Арнайы киімдерге арналған маталар

Главная » Рефераттар » Арнайы киімдерге арналған маталар

Арнайы киімнің негізгі қызметі – қорғаныш. Сонымен қатар ыңғайлы, əрі көркем болуы тиіс. Арнайы киім – берік, төзімді жəне шыдамды болуы шарт. Осының барлығын қамтамасыз ету үшін жіптерінің қажетті айқаспасы жəне маталық негіздің дұрыс үйлесімін, жылытқыш жəне қажетті фурнитураны таңдау керек. Əрине, дайын бұйымды қолдану кезінде барлық талаптарға сəйкестігі тігу сапасы, байланыстыру тəсілі, таңдалған фурнитура мен тігін жіптеріне тəуелді. Дегенмен, тігістері үзілетін болса оны қайта тігуге болады, ал егер материалының бүтіндігі бүлінетін болса, онда оны түзету қиын, əрі түзеткен жағдайда бұйым бастапқы қалпын жоғалтып ғана қоймай, сонымен қатар қорғаныштық қасиетін жоғалтуы мүмкін [1]. Арнайы киім «демалатын» болуы шарт. Себебі, қалыпты жылу алмасу болмаса адамның еңбек өнімділігі төмендейді. Сондықтан, арнайы киімнің ауа жəне бу өткізгіш, ылғал сіңіргіш көрсеткіштері жоғары болса, еңбек өнімділігі де жоғарылайды. Егер арнайы киімге қолданылатын материал осы көрсеткіштерді қанағаттандырмайтын болса, онда бұйымға жүктелген міндеттерін орындай алмайды.

Арнайы киімді тіккенде пайдаланылатын мата түрі мен өңі өте маңызды. Əртүрлі сала мамандарына арналған арнайы киім маталарын таңдау үшін, көптеген кеңінен таралған маталардың техникалық мінездемесі жəне негізгі қасиеттерін қарастыру қажет [2]. Барлық маталар шартты түрде үш топқа бөлінеді. Олар табиғи, аралас жəне синтетикалық түрлерге бөлінеді. Киім жоғары бөлігіне арналған кейбір материалдар арнайы өңдеумен болуы мүмкін. Бұл өңдеулер қосымша қасиеттер береді. Мысалға, отқа, қышқыл жəне сілтілерге төзімді, суөткізбейтін жəне т.б. қажетті қорғаныштық қасиеттер [3]. Flameshield 400 – бұл материал табиғи материалдардың барлық қасиеттеріне ие. Сондай-ақ бұл материалда брезенттің сапасы екі еселенген. Тығыздығы жеңілдетілген Флеймшилд 400 əйелдер костюмі мен жеке бөлшектеріне пайдаланады. Proban® технологиясы бойынша өңделгендіктен, оны киіп жүрген адамды ғана емес, сондай-ақ матаны да қорғап, сыртқы түр-əлпеті мен пайдалану мерзімін арттырады. Флеймшилд 400 – тегіс, тығыз (380 ÷ 400 г/м2) мақта мата отқа жанбайды. Брезентпен салыстырғанда жұмсақ, əрі жеңілдеу жəне ұзақ уақытқа шыдамды. Қызғылт сары, жабық көк жəне теңіз толқыны түстерімен шығарылады [4]. FAS матасы еуропада танымал, ал ресейде жаңадан қолданылуда. 100% мақтадан тұратын мата. Фактурасы мен түрі джинсаға ұқсайды. Басқа мақта маталар сияқты киім астына ауа емін-еркін кіретіндіктен, жылу алмасу жақсы жүреді. Барлық мақта маталарға тəн бір кемшілігі – талшықтарының механикалық əсерлер мен зақымдануларға шыдамайды. Тығыздығы жоғары (320-380 г/м2). Мата ыңғайлы жəне шыдамды, арнайы киім тігуде қолайлы. Жылы мезгілде киілетін киімге қолданған тиімді.

