Қазақ хандарының саясаты

Главная » Рефераттар » Қазақ хандарының саясаты

Қасым ханның билігі. XVI ғасырдың басындағы Қазақ хандығының өрлеуін тарихшылар Қасым хан есімімен байланыстырады. «Қасым хан Дешті Қыпшақты түгелдей өз билігіне алғаны соншалық, Жошы ханнан соң ешкім де ол сияқты (мұнда) жоғары билікке қол жеткізе алған жоқ», — деп көрсетеді Мұхаммед Хайдар Дулати.

Халық «Кіші Жәнібек» атаған ханның (Қадырғали би Қосымұлы — авт.) үлы Қасым хан (1511—1518/1523 жж.) елді басқаруда қазақ жұрты арасында орныққан іргелі ата салт-дәстүрді, жол-жобаны берік ұстанды. Оның тұсында ішкі қоғамдың қатынастарды қатаң белгілі бір жүйеге түсірген «Қасым ханның қасқа жолы» атты қалың бұ-қара мойындаған заңдар жинағы өмірге келді. Ханның мемлекеттікті нығайтуға бағытталған бұл шаралары түрлі әлеуметтік топтардың қолдауын тапты, халықтың күнделікті тіршілігіне тұрақтылық берді. Өз ретінде ішкі тұрақтылық мал басының өсуіне, қолөнер және егіншілік аудандары мен көшпелі мал шаруашылығындағы елдің ара-сында табиғи өнім алмасуы мен саудаға жол ашты. Қазақ хандығының нығаюына алып келген Қасым ханның бұл шаралары көрші елдер арасында да кеңінен мәлім болды. Моғол хандары Қазақ хандығымен тату болуға ұмтылды. Жоңғарлар Қасым хан тұсында қазақ жеріне жорыққа аттануға жүрексінді. Батыстағы Ноғай Ордасының біраз бөлігі ел ішіндегі берекесіздіктен қашып, Қазақ хандығына келіп паналады.

XVI ғасырдың екінші онжылдығында Қасым хан өз билігін кең-байтаң ңазақ даласының басым бөлігіне орнатты. Бүл кезде хандықтың шекарасы оңтүстікте Сырдарияның оң жағасына жетіп, Түркістан аймағындағы қалалардың біразын қамтыды. Оңтүстік-шығыста Же-тісудың тау етектері мен жазықтары, солтүстік және солтүстік-шығыста Ұлытау және Балқаш қөлі арқылы өтіп, Қарқаралы тауларының сілемдеріне жетіп, солтүстік.-батыста Жайық өзенінің аңғарына дейін созылды. Міне, осы аумақ көлемінде тұтас бір халыққа ұю және мемле-кетке бірігу қарқынды жүрді, мемлекет халқы 1 млн-нан асып, атты әскері 300 мыңға дейін жетті.

.

Қасым хан тұсында Қазақ хандығы дербес мемлекет ретінде халықаралық қатынасқа араласа бастайды. Оны-мен алғашқылардың бірі болып дипломатиялық қатынас жасаған — Мәскеу мемлекеті. Қарқынды даму жолына түскен Қазақ елі туралы мәлімет Батыс Еуропаға да жетті, Мәскеуде бірнеше мәрте болған (1517 және 1526 жж.) австриялық дипломат Сигизмунд Герберштейн өз жазба-ларында қазақтар жөнінде мәлімет берді.

Сондай-аң жаңа парсы тіліндегі дереккөздердің ашылуы-на байланысты Қасым ханның өмір тарихына қатысты жаңа деректемелер шығып жатыр. Мысалы, Сефевидтердің жазба деректемелерінің барлығында дерлік Қазақ хандығы, қазақтар туралы айты-лады. Мысалы, «Алам ара-йи сефави», «Тарих-и Сафевие» (қолжазба) қатарлы бірнеше еңбектерден Қасым ханның өмір тарихына қатысты жаңа деректемелер зерттелуде. Сол «Тарих-и Сафавие» қолжазбасының бірнеше жерінде Қасым ханның аты аталады екен. Шығарма авторы Қасым ханды Дешті Қыпшақтың «ханы», кейде «патшасы» деп бірнеше жерде жазған көрінеді. Мұнда Иран шахы I Исмаилдың Дешті Қыпшақтың ханы Қасым ханға жазған хаты баяндалады. Ол хатта Шахи бектің (ол Бұқара ханы Абдолланың немере інісі) атына арнайы теңге соқтырғанын хабарлап, оған қарсы әрекет қолданбаса, мәселенің бетін алу қиынға соғатынын ескерткен. Қасым хан Иран шахына жазған жауап хатында Шахи бектің атын өшіріп, орнына өзінің атын жаздыртып теңге соқтыруға бұйрық бергені туралы жазылған.

