Аллергиялық ауруларды емдеу жолдары

Главная » Рефераттар » Аллергиялық ауруларды емдеу жолдары

Аллергиялық аурулардың  патогенезінде аллергиялық қабыну негізгі  рөл атқарады. Аса нәтижелі емге арнайы гипосенсибилизация – вакцинотерапия жатады. Бірақ бұл ем аурудың қозған кезінде қолданылмайды.  Сонымен  бірге гипосенсибилизацияны жүргізуге  көп қайшылықтар  бар және антиген  табылмаған жағдайда тағайындалмайды. Псевдоаллергиялық реакцияларда вакцинотерапия нәтижесіз. Сондықтан аллергиялық ауруларды басқа әдістермен жақсы емдеуге болады.

Көптеген дәрілердің емдік нәтижесі торша ішіндегі циклді аденозинмонофосфатқа (ЦАМФ) және циклді гуанозинмонофосфатқа (ЦГМФ) әсер етумен  жүреді. Торшалардың аллергенге төзімділігін көтеру торша ішіндегі  ЦАМФ -тың қорын көбейтумен және ЦГМФ-тың қорын азайтумен жүргізіледі. Аллергоздардың барлық емдеу тәсілдерін үшке бөледі: симптоматикалық емдеу әдістері, патогенетикалық әдістер, спецификалық гипосенсибилизация – вакцинотерапия.

Симптоматикалық емдеуді аурудың қозған кезінде тағайындайды. Аллергиялық қабынудың патофизиологиялық (клиникасы) көріністеріне бағытталады.

.

Патогенетикалық емдеу әдістері аллергиялық қабынудың негізгі патогенезінің иммунологиялық немесе патохимиялық фазасына бағытталады. Бұл емдер аурудың қозған кезінде (емдеу үшін) және ремиссия кезінде (профилактика үшін) тағайындалады. Арнайы емдеу жүргізілмеген жағдайда негізгі нәтижелі ем болып саналады. Көбінесе жоғарғы жүйке және эндокрин жүйесінің қалыпқа келтіретін, ағзаның арнайы емес реактивтігін төмендететін дәрілер жиі пайдаланылады.

Арнайы емдеу әдістері аллергиялық қабынудың иммунологиялық фазасына бағытталады. Бұл емдер нәтижелі болуымен бірге ауру қоздыруы, асқынулар беруі мүмкін. Сондықтан иммунотерапия тек қана аллергиялық кабинеттерде жүргізіледі.

.

Патогенетикалық емдеу дәрілері.

Бұл ем аллергиялық қабынудың көптеген патогенетикалық механизмдерінің біріне әсер етумен жүргізіледі.

Антимедиаторлық әсерлі дәрілер.

Аллергиялық реакциялар биологиялық белсенді заттардың (қабыну медиаторлары) шығуымен жүреді, көптеген медиаторлардың ішінде ең негізгісі гистамин. Бұған қарсы дәрілерді антигистаминдік препараттар дейді. Олардың саны 150-ден артық. Бұлардың бәрінің ағзадағы торшалардың гистамин рецепторларына туыстығы бар. Гистамин антагонистері болып саналып, «шок» мүшенің Н. рецепторларына байланысып гистаминнің және басқа медиаторлардың торшаға әсер етуін  тоқтатады. Антигистаминдік препараттардың баяу жүретін аллергиялық реакцияға әсері жоқ және «шок» мүшенің арнайы емес гиперреактивтілігін баспайды. Бұл препараттар гематоэнцефалиттік кедергіден өтіп седативтік әсер береді. Дәрілерді күніне 2-3 реттен, 5 күннен ұзаққа тағайындамайды. Жиі қолданылатын препараттар-димедрол, дипразин, фенкарол, димебон, бикарфен, перитол, супрастин, тавегил, лоратиден (АҚШ), азеластин (Жапония). Лоратиден, азеластин, диазолиннің седативті әсері нашар. Фенкарол гистаминазаны белсендіріп гистаминді ыдыратады. Пипольфеннің седативті әсері күшті және М-холинолитикалық әсері бар (түкірікті қойылтады). Пипольфен, дипразин және терилен ұзақ емдегенде торшаларды бұзып (цитотоксикалық әсер) гистаминнің шығуын көбейтеді.

Кейбір препараттар антисеротониндік (сандостен, перитол) немесе холинолитикалық (ипратрониум бромид, азатадин) белсенділікке ие. Кейінгі жылдары баяу реакция беретін субстанциясына қарсы әсері бар (диатилкарбамазин паомат) препараттар шықты. Антимедиаторлы препараттардың емдік әсері 30-70%, қанағаттанарлық. Аурудың қозуы 3-4 күн емдеуден соң басылып 1-2 айға дейін сақталады.

