Алаштағылымы ұрпақтарға аманат

Home » Рефераттар » Алаштағылымы ұрпақтарға аманат
Рефераттар Комментариев нет

ХХ ғасырдың басы айрықша күрделілігімен, сансыз оқиғалардың сапырылысымен, ұлттық сананың оянуымен ерекшеленеді. Қазақ тарихының белесті асуларының бірі – Алаш қозғалысы. Алаш идеясы қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы болатын. Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған бұл ұлы қозғалыстың тарихы мен тағылымы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілістердің жалаң қылышпен зеңбіректің аузына қарсы шабатын басшыларының күресі қазақ даласында енді өзгеше тəсілдермен өз жалғасын тапты. Жан-жақты білім алған, саяси күрестің тəсілдері мен қалыптасқан жағдайды шынайы бағалауды меңгерген демократияшыл қазақ зиялыларының бұл тобы, ағартушылардың алғашқы буыны сияқты, туған халқының көзін ашып, ұлттық рухын оятып, біліммен қаруландырып, бірте-бірте тəуелсіз ел болуға жеткізудің қиын да болса, ең сенімді жолын саналықпен таңдап алды. Саяси тəуелсіздікке қол жеткізу рухани еркіндікті орнатудан, сауаттанудан, күшті саяси күштерді ұйымдастырудан басталатындығын зиялылар анық түсінді.

Алаш қайраткерлері ұлтты ұлт ететін талай-талай шаруаны бастағаны, жолға салғаны белгілі. Сол зиялы қауым көтерген іргелі мəселенің бірі – тіл мəселесі. Кез келген халық əлеуметтік кеңістіктегі даму барысында тек қана өзінің тілін, немесе ділін ғана емес, солар арқылы жалпы рухани жəне саяси болмысын да қалыптастыратыны да белгілі. Қазақтың өзіндік тілі жазба мəдениетінің жетекші құралына айналу қажеттілігін қазақ зиялылары жақсы түсінді. Алаш зиялылары Əлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбай-ұлы тағы да басқалар бастаған рухани мəселелер бүгінгі Қазақстанның тəуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатыр. Солардың ішіндегі ең негізгісі – қазақ тілінің мəселесі болатын. Олар ең алдымен, қазақ баласының бір-бірімен пікір алмасуын қамтамасыз ету үшін мерзімді баспасөз құралын шығарды. Қазақтың тұңғыш журналы “Айқап” пен “Қазақ” газеті ұлттың көзі, құлағы мен тіліне айналды. Бұлардың ұлттық сананы оятудағы маңызы орасан зор болды. Алаш қайраткерлерінің сонау ХХ ғасырдың басында тіл туралы айтылған ой- пікірлерінің ХХІ ғасырдың басында өмір сүріп отырған қазақ қоғамы үшін де өзекті болып отырғаны белгілі. Себебі қоғамымыз тіл саласында əлі де Алаш зиялылары көтерген мəселелер деңгейінде отыр. Сондықтан да жоғарыда есімдері аталған қайраткерлердің, қаламгерлердің ойларын басшылыққа алып, бірқатар жұмыстар атқаруға тиістіміз. Айталық, бүгінгі оқу орындарындағы қазақ тілінің жай-күйі, жас ұрпақтың қазақ бола отырып, негізінен орысша білім алуы жəне ондай қазақ балаларының мыңдап, тіпті он мыңдап саналуы. Қазақ баласының орысша білім алуы деген сөз оның орысша тəрбие алуы болып шығады. Осыны ұлттық қадір-қасиетімізді қалпына келтіру жолында орасан істер атқарған Алаш зиялылары бұдан бір ғасыр бұрын ұғынып, сөзбен де, іспен де шешуге тырысқан. Қазіргі ақпарат заманында тілдік қолданыстың зор кеңістігі ақпаратпен байланысты екендігін білеміз. Өкінішке орай, осы уақытта еліміздің ақпараттық кеңістігінде қазақ тілі басымдыққа ие бола алмай отыр. Телехабарлар, газет-журналдар орыс тілінде болған соң, үлкен де, кіші де сол тілде сөйлеуді дағдыға айналдырған. Өз тілін біле тұрып, өзге тілге үйір болудың үлкен бір сыры да осында. Алаш ардақтыларының бірі Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш»[3] деген еді.