Қасым ханның қызметі мен өлімі жөнінде Қадырғали би: «Жәнібек ханның ұлдарының арасында аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ол Жаған бикеден туған еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысында патшалық етті. Төңірегіндегі уалаяттарды өзіне қаратты… Ақыры, Сарайшықта өлім тапты. Бүгін оның қабірі Сарайшықта. Оның ұлы Хақназар хан Ханың сұлтан ханымнан туған, ал ханның бауыры Қамбар сұлтан барлық жағдайда Қасым ханның жанында болды. Әскерінің қолбасшысы. Оның ұрпағына патшалық тимеді», — деп жазды.

Қазақ хандығы XVI ғасырдың 20—40-жылдарындағы аласапыран тұсында. Қасым хан өлген соң, таққа оның ұлы Мамаш отырды. Бұл ханның билігі кезіндегі оқиғалар жөнінде мәлімет жоқ. Мамаш хан бір шайқас кезінде өзінің ауыр сауытына тұншығып қайтыс болады. Хандықта аласапыран кезең басталады. Сұлтандар арасындағы билік үшін болған талас-тартыстан соң таққа Қасым ханның немере інісі Тахир отырады. Бұл, шамамен 1524 жылдың төңірегі. Тахир хан мемлекет басқару ісінде жоғары қабілет таныта алмады. Ең негізгісі — хан мен ел билеушілер арасында өзара түсінісу болмады. Қадырғали би ол жөнінде: «Тахир хан біраз күн хандық құрды, бірақ патшалық сы-рын білмеді», — дейді.

Сыртқы саясатта Қасым хан тұсындағы ноғайлармен арадағы жылы қатынас әскери қақтығысқа ұласты, ал Ташкенттің билеушісі Келді-Мұхаммедпен түсінісе алмаған Тахир хан Түркістан маңында өзбектермен болған қанды шайқаста жеңіліс табады. Осы уақытқа дейін Моғолстан хандарымен арадағы жарасымды қатынастың да шырқы бұзылады. Бірақ басы ашық бір нәрсе — сол Тахир хан көрші қырғыз елімен одаққа келіп, Жетісу мен Ыстықкөл аймағын моғол және қалмақ шапқыншылығынан қорғап қалуға көп күш жұмсады.

Халқынан айырылған Тахир ханның өмірінің соңы жоқшылықта қырғыз жерінде өтеді. Шамамен 1532 жылы қаза болған ханның соңында азып-тозған хандық қалады.

XVI ғасырдың 30—50-жылдары қазақ және қырғыз одағының Жетісу мен Ыстықкөл аймағы үшін жүргізген күресін Тахир ханнан соң оның інісі Бұйдаш хан жал-ғастырады. Бұл кезде бірнеше хандыққа бөлініп кеткен қазақ жерінде Бұйдаш ханнан басқа Тоғым және Ахмет сұлтандар хандық құрды. Тоғым хан мен Бұйдаш ханның қызметі, негізінен, Жетісу мен Сырдария өңірін моғол және өзбек хандарының шапқыншылығынан сақ-тап қалуға жұмсалды.

Өкінішке орай, бұл кезеңдегі қырғыз бен қазақ қолдарының басқыншыларға қарсы ерлік күресі өте ауыр шығынмен аяқталады. Мәселен, шамамен 1537 жылы біріккен моғол-өзбек қолдарымен болған қанды ұрыста Тоғым хан тоғыз ұлымен, бауыры Мәлік сұлтанның ұлы Башибек сұлтан, тағы басқа қазақ-қырғыз қолдарын бастап келген 37 сұлтан опат болады.

