Агроөнеркəсіп кешенінің инновациялық даму жолдары

Главная » Рефераттар » Агроөнеркəсіп кешенінің инновациялық даму жолдары

Жаһандану жағдайында əлемдегі қаржы дағдарысының, яғни құлдырау мен рецессияның ұлттық экономикаға ықпалы күрт өсті. Көптеген мемлекеттер интеграциялық үрдіске қосылуына байланысты сыртқы жағдайлар ел экономикасына қатты əсер ете бастады. Қазіргі жағдайда жəне болашақта болатын құбылыстарға сəйкес келетін іс-шаралар жүйесін құрастыру жəне дағдарыс салдарынан болатын жағымсыз құбылыстарға қарсы тұра алатын шараларды ұйымдастыру қажет. Сыртқы тəуекелділікті жəне қазіргі жағдайдағы қауіпті мəселелерге көңіл аудармауға, елемеуге болмайды.

Агроөнеркəсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ететін шарттар мен факторларды талдау оларды кері ықпал етуші (инновациялық дамуды тежеуші) жəне оң ықпал етуші (инновациялық процестердің қарқындылығын күшейтуші) деп екіге бөлуге мүмкіндік береді (1-сурет). Агроөнеркəсіп кешенінің инновациялық дамуына оң ықпалын тигізетін шарттар мен факторларға шаруашылық жүргізудің нарықтық тəсілін, табиғи ресурстардың көптігін, ғылым мен білім əлеуетінің жеткіліктілігін, ішкі азық-түлік нарығының ауқымдылығын, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, табиғи азық-түлік өнімдер өндірісінің мүмкіндігін жатқызуға болады.

Ал, кері ықпал ететін шарттар мен факторлар ретінде отандық ауыл шаруашылығы ғылымындағы ұйымдық құрылымның күрделілігін; ғылыми-техникалық жəне инновациялық қызмет түрлерінің əркелкілігін; ғылыми зерттеулердегі өңірлік, салалық жəне салааралық сипаттағы мəселелердің үлес салмағының басымдығын; ұдайы өндіріске қатысты кейбір мəселелерді зерттеу мерзімінің тым ұзақтығын қарастыруға болады. Аталмыш факторлар ауыл шаруашылығы ғылымы мен аграрлық ғылыми зерттеулерді басқаруда елеулі қиыншылықтар туғызады. Нарықтық экономикадағы инновациялардың басым көпшілігі кəсіпкерлік құрылымдар тарапынан өндірістік жəне коммерциялық міндеттерді шешудің құралы ретінде, əрі олардың тұрақты жұмыс істеуін, экономикалық өсімді жəне бəсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін маңызды фактор ретінде жүзеге асырылады жəне нарыққа, нақты бір тұтынушы тобына немесе қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталады. Агроөнеркəсіп кешенінің дамуына қажетті шарттардың бірі – ғылыми-техникалық прогресс. Аталмыш процесс ғылым мен техника жетіктістерін игеру арқылы кеңейтілген ұдайы өндірісті жүргізуге мүмкіндік беретін инвестициялық-инновациялық процестерге негізделеді. Сонымен қатар, кадр (маман) əлеуеті агроөнеркəсіп кешеніндегі инновацияларды игерудің басты факторларынан саналады. Сол себептен, кадр əлеуетін күшейтпестен ауыл шаруашылығы өндірісіне озық үлгідегі, ресурс үнемдеуші технологияларды ендіру мүмкін емес [2]. Инновациялар зерттеу, өндіру жəне сату (өткізу) қатынастарының жалпы кешенін қамтитын күрделі де көп қырлы мəселе болып табылады. Агроөнеркəсіп кешеніндегі инновациялық процесс қарқынының елеулі дəрежеде тежелгеніне қарамастан, ауыл шаруашылығы ұйымдарының 10-15℅ бөлігінің ресурс үнемдеуші жаңа ауыл шаруашылық технологияларына деген қажеттілігі артып келеді. Дегенмен, инновациялық технологияларды əзірлеу мен ендіру процесі, бірінші кезекте, ғылыми-зерттеу жəне тəжірибелі-конструкторлық жұмыстар қомақты қаржыны талап етеді.

