Ахмадия ағымы туралы мәлімет

Главная » Рефераттар » Ахмадия ағымы туралы мәлімет

Қадиянилік немесе екінші бір аты болған Ахмадия ағымы Мырза Ғулам Ахмед Қадияни тарапынан Үндістанда ортаға шыққан мазһаб болып табылады. Мырза Ғулам Ахмед Үндістанның Пенжап аймағынан Қадиян деген қаласында 1839 жылы ағылшын отарлаушыларына адал қызметтерімен танымал болған отбасыда өмірге келеді. Ғулам Ахмедтің әкесі Мырза Ғулам Мұртаза өзіне Үндістан аумағында үлкен мүмкіндіктер жасап берген ағылшын үкіметінің аймақтағы белсенді төңкерісшілерінің бірі еді. Ғулам Ахмед Үндістанда ағылшындардың орнығуына көмектескен әкесінің қызметтерін мақтанышпен айтып отыратын болған. Бұл отбасының ағылшындарға қалтқысыз қызмет етулерінің өзіндік себептері бар еді. Ғулам Ахмедтің жанұясы өте ауқатты, бай тұратын. Түпкі аталары Самарқандтан Үндістанға көшіп келіп, бүгінгі Қадиянға орналасады. Бұл жерде шаруалары оңалып, үлкен байлыққа ие болады. Алайда 19 ғасырдың орталарына қарай аймакты сихтар басып алады дағы бүкіл байлықтарынан айырылып қалады. 1849 жылы ағылшындар сихтарды жеңіп, аймакты бақылауға алған соң, бұлардың бүкіл дүние-мүлкі, жерлері өздеріне қайтарылады. Осыған байланысты Ғулам Ахмедтің жанұясы ағылшындарға бар ықыластарымен қызмет етеді. Ғулам Ахмед алты жасынан бастап арнайы ұстаздардың бақылауында араб тілі, парсы тілі, логика және философия дәрістерін алады. Әкесі одан іскерлікпен айналысуын талап етсе де, ол елден оқшауланып жалғыз қалуды таңдайды. 1864 жылы тағы да әкесінің қалауымен Сиялкот аймактық сотына кіші қызметкер етіп орналастырылады. Әкесі оның заңгер болғанын қалайтын. Табыссыз өткен соттағы қызметкерлік кезеңі барысында қатынас ортасы кеңейеді. Үндістер, христиандар және басқа да әр турлі діни топтармен жақыннан танысу мүмкіндігіне ие болады. Олар туралы көптеген мәліметтер жинайды және туған жері Қадиянға оралады. Бұдан кейін өзін діни ғылымдар үйренуге бағыттайды. Атап айтсақ, құран, хадис, тафсир (Құранның түсіндірмесі) және діндер саласында білімін жетілдірумен айналысады. 1876 жылы әкесінің өлімінен кейін өзіне ғайыптан хабарлар, аян келе бастағанын айтады. Осы жылы жергілікті газеттерде үндістер мен христиандарға қарсы мақалалар жазып мұсылман ортада танымал бола бастайды. Сол кездегі үндістер мен христиандардың Исламға жасаған әр түрлі шабуылдарына қарсы шығып, оларға елу томдық қарсы сөз жазатынын мәлімдейді. «Бәрахини Ахмадия» атымен урду тілінде жазылған еңбегінің Исламды қорғауға арналған алғашқы екі томын 1880 жылы, уахидің (Аллаһтан келетін хабар) әлі де жалғасуда екенін, Мухаммед Пайғамбардың жолымен жүріп отырған адамға белгілі және белгісіз, тылсым ғылымдардың есігі ашылатынын осы жол арқылы өзіне көптеген уахи келгенін баяндаған үшінші және төртінші томдарын 1884 жылға дейін басып шығарады және осылайша аймақта аты шығып танымал бола бастайды Бұл аралықта жанұясының борыштар болған ағылшын үкіметін мадактауды да тоқтатпайды. 1885 жылы өзін дінді жаңартушы реформатор (мужаддид) екенін жариялайды. 1888 жылы 1 желтоқсанда Лузиянада Аллаһтың өзіне жеке бір жамағат кұруын және жақтастарының оны ресми түрде мойындаулары қажет екенін бұйырғанын айтып, он баптан тұратын діндарлық талаптарын жария етеді.
