Қазақ лексикографиясы

Главная » Рефераттар » Қазақ лексикографиясы

Лексикография өзге ғылым салаларымен тығыз байланыстағы, көптеген жағдайларда осы ғылым салаларының тоғысында, шек-арасында дамып отыратын ғылыми пән болып саналады. Қоғамдық сананың көрінісі ретіндегі, ұжымдық тәжірибені жинақты түрде бейнелейтін ғылыми шығарма ретіндегі лексикографиялық туындыларды түзудің ғылыми-теориялық мәселелері тіл білімінің әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттаным салаларымен тікелей байланысты. Лексикография теориясы ұғымның, зат пен құбылыс атауларының мағыналарына түсінік беру жағынан семасиологиямен, тілдегі сөздік құрамның жиынтығы ретінде лексикологиямен, ғылыми апарат пен метатіл мәселелері жағынан логикамен, тіларалық коммуникацияға байланысты аударма теориясымен, басқа да көптеген ғылым салаларымен тығыз байланыста. Сөздік атаулының, бір жағынан, ғылыми өнім, екінші жағынан, ақпарат көзі, үшінші жағынан тілді үйрететін дидактикалық туынды болып саналатыны белгілі. Тілдің табиғатын зерттейтін көпқырлы ғылым саласы ретінде лингвистиканың дидактикамен тоғысатын жерлері көп. Осы екі ғылым саласының ара-жігінде пайда болып жатқан ғылыми пәндер де жеткілікті. Солардың бірі – лексикографиядағы жаңа салалардың бірінен саналатын оқу лексикографиясы.

.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ұсынылып отырған жұмыс шағын көлемді біртілді сөздіктің ғылыми негіздерін, сөзтізбе құрамы мен құрылымдық ерекшеліктерін зерттеуге арналған. Осы сала бойынша қазақ тіл білімінде жүргізілген зерттемелердің көпшілігі өзге тілді азаматтарға арналып жасалатын екітілді аударма сөздіктердің құрылымын қарастыруға бағышталған болатын. Бірінші кезекте өз ана тілін үйренушілерге бағдарланған, екіншіден Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін өз бетінше үйренгісі келетін өзге тілді (отандас және шетелдік) азаматтар үшін де өте пайдалы болатын біртілді шағын сөздіктің құрылымы іс жүзінде бұған дейін зерттелген емес. Көпұлтты, көп конфессиялы республика жағдайында халықты ұйыстыратын басты факторлардың бірі мемлекеттік тіл болғандықтан, оны үйренуге қолайлы жағдай тудыру — ғылыми қауымның басты міндеттерінің бірі. Қазақ тілін өз бетінше үйренуге арналып түзілетін шағын көлемді сөздіктерді түзудің ғылыми негіздерін зерттеу  осы аталған міндетті жүзеге асыруға қызмет етеді. Оқу лексикографиясының теориялық мәселелерінің жан-жақты зерттелінбеуі, зерттелген жағдайда да тәжірибеге енгізілмеуі еліміздегі сөздік түзу ісінің жай-күйіне кері әсерін тигізуде. Осы жайт қазақ тілінің қолданымға ыңғайлы шағын көлемді сөздіктерін зерттеу мен құрастыру ісіне тікелей қатысты. Дидактикалық, ғылыми және анықтамалық интенциялардың теңгермелі болуын ескере отырып жасалатын біртілді шағын оқу сөздігінің ғылыми-теориялық негіздерін зерттеу қазіргі таңдағы қазақ теоретикалық лексикографиясында маңызды мәселеге айналып отыр. Аталған жайттар зерттеу тақырыбының өзектілігін көрсетеді.  Қазақ лексикографиясы зерттеудің негізгі нысаныоқу лексикографиясындағы қазақ тілінің лексикалық негізіне бағдарланған біртілді шағын оқу сөздігін жасаудың ғылыми-теориялық негіздері, оның сөзтізбесін түзудің құрылымдық ерекшеліктері. Қазақ лексикографиясын зерттеудің пәні. Тіл білімінде лексикографияның жеке саласы ретінде қарастырылатын оқу лексикографиясы.  Қазақ лексикографиясының дереккөздері.  Дереккөздер ретінде шағын оқу сөздіктерінің отандық және шетелдік үлгілері, оқу лексикографиясының жалпытеориялық, құрылымдық мәселелері зерделенетін ғылыми еңбектер, қазақ лексикографиясының тарихы бойынша жасалған зерттемелер, шағын көлемді оқу сөздігін түзудің тәжірибесі мен ғылыми негіздері қарастырылатын зерттеу еңбектері пайдаланылды. Қазақ лексикографиясын Зерттеудің әдіснамалық негіздері. Жұмыстың ғылыми-теориялық базасы мен әдіснамалық негізі ретінде осы тақырыпқа қатысты әлемдік лексикография мен қазақ лексикографиясы салаларындағы Л.В. Щерба, В.П. Берков, Ж. Дюбуа, К. Дюбуа, А. Рей, Л. Згуста, П.Н. Денисов, В.В. Морковкин, Ю.Н. Караулов, Ш.Ш. Сарыбаев, Б.Қ. Қалиев, М. Малбақов, Р. Түсіпқалиева, т.б. ғалымдар тарапынан жазылған ғылыми еңбектердегі тұжырымды ой-пікірлер алынды. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің басты мақсаты – жалпылама қолданымға арналып түзілетін, ортақ лексика-грамматикалық минимумға негізделген, құрылымдық бірліктер мен сөздік құрамдағы базистік лексиканы қамтитын шағын көлемді сөздік түзудің ғылыми-теориялық және практикалық негіздерін анықтау. Аталған мақсатқа жету мүддесі төмендегі міндеттерді шешуді талап етеді:

  1. 1. Оқу лексикографиясының әлемдік тәжірибесін қорыта отырып, оның жалпытеориялық мәселелерін бағамдау;
  2. 2. Отандық оқу лексикографиясы тәжірибелерін тұжырымдау;
  3. 3. Шағын көлемді оқу сөздіктерінің құрылымына қатысты ғылыми-теориялық әдебиетті зерделеу;
  4. 4. Шағын сөздіктің сөзтізбесіне алынатын лексикаға қатысты алғанда тілдік сананың лексикалық базасын құрайтын бірліктердің, құрылымдық сөздердің, жалпығылыми базистік сөздіктің құрамын анықтау;
  5. 5. Сөздік бірліктерді сөзтізбеге сұрыптап алуда басшылыққа алынатын ұстанымдар құрамын айқындап, олардың қызмет ету ерекшеліктерін көрсету;
  6. 6. Зерттеу нысанына сәйкес сөздік түрінің сөзтізбесіне алынатын тілдік бірліктердің сандық және сапалық құрамын айқындау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Жұмыстың ғылыми жаңалығы ретінде ең алдымен қазақ тіл біліміндегі теориялық лексикография мәселелерінің қазақ лексикографиясы тәжірибесіне қатысты алғаш рет жүйелі түрде зерттелуін, екіншіден, біртілді лексикография саласындағы шағын көлемді оқу сөздігінің ғылыми-теориялық, құрылымдық мәселелерінің қазақ тілінде тұңғыш қарастырылуын, үшіншіден, қазақ тілінің лексикалық негізін құрайтын базалық лексика құрамын сөзтізбеде қамту мәселесінің қазақ тіл білімінде тұңғыш рет зерттеліп отырғандығын айту қажет. Осы зерттеме арқылы шағын оқу сөздігіне алынатын базалық лексика құрамын анықтауға мүмкіндік туып отыр.

