Ата заңым – ардағым

Главная » Рефераттар » Ата заңым – ардағым

Тарих сахнасында өшпес із қалдыру үшін əр мемлекеттің өзіне тəн ерекшеліктері болуы тиіс. Солардың бірі Ата Заң, яғни Конституцияның болуы. Конституция, Ата Заң (латынның constitutio — яғни «құрылым» деген сөзінен шыққан) – Мемлекеттің негізгі заңы, елдегі барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие заң немесе заңдар тобы. Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси жəне құқықтық құжаты болып табылады. Кез келген жүйенің өзін-өзі реттеуіш, тəртіпке келтіргіш діңгегі болады. Конституция да сондай кез-келген қоғамды реттеуші діңгек деп танылады. Тарихшы ғалымдарда адамзат қоғамының тарихындағы ең алғашқы Конституция сонау Шумерлер заманында, біздің жыл санауымыздан 25 ғасыр бұрын жазылған деген пікір бар. Бұл мақаланы жазудағы мақстым, өткен ғасырлардардағы заңдар жинағын еске алып, олар жайлы студенттерге мəліметтер беру. Əрбір Қазақстан азаматы Ата Заңымызды құрметтеп. Еліміздің Ата Заңы жөніндегі түсінікті дамыту. Конституция дегеніміз не? Конституция термині латын сөзінен алынған. Ол латынша – constitio, мағынасы – құрылым, белгілеу, орналастыру. Ал қазіргі түсінік бойынша, Конституция – мемлекеттің Негізгі Заңы. Ғылыми, саяси, құқықтық тұрғыда Конституция материалдық, нысандық мағынада өзіндік мəн-маңызға ие.

Конституция материалдық мағынада – ең бірінші, елдегі адамның, азаматтың жеке құқықтары мен бостандығын жариялайды, оған кепілдік береді, елдегі əлеуметтік құрылыстың негіздерін, басқару мен мемлекеттік құрылымның нысандарын, жергілікті, орталық билік органдарының негіздерін, құзіреті мен өзара қарым-қатынастарын, мемлекеттің рəміздерін, астанасын айқындайды, осылардың бəрі жөніндегі əкімдік акт, актілердің немесе конституциялық рəсімдердің жиынтығы болып саналады. Конституция нысандық мағынада – барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңдық күшке ие заң немесе заңдар тобы болып есептеледі. Яғни, Конституция – елдің бірлігі, берекесі, тыныштығы, оны іс жүзінде жүзеге асыратын қуатты күш, ол – конституциялық құрылыстың құндылықтары мен институттары, нормалары, əлеуметтік байланыстар мен мемлекеттік биліктің қатынастарын мемлекеттік – құқықтық реттеу негіздері ресми түрде баянды етілетін ең жоғары құқықтық нысан, осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі.

Қазақстан Республикасының конституциясының даму сатыларына тоқталатын болсақ, біздің мемлекетіміз бен қоғамымыз ұлы өзгерістерді бастан өткергені баршамызға аян. Бірнеше жүз жылға созылған отаршылдық кезең тарихы артта қалды, біз XXI ғасырға тəуелсіз елдердің қатарында қадам бастық. КСРО өзінің 70 жылдық тарихында ұлттардың, этникалық топтардың, аз халықтардың теңдігі мен құқы жөнінде жар салудан жалыққан емес, ал іс жүзінде халықаралық міндеттерді сақтау былай тұрсын, тіпті, конституциялық заң ережелері де орындалмады. Шынайы демократия болмағанына қарамастан заң əрқашан қағаз жүзінде қалып отырды. Тек егеменді Қазақстан Республикасы жағдайында ғана құқықтық мемлекет құрудың шынайы мүмкіндігі туып отыр. Біздің жас мемлекетіміздің Конституциясында міне осы қадам тəуелсіз Қазақстанның демократиялық дамуының кепілі ретінде жүзеге асырылады. Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғам өміріне өту қажеттілігі айқын болған күннен бастап-ақ Қазақстан тұрғындарының ең алдымен Қазақстан мемлекетінің егемендігі мен тəуелсіздігін қорғау міндеті тұрды. 1991 жылғы тамыз төңкерісінен кейін КСРО-ның ыдырау үрдісі тез қарқынмен жүзеге аса бастады. 1991 жылдың желтоқсанына дейін КСРО-ның құрамында болған республикалардың бəрі мемлекеттік тəуелсіздігін жариялады. 1991 жылы 16 желтоқсанда республика жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тəуелсіздігі туралы» Заң қабылданды. Бұл құжаттың 1-бабында Қазақстан Республикасы тəуелсіз, демократиялық жəне құқықтық мемлекет деп сипатталды. Бұл қазақ тарихындағы ғасырлар бойы аңсаған арманның орындалған күні болды. Екі ғасыр Ресей империясының отары болған, жетпіс жыл бойы Кеңес Одағының қысымын көрген Қазақстан үшін бұл күн ұлы мереке еді. Қазақстан тəуелсіздігін алып, ғасырлар бойы ұмыт бола бастаған тілін, салт-дəстүрін қайта жаңғыртып, тəуелсіздік туын биікке көтерді. Республика өз тəуелсіздігін жариялағаннан кейін мемлекет басшысын сайлауы заңдылық. Осы мақсатпен 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық Президент сайлауы өткізіліп, халықтың бірауыздан қолдауымен Н.Ə. Назарбаев Президент болып сайланды. Қазақстанның тəуелсіз мемлекет болып қалыптасуы кезек күттірмейтін міндет ретінде республиканың мемлекеттік рəміздерін, сонымен қатар Ата Заңын (Конституциясын) қабылдауды талап етті. 1993 жылы 28 қаңтарда ҚР тұңғыш Конституциясы қабылданды.

