Ахмет Жұбанов өмірбаяны

Главная » Рефераттар » Ахмет Жұбанов өмірбаяны

ahmet.kazortaҚазақстандағы кәсіби музыка өнерінің туу, қалыптасу, даму кезеңдері академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов есімімен тығыз байланысты. Композитор, дирижер және XIX ғасырдағы қазақ музыкасының тарихын зерттеген ғалым ретінде оның қазақ музыкасына сіңірген еңбегі орасан зор. Жас Ахмет Жұбанов 1929 — 1933 жылдары Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) музыка техникумында скрипка, консерватория қабырғасында гобой мамандығы бойынша білім алған. 30-жылдары Қазақстанда музыкалық білім беру жүйесін енгізу мәселесі туғанда А. Жұбанов елге шақырылып, өзінің білімі мен жігерін осы іске арнаған. Алматыға келген бойда музыка техникумында ұстаздық қызмет атқарады. Осы оқу орны жанындағы фольклорлық кабинет жұмысына араласқан. Артынан 11 адамнан тұратын алғаш домбырашылар ансамблін құрған. Осы негізде кейін Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі құрылған еді. А. Жұбанов осы шығармашылық ұжымның уйымдастырушысы әрі дирижері ретінде көптеген күйлерді оркестрге түсірген. Оркестр дирижері ретінде оның алдында тұрған алғашқы мәселелердің бірі — оркестр мүшелерінің санын көбейту болды. Осы мақсата орай 1934 жылы Алматыда Бүкіл қазақстандық халық өнерпаздарының слеті өтіп, онда ел арасындағы талант иелері сұрыпталды. Солардың басым бөлігі Алматыда қалдырылып, филармония, оркестр құрамында еңбек етті. А. Жұбанов жасаған келелі жұмыстардың бірі — оркестр құрамындағы музыкалық аспаптарды жетілдіру болды. Ең бірінші міндет — аспаптарды темперациялық жүйеге келтіру еді. Орыс халық аспаптар оркестірінің ізімен ағайынды Романенколарға ұлттық музыкалық аспаптарымызға көптеген өзгерістер енгізіп, прима қобыз, тенор домбыра, бас домбыра секілді түрлерін жасатты. Ұрмалы аспаптар тобы да жетілдірілді. Ендігі жерде оркестрдегі домбыралар тобы негізгі партияны, қобызшылар — қосалқы партияны орындайтын дәрежеге жетті. Мұның өзі оркестрдің екі түрлі музыкалық әуен арасындағы тақырыптық, ырғақтық және жылдамдық айырмашылықтарды көрсету мүмкіндіктерін арттыра түсті. Осы негізде оркестрдің дыбыс ауқымы кеңейіп, бояуы қоюланып, оркестрлік түрткі жасайтын — деңгейге жетті. Дирижер Ахмет Жұбановтың басты мақсаты қазақ ұлт аспаптар оркестрін Батыс Еуропаның классикалық шығармаларын орындайтын деңгейге жеткізу болса, бұл мақсаты жетті деуге әбден болады.

kazorta.jubanovОсы қызметте жүріп А. Жұбанов Құрманғазы, Дәулеткерей секілді көптеген халық композиторларының күйлерін ұлт аспаптар оркестірне лайықтап түсірген. Яғни, оркестрдің музыкалық репертуарын жасау саласында да ол бірінші болып көрінеді. А. Жұбановтың ұйымдастырушылық қызметінің өзі бір төбе, 1935 — 1945 жылдары ол қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, көптеген халық таланттарының өнерін насихаттаған. 1945 — 1951 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ректоры болған. 1954 жылдан осы оқу орнының өзі ұйымдастырған халық аспаптары кафедрасының меңгерушісі. А. Жубанов — ағартушы-педагог. Оның қаламынан алғаш жазылған «Музыка әліппесі» (1936) сауат ашу кітабы туған. Сонау 30-жылдары ел аузынан Құрманғазы туралы деректер жинастырып, халық композиторының өмірі мен шығармашылығына арналған кітапша бастыруы да осы саладағы ізденістерінің бірі. Жалпы бұл тақырып А. Жұбанов шығармашылығының бел ортасында тұрады. Оған зерттеуші кейін де оралып отырған. А. Жұбановтың Құрманғазы атындағы консерватория қабырғасында атқарған педагогтік жұмысы өз алдына бір мәселе. Оның алдынан көптеген шәкірттері дәріс алып, аспаптан пәні мен дирижерлік қызметтің қыры мен сырына қаныға түскен. А. Жұбанов — зерделі зерттеуші, өзінің ұстаздық қызметін халық мәдениетін зерттеу ісімен шебер ұштастырған тұлға. Ол 1942 жылы басылып