Аралас маталар – бастапқы түсін жəне пішімін ұзақ уақыт сақтайтын, ластануларға төзімді, яғни, көп күш жұмсамай-ақ жуып кетіруге болатын, отыру пайызы төмен болып келетін материалдар. Осы артықшылықтарын жəне табиғи материалдардың бағасынан төмен екендігін ескере отырып, жұмыс берушілер көбінесе, осы материал түрін таңдайды. Грета материалының ерекшелігі – матаның теріс жағы, яғни, адам терісіне жанасып тұратын бетінде мақта талшықтары басым болғандықтан ауа айналымын жақсартады жəне кию кезінде жайлылықты қамтамасыз етеді. Ал, сыртқы беті өндірістік факторларға төтеп беру үшін синтетикалық полиэфир талшығынан тұрады. Мұндай эффект жіптердің арнайы айқаспасының нəтижесінде қол жеткізіледі. Нəтижесінде мата ластануға тұрақты, сондай-ақ, жұмысшаға жеткілікті дəрежеде ыңғайлы жағдайды қамтамасыз етеді. Материал құрамы 35 — 54% мақта жəне 65 — 46% полиэфир талшықтарынан тұрады. Беттік тығыздығы 234 г/м2 , соңғы өңдеуі СЖ(ВО), МСЖ(МВО), К20. Су жұқтырмайтын өңдеуі бар материалды жаздық арнайы киімге жəне қыстық арнайы киімнің эконом классына қолданады. Бағасы арзан болғандықтан, бұл материалдан жасалған бұйымның өзіндік құны да төмен болады. Ти-си – мата мақта шуда жібіне полиэфир қосылып дайындалады. Ти-Си матасын медицина, зертхана жəне ғылыми зерттеу мекемелерінің қызметкерлерінің формалы киімдеріне қолданады. Əртүрлі тығыздықта шығарылады. Жылдам ластанбайды жəне механикалық əсерлерге шыдамды. Пішімін жақсы сақтайды, мыжылмайды. Құрамы: 35% мақта, 65% полиэфир талшықтарынан тұрады. Материалдың беттік тығыздығы 120, 150, 200, 215, 240 г/м2 болуы мүмкін. СЖ(ВО), МСЖ(МВО) өңдеулермен дайындалады. Сису –құрамы: 23% мақта, 77% полиэфир, беттік тығыздығы 139 г/м2 , жалпы өндірістік ластанулардан, шаң қорғайтын қасиеттері (матада арнайы қорғаныш өңдеуі) бар. Сису жұқа мата болғанымен беріктігі жəне пайдалану мерзімі жоғары. Материал көп жүктемені, соның ішінде көп қайтара жууға төтеп береді. Дегенмен, мата жылдам ластанбайтын жəне беріктік қасиеттерге ие. Осы қасиеттерінің арқасында сису сауда, қызмет көрсету, медицина жəне ғылыми мекемелеріндегі қызметкерлерге арналған киімдерде кеңінен қолданылуда. Диагональ — құрамы 45% полиэфир, 55% мақта, салмағы 220 г/м2 , отыру пайызы 2-ден 0,5 %, беріктік қасиеті жоғары материал. Мата өзінің фактурасының диогоналды көрінісіне байланысты осындай атқа ие. Диагонал-мата екі топқа бөлінеді: мақта маталы жəне аралас. Шын мəнінде берік мата ластанудан қорғайтын қасиетімен жалпы өндірістік ластанулардан қорғайтын арнайы киімдерге арналған. Өз кезеңінде ең негізгі жаздық арнайы киім тігетін материал болды. «Рип-Стоп» атауын ол зақымдалған аймақты үлкейтпейтін қасиетінің негізінде алды. Жыртылған немесе тесілген, матаның бүтіндігі бұзылған жағдайда, жіптік талшықтардың ары қарай үзілуі болмайды. Бұл эффектті матаның айқаспасындағы армирленген жіптер қамтамасыз етеді. Мата жоғары беріктік қасиеттерімен қатар, жақсы ауа өткізгіш жəне гигроскопиялық қасиеттер көрсетеді. Сондай-ақ мата пішімін жақсы сақтайды. Су жұқтырмайтын өңдеуінің арқасында қысқы сыртқы киім жəне төмен температурада ластануға бейім өндірістік ортада киетін қорғаныш киімі үшін пайдаланады.

.

