Қазақстан Республикасы мемлекетінің құқықтық дамуының негізі

Home » Рефераттар » Қазақстан Республикасы мемлекетінің құқықтық дамуының негізі
Рефераттар Комментариев нет

Құқықтық мемлекет идеясының сан ғасырлық тарихы бар. Ол сонау ежелгі дəуірден бастау алады. Құқықтық мемлекеттің негізгі белгісі — заңның қоғам өміріндегі үстемдігі, жоғарылығы. Қоғам өмірінің анағұрлым жақтары заңдар арқылы реттелуі керек. Мемлекет тек дамыған ұлттық құқықтық жүйенің болуымен, оның шынайы жұмыс істеуімен ғана құқықтық мемлекет болып табылмайды. Мемлекеттің құқықтық сипаты барынша демократиялық, прогрессивтік гуманистік құқықтық идеялардан тұратын халықаралық құқық тұрғысында өзін қалай сезінетінімен анықталады. Конституцияда Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидалары мен нормаларын құрметтейді деп жазылған. Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген құқығына республиканың халықаралық келісімі – шарттық жəне басқа да міндеттемелер кіреді. Республикамен ратификацияланған халықаралық шарттар оның заңдарынан басым болады жəне халықаралық шартқа сəйкес оның қолдануына заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа уақытта тікелей қолданылады. Аталмыш конституциялық қағидалар құқықтық мемлекеттердің негізгі заңдарының деңгейінде қолданылады.

Жалпы құқықтық мемлекет дегеніміз не? Осыған тоқталатын болсақ. Құқықтық мемлекет дегеніміз Конституциялық басқару тəртібі жəне дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі бар мемлекет нысаны. Құқықтық мемлекет өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тəуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқықғы бұзылуына жол бермеуді жəне оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастыратын мемлекет. Құқықтық мемлекет идеясы — мемлекеттің жəне органдарының зорлық – зомбылығынан, басынуынан азаматтарды қорғау кепілі болатын мемлекеттің құқықпен байланыстылығы. Құқықтық мемлекет, ең алдымен барлық мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер жəне азаматтар бағынуы тиіс өзіндегі құқықтық ережелермен өзін-өзі шектейтіндігімен ерекшеленеді. Ал ондағы басты принцип – құқық үстемдігі. Құқық үстемдігі деген ең алдымен заң үстемдігі дегенді білдіреді. Басты, маңызды қоғамдық қатынастар заңмен реттеледі. Қоғам өмірінде заң үстемдігі арқылы, барлық саяси институттарда жоғарғы құқық бастаулары, құқық рухы енгізіледі. Осылайша, азаматтардың құқықтарының шынайлығы əрі мызғымастығы, олардың сенімді құқықтық мəртебесі жəне заңдық қорғалуы қамтамасыз етіледі. Құқықтық мемлекет ең алдымен, ққықтық мемлекет идеялары іске асқан Конституциялық мемлекет. Конституциялық құрылымның негізгі қағидаттары, қоғам дамуының маңызды бағыттары, оның басты идеялары конституциялық деңгейде бекітіледі. Конституция құқықтық жүйенің орталығы болып табылады. Соның негізінде құқықтық мемлекеттегі заңдылық тетіктері қалыптасады.