.
.

Қазақстан экономикасының аграрлық саласында сақталып отырған қолайсыз макроэкономикалық ахуал мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің төмен инвестициялық мүмкіндіктері АӨК-дегі инновациялық қызметті белсендіруге қажетті шарттарды шектері сөзсіз. Сондықтан, тиімді инновациялық қызмет – «Агроөнеркəсіп кешенін дамыту» мемлекеттік жобасын сəтті іске асырудағы басты факторлардың бірінен есептеледі. Қазақстанда бірегей ғылыми-өндірістік база мен жоғары білікті ғылыми мамандардың бар болуына қарамастан, инновациялық дағдарыс жаңалықтарды ойлап табу мен шығару процесін мемлекеттік реттеу мен басқару деңгейінің күрт төмендеуінен, қаржыландыру көздерінің жоқтығынан жəне зерттеу ұжымдары қызметінің дұрыс берілмеуінен туындап отыр [3]. Ауыл шаруашылығындағы инновациялық əлеуетті қалыптастырудың басым бағыттарының бірі, əрі маңызды міндеті ғылыми-зерттеу жəне тəжірибелі- конструкторлық жұмыстарды жеткілікті көлемде қаржыландыру болып табылады. Соңғы жылдары мұндай жұмыстар бірнеше көздерден, атап айтқанда, республикалық бюджеттен (шамамен 40℅); жергілікті өңірлік қаржылардан (орташа есеппен 27℅); ауыл шаруашылығы кəсіпорындары мен ғылыми мекемелердің меншікті қаражатынан (32,8℅) қаржыландырылды. Дамыған елдерде ауыл шаруашылығы ғылымына жұмсалатын мемлекеттік шығындар жылына 4-6℅ артып отырса, ғылыми-зерттеу жəне тəжірибелі- конструкторлық жұмыстарға кететін шығын көлемі жалпы ұлттық өнімнің 2℅-дан астамын құрайды. Ал, Қазақстанда болса, шығын көлемі біршама жылдан бері жалпы ұлттық өнімнің 0,25℅-ынан асқан емес. Мемлекет, бірінші кезекте, материалдық өндіріске, еңбекке жəне ақылға негізделген ұдайы өндіріс тетігін қолдауға; ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімділігі мен бəсекеге қабілеттілігін арттыратын, аграрлық бағыттағы ғалымдардың ғылыми нəтижелерін уақытылы патенттеу жұмыстарының ұйымдастырылуын күшейтуге; инновациялық жетістіктердің өндіріске ендірілуін ынталандыруға баса мəн беру керек. Неге десек, жаһандану кезеңінде бəсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығына қомақты қаржының құйылуын талап ететін, қымбат, жаңа инновациялық технологияларды шұғыл түрде ендіру қажет. Осы орайда, ауыл шаруашылығындағы кадр əлеуетінің қазіргі ахуалы инновацияларды іс-жүзінде ендіруге елеулі кедергі келтіретіндіктен, инвестициялардың тиімділігін барынша азайтып, «Агроөнеркəсіп кешенін дамыту» мемлекеттік жобасының жүзеге асуын тежейтінін айқын ұғынған жөн. Бүгінгі жағдайда ғылым мен техника жетістіктерін ендіру арқылы агроөнеркəсіп өндірісін барынша жаңғыртуға бағытталған инновациялық процестерді дамытып қана дағдарыстан шығуға болады.