Гистамин жиі тағайындалып, көбінесе инъекциямен беріледі.

Гистамин Н-рецепторларын тітіркендіріп, жаттығуымен торша ішіндегі нуклеотидтерді – цАМФ-ты қалпына келтіреді. Гистамин тері ішіне 0,1 мл (10-7 ертіндегі) егіп, оған 0,1 мл-ден қосып отырады. Бронх демікпесін емдеуге гистамин ингаляциясы беріледі. Бастапқы дозасы 10-8 ертіндісінен, максимум – 10-4 концентрациясына жеткізеді.

Аллергиялық ауруларды гистаглобулинмен (гистамин+гаммаглобулин) егу антигистаминды антиденелердің шығуын қоздырып қандағы бос гистаминдерді байланыстырады, 15-20 күн емдегеннен кейін қанның гестаминопектикалық белсенділігі күшейіп, қанда плазмопексин көбейеді.

Гистаглобулин ремиссия кезінде 2 мл-ден тері астына 2 күннен 5 рет егіледі. Балаларға 0,1 мл-ден бастап, келесі жолы 0,1 мл-ден қосып 1 мл-ге дейін береді. Барлығы 10 рет. Емдік қасиет 6 айдан 1 жылға дейін сақталады.

Гистосератоглобулин жедел аллергияның көп медиаторларына әсер етеді. Тері астына арасы 4 күннен 2 мл егеді (бәрі 8 рет).

Мигренді, тағам аллергиясын, бронх демікпесінің серотонинді түрін емдеуге антисеротониндік дәрілер – дезерил (күніне 15 мг), периактин (тәулігіне 20 мг), стугерон (75 мг), бромлизергин қышқылының диэтиламиді (8 мг) қолданылады.

Антибрадикининдік дәрілер созылмалы, рецидивті есекжемді емдеуге (пармидин, ангинин, продектин, гливанол) 1-2 ай бойы қолданылады. Кинин жүйесінің ингибиторлары – антиферменттік препараттар: трасилол, контрикал, калликренин, плазмин. Бұған жататын эпсилон-аминокапрон қышқылын (тамшылатып 1% ерітіндісін 100 мл) және гепарин (5-10 мың өлшемін тері астына, қарынға), трасилолды (венаға 10 мың өлшем) есекжем қозған кезде тағайындайды.

Интал және задитен топтары мембрананы қалпына келтіреді. Интал суда  ериді, асқазан-ішектен денеге сіңбейді, жергілікті қолданылады. Торшаларда цАМФ-тың деңгейін көбейтіп  дегрануляция болдырмайды. Мес торшаларының мембранасын  тұрақтап гистаминнің босап шығуын тоқтатады. Мес торшаларының кальций каналдарының рецепторлары арқылы әсер етіп кальцийдің антагонисы болып саналады. Интал ағзаға 20 минуттен кейін әсер етіп, эффект 6 сағатқа созылады. Интал капсуласы 20 мг, тәулігіне 1-6 капсула тағайындалады. Мұрынға және бронх ішіне ингалятор, көз тамшысы (оптихром), асқазан-ішекке капсула арқылы беріледі. Айлап, жыл бойы пайдалануға болады. Балаларға 2 жастан асқанда ғана тағайындайды.

Задитен (кетотифен) гистаминге, серотонинге, ацетилхолинге қарсы белсенді. Гистаминнің рецепторымен байланысып гистаминнің шығуын бөгейді. Аллергиялық реакцияның бірінші түрінде (атопияда) нәтижелі. Мес торшаларының мембранасын тұрақтайды. Задитен лейкотриендердің және хемотаксисты факторлардың бөлінуін  азайтып, бронхтардың бета-адренергиялық рецепторларының сезімталдығын көтеріп, неспецификалық гиперреактивтілігін басады. Кетотифен- таблеткасы күніне 2 рет тағайындалады. Препарат өте жақсы көмектеседі, оны бір жылға дейін беруге болады. Балаларға 6 жастан асқанда ғана береді Интал мен задитенді бірге беру респираторлы аллергоздарда өте жақсы нәтижелі.