шыққан «Қазақстан композиторларының өмірі мен творчествосы» атты еңбегінде XIX ғасырдағы күйшілер мен әншілерге қатысты тарихи-ауызекі деректерді ғылыми тұрғыдан өңдеп, алғаш рет қалың оқырманға ұсынған. Өз кезіне қойып бағалар болсақ, екі бөлімнен тұратын бұл еңбектің танымдық деңгейі өте жоғары болды. Қазақ қауымы дәл осы еңбектен өзінің талантты ұл-қыздары туралы мәліметтерді алғаш рет оқып білді. Рас, аталған кітап 50-жылдардың бас кезіндегі солақай саясаттың ызғарымен сынға да ұшырады. Сол жылдарғы «Әдебиет және искусство» журналының бетінде Б. Ерзакович т.б. зерттеушілер авторға бірқатар ғылыми-танымдық талаптар қойып, кітаптың кемшіліктерін көрсетті. Бірақ іс мұнымен де аяқталмай, оңың авторына саяси айып тағылды. Артынша консерватория қабырғасында академик А. Жұбановтың жеке ісі қаралып, қызметінен қуылды, атақ-абыройдан айырылды. Мұның бәрі қазақ зиялыларының қаймағын жұтып кеткен 1937-1938 жылдарғы саяси оқиғалардың қайта оралған ызғары болатын. Сол тұста тетелес ағасы, белгілі ғалым Құдайберген Жұбановтың атылып кеткені белгілі болса, 50-жылдар А. Жұбановтың басына қара бұлт үйірді.
Бүгінгі күн биігінен қарап отырсақ, сол оқиғалардың шығу себебі неде? Кінәлілер кімдер? — деген сауал да туады, Тиісті архивтер жабық кезде ол оқиғалардың толық саяси бағасын беру ертелеу болар. Бір анығы «халық жауы» деген атаудың жазықсыз жазаланғандарға емес, солардың өмірін қиған НКВД жендеттеріне лайық екендігі. Саяси сын семсеріне іліккен А. Жұбанов тағдыры 1953 жылы 5 наурыз күні Сталиннің өлімінен соң оң шешіліп, шығармашылық еңбегіне қайта оралуға мүмкіндік туған. Осының бәрі жоғарыда аталған еңбегін қайта карап, көптеген деректерді толықтыруға міндеттеген. 1958 жылы Москва қаласында өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің он күндігі қарсаңында аталған еңбектің толықтырылған нұсқасы «Струны столетий» және «Соловьи столетий» деген атпен орыс тілінде жарық көрді. Бұл маңызды да мазмұнды кітаптар 1975 жылы «Ғасырлар пернесі» және «Замана бұлбұлдары» деген атаумен Ғ. Мүсіреповтің алғы сөзімен қайта басылыл, қазақ оқырмандарының талал-тілектерін қанағаттардырып келеді. Соңғы рет 2002 жылы жарияланған кітаптар, ғылымға кейін мәлім болған деректерді айтпасақ, әлі күнге танымдық мәнін жойған емес. А. Жұбанов зерттеулерінің өзегі Құрманғазы шығармашылығы екені анық. 1966 жылы ғалым «Құрманғазы» атты көлемді еңбегін жариялап, онда ұлы күйшінің өмірбаянына қатысты мәліметтерді толықтырып, күй мұрасына жан-жақты талдау беруге күш салған. Әрине, бұл ізденістерін де өз кезеңіне қойып бағалаған жөн. А. Жұбанов — көрнекті музыка сыншысы. Оған дейін қазақ музыкасында сын болған емес. Қазақстанда бірде-бір музыка маманы А. Жұбанов сияқты республиканың мәдени өмірін жіті бақылап, жетістіктеріне қуанып, кемшіліктеріне мұңайып отырмаған. Сонау 30-жылдардан өмірінің соңына дейін ғалым баспасөз беттерінде әрбір мәдени-музыкалық іс-шараларға қатысты ойларын қалдырып отырған. Олардың саны өте көп. Мазмұны жағынан бірде қазақ музыкасының өсу, кемелдену кезеңдеріне, бірде классикалық музыка үлгілерінің қазақ театрында сахналуына, немесе татар, башқұрт сиякты одақ құрамындағы халықтардың қазақ жерінде қойған концерттік бағдарламаларына байланысты айтылған ой-толғамдар болып отырады. Сыншы болған оқиғаларды баяндаумен ғана шектелмей, сол жетістіктерді қазақтың кәсіби музыка өнеріне ендіру мәселелерін де тілге тиек етіп отырады. Ғалым-сыншының осы ізденістері 1977жылы «Ән-күйсапары» деген атаумен жарық көрген болатын. Қазақ музыка сынының қалыптасу тарихын зерттеу тұрғысынан бұл кітаптың маңызы өте зор. Ғалымның музыкалық-сыншылық ізденістерінің келесі топтамасы 1984 жылы «Өскен өнер» деген атаумен басылып шыкты. Екі кітап та ғалымның қызы Ғ. Жубанованың араласуымен баспаға дайындалған.
