Қазақ поэзиясы тілінің жалпы мəселелері

Главная » Рефераттар » Қазақ поэзиясы тілінің жалпы мəселелері

Поэтикалық тіл жəне оны қай тұрғыдан зерттеудің міндеттілігі. 

.

 

Тұрған өңір-төңіректі білу биікке қараудан, биіктен барып қараудан басталады. Сол сияқты қазақ əдебиеті тарихында Абай шығармалары жаңа сипатты жазба поэзияның басы əрі асқар биігі болды да, əрбір жаңа қайнар бастау-көздің, ұлық жаратындының əуелі өзіне соққызбай өткізбейтіні сияқты, қазақ филология-сында əдебиетке əрі əдеби тілге қатысты жайдың бəрінде Абай шығармаларына бару, оны ойға оралта отырып, өзге сөз дүниесіне қарау дəстүр болды. Бұл алтын күмбезді ұлы сөз сарайы қазақ əдебиетінің рельефінде өте биік межешек болды. Ақын өлеңдері, оның тілі өзіне дейінгі əрі-бергі дəуірдегі қазақ əдебиеті мен оның тілі үшін бірден-бір өлшем болды. Бұл екі кезеңнің көп мəселесі аралық биік Абай шығармаларына салыстырылып барып бағаланып, сипатталып, дəлденіп отырды. Міне, қазақ филологиясында қазақ əдеби тіліне қатысты мəселе қою бірінші рет Абай шығармаларына арналды жəне біршама жүйеленіп, зерттеле бастаған да Абай шығармалары тілі болып отыр.

.

Ал Абайдан бұрынғы дəуір əдеби тілі – поэзия тілі бұл күнге дейін нақты түрде түбегейлі зерттелген емес. Оқулық көлеміндегі баяндауларды [3] немесе бірлі-жарым эпос тілін зерттеулерді [4] атамасақ, бұл дəуір əдеби тілі тек ғылыми топшылау, тезистік тұжырым сипатында ғана сөз болып келеді [5]. Нақты бір дəуір поэзиясы тілін я бір ақын тілін тұтастай: əрі лексикология, əрі грамматика, əрі стиль мен жанр, əрі көркемдік компоненттері, əрі өлең құрылысы жағынан əр жақты талдау əлі жоқ.

