Ас беріп, ат шаптыру

Главная » Рефераттар » Ас беріп, ат шаптыру

Ас беріп, ат шаптыру. Үлкен адамдардың жыл уағында халыққа үлкен ас беріп, ат шаптырып, әр түрлі ат үсті ойындарын ойнау – қазақ халқының ерте замандардан бері жалғастырып келе жатқан ата дәстүрі. Солайда, оны кім-көрінгенге өткізе бермеген. Қайта оны ел-жұртқа қадірлі, беделді қарттар мен жасы келіп қаза болған би, шешен, бай және өте өнерлі, білімді адамдарға ғана өткізіп, арман-тілегіне жетпей жастай қайтыс болып кеткен адамдарға ас беру салтын өткізбеген. Асты әдетте марқұм болған кісінің жыл уағына туралап береді. Алайда, оны салтанатты жақсы өткізу үшін жыл уағынан сәл бұрын, не сәл кейін көк жайлауда не күзеуде береді.
Қазақ салтында ас беруге мүмкіндігі мен шарт-жағдайы бола тұрып елге ас беріп, ат шаптырмаса, марқұмның туыс-туған, бала-шағаларына «жетесіз», «сыған» деген кінә тағылатындықтан, марқұмның асын ел есінде қаларлықтай етіп өткізуге ерекше күш салады. Туыстар ара асқа жұмсалатын барлық кірім-шығым, тігетін үй, жүйрік аттарға беретін бәйге, асты бақылап-басқарушы, келген қонақтарды күтетін күтуші, ас тартатын табақшыларға дейін нақтылап орналастырып, ас өтетін уақыттан 2-3 күн бұрын ас берілетін орынға үйлерін әкеп тігіп, сойыстарын дайындап, барлық адам сақадай-сай тұрады.
Ас беретін ауыл алты ай бұрын ас беретін орын, ас өткізетін ай-күн, жүйріктерге берілетін бәйге қатарлы істердің барлығын алдын-ала жариялап, алыс-жақындағы ел-жұртқа түгел сауын айтып шақырып қояды. Сөйтіп, астан хабар алған ел бәйгелерін жаратып баптап, балуандарын іріктеп, мергендері мен әнші-жыршы, ақындарын сараптап, асқа баруға дайындала бастайды.
Ертеде салтанатты ас өткізу мерзімі 5-7 күнге дейін жалғасқан әрі сол күндердің: «үй тігу», «жерошақ қазу», «жерошақ майлау», «мал сою», «бата оқыту», «ас беру», «балуан салу», «теңге алу», «ат шаптыру» деген сияқты жол-жосын, рет-тәртібі болған. Асқа білікті ауылдар мен құда-жегжат кісілері сауынын айдап, саба-саба қымыздарын артып, ең алдымен шаңырағына қара тігіліп, белдеуіне «тұл ат» байланған қаралы үйге барған. Оларды ауыл маңындағы дөңес үстінде отырған ауыл ақсақалдары мен ел басшылары қарсы алған. Келушілер асқа береке тілеп, асқа қосар «азаларын» (мал, алтын, жамбы, ақша, т.б. заттарын) атаған. Ауылдың пысық жігіттері оларды қошаметтеп қонақ үйлерге орналастырып, тік тұрып күтіп алған. Әр үйге күнделік қонақасы сойылып, дастарқан жайылып, ас ішкен сайын құран оқылып отырған. Ал, үлкен ас күні бір орынға марқұмға арнап сойылған ту бие, ту сиырлардың пысқан еттерін табақтарға салып алып, шебер жігіттер тайпалған жорға аттармен әр үйде жатқан құрметті қонақтарға апарып тартады. Алыстан келген қонақтар әредік уақыттарда қаралы үйге топ-тобымен барып құран оқып, бата жасап қайтып отырған.
Ас бергенде ең алдымен марқұм тірі кезінде мінген «тұлданған» атын сояды. Атты соярда оның кекіліне ақтық байлап, ең соңғы рет марқұмның ерін ерттеп әкеліп, құран оқып, қайта ерін алып союға ыңғайланғанда марқұмның әйелі мен қыздары, келіндері атпен көрісіп, адамның сай-сүйегін сырқыратар жоқтау айтады. Кейбір бала-шағалары оны сойғызбаймын деп аттың шаужайына жармасады. Оларға үлкен кісілер бұрынғы-соңғының жолын ұғындырып иландырады да атты сояды.