Кальцийдің-антагонистері. Бронхтардың бұлшық етінің жиырылуы, аллергиялық реакцияның медиаторларының торшалардан шығуы кальций иондарының торшаға түсуіне байланысты. Торшаларда белок-кальмодулин белсеніп медиаторларды шығарады. Кальцийдің «шок» мүшенің торшаларында көбеюі жалқықты шығарып, бронхтардың гиперреактивтілігін көтеріп науқастың физикалық жүктемеге шыдамдылығын азайтады. Кальций торшаларға кальцийдің каналдарымен кіреді. Кальций антагонистері торшаларға кальцийдің кіруін бөгейді. Олар – нифедипин, коринфар, адалат және верапамил. Күніне 1 таблеткадан 3 рет беріледі. Кальций антагонистері қан қысымын да төмендетеді. Препараттарды тіл астына да беруге болады. Кері әсерлері – бас ауруы және жүрек соғуы.

Вирустарға және микробтарға қарсы препараттар. Тыныс алу жолдарының аллергоздарында бактериалды немесе вирусты инфекциялардың қабынулары жиі. Кейде микроорганизмдер аллергоздардың дамуына немесе қозуына тіке қатысы болады. Эндотоксиндер псевдоаллерген болып гистаминдердің шығуына себеп. Аллергоздар ЖРВИ -дан кейін дамыса антивирусты препараттар (интерферон, ремантадин, рибавирин, ацикловир)  тағайындалады. Тыныс алу және асқорыту жолдарында саңырауқұлақтар инфекциясы болса нистатин және леворин (2-4 млн. өл/тәулігіне) таблеткалары беріледі. Респираторлы аллергозда осы дәрілердің натрий тұздарын аэрозоль түрінде қолданады. Басқада антимикотикалық препараттар (амфотерицин, амфоглюкамин, низорал, миконазол т.б.) бар.

Жергілікті (теріге, қынап ішіне) клотримазол қолданылады. Бактериалды инфекция дамыса сульфаниламидты препараттар (бисептол, бактрим, сульфадиметоксин) фолиев қышқылымен бірге беріледі.

Стафилококтарға қарсы нитрофурандар белсенді. Ағзада инфекция ошағы болса антибиотиктер берілуі керек.  Бұлшық етке берілетін антибиотиктер иммунокомпетентті торшалардың простагландин Е-ге сезімталдығын төмендетеді. Антибиотиктер лейкоциттердің фагоцитарлық белсенділігін басады, лимфоциттердің ДНК-ға репарациясын бұзады, жалпы иммуносупрессивті әсер етеді. Сондықтан антибиотиктерді инфекциялы-аллергиялық ауруларға тағайындалу принциптері  мынадай:

— аса жақсы нәтиже беретін антибиотикті таңдап, жеткілікті мөлшерімен 10 күннен артық беруге болмайды. Ауруларға аса көп аллергия беретін пенициллинді және екі антибиотиктерді қолданбау керек. Тетрациклиндер, левомицетин, стрептомицин — иммунодепрессанттар.  Макролиттер стафилококтерге әсер етіп, интоксикация және дисбактериоз бермейді.  Эритромицин, спирамицинді – жүктілік кезінде қолдануға болады. Фторхинолондар, цефалоспориндер, гентамицин жақсы нәтиже беріп жүр.

Табиғи антибактериалды препараттардан — хлорофиллипт (10% спирт ерітіндісін, физиологиялық ерітіндіге қосып 1:3), сарымсақ (аллисат), пияз (аллилчеп) экстрактісін (физиологиялық ерітіндіге 1:6 ретінде қосып) ингаляцияға қолданады. Антибактериалды препарат прополистың (18% ерітіндісін  96 гр. спиртте 10 тамшыдан, күніне 3 рет) ішуге және 1%- ерітіндісін ингаляцияға тағайындайды. Инфекцияның қозған кезінде интоксикацияны түсіру үшін гемодез, неогемодез, глюконеодез, энтеродез береді. Олар токсинді байланыстырып ағзадан шығарып жібереді. Қосалқы протозойлы  инфекцияларда (лямблиоз, трихоманиаз, амебиаз, лейшманиоз) метронидазол 5 күн бойы тағайындалады. Бұл препарат иммунитетті де көтереді.

Антиаллергиялық иммуноглобулин реагиндердің реакциясын басады, Ig G2 – нің, оның Fc-фрагментінің синтезін белсендіреді. Бұлшық етке 1 мл-ден аптасына 2 рет, барлығы 5 рет егеді.

Гормондар. Аллергиялық  аурулардың  патогенезінде  эндокриндік өзгерістер көп. Етеккір циклдің бұзылуы бронх демікпесінің ауыр ағымында кездеседі. Аллергоздарда қалқанша безінің гипер-немесе гипофункциясы байқалады. Бұларда коррекциялық емдер (прогестерон, метилтестостерон) тағайындау жақсы нәтиже береді.

