«ҚАМБАР БАТЫР» ЖЫРЫ ТУРАЛЫ

Главная » Рефераттар » «ҚАМБАР БАТЫР» ЖЫРЫ ТУРАЛЫ

Қазақ халқының көп вариантты, кең тараған және кеңестік кезеңдегі солақай сыннан аман қалып, көп зерттелген «Қамбар батыр» жыры алғаш қағазға түсіп, жариялануы «Киргизская степь Оренбургского ведомcтва» (СПб., 1865, құрастырған Л.Мейер) атты кітапта баяндалған жырдың қысқаша мазмұнынан — халықтың жыр оқиғасын ңалмақ билігінен азат етумен байланыстыратындығы жайлы хабардан бастау алады. В.Карлсон 1906 жылы жарияланған «Қырғыз (қазақ) халық ақындары архив комиссиясында» атты мақаласында Орынбор облысы, Орал уезі, Жиренңопа болысынан келген жыршылар Қазақпай мен Көшелектің басқа жырлармен қатар «Қамбар» жырын да орындағаны туралы мәлімет келтіреді. Жырды жинау, зерттеу жұмыстары жариялануымен қатар жүрген. Мысалы, жырдың 1888 жылы У.Тухфатуллин деген татар азаматы Зайсан өңірінен жазып алған нүсқасын Қазандағы Университет баспаханасынан «Қисса Қамбар» деген атпен жарияласа, 1903 жылы бүл эпос Қазанда ағайынды Каримовтер баспаханасынан «Тоқеан үйлі тобыр» деген атпен жарық көрген (баспаға дайындаушысы көрсетілмеген). Жыр жарияланымдарының ішінде 1890 жылы Санкт-Петербург қаласында басылған «Түрік хрестоматиясы» жинағында (3-том, 2-бөлім) «Қамбар баһадүрдің жыры» атты белгілі шығыстанушы И.Н.Березин жариялаған нұсқасы мен 1922 жылы Тәшкенде этнограф ғалым Ә.Диваев баспаға дайындаған «Қамбар батыр» нүсқаларының мәні зор.
Қазақ ғалымдарының ішінде «Қамбар батыр» жайлы алғаш ғылыми ой-тұжырымдар түйіндеген М.О.Әуезовтің жырдың өзге эпос үлгілерінен ерекшелігі, ондағы образдар жүйесі, оқиғалардағы көпқабаттылық (полистадиялың) туралы ой қорытындыларының өз кезеңі үшін де, бүгінгі күні де құны жоғары. Ғалым 1927 жылы Қызылордада басылған «Әдебиет тарихы» атты оқулығының «Батырлар әңгімесі» аттытарауында кіші батырлар санатында «Қамбар батыр» жырына тоқталады. Зерттеуші сол кездегі еуропалық ғылыми мектептерде қалыптасқан дағды бойынша қазақ қаһармандық эпосын «аға батырлар», «іні батырлар» деп жіктеген. Ұлы батырларға Едіге, Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Сайын мен Нәрікұлы Шора батырды, ал кіші батырларға Қамбар мен Алпамыс батырды жатқызады. М.О.Әуезов Қамбарды «кіші батырлар» санатына жатқыза отырып, батыр образының жасалымындағы өзіндік ерекшелікті былайша сипаттайды: «Біздің батырлардың бір алуаны — аңшыдан шыққан батырлар. Бұл батыр да ертерек мезгілдің адамы болады. Тарихи кезіне қарағанда, Қамбар ұлы батыр».
М.Әуезовтің жырдың негізгі тақырыбы жөніндегі ғылыми пікірлері екі түрлі тұрғыда көрініс табады. Жыр оқиғалары шиеленісуінің шарықтау шегі — қалмақ ханының Назым қызды тартып алмақ болуы. Сол эпизод жаумен арадағы соғыс ел мен жер үшін емес, қалыңдық үшін күрес екенін аңдатады. «Сондықтан бұл әңгіменің тізілуі берірек заманда болғандығын білдіреді», — деген тұжырым жасайды. Жырдың рулық-тайпалық дәуірде туа бастағанымен, онда бір кезеңнің емес, бірнеше дәуірдің оқиғалары көрініс беретініне көңіл аударды. Ол кейінгі зерттеулерінде «Қамбар бір қыздың төңірегінде, Назым үшін жаумен соғысты» деген пікірін қайта қарап, батырдың жер үшін, ел намысы жолында қалмақпен шайқасқандығына ерекше мән береді. 1937 жылы орта және орталау мектептің 6-сыныбы үшін М.Әуезов құрастырған «Әдебиет хрестоматиясында» Ә.Диваев нұсқасынан үзінді жарияланып, жырдың мазмұнына, түр ерекшелігіне қысқаша түсінік берілген. Хрестоматия түзетіліп, толықтырылып, 1938 жылы қайта басылған.
