Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы

Главная » Рефераттар » Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы

Қазақ қоғамы өзіне тән әлеуметтік қатынастардың күрделі  даму үрдісінен өтті. Кеңестік дәуірдің тарихнамасында адамзат қоғамының дамуын қоғамдық-экономикалық формацияға “бес мүшелі“ схемалық тұжырымдамада пайымдады. Оның негізгі нысанасын, қоғам дамуының кезеңдерін тек өндіріс әдісі мен өндірістік қатынастар бойынша ғана анықталатын формациялық шеңбер құрады. Бұл кезеңнің зерттеулерінде қоғамдық-экономикалық формацияда материалдық примат қоғамның руханилығынан үстем қарастырылды. Қоғамның дамуындағы қоғамдық ойлау, мәдениет, идеология тыс қалып отырды. Рухани өмірдің динамикасы-тарихи прогрестің негізгі факторы ретінде ескерілмеді.  Қазақ қоғамының дамуы капитализмге дейінгі біртұтас қоғамдық-экономикалық формациядан өткендігі қабылданып, қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани даму ерекшелігі ескерілмей қалды. Қазақ қоғамын зерттеуге арналған еңбектерде негізінен таптық қанау, тап арасындағы күрес формасы терең қарастырылды. Сонымен қатар  қазақ қоғамындағы әлеуметтік жіктеліс мәселесі әлеуметтік топтың экономикалық мүддесі тұрғысынан анықтау орын алды. Бұл жағдайда дәстүрлі қазақ қоғамындағы әлеуметтік құрылымның саяси және рухани жағынан атқарған тарихи  қызметін қарастыру мүмкін болмады.

