Қазақстан Республикасында әлеуметтік мемлекеттің қалыптасуы

Главная » Рефераттар » Қазақстан Республикасында әлеуметтік мемлекеттің қалыптасуы

Қазақстан Республикасында әлеуметтік мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының көкейкесті мәселелері. 

Әлемдік және отандық құқықтық зерттеулердің нәтижелері көрсетіп отырғандай қазіргі жағдайларда мемлекеттердің қоғаммен, әлеуметтік топтармен және жеке азаматтармен қатынастары — мемлекет белгілерінің ішіндегі ең құндысы, ең маңыздысы. Адам мен азаматтардың құқықтарын құрметтеу, құқықтық қатынасқа түсуші барлық субьектілердің жоғары дамыған құқықтық мәдениеті тектес мәселелер барлық құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекеттердің негізгі өзегіне айналған. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-құқықтық мемлекет сипатына ауысуы оның қоғамдық-саяси өміріне жаңа түрдегі әлеуметтік, саяси, идеологиялық және құқықтық жандандыруларды енгізуді талап етті. Еліміздің осы бағыттағы жандандыруларының негізгі мақсаттарының бірі — әлеуметтік мемлекет құру. Бірақ мұның мәнінің кез-келген қарапайым адамның санасына тез еніп кетуі мүмкін емес. Себебі, ұсынылған бастама бұқара халықтың қоғамдық санасында, күнделікті өмірінде өте төменгі деңгейде тараған. Қалай дегенде де бұқара халық белгілі бір дәрежеде, әлеуметтік мемлекет түсінігін, оның қасиеттерін, белгілерін, өзіне тән ерекшеліктері мен қызметтері жайлы ақпараттарды нақты білуі қажет. Сондықтан, халқымыз үшін әлеуметтік мемлекет мәселесі — өзекті және маңызды сұрақтардың бірі екендігін атап көрсетеміз. Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан Республикасының Ата заңында еліміздің әлеуметтік мемлекет қатарында екендігі ерекше аталып көрсетілгендігінің дәлелі — басты құжатымыздың «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбатты қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»[i] деп басталуы, яғни демократия сипаттары мен қағидаттары бар, дін мен мемлекеттің арасы ажыратылған, құқықтық мемлекеттің бірден бір белгісі — биліктің үш тармағы дараланған, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы қағидаты орын алған мемлекет ретінде жариялайды. Осы жердегі баса назар аударғымыз келіп отырғаны Қазақстан Республикасының әлеуметтік мемлекет, яғни өзiнің азаматтарына игiлiктi өмiр сүру үшiн жағдай жасау және жеке адамның еркiн дамуы арқылы әлеуметтiк теңсiздiктi жұмсартуға мiндеттеме алатын мемлекет ретiнде дамуға ниет танытады дегендi бiлдiредi. Бұл ереже Ата Заңның төмендегідей: азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға, тынығу, заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа құқығы; жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiне, әлеуметтiк қамсыздандырылуға кепiлдiк берiлуi және ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасаудың және қайырымдылықтың көтермеленуi; азаматтардың денсаулық сақтауға, заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмек көлемiн тегiн алуға құқығы; тегiн орта бiлiм алуға, конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiлуi; адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны мемлекеттiк қорғау; отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттiк қорғау; мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасауы, тұрғын үйді заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорларынан азаматтардың шама-шарқы көтеретiн ақыға беруi сияқты нормаларында ашылады.

.

Аталған қағидаларды негізге ала отырып, Егемендік тізгінін иемденген жылдар ширегінде еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында жасалып жатқан жұмыстарымыздың барлығы — мемлекетіміздің нығаюы, тәуелсіздіктің мықтылығы, халықтың әл-ауқатының артуына бағытталған. Қиыншылығы мен қуанышы қатар жүрген, Егемендіктің осынау жылдары ішінде Қазақстан әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасын қалап, дамудың аса сапалы дейгейіне серпінді жақындап келе жатқандығы қазіргі өмір салтымен дәлелденіп отырған құбылыс. Елбасымыздың сөзімен айтқанда: «Ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы — әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман — тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді»[iii]. Бұдан байқап отырғанымыз, әлеуметтік мемлекет — адамзаттың ойы мен тәжірибесінің тәуелсіз, құқықтық мемлекет құрудағы ең маңызды жетістіктерінің бірі.

Әлеуметтік мемлекеттің басты ұстанымы — адамгершілік қағидалары негізінде қоғам өмірін саяси және құқықтық жағынан жетілдіру, кешенді қызметін жүзеге асыру, азаматтық қоғам дамуына жағдай жасау[iv]. Ғалымдардың мемлекет туралы берген анықтамаларында сәйкес — әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне, өндірісті басқаруға, азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғауға ұмтылған мемлекет. Әлеуметтік мемлекет — әр азаматтың жақсы ортада тіршілік етуіне, әлеуметтік жағынан қорғалуына, дарындары мен шеберліктерін толық дамыту үшін барлық азаматтарға мүмкіндік жасайтын мемлекеттік биліктің үлгісі болып табылады[v]. Мұндай мемлекет адам мен қоғамға қызмет етеді және әлеуметтік әділеттілік, әлеуметтік бітім мен әлеуметтік келісім қағидаларына негізделген адамдар арасында жаңа түрдегі байланыстарды калыптастырады.

