АҚШ әдебиеті

Главная » Рефераттар » АҚШ әдебиеті

АҚШ әдебиеті

ХІХ ғ. соңында Америка тарихында батыс жерлерін басып алу үдерісі өз мәресіне жетеді. Испан-америка соғысы 1898-1899 жылы Пуэрто-Риконы АҚШ-тың басып алумен аяқталады. ХХ ғ. басында АҚШ фермалық мемлекеттен Чикаго, Нью-Йорк, Питсбург, Детройт сияқты индустрияланған орталықтары бар, техникалық жағынан жоғары дамыған мемлекетке айналады.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында АҚШ әдебиеті қарқынды дами түседі. Америка әдебиетінде Теодор Драйзер, Синклер Льюис, Эрнест Хемингуэй, Уильм Фолкнер, Джон Стейнбек, драматург Юджин О’Нилл, новеллист Шервуд Андерсон, ақындар Роберт Фрост және Карл Сэндберг сияқты жарқын тұлғалар пайда болады.

Көптеген америкалық жазушылардың шығармашылығы әлемге танылып, үлкен жетіс­тікке ие болады. АҚШ әдебиеті 1910-1945 жылдары түрлі бағытта дамыды. Онда көбіне роман­тикалық дәстүр, критикалық реализм, модернистік ағым басым болды.

20-30 жылдары Америка Құрама Штаты Батыс елдерінің алдыңғы қатардағы мем­ле­кетіне айналады. 1929 жылы қазанда Нью-Йорктағы биржа төмендеп, елде жұмыссыз­дыққа әкеліп соқтырған үлкен дағдарыс басталады. «Ұлы депрессия» деп аталатын бұл кезең түрлі шерулер мен толқулар, жұмыссыздардың көтерілістері арқылы тарихта қалады. 30 жылдары елде әлеуметтік-саяси наразылық өрши түседі.

Халық наразылығы мен жұмысшылар қозғалысы пролетариаттық әдебиет­тің дамуына ықпал етіп, социалистік идеяны жақтаушылар пайда болады. Бұл Синклер Льюис, Шервуд Андерсон, Юджин О’ Нилл, Карл Сэндберг сынды жазушылардың шығармашылығында кө­рі­ніс тауып, 1935 ж. «Америка Құрама Штатындағы пролетариаттық әдебиет» антологиясы басылып шығады. Бұл антологияға Джон Дос Пассос, Эрскин Колдуэлл, Ленгстон Хьюэ, Криффорд Одет, әдеби критик Мальколн Каули сынды түрлі жанрда жазған 63 автордың екбектері енеді.

ХХ ғ. шығармаларында әрі қарай жалғасын тапқан АҚШ әдебиетіне сай «америкалық арман» тақырыбы айтарлықтай өзгеріске ұшырап, көптеген жазушы­лардың шығармаларында «америкалық трагедия» тақырыбына ауысады.

Америка басынан кешірген экономикалық дағдарыстың қараңғы түнегі Джон Стейнбектің (1902-1963) «Тышқандар мен адамдар жайлы» повесі (1937) мен жазушыға үлкен жетістік әкелген «Ашу оты» (1939) атты шығармаларында көрініс табады. Бұл романда жұмыс іздеп, Американы кесіп өткен Джоудтар­дың отбасы жайлы айтылады. Аталған шы­ғар­ма жазушының маусымдық жұмыскерлермен танысу барысында жинаған нақты мәлі­меттер негізінде жазылған. 1940 ж. Стейнбек өзінің «Ашу оты» романы үшін Пулитцеров сыйлығына ие болады.

20-30 жылдардағы әдебиетте жиі қозғалған негізгі тақырыптардың бірі соғыс тақырыбы болған. 20-ші жылдардағы Эрнест Хэмингуэйдың «Күн шығады» (1926) және «Қош бол, қару» (1929), Уильям Фолкнердің «Солдаттың жеңісі» (1926) мен «Сарторис» (1929), Дос Пассостың «Үш солдат» (1921) және «Манхэттен» (1925) атты шығармалары осы тақырыпқа арналған. 30-ші жылдары әдебиетке «Тамыздағы жарық» (1932) романының авторы Уильям Фолк­нер, «Бізде бұл мүмкін емес» (1935) атты шығарманы жазған Синклер Льюис пен «Бесінші колонна» (1938) пьесасының авторы Хэмингуэй сынды фашизмге қарсы күрес туралы жазатын жазушылар келеді.

Роберт Фрост, Карл Сэндберг, Ленгстон Хьюздің шығармашылығы ХХ ғасырдың бірін­ші жартысындағы Америка әдебиетінде әдеби сыншылар мен тарихшылардың «поэтикалық-Ренессанс» жайлы айтуына мүмкіндік берді.

Роберт Фрост (1874-1963) америка халық ақыны атанады. Халық оның өлеңдерін ойдың тереңдігі мен нақтылығы, тілдің жеңілдігі мен көркемдігі үшін ұнатады. Фрост өзінің қарапайымдылығы арқылы данышпан болған.

Роберт Фрост Калифорнияда журналистердің жанұясында дүниеге келген. Ол жанұясына көмектесіп, өзін асырау қамын ойлап жүріп, университеттік жоғары білім ала алмайды. Фермада, газетте, мектепте жұмыс істейді. Англияда 3 жыл (1912-1915) тұрып, сонда өзінің ең бірінші «Баланың еркіндігі» (1913) және «Бостоннан шығысқа қарай» (1914) атты поэтикалық жинақтарын жариялайды. Бұл жинақтар өте сәтті шығып, ақынға үлкен жетістік сыйлайды. Ол АҚШ-қа қайтіп келген соң Нью-Гермпширдағы фермада қоныстанып, фермерлердің күнделікті өмірі мен еңбегі жайлы жаза бастайды. Оның жинақтарының арасынан  «Нью-Гемпшир» (1923), «Алыс жота» (1963), «Ағаш-куәгер» (1942) атты еңбек­те­рін ерекше атап өтсе болады.

Карл Сэндберг (1867-1967) шведтік эмигрант жұмыскерлердің жанұясынан шыққан. Ол орта білімін аяқтамастан сылақшы, жүк тасушы, кейін ағаш ұстасы болып жұмыс істеді. Әскерде болып, Испан-америка соғысына қатысып, 1890 жылдары әлеуметтік қозғалысқа қатысады. Сэндбертің еңбекшілердің күші мен талантына деген сенімі, демократиялық нанымдары мен оптимизмі оның поэзияларында көрініс табады. Ол Уитмен дәстүрін жалғастырып, поэзияны «Өмір жолын түсіндіретін тізбек» деп түсінеді. Сэндберг өзінің өлең шумақта­рын такси жүргізушісі, полиция қызметкері, машинистер мен қарапайым адам­дар сияқты оқырмандарға арнады.

Сэндберг өз шығармашылығында  еркін өлеңді таңдаған, оның лирикасы халық тілінің байлығы мен әсемдігін көрсетеді. Ол фольклорлық шығарма­лар­ды жинап, америкалық халық әндері мен балладалардың антологиясын құрас­ты­рып, басып шығарады. Маяковский Сэндбергті «Американың үлкен индус­триалды ақыны» деп атаған. Алып елдің тынысы Сэндбергтің шығармаларында шебер суреттеледі. Оның негізгі жинақтарына «Түтін және болат» (1920), «Америка, қайрлы таң» (1928), «Халық, иә!» (1936) атты еңбектерін жатқызуға болады.

