Қазақ халқының мәдени дәстүрі

Home » Рефераттар » Қазақ халқының мәдени дәстүрі
Рефераттар Комментариев нет

Қазақ халқының материалдық мәдени дәстүрі.

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің түп-тамыры өте тереңде жатыр. Қазақ мәдениетінің қалыптасып дамыған аймағы — осы ұлттың бүгінгі мекені, соның төңірегі. Оның дәлелі — археологиялық, палеоэтнографиялық деректер. Біздің жерімізде мекендеген Андронов тайпаларының қыш құмыраларындағы ою-өрнектер кейінгі қазақтың бау, басқұрларындағы нақыштарға ұқсайды. Андроновтықтардың тастан салған үйлері, шаруашылық құрылыстары, құдықтары кейінгі қазақтың осындай құрылыстарында көрініс тапқан. Одан бергі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпаларының да мәдениеттерінің қазақ дәстүрлі мәдениетінің қалыптасуына әсері аз болмаған. Ерте орта ғасырларда бүгінгі Қазақстан жерін және көрші аймақтарды мекендеген таза түркілік этностар және мемлекеттер тұсында бүгінгі қазақ халқы дәстүрлі мәдениетінің, тілінің негізі қалыптасты. Жалпы мәдениетті, әдетте, шартты түрде екіге бөлеміз. Ол — материалдық (заттай) және рухани мәдениет. Материалдың мәдениетке ұстап көруге болатын заттық дүниелерді жатқызсақ, рухани мәдениетке көзбен көріп ұстауға келмейтін рухани құндылықтарды жатқызамыз. Ұлттың материалдық мәдениетте оның дәстүрлі ерекшеліктері аның көрініс табады. Қазақтың дәстүрлі материалдық мәдениетінің ең бір көрнектісі де көнесі — киіз үй.

Киіз үй тарихы. Дәстүрлі қазақ көшпелі қоғамының материалдық мәдениет саласындағы үлкен бір жетістігі — киіз үй. Бүгінгі таңда киіз үйдің 2 мың жылдан астам тарихы бар екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Көшпелі сақтар бұдан 2,5—3 мың жыл бұрын өмір сүргендігі белгілі. Көшпелі сақтарда үлкен арбаның үстіне тіккен (орнатқан) киіз жамылғылы баспанасы және жиналмалы шошақ үйлері болған. Б.з.д. 1 мыңжылдықтың соңында Қазақстан жерін жайлаған ғүндар мен үйсіндерде уықты, шаңырақты, киізбен жабылған үйдің болғандығы дәлелденіп отыр. Одан екі-үш ғасыр ертерек кезеңге жататын Алтайдың Пазырық қорғандарынан табылған киіздердің қазаң киіздеріне ұқсастығы таңғалдырады. Жиналмалы керегесі бар, уық, шаңырағы бүгінгі қазақтың киіз үйіне ұқсас жылжымалы баспана түркі заманында толық қалыптасқан болуы керек. Орхон-Енисей көне сына жазбаларында киіз үй ұғымын білдіретін «керагу» деген сөз кездеседі. Көне түркілердегі киіз үйдің «керегу» атауы кейінгі қазақтарда да сақталған. Қазақ кейде киіз үй атауының баламасы ретінде «кереге» деген сөзді де қолданады. Бұл әдет көбіне шығыс өңірі қазақтарында жиі кездеседі. Моңғолдар 2103002керегесі бар киіз үйді түркілерден, шамамен XIII ғасырда қабылдаған. XV—XVI ғасырларда Еуразия даласында киіз үйдің екі түрі — туркілік және моңғолдық түрлері қалыптасады. Киіз үйдің түркілік түрі уығының иіні қайқылау болуына байланысты жатағандау болып келеді, ал моңғол киіз үйінің уығы тіктеу, төбесі конусқа ұқсас шошақтау болады. Қазақтың күнделікті өмірде пайдаланған үйлері дәулетіне қарай төрт қанаттан сегіз қанатқа дейін болған. Әйгілі ғалым Әлкей Марғүланның