Қазақстан астығын сақтаудың өзекті мәселелері

Home » Рефераттар » Қазақстан астығын сақтаудың өзекті мәселелері
Рефераттар Комментариев нет

Қазақстан астығын сақтаудың өзекті мәселелері және оны экспорттаудың тиімді жолдары

Биыл Қазақстанның ауыл шаруашылығы мол табысқа кенелмек. Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойының қарсаңында ел аумағында 25 млн. тоннадан артық астық жиналды. Мұның 8 млн тоннасы ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Мамандардың айтуынша, еліміздегі орақтың көлемі бұрын-соңды мұндай көрсеткішке жеткен емес. «Бұған қолайлы ауа райының ғана емес, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарындағы Елбасының салиқалы аграрлық саясатына сәйкес саланы мемлекеттік қолдаудың және диқандардың қажымас еңбегінің арқасында қол жеткізейін деп отырмыз», – дейді ауыл шаруашылық министрі.
Жалпы, Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған жердің жалпы аумағы 222,6 млн гектар құрайды екен. Оның ішінде он пайызы ғана, яғни 24 млн гектар жер егіс егуге жарамды саналады. Биылғы жылы ауылшаруашылық дәнді дақылдар 21,2 млн гектарға егілсе, 16,2 млн гектар жерге дәнді дақылдар, оның ішінде 13,8 мың гектар жерге бидай егілген.
Қазақстан ең қолайсыз жылдардың өзінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспортқа едәуір астық шығару мақсатында жеткілікті мөлшерде астық өндіріп келеді. Соңғы 5 жылда (2006-2010 жылдар) астық өндірісінің орташа жылдық көлемі 17,0 млн тоннаны құрады, бұл оның алдындағы 5 жылдың (2001-2005 жылдар) көрсеткішінен 2,4 млн. тоннаға немесе 16,4 пайызға жоғары. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің дерегі бойынша былтыр 5,5 млн. тонна бидай, 2,3 млн. тонна ұн экспортқа шығарылған. Ал биылғы жылдың алғашқы үш айында 3 млн. тонна бидай, 1,5 млн. тонна ұн сыртқа жөнелтілді.
Астық өндірісінің өсуі астық пен оның қайта өңделген өнімдері экспорты көлемінің жоғарлауына септігін тигізді. Нәтижесінде, Қазақстан бүгінгі күні әлемдік нарықта бидай сатудан әйгілі алтылыққа кіреді, ал ұн экспорттаудан 2007 жылдан бері жетекші орында келеді. Мәселен, дүниежүзілік нарықтағы ұн экспортының бір жылдық көлемі 11,5 млн. тонна болса, осының 19 пайызы біздің елдің үлесінде. Ал, ішкі нарықтағы өзіміздің жылдық тұтынуымыз 2,681 млн. тоннаға пара-пар. Яғни, бұл жылына әр қазақстандыққа 167 келі ұн өнімдерінен айналады деген сөз. Еліміздің биылғы бидай экспортының әлеуеті жылдағыдан кем болмайтыны анық. Осы жылы әлемдік астық саудасына көршіміз Ресей мен Украина мемлекеттері қатты кіріскелі отыр. Биыл Ресейде жылдағыға қарағанда егін бітік шықты. Ресми мәліметтер бойынша, 2011 жылы Ресей 85-90 млн. тонна, ал Украина 40-45 млн. тонна астық жинайды деп күтілуде. Тіпті, Украинаның аграрлық сала басшылығы «егер астықтың орташа сатылымы тоннасына 180 доллардан айналатын болса Украина 21-22 млн. тонна бидайдан 4 млрд. доллар пайда табады» деген ақпар беріп те үлгерді. Әлемдік сарапшылар Ресей, Украина және Қазақстан астық экспортының 30 пайызын иемденгелі отыр деп есептейді. Сондықтан, әлемдік нарыққа астық шығарарда іргедегі көршілеріміз отандық бидайға сөзсіз бәсекелес болады. Себебі, бұл екі елмен салыстырғанда бізге теңізге шығу қиын, тасымал шығыны артық. Осыған орай, сарапшылар Қазақстан бидайын өткізу үшін арзандау болса да жылдағы дәстүрлі нарық жолы тиімді дегенді айтады.