ХV–ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі

Бірақ қалай дегенде де, қазақ əдеби тілінің проблемалық мəселелеріне қатысты бұрын-соңды айтылған пікірлер Қ. Жұбанов, Н.Т. Сауранбаев, С. Аманжолов, I.К. Кеңесбаев, М.Б. Балақаев, Ғ.Ғ. Мұсабаев, А. Ысқақов, М. Əуезов, З. Ахметов, т.б. ғалымдардың еңбектерінде айтылған пікірлер қазақ поэзиясы тілінің тарихына арналған зерттеулерге бағыт, бағдар берді, ықпал етті, қазақ поэзиясы тілі мəселелерін шешуді жеңілдетті. Қазақ филология ғылымында поэзия тілі туралы зерттеулерден мына еңбектерді айрықша бөліп айту керек. Олар: Қ. Жұмалиевтің «Абай поэзиясының тілі» деген докторлық диссертациясы (1946), З.Ахметовтың «Казахское стихосложение» деген монографиясы (1964), Р.Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі» (1968) жəне «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1970) деген монографиялары. Бірақ бұл үш автор еңбегі де өздерінің зерттеуге алған объектісі жағынан үш түрлі: егер Қ. Жұмалиев өз зерттеуін Абай тілінің (1) лексикасын, (2) тропаларын талдауға құрса, Р. Сыздықова бірінші еңбегінде Абай тілінің (1) лексикасын, (2) қара сөздеріне қатысты морфологиялық формаларын, ал екінші еңбекте синтаксистік құрылысын талдаған. З. Ахметов қазақ поэзиясын (1) өлең түрі, ырғақ-екпін, (3) ұйқас, (4) буын, т.б. жағынан талдаған. Шын мəнінде, бұл монографияларда дара-дара зерттеу объектісіне алынған мəселелер белгілі дəрежеде басы қосылып, тұтастай алынып, оның сыртында стиль, жанр дегендерді қамти, қоса бірлікте алып зерттемейінше, поэзия тілі өзінің толық болмыс-тұрпатымен дараланып көрінбек емес. Əсіресе, бұл поэзия тілін тарихи даму тұрғысынан алып қарастырған кезде барынша анық сезілмек. а) Өлең құрылысын зерттеуде көбірек көңіл бөлінетін ырғақ (ритм) – поэзия тілі теориясының ең бір күрделі саласы. Ырғақ – өлеңнің моторы. Өлең өлең болып туу үшін əуелі ол белгілі бір ырғақта туу керек. Өйткені поэзия музыкалық əуенге құрылатындықтан да, əуен құндағында туатындықтан да, өлеңдегі барша жеке сөздер де осы əуен нормасына бағынып, белгілі бір ырғақ толқынына бөлінулі болады. Ырғақ толқыны тізбегі сөйлеу тілінде тұрақты интонацияға ие тізбектерді бөліп жібереді, инверсияға түсіреді . Ал бұл бөлу – поэзияға тəн көп ерекше белгілердің бірі, поэзияның ырғақ, инверсия заңына тəн норма. Демек, ырғақ – өлеңдерді түрге, жанрға бөлуге қатысатын негізгі белгілердің бірі. ə) Өлеңнің тіркес жүйесі, синтаксистік жүйесі өлең ырғағымен бірлікте қаралуы керек. Ырғақтың қатысу-қатыспауына қарай қазақ поэзия тілінің синтаксис (əрі тіркес) жүйесі ғана əр алуан болып келмейді, тіпті қазақ поэзиясы осы ырғақтың қатысу-қатыспауы жағынан дəуірге де əрі түрге де бөлінеді.

Яғни қазақ поэзиясында белгілі бір жанр үшін ырғақ – тарихи категория. б) Қазақ поэзиясы тарихында ырғақтың, белгілі бір грамматикалық формалардың – сөйлеу тілі жүйесінде ауызекі тіл нормасында сөзсіз көрінуге тиіс формалардың – өлеңде көрінбеуіне ықпал-билігін жүргізген кезеңі де болған. Демек, өлеңнің ырғағын тарихи тұрғыдан қарастырғанда өлеңнің синтаксисіне, дəлірек айтқанда, өлеңнің тіліне соқпай, жалаң дара алып қарастыруға болмайды. Жеке ақын тілінің лексикасын талдау – сол ақынның əдебиеттің белгілі бір кезеңінде əдеби тілді жасауда, дамытуда, қалыптастыруда үлкен қызметі, рөлі болғандығын мойындау. Себебі мұндай ақын тіліндегі лексиканы талдаусыз одан кейінгі әдебиет тілінің лексикасы туралы зерттеу жүргізу мүмкін емес. Сөйтсе де поэзия тіліндегі лексиканың жартысы ауыс мағынада қолданылған сөздерден тұрады. «Сөздің мағынасын «филиациялау» жолымен жаңа сөз жасау» (Б.В. Томашевский) поэзияның бірден-бір негізгі ерекшелігі. Бұлар – поэтикалық лексика (сөздердің образды, айшықты нақышта қолданылуы) поэзияның өзі. Поэзия прозадан өзінің лексикасында бөлектенгенде ілгері көрініске (қатарға) шығаратын осы сияқты белсенді сөздерімен бөлектенеді. Бұл белсенді сөздер өзге қалыпты «пассив» сөздердің аясында, құндағында соларды фонына алып тұрады. Белгілі бір тілдік компонентті бояулы беру – оны ілгері шығару тəсілі. Өрнекті бояулы компонент өзінің осы өрнегі, бояуымен көріну үшін, оған өзінен кейін тұратын, өзінің ерекшелігін көрсетуіне мүмкіндік беретін қалыптылық, қалыпты қарапайым фон керек (онсыз өрнектілік те, бояулылық та жоқ). Міне, осы қалыпты фон сөздер тобы мен ілгері қатарға көрініске шығатын авангард ( белсенді ) сөздердің өзара теңдік, үйлесімділік қатынасы – поэтикалық тілдегі көркемдік. Егер бұл белсенді сөздер болмаса, өлең тек қалыпты («пассив») сөздерден тұрса, керісінше, қалыпты («пассив») сөздер болмаса, өлең тек белсенді сөздерден тұрса, онда өлеңде көркемдік болмайды. Яғни поэзияға тəн ең негізгі қасиет болмайды.