Тарих ғылымындағы соңғы кезеңдердегі зерттеулердегі  басымдылық танытқан тұжырымдар адамзат тарихының дамуын “бес мүшелі“ схема бойынша анықтау жеткіліксіз болатындығын көрсетті. Мұнда өркениетті халықтардың мәдениетін, шаруашылық тәжірибесін, саяси құрылыс нысандарын, идеологиясын қабылдай отырып, көптеген халықтардың тұтас даму сатыларына соқпай өтетіні анықталды /1/. Осыған орай қазақ қоғамның даму үрдісінде көшпелі және жартылай көшпелі қоғамдардың өркениеттілік ерекшеліктері және қазақ қоғамының өркениеттілік ерекшеліктерін талдау қажеттілігі туындады. Қазақ қоғамын зерттеудегі бағыттардың бірі “көшпелі қоғам“ тұрғысында болды. Қазақ қоғамын   номадизмің қоғамдық қатынастары тарапынан зерттеу өзінің ағысын тапты. Осыған орай “номадизм“ тұрғысында көшпелі қоғамның мәдени-тарихи дамуын зерттеудің бағыттары қалыптасты. Көшпеліліктің қалыптасуының бастапқы факторлары және оның өзіндік қоғамдық даму ерекшелігі жөніндегі ізденістер жүргізілді. Номадизмнің шығуы және оның дамуы арқылы көшпелі қоғам өміріндегі табиғи-климаттық жағдайдың әсері және әлеуметтік-экономикалық фактордың ықпалының зерттелуі тарихшылардың тарапынан тыс қалған жоқ.  Тарихнамада көшпелілікке өту үрдісі кездейсоқтық емес деп қорытынды жасалынды. Сонымен қатар мал шаруашылығымен айналысып жүрген тайпалардың дәстүрлі шаруашылық типіне өтуі және оның сапалы деңгейге көтерілуінің себептерін ашатын пікірлер қалыптасты. Номадизмге жартылай отырықшы малшылар мал басы санының өсуінен жайылымды кеңейту мақсатында өтті деген пікір білдірсе, тағы бір зерттеушілер бұл үрдістегі шешуші қызмет атқарған климаттық өзгерістер болғандығына тоқталады. Номадизмнің қалыптасуындағы табиғи ортаның әсерін Л.Н.Гумилевтің/2/  еңбегінде жан-жақты талдау жасалынды. Сонымен қатар номадизмнің пайда болуына алғашқы қауымдық қатынастарға ыдыраған көшпелілерге оңтүстігіндегі отрықшы мемлекеттердің саяси және экономикалық қысымы әсер болғандығы туралы пікірді А.М.Хазанов өзінің зерттеуінде/3/ ұсынған болатын. Көшпелі тұрмыста мал шаруашылығымен айналысатын тайпалардың сана-сезімінде әскери қоғамдық қатынастардың сақталуы олардың көшпелілікпен айналысуының бастауы болды деген тұжырымдар да болды. Г.Е.Марков/4/ мал шаруашылығымен және бақташылықпен айналысатын халықтардың номадизмге өтуіне ауқымды факторлар жиынтығы-климаттық, антропогендік, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени негіздер құрайтындығын көрсетті. Көшпелі қазақ қоғамының құрылымында көшпелі тұрмыстың маңызды орын алатындығы рас. Көшпелі тұрмыс қазақ қоғамының саяси құрлысына, әлеуметтік құрылымына, дүниетанымына, мәдениетіне өз әсерін тигізді. Көшпелі қоғамның дамуы, таптық деңгейі, әлеуметтік-экономикалық құрылымы және өз мемлекетін құруға қабілеттілігі жөніндегі мәселелер кеңестік дәуірдегі зерттеулерде жиі талқыланып отырды. Көшпелі қазақ қоғамына қатысты зерттеулерде екі бағыттағы тұжырым қалыптасты. Бірінші бағыт көшпелі қоғамның таптарға бөлінгендігін, әлеуметтік жіктелу болғандығын және оның мемлекеттік құрудағы мүмкіндігін ашып көрсетті. Екінші бағыт көшпелі қоғам таптық қоғамға дейінгі деңгейде болды деген пікір білдірді. Бірінші көзқарасты қолдаушылар қазақ қоғамындағы малға немесе жерге қатысты меншік түрінің болуы әлеуметтік дифференциацияны қалыптастырды деген ұйғарымдар жасады. Қазақ қоғамында малға қатысты меншік түрінің болғандығын және көшпеліні қанау меншіктеу негізінде жүзеге асқандығын С.Е.Толыбеков және В.Ф.Шахматов/5/ зерттеулерінде, жерге қатысты меншік түрінің болғандығын Б.Я.Владимирцов, М.П.Вяткин, Н.Г.Аполлова, К.А.Пищулина, Т.И.Султанов/6/ қарастырған болатын. Мұнда қазақ қоғамында жер өндіріс шарты ғана емес, өндіріс құрал-жабдығы болып табылады деп санады. Дағдылы құқық нормаларына байланысты жерді (жайылымдарды) пайдаланудың қауымдық нысаны сақталған жағдайда малдың ірі меншік иелері көшіп-қону жерлеріне билік етті, іс жүзінде ең жақсы жайылымдарды иеленді, қанау малды меншіктену ғана емес, жерге меншік негізінде де жүзеге асырылды.  К.А.Пищулина көшпелілер арасындағы әлеуметтік жіктеліс  отырықшы халықтардың әлеуметтік дамуындағыдай заңдылық болды деген қорытынды жасады/7/.  Осы бағыттағы көзқарасты қолдаушылар  көшпелі тайпалар мен халықтар адамзаттың тарихи дамуының жалпы арнасында жүріп өтіп, өз эволюциясында таптық қатынастарға жетті деген тұжырым қабылдады. Қазақ қоғамының формациялық деңгейін  патриархаттық-феодалдық   қоғам болды  деген баға орнықты.

Екінші бағыттағы зерттеулердің тұжырымдамасы бойынша көшпелілер ертедегі таптық қоғам немесе дамымаған қатынастар деңгейінде анықталды. Сонымен қатар көшпелілерде әлеуметтік құрылымдар жетілмеген, таптық тартыстың формасы болмады,  жеке шаруашылық түрінде ыдырай бастады деп көрсетілді.  Көшпелілер мемлекеттік деңгейге өз бетінше жете алмайды, бұл оларда отырықшы  шаруашылықты өңірлерді жаулап алу арқылы және осылардың тәуелділігінің нәтижесінде  қалыптасу мүмкіндігіне назар аударды.