Ал Ыстықкөл маңында Ташкент билеушісі Дервіш хан бастаған өзбек қолдарымен болған ұрыста 1550—1560 жылдары Бұйдаш хан қаза табады. Әдіктен тарайтын жиырма төрт сұлтан және көп қазақ-қырғыз жауынгерлері қырғынға ұшырайды. Бірақ қалай болғанда да Моғолстан мен Мауереннахр билеушілері Абдар-Рашид хан мен Ұбайдолла ханның Жетісу мен Ыстықкөлге орнығу әрекеті ойлағандай нәтиже берген жоқ. XVI ғасырдың 20-жылдары қалыптасқан Қазақ-қырғыз одағы бұл шұрайлы аймақты қорғай алатын күш бар екендігін таныта білді.

XVI ғасырдың 30-жылдары Орталық Қазақстан үшін Ахмет ханның жүргізген күресі сәтсіз аяқталды. Ахмет хан маңғыт Орақ батырдың қолынан қаза тауып, бұл өңірдің біраз бөлігі ноғайлардың билігіне өтеді.

Хақназар хан билігі. XVI ғасырдың екінші жартысында қазақ мемлекеттігі қайтадан нығаю жолына түсе бастады, Қасым ханның Ханық сұлтан-ханымнан туған ұлы Хақназарды хандық дәрежеге көтеру рәсімі болды. Хан сайлау салты бойынша, оны ақ киізге отырғызып, молда

хутба оқыған соң, киізді төрт би төрт бұрышынан көтеріп, жиналған жұрттың алдынан өтіп, жаңа ханды таныстырады. Ішкі және сыртқы саясатта әкесі Қасым ханның жолын жалғастыра отырып, Хақназар хан қазақ руларының ескі қонысын сақтау мен көрші елдер арасындағы Қазақ хандығының ықпалын арттыра түсуге күш салды.

Башқұрт елі арасында тараған мәліметтерге сүйене отырып, П. И. Рычков: «Бұл Хақназар хандық мәртебеге көтерілген соң күшейгені соншалық, тек ноғайларды ғана емес, Башқұрт елін, Қазан, Сібір және Астрахан патшалықтарын, Бұхараны, Хиуаны, Ташкенді және басқа көптеген қалаларды өз билігіне қаратты және олардан алым-салық жинатты», — деп көрсетеді. Шын мәнінде, Хақназар ханның мемлекеті мұншалықты дәрежеге жетпегенімен, оның кеңейіп, нығая түскендігі даусыз.

Моғолстанның Орталық Азия кеңістігінде елеулі саяси-әскери күш ретінде соңғы көрінуі осы Хақназар ханның билігіне тұспа-тұс келеді. Қазақ рулары бұл кезде жайылым іздеп, Жетісудан тыс Моғолстанның ішіне де жетеді. Бұған наразы болған Абдар-Рашид хан біріккен қазақ-қырғыз қолдарымен әлденеше рет қанды шайқастар өткізіп, оларды Моғолстаннан ығыстырады.

XVI ғасырдың 50-жылдары Ноғай Ордасы үшін өте ауыр кезең болды. Ішкі алауыздықтан әлсіреген ноғай елінің Жайық пен Елек өзендерінің бойындағы біраз ұлыстары Қазақ хандығының құрамына енеді. Хақназар ханның ықпалы Сібір билеушісі Көшім ханға да жайсыз тиді.

1552 жылғы Қазан, 1556 жылы Астрахан хандықта-рының жерін өзіне қаратқан Ресей — енді Қазақ хандығына көзін сала бастайды. Өйткені Қазақ хандығы арқылы ол Орталық Азия және Сібірмен қатынас жасай алатын еді. Орталық Азияға сауда жолы Тобылдан Ертіс арқылы

Есілдің жоғарғы сағасына, одан әрі Ұлытаудың етегімен Сарысудан Түркістанға, содан соң Сырдан өтіп Бұхараға шығатын еді. 1573 жылы орыс патшасы IV Иванның Қазақ хандығына жіберген елшілігі жолда тұтқынға түседі. 1574 жылы Иван Грозный Оралдағы ағайынды Строгановтарға қазақтармен салықсыз сауда жасау құқығын береді. Осы кезеңде қазақ жеріне бас тіреген орыс елшілерінің бәріне де Қазақ хандығының ішкі жағдайын, оның көрші елдермен қарым-қатынасының жай-жапса-рын анықтау тапсырылады.

