Адал еңбек етсең, мақсатыңа жетесің

Главная » Рефераттар » Адал еңбек етсең, мақсатыңа жетесің

Адамзат баласы жер бетінде пайда болғаннан бері өзінің материалдық және рухани қажеттілігін қанағаттандыру үшін еңбек етіп келеді. Алғашқы адамдар жартылай жабайы болған кезінде, олар тек жануарлар сияқты тамақ тауып жеудің қамында болды. Бірақ адам саналы тіршілік иесі болғандықтан, олар өмірден тәжірибе жинап, аң аулап, жер өңдеу үшін құрал-сайманды жасауды үйренді. Әрине оның бәрін жасау үшін адамға еңбек етуге тура келді және еңбекті топтасып, қауымдасып істесе, оның тиімді болатынын түсінді. Сондықтан да адамдар қоғам құрып, оны басқару үшін мемлекеттік жүйе ұйымдастырып, оның жұмысын заң арқылы іске асырып отырды. Еңбек негізінен ой еңбегі және дене еңбегі болып екі салаға бөлінеді. Бұрын қол еңбегі үстемдік еткен кезеңде өндіріс процесінде табиғи шикізат және оны өндіруші адам болатын, яғни алғашқы кезде дене еңбегі басым болды. Соңынан ғылым мен техниканың дамып, өндіріс құралының жетілдірілуіне байланысты дене еңбегін машина атқара бастады. Бұрын өндірісте мамандығы жоқ жұмысшылардың саны басым болса, енді олардың орнына саны аса көп емес инженер-техник мамандар жұмыс істейтін болды. Қазіргі завод- фабрикаларда шығарылатын өндіріс тауарларының сандық және сапалық түрі де бұрынғыға қарағанда айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Егер де бір тәуліктің ішінде 24 сағат болса, оның 8 сағатын адам өндірісте еңбек етуге жұмсайды екен. Осының өзінен-ақ еңбектің адам үшін қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Еңбек етудің бір ерекшелігі сол, ол бірнеше процестен тұрады. Мысалы, тауар шығару үшін еңбек бұйымдары, еңбек құралдары және жұмысшы күші болуы керек, яғни өндірістік процесс жұмысшылардың шикізатты өңдеу үшін завод жабдықтарын пайдалануы арқылы жүзеге асырылады.

Тұтынуға арналған өнім – шикізат, кәсіпорын, жұмысшылар, арқылы бірнеше операциялардан өтеді. Егер де осы айтылған процеске қатысатын үш элементтің бірі болмаса өндірістің жұмыс істеуі мүмкін емес. Әрине, біздің айтып отырғанымыз материалдық қажеттілікті қанағаттандыру үшін жасалынатын еңбек процесі, бұл негізінен дене еңбегі арқылы атқарылады. Адам материалдық қажеттілікпен қатар рухани қажеттілікті де керек етеді, ол болса ой еңбегі арқылы атқарылады. Ал, ой еңбегі қызметкерлерінің атқаратын жұмысы – ұйымдастыру, басқару және шығармашылық жұмыстар. Ой еңбегі мен дене еңбегі арасындағы мәдени- техникалық деңгейдегі айырмашылық белгілі дәрежеде орын алып отырады. Себебі ой еңбегіндегілер оқып, алдын-ала белгілі бір дайындықтан өтеді. Сол себепті олардың еңбегі дене еңбегіне қарағанда жоғары бағаланады, яғни олардың әлеуметтік тұрмысы да жоғары деген сөз. Сонымен бірге ой еңбегі мен дене еңбегінің бөлінуіндегі тағы бір маңызды себеп, ол – басқару мен ойлау қызметі үстемтаптың монополиясына айналып, ауыр дене еңбегінің ауыртпалығы еңбекші бұқара халықтың иығына түсуі. Осындай қарама- қайшылықтың салдарынан қоғам ішінде таптық жүйе орнап, адамды адам қанау пайда болды. Ой еңбегінің арқасында жасалынған ғылыми жетістіктер мен рухани игіліктерді үстемтап еңбекшілерді өздеріне бұрынғыдан бетер кіріптар етіп, оларды қанауды барынша күшейту үшін пайдаланады. Олай болса, адамды бақытқа жеткізетін де, құлға айналдыратын да еңбек екен. Бұл адамзат тарихында осы кезге дейін шешімін таппай келе жатқан проблема. Біреулер таңертеңнен кешке дейін еңбек етсе де күнделікті тапқан табысы отбасын асырауға бірде жетсе бірде жетпейді. Ал, екінші біреулер онша тер төгіп жұмыс істемесе де тауып жатқан табысы миллиондап, миллиардтап саналады. Мұны ғылым тілінде әлеуметтік теңсіздік деп атайды. Адамзат тарихында оқымыстылар бұл жөнінде талай теориялар жазып, қарапайым халық осы әділетсіздікке қарсы наразылық білдіріп, көтеріліс те ұйымдастырып көрді, бірақ та оның құпиясын ашып, оған толық жауапты әлі ешкім бере алған жоқ. К. Маркс осы әлеуметтік теңсіздіктің себебін анықтап, оны іс жүзінде қалай әділ шешуге болатыны жөнінде бірнеше томдық “Капитал” кітабын жазды. В. И. Ленин 1917 жылы Ресейде әлеуметтік революция жасап, осы теорияны іске асыруға талпынды. Бірақ та ол теорияның айтарлықтай өміршең еместігін уақыт көрсетіп берді. К. Маркстің теориясы бойынша әлеуметтік теңсіздіктің басты себебі, еңбек құралында жекеменшіктің болуы екен. Сол себепті Ресейде революциядан кейін жерге, еңбек құралына жекеменшікті жойып, оны барлық халыққа ортақ, қоғамдық меншікке айналдырды.

