Андроновшылар шаруашылығы

Главная » Рефераттар » Андроновшылар шаруашылығы

Андроновшылар тіршілігінде мал өсіру бəрінен де маңызды рөл атқарған. Олардың негізгі  малы — қой, сиыр, жылқы болды. Андронов тайпалары тұңғыш рет қысты күні малды қолда ұстау дəстүрін енгізді. Тұрғын үйлерге жалғастырыла мал қоралары салынған. Олар қос өркешті-бактриан түйелерін өсірген. Түйе бейнелері жартастарға салынған. Ерте жəне орта қола кезеңдерінде, яғни б.з. дейінгі І мыңжылдықтың басында андроновшылар отырықшы болған. Олар аралас шаруашылықпен шұғылданып, егін егіп, мал өсірген. Соңғысы үй іргесінің шаруасы саналған. Мал өсірудің мұндай түрінен жайылым тез тозған. Сондықтан мал ұстаудың жаңа түрлері мен тəсілдері қажет болды. Кейіннен мал өсірудің жайлаулық тəсілі, яғни жартылай көшпелі мал шаруашылығы өмірге келді. Сөйтіп, үй іргесіндегіден — жайлауға көшу, отарлы, яғни жартылай көшпелі, сосын көшпелі мал шаруашылығы туады. Бұл дала мен шөл жайылымдарын тиімді пайдалануға жəрдемін тигізді. Көшпелі жəне жартылай көшпелі мал шаруашылығына өтуге байланысты бірте-бірте мал құрамы да өзгере түседі: ірі қараның саны кеміп, қой мен жылқы саны көбейе түседі. Андронов тайпаларының тіршілігінде теселі егіншілік болған. Олар негізінен бидай, қарабидай жəне тары өсірді.

Қола дəуірінде кен өндіріп балқыту ісі орасан зор көлемде жүргізілген. Мысалы, Жезқазған өңірінде 100 мың тонна мыс қорытылған, ал Успен руднигінде 200 мың тонна кен өндірілген. Ежелгі кеншілер жұмсақ кенді қайламен омыру арқылы, қатты, тығыз кенді отпен уату арқылы жəне сонымен қатар үңгіп қазу арқылы өндірген. Отпен уату тəсілі бойынша — кен өзегінің үстіне от жағылып, əбден қызған кезде су құйып, жарықшақтарға бөлген. Уақталған руданы қонысқа əкеліп, арнаулы пештерге салып балқытқан, ондай пештер қалдықтары Атасу, Суықбұлақ қоныстарынан, Қанай ауылының қасынан табылды. Метал балқытатын шеберханалар орны Мало-Красноярск, Алексеевка, Никольское, Петровка ІІ-де бар екені мəлім болды. Метал балқытумен бірге андроновшылар оны шыңдау, шекімелеу жəне қыспалау əдістерін білген. Алтын фольгамен оралған қоладан олар сырғалар, алқалар, білезіктер жасаған.

Андроновтық тайпалар үй кəсіпшілігінде қыш ыдыстар жасаған. Қазақстанның далалары мен таулы алқаптарында əрбір отбасы ыдыс-аяқтарын өздері жасаған. Əйелдер саз балшықты əзірлеп, одан ыдыс-аяқ істеп, оларды ошақтағы отқа, кейде таспен қоршалған шұңқырға от жағып сонда күйдірген. Б.з. дейінгі ХVІІ—ХVІ ғғ. аяқ- табақтар белгілі бір тоқылған мата қалыпқа салынып істелген. Қыш ыдыстар геометриялық ою-өрнектермен əсемделген. Бұл өрнектер байлық пен молшылықты, тіл мен көзден сақтау белгісін жəне ыдыс ішіндегі затты білдірген.

.
.

