Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық өмірбаяны

Главная » Рефераттар » Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық өмірбаяны

XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мəдениет пен əдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сəуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі — Ахмет Байтұрсынұлы еді. Қазақ əдебиеті мен əдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші- реформаторы атанған ол өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның төлбасы болды. Қазіргі таңда кезінде репрессияға ұшырап, мерт болған боздақтар қайта тірілді, сөнген жанып, жоғалған табылды. Алыптар қайта оралды. Тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, əдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын- аудармашы Ахмет Байтұрсынов қалыптасқан дəстүрлі құжаттар бойынша айтқанда, қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы, Сартүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген [1]. Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды туған баланың сезім дүниесін, ой əлемін тербеп толқытады. Əділетсіз өмірдің улы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды. Əкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас қорлық- зорлыққа шыдамай, 1885 жылы 12 қазанда ояз начальнигі Яковлевтің басын жарып жібереді. Мұның арты – дүние-мүлікті тартып алу, түрме, абақты, Сібірге 15 жылға жер аударылумен жалғасады. Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882- 1884 жылдары əуелі көзіқарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. 1895 жылдың 1 маусымынан бастап мұғалім болады: Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, əділет үшін күреседі, жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Кейін екі сыныптық мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, əдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жинайды. Ел ішінде оқыған, еркін мінезді батыл ойшылдың бедел-атағы өсе бастайды. Полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкий жарлығы бойынша Қарқаралыдағы екі сыныптық училищінің меңгерушісі Ахмет 1909 жылы 1 шілде күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан нақақ 8 ай бойы азап-қорлық көріп, торығады, қиналып ширайды, күреске белді бекем буады. Бостандық аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазады. Ақыры Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан, 1910 жылы 21 ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынов өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезеңдер басталып кетеді. 1913- 1918 жылдар арасында «Қазақ” газетінде редактор болып, орасан зор əлеуметтік-тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мəселелерін көтереді, елді прогреске, өнер-білімге үндейді [2]. Тек тəуелсіз Қазақстан жағдайында ғана ақынның шығармалары жарық көрді, мұралары зерттеле бастады. 1988 жылы ақталғаннан кейін А.Байтұрсынұлы шығармаларының жинағы (1989), «Ақ жол» кітабы (1991) жарық көрді. Шығармашылық мұрасы. Ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының артында аса мол əдеби, ғылыми еңбектер қалды. Ол өз заманында əрі ақын, əрі аудармашы, əрі ғалым ретінде танылды. Ахметтің 1909 жылы Петербург қаласында «Қырық мысал» деген атпен жарық көрген алғашқы кітабына негізінен орыс мысалшысы И.