Қара нәсілді америкалық Ленгстан Хьюзды (1902-1967) «негрлер Реннессан­сы­ның» ақы­ны деп атайды. Ол өзінің алғашқы жинағын 1926 ж. басып шығарады. Осы уақытқа дейін Хьюз қағаз тасушы, қонақ үйде күзетші, жүк тасушы, ыдыс жуушы, матрос сияқты көптеген қызметтер атқарады. Ол Линкольн университетін аяқтап, афро-америкалық поэзияның дәс­түр­ле­рін жалғастыра отырып өзін ақын, прозаик, драматург және публицист ретінде көрсете білген. Хьюз қорланғандардың қайғысына ортақтасып, адамдар теңдігі туралы идеяны қор­ғай отырып, блюздың дәстүрлі формасына жаңаша мән береді («Арман», «Менің түсім», «Портье» атты өлеңдері). Хьюз «Кепілдіктегі ең жақсы заттар» (1927), «Жаңа көлеңке» (1938), «Гарлемдегі Шекспир» (1942) сияқты он үш поэтикалық жинағын басып  шығарады. 1930 ж. оның «Жас шығарған күлкі» атты романы мен 1932 ж. «Скотсборо» атты пьесасы  жарыққа шығады.

Көркем бейнелеудің жаңа мүмкіндіктерін іздеуде Джон Дос Пассостың (1896-1970) шығармашылығы ерекше. Архитектура мамандығы бойынша Гарвард университетін аяқта­ған соң, Дос Пассос өз қалауымен майданға аттанып, Италия мен Францияда орын алған ұрыстарға қатысады. Оның «Үш сарбаз» (1921) атты романында соғыс пен майданда жауға қарсы күрескен жауынгерлер жайлы жазылған. Пассостың «Манхэттен» (1926) атты романы кинематографияда қолданылатын монтаждау мен конструктивизм техникасы секілді жаңаша әдістердің батылдығымен ерекше көзге түседі. 30 жылдары Дос Пассостың «АҚШ» трилогиясының «42-ші паралелль» (1930), «1919» (1932), «Үлкен ақша» (1936) атты романдары жарыққа шығады.

АҚШ театры мен драматургиясының қайта жаңарып, дамуына драматург Юджин О’Ниллдің (1888-1958) қосқан үлесі зор. Ол драматургияны коммерциялық театр өктемділі­гінен босатып, оны ұлттық өнердің игілігіне айналдырады. Актердың баласы Юджин О’Нилл театр репертуарларымен жақсы таныс болып, өз шығармашылығын оны қайта құруға арнап, шындықты бейнелеп, өзекті мәселелерді көтеретін пьесалар жазды. Ол өзінің «Көкжиекте» (1920) атты пьесасында фермерлердің кедейленуі жайлы жазса, «Император Джонс» (1920) пьесасында нәсілшілдік мәселесі мен оның түрлі-түсті адамдардың рухани өміріне тигізер әсері туралы сөз қозғайды.  Юджин О’Нилл драмалар мен трагедиялар жазған.

АҚШ әдебиетінде модернизмнің қалыптасуы Еуропа елдерінің, әсіресе Франция мәде­ние­тінің әсер етуімен жүрді. ХХ ғ. Францияның астанасын «Идеялар лабораториясы» деп атаған Хемингуэй, Скотт Фицджеральд, Дос Пассос, Гертруда Стайн, Эзра Паунд сынды көптеген америкалық ақындар Парижде өмір сүрді. Франция арқылы Томар Стернз Элиот­тың Англияға жолы ашылып, өмірінің соңына дейін сол жерде тұрады. Әдебиет тарихшы­лары нақты негіздерге сүйене отрып, ғылымға «Америкалық модернизмнің еуропалық мектебі» деген түсінікті енгізеді. Ол Эзра Паунд пен Гертруда Стейннің есімімен тығыз байланысты.

Теодор Драйзер (1871-1945) өзін «қазіргі заман реализмнің өкілі» деп атаған. Драйзер  ХХ ғасырдың америка әдебиетіндегі көрнекті реалисі болып табылады. Ол Марк Твен, Генри Фуллера, Фрэнк Норристың дәстүрін жалғас­тыра отырып, әлеуметтік-реалистік америкалық романның дамуына өз әсерін тигізді.

Драйзер Индиана штатында фабрика жұмыскерінің жанұясында дүниеге келген. Оның әкесі Германиядан Америкаға қоныс аударған неміс болған. Ал анасы чехиялық босқындар жанұясынан шыққан. Теодор жанұядағы он екінші бала болған. Табысты өмір іздеген Тео­дор­дың ата-анасы бір орыннан екінші орынға көшуге мәжбүр болады. Болашақ жазушы жүйелі білім ала алмай, орта мектепті бітірген соң оқытушысының көмегімен бір жыл бойы Блумингтондағы университетте лекция тыңдайды. Ол газет, киім таратушы, газет сатушы, ыдыс жуушы сияқты түрлі қызметтерді атқарады. Алайда бір жылдық студенттік өмірінде Толстоймен, философ-позитивист Спенсердің еңбектерімен танысады. Чикагоға барып, Драйзер бір газетте репортер болып қызмет атқарды. Осы қызметі барысында ол үлкен қала­лардың өмірі мен ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігі жайлы өз ойын кеңейте түседі. Ол Кливлендте, Питсбург, Сент-Луис, Нью-Йоркта болады. 1899 ж. Америкада жарыққа шық­қан анықтамада Драйзердің есімі ақын-журналист ретінде көрсетіледі.

Драйзер өз еңбектерін «роман-карьера» формасында жазған. Осы жанрда жазылған шығармаларға жас қыздың актерлық өмірі жайлы баяндалған «Кэрри әпкей» романын, суретші мен өнердің тағдыры жайлы айтылатын «Данышпан» (1915) атты еңбегі мен бас кейіпкер өзінің қалауын барінен де жоғары қоятын «Қалау трилогиясы» (1912-1947)  атты романын жатқызуға болады. Драйзердің ең атақты романы «Америкалық трагедия» (1925) да «роман-карьера» формасында жазылған.

Драйзердің шығармалары – орындалуы үлкен қайғы тудыратын «америка арманы» жайлы баяндама. Арман мен шындықтың арасындағы қарама-қайшылықтар оның «Америка­лық трагедия» романында шебер көрсетілген. Бұл романның кейіпкері жетістік туралы бос қиялдың артынан құр жүгіру адам үшін үлкен қауіп екеніне тағы да көз жеткізеді. Драйзер­дің дүниетанымы мен шығармашылғына Герберт Спенсердің әлеуметтік–дарвинизмі мен позитивизм философиясы өз әсерін тигізеді.

Эзра Паунд (1885-1972) — англо-америкалық поэтикалық имажизм мектебі­нің негізін қалаушылардың бірі. Бұл мектептің пайда болуы мен дамуының бастапқы кезі 1905-1909 жылдарға сай келеді. Осы кезде Томас Эрнст Хьюманың басшылығымен ағылшын және амери­калық Ричард Олдингтон, Эзра Паунд, Хильда Дулитл, Фрэнк Стюарт Флинт сынды жас талантты әдебиетшілер Лондонда бас қосып, өздерінің жиналыстарын өткізе бастайды.

Философия, эстетика, саясаттану, экономика саласындағы мәселелерді шешуге бағыт­талған лондондық топтың басшысы Т.Э.Хьюм болады. Бірақ ең басты әдебиет пен жаңа заман поэзиясына көп көңіл бөлінеді. Хьюманың негізгі ойлары оның «Ойлану» (1924) және «Тіл мен стиль жайлы мақала» (1929) атты  еңбектерінен айқын көрінеді.