XVI ғасырдың екінші жартысында да шайбанилықтар мен қазақ хандары арасындағы қатынастағы ең өзекті мәселе — Сырдың орта ағысындағы қалаларға билік ету еді. Бұхара, Герат және Қорасанның билеушісі Абдаллах хан өзінің жауларымен, әсіресе Ташкенттегі билікті басып алған Баба сұлтанмен күресте қазақ хандары Хақназар, Шығай және Тәуекелдердің қолдауына сүйенуге тырысты. Абдаллах хан мен Баба сұлтан арасындағы алауыздықты ұтымды пайдалана отырып, Хақназар хан Түркістанның төңірегін және Сауранды өз билігіне қаратуға күш салды. Бірақ осы билік үшін өзара қырқыс барысында Хақназар хан екі ұлы және басқа сұлтандарымен Баба сұлтан әскерінің қолынан қаза табады. Шамамен 1580 жылы өмірден кеткен Хақназар ханның билігінің соңына қарай Қазақ хандығы батыста Жайық, солтүстікте Есіл мен Нұра, шығыста Шыңғыстай, Балқаш және Шу өзені, оңтүстікте Түркістан аралығын қамтыды. Хақназар хан тұсында ноғай, башқұрттардың біраз бөлігі Қазақ хандығына қарады, Қырғыз-қазақ одағы бұрынғы жылылық қалпын сақтады.

Тәуекел сұлтан. Өмірден кеткен Хақназар ханның орнына таққа Қасым ханның інісі Жәдік ханның баласы жас кезінде шайқастарда ерлігімен көзге түскен, сексен жастағы Шығай сұлтан отырғанда, елді басқару тізгіні оның ақылды да ержүрек ұлы Тәуекел сұлтанның қолына көшеді. Ортаазиялық деректер Шығай хан ұлымен Бұхара билеушісі Абдаллах ханның жағында Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы бірнеше жорықтарға қатысып, ең соңында Тәуекел сұлтан Баба сұлтанның басын алып тынғанын айтады. Қазақ сұлтанының қызметіне риза болған Абдаллах хан сұлтанға өз әкесі Ескендір ханның сүйікті иелігі Самарқанға таяу маңдағы бір уалаятын сыйға береді.

1582 жылы Ходжентке жақын Күмішкент атты елді мекенде Шығай хан қаза табады. Келесі 1583 жылы Әндіжан мен Ферғанаға жорықтан қайтар жолда Абдал-лах ханнан сезіктенген Тәуекел хан атының басын Дешті Қыпшаққа бұрады. Оның мынадай екі себебі бар-тын. Өзінің қарсыластарын түгелдей дерлік жойып тынған Аб-даллах ханға ендігі уақытта, әрине, Тәуекел хан сияқты одақтастық керегі жоқ-ты. Оның үстіне, Жошы тұқымы Тәуекелдің де Мауереннахр тағынан үміттенуі ықтимал еді. Бұл кезде Тәуекел ханның Бұхара билеушісінің Түркістан мен оның төңірегіндегі қалаларды беру туралы уәдесін орындаудан бас тартқанына әбден көзі жеткен болатын.

Осы кезде Тәуекел сұлтан қазақ елінің бір бөлігін ғана билейді. Елдің біраз бөлігі Хақназар ханның ұлдары Мұңғатай және Дінмұхаммед сұлтандардың ықпалында болатын. Бірақ бұл жағдай ұзаққа созылған жоқ. 90-жылдардың ортасына қарай Тәуекел сұлтан бүкіл қазақ жұртының ханы ретінде таныла бастайды. 1594 жылы Тәуекел хан орыс тұтқынындағы немере інісі Оразмұхаммед сұлтанды отбасымен босатып алу үшін орыс патшасы Федорға Құл-Мұхаммед атты елшісін аттандырады. Оразмұхаммед сұлтан тұтқынға 1580 жылы орыстардың Көшім ханмен жүргізген соғысы кезінде түскен еді. Яғни, бұл уақытқа дейін Тәуекелдің бүкіл хандық атынан орыс патшасына елшілік жіберуге мүмкіндігі болмаған еді.

