Ағылшын және Испан әдебиеті

Главная » Рефераттар » Ағылшын және Испан әдебиеті

ХІY ғасырдың соңына қарай Англияның қоғамдық және мәдени өмірінде озық бетбұрыстар пайда болғанымен, олар ұзақ уақыт қалыптасады. ХІY ғ. соңындағы көне және жаңа салт-дәстүр­лер арасындағы күрес қоғамдық күрестің шиеленісуімен тығыз байланысты болады. Бұл жағдайларға, Уот Тайлердің көтерілісіне Джон Гауэрдың (1330-1408) латын тілінде жазылған «Айқын дауыс» атты поэмасы тікелей үндеу болған. Джон Гауэр ауқатты жер иеленушілердің отбасынан шыққан білімді, дана ақындардың бірі. Оның көлемді әрі атақты бұл поэмасы ақынның классикалық поэзиядағы салт-дәстүрлер туралы білімі мен сол замандағы көпте­ген маңызды мәселелердің куәсі ретінде жазылған шығарма.

Гауэр өз шығармаларында дәстүрлі формалар мен аллегорияны кеңінен қолданады, ондағы жануарлар мен құстар әлемі арқылы айналада болып жатқан түрлі қоғамдық құбылыстарды сипаттайды. Мысалы, оның шығармасындағы «кенттік қабан» көтеріліске шық­қан шаруаларды білдерсе, ондағы мылжың сауысқан Уот Тайлердің өзі. Шығармадағы аллегориялық мысалдар «Түлкі туралы роман­ды» еске түсіргенімен, онда сол кездегі ағылшын қоғамдық өмірін­дегі дағдарыс жағдайы суреттеледі.

Уильям Ленглендтің (ш. 1330-1400) ортағасырлық дәстүрлер негізінде жазылған «Уильямның Петр Пахар туралы түсі» атты поэмасы көтеріліске дейін жарық көріп, елдегі жаппай толқулар кезінде халық арасында кең тараған. Гауэр сияқты Ленгленд те өз шығармаларында аллегориялар мен кейінгі орта ғасырға тән басқа да поэзиялық тәсілдерді қолданады. Поэманың авторы Мальверн төбесінде ұйқыға батып, түс көреді. Осылайша, бір мезгілде ол қоғамда орын алған жағдайлардың бәрін анық көріп, шаруалардың қиын жағдайын дәл суреттейді.

.

Джефри Чосер (1340-1400) – ІІІ Эдуард патшаның ұлына қызмет екен, жүзжылдық соғысқа қатысушылардың бірі. Ол француздардың қолына тұтқынға түскен кезде, куртуаз­дық лирика­мен танысып, сол арқылы сусындайды. Ол бірнеше жыл бойы ақсүйектер мен оның айнала­сындағылар үшін өлеңдер жазған. Чосер лондондық диалектіге сүйене отырып, жаңадан қалыптасып келе жатқан ағылшын әдеби тілінің негізін салушы болған.

Чосер Италияның өмірімен және ондағы өнермен танысқаннан кейін, ағылшын халқы­ның италия әдебиеті арқылы сусындауына себеп болады. Ол Данте, Петрарка мен Боккаччо­ның шығармаларын аударып, олар­дың тәжірибесін өз шығармашы­лығында тиімді қолдана­ды. Чосер өзінің «Герцо­гиня кітабынан» кейін парламенттің қызметін әшкерелейтін «Даңқ үйі» мен «Құстар парламенті» атты сатиралық поэмаларын жарыққа шығарады. Чосер өзінің Лондондағы кедендік қызметі арқылы астананың қоғамдық өмірімен терең танысып, «Кен­тер­бериялық әңгімелер» атты шығармасына арқау болған көптеген әлеуметтік жағдайларға куә болады. Жазушының «Кентербериялық әңгімелер» жинағы ХІІІ-ХIY ғ. әдебиет сахна­сында пайда болады. Оқиға Кентербериге баратын жолда орналасқан тавернада[1] өтеді. Онда ағылшын қоғамындағы барлық тап өкілдері, феодал­дар­дан бастап, қолөнершілер мен шаруа­лардың бейнесі де сомдал­ған. Шығармада бас-аяғы 29 кейіпкер кездеседі, олардың киім кию үлгісі де, өзін-өзі ұстауы мен сөйлеу мәнері де, әдеттері мен мінез­дері де түрліше. Чосер өз шығармасында адамның күрделі бейнесін жан-жақты, асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының сатирадағы таланты монах пен оның рухани әлемі суреттелген тұста айқын кө­рі­неді. «Кентербериялық әңгімелердің» негізгі ерекшелігі сатқын­дық пен алдау, білімсіздік пен ақымақтық сияқты түрлі кемшіліктерді суреттеу болып табылады. Ақын өз шығарма­шылығында ортағасырлық әдебиеттің антиклерикалық бағыттарын әрі қарай дамыта отырып, оны жаңа сатыға көтереді.