.

Әлеуметтік мемлекеттің пайда болуы — құқықтық мемлекет құру қағидаларының орнын әлсіреткен жоқ. Жеке тұлғаның азаматтық құқығы мен бостандығының басымдылығы — демократиялық мемлекеттің де, әлеуметтік мемлекеттің де өмір сүруінің негізі болып қала береді. Дегенмен, әлеуметтік мемлекет өзінің өркендеу жолында, қоғамның әрбір мүшесінің тіршілік етуіне лайықты жағдай жасау үшін заңды түрде жарияланған азаматтық құқық пен бостандық мазмұнының шынайы кеңеюіне ұмтылады.

Ерекше айтатын жағдай, халықтың тіршілік ету деңгейінің жоғары болуы — әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілмеген жағдайда адам құқығы мен бостандығының құрылымы өзгереді, адамдардың саяси белсенділігі төмендейді, мемлекетке сенімсіздік пайда болады, саясатқа селқостығы ұлғаяды, құқық пен бостандықтың заңды кепілдіктеріне сенімсіздік түсініктері қалыптасады. Әлеуметтік мемлекеттің өмір сүруі құқықтың мемлекетпен бірлікте екенін атап көрсету қажет. Өйткені, құқықтық мемлекет те, әлеуметтік мемлекет сияқты жеке тұлғаның дамуы мен игілігі үшін тиімді жағдайлар жасауға тырысады. Құқықтық мемлекет — тиімсіз құқықтар санын мейлінше азайтып, мемлекеттің жеке тұлға өміріне қол сұғуына заңды түрде шектеу қойып, нақты ережелер белгілейді. Ал, әлеуметтік мемлекет — бәрінен бұрын адамдарды заңдастырылған құқықтарымен, адам дамуына қажетті тұрмыс жағдайымен, ұлттық табыстың әділ және ұтымды бөлінуін қалыптастырумен қамтамасыз етуге ұмтылады. Нақты айтқанда, тұлғаның жеке өмірін қорғауға және қолдауға тырысу — әлеуметтік және құқықтық қағидалардың тұтастығының негізін құрайды. Ерекше атап өтсек, құқықтық мемлекетте мемлекеттік органдардың ұлттық табысты, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және басқа да игіліктерді бөлу үрдісіне қатыспауын мойындайтын болса, әлеуметтік мемлекет әр адамды тұрмысы жағынан қамтамасыз етуге, нақты айтқанда, ұлттық табысты бөлумен айналысуға міндетті және осы үрдісті ұтымды түрде жүзеге асыру арқылы қоғамда пайда болатын теңсіздіктерді болдырмауға тырысады. Әлеуметтік мемлекет өзінің қызметін азаматтардың қоғамдық белсенділігімен байланыстыруға, қысымшылық көрсету тәсілдерінен аулақ болуға, жеке бастың мәртебесін қорғауға, сөз бостандығы құқығына кепілдік беруді қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен, әлеуметтік мемлекеттің мәні мен мақсаты — қоғамдағы бейбітшілік пен татулық үшін жағдай жасау, әлеуметтік серіктестік институттарын дамыту, еңбекшілерге әділетті де лайықты еңбекақы төлеу құқығына және қауіп-қатерден қорғауға кепілдеме беру. Аталған ерекшеліктерді ескере отырып әлеуметтік мемлекет қызметтерінің негізгілерін саралайтын болсақ, әлеуметтік қамсыздандыру – мемлекеттің алғаш заңдастырылған міндеттері болғандықтан және әлеуметтік сапаға жетуге жасаған қадамы болғандықтан, қоғам және тұлға катынастарының өзгеруінің бастамасы. Әлеуметтік қамсыздандыруды қалыптастыру кезеңі құқықтық негіздің пайда болуы мен әлеуметтік үрдістерді құқықтық реттеу қызметін мемлекеттің өз міндетіне алуымен тікелей байланысты. Келесі қызмет — әлеуметтік бағдарламаны бюджеттік қаржыландыру арқылы және әлеуметтік қамсыздандырудың мемлекеттік құрылымын құру барысында жүзеге асырылатын — білім және денсаулық сақтау мүмкіндіктерін қамтамасыз ету. Әлеуметтік мемлекеттің келесі қызметі — әлеуметтік қорғаудың пайда болуы, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатының деңгейіне мемлекет жауапкершілігінің қалыптасуына байланысты. Әлеуметтік мемлекеттің — әлеуметтік теңсіздікті бәсеңдету қызметін жүзеге асыру — барлық адамдардың бірдей әлеуметтік колдау табу атрибутының пайда болғанынан бастап мүмкін болды. Себебі, әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік қамтамасыз етудің жетілген механизмі мен жалпыға бірдей әлеуметтік қолдау қағидаларын жүзеге асыру — теңсіздікті толығымен жоюға мүмкіндік береді.

