Қазақ әдебиетіндегі Ә. Бөкейханов тұлғасы

Главная » Рефераттар » Қазақ әдебиетіндегі Ә. Бөкейханов тұлғасы

Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай, Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай. Бұл Ахмет Байтұрсыновтың Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейхановқа арнаған «Досыма» атты өлеңінен үзінді.Саналы ғұмырын ұлтына арнаған, қара басының қамынан қара халқының келешегін артық көрген әрі сол жолда бәйгеге басын тіккен аяулы тұлғаға деген әділ де нақты бағасы. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген еді Ә.Бөкейханов [1;102]. Және сол сөзінде тұра білді. Оған Әлиханның ұлт үшін атқарған талай істері мен ерен еңбегі дәлел. Ә.Бөкейханов – өзінің ұстанған ісіне өмірінің соңына дейін шын берілген және сол жолдан ауытқымаған, қазақ мүддесіне бүкіл өмірін сарп еткен ұлы қайраткер, халық көшбасшысы. Кешегі жаугершілік заманда хан-батырларымыз айқас алаңында талай ерлік көрсеткен болса, Әлихан Бөкейхан сол ұлыларымыздың жалғасы,заңды мұрагері іспетті. Қолына қару алмаса да, жаңа заманда қазақ халқын жаңа сапаға көтеріп, азат ел ету үшін, ел қатарына қосу үшін мүлдем жаңа күрес құралдары керек екендігін ерте түсінген де Ә.Бөкейханов болды. Щербина бастаған экспедицияның жұмысына қатысуынан бастап, Ресейдің Мемлекеттік Думасына депутат болып сайлануы, кадеттер партиясына мүше болуы, «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпыұлттық деңгейге көтерілуіне еңбек сіңіруі, «Алаш» атты дербес партия құрып, Алашорда Үкіметінің төрағасы болуы- бәрі-бәрі сайып келгенде қалай халықты оятып, ағартамын, қараңғы халықты қайтіп дұрыс жолға саламын деген асыл мұратынан туындаған істер еді. Алаш пен Әлихан расында егіз ұғым. М.Қойгелдиевтің: «Қазақ ұлтшылдығы десек Әлихан еске түседі, қазақ ұлтшылдығының негізін қалыптастырған да – Әлихан, тіпті шын мәніндегі еуропалық дәрежедегі ағартушылықты алып келген Әлихан бастаған топ еді» деген [2] пікірінің маңызы зор. Демек, Бөкейханов дегенде сұңғыла саясаткер, көсемсөздің хас шебері, мықты экономист, қазақ ұлтының атасы деген ұғымдардың еске түсері шындық.

Қандай да бір тұлға жөнінде ой қозғамастан бұрын сол тұлға төңірегінде айтылған ойға, дерек көздеріне, жазылған шығарма, айтылған естеліктерге назар аударарымыз даусыз. Қазақ әдебиетінде Бөкейханов тұлғасының сомдалуы дегенде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Әлиханың Семейге келуі» атты мақаласы ерекше еске түседі. Бұл мақала алғаш Семейден шығатын «Сарыарқа» газетінде 1917 жылы басылып шыққан болатын. Сұлтанмахмұт мақаласы Бөкейханов тұлғасын тануда таптырмас құрал болып табылады. Халқының Әлихандай асыл ерін қарсы алғанын автор «сегіздегі бала, сексендегі шал да қалмай дегендей, тойға бара жатқандай бәрінің де мерейлері үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұрды» деп тебірене суреттейді. [3;151] Осыдан-ақ Әлиханның халқына қаншалықты қадірлі, құрметті болғанын аңдаймыз. Одан әрі « бұл қазақтар елге еңбегін сіңірген ерін тосып жиылғандар. Ол ері кім еді?» дей келе, «Ол ері, елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде, алаш үшін зарығып, бейнет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын «бақ жұлдызына» көзі жеткен, түймеге жарқылдаған алданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан, басқа ойға өмірінде малданбаған. Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейханов еді» деп жалғастырады [3;151]. Ә.Бөкейхановтың кесек тұлғасы, бар болмыс-бітімі, еліне мен жеріне деген сүйіспеншілігі және сол жолда еткен ерен еңбегі-бәрі осы жолдардан айқын танылып-ақ тұр.

