Араб әдебиеті

Home » Рефераттар » Араб әдебиеті
Рефераттар Комментариев нет

Жаңа заманғы араб әдебиетінің қалыптасып, дамуына Мысыр, Сирия, Ливан, Ирак, Иор­да­ния, Алжир, Тунис, Марокко және Арабия түбегінің елдері септігін тигізді. Дегенмен бұл үдерісте Мысыр, Сирия және Ливан елдері өкілдерінің рөлі зор. Араб зерттеушілерінің көпшілігі бүгінгі араб елдерінің әдебиетін бірегей әдебиет ретінде қарастырып, оның мысырлық, сириялық, тунистік деп бөлінуін мойындамайды. Жер­гі­лікті ерекшеліктер мен айырмашылықтарды ескере отырып, араб әдебиеттанушылар «Мы­сыр­дағы араб әдебиеті» деген терминді қолданады, бірақ «Мысыр әдебиеті», «Ирак әде­бие­ті» және т.б. терминдерге қарсы. «Мысырлық», «сириялық» деген анықтамалар тек жанрға қатысты қолданылады. Мысалы: мысырлық роман, сириялық новелла және т.б.

XX ғасырдың басында әдебиет тағдырында араб интеллигенциясының эмиграциясы ерекше бір із қалдырды. Осындай бір эмигрант жазушылардың бірі Адиб Исхак болатын. Ол Дамаск қаласында шенеуіктің отбасында дүниеге келеді. Діни көзқарас жағынан католик болатын, бірақ монастырлық мектепте оқып, ағылшын және францух тілдерін жақсы меңге­ріп шығады. Исхактың публицистика мен журналистика саласындағы жетістікке жетуі «Миср» («Мысыр») және «Ат-Тиджара» («Сауда») атты газеттерімен байланысты. Екі газет те «исламдағы модернизмді» мақалаларының негізі етіп алатын. Сол себепті екеуі де үкімет шешімімен жабылады. Содан Адиб Исхак Парижге қоныс аударуға мәжбүр болады. Онда Исхак туберкулез дертіне шалдығып, 30 жасқа толмай дүние салады. Исхак қайтыс болғаннан кейін ағасы Ауни Исхак оның кейбір маңызды шығармаларын жинақтап «ад-Даур» атты жинақ шығарады. Бұл жинақ бірнеше рет баспадан өтеді. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, араб қоғамында стихиялық экспрессивтілік, терең тамырлаған сезімталдылық пен поэзия, метафора мен символизмнің орны ерекше болған. Араб көркемдік өнері әдеби тілмен тығыз байланысты екендігі айдай анық. Сөз әдебиет саласында ғана емес, сонымен қатар музыка, сурет, архитектура, мүсін өнері саласында да негізгі элемент болып саналады. Тіл құдіреттілігін арабтар ашық түрде  мойындап қана  қоймай, оны жаңарту жолында да көп еңбек еткен.

Мәдениет әлеуметтік құрылымдар және әлеуметтік қызметпен бірлесе отырып қалыптасады. Соның ішінде роман жанры әлеуметтік шындықты бейнелеуде ерекше рөлге ие болады. Дегенмен араб әдебиеті термині әдетте поэзиямен тығыз байланысты болған.

Абд ар-Рахман Муниф (1933-2004) — XX ғасырдың ең талантты романистерінің бірі. Ол Амманда туылған, әкесі Сауыдтық саудашы болса, анасы Ирактық болған. Балалық шағын осында өткізген. Оттомандық империяның құлағанына қарамастан, бұл — қалалары көп, араб отбасылары мен саудагерлердің Иерусалимнен Каирға, Бағдаттан Дамаскіге емін-еркін көшіп жүре беретін әлем болған. Осы аймақтағы Дамаск пен Бейруттен басқа жерлердің бар­лығы Ұлыбританияның билігінде болатын. Шекара құмнан өтетін, бірақ тікенегі бар сымдар мен қаруланған күзетшілері болмайтын. Абд ар-Рахман Муниф бастауыш мектепті Иорда­ния­да, орта мектепті Бағдатта, ал университетті Каирда оқиды. Кейінінен өзінің балалық ша­ғын «Қала тарихы: Аммандағы балалық шақ» атты мемуарлық кітабында баяндап, 40-шы жылдардағы мектеп оқушыларының өмірін суреттейді.

Бозбала шағында жазғы демалысын өзінің отбасымен араб түбегінде өткізеді. Дәл осы жерде ол түрлі ертегілер мен тарихты естіп, бедуиндермен, мұнай саудагерлерімен, кейінінен оның романдарында көрініс тапқан эмир-нувориштармен әңгімелеседі.

Өзінің замандастары секілді ол да 1948 жылы болған палестиналық апатқа қатты қын­жы­лады да, нәтижесінде нағыз араб ұлтшылына айналады. Египет аренасына Насердің келуі мен бүкіл араб әлеміне жайылған төңкеріс толқыны оны бей-жай қалдырмай, оның жауынгер социалист болуына септігін тигізеді. Патша отбасына қатысты саяси оппозиционерлердің бірі болғаны үшін 1963 ж. ол Сауыдтық азаматтығынан айырылып, Бағдадқа қоныс ауда­руға мәжбүр болады. Бұл жерде ол мұнай өндірісінің экономисі ретінде жұмысқа тұрып, Арабия мен Месопотамия құмының астын жайлаған, «сұйық алтынның» мағынасын түсінеді. Ол тауар қарым-қатынасы мен өндірістік білімін романдар жазуға  пайдаланылған.

1970 ж. соңында Бағдаттағы Баас партиясын басқарудан бас тартып, Дамаскіге көшіп барғаннан кейін Абд ар-Рахман Муниф көркем прозалық шығармалар жаза бастайды. Қызу саяси өмірге араласуын тоқтатып, енді ол толығымен шығармашылыққа ден қойып, 15 роман жазады. Араб түбегінің көне бедуинді елден мұнайға шомылған, мемлекеттік жүйесі гибрит­тік тайпалық жүйеге айналған ел жайлы баяндайтын бес кітаптан тұратын «Тұздар қаласы» ат­ты туындысы араб әлемінде оның романист беделін нығайтады. Ол Сауд Арабиясында мұнай қорлары табылғаннан кейін ел ішінде орын алған таңырқану, қорқыныш пен қиын­дық­тарды суреттейді. Оның араб билеушілерін суреттеген портреттері астыртын болғаны соншалық, тіпті араб көшелері мен алаңдарында күлкі тудыратын.

Нагиб Махфуз бен Абд ар-Рахман Муниф – араб әдебиетінің патриархтары. XX ғасыр­дың басы мен Насер келгенге дейінгі Каирдағы отбасылық өмірдегі Бальзактік қайта құрылу Махфузға Нобель сыйлығын алып келеді. Көптеген сыншылар (Мунифтен басқасы) осы бір сауд жазушысын дәл осы сыйлыққа лайық деп есептейді. Бірақ оның мұнай әмірлеріне, король отбасына, оның айналасындағыларға қатысты қатал әрі сюрреалистік сатирасы оның шығармашылығын ресми мәдениетке қарсы қойды. Оның кітаптарына Сауд Арабиясы мен бүкіл Парсы шығанағында тыйым салынады. Дегенмен, оның еңбектері халық арасында кең тарап, Араб түбегіндегі көптеген монархтар оқитын шығармаға айналады.

Мунифтің бес романының үшеуі «Тұз қаласы», «Траншея», «Түн мен күн тақырыбына түсіндірме» атты шығармалары ағылшын тіліне аударылып, АҚШ-та басып шығарылған.

Журналистермен кездесулердің бірінде оған неліктен романның атын «Тұз қаласы» деп атағандығы жайлы сауал қойылыпты. Сонда ол былай деп жауап қайтарыпты: «Тұз қаласы – бұл ұзақ жасамайтын қалалар. Оларға су жеткенде алғашқы толқындар тұзды ерітіп, үлкен мөлдір ғимараттарды жоқ қылады. Ертеде, өздеріңіз білетіндей көптеген қалалар жоқ болып кетті. Қазіргі сансыз қалалардың да құлауын алдын-ала болжау айтарлықтай қиын емес, себебі адамдардың қуанышы мен махаббатынсыз өмір сүре алмайды. Қазір бізге қара­ңыз­даршы, сонда ғана Батыстың бізді қалай көретінін түсінесіздер. XX ғасыр аяқталды, бірақ Батыс бізден тек мұнай мен оның әкелетін табысын ғана көреді. Сауд Арабиясында әлі күнге дейін Конституция жоқ, адамдар қарапайым құқыларынан айырылған, әйел затына үшінші таптағы адамдар сияқты қарайды. Мұндай жағдай күйініш сезімін тудырады, өзін-өзі сыйлау мен патриотизм сезімінің жоқтығын көрсетеді». Жазушы 11 қыркүйектегі қарақшылардың көбісі саудтықтар болғанына таң қалмайтын. Ол бұл туралы 40 жыл бойы ескертіп кел­ген болатын.

