Асық — қазақтың ұлттық ойыны

Главная » Рефераттар » Асық — қазақтың ұлттық ойыны

Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дəлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тəрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатына шыға бермейді. Ұлттық ойындары көбінесе əр халықтың əлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылығының мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделеді. Əсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. «Ойын – бала үшін өмірлік тəжірибе», — деген екен Алаш ағартушысы Мағжан Жұмабаев. Қазақтың ұлттық ойындарының ең алғашқы сатысы һəм халқымыздың салт-дəстүрі мен мəдениетінің ажырамас бөлігі ретінде əуелі асықты айтамыз. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады.

Асық – төрт түлік малдың ішінде қой-ешкінің тілерсегінде, асықты жілік басында орналасатын шымыр сүйек. Аңдардың да тілерсек тұсында болады. Қазақта асық қасиетті саналады. Баласы ұл болса, бесігінің басына бөрінің асығын іледі. Бəле-жаладан аулақ, шымыр-қайратты болсын дегені. Қыз болса, бесігіне еліктің асығын (жабайт) тағады. Сұлу, көрікті болып бойжетсін деп ырымдаған. Келіні құрсақ салғанда, атасы мен əжесі ырымдап асық жинайды. Онысы – ұл тілегені. Келінге көз тимесін, аман-есен босансын дегенге саяды [Əлиман Ж.,2012.– №№160-161]. Асық ойыны – бай салтымыздың бір дəстүрі. Кезінде қазақ шаруашылықпен жаппай шұғылданған тұсында асық – əр үйдің, əр ауыл балаларының, жастарының, тіпті, жасамыстарының да бас қосуының негізі болған ойын түрі [Құл-Керім Елемес, 2010. – 63-65 бб.]. Жаугершілік заманда бабаларымыз соғыс стратегиясын, соққы беретін тұсты асық шашып жіберіп түсіндіріп, жоспарлаған. Есі кірген қазақ балаларыныңең алғаш ойнайтыны да осы – асық ойыны. Асық патшасы – сақа. Оның ең ірі, шымыры арқардың асығы – құлжа не қолқар деп аталады. Кейде қошқардың асығын ұстайды. Шымыр, салмақты болса, қойдікі де жарайды. Иіргенде, алты қырынан түседі. Алшы күліп түскені, ойнағанда I дəрежеге ие. Жолы болып, Алла сəтінен салса, «Асығы алшысынан түсті» дейді. Тəйкі – бұл да күліп түскені (II дəреже). Етпетінен жатқаны бүк. Шалқасы – шік. Тұмсығымен тұрса – омпы, жамбастай тұрса – шомпы. Асықтың «Үштабан», «Сызбай», «Арқаласпақ» сияқты ойын түрлері далады, «Құмар», «Тəйке», «Омпы», «Алшы», «Хан» (хан ату), «Қақпақыл», т.б. далада да, үйде де ойнала береді [Əлиман Ж., 2012. – №№160-161].

Сөйте тұра, бүгінде осы асылымыз ұлттық мейрамдарда ескетүсетін атрибутқа, көрмелерде көрсетілетін жəдігерге айналды. «Балама сақасы мықты қой керек» деп іздейтін қазақ та қалған жоқ. Ең сорақысы, бүгінгі жастар мен жасөспiрiмдер асықты архаизм деп есептейді. Тұтас ұлттың бренді болар дүние неліктен ұмтылып бара жатыр? Тақыр алаңға көлденеңiнен түзу сызық сызып, байлай тiгiлген кенейдi кезектесiп сақамен атқан қазақ балалары неге көрінбейді? Асық ойынын не себепті жалпы ұлттық спорт деңгейіне көтере алмадық?

.

Кезінде қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы: «Асық – үлкен халықтық тəрбие. Ұлтымыздың дəстүрі мен мəдениетінің бастауы», – депбаға берген еді. Керек десеңіз, бүгінде этнографтар мен мəдениеттанушылар асық ойынының феноменін зерттеу үстінде. Себебі, халық шығармашылығынан туған асық ойынының астарлы мағынасы, ұрпаққа жеткізер ақпараттық күші, коды болған. Мəселен, этнограф ғалым Бекет Қарашин былай дейді: «Асық ойынының негізінде тылсым символдар мен кодтар, шартты белгілер жатыр. Өткен күннің белгілері бар. Сол белгілерді тауып, жарыққа шығарсақ қана біз өзіміздің түп тегіміздің салт- дəстүрін, дүниетанымын, олар кезінде нені аңсағанын ұғар едік. Мысалы, Тутанхамон мəйітханасынан табылған асық нені білдіреді? Ал орыс балалары айтатын «бабки» сөзі ше?.. Осы сияқты жұмбақтарды шешсек, біз өзіміздің жоғалтып алған тарихи жадымызды қалпына келтірер едік. Ұлт, халық ретінде негізімізді тереңдете түсер едік», — деп түйіндейді.