Крыловтан аударған аударма мысалдар жинақталды. Бұрын мысал арқылы тұспалдап айтылған ойларын Ахмет 1911 жылы Орынбор қаласында шыққан «Маса» атты өлеңдер жинағында өз сөзімен ашықтан-ашық жария етті. Бұл жылдары ол қазақ тілі мен əдебиетінің əр түрлі мəселелеріне арнап көптеген мақалалар жазып, баспа беттерінде жариялады. Əсіресе 1913 жылы жазылып, «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы Ахметті білікті əдебиеттанушы ғалым ретінде танытты. Бұл мақала ұлы Абайдың ұлттық əдебиеттің тарихынан алатын орнын айқындауға, ақын шығармашылығына баға беруге арналған тұңғыш ғылыми зерттеу еңбегі еді. Əдебиетші Ахмет Байтұрсынов мұрасының маңызды бір саласы – оның ел аузынан жинап, жүйелеп, баспа бетінде жариялаған ауыз əдебиеті нұсқалары. Атап айтқанда, Ахмет жинаған фольклорлық үлгілер негізінде Мəскеу қаласында 1923 жылы «Ер Сайын» жыры, 1926 жылы «23 жоқтау» кітаптары жарық көрді. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ұлы түрлендіруші-реформаторы, теоретигі əрі қазақ тілі білімі саласына орасан зор еңбек сіңірген көрнекті ғалым болды. Ол араб əріптерінің негізінде төте жазу үлгісін, яғни қазақтың төл əліпбиін жасады. Өзінің «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), «Əліпби» (1924), «Жаңа əліпби» (1926) тəрізді кітаптарында қазақ тілінің ғылыми, теориялық жəне əдістемелік мəселелерін кеңінен талдап берді. Қазақ тіл білімінде терминдер жүйесін қалыптастырды. Қазақ тілі грамматикасындағы ұғымдар мен категорияларға жаңаша əрі дəл анықтамалар берді. «Əдебиет танытқыш» кітабы. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ғалымдарының ішінен шыққан тұңғыш əдебиет теоретигі. Оның əдебиетші ғалым- теоретик ретінде тұлғасын айқындаған басты еңбегі – «Əдебиет танытқыш». Еңбек 1926 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан. Бұл кітабында ғалым алғаш рет қазақ əдебиетінің теориялық, методологиялық мəселелерін негіздеп берді. Əдебиеттану ғылымындағы басты ұғымдар мен терминдер жүйесін жасады. «Əдебиет танытқыш» кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде көркем əдебиеттің бейнелеу құралдары мен əдіс-тəсілдері талданса, екінші бөлімде əдеби жанр түрлері сөз болады. Тұтастай алғанда, Ахмет Байтұрсынов өнер атаулыны екі топқа бөледі. Оның бірі – тірнек өнері, екіншісі – көрнек өнері. Көрнек өнеріне ғалым сəулет (архитектура) өнерін, сымбат (скульптура) өнерін, кескін (живопись) өнерін, əуен (музыка) өнерін жəне сөз (əдебиет) өнерін жатқызады. «Өнердің ең алды – сөз өнері саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан [2]. Алдыңғы өнердің бəрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сəулетті сарай болсын, қандай сымбатты əрі кескінді суреттер болсын, қандай əн-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеуге, көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы. Əдебиеттің көркем бейнелеу құралдары, жанрлары жөнінде талдау жасай келіп, А.Байтұрсынов олардың, əрқайсысына əлемдік əдебиеттану ғылымындағы атауларға сəйкес дəлме-дəл қазақша балама атаулар береді. Бүгінгі қазақ əдебиеттану ғылымында қолданылып жүрген ұғымдар мен категориялардың атауларын термин дəрежесіне көтеріп, қолданысқа енгізген Ахмет Байтұрсынұлы дейтініміз сондықтан. Əдебиеттің жанрларын айқындау, тарихи кезеңдерге, бөліп қарастыру мəселесінде де бұл еңбекте көптеген тұжырымды ойлар айтылады. Бұлардың кай-қайсысы да қазақ əдебиеттану ғылымындағы жаңалық болатын. Сонымен қатар, «Əдебиет танытқышта» Ахмет Байтұрсынұлы аса бай фольклорлық материалды пайдаланды. Теориялық қисындарды қазақ ауыз əдебиетінен жəне баспасөз беттеріндегі қазақ ақын- жазушыларының шығармаларынан алынған мысалдар арқылы бекітіп отырды. Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне əсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс əдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дəстүріне мойынсынады. Бұрынғы ескі-ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы əлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды.

Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді [4]. Аудармашы негізгі түпнұсқа тексіне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын — əуез қосып отырады. “Қартайған арыстан” мысалына: Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да, Келе алмас жаман батып маңайыңа. Басыңның бақыт құсы ұшқан күні Құл-құтан басынады, малайың да, — деген жалғасты түйін жасайды. Бірнеше кісі тіл таба алмай, берекесі кетіп, өртке шалдығып, үлестен құр қалады. Осы “Үлес” өлеңінің түйінінде ақын өз позициясын ашық көрсетіп: Ойласақ оқиға емес болмайтұғын, Ел қайда өзін жаудан қорғайтұғын. Қазіргі пайдасына бəрі жетік, Адам аз алдын қарап болжайтұғын. Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман Байқасақ ел белгісі оңбайтұғын. Бұл белгі табылып жүр біздің жұрттан Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан. Алданып арқадағы дау-шарына Кəтерден кəпері жоқ, келер сырттан, — деп терең маңызы бар əлеуметтік ой толғайды. Мысал жанрының қазақ əдебиетіне бойлап ену құбылысы əлемдік көркемдік дəстүрлердің типологиялық ұқсастығын көрсетеді. “Дала уалаяты” газетінде 1894 жылы 14 тамызда И.Крыловтың “Инелік пен құмырсқа” (аударған А.Құрманбаев) мысалының жариялануы – қазақ əдебиеті үшін жаңа бір арнаның басы еді. Крыловтан Абай – 14, Спандияр Көбеев – 37, Бекет Өтетілеуов – 12 мысал аударған. Бір мысалдың бірнеше рет аударылғаны да бар. Мəселен: “Аққу, шортан һəм шаян”, “Ат пен есек”, “Қасқыр мен тырна”, “Шал мен ажал (өлім)”, “Айна мен маймыл”, “Маймыл мен көзілдірік” мысалдарын Ахмет Байтұрсынов та, Спандияр Көбеев те аударған. “Ала қойлар”, “Есек пен қамыс (шілік)”, “Бақа мен өгіз” мысалдарының Абай нұсқасы да, Ахмет нұсқасы да бар. Абай аудармалары Крылов түпнұсқасымен көбіне-көп дəлме-дəл келеді, Спандияр Көбеев 8 мысалды қарасөзбен баяндаған [5]. Өз уақытының аласапыран құбылыстарын бағалау, болашақ алыс өрістерді көруге келгенде жас Мұхтар Əуезов даналығына таң қалмасқа болмайды. Алмағайып ағыстарға малтығып, қалың тұманда адаспай, Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнына қатысты дəл бүгінгі күнмен үндес, орайлас пікір-тұжырымды жігіт-желең, 25- 26-лардағы балғын ойшыл қалай тауып айтты екен деп таң қаласың: «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған əдебиеттегі елшілдік ұраны, «Қырық мысал”, «Маса” еңбегі, «Қазақ” газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істелген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытқанда да тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бəрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды”. («Ақжол”, 1923, 4 ақпан), – деп жазады ол [6]. Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнын, оның əлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы ерекшеліктерін өз кезінде дұрыс көрсетіп, əділін айтқан адамның бірі – Сəкен Сейфуллин. Ол «Еңбекші қазақ” газетіне (1923 жыл, 30 қаңтар) «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды” деген арнаулы мақала жазып, онда былай дейді: «А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды”. «Қырық мысал”, «Маса” кітаптарын, «Қазақ” газетіне редакторлық еткен еңбектерін, Алаш кезеңін, артынан компартияға кіргенін түгел шолып айта келіп, мынандай түйін түйеді: «Қалай болса да жазушы аз ғана, əдебиеті нашар қазақ жырларына оқу һəм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай… Елуге келген Ақаңды шын көңілден құттықтап, өмірінің ұзақ болуын тілеймін” [7].

.