.

Номадизмді зерттеушілер арасында көшпелі қоғамды дәріптеушілер немесе оның артта қалушылығын  қолдайтын көзқарастар қалыптасты. Көшпелі мәдениеттің отырықшы мәдениетсіз өмір сүруі мүмкін емес деп,  кейбір жағдайда екеуін бір-біріне қарсы қою да зерттеулерде орын алды.

Қазақ қоғамын көшпелі қоғам тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Себебі қазақ қоғамы өзінің даму үрдісінде көшпелі және отырықшы мәдениеттің ортақ ұштасуының нәтижесі болды. Өркениет зерртеушілерінің бір тобы  Евразия даласындағы көшпенділердің тарихи даму үрдісін бөліп алып қарауға болмайтындығын ескертеді. Өйткені, ол көшпенділер, біріншіден, басқа көршілес қауымдармен ара қатынаста болды, ал ол қауымдар болса отырықшы-егіншілер, қала мәдениеті дамыған өлкелерде тұрды. Екіншіден, көшпенділердің өз ішіінде жартылай отырықшы малшылар тобы болды. Үшіншіден, көшпенділіктен отырықшылыққа көшу, қалалық мәдениетпен ұштасу, түйісу тенденциясы тарихта орын алды. Таза көшпенділік Евразияның сайын даласында болған емес, қала мен дала одағы, отырықшылық, пен көшпенділік өзара ұштасып, бір-біріне кірігіп, байланысып жатты. Сондықтан да Евразия сахарасында таза көшпенділер өркениеті емес дала мен қала мәдениеті ұштасқан Дала өркениеті дамыды.  Дала өркениетінің жоғары деңгейдегі өзіндік дамуы, әлеуметтік-саяси құрылымы, рухани әлемі, экономикалық негіздері дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырды. Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында дәстүрлі қазақ қоғамының құрылымын қоғамдық-экономикалық тұрғыда ғана емес, өркениеттілік тұрғысынан пайымдау зерттеулерде орын алып отыр. Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын саяси белсенділігі, биліктегі құқықтары арқылы анықтау қажеттілігінің дұрыстығы зерттеулерде көтерілді.  Кеңестік дәуірде орныққан қоғамдық қатынастарда  жеке меншіктің болуы, қарама-қарсы екі тап арасындағы қайшылықтарды қоғам дамуының анықтамасы  ретінде қарастыру бәсеңдеді. Қоғамның дамуын формациялық шеңберде қарастыруда қоғамның саяси дамуы, мемлекеттік нысандары, мәдениеті, діні, идеологиясы сияқты өркениет  ұғымына кіретін жақтары ескерусіз қалып отыратындығына  көңіл бөлді. Дәстүрлі қазақ қоғамын құрайтын институттардың қызметін “өркениеттілік“ тұрғысынан теориялық зерттеу тарихшылар  тарапынан  жүргізілуде.