Бұл аз десеңіз, басқа да тарихи деректерге үңіліп көрейік.Ертедегi көшпендiлер асық арқылы жаугершiлiк заманда кiмнiң жеңiп немесе кiмнiң жеңiлетiнi туралы бiлiп отырған. Сондай-ақ, жерге байланысты дау-дамай да осы асықтың күшiмен шешiлген. Тіпті, ертеде бақсы-балгерлер асық арқылы сəуегейлік жасап, алдын-ала болжам да жасаған көрінеді. Бұған халқымыздың ауыз əдебиеті куə.

.

Қазақта «Доп ойнаған – тозар, асық ойнаған – азар, қой бағып құйрық майын жеген – озар» деген мақал бар. Əрине, заман ағымына қарай бұл мақалды басқаша түсіну һəм түсіндіру керек бүгінгі жасөспірімдерге. Өйткені, бұл сөздің астарында малшының психологиясы көрініс тапқан. Қазақ баласының «қой бағып, құйрық майын жегеннен басқа қолынан түк келмейді» деген ескі заманның кемсіту идеологиясы жатыр. Мəселен, ала допты қуалап, миллиондаған жанкүйері бар стадионды жинаған Лионель Месси, Дидье Дрогба, Джанлуиджи Буффон, Фернандо Торрес тозды ма екен?! Немесе Еуропа жұртшылығы тамсана мақтайтын, қызыға ойнайтын классикалық керлинг пен гольфтен азды ма екен? Еуроарнадан аталмыш керлинг пен гольфті тікелей желіде тамашалар болсаңыз, өзіміздің ұлттық «Бiр табан», «Үш табан», «Таған», «Хан талапай», «Алшы» сияқты асық ойындарынан кем болмаса, артық емес екенін аңғарар едіңіз. Əттең, пиар жағынан ақсаңдап, құндылығымызды жарнамалай алмай, бұқаралық спорт деңгейіне дейін көтермей жүргеніміз өкінішті [Дулат Аманжол, 2012. – 3-4 бб.].

Асық туралы ізденіс. Асық малдың жіліктерін жалғастырып тұратын шағын сүйек қана емес, ұрпақ тəрбиесінің аса қажетті құралы. Ұлттық ойынның атасы ғана емес, халықтың өткені мен бүгінгісінің көрінісі. Өйткені ертеде қазақ баласы қолына ең алғаш асық ұстаған. Асық – жас жеткіншектердің тəрбиесі мен баланың ой-өрісін кеңейтуге берер мүмкіндіктері көп қазақтың ұлттық ойыны. Асықты ойнаған адам, одан тек бойына жақсы қасиеттер ғана сіңіре алады. Өйткені, асық баланы бəсекелесінің алды болу үшін ширақтыққа, асық санын көбейту үшін мергендікке, ойынкезінде қарсыласында қанша асық қалғанын білу үшін математикалық қабілеттіарттыруға, өз асықтарын жоғалтпау үшін үнемділікке үйретеді [Кенжалин Д., 2010. – №№90- 93]. Асық ойынының еңбектеген баладан, еңкейген кəріге дейін ойнайтын түрлері болған. Асық ойынында тігілген асықтарды атуға жарамды сақа таңдап алынады. Сақа болатына сық салмақты, ірі болуға тиіс.Ол көбінесе еркек қойлардың, не қошқарлардың асығы болып келеді. Мынадай бірнеше түрлері қазақ даласына кең тараған: «Ханталапай», «Хан атпақ», «Ханменуəзір», «Үйірмекіл», «Сасыр», «Атпақыл», «Қақпақыл», «Үштабан», «Омпы», «Алтыатар», «Шықетер», «Тисінқабат», «Табан», «Төрт асық», «Бес асық» жəне тағы басқа түрлері.