Жыр жөнінде фольклордың өз заңдылығын ескермей, оған саяси тұрғыдан баға беру әсерінен сыңаржақ айтылған пікірлердің жырдың зерттелу тарихнамасында өзіндік орны бар. С.Сейфуллин «Қамбарды ағайынның аш-арығына қайырымшыл, құрбыға, үлкенге кішіпейіл, кедейден шыққан батыр», «Қамбар билер дәуіріндегі үстем таптың санасынан аса алмайды», — дейді. Эпостағы соғыс жөнінде «Ноғайлы заманынан бергі қазақ пен қалмақтың күрес тарихынан хабардар етеді» деп дұрыс жорамал жасайды. С.Сейфуллин өзінің жоғары оқу орнына арналған «Қазақ әдебиеті» атты оқулығында «Қамбар батыр» жырын 1922 жылғы Диваев бастырған нұсқа негізінде талдайды және сол мәтінді «Батырлар жырларының жинағында» жариялайды.
Фольклорлық мұралардан тарихтың дәл көшірмесін іздеу үрдісі «Алпамыс, Қамбар тағы басқалар туралы тарихта ешбір дерек жоқ. Оған қарағанда, бұлардың ойдан шығарылуы да мүмкін» дейтін пікірлерді туғызған. Жыр жайында С.Мұқанов эпостың тәрбиелік мәні мен композициялық ерекшелігі жөнінде пікір білдіріп, жырдың тарихи негізін шежірелерден іздейді. Ол жырдың Ә.Диваев нұсқасын өзі құрастырған «Батырлар жыры» атты жинаққа енгізді. Ә.Марғұлан жырлардың шығу төркіні мен тарихпен байланысына көңіл аударып, қазақ қаһармандық эпосын бес дәуірге бөліп, «Қамбар батыр» жырын үшінші — Ноғайлы дәуіріне — Жошы ұлысының ыдырауы мен өзара қырқысқан соғыстарды бейнелейтін екінші кезеңіне жатқызса [8, 81], Ә.Қоңыратбаев қазақ эпосын он салаға бөліп, «Қамбар» жырын үшінші — тайпалық эпос тобына жатқызады [9,18]. Орыс зерттеушісі А.С.Орлов жырды орыс былиналарымен салыстырады. 1948 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихының» батырлар жыры туралы тарауында Қ.Жұмалиев «Қамбар батыр» атты мақалада жырдың бас кейіпкерінің аңшылығын жырдың басты ерекшелігі ретінде сипаттап, фольклортану тұрғысынан сараптады, бұл туындының композициялық, тілдік ерекшеліктеріне талдау жасады. Кейін 1958 жылы ғалым бұл мәселеге «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» атты еңбегінде арнайы тоқталып, күйеу таңдаудың көне мотив екенін дәлелдейді. Кеңестік әміршілдік жүйенің әдебиет пен мәдениетті өз құрсауында, белгілі бір шеңбер аясында ұстауға тырысқан саясатының кесірі қазақ эпосына да кері әсерін тигізді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтарындағы «ҚазКСР ҒА-ның Тіл және әдебиет инсти-туты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» деген қаулысында М.О.Әуезовтің басшылығымен жазылған «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының алғашқы редакциясы қатты сынға алынып, халқымыздың эпостық мұрасы таптық тұрғыдан сұрыпталды. Осы саяси науқанның жалғасы 1953 жылғы Қазақ ССР ҒА-ның Президиумы ұйымдастырған эпос жөніндегі пікірсайыс қорытындысынан соң «Қамбар батыр» мен «Ер Тарғын» жырынан басқа эпос үлгілері мансұқталды [13, 112]. «Қамбар батыр» жыры халықтың пайдалануына «жарамды» деп танылғанымен, жырдың көркемдік қуаты мен жанрлық бітіміне, образдар жүйесіне ғылыми тұрғыдан талдау жасалмады, ондағы әлеуметтік астар мен таптық жік қана негізге алынды. Осы тұстағы М.Ғабдуллиннің және Н.С.Смирнованың мақалалары басқа жырларды қарастырған зерттеушілердің кемшілігін көрсетуге, ал «Қамбар» жырын дәріптеуге арналды. М.Ғабдуллин жазған оқулықтар мен оқу құралдарында тек бір ғана жыр зерттеу нысанына алынды. М.Ғабдуллиннің «жырдың барлық варианттарын тұтас қарастыру» туралы пікірлері іске аспады, қайта қатты сынға ұшырады. Н.С.Смирнованың «Қамбар батыр» жырының негізгі кейіпкерлерін әлеуметтік тұрғыдан ғана талдайтын еңбегінен кейін Мейер (1865) оқиғасын орысша баяндаған жыр сюжетінен басқасы назардан тыс қалды.