Романтикаға қарсы болғандардың ізін жалғастырушы Хьюм  романтизмді гуманизмнің ең соңғы сатысы деп есептеді. Жаңа заман поэзиясы саласында Хьюм «Академиялық дәстүр­ден» бас тартуға шақырады. Америкалық модернизмнің поэзиясы Эзра Паунд шығармашы­лы­ғында беріледі.

Гамильтон колледжін (Нью-Йорк штаты) бітіріп, 1906 жылы Пенсильвания (Фила­дель­фия штаты) университетінің дипломын алып, Э.Паунд Еуропа бойынша үшінші саяхатына аттанады. Ол бұл жолы Лопе де Вега мен провансаль ақындары жайлы диссертациясына мате­риал іздеуге барған болатын. 1907 ж. Паунд АҚШ-қа қайтып келіп Уобеж-колледжіне роман тілдерін оқытушы ретінде жұмысқа қабылданады. Аз уақыттан соң Паунд қайтадан Еуропаға аттанады. 1908 ж. Венецияда оның «Өшкен жарықта» атты ең алғашқы кітабы 100 дана болып басылып шығады. 1916 ж. Паунд «Lustra» өлеңдер жинағы жарияланады.

1921 ж. Парижге,  1924 жылы Паунд жанұясымен бірге Италияға қоныс аударады.

Екінші Ұлы отан соғысы жылдарында Паунд антиамерикалық радиорепор­таж­дарымен (жалпы саны 125) көрінеді. 1945 жылы Паунд тұтқындалып, америкалық әскери күшке бері­леді. Алдымен 60 жастағы ақынды Пизадағы лагерьге жібереді, кейін Вашингтонға жібері­ліп, түрмеге қамалады. 1945 жылы 21 желтоқсанда қасиетті Элизабеттің жүйке ауруына шал­дық­қандар емхана­сына жатқызылады.

Паунд өзінің «Cantos» поэмасына қытай хроникасы мен Конфуций ілімдері, америкалық төңкеріс пен Джефферсонның тәуелсіздік декларациясы, Одиссей­дің оқиғалары секілді бірнеше тақырыптарды енгізді. Паунд әуенді композиция құрастыруға тырысқан. Журнал редакторы, ақын, сыншы, антология құрастырушы ретінде Паунд Америка мен Еуропа әдебиетіндегі модернизмнің дамуына зор үлес қосады.

Гертруда Стайн (1847-1946) – жазушы-экспериментші, «жоғалған ұрпақ» терминінің авторы. Стайнның жаңартулары Дж. Джойсты, Э.Хемингуэй мен Ш.Андерсонды қызық­тырған. Сан-Францисконың тұрғыны Стайн Гарвард–Аннексте білім алады. 1897 ж. Стайн Джон Хопкинстің Балтимор университетінің қарамағын­дағы меди­цина колледжіне ауысып кетеді. Онда ол әйелдің жүйке күйзелісі проблемаларын зерттемек болады. Дегенмен бақыт­сыз махаббат Стайнның оқу жоспарларын бұзады. Ол оқуды мүлдем ұмытып, соңында емти­ханда да сәтсіздікке ұшырайды.

Стайн кейін Америкадан кетіп, Парижге келеді. Көп ұзамай оның азапқа толы махабба­ты­ның куәсі ретінде жазылған «Дәлелдеуді қажет еткен нәрсе» атты романы жарық көреді. Бұл романдағы «махаббат үшбұрышының» ерекшелігі — оның барлық жақтары әйелдер. Стайн романның мәтініне төлтума хаттар мен сұхбаттарды енгізген.

30-40 жылдары Стайн сөйлем құрылысындағы тұрақты қалыптасқан ретін бұзып, жаңа сөйлем ретін құру үшін түрлі тәжірибелер жасайды. Стайнның бұл тәжірибелері оның «Он портрет», «Ұзақ қызықты кітап» атты еңбектерінде көрініс табады. Стайн драматургия саласына да қызығушылық танытады. Оның көптеген пьесалары шартты түрде актілерге бөлінген прозалық мәтін ретінде әсер етеді. Стайнның атақты пьесаларына «Төрт әулие үш актіде» (1934), «Ана бәрімізге» (1947), «Доктор Фауст шам жағады» (1949) атты еңбектерін жатқызуға болады.

1934-1935 жылдары Гертруда Стайн АҚШ-та «жалғастырмалы шындық» әдісін дамыту мақсатымен 40-қа жуық лекция оқиды. Стайнның әдебиеттегі көзқарастары мен шығарма­шы­лық принциптерін «Түсіндірме ретіндегі компо­зиция» (1926), «Қалай жазу керек» (1931), «Алиса Б.Токластың автобиогра­фиясы» (1933), «Төрт лекция» (1935) атты еңбектерінен көре аламыз.

Эрнест Хемингуэй (1899-1961) жастық шағында Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар мен 30 жылдары Испанияда орын алған фашизмге қарсы соғыстарға қатысып, түрлі қиыншылықтарды бастан кешірген «жоғалған ұрпақ» жазушыларының қатарына жатады.

Хемингуэй адамзаттың маңызды, трагедиялық жақтарын, әрі өз дәуірінің қоғамдық-саяси өмірін жазған. Оның ең басты тақырыптары – адам мен соғыс, адам мен табиғат; олар­дың философиялық аспектілері – үздіксіз күресуші адам болмысының көрінісі. Соғыс корри­да секілді,  ал қатыгез өмір матадор мен өгіздің күресі өтетін аренаның бейнесіне теңестіріле­ді. Хемингуэйдің шығарма­ларындағы басты кейіпкер жеңілуден еш қорықпай, тірі тұр­ғанында күресуден бас тартпайды. Адам жеңілу үшін жаралмаған. «Адамды жойып тастау­ға болады, бірақ жеңу мүмкін емес», — дейді Хемингуэй «Шал мен теңіз» повесінде.

Э. Хемингуэй Чикагоның маңайындағы Оук-Парк деген жерде дәрігер­дің отбасында дүниеге келген. Оның әкесі табиғатты жақсы көрген, сол себепті де ол әрқашан серуендеуге шыққанда өзімен бірге ұлын ертіп жүретін. Отбасын қатал әрі салқын мінезді анасы басқар­ған. Анасы ұлына музыкалық білім береді. Хемингуэй Оук-Парктағы мектептен білім алады, әдебиетке қызығушы­лық танытып, спортпен шұғылданады. 1917 ж. мектеп бітірген жас Эрнест Канзас-Ситиге кетіп, сонда «Стар» газетінде репортер болып қызмет атқарады. Осы кезден оның журналистік таланты көріне бастайды. Хемингуэйдің Канзас-Ситидің журналистика мектебінде алған сабақтары жас репортердың кейінгі уақыттағы тілшілік қызметіне көп пайдасын тигізеді.

1918 ж. көктемде америкалық Қызыл Крест бөлімшесіне жүргізуші ретінде Хемингуэй Италияға атттанады. Оны көзінің дұрыс көрмеуіне байланысты әскер қатарына алмаған болса да, жас жауынгер италия-австриялық соғыста майданға қатысады. Қатты жарақат алып, үш ай Милан ауруханасында емделеді. АҚШ газеттеріне Италиядан репортаждар жібереді. Соғыс біткен соң Оук-Паркқа қайта оралады. Соғыс кезеңін «Біздің уакытта» (1925) атты әңгімелер жинағында, «Күн шығып келеді» (1926) , «Қош бол, қару!» (1929) атты романдарында өте шебер суреттейді.