Я. Мухаржовский поэзияда болатын осы ерекшелікке тоқтап, былай дейді: «… в этом языке актуализация приобретает максимальную интенсивность, то есть такую, которая оттесняет на задний план сообщение как цель высказывания и становится самоцелью; она совершается не для того, чтобы служить цели сообщения, а для того, чтобы выдвинуть на передний план сам акт выражения, говорения… Актуализация какого-либо компонента обязательно сопровождается автоматизацией одного или нескольких компонентов… одновременная актуализация всех компонентов практически невозможна. Кроме того, одновременная актуализация всех компонентов поэтического произведения немыслима, так как актуализация какого-либо компонента означает выдвижение его на передний план, а все, что находится на переднем плане, познается только в сравнении с чем-то, что является фоном (задним планом)». Міне, сөздердің поэзияда қолданысқа түскен сəтінде болатын процестер, дəлірек айтқанда, өлең-постановкасында сөздердің рөл бөлісуі, негізгі герой-сөздер мен фондық, көпшілік сөздердің қимыл-əрекеті тамаша көрсетілген. Демек, поэзия тілі тарихи сөз болғанда поэзия лексикасы екі бағытта: тектік-мағыналық əрі мағыналық-жұмсалыс бағытында қатар қарастырылуы керек. Поэзия тілінің грамматикасы мен əдебиет тілінің грамматикасы да бірдей емес. Поэзия тілі əдебиет тілінде бар жеке морфологиялық формаларды əрі сөйлем түрлерін қолдануда да одан барынша ерекшеленеді. Яғни поэзияда барлық морфологиялық формалар емес, белгілі бір морфологиялық формалар ғана актив қолданысқа түседі. Бұлар – поэтикалық реңк алған формалар. Тіпті қазақ поэзиясында мақтау-арнау өлеңдер, əсіресе, жоқтау өлеңдер үшін есімшенің бір ғана —ған қосымшасы негізгі морфологиялық форма – поэтикалық тəсілі ретінде жұмсалады. Арысы VIII ғасыр, берісі XI ғасыр түркі жазба сөз үлгілерінде жоқтау, мақтау-арнау өлеңдерде де бірден-бір суреттеу, баяндау тəсілі болған, ішкі əрі жол аяғы ұйқасты құрауға қатысқан бұл форма бергі XVIII əрі XIX ғасыр поэзиясында да осы өлең түрлерінің бірден-бір поэтикалық тəсілі болды. Немесе шартты райдың са жəне есімшенің ар қосымшалары қосары негізгі баяндауыш форма болып келу мақалдарға əрі осы сөз үлгісінен дамыған дидактикалық мəнді шешендік сөздерге, шешендік толғау өлеңдерге тəн. Əдебиет тілі үшін мүмкін емес жүйеде сөйлем құру немесе сөйлеу тілінде бар барша сөйлем түрлері негізінде толғаусыз сөйлем құра бермей, тек белгілі бір сөйлем түрлерін ғана таңдау – поэзияны прозадан ерекшелейтін бір белгі. Айталық, тек қана бірыңғай көсемшелі не есімшелі тізбекті сөйлем проза тілі үшін норма болмаса, ал мұның өзі поэзия үшін норма болып табылады. Басқаша айтқанда, мұның өзі поэзияның сөйлеу тілі мен проза тіліне тəн нормаларды б ұ з у арқылы тапқан өзіндік нормасы. «Деформация литературной нормы касается, однако, самой сущности поэтического языка и поэтому было бы неверным требовать от поэтического языка его подчинения литературной норме» (Я. Мухаржовский). Демек, поэзия тілін оны өзге жанр тілінен бөлектейтінін осы ерекшеліктерді ескере отырып зерттемесе, поэзия тілі грамматикасын осы ерекшеліктің жемісі ретінде қарап талдамаса, онда поэзия тілінің барынша алабөтен өзіндік стильдік тəсілі ұмыт қалмақ. Ырғақпен, ұйқаспен астасып жатқан синтаксистік-морфологиялық норманы қарастырмаған жерде белгілі бір дəуірдің поэзиясы, тілі туралы түбегейлі сөз айту мүмкін емес.