Француз ағартушылары ХҮ111 ғасырда “өркениет“ терминін азаматтық қоғамды, яғни  әділетті-құқықтық қатынастарға сүйенген құрылымды анықтау мақсатында қолданды.  Бұл терминге кейін келе әр-түрлі мағына беріле бастады. Американ антрополгы  Л.Морган мемлекеттік  және жеке меншіктен пайда болған “тағылықтан“ кейінгі реттелген адамзат қоғамының дамуының сатысы ретінде түсінік берді. О.Шпенглер  цивилизацияны мәдени-тарихи типтің фазасы деп қабылдады. А.Тойнби локальді цивилизация тұрғысында тарихи-мәдени жүйенің дамуының құрылымы деп қарастырды. Тарихшылар қоғамның дамуында бұл терминді әлемдік және локальді цивилизация мағынасында қолданып жүр.  Ю.В.Яковец/8/ әлемдік өркениетпен-адамзат тарихының кезеңі ғасырларға созылған саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани өмірінің тарихи даму мағынасын түсіндіреді. Бірақ оған қарсы пікір айтушылар да бар. Әлемдегі көптеген халықтардың өзіндік тарихи циклі бар және оны ортақ адамзат өркениеті тұрғысында қарастыру мүмкін емес деген сынды ойларды келтіреді. Сондықтан локальді өркениет тұрғысында адамзат қоғамының дамуын қарастыру мүмкіндігін ұсынады.  Ортақ тарихи дамудан өткен халықтардың мәдени-тарихи, этникалық, діни және экономикалық-географиялық ерекшеліктері локальді өркениетінде сипатталды. Олай болған жағдайда көптеген халықтардың даму тарихының ерекшіліктері өз деңгейінде  зерттелуден тыс қалады. Сондықтан адамзат қоғамының даму тарихында өркениеттің әлемдік және локальді мағнасында тең дәрежеде қолданған жөн. Өркениет үнемі даму үстінде болады. Оның өмірлік циклі статистикалық формацияда емес, эволюциялық типтің динамикалық құрылымында өтеді. Ол өзінің даму  фазасында пайда болуы (генезисі), құлдырауы, ыдырауы сияқты кезеңдерден өтеді. Әлемдік цивилизация  формациялық схемаға мейлінше жақын келеді. Бірақ әлемдік цивилизация тарихтың басталуын неолиттік революциядан бастап, адамзаттың өмір сүру жағдайында тоқталмай жалғаса беретіндігін көрсетеді. Ресей ғалымы Ю.В.Яковец қоғамның құрылымын  бір-біріне тәуелділігіне қарамастан, өзіндік  қарым-қатынастарға негізделген вертикальді бес қабатты пирамидаларға бөлген.

Бес қабатты өркениет пирамидасының құрылымын маркстік схемадағы бес сатылы қоғамның дамуымен қатар қарастырсақ, алғашқысында адамзат қоғамының дамуының шексіз болатындығы, оның динамикасының толассыздығы анықталады, екіншісінде адамзаттың жоғарғы қоғамдық формациясы коммунистік саты тарихтың үнемі қозғалыстағы   әрекетіне қайшылық туғызады. Осыған орай адамзат қоғамының даму тарихын формациялық көзқараспен ғана қарап қоймай оған өркениеттік көзқараспен қарау қажеттілігі туындап отыр.  Соңғы жылдардағы зертеулерде өркениеттік дамудың ерекшелігіне және оның анықтамасына талдау жасалынды. Оның ішінде М.Қ.Қозыбаев «Өркениет хақында» атты мақаласында/9/  өркениеттің анықтамасы берілген тұжырымдарды көрсетсек болады:

1.Өркениет тірнек (материальная), көрнек (духовная) мәдениеттерінің ұзақ мерзімді тарихи дамуының нәтижесі;

  1. Бір немесе бірнеше ірі этностардың (халықтардың) этнодемократиялық мәдени әлеуметтік бірлігіне негізделген өркениет ауқымы бірде есіліп-көсіліп, бірде тарылып-қысылып дамығанымен оның өзегі негізді болады. Евразия сахарасындағы Дла өркениетінің өзегі бір заманда түркі тайпалары, оның ішінде қыпшақтар болса, кейін қазақтар екендігі дау тудырмаса керек. Ұлы Мағжанның түркі жұртына ұлы шаңырақ иесі болып қазақ қалған жоқпа?-деуі де осыдан болса керек.