Оның шығармашылығында Испания тақырыбы ерекше орынға ие. «Испан­дық репортаж», «Мадридтік жүргізуші» атты әңгімелері мен очеркісінде, «Бесінші бағана» (1938) атты  пьесасында осы тақырып қозғалады. Соғыстан кейін Хемингуэй Кубада тұрады. Ол осы жерде «Қария мен теңіз» (1952) повесі мен «Өзеннің ар жағында, ағаштар көлеңкесінде» (1950) романын жазады. 1954 ж. Хемингуэй әдебиеттегі Нобель сыйлығының лауреаты атанады. Хемингуэй орыс әдебиетін жақсы білген, әсіресе, Тургеневті жақсы көрген.

Оның «Кімге қоңырау соғады» атты еңбегі ХХ ғ. ең керемет романдарының бірі ретінде танымал болған. Хемингуэй романдарына шығарма­ның проблематикасы, құрылымы, ішкі монолог, авторлық коммен­тарий­лер, психологизм, лиризм, образдардың жарқындығы  тән.

Уильям Фолкнер (1897-1962) – «ұлы Америка романын» дүниеге әкелген көрнекті жазушылардың бірі. Ол атақты Фрэнк Норрис пен Марк Твендердің ізін жалғастырып, Драй­зер, Стейнбек, Дос Пассостармен қатар әлемдік әдебиет­ке өзіндік мұрасын қалдырған.

Миссисипи штатының тұрғыны Фолкнер АҚШ әдебиетінде 1920 ж. пайда болған «оңтүстік мектептің» өкілі. Аға буын өкілдерінің реалистік дәстүрлерін сіңірген таланты мен жаңа дәуірдегі модернизм жаңа­лық­тары оның шығармашылығына әсер етпей қоймады. Жазушы жергілікті көріністер арқылы жалпыға ортақ мәселелерді ашуға тырысады. Фолкнер «адам жүрегінің мәселелеріне» басты назар аударып, 1949 ж. Нобель сыйлығын алған кезін­дегі сөйлеген сөзінде өзге жазушыларды да осыған шақырады. Ол: «адам жүрегінің ескі иделдарына — махаббат пен намыс, өркөкіректік пен жанашырлық, азап пен құрбандыққа» назар аудармау әдебиетті өлтіреді»,  — деп біледі.

Фолкнердің шығармаларынан «Солдат сыйлығы» (1926), «Москиттер» (1927), «Мәрмәр фавн» (1924), «Фолкнердің қойын дәптері» (1946), «Қала» (1957) және т.б. еңбектерін ерекше атап өтсе  болады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы америка әдебиетіндегі жаңа кезеңнің баста­луына ықпал етеді. АҚШ жаңа дәуірге дамыған алып мемлекет ретінде енді. 50 ж. өзінде-ақ америкалық жазушылар мен сыншылар соғыс арасындағы 10 жылдық­тардағы әдеби көрсет­кіштерді бағалай отырып, жаңа кезеңдегі әдебиетті қандай нәрселер күтіп отыр екен деген сұрақтарды алға тарта бастады. Әдебиеттің жаңаруына үміттене отырып, ХХ ғ. бірінші жартысындағы америкалық классика­ның жеткен көркем жетістіктерінен айырылғандарына да өкініш білдіреді.

«Жеке адам мен қоғам» және ХХ ғасырда адамдардың қажеттіліктері мен қарым-қатынастарында, әдебінде орын алған өзгерістер сол уақыттағы әлеуметтанушылар мен философтардың өзекті мәселесіне айналады. Д. Рисмен өзінің «Жалғызсыраған халық» атты кітабында адамның даралығы жоғалып, оның орнына қоғамға бағыныштылық пайда болды деп жазған. Фолкнер секілді Э. Фромм да өзінің «Үміт революциясы» атты  еңбегін «Біз қайдамыз және қайда бара жатырмыз?» деген сөздермен бастап, қазіргі замандағы ұйымның құрылысын «мега машина» деп атаған. Қоғам машина секілді жұмыс жасайды, ал адамдар осы машинаның құрамдас бөлшектері секілді. Техника адамзат пайдасы үшін емес, кері­сінше адам техника үшін қызмет жасап жатқандай.

Әдеби шығармалардың типологиясы, жазушының өмірге деген көзқарасы мен эстети­калық идеалы жаңа кейіпкердің типологиясын анықтап береді. Бұл америкалық жазушылар мен драматургтердің, ақындардың шығармаларындағы кейіпкерлердің арасынан – Норман Мейлердің шығармашлығындағы соғысқа қатысқандар, Джеймс Болдуин мен Уильям Стай­ронның романдарындағы қара нәсілді адамдар, Аллен Гинсбергтің поэзиясын­дағы заманның жас түлектері, Джек Керуак пен Джероми Дэвид Сэлинджердің романдары мен әңгіме­лерінде, Артур Миллер мен Теннеси Уильямстың «Орта америкалықтар» пьесасында, Джон Апдайк мен Джон Чивердің әңгімелері мен романдарында, интеллектуал­дар Сола Беллоу мен Торнтон Уайлдердің шығрмаларындағы кейіпкерлерден көрінеді. Сонымен қатар Курт Воннегуттың романдарындағы пародиялық кейіпкерлерін ерекше атап кетуге де болады.

Конформизм мен қалыптасқан қоғамдық нормаларға қарсы Джек Керуак пен Аллен Гинсберг шықты. 60 жылдары елдегі саяси-әлеуметтік тәртіптерге көңілдері толмаған халықтың қарсылық қозғалыстары тек публицистикада ғана емес, сонымен қатар көркем әдебиетте де орын алады. Жазушылар көбіне саяси-әлеуметтік мәселер мен бостандық үшін күрес тақырыптарын қозғайды.

60 жылдардағы әдебиетте Уолтер Лоуэнфелстың (1897-1976) шығармашы­лығы ерекше орын алады. Лоуэнфелст өз поэзиясында Уитмен дәстүрлерін жалғастырады. Оның өлең­дерінде техника мен саясат, мифология мен нақты ғылым сияқты әртүрлі саладағы бейнелер мен түсініктер шебер үйлестірілген. Оның «Саған деген махаббатпен атомды ғасыр» атты еңбе­гі атомдық энергия дамыған заманында өмір сүретін адамның тіршілігі жайлы ой-тол­ғанулардан тұрады. Бұл поэмада Уолтердің өз жұбайы Лилианға деген сүйіспеншілігі көрсетіліп, Вьетнамдағы соғыс туралы айтылады. Атомдық жарылыс қауіпі соғыс зама­нындағы адам баласының бөлініп кетуіне теңестіріледі. Тек соғыстан бас тарту арқылы ғана, адам баласы бейбітшілікте бақытты өмір кеше алады.

Вьетнамдағы соғысқа қарсы шыққан АҚШ-тың ХХ ғ. аса көрнекті ақыны ретінде Роберт Лоуэллді (1917-1977) ерекше атап өтуге болады. Оның философиялық-лирикалық поэзиясында Дж. Донның, Т.С. Элиоттың, Р. Фростың дәстүрлері көрініс тапқан. Лоуэллдің өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер – автордың өзі. Ол өз өмірінің поэтикалық реттілігін қалып­тастырып, кейін бұл Американың ұлттық өмірінің тарихи бейнесіне айналады. Лоуэлл­дың лирикасындақоғамда болып жатқан жағдайларға жанашырлық, ал оның еркін өлеңде­рінде соғыс пен қантөгушілік кезеңінің трагедиялық жағдайы суреттеледі.

