Қазақ эпостары – тарихи дерек ретінде

Главная » Рефераттар » Қазақ эпостары – тарихи дерек ретінде

Әр халықтың батырлық жыры ең алдымен сол халықтың басынан кешірген сан қилы тарихи оқиғалармен тікелей байланысты. Бұлардың барлығы да ел тарихына, жер тарихына, ғасырлар бойы қазақ даласында қоныс тепкендердің рухани дүниесіне үңіліп, елінің, жерінің тарихынан хабардар болғысы келетіндер үшін ой саларлық жырлар. Эпостық жырлардан біз қазақ халқының тағдыр — талайын, тарихи және көркем ойлау ерекшеліктерін, сонымен қатар рухани — интеллектуалдық деңгейін де байқаймыз. Эпос-мәдени құбылыс. Бірақ оның арқауында нақты бір ру, тайпалардың этникалық тарихы жатады. Осы белгісі мәдениеттің де белгілі дәрежеде этникалық қызмет атқаратынын байқатады. Қазақ эпостану ғылымында батырлық жырлардың табиғатына байланысты зерттеулер, ғьшыми-ізденістер аз болған жоқ. Эпостық мұрамыздың жиналып, жа-рияланып зерттелуі Ш. Уәлиханов, Ә. Диваев, Г. Потанин, В. Радлов, Ә. Бөкейха-нов, М. Әуезов еңбектерінен бастау алып, одан бергі кезеңде түрлі танымдық белестерге көтеріліп келеді.

Эпостық жырлардың тарихилығын зерттеу, оларды тарихи дереккөз ретінде бағалау Т.А. Гуриев, В.Я. Евсеев, А.М. Линевский, И.Б.Молдобаев, Ж.Ш.Хошниязов еңбектерінен анық байқалады. [1,107]. Эпостың тарихилығын сөз еткен ғалымдар тұсында Н.И.Кравцов пікірлеріне де елеулі орын беріледі. Эпосты поэтикалық өңдеуден өткен туынды емес, тарихи айғақтың ел санасында сақталып дамуының айрықша жолы ретінде бағалаған ғалым: «В сербском эпосе упоминаются сотни городов, сел, областей, чем он отличается от эпосов других народов» [2,107] — деп, мәселенің түйіні әр халықтың эпостық жырларнң табиғатына барып тірелетінін анықтаған. Соңғы ондаған жылдар көлемінде сонау бір жылдары ғылыми оралымнан шығарылып тасталған бұл бағыт қазақ эпостану ғылымынан да орын алып, күн тәртібіне қойыла бастады. Соның бірі — эпостың тарихилығы қаһармандық жырлардың өмірде болған оқиғаларға қатысы және эпосты тарихи дереккөз ретінде пайдалану мәселесі де осы ғылыми арнамен сабақтасып жатады.

Осындай шығармалар қатарына қазақ халқының ертеден келе жатқан мұралары Қара Қыпшақ Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Ер Тарғын, Едіге, Қамбар батыр «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Ер Сайын»жырларын жатқызамыз. Бірнеше жырдан тұратын «Қырымның қырық батыры» деген үлкен көлемді эпопеяның өзі-ақ қазақ халқының қаһармандық жырға қаншалықты мән бергенін көрсетеді. Осы шығармаларды негізге ала отырып, олардың тарихи негіздерін айқындау, жырлардағы қазақ тарихының кейбір мәселелерін қарастырып ашу бүгінде кезек күттірмес мәселелердің бірі болып табылады. Бұл шығармалар қазақ әдебиеті саласында көркемдік ерекшеліктерімен қандай құнды болса, тарих үшін де айрықша мәнді. Батырлар жыры көбінесе Отанын сыртқы жаулардан қорғау, өз елін басқаларға тәуелді етпеу тілегін қамтиды, сол идеяны берік ұстайды.

.