Қазақ елшілігінің алдына екі міндет қойылды. Олар: Оразмұхаммед сұлтанды отбасымен тұтқыннан қайтару және орыс патшасынан Абдаллах ханға қарсы күресте көмек сұрау. Өзінің батыс шекарасындағы көршілерімен қызу саяси күрес жағдайында тұрған Ресейдің бұл кезде Орталық Азия мәселелерімен белсенді түрде айналысуға мүмкіндігі жоқ еді. Соған қарамастан, осы кезеңнің өзінде-ақ Ресей үкіметі Қазақ хандығы және Орталық Азиядағы саяси жағдаймен тұрақты айналысып, үлкен мүдделілік таныта бастайды.

Орыс патшалығына барған бұл алғашқы елшілік Тәуекел хан күткендей нәтиже берген жоқ. Біріншіден,

орыс патшасы Сібір хандығы сияқты Қазақ хандығын да өз құзырына алмақ ойы бар емеурінін жасырмай ашық айт-ты. Екіншіден, орыс патшасы егер Тәуекел хан ұлы Үсейін ханзаданы Мәскеуге аманатқа жіберсе ғана, Оразмұхаммед сұлтанды қайтаратындығын білдірді. Үшіншіден, патша Тәуекел ханды орыс патшалығының қол астында үйіріп, оның бұйрығы бойынша Бұхара билеушісімен және Сібір ханы Көшіммен соғысуға міндеттейді. Құл-Мұхаммед елшілігіне Мәскеуден Тәуекел ханға аудармашы Вельямин Степанов жіберіледі. Қазақ хандығы мен орыс патшалығы арасындағы елшілік қатынас осылай басталады.

Тәуекел хан 1598 жылы қауырт түрде шайбанилықтарға жорыққа даярлық жасай бастайды. Тәуекел хан мен оның бауыры Есім сұлтан бастап Алатау етегіне жиналған қазақ қолының саны жүз мың адамға жуық еді. Тәуекел ханның бұл жолғы жорығы нәтижелі аяқталады. Қысқа мерзім ішінде Тәуекел Түркістанды, Ташкентті және Ферғананы өзіне қаратады. Дегенмен Тәуекел ханның бүкіл Мауерен-нахрды алып, құрамында шайбанилықтар мемлекетінің де жері бар жаңа мемлекет құру әрекеті іске аспай қалды. Ташкент қаласы осыдан бастап екі жүз жыл бойы Қазақ хандығының құрамына енді.

Бұл аталған аймақтардың Қазақ хандығы құрамына енуінің қазақ қоғамының экономикалық, саяси және рухани өміріне ықпалы, мемлекетаралық шекараның тұрақты сипат алуына әсері үлкен болды. Түркістанның Қазақ хандығының негізгі орталығына айналуы қазақ қоғамына ислам дінінің таралуына, сол арқылы қазақта жаңа рухани ахуал қалыптасуына аса қажет маңызды алғышарт болды.

Есім хан. Қасым ханнан соң Қазақ мемлекеттігін жан-дандыра түскен Хақназар хан мен Тәуекел ханның қызметі Сырдың орта ағысындағы қалаларға біржола орнығу, Жетісу мен Ыстықкөл өңірінен қазақтар мен қырғыздарды ығыстыру мақсатында жасалған біріккен моғол және шайбанилықтардың шабуылына қырғыздармен одақтаса тойтарыс беру, сондай-ақ Бұхар хандығының ішкі саяси өміріне пәрменді араласып отыру арқылы Мауереннахр өңірін өз ықпалында ұстау бағытында жүрді.

XVII ғасырдың бас кезінде Қазақ хандығының көрші елдермен қатынасы өзгерістерге ұшырайды. XVI ғасырдың екінші жартысы Моғолстан үшін құлдырау кезеңі болды. Бұл кезде Бұхар хандығы Қазақ хандығы үшін Абдаллах хан кезіндегідей соншалықты қаһарлы емес-ті.

.

Қазақ қолдарымен арада болған шайқастардан соң 1613 жылы Имамқұли хан қазақ Тұрсын сұлтанды Ташкенттің билеушісі ретінде мойындайды. Ал Тұрсын хан Бұхар хандығына тәуелсіздігін көрсету үшін өз теңгесін шығарады.

