Қарахан мемлекеті

Главная » Рефераттар » Қарахан мемлекеті

Қарахан мемлекеті. Х ғасырдың орта кезінде Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Шығыс Түркістан жерінде Қарахан мемлекеті пайда болды. Орталығы — Баласағұн қаласы. Кейіннен мемлекеттің батыстағы шекарасы Орта Азияның көптеген жерін қамтиды. Жазба деректерге қарағанда Қарахан мемлекетінің құрылуы мен даму тарихында басты рөлді Қарлұқ конфедерациясының тайпалары атқарды, бұл конфедерацияға қарлұқтармен бірге шігіл жəне ягма, оғыз, қаңлы сияқты т.б. түрік тілдес тайпалар кірген. Қарахан

мемлекетінде шігіл мен ягма тайпалары негізгі рөл атқарған. Өкімет басындағы билеушілер осы тайпалардан алма-кезек ауысып тұрған. Х ғ. ягманың бір бөлігі қарлұқтармен бірге Жетісуды, Нарынның түскейін мекендейтін. Кейінірек, ХІ ғ. ягмалар қиян теріскейде, Іле алқабында да тұрады. Ыстық көлдің Солтүстік жағынан көшіп келген шігілдер де осы алқапқа тарап кеткен еді. Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы Сатұқ Бограхан (915—955 жж.), қарлұқ қағаны Білге Қадыр ханның немересі. Сатұқ Бограхан саманилердің қолдауына сүйеніп, өз ағасы Оғылшаққа қарсы шығады да, Қашғар мен Таразды өзіне қаратады. 942 ж. Сатұқ Баласағұн билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қағанмын деп жариялайды. Осы кезден бастап, Қарахандар мемлекетінің тарихы басталады. Қарахан сөзі Х ғ. аяғынан бастап, олардың Орта Азияны жаулап ала бастаған кезінен мұсылман деректерінде пайда болған. Ал, Қарахан мемлекеті деген атау Х—ХІ ғасырда тарихшылардың зерттеулерінде шартты түрде қабылданған.

Сатұқ өлгеннен соң билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы қағанаттың мемлекеттік діні ислам деп жариялады. Қарахан мемлекетінің астанасы — Қашғар қаласы болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен — ілек Баласағұнды иеленді. Кейін бұл өңірді оның баласы Хасан Боғра хан мұра етіп алды. Мұса өлгеннен соң жоғары қаған атағы оның баласы Əли Арсылан ханға көшті. Оның енші жерінің орталығы Қашғар болды, сонымен қатар, ол Тараз бен Баласағұнның да билеушісі болып есептелді.

Қарахан мемлекетінің саяси тарихы ол өмір сүрген алғашқы ондаған жылдың өзінде-ақ ықпалды əрі күшті екі əулеттің — Əли Арсылан хан мен Хасан Боғра ханның ұрпақтары арасындағы өзара қырқысқан күреске толы болды. Алғашқы кезде Əли (Əлилер) ұрпағының ықпалы күштірек болды, ал кейін бұл ықпал Хасан ұрпақтарына (Хасанилерге) көшті.

Х ғ. 80- жылдарында Орта Азиядағы күшті мемлекет Саманилер өз ішіндегі əлеуметтік қайшылықтармен, феодалдық талас- тартыстар мен қырқыстардан əлсіреп құлдырады. Осыны Қарахан мемлекетінің билеушілері пайдаланып, Хасан Бограхан 990 жылы Исфиджабты, 992 жылы Бұхараны жаулап алады. Осы жылы оның баласы Жүсіп Қадыр хан Қотан қаласын басып алған. Ал Хасанның немере інісі Қарахан билеушісі Əли Арсыланның баласы Насыр Орта Азиядағы Саманилерге қарсы жорыққа шығып, ойсырата соққы берген. Қарахан хандығы қиян-кескі ұзақ соғыстардан кейін 1004—1005 жылдары Мəуераннахр жерін түгелдей өзіне  қаратты.