60-70 ж. соғысқа және саяси қозғалыстарға белсенді түрде жас студенттер де қатысады. 1971 ж. «Жаңа америкалық қозғалыс» атты студенттік ұйым құрылады. Бұл қозғалыс бур­жуа­зиялық тоқыраулар мен Вьетнамдағы агрессияға қарсы бағытталған болатын. Нью-Йорк, Принсто, Сан-Франциско, Лос-Анджелес сынды АҚШ-тың көптеген қалаларында соғысқа қарсы демонстрациялар мен толқулар орын алады. Осы кездегі жастардың көңіл-күйі публи­цисттік мен поэзияда көрінеді. 1971 ж. «Қарсылықтың жалыны. Қозғалысқа қатысушы­лар­дың поэзиясы» атты поэтикалық антология жарық көреді. Толығымен өзгерген көзқарастар революциялық қимылдарға шақырған үндеулерден айқын көрінеді. Бұған Г. Снайдер («Рево­лю­циядағы революция») мен Д. Георкастың («Мен өзімнің тапаншамды аламын») өлеңде­рін мысал ретінде келтірсек болады. Осы кезде фольксин­гер­лердің (ақын-өлеңшілер) өлеңдері жарыққа шыға бастайды. Олардың ішіндегі ең атақтысы Фред Гарднер болды. Ол өз өлең­дерін митингтерде, шерулерде, әскери бөлім­дер­дің жанында орындап жүрді. Оның «1905 жыл» атты революция туралы өлеңі мен «Потемкин», «Мемлекет құриды» атты еңбектері халық арасында кең тарайды.

Фольксингер бейнесі Эдвин Гилберттің «Джейми» романында шебер сомдалған. Роман кейіпкері елде болып жатқан оқиғаларға түсінік бере отырып өлеңдер оқиды. Гилберт үкімет мен нәсілшілдікке, соғысқа қарсы сипаттағы өлеңдер жазады. Ол өз шығармаларында жұмысшылар мен студенттердің, ақ пен қара нәсілдердің бірігуіне шақырады. Романда 60 ж. қоғам өмірінде орын алған шынайы оқиғалар суреттеледі: жастар жедел хаттарды жыртып тастап, әр кез полиция қызметкерлерінен қашып жүріп, хабарламаларды өздері басып, оларды елге таратады.

Уоллес Грейвздың «Трикси» атты романы күнделіктік жазулар негізінде құрылған. Онда студенттік өмір мен жастар қозғалысы суреттеліп, оқиға қара нәсілді Трикси атты қыз­дың атымен баяндалады. Оқиғаның болған уақыты 1963-1968 ж. аралығы, яғни президент Джон Кеннедидің өлімінен қара нәсілділердің көшбасшысы Мартин Лютер Кингттің өліміне дейінгі кезең.

Нәсілшілдік мәселесі көптеген ақ және қара нәсілді американдықтардың назарын аударды. Джеймс Болдуин (1924-1987) Гарлемде дүниеге келіп, сонда өскен. Джеймс осы жерде мектепте оқып жүріп, журналдарға мақалалар жазады. 1940-57 жылға дейін Парижде тұрып, осы жерде «Бар да таудан жарияла» атты романын жазады. Аталған шығармада  ақ нәсілділер әлемінен қуылып, қайғыға душар болған Джон Граймстың образы бейнеленген.

Қозғалыстың қызған шағында АҚШ-қа азаматтық алу үшін келген Болдуин осы қоз­ғалысқа өзі де белсене араласып, публицистикалық мақалаларын жарыққа шығарып, көгілдір экранға да жиі шығып тұрады. Ол экзистенциализм идеяларынан бас тартып, күнделікті өмірдегі мәселелерге көшеді. Дәл осы кезде оның «Маған поезд қашан кететінін айтшы» деген романы жарыққа шығады, онда заман ағымынан қалмай, уақытпен бірге жүру және қара нәсілділердің бостандығы үшін күресу жайлы айтылады. Болдуин Американың бола­шағын бостандық үшін күресушілердің жаңа ұрпақтарымен байланыс­тырып, оның мақсатын — ұлттық және әлеуметтік мәселерді шешу деп түсіндіреді.

Уильям Стайрон, Эрскин Колдуэлл, Шерли Энн Грау сынды нәсілді америкалық жазу­шылар өз шығармаларында нәсілшілдік және онымен күресу мәселелерін көтереді. Уильям Стайронның «Ната Тернердің мойындауы» атты романында 1831 ж. Ната Тернер бастаған құлдар көтерілісі туралы айтылған. Стайрон өз өз шығармасын тарихи романнан гөрі, тарих жайлы ойлар деп атаған. 1831 жылғы оқиғалар екі жақты қарастырылады – өткен дәуір мен қазір заман тұрғысында. Баяндау Ната Тернердің өз өмірі туралы әңгімелері мен қозғалыс жайындағы ойларынан құралған. Ол түрмеде сот шешеімін күтіп отырған кезінде барлық оқиғаны өз адвокатына айтып береді. Тернердің алдында екі жол тұрады: көну немесе құлшылыққа қарсы шығу. Әрине ол күрес жолын таңдайды. Жауапқа тартудың алдында Нат Тернер аспанда жарық жұлдызды көріп, оны бостандық үшін күресушінің өшпес ізі ретінде қабылдайды. Стайрон Нат Тернерді әділеттілік пен теңдік үшін тек нәсілшілерге қарсы күрескер ретінде қана емес, сонымен қатар барлық ақ адамдарды жек көретін адам ретінде де бейнелейді.

Шерли Энн Граудың «Үйді аңдушылар» атты романы да нәсілшілдікке қарсы бағыт­талып, ақ нәсілді Абигейл атты әйелдің атынан баяндалады. Бұл шығармада оңтүстік Америка штаттарында орын алған сегрегацияға қарсы қозғалыстар жайлы айтылады. Жазу­шы­ның гуманизмі Абигейлдің атасының әйелі болған қара қыз Маргареттің образын бейнелеуде айқын көрінеді. Шерлидің романында халық көтерілісі жоқ болғанымен, жалпы сол 60 жалдардағы  жағдайлар суреттелген.

1948 жылы Норман Мейлердің «Өлілер мен жалаңаштар» деген романы жарық көреді. Жазушының бұл шығармасы Екінші дүниежүзілік соғыста болған оқиғаларға арналып, аз уақыттың ішінде үлкен жетістікке жетіп, авторға бүкіләлемдік атақ алып келеді. «Өлілер мен жалаңаштар» әскери роман болса да, Мейлер бұл шығармасында әскери қимылдарға қарағанда, кейіпкерлердің мінезі мен адамгершілік қасиеттері жайлы көбірек жазған. Мей­лер­дің өзі де Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Оның романы жазушының басынан кешірген оқиғалары желісінде жазылған. Романда Тынық мұхиты аралдарының бірінде аме­ри­калықтар мен жапондықтардың арасында болған шайқас пен сержант Крофт пен лейте­нант Хирн сынды кейіпкерлердің бейнесі асқан шеберлікпен суреттелген. Бұл осы романд­ы ХХ ғ. америка әдебиетінде дүниеге келген ең үздік шығармалардың қатарына жатқызуға негіз болады. Автор америка халқы үшін болып жатқан соғыстың негізгі мағынасын ашып беруге тырысады. Ол көптеген соғысқа қатысқан америкалықтар үшін, бұл соғыстың себебі мен мақсаты белгісіз болды деп жазды. Не себепті олар жапондықтарға қарсы соғысып жатыр, не үшін өз өмірлеріне қауіп төндіре отырып, басқа адамдарды өлтіріп жатыр  деген сұрақтар жауынгерлердің ешқайсысын да толғандырмады. Оларға жақсы ақша төледі, сол үшін олар атысты да жақсы жүргізді. Тіпті олардың көпшілігі соғыс біткен соң да армияда қалғысы келді.