Томбой «CARRINGTON» ағылшын фирмасының өндірістік маталарының жарқын өкілі. Томбой матасы арнайы киімді таңдағанда ең бірінші мəн беретін қасиеттерге ие жəне ылғал сіңірмейтін өңдеумен өңделген. Жоғары беріктік жəне ұзақ қызмет етеді, жуғанан кейін мыжылмайды, себебі деформацияланбайтын арнайы өңдеумен өңделген. Мата қазір ғана үтіктелгендей тегіс көрінеді. Көпқайтара жуғанан кейін түсін жəне өңін жоғалтпай алғашқы қалпын сақтайды. Матаны корпоративті киімдерге, сондай-ақ əртүрлі сала өндірісіндегі жұмысшылар киіміне пайдаланады. Альба-2 – бүкіл əлемде жəне Ресейде жақсы бағаланатын мата. Арнайы киімге арналған бұл матаны Ұлыбританиядағы «CARRINGTON» фирмасы дайындайды. Бұл матаның ерекшелігі – айқаспасында. Ерекше айқаспасының арқасында мата өте берік, ұзаққа төзімді болады. Салмағы жеңіл, күнделікті қолдануға тиімді. Мыжылмайтын өңдеуі бар. Стрейчтекс – толыққанды созылғыштық қасиет көрсететін, аз мөлшерде спандекс қосылған мақта маталардың қазіргі заманғы өкілі. Стрейчтекс мақта матаның барлық қасиеттеріне ие болғандықтан, жоғары гигиеналық материалға жатқызуға болады. Ауа өткізу жəне жылу алмасуы жоғары дəрежеде, сонымен қатар керемет созылады. Осы қасиетінің арқасында бұл матадан көптеген бұйым жасауға болады. Жұмысшы созылатын джинсы киетін болса, қимылы еркін болады. Міне, сондықтан, арнайы киім үшін де стрейч-эффектісі бар киім тиімді. Эластаны бар арнайы киім өз пішімін жылдам қалпына келтіреді. Сондай-ақ, бұйым сəн ағымдарынан қалыс қалмайды. Нəтижесінде, жұмысшы өзін ыңғайлы, жақсы қорғалған, сəнді киіммен, жақсы көңіл күймен жұмысын атқарады. Басқа материалдармен салыстырғанда арнайы өңдеуіне байланысты стрейчтекс сипап-сезгенге жағымды – жұмсақ. Сол себептен оны жаздық топтамаларда қолданған тиімді. Көп қолданған кезде Стрейчтекс аллергиялық реакция жəне тітіркенулерді қоздырмайды. Жоғары сапалы мақта талшығынан бұйым жеңіл, шыдамды жəне жууға төзімді болады. Матаның негізгі сипаттамалары — құрамы 97% мақта, 3% спандекстен тұрады. Салмағы 295 г/м2 . Матаның отыру пайызы <1,5%. Беріктік қасиеті жоғары, жуу температурасы 85оС. Синтетикалық бұйымдарды көп киіп жүретін болса, теріні тітіркендіреді. Жылы немесе ыстық еңбек жағдайында аралас немесе синтетикалық материалдардан жасалған киімдер ынғайсыздық тудырады. Мұндай киімді жоғары температура маңында кию мүлде мүмкін емес. Табиғи мақта маталармен салыстырғанда – мата «демалмайды».

Дегенмен, бұл материалдар иілгіш жəне ұзаққа төзімді болғандықтан, жұмысшы киімін тігуде қолданады. Nylon (нейлон) – полиамид талшықты материалдардың жалпы атауы. Полиамид материалының талшықтары үзілу мен жууға төзімді. Нейлон 1930 жылы Dupont компаниясымен шығарылды. 1939 жылы алғашқы нейлон талшығынан жасалған шұлықтар сатыла бастады. Қазір Dupont аса ірі нейлон өндіруші, Nylon 6.6 фирмалық атаумен өндіруде. Материалдың тығыздығы 1,14 г/см3 , балқу нүктесі 250 C°. Əртүрлі өндірушілер материалдың керекті қасиетін алу үшін нейлонға əртүрлі қоспалар қосады. Нейлон өңдеуі жеңіл болғандықтан сал алуан түрлері шығарылады. Dupont компаниясымен шығарылған Cordura-nylon материалы ең көп таралған материал болып табылады. Бұл материал өте төзімді болғандықтан, күшейткіш ретінде қолданады. Беріктік жəне төзімдік қасиеттеріне қарамастан, полиамид талшытарының да кемшіліктері бар. Мысалға, нейлон суланғанан кейін созылады, қатты электрленеді, термоқышқылдар мен жарық, ультракүлгін сəуле əсеріне төзімсіз. Үзілу кезінде беріктігін жоғарылату үшін, салмағын сақтай отырып, сулану кезінде созылуын төмендету үшін матаға белгілі бір аралықта 4-5 мм жуан жіпті енгізіп отырады. Мұндай мата «торкөз мата» сияқты болып көрінеді. Оны Ripstop деп атайды. 500D (Den, Denie), 1000D, 600D – матаға пайдаланған жіптің қалыңдығын көрсететін сан, саны артқан сайын мата ауыр жəне мықты, қалың болады. Полиамид талшықтарынан тағы да басқа көптеген маталар бар — Supplex Nylon, Tactel, Caprolan, Cordura. Cordura – полиуретан жабынды, сужұқтырмайтын өңдеуі бар, арнайы жіптік құрылымды жуан нейлон. АҚШ-тағы Dupont фирмасының туындысы. Матаны өңдеу бірнеше рет орындалатындықтан, мата сапалы жəне ұзаққа шыдайтын болып шығады. Сонымен қатар, жіпке 10% мақта қосылып, нəтижесінде мата түкті болып шығады. Осылайша оның үйкеліске тұрақтылығын арттырады. Артықшылықтары – берік жəне əдемі мата, барлық бұйым түрлеріне (əртүрлі тығыздықта шығарылатындықтан, қажетісін таңдап алуға болады), жууға төзімді, жыртылса ары қарай сөгілмейді жəне жоғары сужұқтырмайтын қасиетке ие. Ал, кемшіліктері – қымбат жəне салмағы ауыр (авизентпен бірдей тығыздықта салыстырғанда 1,5 есе ауыр), суықта өңдеуі қатайып кетеді. Қанша су өтпейтін десек, қалталары, тігістері, түймеліктерінен бəрібір өтіп кетеді.