.

Тарихта бұған дейін де, атап айтар болсақ хандық билік кезінде Заңдар жинағы жарық көрген болатын. Олардың алғашқысы «Қасым ханның қасқа жолы». Қасым ханның қасқа жолы – қазақ халқының хандық дəуіріндегі əдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы. Негізі орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған «ярғу» заңынан (қазақша «жарғы» — хақиқат деген ұғымды білдіреді) алынған. Оның жасалуына себеп болған жағдайлар: Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жəнібек жəне Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді; Қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді жəне рөлі артты; Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы əдет-ғұрып заңы сай келмеді. Қасым хан өзі билік құрған кезеңде қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында əдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеді. Тіпті шариғат қағидасын мығым ұстанған отырықшы аудандар да Қасым ханның қол астына өткен соң, əдет-ғұрыпқа сүйенген қазылық биліктерге жүгіне бастады. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтады. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, əмеңгерлік, құдалық жол-жоралар, қазылық билік, т.б. Ол халықтың көкейінен шыққан əрі ежелден келе жатқан билік дəстүрді, əдет-ғұрыптық «жарғыны» жаңғыртып, күшейтті. Бұл заңға мынадай 5 ереже енген болатын. Олар: мүлік заңы, қылмыс заңы, əскери заң, елшілік жоралары жəне жұртшылық заңы. «Қасқа жолдың» қағидалары өзгерусіз XVII ғасырға жетіп, Есім хандық құрған тұста (1598- 1645)«Есім ханның ескі жолы» деген жаңа атқа ие болды. Есім хан өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасымның заңдарын іс жүзінде қолдануды өзі билік жүргізгенде қатаң талап етті. Есім хан ішкі – сыртқы саясатта тəртіп орнатты. Бұл заң ережелері жермен, малмен байланысты материалдық талап-арыз, қылмыстық іс туралы, əйелдердің жағдайы, əскери міндеттілік, дəстүрлі шаралар, кедейлерге көмектесу жəне т.б. мəселелерді қарады. XVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тəуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Осы ретте Тəуке хан бұрыннан қалыптасқан дəстүрлі əдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан əрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде Төле би, Қазыбек би, Əйтеке билер бар, олар Күлтөбенің басында «Тəуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мəселелерді тиімді шеше алды. «Жеті жарғы» — жеті əдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық құқықтық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тəрбиесі жəне неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге бағытталды. Осы жерде мен ертедегі заңдар жинағы мен қазіргі замандағы Ата Заңымыздың ұқсас ережелерін айта кететін болсам. Мысалы: хандық билік кезінде қандай жағдайлар болмасын билер кеңесінде шешіліп отырды. Ал қазір де дəл сондай кеңес мəселелерді шешуге ат салысады. Тек ол билер кеңесі емес ақсақалдар алқасы деп аталады.

Қазақстан Кеңес Одағының боданы болған жылдарда да бірнеше рет Конституция қабылданған еді. 1926ж. Қазақ АССР Конституциясы, 1937ж. Қазақ ССР Конституциясы, 1978ж. Қазақ ССР Конституциясы. 1993 жылғы қабылданып, 5 қыркүйек күні өз күшіне енген конституция 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды. Конституцияда негізгі мəселелерге ерекше көңіл бөлінген: Қазақ тілі — мемлекеттік, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі. Республика жері – біртұтас, ол бөлінбейді жəне оған қол сұғуға болмайды. Конституцияға сəйкес ҚР Президенті 7 жыл мерзімге сайланады. Қазақстан Республикасы азаматтары Конституцияны, республика заңдарының ережелерін сақтауға, əр адамның ар-намысын, абыройын құрметтеуге тиіс. Конституцияда бұлардан басқа да көптеген маңызды мəселелер қаралған. Алайда уақыт өте келе бұл Конституция қоғамның талабына сай келмегендіктен, өзгертулерді талап етті. Сөйтіп, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нəтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. 30 тамыз Ата заң қабылданған күн, мемлекеттік мереке ҚР Конституциясының күнi деп жарияланды. Бұл негізгі Заңымызда республиканың экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың əлеуметтік топтарына тиісті кепілдікті құқықтар беретін көкейтесті мəселелерді шешу ескерілді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сəттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Заң бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады. Конституция 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады.