Конституция – бұл күрделі құқықтық акт. Оның құқықтық жүйесіне түрлі құқықтық актілер топтпстырылған. Конституция – бұл декларативтік жəне нормативтік қағидалардың ғана жиынтығы емес, ол құқықтық қарым-қатынастың басты ережесі. Олар құқықтық тəртіпті үздіксіз қалыптастыру жəне дамыту процесінде ұдайы қолданылуы жəне нақтылануы тиіс [2]. Қазақстан Республикасының Конституциясы (constitutio – құрылғы, жарғы заң) – Қазақстан халқының егемендік құқығына сай 1995 жылғы 30 тамызда өткен республикалық референдумда қабылданып, оның нəтижесі ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енген, Қазақстан Республикасының Ата Заңы. Оның жоғары заңдық күші бар жəне еліміздегі барлық іс- қимыл мен қалыптасушы жүйелердің нормативті базасы болып табылады. əрі республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Бейнелей айтсақ, бұл Конституция – мемлекетке қоғамның құқықтық сенімі жəне халықтың берген төлқұжаты деуге болады. Қазақстан Республикасының Конституциясы республикалық құрылыстың негізін, мемлекеттік билік жүйесін жəне Қазақстан мемлекеті мен оның азаматының қатынасын белгілейді. Адам жəне оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын Конституция мемлекетінің ең қымбат қазынасы деп, сол үшін қызмет етуі тиістігін атап көрсетеді (1 – баптың 1 – тармағы).

Қазақстан Республикасының бұрынғы 1993 жылғы Конституциясымен салыстырғанда, жаңа Конституция барынша жетілдірілген ішкі біртұтастығымен жəне қазіргі заманғы либералдық-демократиялық құндылықты толық баянды етумен пара- пар, еліміздің даму тенденцияларымен мемлекет биліктерінің шегін белгілеп берумен ерекшеленеді [3]. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымындағы соңғы жылдардағы болып өткен сапалы өзгерістер оларға жаңаша ғылыми көзқарас тұрғысында баға беруді қажет етеді. Кез келген мемлекет үшін негізгі заңның маңызы зор. Ал мемлекеттік тəуелсіздігін жариялап, дербес, зайырлы жаңа қоғамдық құрылыстың негізін қалай бастаған жас Қазақстан мемлекеті үшін негізгі заңның қай бағытта, қандай мазмұнда жазылып, іске асырылуы тіпті де аса қажеттілік екендігі белгілі. Осындай қажеттіліктерді игеру мақсатында қолданыстағы негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы конституциялық реформаның жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. Құқықтық мемлекет құру мен қоғамды демократияландыру – қайшылықты ұзақ та күрделі процесс. Бұл біздің жас мемлекетіміздің аяғынан қаз тұру жолынан да байқалады. Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғам өміріне өту қажеттілігі айқын болған күнен бастап – ақ Қазақстан тұрғындарынаң алдында ең алдымен Қазақстан мемлекетінің егенмендігі мен тəуелсіздігін қорғау міндеті тұрады. Бұл орайда, демократияны дамыту – меншік қатынастарын реформалау мен нарықтық экономикаға өту, экономиканы тығырықтан алып шығудың, ұлттық мемлекеттің қалыптасуына қолайлы жағдай туғызудың толассыз жолы. Саяси саладағы басты мақсат – жас егеменді мемлекетті қуатты президентті мемлекет ретінде қалыптастыру. Біздің мемлекетімізде барлық азаматтардың теңдігі, барлығының заң алдындағы жауапкершілігі, кімнің қай ұлтқа жататындығына қарамастан бірдей екендігі əуелден – ақ нақты көрсетілген. əрине, кейбір жағдайда жергілікті ұлт – қазақтардың мүддесі ерекше ескеріледі. Мұндай жағдайға ұлттық мəдениетті, тілді өркендету, қазақ диаспорасының рухани-мəдени жəне басқа да байланыстарын қалпына келтіру, олардың өз Отанына қайтып оралуына қолайлы жағдайлар туғызу жатады. Басқа елдер деңгейімен салыстырмалы түрде алғандағы экономикалық байлыққа қол жеткізудің алғышарты – бүкіл қоғамдық өмірді демократияландырған тұрақты құқықтық мемлекет құру болып саналады [4].