Кортикостероидтер қабынуды басады: өткізушілікті азайтады, торшалардың мембранасын тұрақтандырады. Егер патогенез аутоаллергиялық фазасына көшсе (бронх демікпесі) глюкокортикоидтер эффект бермейді. Кортикостероидтер аллергиялық реакцияның жедел түрінің ақырғы кезеңіне және ІІІ-ІҮ- түріне жақсы әсер етеді. Кортикостероидтер антиденелердің шығуын антиген-антидене реакциясын басады, сезімталдығы жоғары лейкоциттердің “шок” мүшені зақымдауын бөгейді. Кортикостероидтер әсерінен науқас ағзасының торшаларының ядросы арнайы протеин-макрокортин синтездеп, ол аденилциклазаны белсендіреді. Аденилциклаза фосфолипаза А2 ферментін басып, арахидон қышқылының метаболиттерін (лейкотриендерді, простогландин F2) шығармай анафилаксия медиаторларының синтезін бөгейді және нысана-торшалардың рецепторларының цАМФ-қа сезімталдығын қалпына келтіреді. Кортикостероидтер қанда қан белоктарымен (транскортин, альбумин) байланысып айналымда жүреді. Кортикостероидтерді ішкенде бұл үрдіс 2-3 есе баяу жүреді: мөлшері аз-аздан ұзақ уақыт ағзаға тарайды. Препараттарды таңертең беру бүйрек үсті бездерінің зақымдануынан қорғайды. Кортикостероидтермен емдегенде бронх демікпесінде IgЕ бастапқы 2 аптада көбейеді, 3 аптадан кейін бастапқы деңгейіне келеді, тек 4 апта өткенде ғана төмендейді. Сөйтіп, кортикостероидтердің (КС) аллергоздардың арнайы гиперреактивтілігін төмендетуі аллергиялық аурулардың патогенезі мен клиникасының барлық звеносының әсер етуіне байланысты.

Глюкокортикоидтер қабынуды, аллергияны басады, десенсибилизация береді, олардың иммунодепрессивтік, шокқа қарсы, антитоксикалық қасиеттері бар. Иммунодепрессивті әсері иммуногенездің барлық звеносын басудан тұрады: дін және В-торшалардың миграциясын, Т- және В- торшалардың қарым-қатынасын басады. Кортикостероидтер макрофагтардың, лимфоциттердің, цитотоксиндердің (интерлейкин 1-2, интерферон-гамма) және эозинофильдердің қабыну медиаторларын шығаруын бөгейді, арахидон қышқылының метаболизмін төмендетеді.

КС-дың синтетикалық препараттары: преднизолон, метил-преднизолон, дексаметазон, триамцинолон, кеналог, беклометазон дипропионат, будесонид, ингакорт, флутиказон. Кейінгі төртеуін бронх демікпесінде ингаляцияға қолданады.

Кеналог –40, дипрофостың емдік әсері ұзаққа созылады (пролангированное). Кеналог-40 айына 1 рет, дипрофос 40 күнде 1 рет беріледі.  Препараттардың дозасы әрбір науқастың ерекшелігіне, ауруының ағымына, түріне байланысты алынады. Балаларға беру өте жауапты шара, әртүрлі препараттардың емдік әсері әртүрлі. Кейде тазарған синтетикалық препараттар (метилпреднизолон, дексаметазон) аллергияны емдеуде жақсы нәтиже береді. Емді ингаляциямен беруден бастайды.  КС-терді беруге жауапты қарау керек.

Глюкортикоидтермен емдегенде қанда кортизолрезистентті лимфоциттер пайда болып гормондардың концентрациясы көбейгенде резистентті лимфоциттер көбейіп оларға қарсы иммундық жауап дамиды. Сөйтіп кортизол резистентті лимфоциттердің саны иммундық жүйесінің белсенділігін көрсетеді және науқаста глюкокортикоидтық тәуелділік дамиды.  Кортикостероидтердің емдік әсері төмендеп, олардың жоғарғы мөлшерін ұзақ уақыт қолдану аутоиммунды үрдістің дамуына әкеледі. Ал, аутоиммунды ауруларда кортикостероидтер көмектеспейді, тек қана қабынуды басады. Мұндай жағдайда иммунодепрессанттарды бірге қолдану керек. Бүйрек үсті қыртыс қабатының жеткіліксіздігін қалпына келтіру үшін этимизол, глицерам, цинк-кортикотропин (АКТГ), синактен қолдануды ұйғарады. Бұл препараттармен емдегеннен кейін қанда Т-лимфоцит-супрессорларының деңгейі көтеріледі.