Ата заңымызға сəйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл қазақ тілі екені белгілі, сонымен қатар еліміз үштұғырлы тіл саясатын ұстанады. Əлемдік қарым- қатынастар мидай араласқан заманда көп тіл білу қажеттілігі заман талабы. Дегенмен, алдымен өз тіліміздің көсегесін көгерткен дұрыс екендігін біразымыз түсінбей жүрміз. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» десе, қазақ тілінің ұлтымыздың асыл қазынасы, басты құндылығы екендігін ”…əрі қару, əрі қалқан, əрі байырғы, əрі мəңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!”, оның тарихтағы рөлін “…ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мəдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі”- деп, биылғы Жолдауында Үкіметке мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың санын 2017 жылға қарай 80 пайызға, ал 2020 жылы кем дегенде 95 пайызға жеткізуді тапсырды.[1] Еліміздегі тіл саясатына қатысты айқын мақсатты жүзеге асыру үшін баршамыз, бүкіл зиялы қауым, ел болып, əсіресе жастарымыз қазақ тілінің мемлекеттік мəртебесін, яғни еліміздегі басымдығын үнемі насихаттап жүруіміз қажет.

Ұлттың болмысын, басқалардан ерекшелендіріп тұратын маңызды рухани табиғатын түсінген Алаш қайраткерлері əрқашан тіл мəселесін ұлттан бөліп қарамаған. Мəселен, А.Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нəрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер, əуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек қарнымыз ашпас қамын ойлағанда, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек» десе, М.Шоқай «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл», М.Жұмабаев «Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл. Ұлт үшін тілінен қымбат ешнəрсе жоқ»[4] деп жазған еді. Ұлт жанашырларының сөзінде ел болып қалыптасу мен тəуелсіздіктің баяндылығы да тілмен байланысты екендігі ескертілген. Біздің заманымыз үшін бұл пікірлердің бағалылығы да осында. Бұл үрдіс сонау Алаш қозғалысы дəуірінде басталған аманат күресі, тəуелсіздігімізді тұғырлы етеміз десек, оны орындауға міндеттіміз. Бұл жөнінде елбасымыз Н.Назарбаев қазақтілді басылым редакторларымен кездесуінде: «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті… Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мəдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады» деп айрықша тоқталған болатын. Ұлттық бірегейлігімізді сақтауда Қазақстанның ғана емес, бүкіл əлемнің қазақтары тілдік бірегейлігімізді сақтауға ұмтылуымыз қажет. Өйткені жаhандану дəуіріне аяқ басқан қазіргі заманда ұлттық бірегейліктің бастысы – ана тілі болып отыр. Сондықтан да тіл бірлігі ең күшті біріктіруші факторға айналуы тиіс. Бұны баршамыз неғұрлым терең түсініп, осы бағытта маңызды, шешуші істер атқаруымыз керек.

Елдік, мемлекетшілдік рухта тəрбиеленген ұлт өркениетті даму жолы арқылы өзін өзгелерге мойындата алады. Елдік тəрбие кем болған уақыттың адамы ұлттық санадан алшақтайды. Елімізде тəуелсіздік алғаннан бері қазақы рух, ұлттық нышан қалыптасуы үшін көптеген нəтижелі шаруалар атқарылуда. Бүгінде елімізде ұлт болашағы жастар үшін əлемдік деңгейге сай білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Біздің ойымызша, ең алдымен қазақ баласының ана тілінде білім алуына, сонымен қатар білім мен байлықты қатар иеленудің жолдарын ұғындыру үшін барлық жағдайлар жасалып, ел жанашыры бола алатын зиялы қауым өкілін қалыптастыру қажет. Олай болмайынша ертең мемлекеттік қызметкерге өз тілін үйретіп, атаққұмарлық пен парақорлық секілді жат қасиеттерімен күресіп, тағы əуре боламыз. Бұл мəселелер төңірегінде де Алаш зиялылары құнды пікірлер айтады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдаланып үйренген, ноғайша оқығанда ноғай сөзінің жүйесіне дағдаланып үйренген. Қазақ сөздері алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, əрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін əр жұрт баласын əуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар əбден дағдыландығын кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше əуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз»[4] деп ұрпақтың ұлттық тəрбие алуының негізін айтса, Халел Досмұхамедұлы: «Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды»[2] деп тілдің сақталуы мен дамуының маңызды рөлін атап өтеді. Міржақып Дулатов «…Адамның алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық, бірақ біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бəрімізге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нəрсе біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз еді…»[2] — деп, қазақ зиялысының болмысын айқындайды.

