«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ ЖӘНЕ ОТАРЛЫҚ ЕЗГІ

Главная » Рефераттар » «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ ЖӘНЕ ОТАРЛЫҚ ЕЗГІ

Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен шығып тұрған «Қазақ» га­зеті туралы тарих ғылымында соңғы жылдарға дейін объективті ғылыми түсінік қалыптаспаған. Солай болуы заңды да еді. Өйткені, объективті ғылыми баға Қазан революциясына дейін жарық көрген қазақ басылымдарын шығарушы ұлттық интеллигенцияның қоғамдық-саяси қызметіне де берілген жоқтын. Сондықтан да, ұлттық интеллигенцияның бұл тарихи кезеңдегі қызметі буржуазиялық ұлтшылдықтың көрінісі есебінде бағаланса, олардың қолынан шыққан басылымдардың жеңіл түрде буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы басылым аталуы да таңданыс тудырмаса керек. Осындай тар таптық айқыңдаманы ұстанған зерттеушілер «Қазақтың» материалдарын пайдалануға да соншалықты ынталылық танытпай келді.

«Қазақ» газетінің материалдары тарихшы ғалымдар үшін мынадай екі тұрғыдан құнды. Біріншіден, газет материалдары XX ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы қазақ қоғамындағы болып өткен түрлі қоғамдық процестерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректер болып табылады. Екіншіден, ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың қалыптасып, даму арнасында өмірге келген бұл басылым ең алдымен бостандық үшін күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті. Демек, отарлық езгі мен феодалдық мешеулікке қарсы ұлттық интеллигенция жүргізген азапты күрестің негізгі идеялық бағыттары мен кезеңдерін «Қазақ» материалдарынсыз түсіну, әрине, мүмкін емес.

 «Қазақ» газетінің пайда болу тарихынан. ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында қазақ ұлттық интеллигенциясы үшін жалпыелдік зәру мәселелерді көтеретін қоғамдық ойға қозғау салып, бағыт бере алатын газет-журналдар шығару үлкен қоғамдық мәселеге айналған болатын. Қарқаралы петициясында өкімет алдына қойылған негізгі талаптардың қатарында қазақтардың «күнделікті мұқтажын айқындап отыру үшін қазақ тілінде газет шығару қажеттілігі де айтылған еді1. Оның артынша бұл істі Семей, Орал, Петербург, Том және басқа қалалардағы қазақ ннтеллигенттері қолға алғанымен, тез арада айтарлықтай нәтиже шыға қоймады. 1910 жылдың соңында өкімет орындары М.Сералинге Троицк қаласында «Айқап» журналын шығаруға келісім береді1. 1911 жылдың қаңтарында шыға бастаған қазақ тарихындағы тұңғыш журналдың халықтың рухани жетілуінде алатын орны аса үлкен еді. Сонымен бірге оның күнделікті оқиғалар ағымына байланысты жедел пікір қалыптастыру мүмкіншілігі шектеулі болғандығы өзінен-өзі түсінікті. Самодержавиелік биліктің қазақ даласын пәрменді отарлау саясатына көшуі, соның салдары есебінде бүкілелдік наразылықтың қарқынды өрлеу жағдайында саяси оқиғаларға дер кезінде түсінік беріп, қоғамдық пікірге пәрменді ықпал ете алатын қолайлы құрал — қазақ тілінде газет шығару қажеттілігі күн тәртібінде түрды. Ол саяси түрғыдан қоғамның саналы бөлігі — демократиялық интеллигенция мен халықты жалғастырушы көпір есебінде болып, өмір тереңінен бастау алып, күн санап нығайып келе жатқан халық наразылығына бағыт беруге тиісті еді. Міне, осы қажеттілікті іске асыру мүмкіншілігі бүкіл Ресей көлемінде революциялық қайта өрлеу жағдайында туды жә­не ол империяны шығыс бөлігімен жалғастырып тұрған Орынбор қаласында іске асырылды.

.

«Қазақтың» басқа қалада емес Орынборда шығуы, әрине, кездейсоқ емес-тін. Орынбор XX ғасырдың басында орта Еділ сағасымен Орал өңірінде Қазаннан кейінгі мәндегі ірі саяси, сауда және мәдени орталыққа айналған болатын. Шығыс пен оңтүстікке тереңдеп енуді көздеген патша үкіметі, бұл мақсатта Орынбор татарларының көрші түркі тілдес халықтармен тіл және дін жағынан жақындығын өз мүддесіне пайдаланғысы келді және сол үшін оларға бірсыпыра еркіндіктер де берді. Өз кезегінде мұндай мүмкіншілікті татар сауда адамдары мен ағартушы интеллигенттері де текке жібермеді, олар Орынбордың iрі сауда және мәдени орталыққа айналуына көп күш салды. Ә.Бөкейханов және А.Байтұрсынов бастаған белсенді топтың жалпыұлттық газет шығару ісін 1905 жылдан бастап қолға ала бастаған еді.