Оның ең соңғы эссе жинағы Ирак туралы болатын. Ол Саддам Хусейнге деген жек көрі­нішті сезімі мен бүкіл араб елдеріне демократияның қажеттігі туралы жазатын. Ирактың қай­та отарлануы оның бойында традикализмді тудырғанын оның эсселерінен байқауға болады. Жа­ңа жағдай оны көркем прозаны шетке қойып, жергілікті диктаторлар мен соғыс тудыру­шы империалисттерге қарсы қаламды қару ретінде пайдалануға мәжбүр етті.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі онжылдықта көптеген араб халық­тары саяси және әлеуметтік тәуелсіздікке ие болу мәселесіне тап болғанда көркем әдебиет шынайылықты өт­кен мен қазіргінің ресми санкцияланған үлгісі етіп қарастыратын әлемді жасаушы құрал ре­тін­де қарастырылғаны анық. Ал Кеңес Одағындағы социалистік реализм әдісі көптеген мүм­кін әдістердің бірі ретінде ғана қарастырылады.

Модернизм — Батыста пайда болып, күйзеліс күйін суреттейтін XX ғасырдағы әдебиет пен өнерде дамыған философиялық-эстетикалық қозғалыс. Модернизмнің ықпалымен XX ға­сырдың соңында араб әдебиетінің қиял-ғажайып пен шынайылық сияқты тұстары айқындала бастады. Мұнда субъективті және объективті рационалдылықтың ара жігі ажыратылмаған. Сонымен қатар адамға билік жүргізетін трансценденттік күш ретінде табиғат емес, адамның өзі жасаған өркениеті көрсетілген, ал құпияға толы ғұмыр әлеуметтік және тұрмыстық тәжі­рибесі мол күнделікті өмірмен алмасады. Жаңа миф кейіпкердің дараланып, барша жұрттан оқ­шау­ланып, өзінің жан дүниесімен жеке қалу жағдайында пайда болады, осылайша мифо­логизм психологизммен, ішкі монологпен, «ой-сана ағысы» әдебиетімен үйлеседі. Қазіргі араб әдебиетінде көркем модернизмнің келесі түрлерін атап өтуге болады:

  1. суретшінің өзіне ғана тән мифологем жүйесін жасауы (мысалы, тунистік жазушы Махмуд әл-Масадидің енгізген идеясы мен образдары жағынан керемет болып табылатын «Бөгет» шығармасы);
  2. ойлаудың терең мифтік-синкретиктік жүйесін қайта жаңғырту (әр түрлі уақыттар мен кеңістіктердің бірігуі, кейіпкерлердің «айналулары», т.б.);
  3. көне мифологиялық сюжеттердің қазіргі заманға сай етіліп қайта өңделуі («Біздің көшенің балалары» Нагиб Махфуз);
  4. реалистік баяндауға жеке мифологиялық мотивтер мен кейіпкерлердің енгізілуі (Ал­жир­дің ең мықты жазушыларының бірі Абу әл-Хамид Бенхаддугидің «Джазия мен дианалур» романы);
  5. әлемге мифологиялық көзқарастың элементтері жойылмаған тұстағы ұлттық тұрмыс пен ойлаудың фольклорлық және этникалық ерекшеліктерін қайта жаңғырту (ливиялық Ибраһим әл-Кунидің шығармалары).

Араб әлемінде ұлттық және әлеуметтік шындық жойылып, баршаның көз алдында тал­қан­дала бастағанда әдебиеттегі жаңа ағымдар реализмнің ескі формасын итеріп тастайды. Қа­лай болғанда да, Эдвар әл-Хараттың пікірінші, араб әдебиетіндегі модернизм этикалық, ашық айтқанда ойлаудың фантасмагорлық-топтық мүмкін емес формаларынан бастау алған. Бұл ойлау «Мың бір түн» ертегісінен, абстрактілі фигуралы емес каллиграфиялық оюлардан туын­дап жатыр. Осылайша араб модернист жазушылар мен ақындар өзінің ұлттық мұра­сынан сусындайды.

Араб әдебиетіндегі сезіну мен ойлаудың қазіргі модернистік техникасының ескі реалис­тік әдіске қарама-қайшы екенін, оның баяндаудың алдын ала анықталған ретін бұзып, клас­си­калық сюжеттен тайып, кейіпкердің жандүниесіне үңіліп, тілдегі қасиетті жүйені өзгертіп, шынайылық арқылы кеңейе түскенін көре аламыз.

Жалпы модернистік ағымның ішінде бір-бірінен алшақтамай, керісінше жиі дөп түсетін ағымдарды ерекше атап көрсетуге болады.

Солардың бірі — «жан дүниені көру» ағымы, мұнда көбіне адам мен оның ортасы тұрақсыз көңіл-күй, ылғи да қозғалыста болатын сезімдер мен ойлар сипатталады. Бұл ағым­дағы шығармалар адамның терең құпияларын жан-жақты зерттеумен айналысады. Мұнда нақты уақыт жоқ, диалог пен түсініксіз сюжет, өң мен түс, ішкі және сыртқы әлемнің ара­сын­дағы айырмашылықтарды бұзуға көмектеседі. Бұл ағымдағы еңбектер әлеуметтік мәселе­лерден бастау алып, психологиялық немесе эмоционалды жаққа қарай кетіп қалады. Бұл саладағы жазушылардың қатарына сириялық романист Хайдар Хайдар, мысырлық Мұхам­мед Хафез Рагаб, Мұхаммед Мабрук, Махмұд Авад Абд әл-Әл, Эдвар әл-Харрат, тунистік Мұхаммед Сандж әл-Катариді және де басқаларын жатқызуға болады.

Екінші ағым, керісінше, сыртқа көңіл бөліп, сыртқы шынайылықты бүге-шүгесіне дейін нейтралды түрде суреттейді. Адамның бөлінуі мұнда өз шегіне жетеді. Заттар, сипаттар, көрі­ністер суреттегідей беріледі. Мұндай шығармалар негізінен сезімталдықтан жұрдай бола­ды. Мұндағы басты нәрсе — шынайлықтан бас тарту, өмірге деген махаббат. Жалғыз ғана шындық ретінде өзіндік «мен», индивидуалдық ойлау көрініс тапса, сыртқы әлемнің барлы­ғы толығымен мойындалмайды. Бұл салада жазылған әңгімелер мен новеллалар толығымен пессимизмен нәрленген. Солай болса да, бұл шығармалардағы негізгі ізденіс — әділетсіздік мен жатбауырлық жоқ әлемді іздеу. Жазушысы Махмұд әл-Уардани осы ағымға жақын­датылған түрде қазан төңкерісінің нәтижесі туралы көркем шығарма жаза бастады. Египеттік Абду Губейр мен ливандық жазушы Ілияс Хуридің шығармашалығы да осы ағымға жатады.

Болашағы зор, іс-әрекетке бай, ең қиын ағым — осы заманғы мифологиялық ағым. Себе­бі, ол осы заман болсын, тарихи орта болсын, аңызға, фантазияға, фольклорге және бір уа­қыт­та күнделікті көріністер мен сипаттарға негізделеді. Бұл ағымдағы кейбір шығармалар оқырмандар арасында кең таралып, үлкен жетістіктерге ие болады. Себебі бұл еңбектердің айтарлықтай бөлігі көңіл көтеруге көп мән береді. Осы заманғы мифологиялық ағымда жемісті еңбек еткен жазушылар ретінде Иахья әл-Тахир, Гамал әл-Гитани, Мұхаммед Мустагаб, Нәбіл Наум Горги, Санд әл-Кафрави, Мухсин Йунис, Йусуф Абу Раййа, Абду Губейр және Ибраһим Фахми, Эдвар әл-Харратты («Рамах және айдаһар» және «Басқа Уақыт»), Ирактың Мұхаммед Худайр мен судандық ат-Таййиб Салихты («Бандар-шах») атап өтсек болады. Екі сириялық эмигранттар Хайдар Хайдар мен Закарии Тамирдің кейбір шы­ғар­маларын да осы ағымға жатқызуға болады.

Реалистік ағымды шартты түрде «неорилизм» деп атауға болады. Себебі бұл жазушылар әлеуметтік байланыстарды өздеріне дейінгілерден әлдеқайда терең зерттеп, көп ізденетін. Интонация, баяндау әдістері, көлемі жағынан алдыңғы реалистермен бірдей сияқты көрін­генмен, оларды ерекшелейтін қаталдылық, нақтылық, өткірлік қасиеттер бар.