ХХ ғ. америка әдебиетіндегі романның жанрлық бөлінуі сан түрлі. Торнтон Уайлдердің «Сегізінші күн», «Қасиетті Людовик патшаның көпірі»  атты шығармалары философиялық уағыздарға жақын келеді. Жазушы өзінің «Сегізінші күн» атты романында Эшли жанұя­сы­ның мүшелерін Америка ұлтына теңестіре отырып, оларды еңбекқор, күш-жігері мықты, ақыл-ойлары кең адам  ретінде суреттейді. Ол «Наурыз айының он бесінші күні» атты тарихи романын жазып, онда ойдан шығарылған оқиғалар мен шынайы өмірдегі нақты айғақтарды шебер үйлестірілген. «Теофил Норт» атты романы автобиогра­фиялық әңгімелер мен дұрыс жол көрсететін нұсқалықтарды қамтиды, оның кейіпкері айналасындағы адамдарға қол үшін беретін, Уайлдердің эстетикалық идеалына айналады.

Курт Воннегут (1922-2007) сатиралық фантастика үлгілеріне сүйене отырып, «Титан­ның сиреналары», «Мысықтың бесігі», «Балалардың крестік жорығы» атты романдарын жазған. Воннегуттың көркем әлемі өте қызықты әрі жаңа заманға сай болады. Оның еңбек­тері бір жағынан абсурдтық, әрі бір жағынан трагедиялық сипатта болады. Ол өз романда­рында қазіргі қоғамда болып жатқан нәрселердің адамгершіліктен мүлдем алыс екенін атап кетеді. Воннегут өз шығармаларында дәйексөздер мен кейіпкерлердің атына сілтемелерді, түрлі иллюстрацияларды шебер қолдана білген.

Америка әдебиетінде соғыстан кейінгі алғашқы онжылдықта көзге түскен Джек Керуактың шығармашылығы (1922-1969) битниктер әдебиетіне жатады. «Жарылған» сөзін әдебиетке алғаш рет Керуактың өзі енгізіп, бұл ұғымды ағылшынның beatitude  –  ағарту­шылық  деген сөзімен түсіндіреді. «Жарылғандарды» нью-йорктік (Джек Керуак, Аллен Гинсберг, Уильям Берроуз) және калифорниялық (Лоуренс Ферлингетти, Грегори Корсо, Гэри Снайдер) деп екі топқа бөлуге болады.

Керуак Лоуэлл атты ауылдық жерде дүниеге келген. Кейін оның ата-анасы Канададан АҚШ-қа қоныс аударады. Керуак католиктік дін бойынша тәрбиеленіп, тіпті бірнеше жыл бойы иезуиттік мектепте білім алады. 40 ж. басында Керуак Колумбиялық колледжде білім алып, алайда оқуын аяғына дейін бітірмей, теңіз әскерінің қатарына қосылады.

1946 ж. Керуак өзінің «Қалашық пен қала» атты алғашқы автобиогра­фиялық романын бастап, 3 жылдан соң аяқтап бітіреді. 1950 ж. бұл роман басылып шыққанымен, халық ара­сында кең тарала қоймайды. 2 бөлімнен тұратын бұл роман дәстүрлі реалистік мәнер жазы­лады. Роман сюжеті өте қарапайым. Гэлловэй атты шағын қалашықта Мартиндер жанұясы өмір сүреді. Үйдің отағасы Джордж Мартин өте қарапайым әрі ақкөңіл, Гэлловэйдегі беделді кісі болады. Автордың әкесі секілді ол да баспаханада жұмыс істейді. Мартиндер отбасы көп балалы, олардың көпшілгі мектепке барады. Алайда 50 ж. Джордж кедейленіп, ақша табу үшін ол Нью-Йоркке аттанады, осының нәтижесінде Мартиндер жанұясы ыдырай бастайды. Кейінен соғыс басталып кетеді, бір ұлы қайтыс болады. Аштықтың зардабын шегіп, жалғыздықты бастан кешірген Джордж Мартиннің өзі Бруклиндегі шағын пәтерде қайтыс болады.

Бір жылдан соң Керуактың «Жол бойында» атты жаңа романы дайын болады. Керуак аталмыш романын басып шығару үшін баспаханадағыларды 6 жыл бойы көндіреді. 1957 ж. «Жол бойында» романы жарық көріп, үлкен жетістікке ие болып, жазушыға үлкен табыс әкеледі. Бұл роман жарылған ұрпақтың нағыз манифесі болып табылады. Аталған шығарма­да жарылған­дардың өмір сүру образдары, олардың үздіксіз машинамен жарысулары айтыла­ды. Олардың қозғалыстарының еш мақсаты жоқ, бәрі құр жасалынып жатқан бос тіршілік. Керуак осы арқылы жол бойында кейіпкерлер бейнесінің ашылуын көрсетеді. Жол Керуак­тың пікірінше мәдениетті өмірден қашып құтылу болып табылады. Ең бастысы – қашу, қалыпты өмірден табиғатқа, ақылдан қиялға, саналықтан бассыздыққа қарай қашу. Мұндай қашудың түрін Керуак «Ұлы саяхат» деп атаған.

1958 ж. Керуактың «Дхарманың қаңғыбастары» атты еңбегі жарық көреді. Бұл роман «Жол бойында» романының жалғасы ретінде құрастырылған. Керуак өзінің бірқатар шығар­ма­ларында өзі ойлап тапқан «асығыс амалын» қолданады. Аталған амалдың негізгі принципі — баста пайда болған ойларды дәс сол қалпымен жазу, мәтінді өңдеу бұл сәндеушілік деп есептеді. Керуак «шеберлік» пен «бір сарындағы ағылшын фразасын» жек көрген. Керуак үшін бұл  жалған әрі қызықсыз нәрсе, және бұл «асығыс амалдың» жүру үдерісін тоқтатады.

Америка әдебиеті тарихында Джером Дэвид Сэлинджер (1919-2010) ерекше орын алады, ол ХХ ғасырдағы ең «жұмбақ» жазушы атанған. Өзінің ең соңғы шығармаларының бірі «Хэпворт 16, 1924» атты әңгімесін, Сэлинджер «Нью-Йоркер» журналының 1965 жылы жариялайды. Көзі тірі кезінде сыншылар «пайғамбар», ал тарихшылар «тірі классик» деп атаған жазушының өмірі мен шығармашы­лы­ғы жайлы мәліметтер аз. Дж Сэлинджер 1951 ж. «Қара бидай ортасында» романы шық­­қан­нан кейін, Корниш атты шағын қалаға қоныс аударып, тыныш өмір сүруге бет бұрады.