Аутоиммунды ауруларда ұлпадағы, торшалардағы процесті басатын (циклофосфан, меркаптопурин,  азотиопирин) дәрілер қолданылады. Цитостатиктерді аэрозоль түрінде қолдануда оның асқынулары болмайды.

Адреномиметиктер – АТФ пен цАМФ  нуклеотидтің синтезіне керек нысана-торшаларының бетта-2-адренорецепторларын белсендіріп, аденилатциклаза ферментін белсендіреді. Адреналин және эуфиллин тікелей әсер ететін адреномиметиктерге жатады; жазық бұлшық еттің спазмасын кетіреді, бұлшық еттердің қан тамырларын кеңейтеді, жүрек күшін күшейтіп соғуын жиілетеді, шырышты қабықтың және перифериялық қан тамырларын тарылтады. Бұл жағдай өкпенің қан жүруін, зат алмасуын бұзады. Сондықтан адреналинді бронх демікпесінде берудің қаупі болады. Адреналинді 1%-0,5 мл артық бермеу керек. Адреналинді қан тамырларын тарылту үшін сыртқа (тампонмен) қолданады. Эфедриннің кері әсері аз, сондықтан оны ішуге, ингаляцияға, бұлшық етке (5% ерітіндісін) тағайындайды. Балаларға тәулігіне 0,01-0,03 г береді. Бұл топтың препараттары кісіні қоздырып, ұйқыны бұзады.

Бетта-рецепторларының  стимуляторлары-орциприналин сульфат, изадрин. Оларды ингаляцияға 4-5 жастан бастап пайдаланады. Өте нәтижелі бронхолитик, фенотеролгидробромид-беротек аэрозолы 8 сағатқа дейін спазмды болдырмайды. Кейінгі жылдары пайда болған аэрозоль “дитек”-тің құрамында беротек және ингал бар. Ингал бронх демікпесінің қозуында басады.

Холинолитиктер. М-холинолитиктер (атропин, ипратропиум-бромид,  меңдуана препараттары,  теофедрин, антасман, солутан) торшалардың М-холинорецепторларына блокада жасап цГМФ синтезін басып мес торшаларының дегрануляциясын азайтады. Бұлардың кері әсері түкірікті қойылтады, ішектің атониясын, тахикардия береді, қарашықты кеңейтеді. Ипратропиум-бромидті ингаляцияға қолданады, беродул жақсы көмектеседі, өйткені М-холинолитик+бета-адреномиметиктен тұрады.

Пурин қосындылары. Теофиллин-диметилді ксантин, теоброминге ұқсас. Ол спазмолитик және антиаллергиялық дәрі: қан торшаларында цАМФ-ты (ПГТ2) және бронхтардың гистаминге, ацетилхолинге сезімталдығын төмендетеді. Балаларға 14 жасқа дейін теофиллин берілмейді.

Муколитикалық дәрілер. Тыныс алу жолдарының ауруларында және қою қақырықты секрециясында тиімді. Ацетилцистеин (10% ерітіндісі) ингаляциясы жақсы. Тахоликвин (1%), ұйқы безінің препараттарын (трипсин, химотрипсин) тағайындайды.

Альфа-антитрипсиннің тапшылығында ферменттерді әсіресе трипсинді беруге болмайды, өйткені брадикиннің белсенділігі пайда болады.

Патогенетикалық дәрісіз емдеу.

Гемосорбциядан кейін иммунитет көрсеткіштері өзгереді, дәрі шок-мүшелерге әсер ете бастайды, гиперсезімталдық төмендейді.

Гемосорбцияя өткен соң 3 күннен кейін айналымдағы иммундық комплекстер азаяды, фагоцитоз күшейеді, аутоантиденелер және иммуносупрессорлы лимфоциттер, кортизолрезистентті лимфоциттерде азаяды. Гемосорбцияны жүкті әйелдерге, созылмалы инфекцияның қозған кезінде, асқазанның және ұлтабардың жарасында, тромбоз ауруында, астматикалық статуста, гипертонияда жүргізуге болмайды.

Плазмоферез, лимфоцитоферез. Плазмоферез қаннан антиденелерді, киллер-торшаларды, айналымдағы иммундық комплекстерді, патологиялық белоктарды тазартады. Асқынулары тромбоз дамуымен, өкпенің ісінуімен және жедел өкпе-жүрек жеткіліксіздігімен болатын кісі өліміне (1%) байланысты.