айтуына қарағанда, салтанатты орда үйлері 12, 18, тіпті 30 қанатқа дейін болған. XVIII—XIX ғасырларда қазақтың сұлтандары, атақты билері екі үйді қатар тігіп, арасынан керегеден дәліз жасап екі бөлме етіп те пайдаланған. Кереге желкөз және торкөз болып екі түрге бөлінеді. Отырықшы баспаналары. XV—XVIII ғасырларда отырықшы қоныс-үйлердің 4 түрі болды. Олар қыстау, қыстақ-қоныс, тастан, топырақтан салынған бекінісі бар уақытша қорған және қала (кент). XVIII—XIX ғасырларда Қазақстанның көпшілік аймақтарында қыста қыстайтын қыстаулар болған. Әсіресе оңтүстік аймақтарда мал шаруашылығы егіншілікпен ұштасып, оларда жартылай көшпелілік, жартылай отырықшылық салты қалыптасқан. Қазақстанның көпшілік өңірлерінде, өте ертеден келе жатқан там үйдің бір түрі — жартылай жеркепе қолданыста болған. Оларды салғанда жерді 1 — 1,5 м етіп тереңдетіп қазып, қабырғасын 50—60 см етіп шымнан, қам кірпіштен, тастан көтерген. Мұндай үйлерді қазба үй, жертөле немесе жер үй деп те атаған. XIX ғасырдағы там үйлер, негізінен, шымнан, тастан, қамыстан, тоқылған шарбақтан салынды. Шығыс, Орталық Қазақстан, Маңғыстау мен Жетісуда там үй мен мал қораларын көбіне тастан қалаған. Ал Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Семей, Жетісу секілді орманды аудандарда үйді қарағайдан да тұрғызған. Бұл ағаш үйлердің көпшілігі қималанып салынатын болған. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында үйді қам кірпіштен, сабан кірпіштен көп көтерген. Осы аймақта дымқыл топырақты ұзын қалыпқа салып түю арқылы да үйлер тұрғызатын. Оны соқпа, ұрма әдісі дейді. Қам кірпіш пен күйдірілген кірпіштен құрылыс салу Оңтүстік Қазақстан өңірінде біздің заманымыздың бірінші ғасырларынан бастап XVIII ғасырға дейін жалғасқан. XIX ғасырдағы қазақ қыстауларының көпшілігінде үйлер мен шаруашылық қоралары жапсарласа салынып, біртүтас кешенді құраған. Үй жылытатын пештің үш түрі болды: тік мұржалы қазандық, бірнеше қүдықты қабырғасы бар қазандық және темір пеш. Үйлердің төбесі тегіс төбелі және екі жаққа көлбеу төбе болды. Бұл төбелер қазіргі екі сайлы шатырлар сияқты тік емес, жай ғана көлбеу болып келетін. Қазақ қыстаулары, әдетте, қыста желдің өтінен сақтайтын ықтасын жерлерде, өзен-бұлақтардың жағасында орналасты. Бір қызығы, кейінгі қазақ қыстаулары осыдан 3—4 мың жыл бұрын қола дәуірі заманындағы қоныстар орнында орналасқан. Қазақтың дәстүрлі киімдері мен әсемдік заттары. Күнделікті тұрмыста киетін киімдермен қатар той-томалаққа, жиынға киетін киімдер болады. Сал-серілер, ел жақсылары, бой түзеген бойжеткендер, бозбалалар әдемі киініп жүретін болған. Жалпы, киімдер адам үшін тұрмыстың және әлеуметтік қызмет атқарған. Киген киіміне қарап адамның дәулетін, қоғамдағы орнын ажырататындықтан да «жат жерде тон сыйлы» деген ұғым қалыптасқан. Киім ерлер киімі, әйелдер киімі деп бөлінген. Жас ерекшелігіне қарай кішкене балалардың, бозбала-бой-жеткендердің, орта жастағы адамдардың, қариялардың киімі болып тағы да бөлінеді. Киімдер, сонымен қатар баскиім, дене киімдері және аяқ киім болып бөлінеді. Ерлердің киімі — ішік, тон, шапан, шалбар (сым) және өте көне заманнан XIX ғасыр мен XX ғасырдың басына дейін келіп жеткен түрі — кебенек, күпі, жарғақ (тайжақы). Ішік —- иленген теріден жүні ішіне қаратып тігілген қыстық киім. Ішік бағалы аң терілерінен тігілетіндіктен балғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік деп бөлінеді. Ішіктер кейде етек-жеңіне алтын, күміс зер ұсталған, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырмалы болып келеді. Ішікті жол жүргенде, той-жиынға көбірек пайдаланады. Тон — иленген теріден, көбінесе қой терісінен тігілетін киімнің бір түрі. Тон жіліншікке, одан төмен толарсаққа дейін түсетіндей етіп жасалады. Шапан — ішіне жүн, мақта тартып, қалың матадан тігілетін киім. Шапан қыстық, жаздық болып бөлінеді. Жұқалау етіп тігілген жаздық шапанды жадағай шапан дейді. Шапандар қайырма жағалы, кейде тік жағалы болады. Көпшілік жерлерде өңірі үшкілденіп ашық қалдырылатын шапандар тараған. Жиын-тойға киетін шапандар түрлі түсті жібек жіппен кестеленіп, зер салынған. Шапанда түйме болмайды, мата белбеумен, не сырылып жасалған белбеумен қусырылады. Күпі — қойдың, түйенің өлі жүнінен жасалады. XIX ғасырда күпіні қолдан тоқылған шидем матамен тыстаған. Шапаннан айырмашылығы — оның жағасы түйық болады. Жарғақ (тайжақы) — тайдың, құлынның терісінен жүнін сыртына қаратып тіккен ұзын қамзол сияқты жеңсіз киім. Кей жерлерде тайжақыға жең салады. Тайжақы, кейде құлын жарғақ деп аталатын киімді, әдетте, жылқышылар, ат үстінде көбірек жүретін адамдар киетін болған. Кебенек — киізден істелген шапан сияқты жалбағай киім. Кебенек үзындығы аяқтың басына дейін түсетіндей кең етіп пішіледі. Жағасы тұйық болады. Оны малшылар жауынды-шашынды күндері киеді. Ерте замандарда жауынгерлер алыс жорықтарға да сыртынан кебенек киетін болған. Шекпен түйе жүнінен жасалған матадан тігілетін сырт-киім, ол астарсыз болады. Қазақтың сырткиімінің көпшілігінде түйме, ілгек болмаған, көбінесе қайыстан, матадан жасалған белдікпен қаусырылған. Қайыс, былғары белдікті кісе деп атаған. Кісе оқ-дәрі салатын оқшақтай, пышақтың қыны, насыбай шаңша салатын дорбасы бар, күміс, темір шытыралармен әшекейленіп жасалады.

Қазақ халқының ұлттық тағамдары, ыдыс-аяқтары 

скачанные файлыҚазақ халқының қай тағамы да оның шаруашылығымен, күнкөріс тіршілігімен тығыз байланысты. Негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан оның дәстүрлі тағамдары еттен, сүттен жасалады. Қазақ қысқа қарай соғым сояды. Соғымға ауқатты адамдар бірнеше жылқы, он шақты қой, бір-екі сиыр, кейде бір түйе соятын да, етін түздап тошалаға іліп сақтайтын. Жылқы етінен ішекке салып қазы, шұжық жасайды. Жылқының жалы мен картасы да сыйлы тағам саналады. Сиыр етін мүшелеп бүзып тоңазытып іліп қояды да, қой етін көбіне сүрлейтін. Еттің әр мүшесінің қонаққа тартылуында өзіндік рәсім бар. Мысалы, ең сыйлы қонаққа бас және жамбас тартады. Мәні жағынан одан кейін мына мүшелер жүреді: асыңты жілік, ортан жілік, жауырын, кәрі жілік және тоқпан жілік. Сүт тағамдары да өте бай. Олар әсіресе көктем, жаз кезінде көп пайдаланылады. Сүт тағамдарына