Инновациялық процестер нақты техникалық жəне технологиялық идеяларды ғылыми əзірлемелер негізінде жаңа технологияларға айналдырудың жəне жаңа, сапалы өнім алу мақсатында тікелей өндірісте игеруге дейін жеткізудің тұрақты, үздіксіз ағымы болып табылады. Аталмыш процеске ауыл шаруашылығындағы ғылыми ұйымдар мен оқу орындары, өндірісті басқару мекемелері, қызмет көрсетуші жəне өндіріске ендіруші құрылымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін ғылыми-техникалық зерттеу, əзірлеу жəне өндіріске даярлау, басқаша айтқанда, өндіру, сақтау, қайта өңдеу жəне өткізу инновациялық процестің негізгі функционалдық бөліктерін құрайды. Дəстүрлі тауарлардың ұлттық нарықтары сияқты инновациялық өнімдердің ұлттық нарықтарының да сандық сипаттары, салалық жəне географиялық құрылымы, өзіндік жарнамалау түрлері, баға есептеу əдістемесі, заңдық ережелері болады. Инновациялық өнім нысандарының айырбасы барысында сатып алу-сату, жалға алу немесе жалға беру, қызмет көрсету, капитал, қарыз жəне серіктестіктерді инвестициялау келісімдері секілді өзге де коммерциялық мəмілелердің заңдық шарттары орындалады. Экономикасы дамыған елдердің инновациялық нарықтары негізінде əлемдік инновациялар нарығы құрылады. Қазақстанда қалыптасып келе жатқан инновациялар нарығының түбегейлі нарықтық қайта құруларды жүзеге асыру кезеңіндегі агроөнеркəсіп кешені экономикасының дағдарысқа ұшырауына байланысты төмендегідей бірқатар өзіндік ерекшеліктері байқалады: — ғылыми-техникалық салада өткен жылдардан ғылыми-зерттеу жəне тəжірибелі- конструкторлық жұмыстардың жеткілікті қоры қалғанымен, оларды іске асыру жəне ауыл шаруашылығы саласында жаңа зерттеулер мен əзірлемелерді жүргізу үшін тапсырыс беруші тұтынушылардың қаржысы жетпейді; — инновация нарығы өнімнің өзінен емес, инновациялық қызметті жүргізуге қабілетті ұйымдардың, ұжымдардың, жекелеген мамандардың жиынтығынан тұрады; — бүгінгі күні инновациялық ұйымдар көбіне венчурлық капиталмен қамтамасыз ететін ұйымдардың қаражаты есебінен өз беттерінше жұмыс істей алмайды. Мемлекетімізде инновациялық жəне техникалық прогресстің тежелуі немесе баяу қарқынмен дамуы əлемдік нарықтың шикізаттың көзі болып қала беруіне соқтықтырады. Ал мұндай болашақ технологиясы жетік дамыған мемлекеттерге тəуелді еткізіп, прогресстің соңғы сатыларында жүруге итермелейді.

.

Отандық өндіруішлер мен тұтынушылардың қандай да бір тауар түрі бойынша сыртқы нарыққа тəуелділігі түбінде мемлекеттің халық аралық бəсекедегі орнын төмендетіп, оларды сатып алудан түскен қосымша құн мен валюталық түсімдер шет елдік бəсекелестердің өндірісі мен технологияларын жаңартуға жұмсалады. Өндірістің индустриалды-инновациялық тұрғыда жедел дамуын талап етіп отырған шаруашылықтың қазіргі жағдайында келесі факторларды ескеру қажет: • институционалды тұрғыда тиімді қызмет атқаруға қабілетті жеке меншік секторын қалыптастыру; • өндірістік тұрғыда импорттың орнын алмастыру мен инновациялық саясаттарды алға қоя отырып, ішкі нарықтағы өндірушілердің өнімдері мен сапасын жəне бəсекеге қабілеттілігін арттыру; • ресурстық тұрғыда инвестициялық жедел амортизация саясаттарын қалыптастыру мен еңбек ресурстарының тиімділігін көтеру; • ұйымдастыру – басқару шаралары бойынша мемлекеттік стратегиялар мен өндіріс анклавтары арасындағы мүдделерді үйлестіру. Қорыта келгенде, экономикалық тұрғыда дамыған мемлекеттер қатарына жоғарғы технологиялы өнімдер нарығында бəсекеге түсе алатын елдерді жатқызуға болады. Ал тиімді ұлттық инновациялық жүйе бəсекеге қабілетті ұлттық экономиканы құру мен қалыптастырудың басты механизмі. Дұрыс өңделген инновациялық саясат индустриалды-инновацилық дамудың жетекші тізгіні ретінде отандық ғылыми сыимды өндірісті дамыту мен бəсекеге қабілетті ұлттық экономиканың негізігі құралы бола алады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.