Белгілі бір ақын-жырау тілін шығармасында көтерген тақырыппен, идеямен, жанрмен бірлікте алып қарау

  1. XV–XIX ғасырлар арасында жасалған: «Тоқтамыс толға-уы», «Сыпыра жыраудың толғауы», «Қазтуған туралы сөз», Шалкиіз сөзі, Жиембет, Ақтанберді өлеңдерінің (XV–XVII ғғ.) əрі Бұхар (XVIII ғ.), Махамбет (XIX ғ.) сияқты белгілі ақын-жыраулардың қазақ поэзиясы тарихындағы орнына баға бергенде В.И. Лениннің «Тарихи қайраткерлердің сіңірген тарихи еңбектері олардың осы күнгі талаптарға қарағанда жаңалық енгізбегеніне қарап бағаланбайды, өзінің алдындағы өткендерге қарағанда олардың қандай жаңалық енгізгендігіне қарай бағаланады» [7], – деген қағидасы тұрғысынан баға беру керек.
  1. «Қазтуған туралы сөз», Шалкиіз, т.б. ақындар өлеңдері негізінен алғанда, феодалдық дəуір поэзиясына тəн ода мен ерлік — серілік өлеңдер. Ал осылармен тұстас туған «Орақ – Ма-май», «Əділ сұлтан» сияқты жырлар – ерлік — жауынгер — шілік тақырыптағы тарихи жырлар.

Бұл дəуір поэзиясының осы сипатта туып дамуы – оның жеткен биігі. Бұларда көрінбеген қоғамдық ой, жалпы халықтық мүдде мəселесі сол дəуірдің күн тəртібіне қойылмаған мəселесі, яғни қоғамның даму дəрежесінің мүмкіндік бермеген мəселесі.

  1. Бірақ бұл ақын-жыраулардың шығуы, ерлік-жауынгерлік тақырыптағы жырлардың тууы – тарихи құбылыс. Өйткені бұлар, біріншіден, қазақ поэзиясының XV–XVIII ғасырлар деген үлкен бір дəуірін құрайды, екіншіден, осы XVII ғасырға дейінгі дəуірдегі қазір із-түзсіз, беймəлім поэзия туралы түсінік-топшылаулар жасауға мүмкіндіктер береді, үшіншіден, өте көне дəуірден қалған сөз үлгілеріне соңғы дəуір поэзиясы тұрғысынан кері жүріп өткелек құруға аралық дəнекер болады.
  1. Қазақ поэзиясында қоғамдық ой, жалпы халықтық мүдде Бұхар жырау поэзиясында көрінді. Бұған негізгі себепші қалмақ шапқыншылығы болды. Сыртқы жаудың шапқыншылығы күн тəртібіне қазақ халқының қайта

бірігу мəселесін қойды. Дəлірек айтқанда, «Бұхар қазақтың үш жүзінің басы қосылып, бір орталыққа бағынған күшті мемлекет болуын аңсайды. Сондықтан Абылайды осы арманды жүзеге асырушы деп есептеп, оны ісімен де, жырымен де қолдайды, хандықтың нығаюы, хан үкіметінің берік болуы жолында күреседі» (ҚСЭ, 2-т., 532-б.).

