Адам сату қылмысы

Главная » Рефераттар » Адам сату қылмысы

Қазіргі уақытта адамдарды саудаға салу аса ұлғайып, трансұлттық қылмыстың бір бөлігіне айналып отыр. Адам сату, көші-қон, ұйымдасқан қылмыс, жезөкшелік және т. б. саланы қамтитын кешенді проблема болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне қарағанда 12 миллионға жуық адам әлі күнге дейін құлдық жағдайында өмір сүреді, ал халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, жыл сайын 5 миллионға жуық адам алдаудың құрбаны болып, тірі тауарға немесе пайдаланудың басқа түрлеріне айналуда. Қазақстан Орталық Азиядағы көптеген республикалар секілді траффиктің құрбаны болған адамдарды әкететін және олардың транзитін жүргізетін ел болып отыр. Мамандардың пікірінше, елімізде адам сату құрбандарының жыл сайынғы саны 5 мыңға жуық адамды құрайды. Сондықтанда, адам сату еліміздегі өзекті проблемалардың бірі болып қала береді. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша адам сату — адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны пайдалану не азғырып-көндіру, тасу, беру, жасыру, сондай-ақ пайдалану мақсатында өзге де әрекеттер жасау.

Қылмыстың субъективтік жағының мазмұны негізгі үш белгіден тұрады: кінә, ниет, мақсат. Адамды сатып алу-сату әрқашанда тікелей қасақаналықпен жасалады, ниет әртүрлі болуы мүмкін. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 20-бабына сәйкес қылмыс субъектісі өзінің әрекетінен туындайтын зардапты біледі, түсінеді және ондай зардаптың туындауын тілейді. Егер, адамды саудаға салушыда басқа да осыған ұқсас қылмыстар жасау ниеті пайда болса, онда ол қылмыстар жиынтығы бойынша жауаптылыққа тартылады. Қылмыстың бұл түрі төмендегі мақсаттар бойынша жүзеге асырылады:

  1. коммерциялық (сатып алу-сату);
  2. меншік ретінде (жәбірленушінің органдарын немесе тінін алу, жезөкшелікпен айналыс­тыру, еңбегін пайдалану мақсатында немесе өзгедей пайдалану үшін).

Жоғарыда көрсетілгеннен басқа да мақсаттар болуы мүмкін: кек алу, сатылып отырған адамға немесе оның туысқандарына байланысты жек көрушілік, достық қатынастағы сатып алушыға қызмет көрсету, сенімін пайдалану т. б. Қылмыс жасаушы, өзге адамның тағдырына қатысты қасақана зардап келтіретін іс-әрекет жасап жатқандығын біледі және оны біле тұра жүзеге асырады.

.

Қылмыстық жауаптылыққа қоғамға қауіпті, құқыққа қарсы әрекетті жасаған және кінәсі дәлелденген адам ғана тартылатындықтан, адам сату қылмысының диспозициясында көрсетілген жағдайлардың кез келгені жүзеге асырылғанда ғана қылмыстық жауаптылық туындайды. Қылмыстық заңмен қорғалатын объектіге қарсы қоғамға қауіпті нақты әрекетті жүзеге асырған тұлғаның қылмысының объективтік жағы заңда көрсетілген белгілер жиынтығы бойынша анықталады. Негізгі белгілері: әрекет, қылмыстық зардап және осы екеуін байланыс­тыратын қылмыстық зардап болса, факультативті белгілері: уақыты, орны, тәсілі, жағдайы, құралы болып табылады. Қылмыстың жалпы объектісі — адамның өмірі, бостандығы, абыройы мен қадір-қасиеті, денсаулығы және әлеуметтік тұтастығы; тектік объектісі — жеке тұлғаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар, арнайы объектісі — адамның жеке бостандығы.

Адам сату қылмысының объективтік жағы — адам сату үшін жасалатын әрекеттерден тұрады, яғни, оны азғырып-көндіру, тасу, беру, жасыру, алу, сондай-ақ пайдалану мақсатында өзге де әрекеттер жасау. Заң шығарушы адам сату құрамына анықтамадағы «сату, сатып алу», «азғырып көндіру», «тасу», «беру», «жасыру», «алу» ұғымында көрсеткендей, осы әрекеттердің әрқайсысы қосылып та, жекелей де қылмыс құрамының объективтік жағын құрайды. «Сатып алу» термині «меншігіне алуды» ал «сату» біреудің меншігіне беруді білдіреді. Азаматтық құқық нормалары бойынша келісім шарт негізінде кез келген затты сатуға және сатып алуға болады, ал қылмыстық құқық нормалары бойынша адам сату заңмен қудаланады. «Азғырып көндіру» термині адамдарды жинау, жалдау, басқа да жұмыстарға пайдалануға көндіруді білдіреді. «Азғырып көндіру» қызметі негізінен жалданып қызмет ететіндерді іздестіру, олармен келісу, түрлі жұмыстар атқаруға үгіттеу, тілек білдіргендердің тізімін жасау және оларды жалданып қызмет ететін жерлеріне жіберуді ұйымдастырудан тұрады. Азғырып көндірушілердің негізгі мақсаты — жалданып жұмыс істеуге ерікті түрдегі келісімін алу. Сөйтіп, жалданып жұмыс істеуге келісімін бергендер үйренген ортасынан шығып, жалданып жұмыс істеушілерді сатып алушылардың әсер ету аймағына кіреді.

