Асанқайғы

Главная » Рефераттар » Асанқайғы

Бүкіл өмірін қазақ халқының асыл арманымен астастырып, оның тәуелсіз де бақытты тұрмыс кешуіне елеулі үлес қосқан ұлы ойшыл ақын әрі аңыз кейіпкері Асанқайғы әдебиетіміз тарихынан орын алуға лайықты тұлға. Ол тек мал шаруашылығымен күнелткен көшпелі елге жайды қоныс, бейбіт өмір аңсады, «адамы жүзге келмей өлмейтін», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» мамыражай заман бар деп санап, оны өзі «Жеоұйық» (кейде Жиделібайсын) деп атады. Алайда халық қайғысын өз қайғысы санаған ел қамқоршысы күні кешеге дейін ұлттық Ой ордасы мен әдебиет тарихынан өзіне лайық төрдегі орнын ала алмай келді. Бұған оның орыс отаршылдығына қарсы айтқан «Мұнан соң қилы-қилы заман болар» атты болжау өлеңі басты себеп болды. Әділдік пен шыңдық жеңіп, тәуелсіздік орнаған бүгінгі күнде оның аңыз кейіпкері ғана емес, халқының бақытты болашағын ойлаған ұлы азамат, көрнекті ақын екенін де айтуға тиіспіз.

Асанқайғының өмірі туралы нақты деректер сақтала бермеген. Әз-Жәнібек ханның тұсында жасаған сыңайлы. «Қырында киік жайлаған» атты толғауында ел-жұрттың құтты қонысы Жем мен Ойыл бойын тастап, Керей мен Жәнібектің соңына еріп, Шуға қарай жарыла көшуін ұнатпағанын сеземіз. Хан мен халыққа жөн-жоба көрсетіп, болашақты болжау, ел басшысының мін-кемшіліктерін көзгк айтып, сын сарабына салу дәстүрі осы Асанқайғыдан басталады. Осы жүйе жыраулық  поэзияда үзілмей, жалғаса дамып, әйгілі Бұқар жырау шығармашылығында өзінің биік шыңына жетті, жыраулық өнер әдебиетімізде жеке сала болып қалыптасып, қанат жайды. Сөйтіп, ертеден келе жатқан ақындық үлгі суырыпсалмалық дәстүр жаңа бір жаңплық саламен толысып, кемелдене түсті. Асанқайғының Әз-Жәнібекке айтқан әзірге мәлім үш толғауы да үлкен әлеуметтік, саяси мәні зор мәселелерге арналады. Мұнда, ең алдымен, ханның ел басқарудағы саясаты мен істерінің кейбір кемшіл жерлерін бетке басып айту бар. Сол Асанқайғыдан басталған арнау толғаулар Шалкиіз, Жиембет, Үмбетей, Бұқар жырларында толыса кемелденіпғ жетіле түсті. Бұл жәйт жыраулардың ел ішінде абыройлы, ханмен дәрежесі тең, на артық болатынын, мұның үстіне, ақылдылығы мен көрегендігі қатар жүретін кісілер екенін аңғартады. Ақындар көбіне-көп ел басшылары мен ауқатты болыс-билерді, байларды мақтап, сый-сияпат алуды ойластырады. Мұның түпкі сыры: жыраулық поэзий ел тағдыры мен жұрт болашағын ойлаудан туындайтынын көреміз.

Жыраулық пщэзия мен ақындық өнердің бірлігін айтқанда, бұлардың екеуі де қолма-қол суырып салып айтылатын жырлар екені мәлім. Ал енді, айырмасына келгенде, бұлардың құрылысы мен мазмұнында, тақырыбында, жоғарыда айтылғандай, көптеген өзгешеліктері бар. Бұл туралы М.Әуезов кезінде былай деп жазған еді: «Жырау демек – ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы – «толғау». Жыраудың мақсаты, міндеті – «не болса сол көңіл ашар» әлдене дерлік сөзді айту емес.

.

Сонымен, Асанқайғы қазақтың тұңғыш бас қосып, жеке хандық құрған кезіндегі алғашқы ханы Әз-Жәнібектің тұсында жасағанын аңғарамыз. Бұл дәуір ХҮ ғасырға жатады. Қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің «Ыстықкөл сапары туралы естеліктер» атты еңбегінде: «Манас жырында ноғай, қазақ, қырғыз елінің Шу мен Тәшкент, Іле мен Ыстықкөл төңірегінде бас қосқаны жөнінде жырланады», — дейді. Алайда сол кездесудің жетпіс жылдан кейін болуы мүмкін екенін ескерте келіп, ол осы халықтардың аңыздары мен жырларының бірлігі мен өзара туыстығына үлкен мән береді. Осыған орай Шоқан: «Қара қырғыз ордасына ноғай аңыздары да мәлім болатын. Олар «Едіге» жыры мен ол туралы аңыздарды да білетін еді.