Әлихан Бөкейханов тек саяси лидер, ұлт көшбасшысы ғана болған жоқ. Ол соңынан ерген халқының, нақтырақ айтсақ іні-бауырларының, қазақтың бар оқыған-тоқыған көзі-ашық, көкірегі ояуының үлгі тұтар ұстазы, алға жетелеуші ағасы, бағыт-бағдар беруші ақылшысы бола білді. Соңынан ерген қазақ зиялыларының Әлиханға деген ыстық ықыласы осыдан болса керек. Мақалада айтылатын Әлиханды қарсы алушылардың ішіндегі Жүсіпбек Аймауытовтың «Қараңғыда қан жылап қаңғырған күнде басыңды Алаш жолына құрбан қылған ағамыз, асқар тауымыз… Өмірің, жүрген жолың біз- інілеріңе жағып қойған шамшырақ! Жасасын сүйреген Алашың! Жаса сабазым!» [3;153] дегені сөзімізді нақтылый түсетіндей.

С.Торайғыров мақаласының тағы бір құндылығы Ә. Бөкейхановтың кісілік келбетін, адами болмысын ашып бере білуінде. «Автомобиль түсіп сәлем көрсеткен соң Әлихан доклад оқитын үйдің алыстығына қарамай халықпен бірге жаяу жүрді. Мұнымен Әлиханның қайда болса да халықпен бірге екендігі, бұрын мың қайтара болса, енді бірнеше мың қайтара болып ойлантады.» дейді [3;154] Сондай-ақ халық ықыласын қабыл алып айтқан Әлиханның: « Халық! Бұлай құрмет көрсетулеріңе лайық еңбегім сіңді деп мақтана алмаймын. Бұрын мұндай құрметпен қарсы алынып көргенім жоқ, сондықтан құрметтеріңе лайық жауап беруге тосырқап тұрмын» [3;154] дегенін айта кеткен де орынды. Талай үлкен мінбелерде, жоғарғы орталарда қазақтың мұңын жоқтауда һәм басқасында болсын тайсалмайтын ердің, өр кеуделі кесек тұлғалы, төре Әлиханның халқының алдында қашанда қарапайым, қаншалықты кішіпейіл әрі екендігін осы бір сөздері анық байқатады. Бір елдің білдей басшысы бола тұра осындай қарапайымдылығы – оның атқарып-істеп жатқан ісінің бәрі өзінің не болмаса соңынан ергендердің емес, қара халықтың мүддесі үшін екендігін, басын бәйгеге тіккен жол халқының жолы екендігін түсінеміз. Бөкейханов – ел ертеңін аңдауда, халық тағдырына үкім айтуда көреген басшы, білгір саясатшы. Халыққа қандай жолмен жүру керектігін дұрыс түсіне білген тұлға. «Қазақ жері біргелік автономия қабылдап Сібірге қосылғаны пайдалы. Бөлек автономия боламыз десек, надандықтан басқа түгіміз жоқ. Ал бізден қараңғылығы 10 есе кем Түркістанмен бірге автономия алу, қойны- қонышыңа тас толтырып, Ертіске сүңгумен бір есеп» [3;155] деген пікірі бүгіндері өз бағасын алуда. Мақала соңын Сұлтанмахмұт : «Алаш туының астында, Куә болсын арымыз. Көркейтуге алашты, Құрбандық біздің жанымыз. Аялмасын барымыз, Жасасын, алаш, жасасын!» [3;156] деп көздеріне жас алып тарасқан көпшілік сөзімен аяқтайды. Демек, Ә.Бөкейхан «көтереліген туым бар, көтеретін елім бар» дегендей, халқын топ бастаған серкедей соңына ерте білген, бір тудың астына жинай білген ерен ер һәм көшбасшы.

