Абылай хан туралы жазба деректер

Главная » Рефераттар » Абылай хан туралы жазба деректер

Атасы Абылай, одан Уәли (Шежіреде «Көркем Уәли » атанған делінеді). Жас кезінде жетім қалып,  нағашысы   Қайып ханның ордасында, немере, шөбере туыс ағалары ағалары  Сәмеке ханның, Болат хан мен Әбілмәмбет сұлтанның ордасында өскен. Хандар әулеті, ақсүйек дәстүрінде тәрбиеленген, білім алған, соғыс өнеріне ерте машықтанған. Аңыз-әпсаналарда айтылатын «Сабалақ» лақабы оған қайратты, ержүрек, амал-айлалы батырлығы үшін қарсыластары тарапынан берілген. «Сабалах», яғни моңғол тілінде, сабаушы, жауынгер, батыр [Монгол-казах толь, Өлгий-1984,403-бет] дегенді білдіреді. Киімі  жыртық, көрбала, қолбала болғаны үшін емес.

Ал, жетім қалып, «Ораз есімді аталықтың тәрбиесінде болуы» жөнінде аңыздай таралған әңгімелер — Аралдың  Мұса ханы 1712 жылы қаза болғанда оның Сәтемір деген ұлын Оразалы деген аталық (ханның құлы) жасырып, аман сақтап қалыпты» деген дерекке [«История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков», ІІІ том. Алматы 2005, С. 104.] ұқсас, ауыз әдебиетіндегі ежелгі ұйқастыра дәріптеу, айтулы тұлғалар төңірегіндегі мифтік әсірелеудің тағы бір мысалы. «Әбілмансұр» деген есім Абылайға қатысты жазба деректерде кездеспейді, бұл да аңыздарға кейін қосылған – арабша «Жеңімпаз» дегенді білдіретін лақап. Шын мәнінде толық аты-жөні — «Абылай-Мұхаммед Баһадүр сұлтан».

Кіші жүз бен Орта жүздің Ресейге бодандық шартына қол қойғаннан кейін, жаңа геосаяси жағдайда, солтүстік және шығыс шегараларды бекіту мәселесі тұрды. Тәуке хан тұсында билікті бір орталыққа шоғырландыру жөніндегі бастаманы тиянақтаған Сәмеке хан. 173З жылы Сәмеке хан қазақ даласын билеудің жаңа тәртібін енгізіп, әкімшілік-аймақтық бөліктерге бөліп, оларға сұлтандар тағайындап,  тайпа-руларды белгілеп берген [2,347-348,352,353,356]. Мысалы, Абылай сұлтанға солтүстіктегі уақ-керей, атығай, қарауыл; Құдайменде сұлтанға қыпшақ; Әбілмәмбет сұлтанға қуандық, керей; Барақ сұлтанға шығыстағы найман; Абылайдың немере ағасы Сұлтанмұхаммет сұлтанға Ертістің Жәміш, Железин бекіністеріне қарсы аймақтарды… басқартқан. Абылай 1733 жылы Көкшетау өңірін басқаруға тағайындалып [ 2,353], немере ағасы Сұлтанмұхаммет (ауызекі Сұлтанбет, Сұлтанбек, орысша Солтанмамет аталған) екеуі отбасымен, нөкерлерімен  келіп, билік қызметіне кіріскен. Түркістаннан қоныс аударғанда, қасында, әдеттегідей, аталығы, ақылшы-күтушісі болуы заңды.

Ел аузында «Абылай 20 жасында… танылып, билікке ие болыпты» деген жорамалдың шығу тегіне үңілсек те, осы 1732-33 жылдар екеніне негіз бар. Сақталған құжатта 1731 жылдың қысында «Сәмеке хан жоңғар қоңтайшысына  соғыспен бару үшін 6 мың қол жинап отырғаны, оны Барақ сұлтан мен Әбілмәмбет сұлтан және Жәнібек батыр  қолдайтыны» айтылған. [1,91]. Жоңғарлар мен қазақтардың арасында, атап айтқанда, «…1732 жылдың 16 тамызда  қазақтар қалмақтармен соғысып жатыр,…қалмақ қолының саны 7 мыңнан асады. Олар 20-дан аса киіз үй мен біраз жылқы-қой әкетіпті». Тағы бір хабарда, «қоңтайшы қалмақтары 200 түндікті шауып, 6 мыңнан аса жылқы мен 10 мың қой әкетіпті» [1,101] деген деректер бар.

1737 жылы шілде айында Қазыбек би бастаған  Хан кеңесінде Кіші жүз бен Орта жүздің шегарасында, екі жүздің бірігу құрылтайына қатысып, Әбілқайырды ортақ хан сайлағанда 25 жасар «Абылай-Мұхаммет сұлтан баһадүр» атымен хаттамаға түскен [1,154]. Сол жылы Абылай  сұлтанды башқұрттар хандыққа шақырды, бірақ, бұл шақыру Ресейдің ішкі шаруасына араласу болып табылатындықтан, жас сұлтан хандықтан бас тартты.