Модернист жазушылардың шығармаларына қайта оралар болсақ, бұлардың кейбіреу­ле­рі адамды күйзелісі мен күйінішінен, әділетсіздік пен зұлымдықтан алыстатын, жарқын бола­шақ­қа жетелейді. Осыдан романдардағы негізгі символдар жарық, от, күн, ал басты кейіпкер­лер әйел ана, сүйген жардың бейнесінде келуі кездейсоқтық емес. Авторлар исламдық сим­вол­дар­ды да жиі қолданады. Олар көбіне мистикадан алынғанымен, жалпыадамдық, гумма­нистік мағыналарға ие (ағайындық, жасыл түс, зиярат ету). Мұсылмандық реминисцен­ция­лар Шындық, Жақсылық, Әділеттілік ұғымдарының жеңісімен ақталады.

Кейбір жазушылар жаңа қоғамның құрылуына байланысты орын алған оқиғаларды жете түсінуге тырысады. Олардың көз алдарында елді хаостан, зұлымдық пен кедейліктен, күл-қоқыстан алып шығатын жолды іздеген адамдар мен қарама-қайшылыққа толы қайнап жатқан шынайы өмір пайда болады. Бұл авторлар өз кейіпкерлерінің өмір таңдау құқығына ие. Бағыныштылық па әлде өз өмірін өзі басқару ма? Халықтың ұлттық рухын, жанын сақтап қалу ма әлде даму үрдісі үшін қазіргі қоғамның негіздерін нығайту ма? Дәстүр мен адам­гер­шілік құндылықтарын сақтау ма? Болмаса техникалық өркениетке қосылу ма? Өткен бе әлде келешек пе?

90-шы жылдары араб әдебиетінің сахнасында тағы бір ағым постмодер­низм пайда бола­ды. «Заманға сай шетел әдебиеттану» (Москва, Интрада 1996) атты энциклопедиялық анық­та­маға сүйенер болсақ, постмодернизм ең алдымен «әлемді қабылдаудың, әлемді сезінудің спецификалық әдісі, нақты бір менталитеттің сипаттамасы» болып табылады екен.

Бұл ағымды ұстанатындардың алға ұсынатын негізгі ұғымдары: «әлем хаос сияқты», «әлем мәтін сияқты», «беделдердің дағдарысы», «авторлық бетперде», «екі код», «баян­дау­дың фрагменттілігі» және т.б.

Постмодернизмнің қалыптасу мәселесі мен оның іске асуы бүкіл жаһандық кеңістікке қатысты болды. Себебі, ол тек әлемге деген көзқарасты ғана емес, сонымен қатар қазіргі адам­ның өзін қоршаған ортасымен қарым-қатынасы мен ішкі сезімдерін де қарастырады.

Араб әдебиетіндегі сыншылар постмодернизмді (ма ба’да хадаса) жергі­лікті мәдениетке сәйкес келмейтін көптеген батыстық тұжырымдама­ларының бірі ретінде қарастырады. Дегенмен, постмодернизм араб әдебиетінің қазіргі жағдайдағы деңгейін анықтауға өз әсерін тигізеді. Сонымен қатар, ол ХХ ғ. соңындағы әдебиеттің маңыздылыған анықтауға мүмкіндік береді.

ХХ ғ. 90-шы жылдарындағы әдебиеттің екі жетекші белгісін атап өтуге болады. Бірін­ші­ден, контекстің міндетті түрде болуы (мәдени, әлеуметтік, экономикалық және саяси), екін­шіден шығарманың формасы мен тілді еркін тәжірибеден өткізу керек болған. Әлеуметтік қызығушылықты тудырудың міндетті түрде болуы эстетиканың маңыздылығын түсіну бай­ла­нысты. Бұл жерден постмодернизм ұғымына келгенде батыстық жазушылар мен арабтар арасында айырмашылықтардың бар екенін көре аламыз. «Біздің көпшілігіміз Құдай, Патша, Адам, Ақыл-ой, Тарих және Мемлекет сияқты бір кезде пайда болып, кейіннен жоқ болып кеткен түсініктер, керек десеңіз, біздің интеллектуалды элитамыздың ең кішісі болып табылатын Тіл де толығымен әлсіздену қаупінде тұр», — деп батыстық постмодернизмнің теоретигі М. Хассан жазған болатын.

Ал, араб әдебиетінде жағдай кішкене өзгешелеу болатын. Мысал ретінде постмодер­низмнің белгілері кездесетін тунистік жазушылардың шығармаларын алайық. Ибраһим Даргутидің «Мыңнан кейінгі екінші түн» атты романында ұлт-азаттық көтеріліс Шахрайар шахтың жеке әскерімен бірден басталып кетеді. «Мың бір түннің» белгіленген шекарасымен жүре отырып, кейді сол шекараны бұза отырып та автор оқырманды тығырыққа тірейді. Себебі оқиға желісі қазіргі кездегі өмірге өте жақын келеді. Объектілерге тікелей сілтеме, араб мәдени мұрасында кеңінен қолданылатын сөздер мен тіркестер өткен оқиғаға үңіліп, баяндаушыға оқиға барысында істің мән-жайына араласуға мүмкіндік береді.

Бірақ, романның кілтін жақында болған тунистік тарихтан тауып алуға болады. Бұл 1987 ж. Тунистің бұрынғы президенті Хабиб Бургибиді сол елдің премьер-министірінің тақ­тан тайдырғынын көрсетеді. Сарайдағы төңкерілістің нәтижесінде радикалды өзгерулер­ден құтылып, елдегі status quo-ның сақталуы бейнеленеді. Даргути прозасында «Мың бір түннің» дәстүрі сақталып, қазіргі мәтіндер (Махмұд Дервиш) өзіне ғана тән баяндау страте­гиясы ре­тінде қолданылады. Сонымен қатар, ол оқырманды жергілікті өмірдің ерекше тұстары және оңтүстік Тунистің аймақтық мәдениетімен таныстырады.

Кез-келген беделді кісіге сенімсіздікпен қарау және ирониялық трактовка, көркем-бей­не­леу әдістердің шартты екендігін ерекше атап өту постмодернизм­нің негізгі принциптерінің бірі. Жазушы ‘Әли әл-Йусуфи 1950 ж. Туниста туылған, әдеби сыншы ретінде 60-шы жыл­дар­дың соңындағы әдеби авангард қозғалысына қатысқан. Ол Т. Маркестің «Патриархтың күзі» және Астуристың «Қысқы есік» атты шығармаларын аударған.

Әли әл-Йусуфидің «Тавкит әл-бинка» («Әулиелердің сәті», 1993) романының аты түсін­ді­руді қажет етеді. Автордың түсіндіруінше, бинка – барлық жерде жүретін, адамдардың өмі­рі­не араласатын кішкентай жәндіктер. Оларды көруден қалғанда о дүниеге аттанасың. Найза­ғай – олардың патшаларының бірі. Олар өлген адамдардың құпияларын сақтайтын. Бірақ, жән­діктерге қарсы у шашылғаннан кейін сирек көрінетін болып кетті. Оларды кәрі әжей Хассинийа ғана көргенімен, бинкалар туралы әңгімені халық та немерелері де түсінбейді. Бірақ «бинка» шығарманың соңында «панки» сөзінің арабша транскрипциясы деп беріледі, ал панки басты кейіпкердің Париждегі досының әкесін өлтіреді.

Роман бір отбасының тарихын баяндайды, мұнда үш ұрпақ бар: атасы Йунус пен әжесі Хассинийа, әкесі Зийад пен анасы Сарра, оның бауыры Монсеф, ұлы Тарик пен оның туыс­қан ағалары, әпкелері. Бұл кейіпкерлердің бәрі шығармада көрініс тапқанымен, негізгі іс-әрекет тарих пен әкесі Зийадтың арасында болады және бұл бірінші және екінші бөлімде баян­далады.

Бірінші бөлімде оқиға Тунистен батысқа қарай 130 км қашықтықтағы тауда орналасқан Джебба ауылында орын алады. Бұл электр тоғы да, суы да жоқ 60-шы жылдардағы ауыл етін. Шаруалардың қалаға кетуіне байланысты бұл ауыл ақырында қаңырап бос қалады. Жазушы суреттейтін әлем шынымен де ертегі сияқты. Себебі мұнда перілер мен жындар, ергежейлі­лер мен үй перісі мекен етеді. Бірақ бұл отбасы құрдымға кетіп бара жатыр. Себебі олардың жері ешқандай пайда әкелмейді. Оған көрші де таласады, ал жердің сатылуы отбасы мүшеле­рінің арасындағы талас пен өлімнің себебі болады. Осыған қарамастан Тарик бұрынғы ауыл­дағы өмірді өзінің өмірінің жәнаттық кезеңі ретінде қабылдайды. Кітаптың соңында ол қала­дағы туысқан бауырларының үйін паналайды. Романда өлім көптеп кездеседі. Алдымен ана­сының өлімі. Оны құтқаруға мүмкін болса да, отбасы мүшелері еш амал жасамайды. Одан кейін, жартылай есі ауысқан әжесінің өлімі. Солай дей тұрса да, дәл осы әжесі Тарикқа үлкен сабақ берген еді. Ақырында атасының өлімі. Оның таңғажайып әңгімелері ауылда тірі қалған әр адамның жадында. Олардың өлімі Тариқтың өмірінде өшпес із қалдырады.