Лимфоцитоферез – антигенге сенсибилизациясы бар және кортикорезистентті лимфоциттерден тазартады.

Экстракорпоральды иммуносорбция – ағзадан реагиндерді 85%-IgE-ді шығарып, тазартады.

Экстракорпоральды иммунофармокотерапия. Науқастан алған қанды рентген сәулесінде 200-1000 Грей ұстағаннан кейін қайтадан қанға құяды. ДНК белсеніп, лимфо-монокиндер шығып, науқастың жалпы жағдайы жақсарады. Аптасына 1 реттен 8 сеанс (Изольда аппаратында МД 73) өтеді.

Стационарда емделгеннен кейін науқас шипажайда реабилитация өтеді. Бронх демікпесінің инфекциялы-аллергиялық түрінде Алма-Арасан, Ыстық-көл, теңіз жағасындағы шипажайлар (санаториялар) жақсы көмектеседі.

Психотерапия, емдеу дене шынықтыру, иглорефлексотерапия, диета (тұзсыз, ашығу-су ғана ішіп) дәрігердің бақылауымен жүргізілсе жақсы нәтиже береді.

Спецификалық  емдеу.

Спецификалық емдеуді Ресейде 1 рет (гипосенсибилизацияны) А.М. Безредко (1911) қолданған. А.Д. Адоның сөзімен-аллергиялық аурулардың спецификалық гипосенсибилизациясының емдеу негізгі иммунологиялық механизм мен аллергендерді блокадаға ұшырататын антиденелердің (IgG) түзілуі.

Гипосенсибилизацияның механизмдері:

— блокада беретін антиденелердің түзілуі (IgG)

— реагендердің синтезінің азаюы (IgЕ)

— қан нейтрофилдерінің фагоцитозының күшеюі

— иммунды комплекстердің көбеюі

— нысана — торшалардың антигенге жауабы төмендейді

— Т-супрессордың белсенділігінің жеткіліксіздігінің қалыпқа келуі.

Аллергиялық кабинеттің жұмысына орта есеппен 280 емдік аллерген керек.

Иммунотерапия. Гипосенсибилизация — аллергендерді кіргізіп жоғарғы сезімталдықты төмендетеді. Оны десенсибилизация дейді. Толық десенсибилизацияға жету қиын, сондықтан гипосенсибилизация  емі  деп атайды, сенсибилизация беретін аллергендердің мөлшерін біртіндеп көбейтіп төзімділік беретін мөлшеріне дейін көтеріп емдейді.

Аллерген элиминациясы – ауру аллергенмен қатынаста болмайтын жағдайда жүргізіледі. Науқаста аллергені жоқ палатаға орналастырады. Ауа Петрянов фильтрімен кіреді.  Ауру осындай палатада сыртқы ортадағы аллергендер жоғалып кеткенше болады. Мысалы: поллинозда – жаз бойы. Төзімділік 15-20 апта бойы емдегенде пайда болады. Көп жағдайда 3 курс өткізеді. Субпорогты мөлшерінен бастап, әрбір келесі мөлшеріне 0,2 мл қосып отырады.  Гипосенсибиляцияның  ақырғы мөлшері ауру көтере алған максимальды мөлшерімен бітеді. Соңғы мөлшеріне көбінесе аллергеннің таза өзін беруге дейін көтереді. Аллергенді тері ішіне беру, тері астына егумен –салыстырғанда жақсы көмектеседі.

Тозаңды аллергендермен егуді сол аллергенді беретін өсімдіктердің гүлденуіне дейін жүргізеді.

Иммунотерапияның нәтижесін 5 балдық шкаламен бағалайды. өте жақсы (5) нәтиже емдеу біткенде ешқандай шағым жоқ, аурудың көріністері толық жоғалған.

Жақсы (4) симптомдары 50%-ке, науқастың шағымдары 2-3 есе азайған, IgG  анық көбейген. Науқас симптоматикалық ем алып, жұмыс істеуге қабілеті болады. Баға (3) қойғанда, аурудың шағымдары шамалы ғана азайған, иммунологиялық көрінісі және сезімталдығы өзгермеген.

Баға (2) – ешқандай өзгеріс болмаған;

Баға (1) – жаңа шағымдары бар, ауру қозған, иммунологиялық көрсеткіштері төмендеген.

Гипосенсибилизацияны дұрыс жүргізу 80% жақсы нәтиже береді.