Қазақ эпосының тарихилығын сөз еткенде, бір ғана ру, тайпа, халық шеңберінде қалмай, сюжеттерді бүкіл Орта Азия, Алтай, тіпті ШІығыс әлемі деңгейінде салыстыра зерттеу керек. Ертедегі космологиялық нанымдар, әлеуметтік құрылыс көп елдердің басынан өткен болса, эпосты от басы, ошақ қасында зерттеу пайдасыз. Жадағай әдеби мінездеме — сыңаржақ методология. Қазақ эпостарының қай-қайсысын алсақ та, қьпшақ, ноғайлы қазақтары қызылбастарға, қалмақтарға қарсы күреседі. Бұл жырлардың көпшілігінде ноғайлының жерін қалмақтың жаулап алмақшы болуына байланысты үлкен оқиғалар көрініс тапқан. Рухани ескерткіш «Қырымның қырық батыры» жырының мәтінімен танысқан кез-келген оқырман пікірімізге келісер еді. «Жыр» мәтіндері бастан-аяқ өзінің «Ноғайлы» деген елдің бір кездегі тарихына, өткеніне арнап шығарылғанын аңғартып тұрады. Эпос айтуышының алдына қойған басты мақсаты «Ноғайлының тұтас тарихын» оның кейінгі ұрпақтарының тарихи жадынан шығармау, ұмыттырмау екені сезілетін. Шындығында, осынау сауал ХҮІІІ – ХІХ ғасырларда туып, ХХ ғасырдың басында жаңғырған болатын. Әсіресе «Ноғайлы жырларының» ел арасынан жазылып алынған түрлі нұсқалары ғылымда белгілі болғаннан-ақ жырлардың «иесі» (Кавказ, Қырымдағы ноғай әлде қазақ) даулы болды. Алтын Орда ыдырағаннан кейін орнында пайда болған көшпелі мемлекеттің бірі Ноғай Ордасы туралы, оның басындағы үш қара түнек кезеңдер [3] ішкі қырқыстар, Ресей саясаты, кейінгі бөліну, Кіші жүз құрамындағы Ноғайлы тайпалары жазба деректемелермен қатар, отандық және шетелдік тарих ғылымының жетістіктері арқылы нақтыланып, ашылды. Жырда осы кезеңнің көрінісі тарихи шындықтан (ел билеушілер есімідері, халық жауы, осы тарихи сананы жаңғыртқан «қалмақ билігі», ноғай билеушілерінің таусылмайтын алауыздықтары т.б.) ауытқымаған.

Жырларда қазақ тархының дерек көзі деп бірден таныған, ол туралы алғашқы зерттеулерінің иесі С.Сейфуллин жазатын: «…Орыстың кейбір тарихшылары: «Қазақтың ертеден қалған өзінің әңгіме — жырлары жоқ. Ертедегі батырлар жырлары деп өзінікі қылып жүргендері Ноғайдікі…дейді» [4.298] деген кезеңдер болған. «Едіге» жырындағы негізгі оқиғалар өрістейтін мекен — Алтын Орда мемлекетінің шегі. Негізгі кейіпкерлер өмірде жасаған, өз кезінде кеңінен танылған нақты адамдар, бұлардың жырға өзек болған іс-әрекеті араласқан оқиғалары — тарихи шындық ауқымында. «Едіге» батыр жыры туралы кең де кемел пікір айтушылардың бірі күрескер ақын, әрі қоғам қайраткері С.Сейфуллин болатын. Алдымен жырдың қандай тарихи дәуір туындысы екеніне жауап айтылған: «Қоспа ертектерін жапсырма «кереметтерін» былай тастағанда қазақтың ескі ел әдебиетіндегі бұл Едіге батыр әңгімесінің Алтын Орда іріп- шіріп бастаған кездегі заманның оқиғаларына бірсыпыра меңзейтін жәйттері көрінеді», — дейді [5.185] ол.

.