Революция жылдарынан кейін қалыптасқан жағдай Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновты далалық облыстарда газет шығару мүмкіншілігінен біржола айырған еді. Біз жоғарыда Ә.Бөкейхановтың шамамен 1909 жылы Самара қаласына жер аударылғандығы, ал 1930 жылы «Қазақ» газетінің болашақ редакторы А.Байтұрсыновтың ішкі істер министрінің оған екі жылға Қазақстанда тұруға тыйым салған жарлығы шыққан соң, өз еркімен Орынбор қаласын таңдап алғандығы жөнінде айтқан едік. Орынбор мен Самара жақын орналасқан, өзара көлік қатынасы біршама жақсы қалалар болатын. 1910 жылдан бастап Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың кездесіп, газет шығару ісін қайтадан қолға алуы, әрине, толық ықтимал еді.

А. Байтұрсынов үкімет орындарынан «Қазақты» шығаруға ресми рұқсат алып, алғашқы санын шығаруға қызу дайындық жасап жатқанда Орынборға Семейдегі абақтыдан жаңа ғана босанған М.Дулатов келеді. Жоғарыда аталған генерал Бабич Торғай губернаторына «Қазақ» туралы жолдаған хатында «М.Я. Дулатов Семей абақтысында отыру мерзімі аяқталған соң 1912 жы­лы 12 желтоқсанда ол қаладан кетіп Орынборға тұруға келді. «Қазақ» газеті шыға бастағанда соған қызметкер болып орналасты», — деп көрсетеді. Газетті ұйымдастыру жолында оның болашақ редакторымен бірге жүйелі түрде үлкен білгірлікпен және сақтықпен еңбек еткен Ә.Бөкейханов екендігі де даусыз. Газетпен тығыз байланыста болып, оған қаржылай көмек ұйымдастырушылардың бірі Мұхамеджан Тынышбаев. Қорыта айтсақ, «Қазақ» газеті, белгілі дәрежеде, сол кезеңдегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ең белсенді қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатовтың үлкен еңбегінің ортақ жемісі еді. Газетті ұйымдастыру, ашу қандай қиын болса, оны қатаң патшалық цензура жағдайында алты жылға жуық уақыт бойы шығарып тұру екі есе азапқа түскендігі ақиқат.

Архив материалдарына сүйенсек, «Қазақ» газетін шығаруға рұқсат 1913 жылдың қаңтар айында берілген. Орынбор губерниясының губернаторы, генерал-лей­тенант Сухомлинов губерниялық жандармерияның бастығы, генерал Бабичтің А.Байтұрсыновтың газетке редакторлық қызметке қашан бекітілгендігі туралы сауалына берген жауабында 1913 жылдың 5 қаңтарын көрсетеді. Ал «Қазақтың» алғашқы саны бір айдан кейін, яғни 2 ақпан күні жарық көреді. Бастырып шығарған Орынбордағы «Каримов, Хусаинов және К серіктігінің» баспаханасы2. Сонымен, газетті шығарушылар нені көздеді, алдына қандай мақсат қойды? Бұл сауалға бір сөзбен жауап беру мүмкін емес. Өйткені жоғарғы үкімет орындарының арнайы рұқсатымен шыққан газет белгілі бір дәрежеде сол орындардың талап-тілегіне мойынсұнбаса бірден жабылып қалатыны түсінікті. Ал өкімет орындарының түсінігі бойынша, «Қазақ» ең алдымен самодержавиелік биліктің ішкі және сыртқы саясатын, дала өміріне қатысты қаулы-қарарларын қазақ еліне жеткізіп, оларға билік тұрғысынан түсінік беруге тиіс. Газеттің мұндай міндетін А.Байтұрсыновтың 1914 жылы 8 қарашада газетті жетісіне екі peт шығарып тұруға рұқсат сұрап, өз қолымен губернаторға жазған арызына қосымша тіркелген газет бағдарламасынан да байқау қиын емес. Он бес тармақтан тұратын бағдарламаның алғашқы үш тармағы бойынша, газет халық арасында насихаттауға өз мойнына мынадай міндеттерді алады: 1. Қазақтарға қатысты өкімет нұсқаулары мен заңдары. 2. Мемлекеттік Дума мен Мемлекеттік Совет жұмысы. 3. Ішкі және сыртқы хабарлар. Ресми орындар «Қазақтың» саяси бағытын өте мұқият бақылап отырған.