3.Өркениет-мәдени тип, ол ұзақ эволюциялық дамудың нәтижесі, тұйық, ағысы жоқ жерде эволюциялық даму емес, борсу бар, іру бар, шіру бар, бір орнынан қозғалмай, тыпырлау бар. Қалай болғанда, өркениет дегеніміз эволюциялық белгілі бір дәрежеде этностармен  мемлекеттердің аралас-құралас қана емес тарихи және мәдени біртектілік болымысының автономды дамуы болса керек. Қазақ қоғамын Дала өркениетінің тұрғысында пайымдау арқылы  оның әлемдік дамуға қосқан үлесін осы мақалада М.Қ.Қозыбаев жіктеп берген болатын. Олай болса қазақ қоғамының  ерекшелігін осы өркениеттің тұтастық негізінде талдауға болады. Қазақ қоғамының әлуметтік құрылымын өркениеттілік тұрғысында зерттеу қағидасы бойынша ізденіс жүргізген А.Оразбаеваның еңбегінде берілген төмендегі тұжырымның маңыздылығы ерекше: «Сонымен,  көшпелі  қоғамның шаруашылық- экономикалық және  саяси ерекшелігі айналып келгенде бір ғана өркениетілік факторға-көлбеу (горизонталды)  қарым-қатынастарға негізделген  әлеуметік байланыстарға тәуелді десе болады. Көлбеу әлеуметік қарым-қатынастар экономикалық мүдделікке негізделген таптық жіктелісті жоққа шығарады. Нақты таптық жіктелістің болмауы өз кезегінде қоғамдық іс-әрекет атаулының барлығы эканомикалық немесе саяси ғана емес,сол сияқты әлеуметік және мәдени қажетіліктерге негізделуін қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан келгенде, тарихилық қағидасының өзі тарихи болмыстың тек материалдық қыры ғана емес, рухани мәнінде айқындайтыны ақиқат. Ендеше ,ұлттық тарихымызды талдау, саралау барысында зерттеудің негізгі нысаны ретінде қандай да бір жалаң, абстрактілі өндіріс тәсілін емес, қоғамдық дамудың әлеуметік-мәдени қырынан келгендегі ұдайы өндірісін қарастыру тиімдірек сияқты»/10/.

Қазақ қоғамының дамуы оның әлеуметтік-экономикалық қатынастарынан емес, қоғамның саяси құрылымы, билік тетіктерінің ұйымдастырылуы және мәдени қажеттіліктердің құрылымы тұрғысынан ерекшеленді. Қазақ қоғамындағы нақты таптық жіктелістің болмауы өз кезегінде қоғамдық іс-әрекет атаулының барлығы әлеуметтік-экономикалық немесе саяси ғана емес, әлеуметтік және мәдени қажеттіліктерден келіп туындауын қамтамасыз ететіндігін көрсетеді.

Ортағасырлардағы қазақ қоғамында әлеуметтік жіктелудің болуы оның қатынастарының даму тарихи зерттеулерде өз дәрежесінде талқыға түспеген мәселелердің біріне жатады. Мұның басты себебі зерттеулерде Қазақ хандығының саяси тарихына тереңірек көңіл бөлініп, ал оның әлеуметтік қатынастары дамымаған көшпелі қоғамдық құрылыстың құбылысы ретінде ғана көрсете білген. Негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық реттеулер мен оның түсінігі ескіден қалған дәстүр болды, ол бүтіндей алғанда өзіндік сыртқы қабаты ретінде қоғамның кешкен тұрмысында әлеуметтік қатынастарының бөлінуінің экономикалық мүддесі арқылы анықталған болатын.

Ендігі жерде қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымына және ондағы жіктелу үрдісіне тоқталмас бұрын, жалпы қоғамның әлеуметтік құрылымы және әлеуметтік жіктеуге тұжырымдық сипаттама беріп өтсек болады. Әлеуметтік құрылымды қандай қоғам болсын, алатын орнына қарай ажыратылатын әлеуметтік топтардың жиынтығынан анықтайды. Маркстік және Лениндік ілімнің үстемдігі тұсында тарихи зерттеулерде әлеуметтік-саяси жүйеде өзінің экономикалық және саяси орнын көрсететін топтардың ерекше белгілері болды.