XVII ғасырдың бас кезі аштархандықтарға қарсы қазақ-қырғыз одағының нығая түсуімен сипатталады. 1621 жылы Шахрух бекінісінің жанында Тұрсын хан бастаған 100 мың қазақ пен қырғыз қолдары 160 мың Имамқұли хан әскерімен кездесіп, жеңіс қазақ-қырғыз жағында болады.

Есім хан билігі тұсында шығыста жоңғар қалмақта-рының ықпалы артып, қазақ жеріне қауіп төндіре бас-тайды. Бұл жағдайды ескере отырып, Есім хан қырғыз елімен арадағы одақты нығайта түсіп, Моғолстан билеушісі Абд-ар-Рахим ханмен достық қатынаста болады. Соның нәтижесінде, Есім хан 1620 жылы ойраттарға ойсырата соққы береді. Жорықта жүрген Есім ханның жоқтығын пайдаланған Тұрсын хан Түркістанға шабуыл жасап, Есім ханның отбасын тұтқынға алады. 1628 жылы Ташкенттің түбінде болған қанды шайқаста Тұрсын хан жеңіліп, Тұрсынның өзі осы ұрыста қаза тауып, оған қараған елдің біразы қазақ, қалғаны қырғыз арасына шашырап кетеді.

Осы мезгілде ойраттарға қарсы қазақ-қырғыз одағының нығаюына, сондай-ақ ел арасы бірлігі ісінде көп жұмыс тындырған қырғыз Көкім би Қарашораұлының құрметіне Есім хан Ташкентте «Көкімнің көк күмбезін» салдырады.

Есім хан 1628 жылдың күзінде өмірден қайтып, Түркістанда Қожа Ахмет Иасауи күмбезі жанына жерленеді.

Жоңғар хандығы және Жәңгір хан. Есім ханның көзі тірісінде-ақ жоңғар қалмақтарымен күресте оның ұлы Жәңгір сұлтан көзге түсе бастады, ал оның хандық қыз-меті (1628—1652 жж.) қалмақтардың басқыншылық сая-сатына қарсы тынымсыз арпалысты күрес жағдайында өтті.

Қалмақтармен болған жекпе-жекте Жәңгірді жеңетін қалмақта батыр болған емес. Сол үшін де оны халық «Салқам Жәңгір» атандырады.

Сәл үзілістермен бүкіл XVII ғасыр бойы және XVIII ғасырдың алғашқы жартысында жүрген қанды жоңғар-қазақ соғысына Жетісудағы, Шығыс және Орталық Қазақстандағы шұрайлы жайылымдар үшін талас негіз болды. Қалмақ тайпалары сондай-ақ Сырдың орта ағысы арқылы өтетін сауда жолдары мен егіншілік орталықта-рын билеуден үміттенді. Шығысынан қуатты Қытай мемлекеті тықсырған ойраттар онымен салыстырғанда әлсіздеу, батысындағы Қазақ хандығынан қоныс тартып алу жолына түсті. Басқаша айтқанда, Қазақ мемлекеттігінің ендігі уақытта болу не болмау мәселесі таразыға түсті.

Жәңгір ханның үлкен саясаткерлігінің, қолбасшы-батырлығының арқасында Қазақ мемлекеті сақталып қалды. Жоңғар хандығының қуатын бағалай білген Жәңгір хан Бұхара, Хиуа және Моғол хандықтарымен белсенді дипломатиялық қатынасқа көшеді. Оның әсіресе Самарқандтың әмірі болған Жалаңтөс батырмен достық қатынасы қалмақтармен күресте өз нәтижесін береді.

1643 жылы жаңа жоңғар-қазақ соғысы басталып кетті. 50 мың әскермен басып кірген Батур Қонтайшы Қырғыз Алатауының біраз жерін, Шу өзенінің жоғарғы оң саға-сын, сондағы елдерді жаулап алады.