1956 жылғы «Алпамыс» (өзбек варианты) жөніндегі Тәшкенде өткен республикааралық кеңес және 1958 жылғы Мәскеуде өткен СССР халықтары эпосын жинау, бастырып шығару және оны тыңғылықты зерттеу мәселелеріне арналған Бүкілодақтың кеңес жұмысынан кейін эпостық мұраға деген көзқарас біршама жұмсарды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1957 жылғы қаулысындағы көне мұраларды жинау, зерттеу, әділ бағалау туралы нұсқаулардың оң ықпалы болды. Жинау, іздестіру, жариялау жұмыстарының қарқын алуының нәтижесінде зерттеуші М. Ғұмарова «Қисса Қамбар» жырының 1888 жылғы басылымын тауып, оның осындай мазмұнды варианттардың негізі екендігін анықтаған. Осыдан соң «Қамбар батыр» жыры жайлы тың деректер мен мол мағлұматтар берген ғалымдардың ой-пікірлері жарық көрді. 1959 жылы жырдың ғылыми басылымы (Ред. басқ. М.О.Әуезов және Н.С.Смирнова. Басылымды дайындағандар: Н.С.Смирнова мен М.Ғұмарова) жарық көрді. Жырдың төрт нұсқасы (Ә.Диваев, Б.Мұқамбаев, «Тоқсан үйлі тобыр» және Р.Мәзқожаев нұсқалары) мен ертегілік нұсқасы және олардың орыс тіліндегі аудармасы дайындалып, қосымшада жырдың негізгі нұсқалары туралы Н.С.Смирнованың көлемді мақаласы, түсініктер мен әр түрлі нұсқаларындағы өзгерістер (разночтения) және «Қамбар батыр» күйі, осы жырдың ноталық жазбалары берілді.
1959 жылғы «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты ғылыми-теориялық конференцияда Т.Сыдықов «Қамбар батыр» жырының 17 нұсқасы жиналғаны туралы мәлімет берсе, осы конференцияда мәскеулік ғалым В.М.Сидельников: «Вся работа была сосредоточена вокруг семи богатырей, и особенно Камбара. Большей частью велась работа по подготовке текстов эпоса к публикации. Не было углубленного рассмотрения эпоса. Надо познакомить читателя со всем эпическим богатством казахского народа», — деп сын айтты. Орта және жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтары мен оқу құралдарында, педучилище мен жоғарғы мектеп бағдарламаларында жырдың Ә.Диваев варианты қарастырылып, хрестоматияларда жарияланды. 1960 жылы жарияланған «Қазақ әдебиетінің тарихындағы» (1-том, 1-кітап) «Қамбар батыр» жыры туралы тарауды жазған Н.С.Смирнова мен М.Ғұмарова Ә.Диваев нұсқасын негізге алып, өзге нұсқалар жөнінде де пікір білдірді. Өзге де батырлық жырларды талдау барысында ғалымдар «Қамбар батырға» көңіл аударып отырды. 1961 жылы баспадан шыққан «Алпамыс батыр» жырының ғылыми басылымына жазған түсінікте Н.С.Смирнова екі жырды салыстырады, М.Ғабдуллин мен Қ.Жұмалиев 1958 жылғы «Қазақ эпосы» жинағының және 1963 жылғы «Батырлар жырының» I томының алғы сөзінде, 1958 жылы жарияланған «Қазақ эпосы туралы» атты бірлесе жазған мақалаларында, М.Ғабдуллин мен Т.Сыдықовтың 1968 жылы жарық көрген «История казахской литературы» атты ұжымдық монографиядағы жырға арнап жазған тарауында, 1972 жылғы «Қазақ халқының батырлық жыры» атты еңбегінде «Қамбар» жырының бұрын жарық көрмеген өзге варианттары да сөз болады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.