Осыдан кейін Қарахан мемлекеті ХІ ғасырдың 30 жылдары Шығыс жəне Батыс Қағанат болып бөлініп, екі иеліктен тұрды:

  1. Шығыс хандық: оның жері Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Шығыс Түркістан, астанасы — Баласағұн, кейде Қашқар қаласы болып тұрған.
  2. Батыс хандық: Мəуераннахр жерлері. Оның орталығы Самарқан қаласы болды.

Шығыс хандық Қарахандықтардың негізгі бөлігі болып саналған. Сондықтан оның ханы дəстүр бойынша жоғарғы Ұлы қаған болып есептелген. Бірақ екі хандықтың арасында онша бірлік болмай, олар жиі жеке-жеке бөлініп кетіп отырған. 1056 жылы Қадырханның ұлы Йиналтегін өкімет мұралығы жолындағы күресте інісі Сүлейменнің иелігін басып алады, бірақ ол көп ұзамай у беріліп өлтіріледі. Тəжтаққа Йиналтегінің баласы Ибраһим ие болады, алайда ол да біраздан кейін Барысхан əміршімен болған соғыста қаза табады. Осыдан кейін Шығыс қағанатты 15 жыл бойы (1059—1074 жж.) Қадырханның балалары Юсуф Тоғрұл мен Бограхан Харун басқарады. Олардың тұсында Ферғана Шығыс қағанатқа күшпен қосылады, ал екі қағанат арасындағы шекара Сырдарияны бойлай өтеді. Тоғрұл қайтыс болғаннан кейін оның еншілігі Бограхан Харунның (1075—1102 жж.) — Қашғар, Баласағұн мен Хотан қожалығының қол астына көшеді. Қарахан мемлекетінің əлсіреуін пайдаланып 1089 жылы селжұқ сұлтаны Мəлік шах Самарқанды басып алады, сөйтіп Бограхан Мəлік шахтың кіріптар вассалына айналады. 1102 ж. Бограхан өлген соң көп ұзамай Мəуеренахрға Баласағұн мен Таластың иесі Қадырхан Жабырайыл шабуыл жасап, Əмударияға дейінгі жерлердің бəрін басып алды, бірақ Термез қаласының түбінде жеңіліс тауып, өзі тұтқынға түсіп жазаланады. Құдіретті сұлтан Санжардың басқаруы кезінде (1118—1157 жж.) селжұқтар Мəуераннахрға шексіз билігін жүргізеді, бірақ бұл кезде Қарахан əулетінің саяси құлдырауының белгісі біліне бастаған еді. ХІІ ғасырдың ортасында қаптаған Қарақытай (Қидандар) Жетісу мен Баласағұнды, сосын Шығыс Қарахандықтардың қалған иеліктерін түгел басып алады. Сөйтіп, құдіретті Қарахан мемлекеті ХІІ ғасырдың ортасында өзінің өмір сүруін тоқтатады. Қарахан мемлекетінің жоғарғы өкімет билігі — хақанның қолында болды, оған ең жақын кеңесші, көмекші — уəзірі болды. Бұдан басқа күзет бастығы, есік қорғаушылары, қазынашылар жəне елшілер қызмет істеді. Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды əлеуметтік саяси инсти- тут əскери мұралық жүйе болды. Хандар елді өзіне жақын адамдармен жəне уəзірлермен бірігіп басқарды. Мемлекет бірнеше ұлыстарға бөлінді. Хан мемлекеттік немесе əскери қызметі үшін феодалдарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат еткен. Мұндай жерлер икта деп аталады, ал оны берушілерді немесе иесін иктадар деп атаған. Тұтас алғанда Қарахандар дəуірі сапалық жағынан жаңа, яғни Қазақстан аумағында феодалдық құрылыстың нығаюының тарихындағы маңызды кезең болып табылады.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.