Таблетка-аллергендер (оральды әдіс) ішекті белсендіріп, жалпы денеге әсер етеді. Тіл астына берілетін антигендер бар. Балаларға арналған антигенді “глицал” дейді. Шетелде бактериалды вакцинамен (“Бронхо-Ваксон” ) оральды жолмен 1 ай бойы емдейді.

Аллерген қантқа тамызылып ауыз қуысында сорылғанда бадамша бездеріне сіңеді.

Респираторлы аллергоздардың нәтижелі емі аллергенді аэрозольды әдіспен кіргізу. Дымқыл аэрозольдарды РДЖ-4 м, АИ-1 аппараттарымен кіргізеді. Құрғақ аэрозольдарды тыныс жолдарының төменгі жолдарына беру үшін инсуфлятор жүйесін (А.И. Герасимов) және спинкалер (Югославия) қолданады. Мұрын қуысына ингалятор (Фай шонс Англия) пайдалы. Кейбір  дәрілерді аэрозольды баллондармен (бенламетазон, беротек) кіргізеді. Дәрілер тыныс алу жолдарына жақсы әсер етеді, асқазанмен салыстырғанда денеге 20 есе жылдам сіңеді.

Аллергеннің тыныс алу жолына түсуі жергілікті гипосенсибилизацияға әкеледі, фагоцитозды белсендіреді, өкпе иммуногенезі де белсенеді. Антигендер аймақтық лимфа түйіндеріне кіріп, блоктың антиденелері шығады. Иммуноглобуллин А  дем алу жолдарындағы қабынуды болдырмайды, ал IgG қабынуды жояды. Жалпы иммунды реакция да белсенеді. Т-супрессорлар белсеніп, Т-лимфоциттердің торшаларына әсері азайып шырышты секрет пен гистаминнің  шығуы тоқтайды. Антигендер көлемі 30-50 мк болса мұрынның шырышты қабығында шөгеді, 5-15 мк — бронхтарға жетеді. Ингаляцияны күн сайын кейде күніне 2 рет жүргізеді.

Ринитті емдеу үшін дозатор РДЖ-4 м, жұтқыншақ пен ірі бронхтар үшін АИ-1, ПАИ-2, альвеолалар мен кіші бронхтар үшін TUR-USI-50 қолданылады. Гипосенсибилизацияны 1 жыл өткен соң ғана қайталайды. 3 курс ем өткен соң 2-3 жылға үзіліс істейді. Емнің жақсы болмауы аллергенді дұрыс анықтай алмауға немесе науқаста қосымша ауру болуына байланысты.

Аллергиялық ринитте – аллергенді мұрын ішіне, ларингит пен трахеитте-ауыз қуысына, конъюнктивитте — көзге, отитте – құлаққа, бронх демікпесінде – бронхтарға жібереді.

Аллергеннің жаңа түрі (аллергоидтар) IgЕ байланыспай-ақ олардың синтезін басады.

Иммунотерапия гиперсезімталдықтың І және ІҮ түрінде жақсы нәтиже береді. Вазомоторлы ринитте, эндогендік бронх демікпесінде, аллергиялық емес есекжемде иммунологиялық емдеудің керегі жоқ.

Спецификалық ем мына аллергоздарда жүргізіледі: бронх демікпесі, жоғары дем алу жолдарының аллергиялық ауруларында, есекжем, Квинке ісігінде, аллергиялық дерматиттерде. Арнайы ем аллергендерді басқа жолмен денеден арылта алмайтын жағдайлар да ғана (мыс: поллинозда басқа жерге көшіп кету, тағам аллергиясында аллерген-тағамды ішпеу) қолданылады. Кәсіби аллергозда жұмыс орнын ауыстыруда көмектеседі.

Спецификалық емді жүргізуге болмайтын жағдайлар: психикалық ауру, бауыр және бүйрек аурулары, туберкулез, қант диабеті, тиреотоксикоз, ревматизм, коронакардиосклероз (декомпенсация), өкпе-жүрек жетіспеушілігінің ІІ-ІІІ сатысында, өкпе эмфиземасы.

Спецификалық емнің жақсы көмектеспейтін жайттары: аутоиммунды аурулар,  әртүрлі созылмалы қосалқы аурулардың бары (созылмалы тонзиллит, бронхоэктаздар, остеомиелит), гипертония ауруы, кортикостероидты ұзақ қолданғаннан кейін, аспирин демікпесі т.б.