Қазақ әдебиетіндегі Әлихан тұлғасы көрінетін тағы бір шығарма С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романы. Тарих алдында және бүгінгі күні шығарма лайықты өз бағасын алуда. «Тар жол, тайғақ кешу» — ХХ ғасыр басындағы тарихымыздың көркем шежіресі. Еңбектің құндылығы сол, Сәкеннің өзі жазған оқиғалардың басы-қасында болуы, және сол оқиғаларды нақты дәлел, деректермен, куәгерлер сөздерімен бере біліп, оны оқырманға көркем тілмен жеткізе білуінде. Ал шығармадағы Әлихан бейнесіне келер болсақ, расы сол, Әлихан жағымсыз бейнеде, яғни басқа қырынан көрінеді. Бұл тұрғыда біз Сәкенді қаралаудан аулақпыз. Әлихан мен Сәкен жеке бас араздығы, пендешілік қарым-қатынас негізінде бір-біріне қарсы болған емес. Оны ғалым К.Садыққызы да растайды. [4;129] Екеуін өмірдің екі жағына лақтырған олардың саяси ұстанымы, сол қиын шақта болып жатқан оқиғаларға деген алуан көзқарасы болса керек. Ойлағандары-бір елдің жағдайы, көксегендері-бір елдің мүддесі болса да, қос алыптың сол мұратқа жетуде екі бөлек жолды таңдағанын білеміз. Сәкен құрылғанынан бастап басы-қасында болған большевиктік Кеңес үкіметіне адал болса, Әлихан «Алаш» идеясын өмірінің соңына дейін ту қылып өтті. Екеуінің арасындағы саяси екі ұдай пікір Ақпан төңкерісінен кейін басталған еді. Әлиханның жаңа үкімет құрлысы турасында «Россияның үкіметі Англия үкіметіндей патшасы бар парламентті болу керек» деген ұсынысына Сәкен бастаған топ « федеративтік республика дұрыс» деп қарсы уәж айтқан болатын. Ақмоланың уездік қазақ комитетін басқарған Сәкеннің елде жүрген әлсіздерге зорлық көрсеткен төре, шенеуіктердің іс-әркетіне өшігуі осы тұстан бастала керек «Совет үшін күресте» тарауында «Бөкейханұлы бастаған съездің қарары бойынша күллі Қазақстанда «Алаш» партиясы құрылды. Біздің «Тіршілік» газетінен басқа газеттерде «Алаштың» жобасы жарияланды. Бірақ «Алаш» өзінің бұл құрғақ жобасын іс жүзінде қолданған жоқ, Колчак ағасының тәртіптерін қолданды.» — деп ашығын айтады.[5;77] Одан әрі « Барлық «Алаш» «ағасы» Әлихан Бөкейханұлын, ұлтшыл оқығандар «көкке көтерді». Дон-Кихотша Бөкейхан Сібір съезіне келді» [5;78] деп суреттейді. Иә, Сәкен Әлихан бастаған Алаш зиялыларының ел басқаруда, яки басқа істе де қате-кемшілігін көрсетуде әділін айта білген, және ешкімнен жасқанып, тайсақтамаған да. Солай десек те, шығарманың өн бойында «Әлихан бастаған көкжалдар, «Алаштың қулары» тәрізді сөздер көп кездеседі. Яғни Сәкен Алаштықтарды сынауда, уытты, ащы сөздері мен қызыл тілінінің қарымын аямағанында байқаймыз. Бұл турасында Т.Кәкішев пен К.Садыққызының «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» атты кітабында жан-жақты айтылады [4]. Өзі атаман Колчак, атаман Анненковтың азап вагонында талай қиямет-қайымды басынан өткізген Сәкеннің сол Ақтармен ниеттес болған «Алашорда» , оның басшысы Бөкейхан жайлы жылы сөз айтпауының себебі де түсінікті. Күләш Ахметова бұл жайында «обьективтік жағдайларға субьективтік түсіндірмелер қосылмай тұрмайды. Сәкеннің Бөкейхановты «Алашорда» үкіметінің жиынтығы деп түсінуі, «Алашорда» үшін, әсіресе Ә.Бөкейханов жауап беруге тиісті деп ұғуы қаламды қатты ұстауға, әжуа-мысқылды қолдануына тура келген сәті де жоқ емес. Шамадан асып кеткен тұсында Сәкенді жақтай қою қиын, дегенмен жазушы ретінде әсірелеп жеткізуге правосы барлығын тағы жоққа шығара алмаймыз» орынды тұжырым жасайды [4;147]. Мұнан Сәкеннің Әлиханға көп ретте тисе сөйлеуі таптық көзқарастың салқындығы деп түсінеміз. Дегенмен біз жоғарыда сөз еткен «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаланың Сәкеннің осы шығармасына енуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Күләш Садыққызы бұл турасында «Тар жол, тайғақ кешудің 1927 жылғы басылымында Әлиханға деген құрмет пен көңіл күй 1936 жылғы түзету кезінде алынып қалыпты. Әлихан-Сәкен қарым-қатынасын ашатын мәнді тарихи дерек соңғы басылымдарда кездеспей Сәкеннің сөзі қатқыл болып көрінеді.» дегені шындық. [4;149] Әлиханын қарсы алған халықтың жай- күйін өз шығармасында толық беруі Сәкеннің Әлиханға, оның жеке басына деген сый-құрметін, халық алдындағы Ә.