Ақселеу Сейдімбек еңбектері

Home » Рефераттар » Ақселеу Сейдімбек еңбектері
Рефераттар Комментариев нет

Халқына ғұмырын саналы түрде арнаған, қазақ мәдениетінің тағдыры үшін сан жылдар еңбектеніп, ұлттық ділдің жанашыры болған Ақселеу Сейдімбек жайында «Қазағым деп тілін сындырып, қазағым деп өмірден өтер, құр сөзбен емес, бар болмыс- бітімімен, бүкіл саналы тірлігіндегі қам-қарекетімен дәлелдеп жүрген осы Ақселеудей азаматтары бар ел бақытты» деген екен Кәдірбек Сегізбай. Ақселеуді әркім әр түрлі қырынан көреді. Серік Ақсұңқарұлы: «Алғаш рет Асан Қайғы, Ақтанберділерді мен осы адамның аузынан естігем-ді. Ести салысымен басыма жастанып оқып, бір сөзін түсіне алмай дал болғанымды да несіне жасырайын. Евтушенкоға есі кеткен бала жігіт мына дүниеде одан басқа ешкім жоқ деп ойлап жүр ғой баяғы…». Ақселеудің Шәкәрімнің «Үш анығының» елден алынған екі қолжазбасын салыстырып, дәл оқылуына, бастапқы қалпына келтірілуіне мұрындық болғанын Мекемтас Мырзахметов «Түркістан» газетіне жазған.

Илья Жақанов Ақселеудің қаламынан ірі эпикалық сүйекті шығарма тумауын ол кісінің көп оқығандығымен байланыстыратынын білдірді. Ғалым М. Ребров ғарыш «пайғамбары» С. Королев туралы: «Табиғат оған даналық пен талант сыйлайды. Алайда, талантты адам қиындыққа жиі кезігеді, өйткені дарын дегеніміз – мінез. Ал бұл әркімге ыңғайлы бола бермейді. Осы өмірден-ақ көрініп тұр – өз ісіне неғұрлым қабілетті кісі келісімпаздыққа соғұрлым икемсіз және министрлік дәліздерде дәрменсіз» депті. Оралхан Бөкей айтқандай, Ақселеу – өз замандастарының ішіндегі ең бір ізденімпазы. Көп біледі. Туған халқының тарихын, ересен мол этнографиясын, ауыз әдебиеті мен ән-күйін зерттеу мен адамзат өнерінің даму, баю заңдылықтарының сырына үңіліп, тұтастай қарастырып жүреді. Осынау, әркімнің бойына қона бермес фанатиктік (жақсы мағынасында) ізденіс үлкен білімпаздықты сыйға тартты да, нақтылы жемісін берді. Сейдімбектің қай шығармасы болмасын, ойлы, саналы қазаққа ата-бабамыздың осал болмағанын бұлтартпас дәлелдермен терең түсіндіріп береді. Өз сөзі: «Жарық дүниеге пешенесі бестен келіп, алғашқы тартқан демінен бастап ақжолтай ғұмыр бұйыратын адамдар болады. Олар тіршілігінде не қаласа да дегені болып, ішкені – алдында, ішпегені – артында дегендей, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешеді. Дарыны тасып, күресі асып тұрмағанына қарамастан, өзі араласқа түскен қоғамның әлпеші болмаса да, қолпашынан кенде болмайды. Мұндайлар қара басының мұң-мүддесі үшін біреуді қарақтап, біреуді жарақтауға келгенде әбжілдік танытқанымен, өзі бір мүшесі болып жүрген қоғам тағдырына қатысты істерге әсте қабырғасын қайыстырмайды. «Менен кейін маған десе топан су қаптасын» – деген ұстаным мұндай адамдардың өмір сүру тәсіліне айналады. Ал енді, келесі бір адамдар болады: арманы асқақ, ниеті адал, жүрегі нұрлы, дарыны тасқын, ақылы кемел. Айтары жоқ, қызыға қарайсың. Бірақ, ондай адамдар, әдетте, тағдырдың торына шырмалып ғұмыр кешеді. Аттаған қадамы кедергіге жолығып, таңдаған жолы тосқауылға тіреліп, ақылы – азапқа, дарыны – тозаққа ұласып жатады». Осындағы: «Айтары жоқ!» деген сөз Ақселеу лексиконында жиі кездеседі. Сондай- ақ: «анда», «дың», «тін», «жосық», «немеурін» сияқты соны сөздерін бүгінгі жазушыларымыз түгілі әдебиет зерттеушілеріміз де пайдалана бермейді. Оның: «Атама деймін!» деген сөзінің де өмірде талай рет куәсі болғанбыз. «XX ғасырдың соңғы бесінші жылы басталды» деген сөйлем де ерекше емес пе?! Айтып отырғаны 1996 жыл ғой, бірақ соның өзін әсерлеп, әдемілеп беріп отыр. «Өндір деп, теріден тігілген мейлінше үлкен сабаны айтады» деген сөзі, байырғы түркі тілінде «ас» этнонимінің «адам» деген мағына беретіні, ал «ас беру» рәсімінің байырғы ұғым бойынша Тәңірге адам беру болып шығатыны туралы тұжырымы танымдық тұрғыдан аса қызықты.