.
.

Бірақ та, қоғамдық меншікте адамдардың еңбек етуге деген ықыласы азайып, ең соңында социалистік жоспарлы шаруашылық капиталистік нарықтық шаруашылықпен бәсекелестікте сәтсіздікке ұшырап, ақыр аяғында коммунистік идеология буржуазиялық идеологиядан жеңіліс тапты. Біз адал еңбек етсең мақсатыңа жетесің дейміз, ал іс жүзінде Адам баласының қанша тер төгіп еңбек етсе де барлық уақытта әлеуметтік теңдікке қол жеткізуі оңай емес екен. Олай болса, әлеуметтік теңдікке қол жеткізу үшін не істеу керек, мұнда қандай құпия бар және оны қалай білуге болады? Өмірде бәрі адамға байланысты, сондықтан да біз ең әуелі жеке адамдардың басты қасиеттерінен бастап, бүкіл қоғамның даму заңын зерттеп, жете білуіміз керек. Жеке адамдардың өмірге келіп, өсіп ер жеткеннен кейінгі алдына қоятын басты мақсаты, бақытты өмір сүріп, ойлаған арманына жету. Адамға тіршілік ету үшін ішіп-жеуі, киінуі және басында баспанасы болуы керек. Мұның бәрі адам үшін табиғи қажеттілік және олар өздігінен пайда болмайды, ол үшін еңбек ету қажет. Қоғам дамыған сайын адамның қажеттілігі де сан және сапа жағынан өсіп, күрделене береді. Соған байланысты еңбек құралдарын жетілдіріп табиғи шикізатты көптеп өңдеуге тура келеді. Осының бәрі уақыт өткен сайын қоғамдық және өндірістік қатынастың күрделенуіне әкеліп соғады. Олай болса, бұл сол қоғамда өмір сүретін адамдардың да өмірі күннен-күнге күрделене береді деген сөз. Яғни сол қоғамда өмір сүретін адамдар заман ағымынан кенже қалмас үшін оған өзінің білімін көтеріп, рухын күшейтіп, денесін шынықтыруға тура келеді. Адам әлеуметтік тіршілік иесі болғандықтан ол қоғамдағы әлеуметтік сатылар арқылы жоғарылап, оның ең биік шыңына шығуға ұмтылады. Оған қол жеткізу, сол қоғамда өмір сүретін адамдардың еңбек ету қабілетіне, біліміне байланысты. Бірақ та қоғамдағы әлеуметтік саты Мысырдағы пирамида сияқты жоғары өрлеген сайын ол тарылып, ең биігінде бір адамдық орын қалады. Осыдан келіп қоғамда әлеуметтік биікке көтерілу үшін өмірде, адамдардың арасында өзара бәсекелестік пайда болады. Онсыз адам да, қоғам да дамымайды, яғни ол адамдарды дамып, жетілуге мәжбүр етеді.