Абылай 1740 жылғы 28 тамызда Әбілмәмбет ханмен бірге Ор бекінісінде Ресей патшасы деңгейдегі келіссөзге қатысып, рәсім үстінде Орынбор комиссиясының  бастығы В. Урусовпен тең дәрежелі әріптес ретінде қазақ қоғамының маңызды мәселелерін шешіп, екі жақты қауіпсіздікке кепілдік алды.  Осы келіссөздің барысында Абылай өзін ханнан кейінгі екінші ресми тұлға ретінде ұстап, ішкі мәдениеті бай, ой-пікірін айқын және батыл жеткізе білетін, дипломатияның қалтарыс-бұлтарыстарын сергек танитын, әбден пісіп-жетілген мәмлегер тұлға ретінде Ресейдің шенді әкімдерін таң қалдырған. Ресми әңгіме, пікір алысу үстінде  партнердің аңысын аңдып, дер кезінде ескертпе жасап, қажет десе жауап беруден тартынбаған жас Абылайды олар келешекте бірден-бір әріптес ретінде мойындағаны сол жерде қағазға түскен [1, 180-206]. Осы кездесудің қорытындысы бойынша патша сарайына 1740 жылғы 8 қыркүйекте жазған хатында генерал Урусов қазақтардың келіссөз мәдениетінің мұнша жоғары болатынына өзінің таңданысын жасыра алмаған. Әсіресе, Абылай сұлтан көрген-білгені көп, ысылған мәмлегер ретінде танылған. «…Сыртқы істер алқасынан маған биылғы 30 мамырда, Орта жүздің билеушілері Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанға тапсыру үшін грамота жіберілген еді. Грамотада олар ел ағалары (старшины.-З.Т.) деп аталыпты. Ал, ежелгі хан тұқымынан шыққан Әбілмәмбет пен Абылай дәстүр бойынша сұлтан деп аталатын көрінеді. Мына Әбілмәмбет бұл күнде халықтың сайлауымен Орта жүздің шын мәніндегі ханы болып отыр… Хан мен сұлтанға грамоталарды тапсырарда «ел ағалары» деген жазуды «сұлтан» деп түзеттім. Және Әбілмәмбет ханға: «мен С.-Петербургтен шыққанда сіздің хан екеніңізді білген жоқ едім», деп түсіндірдім… [1,206].

1741 жылғы қаңтар-наурыз мезгілінде кезекті бір қазақ-ойрат соғысында Жоңғар ханы «Қалдын Серен әулетінің бір жақын ағайынын» [1,207] мерт қылған Абылай сұлтан, Шідерті өзені бойында екі жүздей шағын қолмен жоңғар әскерінің қоршауында қалып, қолға түскен [1,214,216]. Ресей тарабы  1740 жылы тамыз-қыркүйек айларында қол қойылған екі жақты ынтымақ, сыртқы жаудан бірлесе қорғану жөніндегі одақтастық шартын сақтамай, бір жылға-жетпес мерзімде жоңғар шабуылына ұшыраған Орта жүзге қарулы көмек бермеді, тұтқынға түскен Абылай сұлтанды [1,214,216] босатып алу жөнінде Қалдын Серенмен арадағы ежелгі дипломатиялық байланыстың пәрменін пайдаланбады.

Әбілқайыр хан мен Әбілмәмбет хандарға қоқан-лоққы жасап, қысым көрсеткен жоңғар ханының үзілді-кесілді талаптары мәлім болған соң, қазақ жерлерінен айырылып қалу қаупі төнген кезде ғана, Ресей үкіметі 1742 жылы 2 қыркүйекте Қалдын Серенге елшілік жіберді, басқа мәселелер қатарында Абылайды тұтқыннан босатуды сұрады [1,244-256]. Алайда, Абылай сұлтанды босатып, сый-сияпатпен қайтару туралы Қалдын Серен Ресей делегациясы келместен бұрын-ақ, Абылайдың өтеуіне жоңғар жағына аманат барып, мәселе шешіліп қойған болатын [1,228,242,261,263,270,294].  Осыдан былай, Абылай Ресей жағының адалдығына күмәнмен қарап, өз өмірі үшін сақтық жасады, дипломатиялық байланыстардың хабарласу, елшілік алмасу тәсілдеріне көшті. 1740 жылғы келіссөзден кейін, өле-өлгенше, яғни 40 жыл бойы Ресейдің бірде-бір қаласына ат ізін салған жоқ, патшалардың, биік шенді әскербасылардың шақыруына барған жоқ және өзінің осындай қызмет тәртібіне Ресейлік әріптестерін еріксіз көндірді.