С.Сейфуллин Тоқтамыс пен Едігенің дау-таласында елдің Едігенің тілеулісі болуының себебін де тарихи оқиғалармен дәлелдейді. Зерттеушінің пайымдауынша, ноғайлардың бір бөлігі хандар зорлығының салдарынан Қырымнан жер ауып, Еділ мен Жайыққа босқаны, сол үшін үстем билеушілерге кекті болуы себепті олар Едігенің күресін барынша қолдаған. Едіге тұлғасы халықтың жадында «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер еді» деген ұғыммен қалыптасып қалған. Жыр мәтініндегі басқа анторпонимдер Нұраддин, Мұса, Орақ, Мамай, Смағұл, Ормамбет, Қарасай, Қази, Шора, Алшағыр, Көкше т.б. нақты өмірде болған жандар екені, олардың Ноғай Ордасының билері мен мырзалары атанып, жүргізген іс-әрекеттері В.М.Жирмунскй, В.В.Трепавлов еңбектерінде зерттелді. Эпоста бәрі дерлік дербес жырдың тақырыбына айналған. [6] Ал, «Қобыланды батыр» жырындағы оқиғалар қыпшақтар мен қызылбастар, қалмақтар арасында болды. Келтірілген эпостағы жер аттары, қыпшақ елі, бәрі де тарихи деректер. Демек, бұл жағынан жыр мен тарих арасында еш қайшылық жоқ. Бұл жырда аталған кез, ондағы оқиғалар шындыққа сәйкес келеді. Олай деуімізге бірнеше дәлел келтірейік: «Қобыланды батыр» жырының Марабай, Мергенбай, Біржан, Досжан жырлаған нұсқалары қыпшақтар мен қызылбастардың арасында көп заманға созылған қарым-қатынастарды, алыс-тартыстарды көрсетеді. Қыпшақтардың Қобыланды бастаған батырларының шетелдік жау қызылбастарға қарсы жүргізген ерлік күресі суреттеледі. Сонда қыпшақ еліне бірінші болып ұрынатын қызылбастың Қазан ханы болады. Мысалы, жырдың Мергенбай айтуындағы нұсқасында: «Қызылбасты елінен, Қазан деген ер шықты. Жан білмеген жер шықты. Ноғайлының көп елін, Ол жайпап, шауып жаншыпты. Бағынбаған адамын Қырып-жойып таусыпты…» [7] — делінеді. Бұл келтірілген үзіндіде аталған Қазан қызылбастардың ханы Қазан болуы мүмкін. Жырдағы Қазан ұрыншақ, көрші елдерге шабуыл жасап, оларды өзіне бағындырып алу үшін күреседі. Оның бұл әрекеттері көрші елдердің жерін, малын олжалап алуы және олардың «бағынбаған» адамын қырып-жойып жіберуін тарихи факті деуге болады. Бұған қарап жырдағы Қазан қызылбастарының жаулық әрекетін көрсетуге болады. Қазан хан ноғайлы қазақтың Қырлы қала, Сырлы қала дейтін екі шаһарын оп-оңай басып алды.

Бүл хабар елден-елге тарап кетті. Қазанның қарақшылығын естігенде қырық мың қияттың батыры Сейілұлы Қараман өзінің қарауындағы қырық мың әскер қол жинап, күндік жердей айналысы ат шаптырым айтақырға шатырын тікті. Сол кекті қайтармақшы болып Қараман, Аққозы, Қарақазы, Қосдәулет аттанды. [8.177] Қаланың бекіністерінің қандай екенін біліп, Қараман, Қарлыға, Қобыланды, Орақ төрт батыр бас қосып, шабуыл салады, елді жаудан босатып, Қараспан тауына қайта қондырады. «Қобыланды батыр» жырына арналған сын мақаласында Ә. Бөкейханов оны Тоқтамыстың тоғыз батырының бірі ретінде атап, XIV ғасырда өмір сүрген деп мөлшерлеген. Эпостық жырдың арқауында ежелгі ру — тайпалар тарихы жатады деген ойды М. Әуезов еңбектерінен де аңғарамыз. Эпос ноғайлы, қыпшақ, қырғыздар бір ел болып жүрген кездері туған деген ғалым халықтық топонимияға сүйеніп, Қобыландыны тарихта болған адам деп біледі. Жалпы қазақ эпосындағы батырлар тұлғасына келгенде М.Әуезов олардың бәрі «Ертеде туғандары да, кейінірек шығарылғандары да — анық тарихи оқиғаларға негізделген ал басты -басты кейіпкерлері тарихта болған адамдар». [9.426] Қазақ халқының эпикалық шығармаларының ішіндегі жақсы үлгілерінің бірі келесі жыр — Алпамыс туралы жыр қазақ, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, алтай халықтарында бар.