Томас Мэлори (1417-1471) — сол замандағы аса дарынды, әрі атақты тұлға­лардың бірі. Ол кедейленген, алайда, атақ-даңқы мол, білімді әулеттен шығады. Мэлоридің «Артурдың өлімі» атты шығармасы оның ең танымал, кең көлемді туындыларының бірі болып табы­лады. Бұл романда британ ұлы әміршісінің ықпалымен елден үлкен әскердің жиналуы мен өзде­рінің қатарына рыцарьлық талаптарға сай келетіндерді ғана топтастырған ұлы дөңгелек үстел бауырласты­ғының пайда болуы жайында баяндалады. Мэлори өзінің романын жазу үшін кейбір материалды «француз тіліндегі кітаптардан» алады. Гальфред Монмут­ский­дің туындысындағыдай бұл шығармада король Артур Еуропаның билеушісі болады, бірақ онда белгілі бір себептермен рыцарьлық қиял жойылған.

Бұл шығарманың ХІІ-ХІІІ ғ. рыцарьлық романдардан айырма­шы­лығы, ең алдымен, шы­ғарманың өлең түрінде емес, проза түрін­де жазылуы болып табылады. Онда рыцарьлардың әлемі белгілі бір қашықтықтан көрсетіледі. Бұл қашықтық арқылы Мэлори дөңгелек үстелдің тарихта болғанын, бірақ оның қайтып келмеске кеткенін оқырманға түсіндірмекші болады.

Томас Мор — Қайта өркендеу дәуіріндегі ұлы ағылшын ойшылдарының бірі (1478-1535). Ол — бүкіл өмірін әдебиетке арнаған тұлға. Мор жас кезінде өлеңдер жазып, кейінірек түрлі комедиялар құра бастайды. 1510 ж. Мордың ең атақты шығармаларының бірі көпші­лікке танымал «Утопия»[2] атты туындысы жарыққа шығады.

Т. Мордың идеалды мемлекет пен қоғам туралы пікірлері әлжуаз­дығына, қиялдан шыға­рыл­ғанына қарамастан кейінгі социа­листік ілімдердің қалыпта­суына әсер етеді. Оның «Уто­пия» шығар­масы баға жетпес туындылардың бірі, мұнда оқиға барысы нақты, ақиқат пен шын­дыққа сүйеніп жазылған. Шығармада сол жердегі халықтың мінез-құлқы, армандары мен қиялға толы тұрмыс-тіршілігі сипатталады.

ХYІ ғ. екінші жартысындағы ағылшын мәдениеті шексіз билікті одан әрі нығайту мақсатында, феодалдық католиктік Еуропа мен оның қарсыласта­рының арасында болып жатқан күрестер кезінде дамиды. 1558 ж. Англия мен Испанияның арасын­да болған ұзақ қырғи-қабақ соғыстың нәтижесінде испан әскері жеңіліс тауып, Англия үлкен күшке ие болады. Бірақ елдегі шаруалар көтерілісі толастамайды. 1590-1600 ж. аралығында қаладағы қолөнершілер мен шаруалар бастаған көтерелістің ошағы одан әрі өрши түседі. Дәл осы уақытта зайырлы мәдениет те биік деңгейге көтеріледі. Гуманист-ғалымдардың қатары саусақпен санарлықтай болғанымен, гуманистік ойлау жүйесі осы дәуірдің үлкен жетістігі болып қала бермек.

Поэзия. Қайта өрлеу дәуіріндегі ағылшын әдебиетінің өзіндік дамуы еліктеуден бәсе­келестікке көшу барысында орын алып, сол дәуір адамдары бұл құбылысты жоғары бағалай бастайды. Ертедегі ағылшын поэзиясында Чосер сияқты ұлы ақындардың шығарма­шылы­ғынан қалған баға жетпес асыл мұралары болға­ны­мен, шамамен 150 жыл бойы ағылшын әдебиеті тоқырау кезеңін бастан кешіріп, ғасырлар бойы сақаталып қалған поэзия құндылық­та­рынан да айырыла бастаған еді. Чосер ағылшын, италия және француз поэзияларының қағидаларын шебер үйлесімділік арқылы біріктіріп, ағылшын поэзиясында «корольдік» деп аталып кеткен жаңа ұйқас енгізеді. Осылайша, ХYІ ғ. ортасында өмір сүрген ақын­дардың басты мақсаты ағылшын өлең өлшемін жоғары дең­гейге көтеру болған.