1743 ж. көктеміне дейін, яғни екі жыл бір ай Қалдын Сереннің қолында, [1,303] күзет астында, бірақ, бас еркі өзінде, жақсы күтіммен [1,232] өткен тұтқындық кезеңінде  Абылай жоңғар хандығының әскери жүйеге негізделіп, бір орталықтан, қатаң тәртіппен басқарылған мемлекеттік құрылымын, қорғаныс және ішкі экономикалық жүйесін мұқият зерттеген, ойрат тілін үйренген. Қалдын Серенге өзінің жеке басының озық азаматтық қасиеттерін мойындатып, тұтқыннан құрметпен босап,  мол сый және қалыңдық алып оралған [1,303,318,319,323-328]. Абылай елге келген бетте Еділ қалмақтарының Аюке ханының тоқалы, Қалдын Сереннің қарындасы Дармабалаға жазған құпия хатында қазақ-жоңғар қатынастарының бұдан былай тату-көршілік арнасында дамитынына сендірген.

Орта жүздің сайламышты ханы Әбілмәмбет, өз заманы өтіп бара жатқанын мойындап, жаңа сипатты геосаяси жағдайда жауапкерлікті жігерлі де дарынды қолбасшы, інісі Абылай сұлтанға артқан. Тиісінше Абылай да, адамгершілік салтынан таймай, Әбілмәмбеттің ағалық, хандық абыройына дақ салмаған, тіпті Ресей тарапынан өзін хандыққа тағайындау туралы бірнеше ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып, өзінің ұстазы, әкесі ретінде сыйлайтын жанның көзі тірісінде мұндай арандатуға бармайтынын мәлімдеген. Әр жағдайда ханмен ақылдасып, келісіп отыратынын айтқанда, жатжұрттықтар еріксіз таң қалған. Мансапқор емес, дүниеге қызықпайтын, ұстанған принципіне берік Абылайдың мінез-құлқын айғақтайтын басқа да жазба деректер жеткілікті.

Абылайдың тұсында елді  басқарудың әкімшілік-аймақтық жүйесі жаңаша тәртіптелді. Беделді билер мен батырлар тиісті руларды басқарды. Олар өз қарауындағы ұлыстардың әлеуметтік-шаруашылық жағдайына, қорғаныс қамына толық  жауапты болды. Мысалы, қаракесектің 2000 отбасы Қазыбек бидің, алтай-арғынның 3000 отбасы Нияз батырдың,  қанжығалының 2000 отбасы Бөгембай батырдың, тарақтының 400-ге жуық отбасы Наймантай батырдың, атығайдың 1000 отбасы Жәпек батырдың, қарауылдың 2000 отбасы Итқара батырдың, тобықтының 1000 отбасы Қарпық бидің… билігінде болды [1-528,529].

Абылай, төтенше жағдайларға икемсіз  Хан кеңесінің құзырын ықшамдап, дәстүрлі билер институтының өкілетін тежеу арқылы мемлекеттік басқарудың тетіктерін тікелей өз қолына алды. Халықтың тұрмысын жақсартуды көршілерді тонау-талаудан емес, еларалық сауда қатынастарынан бастаған. Бұхара, Қоқан, Хиуа хандықтарымен, Жоңғар хандығымен айырбас сауданы жөнге қойды. Ұрлық-қарлыққа  қатаң тиым салды. Шетелдік сауда керуендерінің  аман келіп-қайтуын қатты бақылаған. Алғашқы жылдардың өзінде Абылай. Шұбаркөл бекінісінде, кейін Ор, Петр ағзам, Троицк, Семей, Кереку бекіністерінде, Қытайдың Үрімші өлкесінде айырбас сауда орындарын ашуға тікелей ынтагер болды. 1743-1752 ж.ж. Жоңғар хандығымен және Ресей үкіметімен үш жақты тиімді әрі тату көршілік  қарым-қатынаста болуға күш салған [1,308,310].