Баласы өмір сүретін ауыл әлемі әкесі өмір сүретін қала әлеміне, Парижге қарама-қайшы. Ол қалаға келуге мәжбүр болып, өмір сүру үшін түрлі салады жұмыс істейді. Оның француз қыз­дармен қарым-қатынасы оның өмірінде көптеген қиындықтар тудырады. «Осындай жағдайда кішкентай да болса махаббат болуы керек», — дейді қыздардың бірі оған. Бірақ ол жалғыздықты ұнататын. «Егер өткенің мен болашағыңнан бас тартсаң, құрдымға кетесің», — дейді оған баласы. Ұлтшылдық пен расизмнің арасында қандай тәуелділік бар? Зийад өзінің көңілдестерінің бірінен СПИД ауруын жұқтырып, қайтыс болады. Тарик және әкесінің досы «пье-нуар» Филип (Пье-нуар – бұрынғы франциялық колониялардан шыққан қашқындарды Францияда төмендетіп атайтын атау) кек алуды ойлап, кінәлі болған Лишанды өлтіреді. Олар «Лишанды өлтіру – патриоттық іс жасау», — деп ойлайды.

«Постмодернизм» термині (ма ба’да ал-хадаса) араб әдебиетіндегі сыншы­лар­дың қолда­ны­сында 1980 ж. өзінде қолданыла бастаған болатын. Дегенмен бұл терминнің араб әдебие­тін­дегі құбылыс ретінде қолданылуы көптеген сыншылар тарапынан сақтықпен жүзеге асы­рылады, себебі, аталмыш әдебиетте бұл жаңа құбылыстарды талдау барысында сүйенетін тео­ретикалық негіз жоқ.

Араб әдебиетіндегі әдебиетшілердің түсінігіндегі «постмодернизм» терми­нінің сыңар­жақ­тылығына қарамастан, құбылыс пен оны құрайтын бөлшектер араб көркем әдебиетінде бұрыннан бар. 1982 ж. мысырлық жазушы, сыншы Адуар әл-Харрат өзінің жетпісінші жыл­да­ры жариялаған әңгімелер жинағындағы алғы сөзде «жаңа сезімталдық» (әл-хассасийа әл-жадида) терминін сол кездегі мысырлық авторлардың әңгімелерінде жаңа пайда болған жаңа дүниетаным мен эстетиканың мәні ретінде пайдаланған. Ол жинақта Ибраһим Абд әл-Ма’ид, Ғар ән-Нәби әл-Хәлу, Сахр Тауфиқ, Абдо ‘Убейр, Мухсин Йунис, Мұхаммад әл-Махзан Махмуд әл-Уардани, Мурси Сұлтан, Нәбил Нәум, Йусуф Әбу Рийа сынды авторлардың еңбектерін кездестіреміз.

1960 ж. араб жазушыларының әлем көрінісінің өзгеше бейнесін іздеуі барысында экзис­тен­циализм мен модернизмнің көркемдік тәжірибесіне жүгінуі нәтижесінде 1970 жылдары әдебиетте анықтық пен тұтастықты іздеу­ден бас тарту орын алды. Ал мұның салдары: ком­по­зицияның шашыраңқы­лығы, нақтылықтан алшақтау, деконструкция, хаос туралы постмо­дер­нистік идеяларға толы аморфті ойлар болып табылды.

1980-1990 ж. араб әдебиетінің формасы мен маңызы жағынан алғанда жылдам дамыды, ал сын оны бір мағыналы бағалау үшін айқын міндеттерді тағайындап үлгермеді. Осының нә­ти­жесінде қазіргі кездің өзінде жекелеген авторлар мен шығармалар туралы біржақты пікір жоқ.

Тұрақты бір терминнің жоғына қарамастан, араб сыншылары мен әдебиетшілерінің бө­ліп көрсеткен жазу үрдісінің жаңа түрін постмодернистікке жатқызуға болады. Мысалы, Шариф Хетата былай деп жазады: «Олардың (жас авторлардың) көпшілігінің алдыңғы буы­ны үйреніп қалған формасы мен мазмұнынан өзгеше роман жазуы тамаша. Олар өз шығарма­шы­­лықтарында кең таралған қоғамдық құбылысқа айналған құлдырау, деконструкция, хаос­тық пен маргинализацияны көрсетеді, оңтүстіктегі елдерде маргинилизацияның өсуіне алып келген постмодернизм мәдениеті мен либералды емес жаһандану дәуірінің рухын бейне­лейді» (Хетата Шариф. Мубди’у-л-амал ал-мафқуд (Үзілген үміттерді тірілтіуші)\\әл-Хилал. 2008 ж. Ақпан. 35-б.)

Сыншылардың бірі Сабри Хафиз: «Бұрын алдыңғы орында баяндаушы үшін гносеоло­гиялық маңыз тұратын. Мәтін әлемді тануға және жақсы әлем туралы сауал тастау үшін оның «ақтаңдақтарын» анықтауға ұмтылатын. Қазір, іс жүзінде, бұл таным мақсаты әлемді тану мүмкін емес деген түсініктен және идеологиялық көзқарастар мен ұғымдардан, олардың таралуынан шығатын жаңа жазумен алмастырылды. Олардың таным маңызының орнын тұрмыс маңызы басты. Бұл «дене жазуында» (китабат-ул-жасад) ерекше көрініс тапты».

Өз шығармашылықтарын жоғарыда айтылған сипатта жазушылар Мысыр­да алғаш 1995 жылы «Төңіректегі жолақтар» ұжымдық жинағын басып шығар­ды. Бұл жинақта Ахмад Ғариб, Ахмад Фаруқ, ‘ала әл-Барири, Надин Шәмс, Уайл Рағаб және Хайсам әл-Уарданиден құралған ең соңғы еуропалық және америкалық әдебиет пен постмодернистік әдебиет тео­рия­сымен жақсы таныс интеллектуалдардың еңбектері жарық көреді.

Белгілердің көптүрлілігіне байланысты белгілі бір деңгейде постмодер­нистер деп атай алатын араб авторлары санаулы ғана. Мұнда постмодернистік тәсілді кеңінен қолданатын йемендік прозаиктерінің шығармашылықтарын қарастырамыз.

1990 ж. басында постмодернистік сипаттағы Йемен көркем прозасы пайда болды. Бұған дейін Йемен әдебиеті мынадай екі бағытта дамы­ған болатын: реалистік және модернистік. Жиырма жылда бұл екі бағытқа деген қызығушылық пен маңыздылық жоққа айналды. Сонда бұл мәселелерге басқа қырынан қарау, оларды пародияға, гротескке айналдыру – тығырық­тан шығаратын жол болып шықты.

Әдебиетте бұл бағдардың пайда болуы 1980 ж. Йемен қоғамының тығырыққа тірелуі кезінде жүрген үдеріс. 1990 ж. идеологиялық леп симулятивті сипатта болды. Сол кезде үл­кен ықпал күшке айналған ислам фундаментализмі қоғамдық әділеттілік орнатуды өз мойны­на алғанмен, іс жүзінде, йемен қоғамы еш өзгерісті бастарынан өткермеді. Фундаментализм­нің өсуі интеллигенция өкілдері шығармашылықтарында өткір сынға алынды. Бір жағынан, осы кезеңде Йеменде интернетке қол жетімділіктің де әсерінен мәдени жаһандану идеялары кең таралды. Бірақ йемендік негізде жаһанданудың жүруі виртуалды сипатта болды. «Демок­ратия», «сенім бостандығы», «адам құқығы» секілді түсініктердің барлығы Йеменде шынай көрініс таппады. Осылардың барлығы қандай да болмасын идеология, сенім мен ұмтылыс­тың барлығы бар болғаны симулякр және олар тек иронияға ғана лайық деген түсініктің қалыптасуына алып келді.