Томас Уайт (1503-1543) пен Генри Серрей (1517-1547) және олардың ізбасарлары француз саңлақтар тобына тең келетін поэти­калық мектеп ұйымдастыр­ған. 1557 ж. осы ақын­дардың өлеңі жинақ­­талған, дәстүрлі түрде құрастырушының есіміне байланысты Тот­тел­дік деп аталатын бұл жинақ Қайта өрлеу дәуіріндегі ағылшын поэзиясының алғашқы ескерткіші болады.

Терцин, катрин, рондели мен сонет сияқты жаңа еуропалық өлең өлшемдері ағылшын поэзиясының негізінде қалыптаса бастай­ды. Тек өлең құрылысы ғана емес, сонымен қатар поэтикалық ойлау жүйесі де жаңа дәуірдің талаптарына байланысты өзгеріске ұшырап, азаматтық рух әрбір адамның жүрегінде орын алады. Петрарка жырлаған Лаураның өшпес бейнесін үлгі ете отырып, ағылшын ақындары да жүректерінде сезім отын жаққан өз ғашық­тары туралы, жер бетіндегі құдіретті махаббат сезімі сияқты тақы­рып­тарды өз шығармашы­лық­тарына арқау етеді. Олардың өлеңде­рінде белгіленген дәстүрлі шектер бұзылып, сағы­ныш сезімдер мен ынтызарлық жалпы халықтың қайғы-қасіретімен, ал махаббаттан туын­даған тәтті, пәк сезімдер елжандылықпен ұштасып жатады.

Келесі тарихи кезең Қайта өрлеу дәуіріндегі ағылшын әдебие­тінің гүлдену кезімен тығыз байланысты болып, осы кезде заман­дастары «ақындардың ақыны» деп атап кеткен Эдмунд Спенсердің (ш. 1552-1599) шығарма­шылығы үлкен табыстар мен зор жетістікке жетеді. Лондондық қарапайым тігіншінің отбасында дүниеге келген ол өзінің ана сүтімен дарыған табиғи таланты мен дарыны арқылы биік шыңдарға да жетеді. Ол өзінің замандаста­рына қарағанда әуел бастан «жаңа тұлға» еді.

Филипп Сидней (1554-1586) білімді гуманист, мемлекет қызметкері, жауынгер, сол дәуірдегі ұлы тұлға болған. Оның ақын және теоретик ретінде жазған еңбектері ағылшын әдебиетінің да­муы­на айтарлықтай әсер еткен. Ол ағылшын поэзиясының алғашқы теоретигі болған. Оның 1580 ж. жазылып, ақынның өлімінен кейін 1595 ж. жарық көрген «Поэзияны қорғау» атты еңбегі тек поэзияда ғана емес, сонымен қатар жалпы әдебиет сала­сын­да да ең құнды шығарма болып есептелінеді. Сидней халық дәстүрлері мен жоғарғы шеберліктің қағидаларына сүйене отырып, жаңа дәуірге тән поэзияны жан-жақты қарастырады. Ол ақын ретінде «Аркадия» романы (1590) мен «Атро­фель мен Стелла» (1591) жинағының құрамына кірген сонеттер мен махаб­бат өлеңдерінің жаңа үлгілерін жазады. Оның бұл шығарма­ла­ры ағылшын әдебиеті тарихындағы жаңа кезеңнің басталуына негіз болған. Спенсер өмір сүрген ХYІ ғ. 80-90 жылдары Англияда сапасы мен саны жағынан поэтикалық төңкерістер толқыны болады. Англия поэзиясы шарықтау шегіне жетеді.