«Алпамыс» жырының қазақша нұсқаларында ХҮІ-ХҮШ ғасырлардағы азаттық идеясы — қалмақ хандарымен күресу, олардың шабуылынан қорғану идеясы пайда болады. XVIII ғасырда, эсіресе ХІХ-ХХ ғасырларда жыр бірқатар жаңа идеялармен толыға түседі. Бүл кезеңде шыққан жырды ру басының өз жерлестеріне, туған халқына зорлық-зомбылық жасауына, олардың бейбіт елді жаулап алуына қарсылық күшейе түседі. Сондықтан да «Алпамыс» жырында Қоңырат руының билігін қолына алған Ұлтан мен Алпамыс арасындағы тартыс тақырыбы терең суреттеледі. Бұл дәуірде ислам дінінің халық санасына ықпалын тигізу нәтижесінде «Алпамыс» жырында діншілдік идеялар көріне бастайды. «Алпамыс» жырының ерекшелігі — ондағы тайпалар ірі этникалық бірлестікке де бірікпейді, кіші субэтностық тармақтарға да жіктелмейді. Бұл белгі қоңырат елінің эпикалық жауы — қалмақтарға да қатысты. Қазақ эпосының тарихилығына қатысты ой «Қамбар батыр» жыры тұсындағы Н.С. Смирнова пікірлерінен де кездеседі. Ғалымның жырдың тарихи арқауы ноғайлы, өзбек ұлысына енген тайпалар ортасынан іздеуі соны байқатады. [11.253] Жырдың барлық нұсқасында да қалмақ ханы Назымды алам деп ноғайлы еліне шабуыл жасап, оларды бүліншілікке ұшыратып отырады. Ал, Қамбар ноғайлы жұртын қорғайды. Қалмақ ханының әскерімен соғысып, оларды жеңеді. Жырда жағымды образдардан: Қамбар, Назым, Алшыораз, жағымсыз кеіпкерлердің калмақтың ханы Мақтым жырланады. [11. 186] Басқа жырларға қарағанда, «Ер Тарғын» жырының нұсқалары көп емес. Ел аузында айтылып жүрген «Тарғын» жырының оқиғасы жағынан ең толығы да, мазмұны, көркемдігі жағынан ең құндысы да Н.И.Ильминский бастырған нұсқа. Қазақ эпосымен оның тарихи негізіне қатысты ой — ұшқындары Қ. Досмұхамбетовтың «Қазақ халық әдебиеті» атты еңбегінде кездесіп отырады. Ол Ер Тарғынды Алтын Орда мен Қазақ хандығы тұсында өмір сүрген, бір-ақ келе — келе есімі аңызға айналған тұлға деп біледі. Ер Тарғын — халқымыздың қанатты қиялынан туған ертегі қаһарманы емес, қазақтың қара құласын қақ жарып шыққан төл тумасы. Ел тарихының төрінен өз орнын алған, өмірде шынайы болған тұғыры биік тұлға.

Көңілге бір кірбің түсіретін жәйт — осы «Ер Тарғын» жырының «Қазақ халық әдебиеті» деген ұласпамен (серия) Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы институты 1987 жылы бастырып шығарған «Батырлар жырының» алтыншы томында Тарғынның қырғыз боп жүргені. Бұл жырды 1859 жылы Марабай жыраудың айтуынан Н. И. Ильминский жазып алып, 1862 жылы Қазан университетінің баспасынан шығарған. Ол орыстардың қазақты қырғыз атайтын кезі ғой. Сондықтан Ильминскийге Ер Тарғынның қазақтан гөрі қырғыз болғаны тиімді көрінген шығар. Тарғын өмір сүрген тұста қазақ даласында, тіпті Алатауда да қырғыздар жалпы болмаған. Онда олар Енесай бойында кешіп-қонып жүрген. Сосын қырғызда хандық болмай, ру тайпаларды жеке манаптар билеп келген. Оның үстіне қырғызда Тарғын деген батыр болыпты дегенді де естіген емеспіз. Демек, жырдың келесі басылуында осы жаңсақтықты түзеп, қырғыз жұрты емес қазақ жұртынан шыққан батыр деп жазған абзал болар.[12] Тарихи әділдіктің өзі де соны талап етеді ғой. Енді Ер Тарғын өмірде болған шын мәніндегі тарихи тұлға екеніне тоқталайық. Қазақтың қаһармандық дастаны мен тамаша операсының бас кейіпкері Ер Тарғын энциклопедиялық басылымдарда күні бүгінге дейін XV ғасырда өмір сүрген деп жазылып жүр. Еліміздің тарихын тұңғыш рет жан-жақты зерттеген ірі ғалым, көрнекті алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаев 1925 жылы жарық көрген «Қырғыз-қазақ халқының тарихы» кітабында аты аңызға айналған бұл тарихи тұлғаны «Естерекұлы Ер Тарғын» деп жазады. Оның топшылауынша, Батыс Қазақстан өңірінде Естерек Дінахметовтың ұлы Тарғын батырдың атында Тарғын деген өзен бар. Ал оның жазғанымен келісер болсақ, Ер Тарғын он бесінші ғасырдан недәуір кейін өмір сүрген болып шығады.

.