Йемендік авторлар қоғамда болып жатқан құбылыстарды ирониямен интерпретациялай бастады. Олардың дүниетанымдарындағы ұқсастықтар себебінен жазушылар келесі сипат­тар­дан құралған баяндаушы стратегияны қолданды:

  1. Жаппай пародиялау.
  2. Латынамерикалық «керемет реализмге» жақындық.
  3. Қуыршақ-кейіпкерлердің шарттылығы.
  4. Өткір гротеск және «Қара әзіл-оспақ».
  5. Ұлттық жазбаша мұра мен ауыз әдебиетіндегі стилистикалық шартты белгілер жүйесі, сюжеті мен мәтіндердің тікелей немесе пародиялық қолданысы.
  6. Сюжеттің фрагменттілігі, мәтіннің деконструкциясы.
  7. Жанрлар мен стильдердің араласуы және стилистикалық және жанрлық шартты белгілер жүйесінің қолданысы.

Йемендік әдбиеттанушы Абд әл-Хамид әл-Хусами «Йемен әңгімесіндегі постмо­дер­низм» мақаласында Уаджди әл-Ахдаль, Мұхаммед әл-Ғарби әл-Амран мен Худа әл-Аттастың аттарын атап өтеді. Бұл тізімге өз шығармашы­лы­ғында жоғарыдағы сипатта жазған авторлар Абд әл-Карим ар-Разихи мен Арва Абдо Османды қоса аламыз.

Йемен авторларының ішінде алғаш постмодернистік сипатты өз шығарма­шы­лықта­рында қолданған Абд әл-Карим ар-Разихи белгілі публицист, ақын, драматург, прозаик болатын. «Ақ сиырдың өлімі» әңгімелер жинағы Абд әл-Карим ар-Разахидің қаламынан туған (1991). Ол 1952 ж. Таизз провинциясының ауылдарының бірінде көпбалалы шейхтің отба­сында дүниеге келген. Аденге он жасында келіп, бес жыл бойы күлшеханада жұмыс іс­теп, өз нәпақасын тауып, әрі мектепте оқыды. 1967 ж. Ар-Разихи Солтүстік Йемендегі Ху­дей­­даға оралып, әскери мансапты қуу мақсатымен әскерге қызметке алынды. Бірақ әскердегі бір жылдан соң көз жанарының кемістігіне байланысты ол Санадағы мектептердің бірінде орта білімін толықтырып, бір жыл бойы ауылда мұғалім қызметін атқарды. Содан соң Сана университетінің филологиялық бөліміне оқуға түседі. Университетті тәмамдағаннан соң ар-Разихи Ақпарат және мәдениет министрлігінде қызмет етсе, кейін мәдени-тарихи журнал «әл-Йәмән әл-жадид» редакциясында хатшы қызметін атқарады. Ал 1988 ж. Санадағы Мәде­ни зерттеу орталығында жұмысқа орналасады.

«Ақ сиырдың өлімі» жинағындағы әңгімелері сатиралық реализмнің нағыз сюрреализм­мен бірлескен сипатында жазылған Сатираның объектісі — Йемендегі ауыл тұрғындарының менталитеті. Олардың сенім-нанымдары, ойлары жазушының «Есек жылы», «Қап», «Жулей­ла», «Бір түрлі құстар», «Ақ сиырдың өлімі», «Ешкінің басы» әңгімелерінде айқын көрініс тапқан.

Оқиға Йеменнің шынайылықпен суреттелген ауыл-қалаларында орын алғанымен, кейіп­кер­лер көбіне сюрреалистік немесе пародиялық сипатқа ие. Мысалы, «Ешкінің басы» әңгіме­сінің сюжеті ауыл аңыздарына сүйеніп жазылғанымен, пародиялық түрде ұсынылған.

Ар-Разихидің әңгімелеріндегі жан-жануарлар мен жансыз заттар асылынан алыс, өзгеше сипат пен мүмкіндікке ие. «Соқыр мен оның таяғы» әңгімесіндегі сөйлейтін таяқ, «Есек жылын­дағы» аспанға ұшқан есек, «Қала айының қайғылы соңы» әңгімесіндегі қала көше­лерін кезетін ай, «Менің ағаш әпкем» әңгімесіндегі жан біткен ағаш, «Шыбын» әңгімесіндегі өткенді бейнелеп бере алатын темекі түтіні — осының мысалы. Дегенмен «әл-Уишах» әңгіме­сіндегі ақын әз-Зубейри мен жендет әл-Уишах секілді шынайы тарихи кейіпкерлер түс секілді сюрреалистік жағдайда әрекет етеді.

Жалпы жинақтағы көп әңгіме желісі түс қағидаты бойынша түзілген. Мұнда іс-қимыл күтпеген жерден өзгеріп, тез алмасып отырады. Мұнда оқиға желісі ешқандай логикалық алм­асу, сюжеттік желісіз дамиды, мәтін фрагменттік, ризоматикалық болып шыға келеді.

Автор мұндай тәсілді автор «Жулейла», «әл-Уишах», «Екі еселенген түс» пен «Ар-Рзихидің» түсі әңгімелерінде қолданады. «Қап» әңгімесінде кейіпкер-баяндаушы балалық ша­ғында өзінің ауылдас құрбысына ессіз ғашық болғандығын баяндап береді. Содан соң ол жіберіп қоятын ауруының болғандығын, таңертең жатын бөлме қабынан шығуға ұялған­дығын айтады. Бірде, қапта жатып, бала қаптың қозғалып, кеңейгенін сезеді, содан соң ол ұшып кетеді. Ұшып бара жатып бала адам сенгісіз ұлғайған қаптың ішінде барлық ауыл тұр­ғын­дарының ұйықтап жатып, жіберіп қойып жатқандарын көреді. Ал қап болса ұлғайған үстіне ұлғайып, ақыры жарылып кетеді. Кейіпкер ояна келе, анасының дауысын естиді, ол әкесінің түрмеден босағандығын айтып жатыр екен. Әңгіменің соңы мағыналық жағынан әңгі­ме­нің басымен ешқандай байланысы жоқ. Бұл автордың сюжеттік құрылымды әдейі бұзғандығына ұқсайды.

Автордың «жоғарғы» мен «төменгі» тақырыптарды әдейі араластыруы «Бір түрлі құс­тар» әңгімесінде айқын байқалады. Әңгіме желісі 1930 ж. Британияның Солтүстік Йеменді бомбалауына негізделген. Бұл қайғылы тарихи оқиғадағы қатыгез отаршылардың әрекетін баяндай отырып, автор жынды Хумади мен оның сүйетін жұмбақ «құмырсқа» тасы туралы айтады. Осылайша, ол сюжеттің пафосын мақсатты түрде төмендетеді.

Арво Абдо Османның «Маса қаласы Танакада болып тұрады» әңгімелер жинағының (2001) басты сипаты ұлттық фольклорды пародиялау болып табылады. Арва 1965 жылы Таиззде туылған. Ол бала шағынан-ақ Йемен фольклорына әуес болып өсті. Сана универси­тетінің философия бөлімін тәмамдағаннан кейін Арво саналық Мәдени зерттеу орталығында Йемен фольклоры мен этнографиясымен жұмыс істеді. Нақ осы жұмыс оның әңгімелерінің рухы мен стилін айқындады.

«Маса қаласы Танакада болып тұрады» әңгімесінде Йеменде «Маса қаласы Танака» бар екендігі, ол жаққа барған бірде бір адамның қайта оралмағандығы туралы айтылады. Жинақ­тағы барлық іс-қимыл нақ осы қалада орын алады. Әңгімелердің көбі йемендік әжелердің немерелеріне ертегі, аңыз-әңгімелерді бастағандағы алғы сөзімен басталады: «Ерте-ерте, ертеде бір… Бір болу тек Аллаһқа тән, ал кімнің күнәсі болса, Аллаһтан жарылқау сұрасын» немесе «Рас-өтірігін кім білсін, бұрынғы заманда, бір елде…».

Жазушы бұл фольклорлық стилистикалық шартты белгілер жүйесін үзіп тастап, мына­дай жолдармен тәмамдайды: «Ал, бұл тұста, қымбатты достар, ғафу етіңіздер, бірақ мен оқиғаны дәстүрлі «осылайша олар ұзақ және бақытты өмір сүрді» деген сөзбен аяқтай алмадым. Егер бұл рас болса, Аллаһ та шыншыл ғой, ал егер өтірік болса, Одан кешірім сұраймын» немесе «Оқиға осылай аяқталды. Бірақ білмеймін, мүмкін бітпеген де шығар. Білмеймін. Өздерің бітіріп алсаңдар да болады. Немесе аяқсыз қалдырсаңдар да өз еріктерің. Егер тәмамдайтын болсаңдар, дәстүрлі соңын жасамаңдаршы».