Қазақстан Президенті Үкіметке жылдан-жылға астық экспортының көлемін ұлғайтуға және Қазақстанды әлемдік астық экспорттаушы бестіктің қатарына енгізу жөнінде нақты тап-\сырма берген болатын. Осы міндетті жүзеге асыру үшін Каспий жағалауы мен теңіз маңында орналасқан елдерге жеткізу жолдары қарастырылды. Қазақ бидайы бұған дейін бұл нарыққа Ресей, Өзбекстан және Түрікменстан жерімен теміржол арқылы тасымалданып келді. Басқаша айтқанда, Қазақстанның астық экспортының тиімділігі осы елдердің көлік саясатына тікелей тәуелді. Сондықтан астық тасымалдаудың балама жолдарын табу қажет болды. Каспий теңізі арқылы Кавказ маңы елдеріндегі нарықтарға жеткізу үшін өткен жылдан бері Ақтау портында астық терминалының өткізу қабілеттілігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Бакуде астық терминалы мен диірмен кешенінің құрылысы қолға алынған. Бұған қоса Грузияның Поти және Иранның Амирабад порттарында астық терминалдарының құрылысы бойынша қосымша жобалар іске асырылуда. Балама жоба ойдағыдай жүзеге асса, Қазақстан астығының Каспий теңізі арқылы экспорт бағыты кеңейе түспек.
Жалпы алғанда, қазақ бидайы 25 мемлекетке сатылады. Астықтың басым бөлігі ТМД елдеріне тасымалданса, қалғаны ірі көлемде Иран, Түркия, Ауғанстан, Грузия, Ұлыбританияға жөнелтіледі.
Отандық бидайдың дәстүрлі тұтынушылары дегенде шекаралас жатқан Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан, және Әзірбайжан елдерін айтамыз. Себебі, біздің ұн өндірісінің 95 пайызы осы мемлекеттерге жөнелтіледі. Биылғы жылы қуаңшылықтан Тәжікстанда 34 мың гектар астық дақылдары күйіп кетті. Осыған орай, сарапшылар Тәжікстан бар-жоғы 250 мың бидай алады деп болжап отыр. (Еске сала кетейік 2010 жылы тәжіктер 547 мың астық жинаған болатын). Мұндай жағдайда Тәжікстан бидайы көп Қазақстан мен Ресей астығына қолқа салары анық. Әрине, тәжіктерге іргедегі Қазақстанның сапалы бидай мен ұнын сатып алған тиімді. Қазіргі күні отандық астық оңтүстікке қарай тасымалдануда. Бірақ, іс жүзінде еліміздегі бидайдың бағасы әлемдік биржадағы бидай бағасымен теңесіп тұр. Алайда, бұл жағдай отандық бидайдың әлемдік нарыққа шығуына аса қолайлы емес. Себебі, теңіз порттарына жеткенше оның бағасы француздық, американдық, тіпті, ресейлік астыққа қарағанда тоннасына мөлшермен 80 долларға қымбаттап шыға келмек. Бұл сатып алушыға да ауыр тиері сөзсіз. 2010 жылы бидайдың шығымы төмен болғандықтан, нарықта астық тапшы болды. Елімізде жоғары класты бидайдың құны көтеріліп, тоннасы 38 мың теңгеге жеткенді. Дегенмен, елімізде жиын-терін толық аяқталған кезде ішкі нарықтағы баға да түсері сөзсіз. Қазірдің өзінде еліміздің шекаралық бекеттеріндегі астық құнына қарасақ, отандық 3 класты бидайдың бағасы тоннасына Луговой стансысында (Қазақстан-Қырғызстан) 267 доллардың төңірегінде болса, Сарыағашта (Қазақстан-Өзбекстан) 270 доллар. Ал Ауғанстан, Тәжікстанда тоннасына 325 доллардан айналуда. Жоғарыда биылғы жылы Ресейде бидай бітік шыққандықтан астық бағасын түсіруге тырысатынын айттық. Сондықтан, бидай импорттаушыларға таңдау мүмкіндігі де ашылып отыр. Сарапшылар отандық астық экспорттаушыларға Әзірбайжанның нарығына кіру қиынға түсуі мүмкін деп болжауда. Себебі, бүгінгі күні Әзірбайжандық астық жеткізуші компаниялар Ресеймен келісімшарт жасауға кірісе бастаған. Мәселен, Әзірбайжан нарығында ресейлік бидайдың бір тоннасы 220 доллардың көлемінде сатылса, қазақстандық астық бағасы мұнда 315 доллардың көлемінде саудалануда. Кейінгі жылдары Пәкістан мемлекеті де біздің бидай өндірушілерге бәсекелес болып, Ауғанстанға астық жеткізіп отыр.