Ақселеу шығармашылығы сирек қолданылатын немесе өзі ойлап тапқан, аудармасын өзі топшылаған сөздерге толы. Сазсырнайды – уілдек деп атап, ояну дегенді – ренессанс, ынты – стихиясы, тәнік – аналог, мұрағаттау – архивация, төсекжанды – сексуальды, сүргін – катаклизм, тектем – генезис, төлтума – самобытный, рухани сұғанақ – плагиат, қайта жаңғырту – реставрация, арман-аңсар – идеал, иррационалды – ақыл жетпес, иерогамиялық — жанығудың киелі сәті, қозушылық – эротикалық, кірігу – интеграция, сандырақ – нонсенс, құйтырқы сөздер – балогурство, құлдыраған – рецесивный, самобытный – төлтума, дарашыл қасиетті – монодийность, іліңгір – якорь, түпнұсқа – аутентті, дүбара – маргинал, киетек – тотем, діңгек идея – центральная идея, адамдық бастау – антропоцентризм, этнозерде – этническое самосознание, псевдосараптама – псевдоаналитика, дүбәралану – маргинализация, сандырақ – абсурдизация, түбірлі – аутентичный, жойдасыз – тотальный, айғақшы – носитель, фора, жұқана – рудимент, орайлас – обусловленный, жаралым – образование, ұлыс – держава, түпөзек – замысел, дәйектеме-роман – инфороман, туындыны тиектеу – обрамление, дәнекерлік – коммуникативный, әлеуметтік-жүйелеушілік – социально-классификационный, кіріктірушілік – интегрирующий, ұстаным – принцип, орайлас – обусловленный, айғақшы – носитель, жад – память деп қазақшалануы жарасымды-ақ. Бұл аудармалардың бірі дұрыс, бірі бұрыс болар, мұндағы орыс сөздерінің қазақшалануының біреулері тілдік қорымызға сіңер, кейбірі сіңбес, бірақ ұмтылыстың өзі бағалауға лайық. Күнделігіне: «Түркі-славян тілдеріндегі тектес сөздер: іш – ешь, ылай – ил, бол – был, мен – мне, қышқыл – кислый, топас – тупой, қопару – копать, кесек – кусок, таптау – топать, рет – рядь, толу – толстый, сілекей – слюна, ашық – ясный, ине – игла, жарық – яркий, бақуатты – богатый, аулау – ловить, түлеу – тлеть, шыр – жир, жану – жечь, сору – сосать, сұғу – совать, бос – пустой, мұң – уныние, жүзі – лезвия, түн – тень, қайда – куда, қыр – край, ақыру – крик т.б. Әрине, бұл жорулардың біразы халықтық этимология болуы да мүмкін. Дегенмен, ойға өріс боларлық…» деп жазып қойыпты. Бұлар да біздің әрбірімізді қай сөздің, қай мақал-мәтелдің болса да түп мағынасын іздеуге, яғни әрбір сөздің мағынасын ойлауға үндеп тұрғандай. Сонымен бірге ол өз шығармаларына арқау етіп бір кездері айтылып-жазылып, халық жадында жатталып қалған сөздерді де ұтымды пайдаланады: …Пушкин: «Суреткерді өзі мойындаған ереже бойынша саралау керек». …Жаманның басына іс түссе ойлай береді, Жақсының басына іс түссе бойлай береді. …Тауратта бір сөз бар: «Нені жаратсам — соны білмеймін!» деген, т.с.с. Ақселеу де Жүсіп Баласағұн, Сенека, Толстой секілді мәңгілік тақырыбына бой ұрған: Сенеканың мына бір сөзін Ақселеу Сейдімбек өмір бойы ұстанып өткендей: «Өзіңді өзің үшін жеңуге тырыс, бұрындары сенен тартып алған немесе ұрлаған, бостан-босқа өткен уақытыңды сақта және жинақта. Біздің уақытымыздың бір бөлігін бізден күшпен тартып алады, бір бөлігін ұрлайды, біраз бөлігі босқа ағып кетеді. Бірақ барлығынан ұяттысы – біздің өз ұқыпсыздығымыздан жоғалтқан уақытымыз. Бажайлап қарап көрші: біз өміріміздің басым бөлігін ақымақтық