Адыраспан өсімдігі туралы мәлімет

Главная » Рефераттар » Адыраспан өсімдігі туралы мәлімет

Адыраспан (Peganum harmala) – түйе табандар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер туысы, терең тамырлы өсімдік. Сабы мен гүлінде уы болады. Ерекше күшті сасық иісті, дәрілік өсімдік. Биіктігі 30-80 см аралығында өседі. Тау беткейлерінде, жолбойында, жазық далаларда көктейді. Жаз-күз мезгілдерінде жемістейді. Қазақстанда оның үш түрі бар. Қазақстанның шөл-шөлейтті, сортаңды жерлерінде, әсіресе Шу, Іле, Сырдария, Сарысу өзендері бойындағы тақырланған жайылымдарда бір түрі өседі. Сабағы бұтақты, салалы тамыры 10 м тереңдікке дейін кетеді. Гүлі ақ, сары түсті және ол 1 – 3- тен топталып сабақ басында орналасады. Мамыр – шілдеде гүлдейді. Жемісі – көп тұқымды қауашақ. Тұқымы ұсақ бозғылт не қара түсті.

Емдік мақсатқа адыраспанның бұтақтарын, жапырақтары мен гүледерін пайдаланады. Адыраспан-ежелден белгілі дәрілік өсімдік. Атақты Абу Әлі Ибн Сина оны сегізкөздің қабынуы кезінде болатын шаншуды басатын дәрі ретінде қолданған. Халық медицинасында адыраспан ревматизм, қышыма және басқа да тері аурулары кезінде бұлау жасауға пайдаланылады, ал шөбінен жасалған қайнатынды суық тигенде, безгек ауруларына, нерв жүйесінің әлсіреуіне және ұстама ауруларына ем болып табылады және ұйықтататын дәрі ретінде пайдаланады. Оның шөбін жағып, түтінімен бас ауруын емдейді және жұқпалы сырқаты бар адам жатқан бөлмені ыстап залалсыздандырады. Емдік қасиеті жағынан адыраспан ертеден-ақ белгілі болған. Оның ұрығын зығыр тұқымымен қосып демікпені емдейді, қара немесе қызыл бұрышқа араластырып теңге қотырға жағады және несеп жүргізетін, тер шығаратын дәрі ретінде қолданады. Адыраспанды мыңжапырақ гүлдерімен, киікотымен, шөпшай гүлімен қосып қайнатады да, онымен асқазан сөлінің азаюын, яғни гипоацид гастритін емдейді. Ол үшін осы айтылған құрамдағы 10 грамм қоспаны жарты литрдей суға салып 2 сағат тұндырады. Баяу жанған отқа қойып 8 минуттай қайнатады. Суыған соң сүзіп тазалайды. Препаратты тамақтанардан жарты сағат бұрын 50 грамнан 4 рет ішеді. Адыраспан шөбінің қайнатындысы мен тұнбасы ауруды басып, адамды тыныштандырады, сырқатты асқындырмауға, тер шығаруға көмектеседі. Тұнбасын суық тигенде пайдаланылады. Ал қайнатындысы ауыз қуысы мен тамаққа суық тигенде ауыз шаюға, басқа да шөптермен қосып аяқты жууға қолданылады. Адыраспанды тасшөппен, қараңдыз тамырымен қосып қайнатады да, радикулитті, сегізкөз невралгиясын емдеуге қолданады. Бұл ауруларды емдеген кезде жоғарыдағы қайнатындыны ішумен бірге шөбімен белді булау да жақсы нәтиже беретіні байқалады. Ол үшін кептіріліп ұнтақталған адыраспан шөбінің 50 грамын шүберек қалтаға салып, сыртынан қайнаған су құяды. Суын сығып, қалтаны жылы күйінде белдің ауырған тұсына басып, үстіне қыздырғыш қояды. Белді осылай күніне 30-40 минуттан бір рет булау керек. Адыраспан қазақ үшін қасиетті магиялық киелі шөп болғандықтан бәле-жаладан сақтайды деп үйдің ішіндегі көрнекілеу жерге – кереге басына іліп қояды. Жаңа үйге кірерде босағаға жын- шайтан мүлдем жоламасын деп, адыраспанмен аластаған. Сонымен қатар, бұл өсімдікті иесіз үйді иесі жоқ кезде жайлап алған беймәлім жын-шайтандардан тазарту үшін адыраспанның бір бұтағын отқа салып тұтатып, аластайтын болған.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.