.

Номекс (Nomex)® талшықтары метаарамидті Dupont (USA) компаниясың өнімі термотұрақты киімдерде 30 жылдан аса уақыт өндірісте қолданылуда. Номекс (Nomex®) жылуыды аз өткізіп, II жəне III дəрежелі күйіктерден қорғайды. Антистатикалық жəне эрогономикалық қасиеттері тұрақты. Отқа жəне термотұрақты қасиеттері молекулалық дəрежеде ескерілгендіктен, қолдану кезеңінің соңына дейін сақталады. Сондай-ақ, Nomex® өздігінен өшетін, жанбайтын, түтіндемейтін, балқымайтын жəне жуу мен химтазалауға төзімді қасиеттерге ие. Мата түстік шешімі – жарқын, қанық жəне ультракүлгін сəулелеріне тұрақты болып келеді. Арнайы киімге арналған Номекс® матасының құрамындағы параарамид Кевлар (kevlar®) талшығы – материал бетін жалын шоқтарынан ойылуын болдырмайды. Жылудың əсерінен мата кеуектері жабылып, ыстық ауа ішке енбейді. Жылу ұзақ уақыт əсер ететін болса, берік жеңілдетілген жабын түзеді де, тиімді термиялық оқаушылықты қамтамасыз етеді. Nomex антистатикалық қасиеттері құрамындағы Р-140 антистатикалық талшығының немесе Bekinox металданған жібінің есебінен жоғарылатылған. Үнемі антистатикалық қасиеті бар болуы, əсіресе, энергетиктерге, сондай-ақ, қандай да болмасын шоқтан тұтанатын реакциялық газдардың əсеріне төтеп беретін арнайы киім үшін маңызды. Флис (fleece) – бұл ылғалды сіңірмей, өн бойынан өткізіп жіберетін, синтетикалық полиэстерден алынған «жүн». Материал жеңіл, берік жəне «ауа камераларындағы» ауаның көлемінің арқасында жылуды жақсы сақтайды. Синтетикалық флис матасын тегіс жерге жазып, арнайы өткір ілмектері бар валиктер көмегімен беттік қабаттың бүтіндігін бұзады. Осылай пайда болған микрожіптер флистің бетін қалыптастырып, бірегей оқшаулаушы қасиеттерін анықтайды. Негізгі өндірістік процестен кейін оның сыртқы түрі мен беріктігіне əсер ететін операциялар орындалады. Тұтынушының қалауы бойынша əртүрлі дəрежедегі жұмсақтықтағы флис алуға болады. Ол бір жəне екі бетті болуы мүмкін. Соңғы өңдеу сатысында флис гидрофильді өңдеуге түсіп, қорғаныштық қасиеттері жоғарлайды. Қазіргі кезде флисті өндірудің бірнеше түрі бар. Мысалға, талшықтар байланады, өріледі жəне т.б. Мақсаты – салмағы аз, жылу оқшаулы материал алу. Флистің негізгі қасиеттері – салмағы аз болса да, жақсы «демалады», табиғи материалдардан мықтылау, созылғыш, пішімін ұзақ сақтайды жəне арнайы күтімді қажет етпейді. Флистен тігілген киім тек суықтан ғана қорғап қоймай, сондай-ақ жылудан да қорғайды. Флис күртешесін арнайы өңдеумен өңдеу арқылы су жұқтырмайтын қасиеттерін арттыруға болады. Флис əртүрлі қалыңдық пен фактуралы болғандықтан, астарлық материал, тіпті, маусымдық күртеше жоғары бөлігі ретінде де пайдалануға болады. Флис жұмсақ, жағымды, сондықтан, денемен жанасатын аудандарға – күртеше жағасы, жең қаттамаларында қолданады. Мата мықты жəне шыдамды болып келеді.