істерге, бірталай бөлігін – бостан босқа, және барлық өмірімізді керек емес істерге жұмсап өткіземіз. Уақытын бағалай білетін, бір күннің өзі неге тұратынын білетін, әр сағат сайын өлімге жақындап жатқанын толық сезінетін бір адамды көрсетші… Өлім біздің алдымызда тұр, біз өлімнің құрығындамыз. Сондықтан әр сағатыңды босқа жіберме. Бүгінгі күнді уысыңда ұстай білсең, ертеңгі күнге азырақ бағыныстасың. Кейінге қалдырып жүргеніңде, бүкіл өмір ағызып өте шығады». Ақселеу Сейдімбек қадім заманғы философ Сенеканың осы сөздеріне жан-жақты сай келеді. Ақаңның күнделіктерінде орыстың ұлы жазушысы Толстойға қатысты мынадай ойлар бар: «…Л.Н.Толстойдың құдіретін айтып жеткізу қиын, жан-жүрегіңмен сезінетін әсері ғажап. Адам тағдыры үшін, жо-жоқ, адамзат тағдыры үшін бұл ақсақалдан артық ойжады болған, өмір бойы ой құрсауында өткен жазушыны елестету қиын. Ол алуан түрлі ойларды, ағымдарды, философиялық толғамдарды өз көкірегінің елегінен әлде неше рет өткерген. Сондағы тапқан тобықтай түйіні – құдіреті күшті құдайдың бар екендігін мойындау керек. Л.Н.Толстой қаңқа сүйегіне дейін атеист бола тұрып, құдайшылдықты саналы түрде ұсынады. Оның ойынша адамзат атаулының бойындағы алуан түрлі кемшілікті ауыздықтайтын құдірет, тек қана, адам өресі жетпейтін құдіретті құдай; бәрін көріп, біліп, болжап тұратын құдай ғана, оған деген сенім ғана адам баласын толып жатқан опасыздықтан шектейді; адам баласының бойына тән әлсіздік басқаша таным мен моральдың барлығын аттап кете алады. 22.01.72. …Адамзат тағдыры үшін басын тауға да, тасқа да соққан Л.Н.Толстой «жамандықпен жағаласпау керек» деген тоқтамға келді. Оның ойынша адамзат атаулының келешегі адамға лайық бітімде болу үшін «құдай» қажет. Адам баласының тойымсыз ындынына тосқауыл болатын бір ғана құдірет бар. Ол – өресі, ақылы жетпес Құдайдың құдіретін мойындауы. Яғни, адамның пенделік әлсіздігін Толстой ұсынған «Құдай» ғана шектей алады. Және де Толстойдың «Құдайы» кез келген прогреспен оп- оңай мәмілеге келіп, тіл табысып кетеді. Болмайды екен, кодекстегі моральды жатқа білетін баукеспелерден қоғам ешқашанда арылмақ емес 7.06.72». Бұл сөздерді Ақселеу Сейдімбек бар болғаны отыз жасында, оның үстіне Құдай туралы жылы сөз айтуға қатаң тыйым салынған кезде айтыпты. Толстой да өмірдің мағынасы, мәңгілік өмір туралы азапты ойлар кемірген сәттерде сол отыздың үстінде болатын: «…Мен кіммін? Не үшін өмір сүремін? Өмірімнің мақсаты не? Жақсылық қайда? Жамандық ше? Бай болайын, атақты болайын, маған не пайда? Бүгінгі ісімнің, ертеңгі тіршілігімнің не мәні бар?…Өмірде ең сенімді дегенімнің өзінің күл-талқаны шықты. Неге сүйенсем жаныма сая табам?..». Несіпбек Айтұлының Шәкірге соңғы сауал» деген ойлы өлеңі бар. Сонда мынадай жолдар бар: «Керегем жетім – басқұр жоқ. Өнегем өгей – дәстүр жоқ. Қорадан тартар қойымды Кенерем анау – қасқыр көп. Амалын айтып кетпесең Көлденең тұр ғой кедергім. Соңыңнан жетсем жұрдай боп Мақшарда саған не дермін?» Бір кездері (2000 жылы) Ақаң да осы сөздерге үндес, «Өмір осылай өтіп жатыр…» деген атпен Бейімбет Майлинше мына өлең жолдарын қағазға түсіріпті: «- Уа, Бабай! Ел-жұрттың халі қалай?! — Е-е, Балам-ай! Ел аман, жұрт тыныш