыс елдердің де 30% сөз түбірі қазақтың сөздерінің сөз түбірімен сәйкес келеді. Мағыналары да тура біздікіндей, немесе соған жақын. Бұл тіл ғылымында толықтай мойындалған. Демек, бүкіл әлем елдерінің тілі өз бастауын қазақтың ана тілінен алады.
— Адай шежіресі Адам ата мен бүгінгі ұрпақтың арасын 70 000 жыл деп көрсетеді. Сондықтан, бүкіл әлемде қазақтың ана тілінен бай тіл жоқ. 1980 жылдары әлем елдері өздерінің сөздіқ қорының құрамын санағанда ағылшындар 250 000, қытайлар 500 000, ал қазақтардың сөздік қоры 20 000 000 асқан. Ғұмыры ұзақ елдің тілі ғана осыншама бай болатыны ешкімге де дау туғызбаса керек.
— Қазақтың тіл байлығының өзге елдермен салыстырғанда тағы бір ерекше көрсеткіші сөз құрамындағы дыбыстардың өте көптігі және бірнеше сөздердің бірігіп бір сөз құралуы. Мысалы, қазақта он, жиырма, тіпті отыздан аса дыбыстардан тұратын сөздер бар.
— Сөздік қордың байлығының бірден-бір басты дәлелі, қазақтың ақын жанды халық екендігі және бізде ақындар айтысының ең жоғарғы деңгейде дамығаны болып табылады. Жер бетінде қазақтан өзге дәл біздегідей тілі мен айтыс өнері дамыған ел жоқ.
— Ең бірінші Адам ата мен Ауа ананың тілі шықты. Адай Адам атаның қарашаңырағының иесі. Адайлардың «Тіл таңбалы Адайлар» делінетінінің сыры осы. Адайдың «Тіл таңбасы» ежелде бүкіл Қазақ (Түрік) қағанаттарының бас таңбасы (гербі) болған.
— Каспий (Қас би) Қазақ — Адайлардың лақап аты. Ең бірінші тілі шыққан елдің Қас би атанбай басқаша аталуы мүмкін де емес қой.
— Тілдің сөз түбірі «іл» — ілкі (алғашқы) төр дейтініміз осы. Адам-адам болғалы бергі 70 000 жылғы шежіре-тарихтың кілті Қазақтың ана тілінде. Кілт пен тілдің түбірлес болатыны да осыдан. Қазақтың ана тілін жоғалтып алсақ, сонымен бірге әлемнің шежіре-тарихын да бірге жоғалтамыз.
— Адам ата мен Ауа ана бүгінгі біз сөйлеп жүрген қазақ тілінде сөйлеген.
Егер де жер бетінен қазақ тілі жойылар болса бүкіл адамзат баласы тарихынан айрылып, шын мәңгүртке айналады. Аталарымыз «ақырзаман» деп осыны айтқан. Бүкіл адамзат баласы Атам заманның (Аталар заманының) ақырына, яғни Ақырзаманға таяп келеміз. Ата салтын ұстанған қазақ халқы Ақырзаманды алыстатуға жанын салса, бүгінгі орыс тілді билік соны тезірек жақындатуға барынша тырысып бағуда. Олардың басым көпшілігі Елбасымыздың жиырма жылдан астам уақыттан бері сан мәрте қайталап келе жатқан «Екі қазақ бір-біріңмен қазақша сөйлесіңдер» деген тапсырмасын орындап жүрген жоқ. Бір таң қаларлығы, орындамай жүргендер қара халық емес. Біздер және біз қатарлылар Елбасымыздың бұл тапсырмасын ең алғаш айтқанда ақ орындағанбыз. Орындамайтындар тек қана биліктің айналасында жүргендер. Бұл не сонда, бүкіл қазақ қолдап отырған Елбасымыздың тапсырмасын орындамау, ел билігінің тұтқасын ұстағандардың жетесіздігінен бе, әлде олардың еш қайсысы қазақ емес пе, әлде мұнда біз білмейтін тағы да басқадай сыр бар ма?
Тарих тағлымы: Қазақ тарихында қазақ хандары мен қағандарының айтқандары екі етілмеген. Олардың қай-қайсысы да берген тапсырма-бұйрықтарын орындамаған билік иелерін қатаң жазалаған…, екінші қайта билікке жолатпаған.
«Маңғыстау түбегі өзінің төл мәдениетімен, оның тұрғындары жанкешті ерлігімен бұл өлкені қаймана қазақтың құлағы елеңдер аңызды өлкеге айналдырды. Шынында да, Маңғыстау қыртысы сөгілмей, бар сырын бүк түсіп бауырына басып жатқан ұлы тарихи өлке. Маңғыстауды – мың қыстақ, малға жайлы мал қыстап шығатын өлке деп көп жаздық. Біздіңше, ман түбірі әріге сілтейтін ұғым. Бұл б.ж.б. үш мың жылдықта қазақ топырағында жасаған арийлерден қалған жұқана. Арийлердің Ман атты рулық тармағы болған. Кейін олар Иранға ауысып Манней қауымдастығын құрған. Осы қауымның кейінгі сілемдері Иран мен Түркияда отырған герман тайпалары. Сонда Маңғыстау – ман жұртының қыстағы деген ұғым боп шығады. Сондай-ақ Сам атауы да көне ұғым. Бұл үнді арийлерінің Күн құдайының аты. Ал б.ж.б. 1Х ғасырдан бастап Маңғыстау өлкесі сармат мәдениетінің ту тіккен аймағы болды. Қару-жарақты, өте бойшаң балбалдар сол сарматтардан қалған мұра. Сарматтар таза парсылар еді деген дәлелденбеген біржақты ұғым. Бұл қауым ғұн, түркі әлемімен мидай араласып, солардың атын шығаруға ат салысқан. Ас, аш, аз, азық, азақ аттары осы жұрттың руларымен байланысты атаулар. Осылардың бір тармағы ашөйдалар түркі қағандығының аналық тақтасын құраған» (Ә.Спан, М.Абылхан «Ермембет би» Астана-2003. 6 бет).
Негізгі деректерінің бәрі дұрыс. Қосарымыз Манды Арийлерден таратпай, ең арғы «Түпке», ең ілкі төрге қарай ысыруға тиіспіз. Бүткіл жер бетіндегі саналы Адам баласы және оның мәдениеті осы Манқыстаудан бастау алады. Ман атамыз, ал Адай олардың қарашаңырағының иелері.
Жер бетіндегі бүкіл адамзат баласы Аллатағаланың алғашқы жаратқан саналы тіршілік иесін «Адам» және «Ман» деп тек қана екі есіммен және сонымен қатар ең алғашқы елді, яғни мемлекетті Қаз деп атайды. Осы үш есімнің үшеуі де Манқыстауда дүниеге келген. Адам атамыздың атын (қарашаңырағын) Адай ұстап отырса, Ман атамыздың атын Манқыстау ұстап отыр. Адам атамыздың да, сонымен қатар бүгінгі күнге қазақ деген атпен жеткен, осы елдің түп атасы ӘЗ әулие атамыздың моласы да осы Манқыстауда. Сондықтанда, ол басын ӘЗ әулие бастаған, 360 әулиелі, киелі Маңғыстау деп аталады.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.