Әлеуметтік топтардың  сипаттамаларын өлшеу (әр түрлі елдердегі), бір елдің ішіндегі жағдайларын анықтау үшін әлеуметтік жіктеу (стратификация) деген ұғым енгізілді. Әлеуметтік жіктеу қоғамның құрамына енетін топтардың анықталған жиынтығын түсіндірді. Бұл теория сол қоғамға тән маңызды белгілер мен бір-бірінен ерекше әлеуметтік жіктердің жиынтылығы – меншік сипатын, табыс мөлшерін, билік көлемін, беделін, ұлттық, тағы да басқа белгілерін ажыратуды қамтамасыз етеді. Олай болса әлеумет – сол қоғамның портреті деуге болады. Сонымен жіктеу – отбасының, жеке адамдардың бір-біріне тең емес билік, меншік және атақтарына қарай түрліше топталатын үрдістің нәтижесі.

Әлеуметтік жіктеу теориясы бойынша экономикалық және әлеуметтік құрылым өзара байланысты. Бірақ экономикалық қатынас әлеуметтік құрылымды өзгертуінде іске асырылмайды. Әлеуметтік құрылым біздің өміріміздей шындықтың негізі болып есептеледі. Тұжырымдағанда құрылым бірлестіктердің өзара қарым-қатынасын сипаттайды: әлеуметтік топтық, әлеуметтік топтар және жіктер, әлеуметтік-демографиялық (жастар, әйелдер, ерлер, қарттар), әлеуметтік-этникалық (ұлттар, халықтар), әлеуметтік-кәсіби (қызметі), әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-территориялық.

Біздің негізгі зерттейтін нысанамыз қазақ қоғамындағы әлеуметтік топтардың әлеуметтік-этникалық, әлеуметтік-кәсіби (қызметі), әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-территориялық құрылымның негіздері. Өйткені күрделі дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы оның осы  ұлтқа ғана тән белгісі, әлеуметтік-кәсіби билеуші топтық атқарған қызметіне орай, әлеуметтік-мәдени топтың ұлттың руханилық мүддесіндегі қызметін айқындалса, әлеуметтік-территориялық жағынан қалалы, отырықшы аудандарындағы әлеуметтік топтың өз ерекшелігі болды.

Қазақ қоғамындағы әлеуметтік қатынастар жүйесі өзіне дейінгі далалық өңірде өмір сүрген әскери-потестарлық құрылымдардан  жалғасын тапты. Бұл жүйеде генеалогиялық принципке сүйенген әлеуметтік топтарға бөліну  бағыты болғандығы жөнінде тарихшы И.Е.Ерофеева өз зерттеуінде талдаған: «Черезвычайно важная роль в ней принадлежала генеалогическому принципу ранжирования различных социальных групп, который опиралься на традиционные представления номадов о праве первородства, родства и старшинства»/11/. Сонымен қатар осы автордың зерттеуінде қазақ қоғамының дәстүрлі потестарлық-саяси ұйымының генеалогиялық принцип бойынша іске асуына төмендегідей талдау жасайды: «в форме исторически  сложившегося деления казахов на три крупных этнотерриторильных объединения-Старший, Средний и Младший жузы; многоступенчатой иерархии правовых статусов составлявших их кланово-патрономических групп; статусной иерархии различных субьектов властных отношений по критерию клановой и сословно-кастовой принадлежности»/12/. Қазақ қоғамының әлеуметтік  шеңберін ғасырлар бойы қалыптасқан рулық-тайпалық бірлестіктер арасындағы өзара қатынастық, бірнеше сатылы құқықтық артықшылықтарына сүйенген  жеке индивидтердің билігіне сәйкес, тайпалық,  әулеттік тегіне қарай анықталатын жиынтық құрады.

.

Хандық дәуірде қазақ қоғамы өзара тығыз байланыста болған, ұйымдастырылған иерархиялық әлеуметтік құрылымнан тұрды. Қазақ қоғамын құрайтын индивидтердің экономикалық артықшылығынан басқа, қоғамдағы атқаратын  саяси қызыметі мен міндеттері, құқықтық белгілері бойынша мәртебесіне сәйкес әлеуметтік құрылымды  біріктірді.