Түркістан республикасы Орталық атқару комитеті мен Түркістан Орталық партия комитетінің газеті «Ақжол” 1923 жылғы 4 ақпанында шыққан 270-санында: «Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап əліппе мен əріп, тіл һəм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ақаң еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді”, — деп жазылған. Бұдан кейінгі уақыттарда, əділет принциптері бұзылып, адамшылықты таптаған зұлмат жылдар, нəубет, селебе, қан қырғын – репрессиялар басталған кезде, көп нəрсе мүлде бұрмаланды, «байтал түгіл бас қайғы” дейтін күндер туған. Ол шақта Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін талдап, тарихтағы орнын көрсетпек түгіл, атын атаудың өзі – қылмыс, азамат басын жұтатын, абақтыға апарар жолға айналды. Бірақ сонда да ескі газет-журналдарды, архивтерді ақтарған, көне кітаптарды оқыған сұңғыла жандар алдынан тұтас тау сілеміндей болып Ахмет Байтұрсынов мұрасы шығар еді; көзі – қарақты, қайрат-жігерінен, азаматтығынан айырылмаған аға буынның кейбір есті өкілдері, кейде оңашада, алды-артына бір қарап қойып: «Ақаң былай деген ғой” деп суырыла жөнелер еді. Профессор Бейсенбай Кенжебаев сынды жуас, момын көрінгенмен, іштей берік, қазақ əдебиеттану ғылымында тарихи мектепті негіздеген батыр ойлы ғалым өз шəкірттерінің біріне: «Мынау Ақаң жазған «Əдебиет танытқыш”, əдебиет теориясы [8]. Мен 40 жыл сақтадым. Сенің диссертацияңа байғазы болсын. Қалған уақытта сен сақта. Бірақ байқа. Уақыты жетпей айқайласаң, таяқ жейсің. Аруақтың киесі ұрып, кесапаты тиюі мүмкін. Шарапаты тиетін уақыт келер. Ол күнді мен көрмеспін. Сендер көресіңдер. Мықты жерге тығып қой” деген екен. Жас, өр кеуде, тұяғына тас тимеген шəкірт өмірде талай теперіш көріп, таяқ жеген, дана ұстаз тілін алды дейсіз бе. Ақаң кітабы, ондағы пікір-байлам, ой-тұжырым, жаңалық – табыс туралы айтып та, жазып та жіберген. Жұрт білмей ме, көрмей ме, көрсетпей ме, білген, көрген, көрсеткен. Сонда тұмсығы тасқа тиген шəкіртіне ұстазы айтқан сөз: «Ескерттім ғой, — болмадың. Енді оқасы жоқ. Шыда! Мұндайда еңбек етсең ғана еңсең көтеріледі”. Қазақстанда Байтұрсынов есімін ауызға алуға да, жазуға да тыйым салынған уақыттарда түркологтар тарапынан оқта-текте ол туралы бірен-саран пікірлер айтылып қалып жүрді. Əсіресе академик А.Кононов еңбегі қалың көпшілікті елең еткізді. Аты шартарапқа мəлім, беделді тілші ғалымның редакциясымен жəне алғысөзімен Мəскеуден 1974 жылы шыққан «Отандық түркологтардың библиографиялық сөздігі” кітабында Ахмет Байтұрсыновтың туған жылы, өскен ортасы, ата-бабасы, білім алған мектептері, қызмет еткен орындары, əлеуметтік-қоғамдық қызметі, басты еңбектері нақты айтылып, ол «араб алфавиті негізінде жетілдірілген қазақ əліппесінің авторы, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сол сияқты əдебиет теориясы мен мəдениет тарихы оқулықтарын жазды” деп тарихи тұрғыдан əділ көрсетілді. Кейбір қазақтың «қырағы” оқымыстылары бұл пікірлермен келіспей өз ұлтшылымызды өзіміз əшкерелейміз” деген пікір айтты [9]. Қазақстан азаттық алғанға дейінгі Ахмет Байтұрсынов туралы жазылған пікірлердің сілемі осындай. Күрделі тұлғаның өмірі, ғылыми, əдеби мұрасы жайлы тілшілер — Ə.Қайдаров, Т.Қордабаев, Р.Сыздықова, С.Кеңесбаев, əдебиетшілер — Қ.Мұқамедқанов, Р.Нұрғали, тарихшылар — К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, С.Өзбеков, жас ғалымдар – А.Мектепов, Ғ.Əнесов, Б.Байғалиев т.б. еңбектері шыға бастады. Бір томдық шығармалары, үлкен көлемді «Ақ жол” (құрастырған Р.Нұрғали), «Тіл тағылымы” (құрастырған Р.Сыздықова) кітаптары басылды.

.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.