Андроновтықтардың баспанасы жертөле мен жартылай жер бетіндегі үйлер болған. Бөлмелерді жылыту үшін тастан қаланған пештер қолданылған, отын есебінде ағаш, тезек жаққан. Кейінгі қола дəуірінде Орталық Қазақстанда көп бөлмелі жер бетіндегі үйлерді ауыр дөңбек тастардан салатын болған. Мұндай көлемі үлкен үйлер Бұғылы, Ақбауыр қоныстарын қазған кезде кездесті. Осындай үлкен үйлер қоғамдық жиындар өткізетін, діни ғұрыптарды атқаратын жəне үлкен отбасы мекендейтін орын болып есептелген.

Андроновшылардың қоғамдық құрылысы. Қола дəуірінде мал шаруашылығы мен металлургияның жедел дамуы ерлердің еңбегін көп қажет еткендіктен қоғамда ер адамдар рөлі жоғарылап, аталық отбасылық қатынас орнады, аналық ру орнына аталық ру келді. Андроновтықтар қоғамында барлық істі халық жиналысы шешіп отырды: ру басшыларын сайлау, айыптыларды ел алдында жазалау жəне т.б. Жоғарыда айтқанымыздай андроновшылар үлкен үйде үлкен отбасылық қауым болып өмір сүрген жəне бірге тұрып, бəріне ортақ шаруаны ағайын-туыстардың бірнеше буыны бірлесіп атқарған. Қоныстар материалына қарағанда көзге түсерліктей ешбір елеулі əлеуметтік жəне мүліктік теңсіздік байқалмайды, алайда қорымдарды зерттеу ісі адамның байлық дəрежесі мен қоғамдағы мəртебесінің айырмашылығын анықтауға мүмкіндік береді. Ертедегі қола дəуірініңөзіндекөптегенбіркелкімолаларішіненөзгелергеқарағанда қабірі үлкенірек те тереңірек, ағаш мазарының құрылысы да күрделі, мола ішіне қойылған құмыралары мен тағамы да мол зират ерекше назар аудартқан. Мұндай қабірлерден сондай-ақ соғыс арбасының жұрнағы мен аттардың сүйектері, мəйіт басынан қола қанжарлар, жебелер табылған. Орта жəне кейінгі қола дəуірлерінде де тап осындай жəйттер кездеседі. Қорымдардағы қарапайым қабірлер арасынан ірі тастардан екі немесе үш қабат қоршауы бар бірнеше аса үлкен оба не мазарлар көзге түседі. Обалар салып, қабірлер қазу ісімен, онда қойылатын заттар арасындағы елеулі айырмашылықтарға жүгінсек, андронов қоғамы біртекті болмаған. Үлкен қорымдарда сол кезде қоғамда айрықша топқа бөлінген жауынгерлер қойылған. Қоғамның жіктелуі басталған — оның қатардағы қалың мүшелері арасынан бөлініп «патшалар» — билеушілер, жауынгерлер — кшатрийлер шыққан. Олардың жақындары да қоғамда жоғары дəрежеге ие болған. Үнді-иран шежірелеріне қарағанда абыздар да жоғары бағаланған. Олар діни жоралғыларды жүргізуші, ежелгі дəстүр мен білімдерді сақтаушылар болды. Олардың өзгелерден айрықша бір белгісі — ағаш табақ пен ерекше бас киімі (бөркі).

Қола дəуірінде еңбек құралдарының жетілдірілуіне жəне шаруашылықтың дамуына байланысты азық-түлік молайып, артық қор құрылды. Қоғамда біреулер байып, басқаның еңбегін пайдалануға мүмкіндік алды. Сондықтан тұтқындарды өлтірмей, оларды құлға айналдырды. Рулық ұжымдық меншіктің орнына жеке меншік орнап, еңбекті қанау пайда болды. Бұл мүлік теңсіздігінің шығуына алып келді. Сөйтіп, қола дəуірінде рулық қауым ыдырап,  шағын  отбасылардың  рөлі  күшейіп, патриархалдық-рулық қатынастарды сақтаған көршілік қауым өркендеді. Кейінгі қола кезеңіне қарай отбасылық қауымдар бөлшектеніп, нəтижесінде алғашқы қауымдық құрылыс ыдырай бастады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.