Абылай Ұлы жүз бен Кіші жүз хандарымен, сұлтандарымен, беделді ел ағаларымен үнемі ынтымақта болып, қажет уақытта күш біріктіріп, жалпыұлттық мүддені бірге қорғаған. Аймақтық, ру-тайпалық жіктелушілікке, алауыздыққа жол бермеген. Әбілқайыр ханның қазасы сияқты жалпықазақтық маңызы бар төтенше қайғылы оқиға кезінде де Абылай ерекше ұстамды әрі әділ саясат жүргізді.  Абылай үшін бұл қазаның аса ауыр болғанын, алайда, қандай бір оқыс қадамның бүкіл қазақ үшін қатер әкелуі мүмкін еді.  Жалпыұлттық биіктен танылған  Абылай,   өзінің қазақ халқы алдындағы зор жауапкерлік борышын саналы түрде түсінген. Ол «аталас туысым» [2,358] деп сыйлайтын Әбілқайырды хан, ағам әрі қайынатам деп емес, оның ұлдары Нұралыны құрбым  әрі әріптесім, Ералыны досым әрі балдызым деп емес, басты кінәгер Барақ сұлтанды бәсекелесім, бақталасым деп емес; біреуін оздырып, екіншісін тізгіндемей – бәрін де қазақтың бір-бір азаматы, ет-сүйектен жаралған, өмірде ілгерілі-кейінді орны бар, Алланың ұлы, Мұхамметтің үмбеті деп сабырмен қабылдады. Ералыны Барақтан қаһарынан сақтады [1,396], Бопай ханымға Жәнібек тарханды жіберіп, көңіл айтты, кеуделеп барып, сұғынбады. Ойлап қарасақ, бұл Абылайдың енжарлығы немесе «әліптің артын баққан» бейтараптығы емес, көрегендігі.  Қазақ халқының бүгінгі тұтастығының үлкен бір жоралғы сорабын Абылай өз кезінде осылай тартқан деп түсінген жөн сияқты. Орта жүз бен Кіші жүздің арасында кездейсоқ шағылған шақпақтың жалғыз ұшқынын Абылай қолдаса, аз қазақтан не қалар еді?

Басқа жүздердің билеушілері, атақты-абыройлы  би-батырлары туралы сыртынан Абылай айтыпты деген қаңқу сөз немесе жазба құжат кездеспеуі де осыны дәлелдейді. Әлбетте, оның төңірегіндегі би-батырлардың бәрі бірауызды болып, әйтпесе  қаһарынан қаймығып, Абылайдың қабағына қарап отырмаған. Мысалы, башқұрт, қырғыз, қарақалпақ мәселелерінде, Қытай, Ресей, Жоңғар, мұсылман әлемі бағыттарында бас батырлар мен еңселі билердің әрқилы пікірлері, тіпті қимыл-әрекеттері Абылаймен үйлесе бермеген. Осының әрқайсысын салмақтап, ертеңін болжай білген, ықпалды сұлтандар мен батырлардың, билердің пікірін бағалап, қолдап, бағыттап, өз ұстанымына қарай, сайып келгенде, қазақ мүддесіне  пайдаланған.

Сыртқы саясатта көрші мемлекеттердің бәрімен тең дәрежеде көптарапты бейбіт халықаралық қарым-қатынас ұстанған. Жартылай көшпелі тұрмыс жағдайында табиғаттың қатаң сындарынан қазақ халқын аман алып қалу үшін көрші Ресей, Қытай мемлекеттерімен мәмлеге келіп отырған. Бұл жолда жеке басының мүддесі мен намысын құрбан етуге дейін барған, бірақ Қазақ хандығының тәуелсіздігіне сызат түсірмеген. Ұлты қазақ азаматтардың әрбіреуінің тағдырына Абылайдың бей-жай қарамағаны, әрбір қандасының өмірі мен бостандығы үшін табанды  күресінің нақты мысалдары көп [1,269-272,304,338,340,355].

Абылай жоңғар ханы өлгеннен кейін, нояндардың тақ таласын Қазақ хандығының стратегиялық мүддесіне шебер пайдаланып, Ұлы жүз бен Кіші жүздің қарулы күштерін Орта жүз әскеріне қосып алып [1,544,546], Лама Доржы, Дауашы билеген жоңғар хандығының басқыншылық шабуылдарын батыл тойтарған [1,446-448,450]. 1752-1757 жылдары бірнеше қарымта жорық жасап, жоңғарлардың жаугершілік қуатын мейлінше әлсіреткен.

1756 жылдың жазында  «жоңғар нояны Әмірсананың соңына түстік» деген желеумен қазақ жеріне екі бағыттан, тұтқиыл басып кірген Қытай-манчжур әскерлеріне қарсы қорғаныс амалдарын алдын-ала ұйымдастырған [1,502,503,508,509]. Басқыншылар Ертісті ішке өткен бетте-ақ, Бөгембай, Қожаберген, Аралбай, Жауғаш батырлар бастаған қарсы ұрыс бастап, қатары қалың, қару-жарағы бекем жаумен екі ай бойы қаша соғыса отырып, Баянаула, Желтау, Арқалық-Едірей, Қу-Боқты, Қарқаралы-Кент сияқты өңшең таулы аймақта кескілескен айқас ұйымдастырды. Нәтижесінде, 1756 жылдың қарашасында, Қытай-манчжур жасақтарын көп шығынға ұшыратып, қуып шыққан [1,507,508,512]. Осы майданда өзі қатты жараланып, өлім аузынан қалды. Келесі 1757 жылы 14 маусымда қазақ жеріне қайта  кірген қытай жасақтарымен Абылай қолы Айдынсу тұсында  кездесіп, тағы бетін қайтарды [1,490]. Аса қуатты және қауіпті көршімен болған қақтығыстарды асқындырмай, олардың салдарын шебер реттеп, Цин империясымен бейбіт қатынас орнатты[1,494].