Газет редакторы мен шығарушылары өкімет тарапынан күдік туғызбау үшін, алғашқы жылдары мойнына алған міндеттерге сай материалдар беріп, түрлі бүркеме айлаларға да барды. Бұл жергілікті биліктің сеніміне кіру, сол арқылы газетті жабылып қалудан сақтау әрекеті болатын. Жоғарыда аталған генерал Бабич 1914 жылы наурыз айында Түркістан аудандық жандарм бөліміне жолдаған аса құпия хатында «…доношу, что в Оренбурге с 5-го января 1913 года действительно изда­ется еженедельная киргизская газета под названием «Ка­зак» (Киргиз), которая является единственным крае­вым органом, освещающим различные стороны обшир­ного киргизского края, распространяя среди населения полезные сведения из разных областей наук, искусства и техники и знакомит вообще с культурой. Со времени своего существования газета эта не уклонялась от принятой ею программы и особенно резких статей в ней замечено не было»,— десе, сол жылғы қарашада Торғай губернаторына жолдаған қатынасында: ««Казак» — газе­та прогрессивная с некоторой тенденциозной окраской»1 деп бағалайды. Міне, бұл келтірілген фактілер «Қазақты» шығаруға келісім берген үкімет орындарының оған өз мүддесіне сай міндеттер жүктегендігін, ал газет шығарушылар оны мойындауға мәжбүр болғандығын көрсетсе керек.

Дегенмен, «Қазақ» алғашқы сандарынан бастап-ақ сырт көзге мен мұндалап тұрған айқындамасы бар, көздеген мақсаты оқырмандарына түсінікті газет болатын. «Қазақ» алғашқы санынан бастап, өзекті саяси мәселелерге арналған мақалалары арқылы да, тіптен кішкене жарнамалары арқылы да сол түпкі мақсатқа қызмет етуге бар күшін салды. Ол мақсат — ортағасырлық мешеу феодалдық тәртіптер құрсауында жатқан қазақ қоғамын ояту, оны қараңғылық пен ұлт-азаттық езгіге қарсы күрес жолына алып шығу еді.

«Қазақтың» әлеуметтік айқындамасы туралы. Расын айту керек, «Қазақ» газеті қазақ бұқарасын таптық езгіден азат етуді өзіне міндет етіп алған емес. Ауыр отарлық езгі, Столыпин реформасы салдарынан жер үшін күрестің шиеленісе түсуі, шаруашылық дағдарысының тереңдеуі, саяси-әлеуметтік құқықтың жоқтығы, міне, осындай жағдайда «Қазақ» жалпыұлттық мәселелерді көтеріп, сол үшін күресті. Егер таптық және жалпыұлттық мүдделердің белгілі бір қоғамдық да­му сатыларында өзара ымыраға келе алатындығын есепке алсақ, «Қазақ» газетінің бұл ұстанған айқындамасы сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамының объективті жағдайынан туындап, оның сол кезеңдегі ең зәру талап-тілегін, ұлт ретінде мақсат-мүддесін білдіретін еді. Газеттің жалпыұлттық басылым ретінде ерекшелігі де, әлеуметтік шектеулігі де осы қырынан көрінген. Анығырақ айтқанда, «Қазақ» империяның шет аймақтарында ұлы-державалық мақсаттарды көздеген Столыпин реформасына байланысты үдей түскен ұлт-азаттық қозғалыстың үні ретінде өмірге келді және 1918 жылы жабылғанға дейін осы мақсатқа қызмет етті. Сонымен бірге оның бұл бағыты қазақ бұқарасының ауыр жағдайына іш тарта қарауға, қажет жерінде оған араша түсуге кедергі жасаған емес. «Қазақ» ең алдмен осы ұлттық бостандыққа байланысты өзекті мәселелерді тынымсыз көтеріп тұрғаны үшін де отаршыл әкімшіліктің қатаң бақылауында болды. Үкіметтің әділетсіз саясатын ашық сынағаны үшін оған әр жылдары 50 сом, 1500 сом, 3000 сом көлемінде ақшадай айып төлеуге тура келді1. Бір қызығы сол, «Қазақтың» үстінен бақылау жасап отыруға газеттің қазақ қоғамынан шыққан жаулары  көмектесті.