Қ.Халитоғлы Асанқайғының ата-тегі туралы айтқан сөздерін Құдабай ақынның өз аузынан естіген, алайда сонымен қанағаттанып қалмай, оның тарихи нақты тұлға екеніне де зер салып, тың дерек ұсынады. Ол былай дейді: «Асанқайғы асылы ноғай емес. Шыңғыс ханның тұстасы ұлан Майқы бидің алтыншы немересі». Олай болса, Асанқайғы «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген қазақ мәтелінде аталатын Майқы бидің ұрпағы болып шығады. Осы айтылған пікірдің өзі-ақ оның қашан өмір сүргені мәлімсіз аңыз кейіпкері емес, нақты тарихи тұлға екенін дәлелдесе керек. Біздің көптеген эпостық, лиро-эпостық жырларымыздың, аңыз әңгімелеріміздің ара-жігі ашылмай, «Ноғайлы дәуірін» құрағаны мәлім. Мұндай туыстық, бірлік негіздерін Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбет жырларынан да айқын аңғарамыз. Осындай этникалық тұтастық жайын Шоқан былайша түсіндіреді: «Ноғай» деген ат жартылай отырықшы елдерден ажырату үшін айтылған аты еді. Ноғайыды да, өзбекті де – бәрін де «ноғай» деп атаған. Бірге жасап өмір кешкен ноғай мен қазақ ордасын Жәнібек билеген кезең қазақ жырларында алтын дәуір тұрғысында саналады! Жазды (Ч.Ч.Валиханов. Сочинения. Спб.1904, стр.299-304).

.

Дәл осындай пікірді С.Сейфуллин де, Қ.Жұмалиев те толық қуаттайды. Сонымен, жыраулық дәстүр қоғамдық, әлеуметтік өмірдің талап-тілектеріне сәйкес жеке жанр болып қалыптасты. Ол, Шоқанның көрсетуі бойынша, қобыз сүйемелдеуімен орындалып, ән-әуенмен жырланатынрапсодия. Жырдың мазмұны батырдың өмірі мен ерлік істерін жырлауға байланысты көрінеді. Ал Ә.Марғұлан: «Жыраулар – эпкалық жырды жасаушылар, қоғамдық өмірдің барысын, болашақты болжап айтатын профессионалдық топтың өкілдері. Мұның басында Қорқыт, Аталық, Сыпыралар тұрса, кейінгі өкілі Асанқайғы», — деп қарастырады. Осыған орай, Қ.Халитоғдының жоғарыда аталған кітабында да жыр мен өлеңнің табиғи белгі-сипаттары біліктілікпен сөз етіледі. Ол ақын мен жыршының айырмасын әңгімелегенде, сондағы құрылысы мен буын санындағы өзгешеліктермен қанағаттанып қалмай, олардың мазмұндық айырмасына да зер салып: «Ақындардың өлеңі жай мағыналы болып, ал жыршылардың сөзі мадақ, насихат мағыналы болып келеді және мысал сипаттас әсерлі болады», — дейді.

.

Рас, жыраулық поэзия Асанқайғыға дейінгі Қорқыт, Аталық, Сыпыра жыраулардан басталатыны мәлім. Бұлардың бірі, мәселен, Қорқыт болжал сөз айтуға, ақыл-кеңес беруге бейім тұрса, Аталық (Ұлық жыршы) Жошы хан өліміне орай естірту айтса, Сыпыра жырау эпикалық жырдың («Ер Тарғын!, «Едіге батыр»)  ішінде кейіпкер ретінде көрініп, ақылшы, кеңесші сипатталады. Бұлардағы жетіле қоймаған жыраулық белгілер кейінгі Асанқайғы, Шалкиіз, Бұқар жырауларда айқын көрініс тауып, жаңа сипаттармен толысып, кемелдене түсті. Аталған жыраулардың бәрі де хан қасынан табылып, оның ел басқарудағы саяси істеріне дұрыс бағыт беріп отырады. «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» дегендей, бірінсіз бірі күн көре алмайтын еді десек те, мұндағы басты тұлға жыраулар болғаны аңғарылады.

Мұндай тұжырымды да ұтымды жолдар («Бұрынғыны қуыспа», «Надан білгеннің тілін алмайды», «Өткен іске өкінбе», «Ашу – дұшпан, ақыл – дос», т.б.) жырау аузынан айтылып, келе-келе мақал-мәтел болып кетуі де ғажап емес. Бұл жәйт бір Асанқайғы емес, өзге жыраулар шығармашылығына да тән деп айта аламыз. Асанқайғы өмір шындығын  бейнелеуде ертеден келе жатқан ауыз әдебиеті үлгілерін кеңінен пайдаланды,  алайда жыраулық поэзияның талаптары мен мүмкіндіктеріне сәйкес әлеуметтік-саяси мәселелерді жинақтап, көркемдеп беруде де ол елеулі үлес қосты, бұл тұста оның бейнелеу тәсілдері де ұшталып, жетіле түсті. Енді бір ауыз сөз Асанқайғының қай жерде қайтыс болғаны жайында. Біздегі халық аңыздарында ол Ұлытау бойында қайтыс болды делінеді. Ал Шоқан: «Әйгілі дала философы Асанқайғы Жетісудағы Жырғалаң деген жерде көшіп-қонып жүрген. Оның бейіті осы Ыстықкөлден онша қашық емес», — деп жазады

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.