Сэлинджер Нью-Йоркте 1919 ж. 1 қаңтарда ет саудасымен айналысатын жанұяда дүниеге келген.  Бірнеше оқу орындарында білім алып, тек – Вэлли-Фордждағы (Пенсильва­ния) әскери мектепті 1936 ж. бітіреді. Оның көркем шеберлігінің өскенін дәлелдейтін ең алғашқы толыққанды шығармасы ретінде 1943 ж. жазылған «Вариони ағайындылары» деп аталатын новелласын ерекше атап өтсек болады. Автор бас кейіпкер Джо Вариони бейнесі арқылы әртістік қасиеттер мен шы­ғар­машылық талантты көрсетуге тырысады.  Діни сезімнің пайда болуы, адам санасындағы діни бастаулардың пайда болуы – Сэлинджердің жинақтарындағы әңгімелерінің ең басты негізі. Бірінші жағдайда бұл ақынның өлімі болса, екіншісінде – Құдай жайлы тым көп ойлайтын философ Тедди өлімі. 1965 ж. Сэлинджер «Қара бидай ортасында» романымен қатар 1953 ж. шыққан «Тоғыз әңгіме» атты кітабы үшін жинақтаған 30 новелласын да баспаға шығарады. «Тоғыз әңгі­меге», «Симор: Кіріспе» (1959), «Френни» (1961), «Зуи» (1961), «Хэпворд 16,1924» (1965) атты шығармалары кіреді.

«Сүргіңді жоғарылатып, ұста» (1955) повесінде Симораның мінезі мен оның рухани болмысы өте шебер суреттеледі. Повестің сюжеті Симора мен Мюриельдің үйлену тойынына байланысты. Шығармадағы оқиға Симораның нәзік рухани өмірі әр нәрсеге жеке ойы бар сұмпайы әйелімен салыстыра отырып өрбіген. Әр қайсысының өз жүргізушісі және психоаналитигі бар. Сэлинджердің айтуы бойынша, Симор – туа біткен ақын, дегенмен біз оның тек балалық шағындағы Китса туралы қалжың өлеңін ғана білеміз. Гласстар үшін Симор  — адамзат баласына тән рухани әсемдік, шыдамдылық, пәктік сияқты барлық жақсы қасиеттерге ие адам. Селинджер «Симор: Кіріспе» атты повесінде де Батти арқылы физикалық және рухани тұрғысынан Симорға дәл осындай сипаттама береді. «Зуи» пове­сінде Симордың Христос туралы аңызы келтіріледі. Симордың кішкентай сіңілісі Френни көбінде ағасының тағдырын қайталайды. Ол өзіне жат басқа өмірге Гарвард университетінің студенті Лейна Кутелла кейпінде түседі. Френни қоршаған ортаның ештеңкеге тұрмайтұғын, сұрапыл күйбелжің екеніне ағасының көзін жеткізгісі келеді. «Зуи» повесі «Френни» пове­сінің жалғасы. Онда оқиға желісі Френни мен Лейни кездескеннен кейін екі тәуліктен соң дамиды. Зуи мен Френнидің әңгімесіне Симонның өлімінен кейін кішкентайларға рухани жағынан қорған болған ағасы Баддидің жазған хаты негіз болады. Хаттың негізгі түйіні – адам аласы өз жолын өзі таңдайды, бірақ таңдаған соң өз ісін таза ниетпен әділ атқарып, ең бастысы, оны жүрегі қалауы керк. Сэлинджердің соңғы «Хэпворт 16, 1924» атты повесінде жеті жасар Симор балалар лагерінде жазған хатында өзінің отыз жас шамасында өлетінін айтады, жазушы кішкентай сәби арқылы өзінің мінсіз адам туралы ойын жеткізеді. Сэлинджер адам күші мен мүмкіндіктеріне сенеді.

Қарапайым америкалықтардың өмірі мен күнделікті тұрмыс-тіршілігі, қайғы-қасіреті мен қуаныштары, наным-сенімдері мен дүниетанымы реалистік проза дәстүрлерін қатаң ұстанатын  роман жазушылар Джон Апдайктің «Қаш, қоян» (1960) және «Кентавр» (1963); Джон Чивердің «Уопшоттар отбасының  хроникасы» (1957) және «Уопшоттар жанұя­сын­дағы ұрыс-керіс» (1964); Филип Ротаның «Ол өте жақсы еді» (1967) және Джой Кэрол Оутстың «Олардың өмірі» (1969) атты шығармаларында шебер  көрсетілген.

Джон Апдайк (1932-2009) — ақын, романист, бірнеше әңгімелердің авторы – Пенсильва­ния штатында мұғалім отбасында дүниеге келген. 50-ші жылдардың аяғына қарай әдебиетке келіп, поэтикалық жинақтары мен бірнеше әңгімелерін жарыққа шығарады. Апдайк Гарвард университетінде оқып, бір жыл бойы Англияда, Оксфордта көркем өнер шеберлігін үйренеді. Пенсильванияда өткен балалық шағы Апдайктің мәңгі есінде қалып, бұл естеліктер оның шығармашылығында да көрініс тапқан: 30-шы жылдардағы депрессия кезінде әкесінің жұ­мыс­сыз жүргені, нағашыларының фермасының жойылуы, соғыс жылдарындағы құрбандар. Апдайк шығармашылығындағы басты тақырып — қарапайым америкалықтардың трагедиясы. Кейіпкерлер аясы мен оладың қызығушылығы өте шектеулі, олар баяндаған оқиғалар ешқандай ерекшелікпен көзге түспейді. Апдайк күнделікті жанұялық күйбелістен, ұрыс-ке­ріс­тен асып шыға алмай, тек сол төңіректе ғана жазғанымен, ең қарапайым нәрселердің маңыз­дылығын асқан шеберлікпен көрсете білген.

«Қоян, қаш» романы оқырмандар қауымы арасында кең тарап, жазушыға үлкен табыс әкеледі. Қоян деген лақап атты Энгстром есімді жас жігіттің оқиғасы өзінің қарапайым­дылығымен, жастайынан отбасын құруға дағдылан­ған сол кездегі көптеген жастардың отбасылық өміріне жақын келетін жағдай­лар арқылы оқырман көңілін жаулап алады. Гарри Энгстром әлі өзінің баскетболға деген сүйіспеншілігімен қоштаспаған қарапайым шаруа отбасынан шыққан жас жігіт автокөлік саудасымен айналысатын шенеуніктің қызымен отбасын құрғаннан кейін күнделікті тұрмыстың күйбең тіршілігін бастан кешіреді. Оның екінші баласына аяғы ауыр әйелімен ара-қатынасы жақсы болмайды, оған ас үй жиһазына жарнама жасау қызметі ұнамайды, Қоянның нақты өмірлік мақсаты да жоқ. Қоян бұл өмірде ауыр сынақтардан өтіп, қайғы-қасіретке душар болады. Баласы қайтыс болады, кейін Рут Леонард күйеуінің сатқындығы үшін одан бас тартады. Барлық нәрсе «өз шеңберіне» қайта оралаы.

Жазушының «Қайта тірілген Қоян» (1971) және «Қоян байыды» (1981) атты роман­да­рында Гарри Энгстромның оқиғасы өз жалғасын табады. Кейіпкердің жәй тауып, көкірегінде тыныштық орнайды. Қоян туралы трилогия­да «орта таптағы америкалықтың» өмірі сати­ралық элементтер арқылы жызылып, әйгілі «америкалық арман» бейнеленген. Апдайк Қоян туралы романдары үшін әдебиеттегі ең үздік жүлденің иегері атанады.