Жәңгір хан Жалаңтөс әмірді, тяньшаньдық қырғыз-дарды жәрдемге шақырады. Өзі 600 адамдық қолмен Жоңғар Алатауының тар жылғасында қонтайшының әскерін қарсы алады. Аз қолмен үлкен әскерге бетпе-бет келудің мүмкін еместігін түсінген Жәңгір хан айлаға көшеді. Тар жылғада бірнеше ор қаздырып, оларды бекініс етіп, мылтығымен үш жүз жауынгерді орналасты-рып, қалған үш жүзбен бекіністерді алмақ болған Батур қонтайшының сыртынан кенеттен шабуыл жасайды. Алды-артынан жауған оқтан, екі жақ беттен төмен қарай құлаған тастан мыңдаған жоңғар жауынгерлері қаза бо-лады. Бірақ шайқас мұнымен аяқталмайды. Қонтайшы өзінің басымдығын енді сезіне бастаған сәтте 20 мың қолмен Жалаңтөс батыр, Көтен және Табай батырлар бастаған қырғыз жасақтары келіп жетеді. Ендігі шешуші шайқас жазықта өтеді. Жеңіс толығымен Жәңгір жақта болады. Он мыңға жуық әскерінен айырылған Батур қонтайшы үлкен шығынмен еліне қайтады.

1646 жылы қонтайшы қазақтардан кек алу үшін қайтадан атқа қонады. Бұл жолы ол үстем түсіп, Жәңгір сұлтанның інісін бала-шағасымен және басқа біраз адам-дарды тұтқынға алып, кейін оралады.

Қазақ пен қырғыздарға қарсы келесі 1651—1652 жыл-дары жорыққа ойраттар үлкен даярлық жасап, Ресейдің жақын аудандарынан сауыт-сайман, оқ-дәрі, қару жасауға қажет темір сатып алады. Бұл жолғы соғыс қазақ пен қырғыздарға өте ауыр тиеді. Кезекті бір шайқаста қазақ мемлекетінің басшысы ретінде кемел саясатымен және туған елін қолына қару алып қорғауда ерен ерлігімен бү-кіл Орталық Азия елдері арасында кең танымал болған Жәңгір хан майдан даласында мерт болады.

Тәуке хан заманы. Қалмақтармен жер үшін күрес Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан (1680—1715/1718 жж.) тұсында да жалғасты. Тәукенің билігі қалмақ қонтайшы-лары Қалдан Вошоқты (1676—1697 жж.) мен Себан-Рабданның (1697—1727 жж.) билігіне тұстас келді. Бұл қазақ-қалмақ қатынасының аса ширыққан кезі болатын. Қалдан ханның әскері 1681 және 1683 жылдары Сайрамға дейін жетеді. Жетісу өңірі біраз уақытқа қалмақтардың қолына өтеді. 1710 және 1711 жылдары қалмақтар қазақ жеріне жаңа шабуылға көшті. Оған жоңғарлар-дың Қытаймен арадағы қатынасының шиеленісіп кетуі себепші болған еді.

XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың бас кезі жоңғар қалмақтарынан төнген қауіпке қарамастан, Қазақ мемлекеттігінің нығая түсуімен сипатталады. Ел арасында қалыптасқан пікір мұндай жағымды өзгерістерді Тәуке ханның есімімен байланыстырады. Тәуке өзінің қайраткерлік қабілеті арқасында ел ішіндегі алауыздыққа жол бермей, татулық орнатты, орталық хандық биліктің рөлін күшейтті, соның нәтижесінде елдің әл-ауқаты, байлығы артты. Сондықтан да халық ханды әз-Тәуке атап, ал оның билік құрған кезеңін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп бағалады.

Жоңғар хандығымен күрес жүргізе отырып, Тәуке хан Бұхармен жақсы қатынаста болуға тырысты. Ол қазақ хандарының дәстүрлі Мауереннахрдағы ықпалы үшін күрес бағытынан қайтқан жоқ, өмірінің соңына қарай Ташкентті өзіне қаратты.

.

Ресейдің Батыс Сібірге біржола қоныстануы, Ертіс бойына орыс бекіністерінің орныға бастауы, сөйтіп бұл қуатты мемлекеттің батыс пен солтүстік-шығыста қазақ елінің тікелей көршісіне айналуы, әрине, Тәуке ханды да ойға салғаны анық. Жоңғардан төнген қауіп жағдайында оның 1717 жылы орыс үкіметіне елші аттандырып, әскери көмек сұрауы — соның айғағы.