Қазақ халқының ас беріп, ат шаптырып, әр түрлі ат үсті ойындарын ұйымдастырудағы мақсат: бірі, жыл бойы жоқтау айтып, бата оқыр күтіп отырған қаралы жандарды рухани жақтан серпілтіп, аза мерзімін аяқтату. Енді бірі, ел-жұрттың басын бір араға қосып, араздарын татуластырып, ағайындарын жақындастырып, адамдар бойына кісілік қасиет пен өнер-білім дарыту. Әне, сондықтан да қазақ халқы асты барынша мағыналы, барынша салтанатты өткізуге күш салады. Асқа келген сал-сері, әнші-күйші, ақын-жырау, би-шешен, хан-қара халықтық салт-дәстүрдің тамаша үлгілерін көрсетіп, жалпақ жұртты мол рухани азықпен серпілтеді. Ел ішінде түрлі дау-дамай, ұрыс-керіс үстінен әділ билік жүргізіліп, өшескендерді – достастырып, адасқандарды тура жолға салып, ел бірлігін нығайтып, халық мерейін тасытады. Ақындар терме-толғаулар айтып, адамдардағы кейбір кемшіліктер мен кереғарлықты шенеп, дүниенің баянсыздығын ұғындырып, адамдарды адамгершіліктің ақ жолына жетелейді. Аста айтылған сом алтынға бергісіз даналық өсиеттер мен тәрбиелік мәні терең бата-тілектер ас өте салысымен кең далаға үлгі-өнеге болып таралып, ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталып қалады.
Астың соңғы күні әр түрлі ат үсті ойындары ойналады. Аламан бәйге өткізіп, озып келген аттарға тоғыз-тоғыздан бәйге беріледі. Ат бәйгесінен соң, қаралы үй жығылып, ас беру салты аяқталады. Алыс-жақыннан келген жұрт қоштасып елдеріне қайтады.
Біздің өткен замандарда өткен астардың барлығын тізбектеп айтып отырған себебіміз, қазақ халқының ат үсті ойындарының ішінде ат бәйгесі мереке-мейрамдарына қарағанда аста недәуір көп, ат шаптыратын аралық недәуір ұзақ, жарысқа қатынастырылатын ат недәуір мол, беретін бәйгесі өте көп әрі оған қатынасамын деушілерге шектеме, шарт қойылмайтындықтан, оның бұқаралық сипаты мен баурау қуаты недәуір күшті болған. Алайда, бұдан қазақ халқы тек ас бергенде ғана ат үсті ойынын өткізеді екен дейтін жаңсақ ұғым туылмау керек. Қазақ халқы әдетте мереке-мейрам, үлкенді-кішілі той-томалақтардың барлығында да ат үсті ойындарын өткізе береді. Тіпті, астағыға қарағанда той-мерекелерінде өткізетін ат үсті ойын түрлері өте көп және жан-жақтылы болады. Онда ат бәйгесінен тартып – ат секірту, ат омырауластыру, қамшы тастау, ат үстінде нысана атысу, қада ілісу, көкпар тарту, күресу, сайысу, арқан тартыс, қыз қуар, аударыспақ қатарлы толып жатқан ойын түрлері ойналып, жүлде алғандардың барлығын да сыйлайды. Алайда, олардың сыйлығы ас беріп ат шаптырған кездегідей өте мол; ат шаптыратын аралық өте ұзақ болмайды. Міне, осы себепті де халық той-томалақтағы ат үсті ойындарына қарағанда, олжасы көп астағы ат бәйгесіне ерекше мән береді.
Азаттықтан кейін партия мен үкіметтің дұрыс басшылығында өлке, облыс, аймақ, аудандарда спорт комитеттері құрылып, қазақ халқының кейбір ат үсті ойын түрлері халықаралық, кейбір ойын түрлері мемлекеттік, кейбір ойын түрлері өлкелік ат үсті спорт ойын түрлеріне енгізіліп, көлемі, ықпалы жағынан ерте замандардағы ат үсті ойын түрлерінен әлдеқайда асып түсті. Мысалы, 1951-жылы Бейжиңде өткізілген мемлекеттік І кезекті дене тәрбие жиналысында Іле Қазақ автономиялы облыстық ат бәйге командасы Шиңжаң Ұйғыр автономиялы районы атынан жарысқа қатынасып, Іле тұлпарының байырғы ата мекені Күнестен апарылған кер ат 5000, 7000, 10000 және 15000 метрлік жарыстың барлығында бірінші болып, озып шығып, бір жолда төрт алтын медал алып әрі «Бейжиң кер» деген тамаша ат алып, Іле тұлпарының даңқын күллі әлемге әйгіледі.