Апдайктың «Кентавр» (1963) романында қарапайым америкалықтың мифтенген бейнесі суреттелген. Бұл шығармада жазушының адамгершілік ұстанымы көрініс тауып; өмірдің қатыгездігіне қарсы қойылатын гуманизм мен мейірімділік идеясы мектеп мұғалімі Колдуэл­дің бойынан табылып, кентавр Хиронмен салыстырылады. «Кентавр» — автобиографиялық роман, онда авторға өте жақын әрі ыстық келетін балалық шағы мен әкесі туралы естеліктер келтірілген. Сонымен қатар жазушы мифтік сарындар мен образдарға сүйене отырып адам өмірінің мәні мен оның болмысы туралы шебер суреттейді. «Кентавр» — көпжоспарлы роман: онда шынайылық, мифтік, фантасти­ка­лық үш түрлі жоспар өзара байланысып, тоғысады.

Апдайктің роман жанрының даму перспиктивасы туралы «Романның болашағы» (1969) атты мақаласында айтқан сөздері өте қызық. Романды жақын болашақта әдебиет сахнасынан кетеді дегендерге қарсы шығып, өзгеше көзқа­рас­ты ұстанған жазушы: поэзия сияқты роман да «біздің сезімдеріміз бен адагершілік дәстүрлерімізде өзгерістер әкелетін» компьютер дәуірінде де өз құнын жоғалтпайды дейді. Апдайк махаббат тақырыбындағы романдарға үлкен мән береді. Себебі «Махаббат барлық ерекше, түсініксіз сезімдердің рәмізіне айналып, адам баласының жанында мәңгі қалмақ».

Джон Чивердің (1912-1982) романдары мен әңгімелері рухани құндылық­тардың жоғалу тақырыбына және өмірден түңілуге арналған. Ол шығарма­шылығын новеллист ретінде бастап («Кейбір адамдар қалай өмір сүреді», 1943; «Алып радио», 1953; «Шейди-Хиллден шыққан баукеспе», 1958), америкалық «Сибурбии» (қала сыртындағы аудан) тұрғындарның өмірі жайлы айтып, 30-шы жылдардағы «Ұлы депрессия» кезінде түрлі қиыншылықтарды бастан кешіріп, 60-шы жылдардың қиын-қыстау кезеңдеріне төтеп берген халықтың сыртқы  ішкі күйзелісін шебер суреттеп, өмірдің қиыншылықтары мен күнделікті күйбелең тіршілігі жайында жазады.

«Уопшоттар отбасының хроникасы» (1957) мен «Уопшоттар отбасындағы жанжал» (1964) атты романдарында, отбасы өміріне өзгерістер еніп, олар туған жерімен, табиғатпен байланыстарын үзеді. Уопшоттар жанұясындағы өмір сүру деңгейі жақсы болғанымен, олардың рухани жан-дүниесінен күйзеліс байқала­ды. Шығарманың бірінші томындағы көтеріңкі көңіл-күй екінші томда қайғы мен сарказмға айналады. Елдегі өмірдің өзгеруі Чивердің кейіпкерлеріне де өз әсерін тигізбей қоймайды: отбасылық байланыстар ажырап, тыныштық жоғалады. «Америкалық арманның» жойылу тақырыбы «америкалық өмір сүру бейнесіне» ауысып «Буллет-Парк» (1969), «Фолконер» (1977) романда­рында көрініс табады.

Чивер реалист жазушы болғанымен, ешқашан адамға деген сенімін жоғалтпайды. «Мен жиі өзімнің интеллектуалдық және физиалық қабілеттерім­нің арасындағы айырмашылықты сезінем» деп, «Фолконер» романын аяқтап, десе де жер бетіндегі адам өмірінің мәні еркін­дікте, әр адам өзінің тұрмыстық шектелерге қарамастан өз еркіндігін барынша қолдана алуы керек» деп жазады.

XX ғасырдың ортасы мен екінші жартысындағы америкалық драматур­гияның дамуына Артур Миллер мен Теннесси Уильямс, Эдвард Олбидің шығармалары өз әсерін тигізеді. Олардың әрқайсысы драматизмді өзінше күшейтіп, қарапайым америкалықтардың өмірінде кездесетін қиыншылықтарды өзінше шешуге тырысады. Артур Миллердің (1915) бағдар­ламалық мақаласы­ның «Трагедия және қарапайым адам» аталуы да кездейсоқ емес болатын. Жазушылардың назарында адам тағдырын тоқырауға ұшыратқан америкалық арман тақы­рыбы болады.

Артур Миллердің шығармашылығында бұл тақырып оның «Жолы болған адам» (1944) атты пьесасы мен «Менің барлық балаларым» (1947) атты драмасында, драматургке үлкен табыс әкелген «Коммивояжердің өлімі» (1949) атты ең атақты пьесасында да сөз болады. Өмір мұраты мен құрғақ қиял мәселесі Миллерің кейінгі шығармашылығында да орын алады («Америка сағаты», 1980). Жазушының әлеуметтік-саяси тақырыптағы шығармаларына макартизм, саяси қудалау мен «суық соғыс» жағдайларында жазылған «Ауыр сынақ» (1953), «Көпірден көрінетін көрініс» (1985) атты пьесаларын жатқызуға болады.  Миллер өзінің трагедия туралы түсінігін «Коммивояжердің өлімі» атты пьесасы жарық көрген жылы жазған. Қатардағы америкалықтың отбасы­лық өмірінен көріністер, фирмасының агенті коммивояжер Вилли Ломеннің тағдыры мен оның ұлдарының хикаялары – бұл америкалық трагедияның бір нұсқасы. Вилли Ломен өзін осындай аптқа алып келген жағдайдың себебі мен түсінігін өткеннен іздейді. Пьеса құрылымының ерекшелігі ретінде кейіпкердің осы шақтағы көріністеріне өткен шақтан эпизодтардың енуін айтуға болады.  Миллердің пьесалары шыншыл. Ол өз шығармашылығына «Адбстрактылы реализм» деген сипаттама береді.

Томас Ланир Уильямс (1911-1983) Американың оңтүстігіндегі Миссисипи штатында дүниеге келген. Оның әкесі аяқ-киім сататын фирмада жұмыс істеген, анасы пірәдәрдің қызы бол­ған. Отбасында әкесі мен бала арасындағы қарым-қатынас жанжалға толы болады. Сол се­беп­ті ол 14 жасында ата-анасымен қатынасын үзіп, үйінен кетіп қалады, күн көру мақса­тын­да түрлі қызметтерді атқарады. Уильямс жастық шағынан бастап әдебиетке үлкен қызығушылық танытады. 1938 жылы университеттің өнер факультетін бітіріп, өзінің қабілетін драматург әрі сценарист ретінде сынап көріп, пьеса мен фильмдерге рецензия мен мақалалар жаза бастайды. 1944 жылы Нью-Йорк сахнасында қойылған «Шыны аң көрмесі» (1943) атты пьесасы үлкен жетістікке жетіп, «Арман трамвайы» (1947) атты пьесасы жазушыға үлкен табыс пен даңқ әкелді. Кейін аталған пьесасы мен «сынық шатырдағы мысық» (1955) атты еңбегі үшін Пулитцеровтық сыйлыққа ие болады.

Бұл шығармалардан Теннесси Уильямс драматургиясының ерекшелігін байқауға болады. Уильямстің «Шыны аң көрмесі» мен «Арман трамвайы» пьесасындағы Лаура мен Бланш секілді «Өрнектелген раушан гүлі» (1950), «Игуана түні» (1961) атты шығарма­ларындағы кейіпкерлер өздерінің рухани құндылықтарын сақтап қалу үшін қатыгездікті жеңу тиіс еді.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.