ңүрт, ірімшік, сарымай, ңымыз, ңатың, шүбат, айран, іркіт жатады. Қазақтың дәстүрлі тағамдарының ішінде дәннен жасалған тағамдар да бар. Қазақтар бидай, қарабидай, тарыны тамаққа көбірек пайдаланған. Қазанға қарма, қатырма нан пісірген. Кей өңірлерде оларды төңкерме, қазан жаппа деп те атайды. Бидайды қуырып та жеген. Қазақ тарыдан тарыкөже, быламық, майсөк те жасаған. Тарыны, бидайды келіге түйіп талқан алған. Тары, талқан, май, қант, балды қосып — қоспа немесе тәтті жент даярлаған. Қазақтың ыдыс-аяғы, негізінен, теріден, ағаштан және сүйектен жасалатын. Теріден жасалатын ыдыстарға мал сауатын көнек, қымыз, шүбат жинайтын саба жатады. Көнек шәугімдей ғана және көбіне шүмекті болады, ал саба — жылңының терісінен тігілген, мөлшермен 70—150 л сүйықтық сиятын түбі кең, мойны ұзын ыдыс. Қымыз, басқа да сусын алып жүруге арналған ыдыс торсық, жанторсық деп аталады. Оңтүстік өңірлерде сүт, сүйық заттарды сақтау үшін асқабақтан кептіріліп жасалған қауаң дейтін ыдысты да пайдаланған. Кей өңірлерде мал сауғанға ағаш кеспек те қолданылады. Қымыз, шұбат, көбінесе ағаш тегенелер мен ағаш ожауларға құйылады. Ожаулар кейде екі басты болып, тегенелердің жиегіне күміс жиек жүргізетін болған. Қазақ малдың қарнын да ыдыс ретінде тұтынып, оған сарымай сақтаған. Қазақ май пісетін күбіні ағаштан жасаған. Ет тарту үшін табақ, тегене, шара, кейде үзынша ет астаулар да болған. Қонақ күткенде тойларда пайдалана-тын бүл ыдыстардың жиегі, бүйірі күміспен көмкерілетін. Дәнді дақылдарды тұю үшін ағаш келі, келсап пайдаланған. Металл заттардан, негізінен, қазан, мосы, ошақ жасалады. XIX ғасырда қазақ тұрмысына мыс, темір шәугім, шыны пиала, шәйнек, самауыр ене бастады.

Қазақ халқының әскери өнері

4a63f55584fb8fd9db0440bded38c133Қазақ әскери өнері түгелдей көне түркілердің әскери өнеріне негізделген. Көне қазақ тайпалары әскери соғыста оң қанат, сол қанат, орта (қол) болып шеп құрған. Көшпелілердің әскери құрылымы мынадай: кезілуші — бұл алдыңғы шеп, әскердің алдында жүреді; тосқауылшы — орта буындағы шеп, бұл шеп ханды ортаға алып жүреді; әскердің енді бір бөлігі салықшы деп аталып, әскердің азық-түлік, шаруашылық бөлігін құрайды. Қазіргі тілмен айтқанда тыл әскері. Әскердің сан жағынан ең кіші бөлігі ондық аталады да, ондықтардың тағы да оны қосылып жүздік, он жүздіктен мыңдық, олардың оны түмең (он мың әскер) құрайды. Хандардың, әскербасыларының жеке байрақтары болған. Соғыста байрақты алып жүретін адамдарды байрақшы дейтін. Байрақшы, әдетте, қолбасшының маңайында жүретін. Қолбасшы не хан, бұл байрақтармен әскерге түрлі белгілер беріп басқарған. Белгілі қазақ батырларының байрақтары кейінгі ұрпақтарына дейін жеткен. Байрақ, көне қазақ әскери түсінігі бойынша, хандықтың, әскери лауазым, дәрежелік белгісі. Көне замандағы байрақтардан бізге сарматтардың айдаһар басты байрағы белгілі. Негізінде, байрақ аттың құйрық қылынан, мата баудан (лентадан) жасалады. Көне түркілерде, кейін қазақтарда ту да болған. Ту — жауынгерлік рухты, күшті білдіретін рәміз. Ту үлкен матадан түсті желек түрінде жасалып, найза сабының бас жағына