Спецификалық емде титрование жүргізіп бастапқы аллергеннің дозасын анықтайды. Бұл өте қиын жұмыс. В.С. Машкевич (1992) әртүрлі аллергендердің тері сынамасымен бастапқы емдеу дозасының ертінділерін анықтаған:

1) тұрмыстық аллергендер (+++) – 10-5, (+++) – 10-6

2) эпидермальды аллергендер  (+++) – 10-5 (+++) – 10-7

3) бактериальды аллергендер  (+++) – 10-5 (+++) – 10-8

4) саңырауқұлақтар (+++) – 10-5 (+++) – 10-7

5) тозаңды аллергендер: шалғынды шөптер (+++) –10-7 (++++) -10-9; арам шөптер (+++) – 10-9 (++++) –10-11

Аллергендердің әр түріне, тері сынамасының көрсеткіштеріне қарай аллергендердің мөлшерін көтеру немесе төмендету керек. Тері сынамасы тым жоғары болса, соғұрлым басталу мөлшері төмен болады. Бронх шырышты қабығына аэрозольды аллергендердің бастапқы мөлшері: тұрмыстық және эпидермальдық – 10-2  бактериальды – 10-3.

Мұрын шырышты қабығына аэрозольды антигендер мөлшері: тұрмыстық және эпидермальдық – 10-5 бактериальды – 10-6 тозаңдық –10-8 саңырауқұлақтық– 10-5. Кейде спецификалық ем аллергиялық реакциямен жүреді. Бұл басталу мөлшерінің жоғары болуына байланысты. Дұрыс анықтаған басталу мөлшері аллергиялық реакция бермеуі керек. Жергілікті реакциялар болуы мүмкін (12-75%). Спецификалық емде антигистаминді ем қолданбайды. Кейде интал беріп аллергиялық реакцияның алдын-алуға болады (Мошкевич).

Бактериалды емес аллергендермен емдеудің асқынулары:

  1. Жергілікті жедел реакциясы. Аллерген еккеннен кейін 15-20 мин. өткенде аллерген кірген жерде, қызару, ісік, қышу пайда болады. Реакцияның жеңіл түрінде антигистаминдік дәрінің бір таблеткасын беру жеткілікті. Егер иықта үлкен ісік болса 2,5% пипольфеннің 1 мл немесе 1 мл димедрол егеді. Реакция қайтқан соң аллергеннің мөлшерін көбейтпей, қайталайды немесе оның алдындағы мөлшерін қайта береді. Емдеуді тоқтатпайды.
  2. Шок мүшенің реакциясы – аурудың қозуымен сипатталады. Арнайы емді ауру жазылғанша тоқтатады және гипосенсибилизацияны алдыңғы мөлшерден бастайды. Егер реакция тым анық болса емдеудің басқа схемасына көшу керек.
  3. Басқа мүшелердің реакциялары. Жүрек тұсы және аяқ-қолдың ауыруы, қан қысымының жоғарылауы немесе төмендеуі, вегетативтік бұзылыстар, шеткі қан тамырларының, жүйкелердің, бастың қан тамырларының бұзылыстары байқалады. Кейде аллергиялық дерматиттер, аяқ-қолдың ісінуі болады. Спецификалық ем науқас толық жазылғанша тоқтатылады. Иммунологиялық және клиникалық зерттеуден кейін ғана арнайы емді жеңілдетіп жүргізуге болады. Егерде жалпы реакция қайталанса арнайы емді мүлде тоқтату керек.
  4. Жалпы реакция-беті қызарып, денесі қызып, жөтеліп, кеудесі қысылып, қан қысымы төмендеп, тахикардиямен сипатталады. Жалпы реакция анафилактикалық шокпен өтуі мүмкін.

Аллергоздардың профилактикасы: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арнайы реабилитация шараларын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөледі.

Аллергоздардың профилактикасы біріншілік және екіншілік болып бөлінеді. Біріншілік  істерге өндірісте, оның ішінде медициналық жұмыстарда, кәсіби зияндықтарды болдырмау шаралары жатады. Бұған жеке кісінің денсаулығын сақтау, темекі тартпауы да кіреді. Екіншілік профилактика-ауруларды емдеу, диспансерлік бақылау, сауықтыру, аллергиялық кабинеттер ашу.

.

Поллиноздың профилактикасы арам шөптерді құрту, үйде тазалық сақтау. Тағам аллергиясы – тағам аллергендерін ішпеу (шоколад, цитрусты жемістер).

Ауруларға химиялық заттармен қатынаста болмаудың да маңызы бар.

Барлық аурулар дене шынықтырып, емдеу жаттығуларымен шұғылдану керек.