Адамгершілікке баулу

Главная » Рефераттар » Адамгершілікке баулу

Адам өмірге бәрі бірдей болып келеді, бірақ та өсе келе олардың тағдыры әртүрлі болып қалыптасады. Мұның себебі, біріншіден, әрбір адамның туа біткен жеке ерекше қасиетіне – ақылына, жігеріне, қабілетіне байланысты болса, екіншіден, сыртқы ортаның әсеріне – тәрбиеге, біліміне, қажеттілікке байланысты. Былайша айтқанда, әр уақыт, әр заман, әр қоғам өзіне қажетті адамдарды тәрбиелеп, өсіріп отырады. Табиғат жаратылыста адам баласына күшті қару сыйлаған, ол адамның санасы, сол себепті олар, табиғатқа жануарлар сияқты басыбайлы тәуелді емес. Адамның құдіреті санасында, сондықтан да әрбір адам саналы өмір сүрсе және бәрін ақылға салып, ойлап істесе, оның алдына қойған мақсатына да, байлыққа да, бақытқа да қол жеткізуіне болады. Әрине, біздің бұл айтып отырғанымызды коммунистер субъективті бос қиял деген болар еді. Бірақ та адамзаттың жүріп өткен тарихына көз жүгіртсек, мұның ақиқаттылығында еш күман жоқ. Оны ұлы Абайдың мына сөздерімен де дәлелдеуге болады: «Ақыл, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» немесе «Ақыл сенбей, сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз».

Адамзат баласының осы кезге дейін құрған қоғамы, жасаған рухани және материалдық байлығы, осының бәрі сананың жемісі. Ендеше біз адамды адамгершілік әдетке баулығанда оның санасына салмақ салуымыз керек. Сана арқылы адамның дүниетанымы, өмірге көзқарасы, рухани мәдениеті қалыптасады. Бірақ та қазіргі кезде ғылым мен техниканың дамуына байланысты ақпарат құралының ықпалы адам айтқысыз күшейіп, сананың қорыту мүмкіншілігінен әлдеқайда көп хабарлар тасқынын жеткізуде. Оның көбі біздің ұлттық мүддемізге қарсы, адамдарды рухани-имандылық құндылықтардан қашықтататын, зиянды хабарлар. Соның салдарынан, адамдар шындықты өтіріктен ажырата алмай, олардың санасы ластанып, эрозияға ұшырауда. Сол себепті, осы кезден ұлттық мүддемізді қорғау үшін өзіміздің төл идеологиямызды қалыптастырып, оны әрбір өзін туған халқының патриотымын деп санайтын азаматтарымыздың санасына жеткізе білуіміз керек. Біздегі кейбір саясаткерлердің ұстанған әдісі «демократия», «адам құқығы», «сөз бостандығы» деген ұрандарды желеу етіп, республикамыздағы басқа ұлт өкілдерінің мүддесін қорғаған болып, біздің тарихымызды, мәдениетімізді, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді кемсітіп, әдейі байбалам салып жатады. Қазіргі Қазақстан жас мемлекет ретінде, өтпелі кезеңді басынан өткізуде. Сол себепті, болашағымыздың тағдыры бүгінгі іс-әрекетімізге байланысты. Егер де біз қазірден ұлттық санасы жетілген, саяси сауатты, ар-намысы таза азамат тәрбиелеп шығарсақ, олар отанына адал еңбек етіп, табиғатын қорғап, әлеуметтік белсенділік көрсетсе, еліміздің тәуелсіздігі де солғұрлым мықты болмақ.

.

Нарықтың заңдылықтары мен құндылықтарына сәйкес адамдар бұрынғыдай үкімет аштан өлтірмейді деп уақытын босқа өткізбей, ақша, пайда тауып, жеке меншігін байыту үшін іскерлік, белсенділік, жауапкершілк танытып, еңбек ете бастады. Бұл, әрине, құптарлық жайт. Сонымен қатар оның рухани құндылықтарға қайшы келетін жақтары да бар. Олар атап айтқанда – қатыгездік, дәйексіздік, принципсіздік, т.б. Сондықтан да адамдарды имандылық қасиетке үйретіп, рухани мәдениетке баулу, сол арқылы адамгершілікке, қайырымдылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз. Адамдардың өмір тіршілігі, ақыл-ойы, іс-әрекеті үш шеңбердің ішінде өтеді, олар – рухани- имандылық, ол адам мен адамның арасында танылады, әлеуметтік–экономикалық, ол адам мен ұжымның арасында көрініс береді және қоғамдық-саяси, ол адам мен қоғамның арасындағы қатынас. Егер де әрбір адам өмірінде бақытқа жеткісі келсе, ол бірнеше асулардан өтуі керек, олар – қажеттілік, мүдде, мақсат, мұрат, арман. Сол адам, осы жолда кездесетін қиындықтардың бәрін жеңіп, өзінің дегеніне жетсе, ол өзін бақыттымын деп санауына толық құқығы бар. Ол үшін адамға керегі – ақыл, жігер, білім, ниет, және қабілеттілік. Осы бес қасиет адамның бойынан түгел табылатын болса, ол оның алдына қойған мақсатына жетуіне кепілдік болмақ.

.

Уақытында Әл-Фараби: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күшті болып, екеуі біріккенде – бұлар адамгершілік қасиеттер болып табылады, қасиеттер дегенде біз әрбір нәрсенің игілікті жағы, соның өзінің және оның әрекеттерінің абзалдығын да және жетілгендігінде деген мағынада айтамыз. Егер осы екеуі (жақсы мінез-құлық пен ақыл күші) бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және өз әрекеттерімізден абзалдық пен жетілгендікті табамыз және осы екеуінің арқасында біз ізгі, игілікті және қайырымды адам боламыз; біздің өмір бейнеміз қайырымды, ал мінез-құлқымыз мақтаулы болады» деген болатын. Адамның тағы бір жақсы қасиеті – ол қызығу. Қызығу – адамды білімге құмарттыратын, психикалық тіршіліктің мазмұнын байытатын қозғаушы күш. Қызығу болмаса немесе мардымсыз болса, адамның өмірі де ажарсыз болады. Ондай енжар адамның көңіл-күйі барлық уақытта жабырқау жүреді.

Әрине, әр адам алдына әртүрлі мақсат қояды, сондықтан да ол өзін бақыттымын деп санауы үшін қандай мақсат қойып, не істеуі керек деген сұрақ туады. Бұл әрине өте маңызды сұрақ және оған бірден былай деп жауап беру өте қиын. Әркімнің тағдыры әрқилы қалыптасады және олардың қабілеті де әр деңгейде болып келеді. Сонымен қатар бұл заман талабына да байланысты болмақ. Дегенмен бір нәрсені батыл сеніммен айтуға болады, ол – әрбір адам өзінің мүмкіншілігінше адамдарға, халқына, отанына жақсылық жасау үшін қызмет етсе, сол адам әлбетте бақытты болмақ.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.