Абылайдың  ұстанған сыртқы саясаты және сол дәуірде Орта жүздің көрші мемлекеттерден тәуелсіз болғаны жөнінде А. И. Левшиннен бері қарай көптеген авторлар жазды. Басқаны былай қойғанда, Ресей генералы И. Крафт былай мойындаған: «Орта жүз орыс бодандығына Кіші жүзбен бір мезгілде мойынұсынды  дегенімен,  жырақта жатқан Орта жүзге орыс билігінің қолы жете бермеді, қазақтарға қойындап кіре алмады. Орта жүздің бас билеушісі Абылай сұлтан өзінің  шебер саясаты мен айла-амалының арқасында өле-өлгенше  мүлде тәуелсіз болып қала берді. Ол уақыт пен кеңістіктегі саяси ауанды аңдып, бірде Ресейге, бірде Қытайға, бірде Жоңғарға берілген сияқты болса да, шын мәнінде, ешқайсысына тізгін берген жоқ. Орайы келсе-ақ, үшеуін де тонап, өз халқы үшін пайда табуға ұмтылды… Абылай Жоңғар хандығын жоюда Қытайға көмектесті» [2,389].

Абылай сұлтан жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, ежелгі қазақ жерлерін қайтарып алуға күш салды. Осы мақсатта және баянды сауда қатынастарын орнату үшін 1757-1760 ж.ж. бастап, Цин сарайымен тікелей мәмлеге келген, стратегиялық әріптес ретінде Ресейден қол үзбей, оның өктем наразылығын еңсереріп, келешек үшін шығыс бағытта қазақ-қытай байланыстарын нығайтқан [2,372]. Қытай императоры Цянлунь Абылайдың жігерлі дербес саясатын мойындап, Қазақ хандығының іс жүзіндегі тәуелсіздігін таныды, тіпті «қазақтардың ішкі ісіне араласпайтынына жазбаша кепілдік беруге» [1,497] мәжбүр болған. Қытай мемлекетімен тұрақты сауда  орнатты, тарихта «жылқыға-жібек» айырбасы түрінде басталған екі жаққа да тиімді байланыс тікелей Абылайдың күш-жігерімен орныққан [1,518].

Абылай хан өмірінің соңына дейін  Ресей және Қытай мемлекеттерімен, Орталық Азия хандықтарымен теңгерімді әрі тұрақты, екіжаққа да тиімді, дипломатиялық және сауда қатынастарын нығайтып, Қазақстанның саяси және экономикалық тәуелсіздігін, мемлекеттік шегарасының беріктігін қамтамасыз еткен. 1759 жылы ақпанда немере інісі Жолбарыс сұлтан бастатып 12 кісіні Петербургке [2,48] және тағы бір туысы Орыс сұлтанды 14 кісімен Пекинге [2,49,52] аттандырды.

Ресей үкіметі Абылайдың «шектен тыс дербестігінен», әсіресе Қытаймен жақындасуынан сескеніп, оған 1759 жылы жылдық жалақы тағайындады [2,60], 1760 жылдан бастап жылына 200 пұт астық беріле бастады [2,125]. Қызылжар бекінісінен 250 шақырым жердегі, Қылшақты өзені бойында қыстау салып беруге көндіріп, қолынан қағаз жаздырып алды. Осылайша, біріншіден, өз халқы алдында Абылайдың абыройына шіркеу түсіруге (көрші елден бағалы сыйлық алған ретінде), екіншіден, қазақтың «сыйға – сый, сыраға –бал» салтымен, бауырға тарту ниетін көздеді. Алайда, мұндай «жол, жоралғы» Абылайды адалдық ниетінен тайдыра алмады.