«Қазақтың» шығу тарихына байланысты принциптік мәселелердің бірі — газеттің қаржылық негізі. Бізге мәлім материалдар газет бай-шонжарлардың қаржысына сүйеніп шығып тұрды деген пікірдің сын көтермейтінін көрсетеді. Өкімет орындары газет шығаруға рұқсат бере отырып, А.Байтұрсынов газеті де бұдан бұрынғы қазақ газеттерінің кебін киеді деп түсінді Бұл сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы нақты жағдайға негізделіп жасалынған тұжырым болатын. Сондықтан да Орынбордағы жандарм бастығы Бабич 1913 жылы Петербургтегі по­лиция департаментінің директорына жолдаған құпия ссебінде Орынборда қазақ тіліндс газет шыға бастағанын растап, бірақ оның қаржы тапшылығына байланыс­ты көп ұзамай жабылып қалуы мүмкін екенін айтады.

Қатаң цензураны, газетті жабуды талап еткен арызқойларды былай қойғанда, қаржы тапшылығына байланысты-ақ оны мерзімді шығарып тұрудың өзі де жеңілге түскен жок еді. А. Байтұрсынов 1915 жылы «Га­зет алғашқы шыққан жылы алушылар 3 мыңнан астам болды; келесі жылы 3 мыңға таяу болды; биыл мың алты жүзге түсіп қалды», — деп жетісіне екі рет шығаруға көшкенімен, жаздырып алушылардың азайып кетуіне байланысты қайтадан сол жетісіне бір саннан шығаруға мәжбүр болғандығын айтып, «ілгері басқан аяқ кейін кеткен сияқты болып тұрғаны даусыз. «Шарасыздан шалға тиіп барамын» деген секілді, амалсыздан істеліп отырған іс. Он облыс қазақ ұлты үшін шыққан бір жур­нал, («Айқап»-ты айтып отыр.) бір газет еді, журнал алдырушы аздығынан тоқталды, енді жалғыз газет қалды»3, — деп өз күйінішін білдірген болатын.

«Ауқатты Алаш азаматтарына» аталатын осы мақалада А.Байтұрсынов газетті жабылып қалудан сақтау мақсатында отыз бір адамнан тұратын «Азамат серіктігі» ұйымдастырылғандығын, бірақ олардың жиған қаржысының газетті жабылудан біржола кұтқаратын жолы — қазақ кітаптарын шығаратын баспахана ашуға жетпей тұрғандығын айтып, соған байланысты мүмкіншілігі бар азаматтардан бұл іске қаржылай көмек беруін өтінеді. Мақала «Жұрт жұмысына көңілді мырзалар таусылып, жұрт азаматтан жұтаған болса, амал не» — деген сөздермен аяқталады. Бұл газетті жабылудан құтқару жолындағы шарасыздықтан жасалған қадамдардың бірі еді.

Бірақ, қалай болғанда да, газет өмірінің аса қиын кезеңдерінде оған қол ұшын берген адамдар аз болса да бар еді. Газет 151, 152, 153-сандарында өзіне қаржы­лай көмек көрсеткен 255 адамның тізімін берген. Олардың арасында 429 сом бөлген қажы, 100 сом жіберген бай, 2-3 сом арнаған шаруа, 25-50 тиыннан жолдаған студент, оқушылар да бар. Басқаша айтқанда, «Қазақ» қаржылық негізі тұрғысынан әртектілер газеті болды.

Мемлекеттің қаржылай қолдауына сүйене алмаған газеттің тағдыры оқушылардың көп жазылуына байла­нысты екендігі мәлім. Жоғарыда айтылғандай, «Қазақ» көп санды жазылушыларға қолы жетпеді. Бұған газеттің өзін кінәлау әділетсіздік қана емес, әдепсіздік болар еді. Көтерген саяси-әлеуметтік, рухани жүгі тұрғысынан ол сол кезеңдегі бүтін қазақ қоғамының газеті болуға әбден лайық-тын. Газет қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерін қозғап, оларға жұрттың саналы бөлігінің назарын аудара білгенімен, бірақ ол қоғамның өзінен сол деңгейде қолдау таба алмағандығы тарихн шындық. Бірақ, қалай болғанда да, «Қазақ» газеті шыққаннан кейінгі мезгілде қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жаңа сапаға көтеріліп, оның негізгі мақсаттары, таяу арадағы міндеттері мен стратегиялық бағыт-бағдары айқындала бастады. Сондай-ақ «Қазақ» жалпыұлттық қоғамдық ойдың ұйтқысына, ұлт-азаттық қозғалыстың баспа үніне айналумен бірге, ұлттық интеллигенция қызметінің демократиялық мазмұнының біржола қалыптасуына қызмет етті.