Шетелдердегі жұмысқа орналастыру агенттіктері мен фирмалары азғырып көндіру бизнесімен айналысушылардың стандартты типтері болып табылады. Бүгінде ондай фирмалар мен агенттіктер әлемнің ең ірі мемлекеттері мен елдерінде 100 % жұмысқа орналастыруға кепілдік және еңбек ақылары ең жоғары болатындықтарына уәде береді. Соңғы жылдарда сән үлгілерін көрсетететін және некелесу агенттіктерінің жұмысы кең етек алып отыр. Жоғарыда көрсетілген агенттіктер, көбінесе әйелдер мен қыздарды шетелдерде секс-индустриясын дамытуға үгіттейді. Олар көрсететін қызмет қатарларына экспорт қызмет түрлері де кіреді (түрлі жоғары деңгейлерде өткізілетін іс-шараларға еркектерді ертіп апару қызметі). Мұндай жағдайларда көбінесе клиентке ақылы жекелеген қызмет түрлерін пайдалануға болатындығы ескертіледі, ал жекелеген қызмет түрлерінен алынған ақының бір бөлегі агентствоға төленеді.

Тасу — қызмет көрсетуге келісім бергендерді бір орыннан екінші орынға жеткізу. Адамды тасу кез келген көлік түрімен бір орыннан екінші орынға жеткізу. Жеткізу ашық және жасырын түде болуы мүмкін, бұл көбінесе жалданушымен жасалған келісім түріне байланысты (адамды көлікпен жасырын апару, мысалы, көліктің жүк салғышында, вагонның, самолеттің жүк таситын бөлігінде т. с. с.). Тасу — адамды тасуға әрекет жасалған уақыттан бастап аяқталған болып есептеледі және оны апаратын жердің қашықтығы мен апаруға кететін уақыттың ешқандай да заңи маңыздылығы жоқ.

.
.

Беру — екінші бір тұлғаның иелігіне беру. Адамды беру — бұл үйренген ортасынан ажыратып оны түрлі мақсаттарға пайдалану үшін басқа бір тұлғаның иелігіне беру. Мұнда адамды пайдалануға берудің ақылы, ақысыз формалары да кіреді. Көбінесе, азғырып көндірушілер сатылатын адамдардың төлқұжаттарын және жол құжаттарын дайындап, контрабандалық тәсілмен кетуін ұйымдастырса, ал топтың екінші бір мүшелері оларды қарсы алу, уақытша мекен-жайға орналастырумен, жеке куәліктерін және т.б. құжаттарын алумен айналысады.

Адам сату процесінің ең соңғы кезеңі — жасыру. Жасыру — қылмыскерді, қылмыс құралдарын, қылмыс заттарын қасақаналықпен құқық қорғау органдары қызметкерлерінен, сырт көздердерден жасыру әрекеттері арқылы жүзеге асырылады. Адамды жасыру белгілі бір мақсатты көздейді және жасырған адам қатаң түрдегі күзетпен қамтамасыз етіледі, яғни бас бостандығынан айырылады.

Жоғарыда көрсетілгендей қылмыс құрамы формальдық, яғни жоғарыда көрсетілген әрекеттердің бірін жүзеге асырған уақыттан бастап қылмыс аяқталған болып есептеледі, яғни қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Жоғарыда қарастырылып отырған қылмыс пайдакүнемдік мақсатпен жүзеге асырылатындықтан, қылмыс жасаушылардың мүлкін тәркілеу қылмыспен күрестегі ең тиімді шара болатындығы сөзсіз. Сондықтанда, мүлкін тәркілеуді тек қосымша жаза түрінде ғана қолданбай, негізгі жаза ретінде қолданған да дұрыс сияқты. Жиырма бірінші ғасыр адамзатқа алапат апаттар мен орны толмас өкініштерге толы өзгерістер әкеліп жатыр. Соның бірі адам сату мәселесі де өркениетті мемлекеттердің алдында шешілуге тиісті елеулі проблемалардың бірі.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.