Аңыздағы «Абылайдың ақ үйіне» барып тірелетін бұл әңгімені Сібір әскер шебінің бастығы генерал И. Веймарн 1761 жылы 22 қыркүйекте бастаған: «Қазақтарды тыныштандырып, ежелгі салтынан айыру, мінез-құлқын жұмсарту, олардың негізгі байлығы болып табылатын малын бірте-бірте азайту…» жоспары үкімет деңгейінде қолдау тапқан. [2,155-157]. Абылай сұлтанға Қылшақты өзені бойынан үй-жай салып беру мәселесі 1765 жылдың 1 мамырында қайта қозғалды. 13 мамыр күні Қызылжар (Петр ағзам) бекінісінен, барлығы 21 адам, оның 16-сы балташы, екі айға мөлшерлі ас-суымен, капрал Абдуловтың бастауымен, Абылай сұлтанға генерал-майор Девиц атынан жазылған хатты алып, 8 арбамен оңтүстікті бетке алып, аттанып кетті [2,221,222].  Зерттеуші Н. Г. Аполлова мұрағат құжаттарын негізге ала отырып, былай деп жазады: «Орта жүздің әлуетті сұлтаны Абылай 1765 жылы жартылай отырықшы шаруашылық бастады. Петропавл бекінісінің қарсысындағы жайлаулар соған қарайтын… Абылай Қылшақты өзенінен 7 шақырым жердегі қыстауында өзіне қысқы тұрғын-жай салып беруді сұраған. (ООММ, 1-қор, 1-тізбе, 133-іс, 10-10-сырт. пар.) Абылай үшін салынатын қысқы үйлер татарлардың «шұбалма пешімен» жылытылған.

Қосымша ретінде айтарымыз, аталған жаңа қоныстың орны Петропавл бекінісінен 250 шақырым жердегі Қылшақты өзеншесінің өткелінен өткен соң, 7 шақырым жерде. Сол жылдан бастап «Жаңа қыстау» аталған хан ордасы қазіргі Көкшетау қаласынан 35 шақырым жердегі «Кенесары ауылы» деген елді мекеннің оңтүстігіндегі шоқылардың арасына  салынған.

1771 жылы  Әбілмәмбет хан қайтыс болғаннан кейін, қазақтың үш жүзінің беделді өкілдері «марқұм ханның өз кіндігінен тараған ұлдарының мұрагерлік құқы бола тұрса да, өзге сұлтандардың ішінде ең таңдаулысы ретінде» (Шоқан), Түркістан қаласында Абылайды «үш алаштың» ханы етіп, бірауыздан сайлаған [2,357-359,361,365]. Бірақ, Абылай хан патша құзіретімен биік лауазымға бекіту рәсімін тілемеген және тәуелсіз елдің билеушісі ретінде Ресейге бодандық шартынан бас тартқан. Тек, арада 7 жыл өткен соң ғана Қазақ даласындағы өз ықпалын сақтап қалуды амалдап, Ресей патшалығы 1778 жылғы 4 мамырда А. «Орта жүздің ханы лауазымына бекіту туралы» құзырхат жіберуге мәжбүр болған[2,367-374,377]. Алайда, халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін бұл құжатты заңсыз деп таныған Абылай хан, Ресей императорының жарлығын мойындамаған, мансап куәлігінен бас тартқан, көрші мемлекет ұсынған сый-сияпатты, хандық жора-рәсімерді қабылдамаған [2,386,392]. Абылайдың бұл қылықтарын әр саққа жүгірткен Ресей генералдары мұндай «варвар, түз тағысын» тақтан тайдыру, тіпті ыңғайы келсе тұтқындап, көзін жоюдың амалдарын қарастырғаны туралы жазылған құжаттар баршылық [2,375-388].

Енді сол құжаттардан кейбір үзінділер берсек: «…Орта жүзді түгел қозғап, қарауындағыларды  Абылайға қарсы қою керек», [2-393]. «Өз қарауындағы елдерде ғана емес, қазақтың басқа да жерлерінде Ресейдің көптеген адамдарын тұтқында ұстап отыр. Қанша талап етсек те, қайтармайды» [2,384]. «Елінде және өз ауылында көптеген орыс адамдарын тұтқынға ұстап отыр, оларды қайтару туралы біздің талабымызды орындаған жоқ…орыстарға нешетүрлі жамандық жасаудан тайынбайды» [2,388], Орта жүз ішінде Абылайдың беделін түсіретіндей іс ойластырып, оған «бақталас» болатын мансапқор біреуді іздеп тауып, ондай адамды үкімет тарапынан қолпаштап отырған жөн [2,388].

«…Әзірше, Орта жүзде жағдай осындай болып тұрған кезде бұл жаққа орыстардың қатынауына тыйым салу қажет. Өйткені, бұл «жыртқыштан» қауіп күшті. Сондай-ақ, бүкіл шегара бойында қазақтардың шапқынынан сақтанып отыру қажет, ондай жағдай бола қалса, мейлінше бетін қайтарып, қуып, барымталап жіберу керек [2,388].