Тарих ғылымында 1917 жылға дейінгі қазақ ұлт-азаттық қозғалысы туралы арнайы зерттеулер жазылмаса да, белгілі дәрежеде оның жай-жапсарын әңгіме еткен бірлі-жарым енбектер бар екені рас. Бірақ XX ғасырдың басында жаңа сапаға көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстың идеологиясы жөнінде жазылған жұмыстар жоқтың қасы. Феодалдық мешеуліктің қойнауында жатқан қазақ қоғамында азаттық идеологиясының таза күйінде көрінуі, әрине, мүмкін емес еді. Ұлттық бостандық үшін күрестің бастаушы күшіне айналған қазақ зиялылары сонымен бірге ағартушылық міндетті де қоса алып жүруге мәжбүр болды. Өйткені, түпкі мақсат — бостандыққа жету үшін қаранғылық пен надандықтан құтылу қандай қажет болса, керісінше, қараңғылық пен надандықтан біржола арылу үшін бостандық та соншалықты қажет еді. Міне, сондықтан да ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қоғамдық көзқарас тұрғысынан батыс еуропалық және ресейлік ағартушылыққа өте жақын тұрғаны таңданыс тудырмаса керек. Бұл әсіресе Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов бастаған топтың шығармашылығында және қоғамдық қызметінде айқын көрінді. Француз ағартушылары ұсынған негізгі принциптерді М.Дулатов та сол күйінде қабылдап, халық арасында насихаттады. Ол 1913 жылы жариялаған өлеңдерінің бірінде жас шәкірттерге жөн сілтеп: «Айнымай тұтқан жолың болсын мынау: азаттық, ағайындық, теңдік сұрау» деп жазды.

Осы уақытқа дейін тарих және басқа қоғамдық ғылымдарда қазақ демократиялық интеллигенциясының қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі кезеңдегі қызметіне баға беруде негізге алынған басты өлшем олардың большевиктер идеологиясын қабылдауы немесе қабылдамауы болып келді. Ал оның ағартушылық пен буржуазиялық демократияға иек артуы, коғамдық даму мен өзгерістерге сондай тұрғыдан қарауы, сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамының жалпы даму деңгейінен, ішкі талап-тілегінен туындаған прогресті құбылыс екендігі есепке алынбады. Бұл әдістемелік тұжырымдаманы ұстанған тарихшылар үшін Қазақстан ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері бар қоғам емес, бар болғаны империяның артта қалған болар-болмас өзгешелігі бар шет аймағы ғана еді.

«Қазақ» газетінің бар мүмкіншілігін ағартушылық мақсатта кең пайдалана отырып, қазақ демократиялық интеллигенциясы сонымен бірге ұлт-азаттық қозғалыс идеологиясының негізін жасады. Анығырақ айтқанда, ол идеологиялық принциптер отаршыл әкімшіліктің өктем саясатына қарсы демократиялық интеллигенцияның күнделікті әрекеті нәтижесінде өмірге келіп,  біртіндеп өмір талқысынан өтіп, қоғамдық қозғалыстың бағыт-бағдарын айқындаушы негізге айналды. 1913-1918 жылдар аралығында «Қазақ» газеті іске асырған бұл қызмет негізінен мынадай екі бағытта жүрді. Біріншіден, бұл мезгілде ұлттық демократиялық интеллигенцияның алдында тұрған ең басты міндет отарлық езгіге қарсы ұлттық бостандық үшін күрестің бағыт-бағдарын және күрес әдістерін айқындау болды. Екіншіден, саяси бостандыққа жету феодалдық тәртіптер мен қатынастарға, күні өткен салт-дәстүрге, қоғамдық мерездерге қарсы бітіспес күреспен бір мезгілде жүруге тиіс еді.

Ғасыр басындағы қазақ қоғамдық ойы мен азаттық қозғалысының ең өзекті тақырыбына айналған — жер мәселесі еді. Әсіресе, «артық» деген сылтаумен құнарлы қазақ жерлерін переселендерге жаппай тартып алып беру, 15 десятина жер нормасы туралы дақпырт, пере­селен чиновниктері бастап берген қазақ қожалықтарын отырықшылыққа аудару сияқты аса қауіпті саясат қазақ зиялыларынан тез арада бұл озбырлыққа қарсы қоярлық бір тұжырымдарға келіп, оларды іске асыру үшін елді жұмылдыруға кірісуді талап етті.