Партия ХІ кезекті орталық комитетінің ІІІ жалпы мәжілісінен кейін, орталық комитеттің реформа жасау, сыртқа қарата есікті айқара ашу сынды дұрыс бағыт-саясатының жетекшілігінде, мемлекеттік аз ұлттар дәстүрлі дене тәрбие істері қарыштап дамып, дене тәрбие істері арқылы ұлттар ынтымағын жебеп, аз ұлт дәстүрлі дене тәрбие істерінің жалпыласуы мен дамуын ілгерлетіп, дене тәрбие істері жүйеленуге, ғылымилануға қарай бет алды. Соның нәтижесінде, 1983-жылы 9-айда өткен мемлекеттік ІІ кезекті аз ұлттыр дәстүрлі дене тәрбие жарысына Іле Қазақ автономиялы облыстық ат бәйге командасы автономиялы район атынан қатынасып, 1000 м, 2000 м, 10000 м жарыста біріншілікті иелеп, бір жолда үш алтын медал алып, Іле тұлпарының даңқын бүкіл еліміз халқына тағы бір рет әйгіледі.
1985-жылы Шиңжиаң ұйғыр автономиялы районы құрылғандығына 30 жылдығын қарсы алу байланысымен өткізілген І реткі аз ұлттар дәстүрлі дене тәрбие үйірмесі апарған тұлпарлар 3000 м, 5000 м, 7000 м, 10000 м жарыстарда төрт алтын медал алып, ат бәйге командасы коллектив жүлдегер болды.
1986-жылы өткізілген ІІІ кезекті аз ұлттар дәстүрлі дене тәрбие жиналысына Іле Қазақ автономиялы облыстық ат бәйге командасы Шиңжиаң ұйғыр автономиялы район атынан жарысқа түсіп 1000 м, 10000 м жарыста екі алтын, үш күміс медал, төрт қола медал алып, бәйге командасы коллектив аға жүлдегер болды. Әрі сол реткі жарыста Іленің Торқасқа аты 10000 м жарыста 14 мин. 8 секундты нәтижемен мемлекеттік рекордты жаңалады.
1987-жылы Шандұңда өткізілген мемлекеттік ат бәйгесінде Іле Қазақ автономиялы облысынан барған тұлпар бес түрден бірінші болып, бес алтын медал алып, коллектив аға жүлдегер болып, мемлекеттік дене тәрбие комитеті жағынан сыйланған.
1991-жылы Көкхотта өткізілген мемлекеттік ІҮ кезекті аз ұлттар дәстүрлі дене тәрбие жиналысында Іле Қазақ автономиялы облысынан барған үш тұлпар үш жарыс түрінде бірінші болып, үш алтын медал алды. Әсіресе, Желаяқ атанған құла тұлпар 10000 м жарыста 13 мин. 31 секунд. 86 тақылдық көрсеткішпен алтын медал алып, мемлекеттік рекортты жаңалап, оны қазірге дейін сақтап келеді. Сөйтіп, әр дәрежелі партия, үкімет орындарының мән беруі мен қолдап-қуаттауында, тарихта аттары аңызға айналған Ер Төстіктің «Шалқұйрығы», Кендебайдың «Керқұласы», Алпамыстың «Байшұбары», Қобыландының «Тайбурылы», Сәменнің «Сайымбурылы», Ер Тарғынның «Тарланы», Ақтанбердінің «Сарысы», Төлегеннің «Көк жорғасы», Қыз Жібектің «Қара тұлпары», Марғабылдың «Қара қасқасы», Қабанбайдың «Қубасы», Жәнібектің «Көк дөнені», Тоқпанбеттің «Торы айғыры», Арқалықтың «Көк жалы», Ақан серінің «Құлагері» қатарлы аттардан аспаса кем түспейтін «Бижиң кер», «Дүлдүл құла», «Желаяқ торы қасқа» сияқты мемлекеттік рекорд жаңартқан бір топ тұлпарлар жарыққа шықты.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.