Қазақ қоғамының әлеуметтік бөлінуі көптеген зерттеулерде берілгендей біріне-бірі қарама-қарсы топтардың жиынтығын құрады деген тұжырымнан алшақтау қажет. Қазақ қоғамының әлеуметтік топтары бір-бірін толықтыратын ғасырлар бойы қалыптасқан қоғам ішінде атқаратын нақты қызметі бар санаттардан тұрды. Себебі бұлардың әлеуметтік ерекшілігі қоғам ішіндегі әдеттегі-құқық арқылы анықталып отырды. Олардың арасында экономикалық тәуелділігі бар түрлі топтар болды. Осыған қарамастан  әр топтың әдеттегі-құқықтық артықшылықтары айқын   сақталды.   Қазақ қоғамының әлеуметтік бөлінуіне  тән ерекшелік индивидтердің «ақсүйек» және «қарасүйек» дейтіндерге саралануы болды.  «Ақсүйек» санатын-  әулеттік және шығу тегіне қарай  ерекшеленетін, сырттан ешкімді қабылдамайтын индивидтердің жабық әлеуметтік тобы құрады. Оған-төрелер, сайидтар және қожалар енді. Бұлар қоғамдық қатынастар құрылымында саяси және құқытық белгілері арқылы анықталды.  Қазақ қоғамында  «ақсүйек» терминінің қалыптасуы қазақ халқының тарихының алғашқы жылдарына жатқызуға болады.

.

Қазақ қоғамындағы индивидтердің ашық әлуметтік тобын құрайтындар қатарына билер, батырлар, ақсақалдар жатты. Бұлардың қоғамдық қатынастардағы құқытық ерекшелігі атқаратын саяси қызметімен сараланды. Мұнда генеологиялық принцип іске аспады. Бұл әлеуметтік топқа қоғам мүшесінің жеке басының қасиеттері арқылы ене алды. Ал бұлардың билігіндегі қазақ қауымы да осы қоғамдық құрылыстың жүйесін құрады. Көптеген зерттеулерде «қара сүйек», «қара халық», «қарашы» деген атаулармен, яғни Шыңғыс ұрпағына жатпайтын барлық қазақтарды осылай береді. Шындығында бұл атаулардың барлығы дерлік қазақ қауымына тән ұғым деп айта алмаймыз.

Қазақ  мемлекетінің тарихи қалыптасу  кезеңінен бастап билік жүйесіндегі құқық Шыңғыс ұрпағынан тараған Жошылықтардың қолында болды. Көшпелі қазақ қоғамындағы мемлекеттік билікке көзқарас өзінің дүниетанымдық мөлдірлігімен және пәктігімен ерекшеленеді. Халық — биліктің негізгі тірегі, оның қайнар көзі. Сондықтан билік игілігі халыққа бағытталуы керек. Ондай болмаған жағдайда биліктің тұрақтап тұруы неғайбыл, оның өміршендігі күмәнді. «Халық каһарланса, ханды да тақтан тайдырады» дейді қазақ. Көшпелі ежелден келе жатқан «Ханды көтеру», рәсімі мемлекеттік биліктің басты тұғыры халық екендігін көрсететін ұғымның көрінісі.

Соңғы уақыттағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік қатынастар тұрғысындағы зерттеулер оның рулық-тайпалық, әдеттік-құқықтық, саяси билік, рухани ерекшеліктеріне қатысты бағыттарда жүргізілуде. Оның нәтижесі  ортағасырлар тарихы үстем таптар немесе дамыған феодалдық қатынастар тұрғысында қарастыру өзінің маңыздылығын төмендетіп, жеке билеушілер тарихына, қоғамдағы жеке тұлғалардың роліне  жете көңіл бөлу басымдылық танытып отыр.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.