«Қазақ» және «Айқап» басылымдары отырықшылыққа көшу мәселесін ұлттық ауқымда көтеріп, пікірталасқа айналдырды. Оған қатысқан авторлар екі баламалы пікірді жақтап, бөлініп кетті. Б.Қаратаев пен М.Сералин бастаған топ қоғамдық мешеуліктің негізгі себебін көшпелі өмір салтынан көріп, сондай-ақ, толассыз қоныс аударушылар легінің Қазақстанды отарлау екпінінен қаймығып, қазақтарға да келімсектер сияқты он бес десятинадан жер үлесін алып, отырықшылыққа көшуді уағыздады, бұл істе өздері де үлгі көрсетті. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов бастаған келесі топ көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтының қалыптасуын және оны өзгерту мүмкіншілігін қоршаған табиғи орта ерекшеліктерімен тығыз байланыста қарауды жақтап, жаппай отырықшылыққа көшуді ұсынушы переселен мекемелері мен чиновннктерінің отаршылдық пиғылды ұстанып отырғандығын, өйткені егіншілік мәдениетімен таныс емес қазақ бұқарасын 12 немесе 15 десятина үлеске отырғызу, оларды біржола жерден айыруға апаратын шара екендігін дәлелдеп, қалың көпшілікке жеткізуге тырысты.

«Қазақ» газеті бетінде Ә.Бөкейханов пен оның пікірлес серіктерінің бұл тақырыпқа байланысты жариялаған материалдарындағы негізгі тұжырым мынаған сайды: а) әрбір халықтың құрған шаруашылығы ғасырлар бойы өзін қоршаған табиғи ортаны игеру барысында қалыптасады, сондай-ақ ол халық озбыр әкімшіліктің немесе жеке адамдардың қалауы бойынша аз уақыт ішінде мүлдем жаңа сападағы шаруашылық түріне ауыса салмайды, ондай өзгеріс үлкен дайындықты және көп уақытты талап етеді; ә) әлемдік тәжірибе (Австралия, Швецария т.б.) көрсетіп бергендей, мал шаруашылығымен айналысудың түрлі варианттары бар, отырықшы өмір салтына көшіп те мал өсіруге, мал өнімдері арқылы қоғамдық байлық жасауға да болады, ол үшін, мәселен, малдың тұқымын жаңартуға көп көңіл аудару қажет; б) жердің құнарына, ерекшелігіне қарай шаруашылық құру, яғни «жердің түріне қарай мал бағарлық жерде бағатын, егінге жақсы жерде егін егетін қала болу». «Біз қазаққа қала болма демейміз, — деп жазды А.Байтұрсынов. — Жақсы жеріңе жиылып қалаңды сал, мешітіңді орнат, мектеп, медресеңді аш, рұқсатсыз неге қала болдың деп ешкім айтпайды дейміз. 15 десятинамен қала боламын десеңдер, күн көре алмайсыңдар дейміз».

.

Патша үкіметі ғасырлар бойы отаршыл саясат жүргізе отырып, қазақ қоғамы санасында мемлекеттік тұтастық, мемлекеттік тәуелсіздік, жалпы мемлекеттік туралы ойды, пиғылды біржола жоюға күш салды. Өз ретінде қазақ зиялылары да патша үкіметі орнатқан мемлекеттік басқару жүйесінің басынан аяғына дейін отарлық сипатын, әрине, жақсы түсінді. Әкімшіліктің мұндай мазмұны қазақтарды араластырмаған губерниялық, уездік мекемелердің қызметінен ғана емес, тіптен қазақтардың қолына берген болыстық басқарудан да айқын көрінді. «Қазақ» газеті ол жөнінде жариялаған көптеген материалдарының бірінде болыс «сайлау аяғы бітпейтін дауға ұласты. Болыс, көп сайлаған болмай, бөтен елден орыс жетелеп әкелген бұралқы болды. Мұның сөзін тыңдаған адам жоқ, мұның болыстығында не қасиет, бұл болыс болған елде не береке?!»1 деп жазды. XX ғасырдың басында переселен поселкелерінің жедел көбеюі барысында қазақтарды көп ойланып жатпай-ақ біржола орыс сот жүйесіне аудара салуды насихаттаушылар шыға бастайды. Мұндай бағытты қолдаушылар қазақ оқығандарының арасында да бар еді. Бұл өте қауіпті ұсыныс болатын. Ә.Бөкейханов, мәселен, осыған орай «Қазақтың би һәм билігін өзгертіп не керек, шірік жіп қанша жалғағанмен не іске жарайды? Бұл биді, билікті жоғалтып, қазақты орыс судьясына қарату керек деп орыс айтады; шариғатқа қарату керек деп біздің моллалар айтады. Біз мұның екеуіне де қол қоймаймыз» деп, оның себебін былайша түсіңдіреді: «…қазақ орыс сот жүйесіне аударылар болса, онда баяғы қаңғырған жаман биіне зар болар. Біз орыстың судьясына қарасақ бұл судья рәсіммен билік айтпас, закон жолымен айтар. Мұның бұл законы қайда? Қазаққа әкеліп мұжық қамытын кигізе салса, бұл бір түске кірмеген қиыншылық. Мұнан қазақ безуі керек. Не бұл судьяға қазақ рәсімін араластырып қазаққа ыңғайлы закон жасап берсе, онда орыс судьясын мойындау керек. Бірақ бұл орыс судьясына құл болсақ, судья біздің жұрттың тілін білмейді. Біздің өзімізден судья болатын қазақ жоқ есебінде. Переводчикпен биге түскен соң бұл дауда не қасиет қалады? Бірі бас десе, бірі құлақ деп қарап тұрмай ма? Судья даугер мен жауапкердің сөзін өз құлағымен естімесе, тәмәм мылқау ортасынан не жақсы билік шықпақ. Ә. Бөкейханов жалғыз сот жүйесіне ғана байланысты емес, жалпы мемлекеттік баскару жүйесіне қатысты осындай пікірде болды. Ол «елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын алып жүре алмайды. Олай болса көп ұлтты құрылған Ресейді бір орыстың билеймін дегенінде  мағына жоқ. Ресей өзге тілі, тұрмысы, қаны басқа жұртқа автономия беруі керек», — деп жазды.