1-бөлім. Жалпы ережелер. 2-бөлім. Адам жəне азамат. 3-бөлім. Президент. 4-бөлім. Парламент. 5-бөлім. Үкімет. 6-бөлім. Конституциялық кеңес. 7-бөлім. Соттар жəне сот төрелігі. 8-бөлім. Жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқару. 9-бөлім. Қорытынды жəне өтпелі ережелер.

1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституцияға сəйкес Парламент екі рет (1995ж. жəне 1999ж.) сайланды. ҚРП екі палатадан: жоғарғы палата – Сенат, төменгі палата – Мəжілістен тұрады. Парламент өз палаталарының бөлек отырысында мəселелерді əуелі Мəжілісте, одан кейін Сенатта қарау арқылы заңдар қабылдайды. Парламент Палаталардың бірлескен отырысында: Президенттің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, Конституциялық заңдар қабылдайды, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, соғыс жəне бейбітшілік мəселелерін шешеді, Республикалық референдум белгілеу туралы ұсыныс енгізеді, т.б. Сенат 47 депутаттан құралады. Сенат депутаттарын сайлау жасырын жолмен жүзеге асады. Сенаттың 15 депутатын Республика Президенті тағайындайды. Өкілеттік мерзімі – 6 жыл. Ал Мəжіліс 107 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Мəжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

.

2007 жылғы 21 мамырда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының № 254-III Заңы қабылданды. Осы заңмен Конституциямызға елеулі оң өзгерістер енгізілді. Атап айтатын болсам, 2-бапқа сəйкес «Республиканың əкімшілік-аумақтық құрылысы, оның елордасының мəртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның елордасы Астана қаласы болып табылады» деп айқын көрсетілген.

.

Бұл Конституция қазірде бүгінгі күннің өміршең талабына толық жауап береді. Қазақстанның Ата Заңында мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам жəне оның құқықтары мен бостандықтары делінген. Адамның өмір сүру құқығы бала дүние есігін ашқаннан пайда болады. Оны бұзуға ешкімнің де құқығы, қақысы жоқ. Қорытындылай келе, біздің Заң дүние жүзіндегі ең жас Конституциялардың бірі. Сол себептен қиындықтар болып жатады. Қазақстан өз тəуелсіздігін алғанға дейін бірнеше конституция қабылдады, дегенмен олар тек формальді түрде ақ қағаз бетінде ғана болды. Ал, ендігі тəуелсіз, егеменді елдің конституциясы болашаққа сенім ұялатады. Яғни, бұл демократиялық мемлекет ретінде қалыптасудың негізі болса керек. Республиканың президенті Н.Ə.Назарбаевтың тікелей басшылығымен тəуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясы қысқа мерзім ішінде əзірленді. Ол халық талқылауынан өтіп, референдум арқылы өз күшіне енді. Конституция Қазақстанның демократиялық, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде дамуына қолайлы жағдай жасайды. Заңда белгіленген барлық тұжырым, қағидалар өмірдің барлық салаларын өркениетті заң жүзінде басқаруға жағдай жасап отырғанына толық сенімдеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Ең бастысы, кім екеніне қарамастан, əр адам конституция қағидаларын қатаң сақтауға міндетті. Біздің бəріміздің заңды білуіміздің маңызы зор. Ал оларды орындауымыздың маңызы одан да зор. Онсыз біздің өркендеген мемлекет орнатамыз, елімізде тəртіп орнатамыз деген ниетіміздің бəрі бекер. Мемлекет құру ісі – үздіксіз процесс, ол мемлекет канша өмір сүрсе, сонша уақыт жүргізіле бермек”, – деген сөзі ойымызды дəлелдей түседі.

Əдебиет: 1. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 30 тамыз. 2. Сапарғалиев Ғ. Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы. Алматы: Жеті жарғы, 2008 ж. 3. Баққұлов С. Құқық негіздері. Алматы, 2004 ж. 4. Оспанов Қ. Құқық негіздері. Алматы: Жеті жарғы, 2006 ж. 5. Серікханұлы Н. Қасым хан // «Жамбыл –Тараз» № 4 (1239), 28 қаңтар 2015 ж.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.