Бөкейхановтың абырой- беделін мойындап басын игендігін аңғартса керек. Демек, Сәкеннің субьективтік көзқарасына құрметпен қарай отырып Бөкейханов тұлғасын танытуда, оны мақтауынан, даттауы көп болғанымен, «Тар жол, тайғақ кешу» Әлихан тұлғасын келешек ұрпаққа жеткізуде құнды шығарма болғандығы сөзсіз. Идеология қысымында болған Сәкеннің Әлихан және қазақ зиялыларының көзі тірісінде олар жайлы тайсалмай ой айтуын ерлік десек, шығармадағы Әлихан тұлғасына қатысты бүгінгі зерттеулер өз шешімін айта жатары анық. Бөкейханов тұлғасының қазақ әдебиетіндегі орны жөнінде бүгінгі күндері айтылып жүрген бір жайт Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы. Роман-эпопеяның төртінші кітабінда Әзімқан Жабайханов есімінің кездесетіні мәлім. Бүгіндері аталған кейіпкердің прототипі Ә.Бөкейханов екендігі деген сөз де айтылып жүр. Әрине бұл нақты дәлелдеуді қажет ететін болжам ғана. Бірақ негізсіз де емес. Ғылым тек дәлдікті, нақтылықты қажет ететін ескерсек те, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын да» ұмытпағанымыз жөн. Мұндай күрделі зерттеуді қажет ететін мәселені шағын мақалада қамту мүмкін емес. Дегенмен кейбір жайттарға тоқтала кетсек. Біз білетін Әлихан Бөкейханов Санк-Петербургтегі Орман Шаруашылығы институтында экономика факультетінде оқыған. Өзі – төренің тұқымы. Үлкен атасы – Бөкей атақты көкжал Барақ сұлтанның ұлы. Қазақ АССР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы В.А. Радус-Зенковичтың «Егер әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол – қазақ даласының асқан білгірі, қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны ауыстыра алмайды» [5] дейтін пікірі бар. Ал «Абай жолын да» халық санағын жүргізуге келген Әзімхан Жабайханов жайлы: «келген кісі айтуларынша Петербургта оқу бітірген. Бұл жүрген қазақ баласының бәрінен білімді…Өзі де тек тұқым емес. Орта жүз қазағын бір заманда «тырп еткізбей» билеген Жабай ханның немересі» [6; 186] деген жолдар бар. Біз білетін Әлихан Щербина бастаған ғылыми экспедицияға қатысып, халықтың шаруашылығын, мәдениетін, экономикасын зерттеуге көп еңбек сіңіргенін білеміз. Демек, роман-эпопеядағы Әзімқан бейнесінің өмірдегі Әлихан өмірімен ұқсастығын жай ғана ұқсастық, кездейсоқтық деп айта алмасымыз анық. Йә, романдағы Әзімқан бейнесі эпизодтық кейіпкер бола тұра өзінен басқаны мойындамайтын менмен, оқыс мінезді, өнердің қадірін түсінбес топастау жан ретінде, тіпті Оразбайдың Абайдың басына әңгір таяқ орнатуының негізгі себепшісі ретінде көрсетіледі [6]. Кеңестік цензура талай жазушыларымыздың тіліне тұсау салып, талай көркем дүниелеріміз кеңестік идеологияның құрбанына айналғаны белгілі. Мұнан ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтың бұл классикалық туындысының да аман шықпағанын білеміз. Ендеше, Әлихандай асыл ағасының тарих алдындағы еңбегін ескере отырып, оның асыл да ардақты тұлғасын келешек ұрпақ жадында сақтап қалу үшін, аман алып қалу үшін осындай жолмен болса да Әуезовтың «тәуекелге» барғанын түсінуімізге болады. «Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс-лағынет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс!»[1; 106] дейді Алаш арысы. Әлихан Бөкейханов өткен тарих үшін ғана емес, бүгінгі күніміз үшін қымбат, қастерлі тұлға. Әлихантану, қазақ әдебиетіндегі Бөкейханов тұлғасын саралау әлі де жалғасын таба берері сөзсіз!

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.