Осы еңбектеріндегі мәліметтерді сараптай отырып А. Жұбановты қазақ музыкатану ғылымының негізін қалаушы, ұлт кадрларынан шыққан алғашқы музыка сыншысы ретінде бағалауға толық негіз бар. А. Жұбанов — көрнекті композитор. Ол музыка жанрларының басты салаларында еңбек етіп, әннен — операға, шағын пьесадан — симфониялық шығармаға дейін қалам тартқан суреткер. Композитор әр жылдары «Москва», «Бейбітшілік туы берік қолда», «Отаным», «Ақ шолпан», «Біздің ел», «Ақ кегершін», «Майданнан хат», «Серт», «Қарлығаш» сияқты әсем де керкем әндер, халық аспаптарына арнап көптеген пьесалар жазған. Композитордың 1943 жылы жазылған «Абай» атты симфониялық сюитасы оның аспалтық музыка саласындағы күрделі ізденісі болса, фортепьяноға арналған «Тәжік билері», «Қазақ билері» циклдары аспаптық жанрдағы көркем ізденістері болып табылады. Композитор әр жылдары «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» (1938), «Исатай — Махамбет» (1938, Иванов-Сокольскиймен бірге) драмаларына, «Амангелді» (М.Гнесинмен бірге) кинофильміне арнап музыка жазған. Қазақтың кәсіби музыка өнерінен композитордың Л. Хадимен бірігіп жазған «Абай» (1944) және «Телеген Токтаров» (1947) атты операларының алатын орны ерекше. 1944 жылы премьерасы өткен «Абай» сол тұстағы қазақ операсының биік шыңы. Бұл туындысы үшін композиторлар 1967 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған. Мұнда композиторлар бұрынғы цитаталық тәсілден бас тартып, Абай т.б. халық композиторларының әндерін үлкен шығармашылықпен пайдаланған. Операда речитатив, ән, ансамбль, ария, хор, би, оркестрдің атқарып тұрған драматургиялық қызметі орасан зор. Абайдың халықтық-эпикалық бейнесі бірнеше ән-ариялары арқылы қанық әрі дәлелді сомдалған. Өмірінің соңғы жылдары композитор «Құрманғазы» операсын жазып жүрген екен. 1968 жылы композитордың қайтыс болуына байланысты шығарма аяқталмай қалған. Оны композитордың қызы Ғ. Жұбанова радиоопера түрінде аяқтаған еді. Композитордың фортепьяноға арнап жазған «Қазақ билері», «Тәжік билері» циклдары да республикамыздың жер-жерлерінде орындалып келеді. Олардың кейбірі Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің репертуарынан да берік орын алған. А.Жұбанов — 1946 жылы құрылған Қазақ КСР Ғылым ака-демиясының алғашқы толық мүшелерінің бірі. Ол бұрынғы Тіл — әдебиет институты негізінде 1961 жылы қайта құрылған Әдебиет және өнер институты жанынан музыка секторын ашуға мұрындық болып, өмірінің соңына дейін соны басқарған. Ғалымның Г.Бисенова, Б.Ғизатов т.б. алғашқы қазақ музыка зерттеушілері — өнертану ғылымдарының кандидаттарын дайындауға сіңірген еңбегі де орасан зор. А. Жұбанов қазақ мәдениетіне сіңірген еңбектері үшін өнертану ғылымдарының докторы (1943), Қазақ КСР халық артисі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі (1946), профессор (1948) кұрметті және ғылыми атақ-дәрежелеріне ие болды. Академик А. Жұбанов шығармашылығы қазақ музыкасымен ғана шектеліп қалмайды. Ол республикамыздағы мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүрген. 1936 және 1958 жылдары Москва қаласында өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің он күндіктеріне қатысқан қоғам қайраткері. Ғалымның композиторлық және зерттеушілік еңбектері қазақ мәдениетін биік сатыға көтерген асыл мұралар. Қоғам тарапынан сол мұраларға деген қажеттілік бар кезде академик Ахмет Жұбановтың есімі де мәңгі жасайтын болады.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.