тағылатын. Дегенмен кейінгі қазақтарда байрақ пен ту ұштасып, бір үғым болып кеткен. Үмбетей жыраудың «Бөрілі байрақ ұраным» деуі қазақта бөрілі байрақтың ту етіп көтерілгендігін көрсетеді. Қару түріне қарай әскер садақшылар, найзагерлер, ай-балташылар, қылышкерлер болып бөлінген. Ал шоқпар, күрзімен айқасатындарды балуандар деп атаған. Осындай топтың болғанын Абылай хан әскерінің тарихынан көреміз. Мұндай бөлініс Кенесары әскерінде де болған. Көшпелілердің әскер бөліктерін құру әдістері осымен шектелмейді. Сонымен қатар ханның ордасын, жекебасын қорғауға арналған жақсы қаруланған, соғыс ісін жетік меңгерген, құрамында атақты батырлары бар ханның жеке гвардиялық әскер бөліктері де болды. Айқас кезінде әскерді басқарып, оған дыбыстық белгілер беру үшін әскер құрамында керней, сырнай, дабыл, дауылпаз ойнайтын музыканттар тобы да болған. Қару-жарақтары. Қазақта «ер қаруы — бес қару» деген сөз бар. Ол бес қаруға ату қарулары (садақ, жақ, жай); түйрегіш қарулар (найза, сүңгі, жыда); кесу қаруы (қылыш, семсер, сапы); шабу қаруы — айбалта; соғу қаруы (шоқпар, күрзі) жатады. Қосымша қару-жарақтарға қанжар, кездік, арқан жатады. Қанжар (кездік) ертедегі сақ, түрік тайпаларында кездеседі. Олар көбіне семсер, сапылардың кішірейтілген түрлері. Айқас кезінде жау әскеріне арқан тастап, аттан құлатып сүйретіп те әкететін әдіс болған. Қару атадан балаға мұра болып беріледі. Ержетіп алғаш рет ел қорғауға шыққан жас батыр әкесінің не атасының қаруын алып беліне таққан. Қорғаныс құралдарына сауыт, дулыға, қалқан жатады. Сауыттың көбе сауыт, кіреуке сауыт, берен сауыт, қаттама сауыт, жалаңқат сауыт, торғауыт сауыт деген түрлері бар. Көбе сауыт тырнақтың көбесі сияқты металл тіліктерден бір-бірін бастыра бекіткен сауытты айтады. Кіреуке сауытқа темір торлы сауыт жатады. Ол темір шығыршықтардан тоқу, өру арқылы жасалады. Берен сауыт — болат темірден жасалатын өте мықты сауыт. Қаттама сауыт — матадан бірнеше қабатталып, сырылып тігілетін сауыт. Бұл — әрі жылы киім. Торғауыт сауыт — бірнеше қабат қалың теріден тігілетін сауыт. Ол бірнеше бөліктен тұрады. Бір бөлігі саннан мойынға дейін жапса, екінші бөлігі арқаны, үшінші, төртінші бөліктері екі қолдың үстіңгі жағын жабады. Әр бөлік денеге қайыс баулармен бекітіледі. Мысалы, жырда айтылатын «тоғыз қабат торғауыт» деген сөз бірнеше қабат теріден жасалған сауыт дегенді білдіреді. Сауыттармен қатар кеудеге, арқаға, иыққа дөңгелек болат тақталар байланатын. Осындай қорғаныс құралын шарайна деп атаған. Дулыга — басты қорғайтын баскиім. Олардың бөрік пішіндісі, қалпақ пішіндісі, телпек (тақия) тәріздес және күләпара пішіндес түрі болады. Қалқан да ертеден келе жатқан құрал. Ол сақтардан бері белгілі. Ат үстінде соғысуға арналған көшпелілер қалқаны кішкене, жеңіл болып келеді. Бұлардан басқа адамның ашық қол-аяғын қорғайтын сауыт, атты қорғайтын атсауыты да аса жиі болмаса да, ерте қазақтарда кездесіп тұрған. Сонымен қатар сонау сақтардан бастау алып, кейінгі қазақтарға дейін жеткен ат томағасы да бар. Бұл – ат басының маңдай алдын, екі шекесін, төбесін жауып тұратын қалқан.