«Ләббай» әңгімесінде баяндау стилі иронияға толылығымен ерекшеленеді. «Сонда ол күні-түні Алладан үйлену үшін өзіне жар, қандай болмасын жар, ит болсын, тауық болсын, тым құрығанда құрт немесе өзге бір жануар жіберуін жалынып сұрайды, әйтеуір үйленсе болғаны. Аллаһ оны естіп, оған ит-жұбай жібереді. Алғашында ол қаншама сабыр мен азабы үшін ит берді деп қайғырады. Бірақ ол бәрібір де Аллаһқа мадақ айтты, содан соң маңдайына жазылғанға бас иді». Мұндағы фольклорлық баяндауға тән емес ирония мынадан байқалады: адам тіпті құртқада үйленуге әзір, Ал Құдыретті Аллаһ оның дұғаларына жауап ретінде тек итті ғана жібере алды.

Дегенмен бұл жинақтағы әңгімелердің барлығы фольклорлық сипатта емес. Бірқатар әңгімелер соңғы кездегі йемендік қоғамның ашық пародиясын жасайды. Сондай-ақ Йемен­дегі соңғы кездегі Йемендегі саяси-әлеуметтік жағдайды автор «әл-Фихтат әл-Ғауиттің пар­тия­сы», «Қоғамдық иіс түйсігіне зардап тигізу», «Баулар», «Ба-бах құдығынан сусындайтын Танака» гротескке құрылған әңгімелерінде өткір сатира арқылы жеткізеді.

Өзінің шығармашылықтарында ұлттық реңк пен постмодернизмнің түрлі тәсілдерін шебер қолдана білген жазушылардың бірі — Мұхаммад әл-Ғарби Амран. Ол 1958 ж. Дамар­да туылған. Сана универстиетінің тарих-әдебиет бөлімін тәмамдаған соң Саналық «Илмаках» әңгімесі клубының жетекшісі болып қызмет атқарды. Оның алғашқы жинағы «Шаршафалар» (Шаршаф — йемендік әйелдің үстіңгі киімі, 1997) реализм, авангардизм мен ұлттық фольклор­дың бөліктерінен құралған кішігірім әңгімелерден тұрды. Мұнда көшедегі түрлі көріністер, тұрмыстық тарихтың баз бір эпизодтары, драмалық ауыл аңыздарын әңгімелеулер автор шығармашылықтарының сюжеті болып табылады. Амран реалистік бағытты қатаң ұстана отырып, Йемендегі әлеуметтік, мәдени мәселелердің барлығын қозғап шықты. Автордың айтуынша, оның шығармашылығына орыс әдебиеті мен йемендік реалистік прозаның негізін қалаушы Мұхаммед Абд әл-Уәли туындылары айтарлықтай ықпал етсе керек.

Ал кейінгі «Аз-Зылл әл-‘ари» («Жалаңаш көлеңке» 1998), «Харим а‘аззакум Аллаһ» («Әйелдер, Аллаһым кешіре көр!» 2000), «Билкисті сүндетке отырғызу» (2002), «Манара сауда» («Қара мұнара» 2004) әңгімелерінде жазушының (Амран Мұхаммед әл-Ғарби) баян­даушы стратегияға ойысқандығы байқалады Осындай стратегияны автор «Сана мені біледі» және «Хазима» әңгімелерінде кеңінен қолданған.

«Сана мені біледі» әңгімеснің кейіпкері демалыстан кейін Дамардан Санаға бара жатқан жолда, Сананы қаншалықты сағынғандығы туралы ойға кетеді. Сонда оның ойына әдемі мұна­ралар, мешіттердің күмбездері, көпірлер барлығы – оралады. Содан соң оның есіне уни­верситет аудиториясына алғаш аяб басқаны, студенттердің назарының бұған қалай ауған­дығын алады. Автобустың Сана шетіндегі елді мекендерді жүріп өтеді: Хаддар, Уаалян, Хазиз. Әңгіме оның сапар шегуіндегі естеліктер мен көріністерге сүйенген.

Екінші әңгіме «Хазима» баяндаушы кейіпкердің «әс-Сәури» газетінен журналист Хаил әл-‘абиридің Йеменде бірінші автомобиль эстакадасының құрылысы себепті Офицерлер клубына жалғасып жатқан көне Хазима моласының қабырғасын құлату туралы Сана муни­ципалитетінің шешімі туралы мақаласын оқуынан басталады. Осы мақаладағы айтылған жайттардың барлығы шын мәнінде 1990 ж. соңына қарай орын алған оқиға. Кейіпкер ары қарай бұл төңірегінде қала тұрғындарының арасында қызу талас-тартыс, дау-дамай туын­даға­нын айтады. Кейіпкер медициналық факультеттің мәйітхана­сында жұмыс таппай тұрып осы молада түнейтін. Кейіпкер бұрын өзіне баспана болған мәйітханаға барып, онда өліліер әлемін көзімен көреді.

Бұл екі әңгімеде де постмодернистік баяндаушы стратегиясының әдеттегі белгілерін бай­қауға болады. Жазушының көптеген әңгімелері түсті еске түсіреді. Онда реалистік, шы­най өмір бөлшектерінен шынайы емес әрекеттер құралады, оқиға барысы күтпеген жерден өзгеріп отырады, кенет басқа арнаға түсіп жатады. Осылайша, мәтін фрагменттік, децен­тре­зацияланған болып шығады. Бұл әңгімелерде типтік нақтылық болмаған соң оны түрліше, талдап, түсініп, түсіндіруге болады. Ал қорқынышты оқиғаларға толы «Жалаңаш көлеңке», «Туған күнге — саусақтар», «Импотент», «Шөпқоректі қасқыр», «Сана», «Утама» әңгіме­ле­ріндегі іс-қимыл Йемен қалалары мен ауылдарында орын алады. Ал «Әйелдер, Аллаһым кешіре көр!» әңгімесіндегі оқиға болашақ­қа да, өткен шаққа да жатқызуға болатын фантас­тикалық көріністе келеді. Автор «Рухтардың көшуі» әңгімесінде мәтінмен ойын тәсіліне көше­ді, мұнда адамдар мен жануарлардың рухтары ауысады, бірақ баяндаудан кім туралы айтылып жатқандығын түсіну қиын. Амран шығармашылығындағы тағы бір ерекшелік – пародиялылық. Бұған дейінгі жазушылар буыны Йеменнің мәдени, әлеуметтік, саяси өмірін өз шығармашылықтарында реалистік тұрғыда, драмалық сюжетпен жазған болса, Амран мұның барлығын пародиямен жазған. Мысалы билік басындағылардың жемұорлығы, қызме­тін асыра сілтеп пайдаланушылығы алдыңғы буын жазушыларының еңбектерінде реалистік тұрғыда, өткір сынға алынған болса, Амран мұны ирония мен бейтараптылықпен билік мекемелерінің қызметінің симулятивті сипатын ашып көрсетеді. «Махаббатағы қылмыскер» әңгімесінде баяндаушы-контрабандист шекарамен шектес аймақтардан Санаға бару керек болған жағдайда, күндіз баратындығын, бұл уақытта кезекшіліктегі сарбаздардың оны қарақшылардан арашалайтындығын айтады. Ол өзіңнің қандай тауарды, қай жерден, қалай алатындығын баяндап береді. Реалист-жазушыларда трагедиялық сипат алатын кедейшілік тақырыбы Амран шығармашылығында пародия нысанына айналадаы: «Баб-ул-Йемен» әңгі­месін­де ол бүкіл елді кедей қайыршылар тобы ретінде көрсетеді. Йемендіктердің сөз тасу, өсекке үйірсектігін реалист жазушылар адамзаттық трагедия ретінде қозғалса, Амранда бұл да пародия нысаны. Мысалы «Қарға-бала» әңгімесінде кейіпкер өз өмірін баяндап бере­ді. Ол туылғанда әкесінің бәйбішесі, тоқалға деген қызғаныштан жаңа туған сәбидің қара түсті екендігі туралы қауесет таратады. Өсек сол аймақта тез тарап, газетте бала-қарға туралы мақала жарияланады. Кейінірек жас жігіттің қарға туралы оқиғасын білген бойжеткен оған тұр­мысқа шығудан бас тартады.