демесе: Әйел – ерге қарады, ер – жерге қарады; Қартымыз – қақбас, қатынымыз – қақпыш; Шешеніміз – шерменде, көсеміміз – сергелдең; Биіміз – жалтақ, батырымыз – қорқақ; Данамыз – бала, баламыз – шала; Әйел – арыды, келін – жеріді; Бозбала – сайтан, бойжеткен – сайқал; Азамат – әлсіз, арғымақ – жалсыз; Сері – селтең, сал – мөлтең; Көршіміз – кәпір, туысымыз – мүсәпір; Жауымыз – атарман, досымыз – сатарман; Тұлпарымыз – жабы, сұңқарымыз – жапалақ; Өнеріміз – молақ, өнерпазымыз – олақ; Дініміз – шала, тіліміз – шұбар; Еліміз – азды, жеріміз – тозды; Бүгініміз – тұман, ертеңіміз – мұнар; Сенеріміз – жоқ, секеміміз – көп; Жан – шыққан жоқ, үміт – өлген жоқ; Өмір осылай өтіп жатыр! Жас Алаш. 2000 ж. 4 сәуір». Ақселеу сонау тоталитарлық деп есімізге алатын кеңес заманының қайнап тұрған кезінің өзінде-ақ (14.10.74) қазақтың қазақ рухы әлсіреуіне орыстың өзімшіл идеологиясының өктемдігі әсер етіп жатқанын жазады: Ақселеу Сейдімбекпен жеке таныстық, аз ғана араластық кездердің бірінде: «Орысша газетті ұстамаймын – қолым былғанады, орысша сөйлемеймін – аузым былғанады» — деген сөзін естіген ем. Бұл зерделі азаматтың асырыңқырап айтса да, кезінде империяның қазаққа жасаған қиянатына наразылық ретінде айтылған деп бажайладым. Толстойға қарасақ, орыстың озық жазушыларының «Не істеу керек?» деп өздеріне өздері қойған сауалы төңірегінде ол да көп ойланып, ақиқатты іздеді. Бұл жолда ол философ сияқты емес, жанын жегідей жеген өлім қорқынышының шарасын іздейді. Ақселеу Сейдімбек те Толстойшылап «Ойтолғаққа» мына сөздерді жазыпты: «Менің өмірге араласуым бейтаныс қаланы аралаған жолаушыға ұқсас. Аяқ аттаған сайын тылсым дүние алдыңнан шығады. Қиыны – бейтаныс құбылыстың алдыңнан шығуы емес. Қиыны – сол бейтаныс, беймағлұм дүниені ешкімнің көмегінсіз өзіңнің ғана танып-түсінуге кірісуің. Шегінер жол жоқ. Артым – армандай аяулы, алдым – жұмбақ. О, Тәңірім, қандай заманға тап болған ұрпақ едік!.. 9.06.72». Толстой өмірінің соңына қарай тірліктің мәнін қайта іздеуге кіріседі: «Оны ұзақ уақыт бойы азаптанып іздедім. Өзін құтқармақ болған адамша іздедім, ештеңе таба алмадым». «Отбасы, әдеби шығармашылық та оны қанағаттандыра алмайды». «Сұмдық ақиқат алдында көзіме перде болған екі тамшы – отбасым мен шығармашылық та мен үшін мүлдем ләззатсыз боп қалды». «Отбасым, иә балаларым мен әйелім олар да адам, олардың да жайы мәз емес: я жалғанға алданып жүре береді, я болмаса қорқынышты шындықпен бетпе-бет келеді. Оларды жаныммен сүйемін, бірақ ақиқатты жасырып қалу мүмкін емес. Ғылымдағы әрбір қадам, өмірдегі әрбір адым ақиқатқа жетелейді. Ал ақиқат – өлім. Өнер мен өлең жай безендіруші әшекейлер ғана, өмірдің мәнін нақты түсіндіре алмайды. Фәлсафадан да қайыр жоқ!» Дүрмекті өмір кешіп келе жатқан кісі тыныш өмірге көндігуі қиын. Тыныш өмірді аңсаған кісінің көбі ойлануға уақыт іздегендіктен тыныштыққа ұмтылады. Адам баласына қашан да уақыт аздық еткен, қазір ол — өте-мөте тапшы. Адамның жасы ересек тартып, ақыл тоқтатқанда, өмірге тұрақты көзқарасы қалыптасқанда өзіне-өзің есеп беру қажеттілікке айналатындай, сол кезде кей істерінен, кей әдеттерінен қашатындай.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.