.

Әлеуметтік мемлекеттің — еңбекпен қамтамасыз ету қызметі мемлекеттің ажырамас қызмет бөлігі. Аталған қызметтердің барлығының жиынтығының негізінде әлеуметтік мемлекеттің — әлеуметтік қызмет көрсету қызметі қамтамасыз етілуі мемлекет дамуының ең жоғары деңгейдегі қозғалысын білдіреді. Әлеуметтік мемлекеттің — мемлекеттік саясат жүргізу қызметі әлеуметтік мемлекет дамуындағы жаңа құбылыс. Ол мемлекеттік саясатты жүргізу құрылымдағы өзгерістерге, олардың материалдық және рухани қажеттіліктерінің қанағаттандырылуына байланысты топтар арасындағы қоғам мен оның мүшелерінің өзара арақатынасына қатысты мемлекеттің жалпы саясатының ажырамас бөлігі болып табылады. Әлеуметтік мемлекеттің жемісті өмір сүруі — қоғамның барлық топтары мүддесіне қызмет ететін, дамыған экономика негізінде ғана қалыптасады деп топшылайтын болсақ, аталған қызметтердің әрқайсысының алатын орны зор екендігін естен шығармау абзал. Соған қарамастан, белгілі сипаттамасы бар әлеуметтік мемлекет туралы ереже Қазақстан Республикасы Конституциясында көрсетіліп қана қоймай, қоғамдағы әрбір қарапайым азаматтың өз міндеттерін есіне салатындай болуы керек. Осы тектес міндеттердің легі Елбасымыздың «Әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам»[vi] атты мақаласында, кезекті Жолдауларының біріндегі «Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері — әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік»[vii] мәселелерінде дұрыс орнын алып отырғандығы баршамызға аян.

Аталғандарды ескере отырып, өркендеген елдердегі әлеуметтік мемлекеттің құрылуы мемлекеттік құрылыстағы жаңа қадам деген тұжырымдауды толық мойындаймыз. Сонымен, әлеуметтік мемлекет — өз азаматтарының өмір сүруін лайықты жағдаймен қамтамасыз етуге, әлеуметтік жағдайының қорғалуына, тұрмыстық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға, өндірісті басқаруға, қоғам мен мемлекетті іске араластыруға ұмтылатын мемлекет[viii]. Оған қол жеткізу — тұрмыс жағдайы нашар қамтамасыз етілген топтың пайдасына ұлттық табысты қайта бөлудің көмегімен, халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еңбекті қорғау, білім алу, денсаулық сақтауды, бүкіл қоғамның мәдениетін көтеру және дамыту саясатын жүргізуді жүзеге асыруды талап етеді. Әлеуметтік мемлекеттің барлық күш-жігері — қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік және басқадай теңсіздіктерді бәсеңдетуге, жоюға жұмсалуы тиіс. Еліміздің әлеуметтік мемлекет сипатына ие болған кезден бастап осы бағыттағы шараларды негізгі арқау етіп алғандығына Елбасымыздың әр жылдардағы халыққа Жолдауы дәлел. Елбасымыздың ағымдағы жылғы Жолдауында баяндалғандай: «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты» болғандықтан, «Стратегия – 2050»-дегі басты мақсаттарға жетуді көздейтін барлық іс-әрекеттеріміз негізделуге тиіс нақты қағидаттардың бірі — қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру қағидаты, яғни қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл-күйі біздің басты мақсатқа ілгерілеуіміздің маңызды индикаторы болуға тиіс».

Бүкілхалықтық қолдау қағидатына маңызды мән берген Қазақстан Республикасы әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттерінің даму шеңберіне қадам басқан кезінен бастап өз қоғамының мүшелерінің барлық қажеттіліктерін қанағаттандырып, жаңа биік белестерге қадам басуға әрекет жасап келеді. Қазіргі заман талабына сай әлеуметтік мемлекет сипатында дамып келе жатқан көптеген әлем мемлекеттері үшін әлеуметтік саясаттың айқын басым бағыттарын анықтап, салиқалы әлеуметтік саясат жүргізу, халықты әлеуметтік қорғаудың өзіндік моделін қалыптастыру басымдық маңызы бар мәселе болып отыр. Әлеуметтік саясаттың басым бағыттарын анықтау арқылы мемлекет ең алдымен негізгі халықтың қажеттіліктерін анықтап, саясатты сол арнаға бағыттайды. Демек, тиімді тетіктерін табу арқылы қоғамның әртүрлі топтарына, таптарына, әсіресе әлжуаз әлеуметтік қорғауды қажет ететін топтарын әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етеді. Сондықтан да, әлеуметтік мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы азаматтық қоғам, демократия, ізгілік, құқықтық мемлекет, еркіндік пен теңдік мәселелерімен тығыз байланысты.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.