М. Тынышбаевтың бұл болжамы құмық тарихшыларының аталмыш тарихи тұлғаға беретін бағасымен астасып жатады. Құмықтардың негізінен Дағыстанда тұратын түркі тектес тілі қазақшаға тым жақын кавказ халқы екені белгілі. Құмық зерттеушілері Ер Тарғын туралы өз түсініктерін қазақы дерек көздерімен ұдайы байлайыстырып» отырады. Мысал үшін «Құмық әлемі» басылымының жазғанына назар салсақ та жетіп жатыр. «Ер- Тарғу — Тарқы құмықтарының ауыз әдебиетінде аталатын қаһарман батыр. Бір қызығы ол қазақтың «Ер Тарғын» қаһармандық эпосымен өте ұқсас. Жырға бағар болсақ, қазақ батырыныкі атамекені — Кубань даласы. Батырдың әкесі Естерек Қазылық тау жоталарынан терістікке қарай шөбі шүйгін'» суы мол Қиян жазығын жайлаған Тарғынның өзі Қазылық тауларына таман «Темір-қақпа» деген жерде көшіп-қонып жүрген», — деп жазады басылым.

Осы айтылғандардан Ер-Тарғу қаһарманның қазақ батыры Ер Тарғынның бейнесі екені бесенеден белгілі боп тұрған жоқ па. Құмық зерттеушілері қазақ жырындағы жер атауларьін өзінше топшылап, батырдың атамекенін Үлкен Кавказ жоталарынан терістікке қарай көсіліп жатқан Кубань өзенінің жазығы еді дейді батыр одан Дербент өңіріне көшкен сыңайлы. [12] Егер қазақ халқының қаһармандық жырларынан көрініс тапқан этникалық үрдісті қоғамдық-әлеуметтік ой, этникалық сана көріністерімен тығыз байланыста алып, эпосты этникалық дереккөздің бірі ретінде бағаласақ, қазақ тарихының жаңа беттері ашылып, олар соны мәліметтермен толыға түсері анық. Сонымен бірге тарихи- этникалық дереккөздер санатына жаңа арна-қаһармандық жырлар қосылар еді. Қазақ эпосында өмір шындығының елесі-тарихи есімдер, жазба деректерге түспеген мәліметтер, сан-алуан ономастикалық деректер, ел естелігі мен эпос арасындағы байланыс, тарихи құбылыстардың халықтық бағасы, тайпа атаулары мен этникалық үрдіс көріністері сақталған. Оның бәрі қазақ тарихына қатысты мәліметтер.

Қазақ эпосының құнды белгілерінің бірі — әлеуметтік сана. Оның қызметі аға буын тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізуінде. Эпостық жырлардың бізге этникалық болмысында жетуі осы әлеуметтік естелік жемісі. Ол кейінгі қоғамдық өзгерістерді әп- сәтте қабылдай қоймайтын. Өзінің алғашқы болмысына берік құбылыс. Сонымен, қорытындылай келе батырлар жыры тек әдебиеттік мұра емес, қазақ халқының өткендегі тұрмысынан, экономикасынан, қоғамдық-тарихтық болмысынан бағалы деректер бере алатын құнды материал. Әрине, тарихи мәліметтерге ел — қиялы қосқан қоспа жайларда араласады. Шындық өмір елесімен қатар ертегілік әсерлеу де басым болады. Соған қарамастан, қазақ тарихының кейбір мәселелері жайлы құнды деректер алуға болады. Бүгінгі күннің талабы халқымыздың осы мол мұрасын өткен тарихымызды зерттеуде дерек ретінде пайдалануға бола ма, болса қалай пайдаланамыз деген мәселелерді алдымызға қоюда. Бұған біз дерек ретінде пайдалануға толық болады деп айтар едік. Бұл деректердің артықшылығы бар: оларды халықтың өзі қалдырғандығында. Бұл реттен белгілі эпостанушы Ш.Ыбраевтың: «Эпостың негізі — тарихи шындық. Әсіресе, ол эпосты тудырған ортаға, халықтың жер — су атауларына тікелей қатысы бар» — деген пікірінің маңызы зор. Қазақ эпостары — қазақ тарихының келелі кезеңдері оқиғаларынан хабар, дерек бере алатын рухани қазына. Тарихтың аты-тарих. Оны бір арнайы жазылған жұмыста және осындағы ой-түрткіні жеткізіп беруге мүмкін емес. Сондықтан бұл мақалада қазақ эпостарындағы қазақ тарихының кейбір мәселелерін қарастырып , оны тарихи дерек, тарихи шындық екенін дәлелдеуге тырыстық.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.