Әрине, қазақ зиялыларының ұлттық мемлекетке байланысты көзқарасының ылғи да жетіліп, өзгеріп отырғандығы түсінікті. Дегенмен, болашақ ұлттық мемлекет, оның демократиялық сипаты туралы олардың пікірі осы кезде-ақ қалыптаса бастаған еді. Оқу-ағарту саласында немесе переселен және басқа мемлекеттік басқару жүйесінде қызметте жүрген ұлттық интеллигенция бүкіл отарлау процесін көз алдынан өткізді, ұлттық теңсіздіктің, қанаудың не екенін жақсы білді. Соның нәтижесінде ол отарлау жүйесінде қызмет етуші интеллигенциядан ұлттық өркендеу мен ұлт-азаттық қозғалысты бастаушы күшке айналды. Сондықтан да оның дүниетанымында ұлттық мүдде, бостандық идеясы басым түсіп жатты. Басқаша болуы мүмкін де емес сді. Сондай-ақ бұл жалғыз қазақ ұлттық интеллигенциясына ғана емес, жалпы барлық отар елдеріне ортақ қоғамдық құбылыс болатын. Дж.Неру осы тарихи кезеңде ұлтшылдық (национализм) «бүкіл Азия елдерінде үстемдік құрған прогресшіл күш болды»2 дейді.

Сол сияқты қазақ зиялыларының ұлтшылдығы, кеңестік тарихтану дәлелдеуге тырысқандай, қарабайыр ұлтшылдық емес болатын. Туған халқына деген шексіз махаббат, онын мүддесі үшін күресе білу оларға өз елінің кемшілігіне сын көзбен қарауға кедергі болған емес. Бұл тұрғыдан алғанда «Қазақ» газеті төңірегіне біріккен топ Абай мектебінің ізбасары, ұлы ойшыл негізін қалаған қоғамдық сынның одан ары жалғастырушысы болды деп айтуға толық негіз бар.

.

Ғылыми әдебиеттс «Қазақ» газеті төңірегіне топтасқан қазақ зиялылары қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті көре алмады деген пікір бар. Бұл шындыққа қайшы келетін пікір. Олар қазақ қоғамының бір-біріне қарсы тұрған екі таптан, яғни байлар мен кедейлерден тұратындығын жақсы түсінді. Сондай-ақ бірде-бір еңбектерінде байлардың мүддесін қорғап сөз айтқан емес. Керісінше, қазақ байларының, атқамінерлерінің әділетсіздігін, надандығын қатал сынға алумен болды, сол үшін де олардың қаһарына ілініп отырды. Мәселен, А.Байтұрсынов: «Біздің қазақ байларында Еуропа байларындай мол байлық жок, аз байлықпен халінше жомарттық қылатын байлар қазақта аз, жоқтың қасында. Бірінің малы көп болса да, саңылауы жоқ болады»2 деп жазды. Қазақ зиялыларының ғылыми еңбектерімен, жариялаған түрлі материалдарымен таныса отырып, олардың туған халқының күні өткең дәстүр салтын, ұлттық мінезіндегі мерездерін аяусыз сынға алып, әлемдік өркениет көшіне ілесу үшін ол кемшіліктермен ымырасыз күреске, келе жатқан жаңа заман талабына сай оқу мен білім, өнер мен мәдениет жолына түсуге шақырғанына көз жеткізу қиын емес. Олардың өздері де бұл жолда аз тер төккен жоқ.

