Ақ Орда мемлекеті

Главная » Рефераттар » Ақ Орда мемлекеті

Ақ Орда — қазақтың алғашқы мемлекеті. XIV ғасырдың екінші ширегінен бастап Алтын Орданың Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында — Ақ Орда мемлекеті оқшаулана бастады. Бұрынғы Қыпшақ хандығының жері Ақ Орданың негізгі аумағын құрады. «Ақ» ұғымы ежелгі түрік және моңғол ұғымында «еркін», «азат», «дербес» мағынасында «қара тобыр» «басыбайлыққа» қарсы қолданылады.

Түркі және түркіленіп кеткен жергілікті шонжарлардың саяси-экономикалық жағдайының нығаюы нәтижесінде, Ақ Орда XIV ғасырдың ортасында Алтын Ордадан біржола бөлініп шықты. Ақ Ордада Жошының тұңғыш ұлы Орда Ежен әулеті билік құрды. Ақ Орда Жошы ұлысының әскери сол қанаты Дешті Қыпшақ атанған қазіргі қазақ даласында құрылды. Моңғол шежірелерінде Орда Ежен мұрагерлері 13 ұрпаққа дейін жалғасады. Оларды «Қыпшақ хандары әулеті» деп атайды. Жошы ханның кезінде-ақ Ақ Орда жеке ұлыс — елге айналып, күміс теңгелер соға бастады. Жошы қайтыс болған соң Ақ Орда тағына отырған Орда Ежен билігінде сол қанаттың қолбасшысы ретінде 10 мың жасағы болды. Ордада бітікшілер тобы жұмыс істеді. Басқа елдердің елшілерін қабылдап отырды. Өз қарамағындағы жерлерде пошта ісіне жауапты болды. Қарамағындағы халықтан салық жинап, оның көлемді бөлігін империя орталығына жіберіп отырды. Осылайша, XIV ғасырда Шағатай мемлекетінің құрамына енген Жетісудан басқа барлық аумақ іс жүзінде Ақ Орда құрамында болды. Орталығы Сығанақта орналасты. Ақ Орданы Орыс хан (1361—1376/77 жж.), оның баласы Барақ (1423—1428 жж.) билеген жылдарда Шығыс Дешті Қыпшақтағы қуатты мемлекетке айналды.

Қазақстан тарихы ғылымының қазіргі даму барысы Ақ Орданы қазақтың алғашқы мемлекеті деп тануға жетелейтін жеткілікті ғылыми деректемелік материалдардың жарық көруіне мүмкіндік берді. Соңғы зерттеулер бойынша Қазақстан тарихы ғылымында жаңа тұжырымдамалық бағыт қалыптасты.

Ақ Орда Жошы ұлысының әскери сол қанаты ретінде қазақ даласының төрінде, бұрынғы Қыпшақ хандығының негізінде құрылды. Билікке Шыңғысхан әулеті өкілдері келгенімен қазақ қоғамының сыр-сипаты үлкен өзгерістерге ұшыраған жоқ.

Ақ Орда — моңғолдардан кейінгі кезеңде Қазақстан аумағында жергілікті этникалық негізде құрылған тұңғыш ірі мемлекеттік құрылым. Онда Қыпшақ бірлестігінің құрамына кірген халықтардан басқа байырғы қыпшақтар, қаңлы, наймандар, арғындар, үйсіндер, қарлұқтар, жалайыр, т.б. мекендеді. Ақ Орданың аумағы (Ертістен Сырдарияның құйяр тұсы, Саураннан — Арал, Қараталдан Төменге (Тюмень) дейінгі) қазіргі Қазақстан аумағының көлемді бөлігін (шамамен 60—65%) қамтыды.

Аң Орданың шаңырағын алғаш көтерген Жошы хан ұлы Орда Еженнің жетінші ұрпағы Орыс хан. Ол Ақ Орданың алғашқы дербес билеушісі, қазақ хандарының атасы (Қазақ мемлекетінің алғашқы ханы) деп танылады.

Қазақ мемлекетінің алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығы» Орыс ханның тұсында құрылды. Мыңдықтар ақ қара ту ұстап, «Алаш» деп ұрандап жауға шапты, ел, жерінің тұтастығын жанкештілікпен қорғады. Ақ Орданың хан ордасы Сығанақта бой көтеріп, қазақтың алғашқы әскері Алаш мыңдығы осында жасақталды.

Ақ Орда дәуірінде Шыңғысхан әулетінен тараған және әлдеқашан қазақ болып кеткен қазақ хандары әулеті (Орыс ханнан Кенесарыға дейін) қалыптасты. Ақ Орда дәуірінде Алаш үраны ел ұранына айналып, қазақтың бірлігін дәріптейтін мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілді. Алтын Орда, Ақ Орда дәуірінде қыпшақ-қазақ тілі мемлекеттік жазба тілге айналды. Ақ Орда кейін Қазақ хандығы атымен Қазақ мемлекеті қайта құрылуының алғышарты болды.

Аң Орданың дербес мемлекет ретінде қалыптасу үрдісі төрт кезеңнен өтті:

1)  Ақ Орда алғаш шаңырақ көтеріп, Алтын Ордамен саяси ара-қатынасы қалыптасқан жылдар (1224—1243, 1245);

2) Ақ Ордадағы Орда Ежен ұрпақтарының ел дербестігі үшін жүргізген күрес кезеңі (1250—1370);

3) Орыс хан билігі, Темір шапқыншылығы қарсаңындағы АқОрда (1370-1405, 1410);

4) Орыс хан ұрпақтарының Әбілқайыр билігіне қарсы жүргізген күресі нәтижесінде Ақ Орда атауының «Қазақ хандығы» атауымен қайта жаңғыруы (1428—1465,1466).