Хандық мекеме – бұқара халықты қанаушы мекеме болғанына қарамай, қоғамдық даму жағдайы негізінде келіп шыққан заңды, тарихи құбылыс. Өзінің еркін билеуші осы тарихи мекемеге қызмет ету Абылайдың да, Бұхардың да борышы. Адамдардың еркінен тыс болатын нəрселер үшін, адамдардың өздерінің еркінен тыс жасайтын əрекеттері үшін оларды кінəлауға əсте болмайды. Бұған Ф. Энгельстің: «Құлдық сияқты масқара көріністерге асқан адамгершілікпен ашу-ызаңды ақтара отырып, құлдық жəне т.с. жөнінде жалпылама жел сөзді үйіп-төгуден оңай нəрсе жоқ. Амал не, бұл ашу əркімге белгілі жайды ғана, атап айтқанда, бұл антикалық мекемелердің біздің қазіргі жағдайымызға жəне осы жағдайларға байланысты сезімдерімізге енді сəйкес келмейтіндігін ғана көрсетеді. Бірақ мұнда біз бұл тəртіптердің қалай пайда болғаны, бұлардың неліктен өмір сүргені жəне тарихта қандай рөл атқарғаны жайында мүлде ештеңе білмейтін боламыз» [8], – дегені тұрғысынан қарап баға беру керек болады.

Осы тұрғыдан келгенде, XVIII ғасырда Бұхар қазақ поэзиясында бұған дейін жоқ жаңа тақырыпты – халықты бірлікке шақыру, осы бірліктің ұйтқысы – хандық мекемені нығайтуды уағыздау сияқты қоғамдық дəуірлік тақырыпты көтерді. Ал мұның өзі, екінші кезекте, сол дəуірдегі қоғамдық ойдың көтерілген биігі де болды. «Адамдардың болмысын олардың санасы билемейді, қайта олардың санасын өздерінің қоғамдық болмысы билейді» [9]. Сондықтан да адамдардың санасына баға бергенде олардың өздері жасаған дəуірдегі қоғамдық болмыстық тұрғысынан келіп баға беру керек болады.

Олай болса, белгілі бір дəуірдегі қоғамдық болмыс адамдарға нені айтқыза алар еді, нені шешуді алға тарта алар еді деген тұрғыдан келуіміз керек болады. Өйткені «…адамзат өзінің алдына əрқашан тек өзі шеше алатын міндеттерді қояды, өйткені анықтап қарағанда əрқашан да міндеттердің өзі тек оны шешуге қажетті материалдық жағдайлар болып отырған кезде ғана немесе ең болмағанда, болуға таянып отырған кезде ғана туады» [10].

  1. Бұхар поэзиясында қазақ халқы тұтастай жырланады. Оның поэзиясында бай-кедей жоқ, тұтас халық бар. Оның «жақсы», «жаман» деп атайтын адамдары тап мүшелері емес, олар өзі тұтас алып отырған қоғамның адамдары . Мақталып жатқан бай да, кемсітіліп жатқан кедей де жоқ.

Бұхардың ізгі тілегі – қоғамның түгел мүшесіне ортақ тілек. Тыныштықты, берекені, бірлікті, отбасы амандығын адамдарды алаламай, жұрттың бəріне бірдей тілейді. Бұхарда бар осы ерекше сипат XIX ғасырдың 60-жылдарындағы ағартушыларға тəн сипатқа көп жақын. В.И. Ленин олар жөнінде: «Ағартушылар өздерінің айрықша көңіл бөлерлік нəрсесі ретінде халықтың бірде-бір табын жекелеп алып қараған емес, бұлар тек жалпы халық туралы ғана емес, тіпті, керек десе, жалпы ұлт туралы сөз қылды» [11], – деген болатын.

  1. Қазақ поэзиясында қоғамдық оймен қатар бірінші рет бұқаралық мүдде Махамбет поэзиясы арқылы көрінді. Мұның басты себебі: Махамбет поэзиясы шаруалар көтерілісі негізінде, соның тікелей əсерімен туды. Ал шаруалар көтерілісі қауым топтарына саяси пішім берді, көтеріліс оларды жікке бөлді. Көтерілістің осы даналығы Махамбеттің даналығы болып поэзияға түсті. Ол көтерілістің тілін сөйледі, көтерілістің көзімен қарады. Осы себепті де Махамбет нені көріп, нені көре алмаса да, нені айтып, нені айта алмаса да, оны көтерілістің сипатынан іздеу керек болады.