Амранның сюжеттері ғана емес, баяндауындағы жекелеген бөлшектердің өзі пародия­лы­лыққа ие. Әсіресе, әңгімелерде кездесетін газеттен алынған тұстары қосымша құжат болып көрінгенімен, шындығында, олар мистифика­циядан құралған, я болмаса еш мағы­на­сыз. Мысалы «Кат» әңгімесіндегі кейіп­кер газеттен мынадай тақырыптарды оқиды: «Клин­тон Саддамды орнынан алып тастауға өкілеттілігі жоқ екендігін айтып сендіруде», «Саддам жария түрде Америкамен соңына дейін күресуге уәде берді», «Алжирдегі қақтығыстар ушы­ғып барады», «Йемен Руб-ул-Хали шөліне Қызыл теңізден Аден шығанағына қарай канал тартуда». Алайда бұл тақырыптардың соңғысы ойдан шығарылған, себебі, Йемен ешқандай канал тұрғызған емес, тұрғызып та жатқан жоқ. «Қадыр түні» әңгімесінің кейіпкері «Әл-Жумхурийа» газетінің мейрам күнгі басылымының мәдени қосымшасынан «әдетте болып жатқан жайды мұқият бақылайтын» Абдаллах Алуан жеткізген Хишам Шамсанның хабарла­ма­сын оқиды. Хабарламада Рамазан айының 27-жұлдызында, жексенбі күні кешкі сағат сегіз­де қара бала автомобильде отырған толық кісінің бетіне ақ түсті сілекейімен түкіріп, қашып кететіндігі туралы жазылған. Бала асфальт түстес болғандықтан, қараіғы бұры­лыс­тарға сіңіп жоқ болып кетеді-мыс. Полиция оны іздестіруді жалғастыруда деп келтіреді. Бұл мақаланың еш мәні жоқ, бірақ оның авторлары ретінде екі атақты йемендік журналистері мен әдебиетшілері Абдаллах Алуан мен Хишам Шамсан деп көрсетіледі. Осылайша, жазушы шығармашылығында ойдан шығарылған контекстке шынайы адамдардың атын қолданылуы – автор тәсілдерінің бірі екендігіне көз жеткіземіз.

Постмодернистік баяндаушы стратегиясын йемендік прозада қолдану тұрғысынан ал­ғанда алдыңғы орыннан Уаджди Мұхаммед әл-Ахдальды табамыз. Ол 1973 жылы Худей­да ауы­лында дүниеге келген. Ол – Солтүстік Йемендегі белгілі ислами заң маманы, ғалым, әде­биет­шілер отбасының өкілі, Сана университетінің география бөлімінің түлегі. Ол өзінің ерек­ше таланты, жүйрік қиялы, сөз бен әзіл-оспақтың қаймағын түзуші ретінде оқырмандар, сын­шылар, кәсіпқой әдебиетшілер тарапынан мойындалып, бірнеше әдеби номинация бойынша лауреат атанды, сол сияқты республика президентінің жас автор-новеллистерге тағайындаған сыйақысына ие болды.

Әл-Ахдаль өзін постмодернистік жазушылар қатарына құлшына қоспаса да, оның «Жо­лау­шының гүлі» («Заһрат-уль-‘абир» Сана, 1998) жинағында бұл сипат анық көрінеді. Автор­дың жинаққа алғы сөзінде өзіне деген ирония көрініс тапқан: жазушы өзге бір жазушы Сами әш-Шатыбидің атын жамылады. Бұл да жинаққа ерекше сипат береді. Ол алғысөзде былай деп жазады: «Мен — басында ешқандай жаңа ой тумайтын сәтсіздікке ұшыраған автормын. Өзімнің нағыз жазушы еместігімді секе салатын қарғыс атқыр сезімді басымнан өткерген сайын менің жүйкемді бір залым шайтан тоздыратын». Ары қарай автор бір күні қолына бейтаныс біреудің хаты қолына түсіп, сол жерден жаңа ойларды алып, көптеген әңгімелер мен кішігірім пьеса жазғандығы туралы айтады.

Бұл алғысөзден соң «Полковниктің үйленуі» пьесасы мен түрлі көлемдегі мәтіндер келеді. Олардың жетеуі «Пәленшенің хаты», ал біреуі «Жолаушының гүлі» деп аталады. Бұл мәтіндердің барлығы ерекше, әрі қызық. Бұларды әдебиеттегі жанрлардың ешбіріне жатқызу мүмкін емес, мұнда кейде фантастика араласса, енді бірде ертегіні, сатиралық баяндауды, ғы­лы­ми-қарапайым публицистиканы еске түсіреді. Бұл жинақта адамдар жансыз заттарға ай­налса және керісінше үдеріс жүрсе, енді бірде өткен шақтағы тарихи тұлғалар қазіргі заман­ғы ойдан шығарылған кейіпкелер туралы сөз қозғайды.

Әл-Ахдальдың «Жолаушының гүлі» жинағындағы кейбір мәтіндерінде ғылыми шартты белгілер жүйесін құрайтын автор қиялы мен құжатнама бойынша нақты мәліметтер денін түзетін сілтемелер жиі кездеседі. Оның жарқын мысалы «Нигериялықтың хаты» мен «Бә­дәуи­дің хаты» бола алады. Бұл екі мәтін көлемінен ондағы сілтеме көлемі көбірек. Сондай-ақ әл-Ахдальдың үш хатында ортағасырлық иснад үлгісі қолданылады.

Әл-Ахдальдың екінші жинағы «Оғаш уақыттың мағынасыз сөздері» атты жинағы (1998) 26 мәтінді қамтиды. Бұл мәтіндер көлемі жағынан бір беттен тұрады, ал стилі жағынан анекдоттар мен байкаға келеді және көбіне иснадпен басталады. Мәтіндердің сюжетінде жеңсікқұмарлық бағыты айқын байқалады, пародия мен тілдік екіұштылық оларды анек­дот­тар мен байкалардан ерекшелейді. «Әйелдердің әдеби шығармашылығының адамға ұқсас­тығы» мәтініндегі мына жолдары жоғарыда айтылған сипатына ие: «Менің әжем асқан сақтық­пен бір тілім нанды нұсқап, естелігін айтты, даусынан діріл байқалады: «Бұл нан тілі­мімен ең жүрек жұтқан батыл кісінің өзін қорқынышына нүкте қоюға мәжбүрлейтін қорқы­нышты оқиға байланысты».»

Бес әңгімеден құралған «Жүзіқараның кейпі» («Сурат-ул-баттал», 1998). Амман) атты үшінші жинағында автор сюрреалистік, ал йемендік сыншы Әли Раби’ әл-Хамисидің айтуы бойын­ша «парапсихологиялық» сюжеттерді асқан шеберлікпен қолданған. Бұл жинақтың ал­дыңғы екеуінен ерекшелігі сюжетінің мақсаттылығы мен ұзақ жазылуында. Ал, жалпы алғанда автор бұрынғы өзіне тән стилінен ажырамаған: псевдоиснад, ғылыми тектес пікір, маз­мұндаудың пародиялық түрі, оқырманды баяндаушының кім екендігін көрсету мен баян­дау жағдайында жаңылыстыру тәсілі, жансыз заттарға жан бітуі немесе керісінше.

Автор «Үшінші мыңжылдық газеттері» әңгімесінде баяндаушы кейіпкер арқылы өзінің постмодернизмге деген әуестігін көрсетіп жатқандай әсер қалдырады: «Бірде «әс-Саура» газетінің редакциясындағы жазу үстелінің алдында отырып, өзімді адам төзгісіз пост­модернистік әдебиеттен мәңгіге құтқару үшін бір эфиопиялық сыйлаған уды ішуге аз қалып едім…». Постмодернистік әдебиеттің мәнін талқылау «Жазу үстелінен қашып кеткен автор­дың төрт әңгімесінің тарихы» әңгімесінде кездеседі. Автор мұнда бейнелі түрде өз шығарма­шылығына сын айтады.

Жазушы «Танысу мүмкіндігі» әңгімесінде Йемендегі қоғамдық өмірді ирониялық бағытта сипаттайды. Мұнда бір баланың болашақта өз ата-анасы болатын екі жасты таныс­тыруын баяндауы орын алады:  «Сенде оған қатысты мынадай мәселелер туындайды, — дейді бала бойжеткенге, — ол катқа құлша тәуелді. Өзі Отан деп атайтын үлкен жан сақтау бөлімін­де өз өмірін сақтап қалуға әкелетін оттекті мүштек секілді кальяннан темекі түтінін тартып оты­ру­ды қатты ұнатады».

Жазушының бірінші және үшінші жинақтарындағы шығармашылықтарына талдау жасай отырып, Әли Раби’ әл-Хамиси мынадай пікір білдіреді: «Уаджди әл-Ахдальдің әңгіме­лерін оқып отырып сатиралық немесе юморлық мағынасы еріксіз езу тартқызатын сөйлем, сөз тіркемі немесе тіпті бір сөзбен міндетті түрде жолығасың. Меніңше, жазушы фантас­тика­лық сипаттағы юморлық стильді оқырманды сюжеттің еркешелігі немесе иррационалдығы себепті түсініксіздікке ұшыраудан уақытша құтқару мақсатымен осындай сөйлемдер мен тір­кестерді іздету үшін қолданады».