Лирикалық ақындардың қатарына Шекспир де жатады. Шекспир сонеттері өз заманын­дағы жаңа батыл қадам, әлем лирикасының биік шыңы болған. Шыншыл әрі психолог болған Шекспир өз замынын баса озып, әлем әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан. Шекспир көптеген сонеттер жазған. Сонет (сың­ғырлау, сылдырлау деген италия сөзінен шыққан) – әр шумағы 14 тармақтан құрылатын өлең түрі. Тармақтар екі рет төрт-төрттен, одан соң екі рет үш-үштен топтасады. Оның 154 сонеттен тұратын жинағы сақ­талған. Бұл жинақ ақынның ал­ғашқы, оның көзі тірі кезінде жарық көрген жинағы болып табылады. Кітапқа кірген 126 со­нет ақынның досына, ал 128 қарашашты сұлуға арналған. Зерттеушілердің ойынша, Шекспир­­дің досы ретінде шығатын бейне – граф Саутгемптон, ал қарашашты сұлудың кім екені белгісіз, оның аты тарихта сақталмаған. Сонеттерді бірнеше циклға бөлуге болады. Олардың тақырыптары – достық, сүйіспеншілік, қызғаныш, тағдыр туралы толғау. Сонетте­рінде ақын достықты, сұлулықты, махаб­батты мадақтап, бақытсыз махаббат пен әлеуметтік, философиялық мәселелерді сөз етеді. Оның сонеттері өзінің философиялық тереңдігі жағынан «Гамлет», «Ромео мен Джульетта», «Дауыл» пьесаларынан кем түспейді.

Сонеттер — Шекспирдің артында қалған жалғыз ғана лирика­лық мұрасы. Өзінің драмаларында өз кейіпкерлерімен бірге, біте қайнап кеткенімен, бірде-бір пьесасында өзі туралы ашып ешнәрсе айтылмаған. Ал сонеттерінде өзі, өзінің көңіл күйі, ішкі жандү­ние­сі, қуаныш-реніштері туралы айтып ағынан жарылады. Шекспир өмірін зерттеушілердің де оның сонеттеріне көбірек үңілетіні осыған байланысты.

Қала мәдениетінің гүлденуіне байланысты негізі ертеден бастау алатын түрлі театр­лан­ған ойындар мен көріністер дами бастайды. Қала өміріндегі маңызды тарихи оқиғаларға байланысты ұйымдастырылған ойындар халық арасында кең тарай бастайды. ХІY-ХY ғ. ерте ортағасырлық діни жанр миракль (латын тілінен miraculum — таңғажайып) жанрының әлсіреп, мистериялар дами түсіп, кейін бұл жанрлардың орнына моралите (танымдық драмалық көрініс) келе бастайды. Мистерия, әдетте бірнеше күнге жалғасып, жүздеген орындау­шы­ларды қамтыған.

ХYІ ғ. екінші жартысында, дәлірек айтқанда, 1570 жылдан Англияда театр мен драма­тур­гия­ның қарқынды даму кезеңі болады. «Гамлетте» көрсетілгендей ағылшын театры бастапқы кезде кезбе әртістер тобы арқылы қалыптасқан. Қойылымдарда кәсіпқой әртіс­терден басқа өнер ұйымдары мен университет студенттері де белгі­лі бір рөлдерде ойнаған. Театр жоғары тап өкілдерінің арасында да үлкен беделге ие болады. Италия князьдарының өзін-өзі ұстау мәнері мен олардың сарайдағы көңіл көте­рер ойын-сауықтарын толық қабылдаған ағылшын сарайында үлкен шебер­лік пен кәсіпқой әртістерді талап ететін кең көлемді маскарад-қойылымдар жиі орындалған. Осын­дай қойылымдардың әсерін күшейте түсу үшін мәтіндер қажет бола бастайды. 1561 ж. жас ғалымдар Томас Нортон мен Томас Сек­вил көпшіліктің алдына «Горбодук» трагедиясын қояды. Бұл трагедия ежелгі дәстүрлер мен кельттіктерден мұра болған британдық эпикалық материалдардың қосындысынан пайда болған.

ХYІ ғ. 70 жылдары ағылшын театры қарқынды дамып, қалалық жерлерде орныға бас­тайды. Лондонда кезбе әртістер топтары тұрақтаған түрлі театр ғимараттары пайда бола­ды. Сол кезде Лондонда үш түрлі театр болған: жалпыға ортақ, жеке және сарай маңындағы театр. Ағылшын театрының даму жолында да көптеген кедер­гі­лер кездеседі. Себебі театр буржуазия мен монархия­ның қақтығысу алаңы болып, сонымен қатар театрды жоғарыдан басқарып отырған король билігі де түрлі сылтауларды желеу етіп, пьесаларды қоюға рұқсат бермей, тіпті театрлардың жұмысын тоқтатып та отырған. Ағылшын театры мен драма­тур­гиясының дамуында Томас Кидтің (ш. 1558-1594) 1587-1600 жыл­дарға дейін Лондон сахна­сы­нан түспеген «Испан трагедия­сының» алатын орны зор.