.

Қоғам да жеке адамдардан тұрады, сондықтан қоғамның дамуында жеке адамдардың тағдырына ұқсастық өте көп, бірақ та ол көп адамдардан құрылғандықтан оның өзіне тән ерекшелігі де бар. Материалдық байлықты адамдар бірігіп өндіреді, сондықтан оларға өзара қатынас жасауға тура келеді. Табиғи тіршілік пен қоғамдық болмыс адамдардың дүниеге көзқарастары мен түсініктеріне қарамастан, яғни оларға тәуелсіз, дамудың объективті заңдылықтарына сәйкес дами береді. Қоғамдық болмыстың басты міндеті – адамдардың материалдық қажеттілігін қанағаттандыру, сондықтан да оның ішінде, осы бағытта, тұрақты еңбек процессі жүріп жатады. Бұл өндірістік қатынастар қоғамда адамдардың санасы мен еркінен тыс, материалдық алғышарт, субстанция ретінде әрекет етеді. Қоғамдық өндіріс – өндіргіш күштер және өндірістік қатынастар болып екі салаға бөлінеді. Өндіргіш күштер қоғам мен табиғат арасындағы материалдық қатынастар сипатын көрсетсе, өндірістік қатынастар қоғамдағы адамдардың өзара қарым-қатынасы болып табылады. Жеке-дара адамдарға материалдық игілікті жасау мүмкін емес болғандықтан, оларға бірігіп әрекет етуге тура келеді. Яғни олардың қазіргі иеленіп отырған материалдық және рухани байлығы адамзат баласының ғасырлар бойы бірлесіп істеген қызметінің жемісі. Біз бұдан қоғамның қалай дамитынын көреміз, бірақ та қоғамда барлық уақытта әлеуметтік және материалдық теңдік болды деп айта алмаймыз. Себебі онда өмір сүретін адамдардың тұрмысының материалдық деңгейі және әлеуметтік жағдайы әртүрлі болып келеді. Меніңше мұның басты себебі, адамдардың білімінің, санасының, қабілетінің әртүрлі болуынан. Біреулер жігерлі, алдына мақсат қойып, соған қол жеткізу үшін қандай да болмасын қиындыққа төзе білетін, табанды болып келеді. Олар білім алу үшін оқып, адамдармен дұрыс қатынас жасау үшін имандылық сақтап, ден саулығы мықты болу үшін спортпен шұғылданып, мақсатына жету үшін өмірде кездесетін қиындықтардың бәрін жеңуге ұмтылады.

Егер де адам осындай адал еңбегімен материалдық және әлеуметтік тендікке қол жеткізсе ондай адамдарды халық қадір тұтып, оларға қошемет көрсетеді. Енді біреулер қоғамда материалдық және әлеуметтік табысқа қол жеткізу үшін адамгершілік қасиеттердің бәрін жиып қойып, қулық- сұмдыққа, жағымпаздыққа, сатқындыққа жол беріп, өзінің айналасындағы адамдарға, туысқандарына, дос-жарандарына қиянат жасайды. Әрине біздің айтып отырғанымыз жеке адамдардың басында болатың субьективті қасиеттер. Сонымен қатар қоғамда материалдық және әлеуметтік әділеттілік деген де ұғым бар. Бұл ұғым негізінен бұқара халық пен биліктің арақатынасында болатын жағдайлар. Ол көбіне қоғамдағы саяси жүйе мен құқықтық заңдылықтың әділеттілігіне байланысты. Егер де қоғам демократиялық жолды таңдап, құқықтық мемлекет құруға ұмтылса, ондай қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатуға болады. Ал егер де мемлекет тоталитарлық немесе авторитарлық жүйе орнатып, бұқара халықтың заңды құқығымен санаспаса, ондай қоғамда антогинистік қайшылық пайда болып, оның аяғы саяси күреске жалғасуы мүмкін. Сондықтан да қоғамның алдындағы басты мақсат, адамдардың арасында материалдық және әлеуметтік әділеттілік орнату.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.