Қазақстандық астықты экспорттаудың келешегі бар бағыттың бірі Қытай болып табылады. Кейінгі кезде Қазақстан астығына Қытай мемлекеті де қызығушылық таныта бастағанын байқау қиын емес. Қазір «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Қытай шекарасында темір жол астық терминалын салу жөнінде мәселемен шұғылдануда. Егер осы мәселе дұрыс шешілсе астықты экспорттаудың бұл да бір тиімді жолы болар еді.
Бір есте сақтайтын жайт, әлемдік астық өндірісі биылғы жылы 674 млн. тоннаны құрайды деп есептелгенмен тұтыну қажеттілігі 1,83 млрд. тоннаға жетіп отыр. Сондықтан отандық өндірушілер үшін жаңа нарықтарды игеріп, астықты өлкенің мүмкіншілігін тиімді пайдалану жолдарын қарастырған жөн.
Алайда, астықты сақтау мәселесі де әлі дұрыс жолға қойылмаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2011 жылдың 5 тамызында 131 астық қабылдаушы кәсіпорын тексеріліп, оның ішінде 18 элеватор астық қабылдауға дайын еместігі анықталған. Оның үстіне, осыдан 40-50 жыл бұрынғы кеңестік қаңсық техникамен жұмыс істеп тұрған элеваторларда уақыт талабына сай заманауи құрал-жабдықтар да жоқтың қасы. Өйткені, бүгінгі күні елімізде 13,5 млн. тонна өнім сыятын 214 лицензияланған астық қабылдайтын нысан тіркелгенімен, олардың дені жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Үкіметке қарайтын кәсіпорындардың саны тым аз. Биылғы жылы ылғал мол. Сондықтан қамбаға түскен бидайды кептіріп алу қажет. Дәл осындай ахуал 2006-2008 жылдары орын алған. Жинап алынған астықтың жартысын кептіруге тура келіп, элеваторлардың аппараттарының қуатының әлсіздігінен бұл үрдіс желтоқсан айының басына дейін созылып кетіп, бидайдың едәуір бөлігінің бұзылуына әкеп соққан. Осыған орай, астық қабылдайтын кәсіпорындардың дайындығымен ғана шектелмей, олардың бидай кептіретін қосымша құрылғыларын тағы бір тексеріп шыққан жөн секілді. Әйтпесе, 2009 жылы астықтан рекордтық көрсеткіш (22 млн. тонна) алып, сақтайтын орын табылмай және жинап үлгермей қаншама егіннің қар астында қалып кеткені де есімізде.
Әрине, әлемде астыққа деген сұраныс артып отырған кезде экспорт саудасын да пайдалану қажет Дегенмен, бидайды шикізат күйінде сыртқа шығарудан бұрын, оны өзімізде сақтау жағына баса мән беріп, орып алынған астықты өңдеп, түрлі қажетті заттар алуды ойластырған жөн. Мәселен, қазіргі уақытта көптеген елдер бидайдан экологиялық таза биоотын, арпадан сыра және басқа да заттар жасап, сол арқылы пайда табуда. Осы әдісті біз де қолдансақ, өз бидайымыздан да түрлі дайын өнімдер жасауға болады. Бұл бір жағынан өндіріс көлемін өсіріп, аталған салаға жаңа технологиялар енгізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, дайын өнімнің бағасы шикізаттан жоғары болатыны сөзсіз. Оның үстіне егін бітік шыққан жылы көп бөлігін қоймаларда сақтап, әлемді қыспаққа алып келе жатқан азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің де алдын ала берген дұрыс.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.