Махамбет қазақты Бұхар сияқты тұтас алған жоқ, оны қара халыққа (бұқараға), ел билеуші ə кім , хан — сұлтанға бөліп қарады. Əрине ол əкімдікті сынаған жоқ, əкімді сынады. Əкімді Жиембет те, Бұхар да сынаған болатын, бірақ олар терезесі тең адам ретінде сынаса, Махамбет əкімді бұқара көзімен сынады. Ал мұның өзі сол кездегі қазақ поэзиясы үшін ірі табыс болды, қазақ поэзиясының жаңа белесі болды.

  1. Поэзияда ненің айтылуы – поэзия назарынаң жемісі, поэзия ақыл-көзінің жемісі. Қазақ поэзиясында ненің айтылып, ненің айтылмауы – поэзияның нені көріп, нені көре алмауының нəтижесі. Ал енді қалай айту – түсініктің, идеяның жемісі. Демек, қазақ поэзиясында ненің айтылып, ненің айтылмауында əрі ненің қалай айтылуында осы поэзияның сезіну, көру, бағалау тарихы жатыр. Олай болса, XV–XIX ғасырлар аралығындағы поэзия тілі – осы сезіну, көру, бағалаулардың сипатымен бірліктегі нəрсе.

«Жаңа идея əдетте жаңа тілді талап етіп отырады» (В.Г. Белинский). Өзінің сезініп, көріп-көтерген тақырыбы арқылы поэзияда жаңа объектілер сөз болады, ал идея арқылы бұл объектілерге өзгеше мазмұн белгіледі, олар белгілі бір көзқарас тұрғысынан баяндалады. Айталық, Шалкиіз, Жиембет сияқты жырау өлеңінде келетін халық, хан сөзі мен Махамбет өлеңінде келетін халық , хан сөзінің мағынасы да, тілге оралу жағдайы да екі басқа. Ілгергі екі жырауда халық , хан сөзі осы сөздің жай қалыпты атауыш мағынасында қолданылса, Махамбетте бұл екі сөзге таптық (бұқаралық) көзқарас тұрғысынан бөлек, қосымша мағына беріле қолданылады. Немесе қазақ сөзі қазақ поэзиясында жалпы халықтың жиынтық атауы ретіндегі ұғымда бірінші рет Бұхар жырауда ғана қолданылған.

  1. Поэзияда ненің (бір объектінің) аталуы, я белгілі бір формалардың қолданылуы поэзияның жанрына да қатысты. Яғни поэзия тілі жанрмен бірлікте қаралуы керек.

Өйткені «əдеби жанр категориясы – тарихи категория. Жанр сөз искусствосы дамуының тек белгілі бір кезеңінде ғана көрінеді де, одан соң үнемі өзгерісте болады». Ал əрбір жанрдың тіпті өлең түрінің де өзіне тəн ырғақ жүйесі, лексикалық құрамы, синтаксисі болады. Бұл ерекшеліктерін жанрына, өлең түрлеріне қатыссыз сөз ету – домбыраның тиегін, ішегін, пернелерін, т.б. тетіктерін оның өзіне қатыссыз, одан бөліп алып сөз ету сияқты болар еді. Ішек, тиекті домбыраның өзінсіз сөз ету қандай болымсыз болса, поэзия тілін жанрсыз, өлең түрлерінсіз сөз ету де сондай болымсыз болар еді.

Мұның сыртында қазақ поэзиясы тарихына үңіле қарасақ, жанрлар тоғысуын (эпостық жырларда азаматтық поэзия үлгілерінің жүруін, т.б.), бір ақынның бірнеше жанрда, бірнеше өлең түрінде мұралар қалдырғанын көреміз. Міне, осы жанр тоғысуы, өлең түрлері айыра ескерілмеген жерде, белгілі бір шығарма я ақын тіліндегі осы жанр тоғысуы таңған ерекшеліктер айыра көрсетілмеген жерде поэзия тілі жүйелі əрі қажетті тұрғыда зерттелмек емес.