Ұлттық идеологияның бірден-бір көрінісі, сипаты – ұлттық мемлекет дəрежесіндегі тілі болуы, ол тілінің құрметтелуі, заңмен қорғалуы. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің өсіп-өркендеуіне заңнамалық, құқықтық, технологиялық, іскерлік, ғылыми-əдістемелік жағынан барынша жағдай жасалған. Енді тілді тек үйретіп қана қоймай, алған білімдерін, үйренген дағдыларын тексеріп, деңгейлерін анықтап, қол жеткен нəтижелерін күнделікті өмірде пайдалану қажеттілігіне баса назар аудару керек. Бұл бағытта, қазақ тіліндегі білім берудегі артықшылықтарын нығайтып, көрсете білу керек. Халықты күні ертең қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тілге айналатынына сендіру қажет. Ол үшін қазақ балабақшаларының, оқу орындарының санын көбейтумен бірге білім берудің сапасын арттыра беру мақсатында ойлы, орайлы шаруалар атқаруды қолға алған абзал.Осыдан тəрбие-оқу орындарына арналған кітаптар шығару, уақыт талабына сай кинофильмдер, мультфильмдер, мультимедиалық бағдарламалар шығару мəселесі туындайды. Ең бастысы – ұлттық тіл ұлттық сананың, ұлттық намыстың жоғарылығына, оның қажеттілік деңгейіне байланысты екенін жадымыздан шығармауымыз қажет. Қазіргі таңда қазақ тілінің тағдыры қазақтың өз қолында. Тіл тағдыры көбіне-көп бұқараның белсенділігімен, биліктегі қазақ азаматтарының ұлтжандылық қасиеттерінің биіктігімен шешілетіні де дау туғызбайды Бұл салада мемлекет тарапынан жоспарлы жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Сондай-ақ шығармашылық қауым бүгінгі заманғы технологияларды пайдаланып, осындай қажетті өнімдер шығаруды жолға қойғаны дұрыс. Алаш қайраткерлері өз заманында сол дəуірге лайық көркем шығармалар тудырды, ақпарат құралдарын шығарды. Ал біз ХХІ ғасыр жетістіктерін пайдаланып, ақпараттық технологияның қазақ тіліндегі үлгілеріне бет бұруымыз керек.

Жалпы қоғамдық сананың жоғары руханилыққа, білімділікке қарай ұмтылуы, əрбір азаматтың сауатты да ақылды болуы əлеуметтік дүниедегі жетілуді, үйлесімділікті өркендете түсетініне ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ зиялылары үлкен мəн берген. Алаш қайраткерлерінің өміршең идеялары, негізгі мұраттары ұлт тəуелсіздігімен байланысты екенін көреміз. Елімізде бүгінде 130-дан астам этнос өмір сүреді. Осынша этностың басын біріктіретін күш – қазақ халқы. Ал халықтың күші де, байлығы да тілде. Барлық рухани, мəдени құндылықтарды сақтап, ұрпақтан ұрпаққа, ХХІ ғасырға аман алып жеткен ұлы құндылық – тіл, қасиетті қазақ тілі. Рух, сана тəуелсіздігін қалыптастыратын негіз – ана тіліміз, мемлекеттік тіліміз. Өйткені тіліміз – руханиятымыздың іргетасы, ұлттық болмысымыздың айнасы, қазақтығымыздың, Алаш ұрпағы екендігіміздің басты белгісі. Қазақ ағартушылары қаққан тəуелсіздік қоңырауының сарыны ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бостандық пен тəуелсіздікті, азаттық пен дербес дамуды аңсаған ұлт рухын шыңдаумен болды. Бізді бүгінгі тəуелсіз демократиялық ел болуға жеткізіп отырған да сол биік өршіл рух.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.