.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

— қазақ лексикографиясындағы «оқу лексикографиясы», «оқу сөздігі» атауларының орнына терминдік мәнде «тілүйренім лексикографиясы», «тілүйренім сөздігі»  атауларын  қолданған жөн; 4000 бірліктен тұратын шағын оқу сөздігінде қазақ тілінің лексикалық негізін құрайтын базалық лексика толық қамтылуы қажет; қазақ тілінің лексикалық негізі — инвариант қызметін атқарады; базалық лексиканы қамтитын біртілді оқу сөздігіне алынатын лексикалық бірліктер құрамы үш бөліктен құралады (құрылымдық сөздер, ең жиі қолданымдағы лексикалық бірліктер,  ең басты тақырыптық сөздер); құрылымдық сөздер — тілдегі лексикалық негіздің өзекті бөлігі; біртілді шағын оқу сөздігінің сөзтізбесіне тақырыптық топтар құрамындағы негізгі атаулардың мүмкіндігінше толық қамтылуы қажет; сөздіктің барлық түрінде де дидактикалық интенция басым болады.

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Зерттеудің теориялық тұрғыдан маңыздылығына қатысты қазақ лексикографиясында шағын көлемді біртілді сөздік түзудің ғылыми-теориялық негіздерінің айқындалып отырғандығын атауға болады. Ұсынылып отырған еңбекте сөз болатын теориялық мәселелер таяу болашақта елімізде түзілетін шағын сөздіктердің ғылыми негізде құрастырылуына мүмкіндік тудырады. Сонымен бірге, қазақ лексикографиясында шағын жанрларда жасалатын біртілді сөздіктердің сөзтізбе құрамы мен құрылымының теориялық мәселелерін анықтауға, жалпы оқу лексикографиясы теориясы мәселесінің қазақ тіл білімі негізінде зерделенуіне өзіндік үлесін қосады.

Зерттеу жұмысының практикалық мәні. Зерттеуде қазақ тіл білімінде тұңғыш рет қазақ тілінің лексикалық негізіне бағдарланған біртілді шағын оқу сөздігінің сөзтізбесін түзудің құрылымдық ерекшеліктері анықталып отыр. Мұның өзі зерттеудің болашақта жасалатын шағын сөздіктерді құрастыру ісінде басшылыққа алынатын көмекші құрал қызметін де атқара алатындығын білдіреді. Зерттеудің нәтижелерін қазақ тілін еліміздегі өзге тілді азаматтарға, шетелдіктерге үйретуде, жалпытілдік және салалық лексикалық минимум сөздіктерін құрастыруда, қазақ тілінің өзге тілді азаматтарға арналған оқулықтары мен оқу құралдарындағы сөздіктерді, салалық минимум сөздіктерін жасауда қолдануға болады. Сонымен бірге, зерттеу нәтижелерін қазақ лексикографиясы бойынша, лексикографияның тарихына, теориясы мен практикасына байланысты арнаулы курстарда пайдалану мүмкіндігі болады.

.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында сипаттамалы әдіс, салыстырмалы-тарихи әдіс, құрылымдық және лингвостатистикалық әдістер, салыстыру, салғастыру, анализ, синтез жасаудың әдіс-тәсілдері қолданылды.

Зерттеу нәтижелерінің талқылануы мен жарияланымы. Зерттеу жұмысының тұжырымдары мен негізгі нәтижелері республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда, атап айтқанда: “Қазіргі таңдағы ғылым мен білім” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Шымкент, 2005), “Мемлекеттік тіл: бүгіні мен ертеңі” атты Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 15 жылдығына арналған ғылыми-әдістемелік конференцияда (Шымкент, 2007), “Мемлекеттік тілдің дамуындағы жаңа үрдістер” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Шымкент, 2007), “Педагогикалық кадрларды дайындаудың қазіргі заманғы өзекті мәселелері және жаратылыстану ғылымдарының даму перспективалары” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда, “Қазақ халқының рухани мәдениеті: зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелері” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Шымкент, 2008) және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 80-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2008) баяндалып талқыланды, сондай-ақ, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институты мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы лингвистикалық семинарларда баяндалып, түрлі ғылыми басылымдарда 12 мақала жарыққа шықты.

Зерттеудің құрылымы. Диссертациялық еңбек кіріспеден, негізгі екі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Еңбектің соңында зерттеуде қолданылған әдебиеттер тізбесі берілген.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.