«Осынау бұзық ниетті Абылайға бәсекелес, одан қысым көріп наразы болып жүргендердің арасынан: Ресейге адал қызмет ететін  Әбілпейіз сұлтан, ағайынды Бекболат пен Кенжебай сияқтылардың арасы қазір қандай екенін білу үшін, нақты барлау жүргізу жөнінде Огарев мырзаға мынадай нұсқау берген едім: «Егер олар Абылайдың Ресей жөніндегі қылық-әрекеттерін жек көретін болса, Орта жүзді түгел қозғап,  қарауындағыларды Абылайға қарсы  қою керек.  Мұнымыздың орайы келсе, Абылайға қарсы шығушыларды патша ағзам тарапынан қолпаштап, шенін өсіреміз деп дәмелендірген жөн болар еді. Бұл ойымыз сәтімен жүзеге асуы үшін ондай адамдарға пара беріп, аузын алу керек. Генерал-майор Огарев өз тарапынан ханға біз ойлағандай әлуетті бәсекелес таба алар ма екен, ол жөнінде мен біліп отыруым керек қой. Осы жұмыс бойынша оған өз қасымдағы тілмәш Бекчуринді жіберіп алғанмын.

Осы жоспарымыздан көңілдегідей нәтиже күтіп отырғанымда, таяуда тілмәш Бекчурин де қайтып оралды. Тілмәш арқылы Огарев маған мына жайларды хабарлапты: «Қолынан іс келеді-ау деген Әбілпейіз сұлтан қазір Түркістан қаласында екен, әзір ол жақтан қайтатын түрі көрінбейді. Арнайы адам жіберіп, шақырып алайын десем, оның да ыңғайын таба алмай отырмын. Ал енді, ағайынды екеудің біреуі — Бекболат Огаревтің шақырғанына келмепті. Аурумын, денсаулығым жарамайды десе керек. Оның үстіне, бізге шын берілген ел ағалары да оның әлжуаз әрі тым кәрі екенін айтып отыр. Бекболаттың інісі Кенжебай қолайлырақ болар еді, оны былтыр кездескенде Огарев мырза да байқаған екен, алайда Кенжебай шегара шебіне ұрымтал маңнан көрінбейді, қайда екені белгісіз.

Демек, бұл екеуінің де ыңғайы келмейтіндіктен, Огарев мырза Сібір шебіне таяу қоныстанған Төре сұлтан мен Құлыбек батыр екеуінің бірін таңдағанды жөн көретіндей. Төре сұлтан әуелден Абылаймен жұлдызы қарсы, оның айтқандарын орындай қоймайтын, өзін Абылайдан кем санамайтын. Ал, Құлыбек батырдың бізге жақсы қызмет етіп келе жатқаны рас, десек те, оныңыз біз ойлағандай нәтиже шығара алар ма екен? Огаревтің осындай да күдігі бар. Өйткені Ертісті бойлап, Омбы бекінісінен жоғарырақ аймақта отырған Абылайдың інісі Сұлтанмұхаммет сұлтан мен немере інілері Орыс және Иман сұлтандар бар, бұлардың балалары, туыстары, қарауындағы қазақтары бар. Олар, әрине, Абылайдан сырт айналмайды» [2,392,393]. Кезінде хатталған бұл сөздерге түсінік беру артық болар.

Абылай мен орыс билігі арасындағы қатынастар  туралы Ресей бас штабының биік шенді офицері И. Красовский былай деп жазған: «… дәл сол кездегі Орта жүзге алғыр да әлуетті әскербасы, көрші державалармен қарым-қатынас жасап тұруға шебер мәмілегер керек еді. Осы міндеттің екеуін де Абылай абыроймен орындап шықты. Ол тек арғын тайпасын ғана емес, басқаларын да биледі. Үш жүздің ортақ дұшпаны жоңғарларға қарсы жеңісті күрес бастады. Аса өрнекті ептілік танытып, Ресеймен де, Қытаймен де байланыс орнатты. Осындай қасиеттерінің арқасында, Әбілмәмбет ханға қарағанда, Абылай сұлтанның атақ-даңқы арта берді. Әбілмәмбет хан болса, әскерді де, мәмлегерлікті де Абылайға өз еркімен беріп қойды, билікке таласқан жоқ. Соның нәтижесінде Сібір даласындағы Орта жүз сұлтандарының арасында алауыздық [болған] жоқ. Мұндай ауызбірліктің екінші бір негізі, жоңғар мен қазақ арасы тыныштанған соң, Абылай бүкіл қазақ аламанының қолбасы атағынан өз еркімен бас тартты. Орта жүз тайпаларын бұрынғыдай, бір шыбықпен айдаймын деп аптыққан жоқ…». [Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба. Область Сибирских киргизов. Часть 1. СпБ, 1868. С.39.]