Театр мен драматургияның зор қарқынмен дамуы Шекспир секілді аса дарынды, біртуар азаматтың сахна төрінде пайда болуына ықпал жасайды. ХYІ-ХYІІ ғ. Шекспир шығарма­шы­лы­ғы қалыптасады. Шекспир — қарапайым халық арасынан шыққан дарынды тұлға, орта деңгейлі мектепті бітірсе де, өз қаламынан туған туындылары мен асқан шеберлігінің, бойын­дағы талантының арқасында халықтың біртуар азаматы болған. Шекспирдің асқан дарын­дылығы оның алғашқы еңбектерінен-ақ белгілі болады. Шекспир шығармашылық ор­та­дан өзіне демеу тауып, аз уақыттың ішінде драматургия саласында биік тұлға ретінде танылып, театрдың королі атанады.

Ағылшынның әлемге аты әйгілі драматургы әрі ақыны Уильям Шекспир 1564 ж. 23 сәуірде Эйвон өзенінің бойындағы Стратфорд деген кішкентай қалада дүниеге келген. Оның әкесі айтарлықтай ауқатты қала тұрғыны еді (саудагер болған, қала мэрі болып та сайланған). Уильям Джон Шекспирдің үшінші баласы еді, одан басқа тағы жеті баласы болған. 7 жасында Уильям ең жақсы деп есептелетін Стратфорд грамматикалық мектебінде 1671-1678 жылдары білім алып, латын және көне грек тілдерін терең меңгереді. Әкесінің кедейленуіне байланысты мектепті бітіре алмай, 16-ға толар-толмас жасында жұмыс істеуге мәжбүр бо­лады (ет сатушының шәкірті, ауылдық мектепте репетитор т.б.). 18 жасында Уильям өзінен 8 жас үлкен Анна Хесуэй деген шаруаның қызына үйленеді.

1585-1612 ж. Лондонда әуелі театрға келушілердің атын бағушы, соңынан әртіс, режиссер, драматург болады. Лондонға келген алғашқы күндерінен-ақ Шекспир студент­термен тығыз байланыс орнатады. Оның пьсалары алғаш рет студент-жастардың күшімен қойылып, сол кезден бастап Уильям Шекспирдің барлық өмірі театрмен байланысты болады. 1590 ж. Лондондағы «Глобус» театрының актері болады. Оның драматургтық қызметі осы жыл­дан басталады. 1590-1600 ж. аралығындағы пьесалары оптимис­тік сарында болып ке­леді.

Өзінің «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» және басқа траге­дия­ларында Шекспир қайырымдылық пен әділеттілік туралы ізгі, батыл адамдар арман­дарының жүзеге аспайтындығын көрсеткен. Ол күшті, ер жүрек кейіпкерлерді, олардың жо­ғары сезімдерін – сүйіспеншілік пен дос­тықты, адалдық пен ерлікті мадақтайды. Шекс­пир­дің кейіпкерлері тағдырдың әлсіз құрбандары емес, олар қиналады және күреседі, бірақ дүниені өзгер­туге қабілеті жетпейді.

Жалпы алғанда, Шекспирдің шығармашылығын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңге «Ромео мен Джульет­та», «Юлий Цезарь» (1590-1599) секілді алғаш­қы туындыларын жатқызамыз; екінші кезеңге «Гамлет», «Тимон Афинский» (1600-1608) сияқты туындылары, яғни, трагедия­лары жатады. Соңғы кезеңге «Боран», «Генрих YІІІ» (1609-1613) жатады. Шекспирдің барлық трагедияларының ішіндегі ең күрделісі – «Гамлет». Әлем әде­биетінде ешбір шығарма мұндай әр алуан пікір туғызған емес. Көптеген ғасырлар бойы Гамлет образы түрлі пікірлер туғы­зады. Ол әдебиетте әлі адамдарды толғандыратын образдар­дың бірі болып қала бермек. Шекспир 1616 жылы дүниеден өтеді, алайда артынан өшпес мұра қалдырады. Қазіргі таңда Шекспир шығармашылығы әлем әдебиетінің баға жетпес мұрасы болып қала бермек.

.

.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.