Құқықтық демократиялық мемлекетте Конституция,яғни біздің қоғам өмірінің негізгі заңы аса жоғары мəнге ие. Конституция жобасы Қазақстан Республикасы тəуелсіздік алғаннан бастап жасалына бастады. Конституция қабылдаудан бұрын бүкілхалықтық талқылаудан өтті. Біздің Конституциямыз бойынша Қазақстан халқы егемендіктің иесі, республикадағы мемлекеттің биліктің жалғыз қайнар көзі болып табылады. Республикада тек қана қазақтар емес, басқа ұлт өкілдері де тұрады. Сондықтан, саяси ымыраға келу қажет болғандықтан, қазақ халқы өз қамын күйіттеумен қоса, жас мемлекетіміздің тыныштығын, оны одан əрі нығайтуды ойлауы керек. Құқықтық мемлекет құру, қоғамды демократияландыру, жалпы ұлттық келісім мен ынтымақтастық Қазақстан Республикасының əлемдік қауымдастықтың лайықты толық мүшесі болып енуінің басты шарты болып табылады. Иə, Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет. Енді осының ішіндегі «құқықтық мемлекет» терминіне анықтама беріп кетсек: құқықтық мемлекет – жеке адам мен қоғам мүддесін қорғайтын, заң үстемдігі мен құқық принциптеріне негізделіп құрылған мемлекет. Ол принциптер: 1. Заңның үстемдік етуі; 2. Мемлекеттік биліктің заң щығарушы, атқарушы жəне сот бтъиліктеріне бөлінуі; 3. Адам мен азамат бостандығына жəне құқығына халықаралық өлшем деңгейінде кепілдік берілуі; 4. Тұлға мен мемлекеттің өзара жауаптылығының болуы жəне т.б. Əрине, заң ең алдымен қоғамдағы əлеуметтік қатынастарды реттеуші механизм ретінде пайда болып, қоғамдық тұрақтылықты сақтаушы міндетін атқарады. Əсіресе қоғамдық қатынастарды демократияландыру арқылы құқықтық мемлекет құруға бет алған Қазақстан халқы үшін заңның маңызы күннен күнге арта бермек. Сондықтан да қоғам мүшелері үшін заңды білудің жəне заңдылықты сақтаудың маңызы өте үлкен. əрбір қазақ үшін, өзін қазақстандықпын деп есептейтін əрбір азамат үшін жалпы заңды, əсіресе Конституцияны білудің, оның талаптарын орындаудың қаншалықты маңызды екендыгы туралы тұңғыш президентіміз Н.Ə. Назарбаев 18 ғасырдың аса ірі мемлекет қайраткерлері Төле биді, Əйтеке биді жəне Қазыбек биді еске алуға арналып, 1993 жылғы мамырдың 28-нде Ордабасында өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Тəуелсіздік туын қолда берік ұстау — əрбір қазақтың, Қазақстанды өз Отаным деп санайтын əр адамның ең басты борышы, ең биік мақсаты. құқықтық мемлекетке, демократиялық қоғамға тəн заңдылық қағидасын қатаң сақтай алсақ қана , ол борышты адал ақтап, ол мақсатқа қапысыз жете аламыз. Конституцияны білу, заңдылықты сақтау – құқықтық мемлекет құрудың бірінші шарты. əз Тəукенің тұсындағы қазақ қауымының дəуірлеуі ең алдымен осы заңға жүгінуге байланысты болғанын ұмытпағанымыз жөн. Заңды жетік білмейінше, оны сыйламайынша, берік ұстанбайынша, біз өмірдің қай саласында да қиыншылықтан арылыа алмаймыз», — деді.

Əдебиет: 1. Баккулов С. Құқық негіздері. Оқу құралы. КазМСКА. Алматы. 2001 ж. 2. Сапарғалиев Г., Ибраева А. Мемлекет жəне құқық теориясы. Оқу құралы. Алматы. 1997 ж. 3. Сапарғалиев Г. Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы. Оқулық. Алматы. 1997 ж. 4. Мустафаев Қ.А. «Құқықтық тəлім — тəрбие мен жалпы оқытудың іс-шаралары» // Заң.-2005ж.- № 5.-31-33б. 5. Ағдарбеков Т. Мемлекет жəне құқық теориясы: оқулық.- Алматы, 2003ж.,- 212-216 б.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.