.

Барлық жасанды маталар тез жуылып, жылдам кебеді. Себебі, олар ультражіңішке жіптерден тұрады. Осы қасиетінің əсерінен кір «сырғып», ал, ылғал сіңбейтіндіктен, тез кебеді. Қандай да жұмыс түрі болмасын тəуекел жоғары болғандықтан, сəйкес қорғаныш қасиетін талап етеді. Жай арнайы киім кейбір қауіпті салаларда, əрдайым қорғай алмайды. Сондықтан матаның қорғаныш қасиеттері күшейтілген мембраналы маталардан тігу қажеттілігі туындайды. Мембраналы материалдардың негізгі қасиеті – біржақты өтімділігі. Арнайы киімдерде бұл қасиеті жылуалмасуды қамтамасыз ету үшін қолданылады. Мембрана бұйым ішінде жайлы жағдай туғызып, ауа алмасу процесінің жүруіне септігін тигізеді. Ал, сыртқы беті желден, ылғалдан, жауын-шашыннан қорғайды. Мембраналы материалдар спорт жəне жұмысшы киімдеріне кеңінен қолданылуда. Теrmoshield – металлургтер мен шыны жасаушыларға нақ осы материалдан арнайы киім тігеді. Матаның тығыздығынан басқа, матада аллюминийдің жұқа жабыны бар. Жабын жылу сəулелерін шағылдырып, энергия матада жиналмайды. Яғни, матаға жиналмай, шағылып, жылулық əсерін қысқартып, адамға кері əсерін тигізбейді. 3111-Proban – отқа тұрақтылық қасиетін матаны дайындаудың арнайы патенттелген технологиясымен қол жеткізілген жоғары сапалы мата. Отқа жəне жоғары температураға тұрақтылық қасиетінен басқа, мата бетінде кір жиналмайды. Сондай-ақ көпқайтара тазалау – жуу, химтазалаудан кейін пішімін жəне қасиеттерін жоғалтпайды. Indura Ultra Soft матасының қасиеттерінің екі есе күшейтілген эволюциялық сатысы. Отқа тұрақтылық қасиеті күшейтілген. Аз уақытқа отты ағынның астында тұруға болады. Indestructible – қорғаныштық қасиеттері мен сапасы жоғары материал. Түстік шеңбері ерекше кең. Superbandmaster – жоғарыдағы материалмен салыстырғанда, бұл мата жеңіл. Жеңіл болғандықтан əйелдерге арналған арнайы киімдерде қолданылады. Сондай-ақ мата отқа тұрақты, төзімді жəне ласқа қарсы қасиеттерге ие. Foreman – бұл материал көптеген жылдар бойы химиялық əсерлерге жəне зақымдануларға аса тұрақты, қорғаныш материалдардың ішінде көшбасшысы. Мата оттан, жоғары жəне төмен температурадан, судан, қардан, желден қорғайды. Сонымен қатар, көпқайтара жуудан кейін пішімін сақтайды. Құрамында мақта болғандықтан, жақсы ауа айналымын, демалуды қамтамасыз етеді [5].

Аталған мата түрлерінің барлығын қойылатын талаптарына қарай, сəйкесінше арнайы киім тігуде қолданылуда. Ең бастысы бұл материалдар дайын бұйымды пайдалану кезінде жайлығын арттыру, салмағын жеңілдету жəне арнайы киімдегі адамға өндірістік қызметін сəтті орындауға мүмкіндік береді. Арнайы киім тігуде пайдаланатын барлық мата түрлері сапалы, əрі барлық талаптар мен стандарттарға сəйкес болса, оны қандай қауіпті жұмыс болмасын, адам қауіпсіздігін сақтауы міндетті.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.