Әл-Ахдальдің тағы бір жинағы «Тірі жан білмеген соғыс» («Харб лам йа‘лам би-уқу’иха ахад», Сана, 2001) әңгімелер, байкалар мен кішігірім пьесадан тұрады. Бұл жинақтың ерек­шелігі – ондағы Йемен қоғамдық-саяси өмірін сатирамен жазылуы. Бұған «Тірі жан білме­ген соғыс» пен «Оғаш түстегі кісі өлтіру» әңгімелерінің сюжеті жарқын мысал бола алады. Бұлардың сюжеті сюрреалистік болғанымен, Йемендегі бейберекетсіздік, саяси қуғын-сүргін, кісі өлтіру, заңсыздықтар, азаматтардың құқықтарының аяққа тапталуы, екі ел бірік­кен­нен кейінгі фундаменталистердің екіжүзділігі түсінікті етіп баяндалады. «Алдыңғы қатардағы күмәнді қозғалыстар», «Жорғалайтын қолдар» байкалары мен «Бір сәт» пьеса­сын­дағы сатира ашық түрде қолданылған.

Уаджди әл-Ахдальдің «Тау қайықтары» («Қауариб жәбәлийа», Сана, 2002) атты постмодернистік романының басып шығаралуы үлкен шу тудырады. Бұл романның алдыңғы жазыл­ған, қысқа тексті 1998 ж. «әл-Жумхурийа әл-Йәмәнийа» журналының мәдени қосым­шасында өзгеше атаумен жарық көрген болатын. Бірақ ол кезде мұндай дау-дамай тумаған болатын. Автор жыл өте өңдеп шығарған романның келесі нұсқасы йемендік ірі әдебиет сыншылары тарапынан тері көзқарастарға ұшырады. Олар әл-Ахдальдің бұл шығармашы­лығы қоғамның барлық моральдық және діни құндылықтарын аяққа таптайды деп бағалады. Бұл сын-пікірлер билікті де жайбарақат қалдырмады: роман жарық көргеннен кейін бір апта­дан соң мәдениет министрі барлық тиражды кәмпескелеу, роман басылып шыққан баспаны жауып, авторға қарсы қылмыстық қозғау туралы жарлық шығарды. Ал министрдің орын­басары, жазушы Хашим Әли бұл жарлыққы қол қоюдан бас тартып, қызметінен кетуге мәжбүр боды. Йемен жазушылар одағынан құралған топ бұл шешімді шығармашылық еркін­дік құқығын аяққа таптау деп тауып, автор жағына шығып, ел президенті мен премьер минис­трі­нен мәдениет министрін орнынан босатуды талап етті. Дегенмен премьер-министр мәдениет министрінің шешімімен келіседі. Осылайша, діни, саяси, әдеби, заң ортасында үлкен дау-дамай туады. 2002 ж. Сана мешітінің бас имамы радио мен телевидениеде сөйле­ген сөздерінде әл-Ахдальді дінсіз деп айыптағаннан кейін, өзге де дін өкілдері жаппай жазу­шыға наразылықтарын жаудыра бастады. Билік пен дін өкілдері тарапынан төнген қауіптен соң әл-Ахдаль сол жылы жазда Сирияға сауғалауға мәжбүр болды.

Романнан туындаған дау-дамай бүкіл Еуропада, араб әлемінде тарап кетеді. Нәтиже­сінде бейруттік баспа «Рияд-ур-Райис» романды қайта басып шығарады, ал 2003 жылғы Каирдегі кітап жәрмеңкесінде ең қажетті кітапқа айналады. Еуропалық постмодернизм өкілі, Нобель сыйлығының әдебиет саласындағы лауреаты, неміс жазушысы Гюнтер Грасс Йемен президентіне тікелей барып, әл-Ахдальді жарылқауды өтінеді. Бұл жағдайдан соң президент ресми түрде кешіріледі.

«Тау қайығы» романы — жүзден астам беттен құралған күрделі компазициялы, салыс­тыр­малы түрде қысқаша туынды. Роман мәтіндері жеті бөлімнен тұрады, олар «миждаф» (ес­кек) деп аталды. Роман төңірегінде дау тудырған негізгі сипаты автордың сексуалды-физио­логиялық саладағы барлық табуларды бұзып-жарып, «лас» лексиканы қолдануы. Романдағы табуларды бұзу – автор тарапынан арандатушылықты көрсетеді. Француз зерттеушісі Л.В. Деовелдің пікірінше, «Тау қайығы» романы жалпыарабтық деңгейден шығып, Йемен араб әдебиетінің дамуындағы периферийлікті жоя білген алғашқы йемендік прозалық ілгерілеу нышаны болып табылады. «Тау қайығы» романынан соң туындаған дау-дамай әл-Ахдальдің келесі бір «Әндер арасындағы есек» романында өткір, ирониялық стилін сақтап қалуына бөгет бола алмады («Химар байна-л-ағани», Бейрут, 2004). Бұл романында автор «Тау қайығындағындай» әлеуметтік, мәдени кеңістік құрады, тарихи-саяси реалияларға көбірек мән береді, атап айтқанда парламентке сайлау, бағаның өсуі мен 1994 ж. азаматтық соғысқа қатысты халық толқулары қозғалады. Роман кейіпкерлері тағы да карикатуралық қуыршақ кейіпкерлер болып табылады. Роман «Тау қайығы» романындағыдай Йемен қоғамының отбасылық, діни, саяси орталарында орын алатын құбылыстарға иронияны қолдануды арқау етеді.

Әл-Ахдальдің үшінші романы «Философ әл-Карантины» («Фәйләсуф әл-Карантины», Сана, 2007) алдыңғы екі романның тақырыптарын сабақтайды. Роман сатиралық өсиет әңгімелер, травестилендірілген антиутопиялар мен саяси романның сипатына ие. Романның алғысөзінде автор былай деп түсініктеме береді: «Бұл романдағы әрекет Зейм моласында жүреді. Мен ондағы жерленген адамдар жайлы сөз қозғамаймын, сіздерге мүлдем бейтаныс әлем туралы қызықты оқиғасымен шектелемін. Сіздердің бәтеңкелеріңіздің бауларынан бірнеше метр жер ғана жырақтағы кішкентай тіршілік иелері турал, мола құрттары жайлы әңгімелеймін». Ары қарай романның бірінші бөлімі басталады. Романның басы постмо­дер­нис­тік екіұштылыққа ие. Бұл роман сюжетінің мәні мынаған саяды: өз уақытында дін өкілдері Зейм моласына жіберген Муш’иль әл-Хижазиді Лондон мүрдесінде тұратын эмиг­ранттарға рамлийлік мазхабты үйретуге жібереді. әл-Хижази өз тапсырмасын орындап болған соң, шетелде философиялық білім алып, отанына оралады. Оның ойында үнемі «құрт­тарды адамдарға айналдыру» тұрады. Философты бұл «құрттарды адамға айналдыру» әдісі­нің мәні: адамға айналғысы келген құрт осы өмірде өз ісінің маманы болуға тырысу керек. Осы­лайша, автордың айтқысы келген ойы «араб қоғамының өкілдері әлі де толыққанды адам емес, әлі де олар адамға айналу қажет» болса керек. Роман 2008 ж. араб романистеріне та­ғайын­далған Букерлік сыйақыға лайық деп таныл­ды, бұл өз кезегінде, араб оқырмандарының постмодернистік сипаттағы әдебиетке де­ген тал­ға­мын тынытады.

1990 жылдары Йемен прозасында пайда болған жазудың жаңа түрін талқылауды түйіндей келе, сыншы Мұхаммед әш-Шайбанидің берген бағасын келтіруге болады: «Бұл буын өкілдерінің басым көпшілігінің шығармаларында жарқын болашаққа ертерек дәмелену туралы тосын ойлар болмады, революция рухы олардың шабыттарын шақырмады… басты кейіпкер ендігі жерде пайғамбар емес… Студенттер, жұмысшы тап, шаруалар тобының өкілдері баяндаудың арқауын құрамады, өзінің карикатуралық бейнесіндегі имам өткен шақтың адамы емес. Ауыл енді ол жақтан қоныс аударғандар кейіпкерлерді тебірентпейді, қиырға қоныс аудару «Жат Отан» екіжақты сипаттағы баяндау тақырыбын құрамады… 1990 жылдардағы прозадағы жаңаша жазу үлгісі… заттарға ұлттық мәселелерді шешу жолдарын ұсынбайтын бейтарап, шеткері көзқарасты білдірді, байсалды, бірге уайымдау міндетті емес, кейде Уаджди әл-Ахдаль шығармаларындағыдай өз мақсатына қоршаған реалиялардағы күлдіргі парадокстарды бейнелеу арқылы жететін, жай ирониялық көзқарас… 1990 жылдардағы проза туындыларындағы мұндай жазу үлгісі олардың маргиналды және күнделікті тақырыптарға, интимді, саяси және діни саладағы «тыйым салынған» мәселелерді басқаша айтудың өзге қандай да бір түрін қолданбастан бейнелеген даулы ашықтыққа жүгінуіне жағдай жасады».

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.