Абылай хан Ресейдегі Е. Пугачев көтерілісіне байланысты ұстамдылық  танытты. Ресейдің ішкі ісіне араласқан жоқ, көтерілістің түбі шикі, мақсаты бұлыңғыр екенін байқады. Қазақ халқын арандатудан, орынсыз қан төгуден сақтап қалды [2.311,312]. Ескерте кетейік,  «Абылай хан Е. Пугачевті қолдады, тіпті 40 мың әскермен Ресей бекіністерін шабуға дайын отыр»-мыс[2-313]  деген жазбаша дерек сол дәуірде насихат үшін таратылған жалған ақпар екені дәлелденді.

Абылайдың қырғыздарға екі мәрте жорық жасағаны туралы деректер сақталған. Екеуінде де Абылайдың қырғыз жеріне немесе байлығына қызығып, басқыншылық ниет көздемеген [1,532,], керісінше, тегі бір, дін қарындас қырғызды қытайланудан сақтап, кейбір рубасыларының қарсылығын баса отырып, Қазақ хандығына қосуды мақсат еткен. Абылай хан 1780 жылғы қыркүйек соңы, қазанның басында  Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Қазақтың үш жүзінің өкілдері ұйғарып, атаулы зират-қорымы болып табылатын Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленді. Қазақ арасында Абылайдың туған жылы туралы кезінде қалыптасқан 1711 жылы, 1713 жылы деген екі пікір бар. Жазба дерек жоқ және Абылай 70 жасап еді деген сөз аңыз-әфсаналарда  кездеспейді. Демек, қолда бар деректерге жүгінсек, Абылай қазақ күнтізбесі бойынша 1712 жылдың аяғында, орысша жыл есебі бойынша 1713 жылдың ба­сында туған және 1780 жылдың күзінде 68 жасында қайтыс болған.

Мұрағатта Абылайдың хатшысы Жағда Усмановтың айтқандары сақталған. Яғни, 1780 жылғы 25 қыркүйекте Көкшетауға «Абылай ханның қасынан (оңтүс­тіктен) оның ұлдары Шыңғыс сұлтан мен Есім сұлтан, Дат батыр бастаған біраз адамдар келген. Олар ханның жорықтағы жеңістерін айтқан. Келер көктемде, яғни, «1781 жылдың басында Абылай сұлтан Көк­шетаудағы ордасына қайтып келеді» деген. Түркістаннан Көкшетауға дейін салт атпен кемінде бір апталық жол екендігін ескерсек, Абылай хан 1780 жылғы 19-20 қыркүйекте тірі [2,394-397] Демек, Абылай 1780 жылғы 20 қыркүйектен кейін қайтыс болған. Мұны бекітетін тағы бір құжатта, Ресей тыңшысы, Есет провинциясының башқұрты Қазаққұл Қазанбаев жоғарыда аты аталған Дат батырдан: «Абылай ханның былтыр, 1780 жылы күзде ауырып, өз ажалынан қайтыс болғанын» естіген [2,410].

Үшінші құжат Петропавл бекінісінің коменданты С.В.Сумароковтың генерал Н.Г.Огаревке жазған хаты. Онда «…1781 жылғы 9 ақпанда Абылай хан өлді деп хабар­лаған екенсіз. Шынында дәл осылай ма, Құлыбек батырды ша­қыртып алып, біліп беріңіз, анық-қанығына жету – біз үшін өте қажет. Барлық күш-жігеріңізді салып, Құлыбек батырды Абылайдың өлген жеріне жіберіп алыңыз. Абы­лайдың өлгені рас па, неден өлгенін анықтасын. Құлыбек кісі жіберемін десе, жол шығынын толық өтейміз, оған қам жемесін». (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты. 1-қор, 1-тізбе, 226-іс, 52-пар. Бұрын жария­лан­баған.) Бұл ресми түрде қағазға түскен  алғашқы хабар, хатталған әзірше тұңғыш құжат. Демек, Абылай хан «1781 жылы қайтыс болды» деген дерек негізсіз.

Уәли сұлтанның Ресей әкімшілігіне хат жазып, әкесінің қазасын 1781 жылғы мамыр айында ғана, яғни кеш хабарлауының мәнісі де нақты деректермен анықталып отыр. Абылай ханның қазасы туралы генерал-майор Н. Г. Огаревтің 1781 жылғы 21 наурызда жазған мәлімхатында «Абылайдың ұлы Шыңғыс сұлтан қазақтарға әкесінің өлімі туралы жаздағы бас қосуға дейін орыстарға айтпаңдар, деп тыйым салыпты» [2,402] деген сөздер ханның қазасы жылы таяп, қазақ жөнімен ас бергенше құпия ұсталғанының тағы бір дәлелі…

Әдебиет:

  1. Тайшыбай З. Қазақтың ханы – Абылай, екі томдық, «Ел-шежіре», Алматы, 2011. 1-том.
  2. Тайшыбай З. Қазақтың ханы – Абылай, екі томдық, «Ел-шежіре», Алматы, 2011. 2-том.
Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.