а) XV–XIX ғасырлар аралығындағы қазақ поэзиясында дидактикалық мазмұндағы шешендік сөз, шешендік толғау сөз, терме-толғау өлең поэзияның өзге қай түрінен болсын ең құрметті орынға ие болды. Толғау айту (толғау) қазақ ұғымында даналықтың, ақылгөйліктің белгісі ретінде қабылданды.

Бұл шешендік толғаулар – табиғат құбылыстары заңдылықтарына қорытынды жасайтын, бұл заңдылықтарды өмірде адам-дарға өлшемге алатын дидактикалық философиялық туындылар; бұл шешендік толғаулар – өмір тəжірибесінің қорытындыларын тізген ақыл шежіресі; бұл шешендік толғаулар – халықтың тəлім-тəрбие жайлы ережелерінің жиынтығы.

Шешендік толғау сөздер өзінің мазмұны мен тақырыбы жағынан осылайша барынша бір сарынды болғандықтан, форма жағынан да барынша біртектес: белгілі топтағы лексикалары, санаулы формаға құрылған синтаксистік жүйесі бар шешендік толғау өлеңдерде белгілі топтағы жеке сөздер көбіне қайталап отырады жəне біртектес формаға құрылған баяндауышты сөйлемдер үнемі қайталап отырады. Бұл жағынан, шешендік толғау өлеңдер ауызекі тіл сөйлеу тілі заңдылығына өте жақын заңдылыққа ие мақал-мəтелдерді еске түсіреді.

Демек, қазақ поэзиясындағы ірі бір сала – дидактикалық маз-мұнды шешендік сөз, шешендік толғау сөздер өзінің стильдік жүйесі жағынан өзге сөз үлгілерінен барынша ала бөтен. Бұлар мақал-мəтелдер сияқты XV ғасырда да, XVI–XVII ғасырларда да, тіпті XVIII–XIX ғасырларда да бір үлгіде туып отырған.

ə) Ал қазақ поэзиясында XV ғасырдағы «Сыпыра жырау толғауы», «Тоқтамыс сөзі», XVI ғасырдағы «Орақ – Мамай жыры», «Ер Тарғын жырындағы» кейбір үзіктер əрі Махамбеттің (XIX ғ.) біраз өлеңдері – азаматтық-ерлік, ерлік-жауынгерлік мазмұнда туған, өзара өте жақын стильдік-тілдік жүйеге ие сөз үлгілері. Бұлар – өзінің лексикасы əрі синтаксисі, өлең құрылысы жағынан дидактикалық мазмұндағы шешендік толғаулардан бөлек үлгідегі туындылар.

.

б) Қазақ поэзиясында сипаттай, суреттей айтылатын жоқтау, мақтау түрінде келетін арнау өлеңдер өзінің сөз таңдау, сөзге поэтикалық мағына беру, белгілі бір грамматикалық формаларды ерекше бөлек қызметке жегу жағынан, əрі синтаксистік жүйесі жағынан өз алдына бір бөлек топ құрайды. «Қазтуған туралы сөз», Шалкиіз өлеңдері осы үлгіде туған. Бұхар мен Махамбет те өздерінің біраз өлеңдерін осы үлгіде шығарған. Тіпті, «Сыпыра жырау толғауында», «Тоқтамыс сөзінде» де, «Орақ – Мамай жырының» өзінде де осы үлгі аралас күйде жиі келіп отырады. Яғни бұл үлгіде де қазақ поэзиясында мұралық, дəстүрлік, жалғастық əсер-ықпал ізі жатыр.

в) Қазақ поэзиясында, əсіресе, Махамбет поэзиясында эпостық-батырлық жырлардың əсері едəуір. Осы себепті де оның өлеңдерінің стильдік-тілдік жүйесінде фольклордың осы жанрына тəн стильдік-тілдік белгілер мол ұшырасып отырады.

 

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.