Сонымен бірге Столыпин реакциясынан кейінгі кезең, «Айқап» және «Қазақ» басылымдары бетінде жүрген пікірсайыстар белсенді қазақ зиялылары ішінде қазақ қоғамының даму жолына байланысты ұстанған бағыты жағынан өзара принциптік айырмашылығы бар кем дегенде мынадай екі ағымның болғандығын байқатты. Олардың бірі (Б.Қаратаев, Ж.Сейдалин т.б.) столыпиңдік реакция тұсында отаршыл әкімшіліктің ұлт-азаттық қозғалысққа қарсы жазалаушылық әрекетін көзімен көрген соң, патшалық жүйемен ашық күреске шығудан жалтарып, негізгі мақсаттар үшін күресте табандылық таныта алмады. Сондықтан да олар ресейлік оппозициялық күштермен бірге отаршыл әкімшілікке қар­сы күресті емес, монархиялық билікпен ымыраға келіп, қазақ қоғамындағы өздерінің саяси жағдайын нығайта түсуді көздеді. Мәселен, Николай II-нің мұрагері туғанда Б.Қаратаевтың 17 дін адамдарымен құттықтай барып жер мәселесіне байланысты өз өтініштерін айтып, дербес муфтилік сұрауы, 1913 жылы Романовтар әулетіне 300 жыл толу құрметіне өз қонысын «Романовка» атауы сондай пиғылдың көрінісі еді. Бұл топ жер мәселесінде қазақ бұқарасына да переселен шаруалары сияқты жер нормасын (15 десятинадан) алып, жаппай отырықшы тұрмысқа көшуді жақтады. Бір қызығы сол, олар өздерінің «бейімделгіш» табиғатын бұдан кейінгі биліктер (Уақытша үкімет, кеңес өкіметі) тұсында да байқатты.

Бұларға қарсы тұрған екінші ағым (Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов т.б.) саясатта ресейлік басқа демократиялық күштермен біріге отырып, монархиялық билікпен ақырына шейін күресті. Олар отаршыл әкімшілікпен ымырасыз күрес тактикасын ұстана отырып, бұл айқындамасын жер, мәдениет және басқа қоғамдық мәселелерде де ұстануға тырысты. Сондай-ақ бұл ағымның түсінігі бойынша, прогресшіл күштер тек империялық өктемдікпен ғана емес, сонымең бірге ішкі феодалдық-патриархалдық күштермен, ортағасырлық қатынастармен де ымырасыз күрес жүргізулері тиіс еді. Жер мәселесінде олар 15 десятинадан жер алып, жаппай отырықшы тұрмысқа өтуді пәрменді отарлау жағдайында қа­зақ халқын экономикалық құлдырауға соқтыратын қауіпті шара есебінде бағалады. Отарлық тәуелділік пен ортағасырлық мешеулік құрсауындағы қазақ қоғамы жағдайында соңғы ағымның ұстанған айқындамасы қа­зақ қоғамының жалпыұлттық мүддесіне сай, сондықтан да оның прогресс жолымен дамуына қызмет ететін бағыт еді. Оны 1916-1917 жылғы тарихи оқиғалар көрсетіп берді. Басқаша айтқанда, «Қазақ» газеті төңірегіне топтасқан ұлттық интеллигенция өзінің жігерлі қоғамдық еңбегімен қазақ елінің ұлттық санасының оянуына қызмет жасаумен бірге, халықтың прогресшіл демократиялық күштерінің ұлт тағдырына қатысты негізгі қоғамдық зәру мәселелердің төңірегіне топтасуына да үлес қосты. Міне осы айтылғандар, біздің пікірімізше, екінші ағымдағы қазақ зиялыларын ұлттық демократиялық интеллигенция атауға негіз бола алады. Сондай-ақ столыпиндік реакция жылдары және одан кейінгі кезең бұл екі ағымға енген зиялылардың 1905 жылы қазақ конституциялық-демократиялық партиясын құру идеясының төңірегіне бірігуі уақытша, өткінші қажеттіліктен туған шара екендігін көрсетіп берді. Олардың арасындағы идеялық алшақтық жыл өткен сайын тереңдей түсті.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.