Асық иірудің өз атаулары бар: алшы – асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дəрежелі мəн беріледі; тəйке (тауа) – асықтың иіріленде шұңқырлау табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ол екінші дəрежелі мəнге ие; бүк – асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дəрежелі мəнге ие; шік – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Ол төртінші дəрежелі мəнге ие; табан – асықтың тəйке жағы. Асықты иірудің басқа да түрлері бар. Негізінен есік алдында балалар асықтарды тігіп ойнаған. Бұл ойынға 5 немесе 10 бала қатыса алады. Көп асықтың ең ірісін қызыл түске бояп қояды. Бұл асық «хан» асығы. Асықтар тізіліп қойылады да, бастаушы хан асығымен оларды көздеп құлатады. Құлаған асықтарды жинап алады. Егер хан асығы бүк, шік, тайқы қалыптарымен түссе, бастаушы жақын құлаған асықтарды атабереді. Егер бастаушы асықтарды қолымен құлатып алса немесе басқа асықтарымен атса, онда ойынды келесі бала жалғастырады. Ең соңында хан асығы кімнің қасында қалса, сол бала жеңіске жетеді. Келесі ойынды жеңіске жеткен бала жалғастырады.

Асықтың жасалу жолы. Асық жілікті мүжіп болғаннан кейін, оның бас жағындағы асықты бөліп алып, əбден тазалайды. Қалауынша асықтарды бояп, белгі қоюға болады. Əсіресе, сақа асығына арнайы белгі қойып бояйды.

.

Пайдаланылуы. Асық ойынын қазақтың мергендік мектебі деуге толық негіз бар. Мергендікпен қатар, баланың ептілігін, шапшаңдығын, табандылығын жəне қырағылығын жетілдіреді. Мамандардың дəлелдеуінше, асық баланың жүйке- жүйесін қалыптастырып, ой-өрісін жəне көкжиегін кеңейтеді. Мінезін төзімділікке, қозғалысын дəлдікке ептейді. Көздің көру қабілетін арттырады. Асықты нысанаға алғанда қан тамырларының жұмысы жақсарады. Ал қолға ұстап иіргенде, саусақ пен алақандағы жүйке нүктелері үйкеліске түсіп, ми тынығады екен. Егер де қазіргі заманғы балалардың көп уақытын өткізетін компьютер мен асық ойынын салыстыратын болсақ, асық ойнының қаншалықты пайдалы жəне артықекенін келесі кестеден көруге болады [Əлімжанова С., 2011]:

Компьютерлік ойындар Асық ойыны
Баланың жүйке жүесін тоздырады Баланың ойлау қабілетін дамытады
Бойына тұйық мінезді қалып- тастырады Адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді
Қан айналымын бұзады Денені шынықтырады
Жүрек-қан тамырларының жұмысын баяулатады Қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады
Көздің көруін нашарлатады Көз қашықтықтан көруге қалыптасады
Бойдың өсуіне кəрі əсер етеді Бойдың жылдам өсуіне көмектеседі
Тері тітіркеніп, бөртпелер пайда болады, т.б. Кең ауада тері жасушалары ашылып, ағза тынығады, т.б.

 

Қорытынды. Қазір асықты көбінесе ауылдық жерлерде ойнайды, оның өзінде де соңғы кездері ауыл балаларының асық ойнап жатқанын сиреккездестіруге болады. Сонымен бірге асықты қалалық жерде де ойнайды. Бірақ, қала балалары бұл ойынды ойнағанда бір-екі түрімен ғана шектеліп қалады. Алқазақтың шын мəніндегі асық ойынының бір неше түрі бар. Олар «төрт асық», «асық ату», «хан талапай», «атпақыл», «қақпақыл», «омпы», «шірмекіл», «ханжаппай», «сасыр», «топай» немесе «сөкелек», «бəйге», «отыз ұры, бір есепші» деп аталады. Бұдан басқа да асық ойынының бірнеше түрлері бар. Өкінішке қарай, қазір олар ешкім ойнамағандықтан ұмытылып бара жатыр. Сонымен, өз басым, асықты күнделікті кестедегі дене шынықтыру сабағына енгізсе, деген ұсынысым бар. Ойын барысында: жүгіру, жүру, иілу, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру, ату т.б. жаттығулар орындалады. Жалпы асық ойнауды бала- бақша қабырғасынан бастаса, тіпті, жақсы болар еді. Себебі жастайынан дағдыланған жеткіншек бірте-бірте шыңдалып, өзі асық ойнауға ынталанады жəне ол дəстүріміз бен салтымызды жеткізудің бірден-бір құралы болар еді. Əйтпесе, асықтың алшы, тəйкі, бүк, шік, омпы, шомпы деген тұрысы бар екенінен хабардар болмаған бала қазақ болып жарытпайды. Олай болса, жас ұрпақтың асығы алшысынан түссін деп тілейік!

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.