Ғулам Ахмед мұнымен қанағаттанбай 1891 жылы өзіне келген аяндарға қарағанда, Иса Пайғамбардың ислам мен христиандық сенімде қалыптасқан ерекше өліммен емес, кәдімгі табиғи өліммен өлгенін алға тартады. Өзін христиандар күтіп отырған Масих, мұсылмандар күтіп отыраған Махди ретінде жіберілгенін айтады. Бұған қатысты көзқарастарын «Фатхи Ислам», «Тавзих Мәрам» және «Изале Афхам» атты кітаптарында баяндайды. Бұл жерде айтылғандарға қарағанда, Иса Пайғамбар шармықта керіліп өлмеген. Өлді деп оны жерлегеннен кейін, қайта өзіне келіп жарақаттарын арнайы бальзаммен жазады. Содан Інжілді насихаттау үшін Кашмирге саяхатқа шығады. Осы жерде 120 жасында қайтыс болады және Сринагарда жерленеді. Ақырзаманда келетін Иса Масіх жаратылысы тұрғысынан оған ұқсайтын Мұхаммед үмметінен шыққан біреу болады. Мұсылмандардың күтіп отырған Махди мен христиандардың Масихы бір адам болып, ол Мырза Ғулам Ахмед Қадияни болып табылады. Ғулам Ахмед әрі Мұхаммедтің, әрі Исаның рухына ие болғандықтан бейбітшілікті жақтайды, жиһадты қылышпен емес, насихатпен жасай отырып, исламды жаяды. Пікірлерінің ақиқаттығын дәлелдеу үшін келтірген айғақтары, өзіне келген аяндар мен кереметтерге байланысты оған сену, иман ету міндетті болып табылады.
Осындай пікірлеріне байланысты мұсылмандар мен христиандар тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырайды. Оны дінбұзар кәпір деген үкім (пәтуа) шығарады. Бұған қарамастан ол өз ілімін насихаттауды тоқтатпайды. 1902 жылы Амритсардағы бір жиналыста өзін пайғамбар деп жариялайды. Оның пайғамбарлығының ерекшелігі сол — жаңа шариғат әкелмегенінің және Мұхаммед Пайғамбардың пайғамбарлығының бір сәулесі шағылысы екенін алға тартады. 1904 жылы Сиалкотта өзін мұсылмандар үшін Махди, христиандар үшін Масих, үндістер үшін Кришна екенін алға тартады. 1905 жылы елу том етіп жазамын деген кітабын бес томмен аяқтағанын айтады. 1908 жылы Лахор университетінде баяндама жасау үшін барған Ғулам Ахмед кенеттен келген өліммен университет салонында қаза табады. Ғулам Ахмедтің өлімінен кейін мазһабтың басына қадиянилердің қалауы бойынша Хакім Нуреддин келеді. Алайда оның тұсында мазһабтың ішінде кейбір келеңсіздіктер бой көрсете бастайды. Бір топ оның тірі кезінің өзінде Ғулам Ахмедтің пайғамбарлығын мойындамағандардың кәпір саналатынын алға тартса, келесі бір топ бұған үзілді-кесілді қарсы шығады. Хакім Нуреддин мазһабтың бірлігін қаншалыкты сақтап қалуға тырысса да, оның өлімінен кейін «Қадиян» және «Лахор» тармағы болып екіге бөлініп кетеді. Махмуд Ахмедтің басшылығындағы Қадияи тармағы Ғулам Ахмедтің пайғамбарлығына сенбегендердің кәпір екендігін айтып қана қоймай, Махмуд Ахмедтің бүкіл әлемнің халифасы екенін де алға тартады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.