Қазақстан-Қытайдың жаңа геосаяси кеңістіктегі орны

Главная » Рефераттар » Қазақстан-Қытайдың жаңа геосаяси кеңістіктегі орны

Қазақстан — Ресей мен Қытайдай әлемдік державалар арасында шаңырақ көтерген ел. Тәуелсіздікті сақтау үшін Қазақстан осы екі елмен ерекше саясат жүргізу керек. Тарих Абылай ханнан кейін араға үш жүз жыл салып қазаққа қайтадан тәуелсіз мемлекет құру мүмкіндігін берді. 1996 жылы сәуірде Шанхайда ҚХР; РФ, ҚР, Қырғызстан Республикасы және Тәжікстан арасында КСРО-ның бұрынғы республикалары мен Қытайдың арасындагы көпжылдық өзара түсініспеушілік пен сенімсіздіктің негізіне нүкте қойылды. Шанхай кездесуі, сол кездегі, КСРО-дан қалған өзара сенімсіздік, территориялық және шекаралық мәселелер бойынша мәселелерді шешуге қажет болды. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, Қытайдың Қазақстандағы Орталық Азиядағы саясатына өткен дәуірдің әсері көп. Сол жағдайды ҚХР қазіргі қалыптасқан жаңа геосаяси жағдайда пайдаланып отыр/7/.

Қазақстан мен Қытай қатынастарын зерттеуде қырғи-қабақ соғыс кезіндегі қалыптасқан тарихнамаға шолу жасай келе М.Лаумулин былай деп атап көрсетеді: «Шығыс Түркістандагы Қытай саясаты туралы алғашқы ірі ғылыми еңбекті жазған Р.Проис пен Г.Лиас. Олардың еңбектерінде Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысты талқандаушы және қазақ ауылдарының Үндістан мен Пәкістанға көшуі баяндалған. Сол сияқты Дж.Дрейер және С.Э.Уимбуш еңбектерінде Шыңжаңдағы мұсылмандардың ассимиляция және бейімделуі үрдістері баяндалған. Бұл авторлар Қытай үкіметінің мәдени саясатына және аз ұлттарға репрессия, Шыңжаңның Кеңес-Қытай қатынастарына әсерін зерттеген /8/. XX ғасырдың 70-80 жж. еңбектерінде негізінен КСРО-Қытай қатынастарындағы Шынжаң факторы қарастырылады.

И.Сванберг және И.Бенсон еңбектерінде 1930-1950 жылдардағы Шығыс Түркістандағы, 1944-1949 жылдардағы Іле аймағындағы Осман батыр бастаған қазақтардың көтерілісі және оның жасақтарының Оңтүстік Азия мен Түркияға шегінуі баяндалған. Жалпы Батыс зерттеушілерінің бұл жылдардағы еңбектеріндегі негізгі идея бойынша Қытай коммунисттерінің Шыңжанда жүргізген модернизация үрдістері КСРО-ның Орта Азиядағы саясатына қарағанда тиімсіз болған жоқ. Шыңжанда дәстүрлі исламды насихаттау, хандық Қытайдың ассимиляция үрдісіне қарсы күрес тамырын терең жайып дәстүрлі қоғам өз сипатын сақтап қалды. Ал КСРО-ның саясатының нәтижесінде Орта Азиядағы орыстандыру (кеңестендіру) үрдісінің қаншалықты болғандығын тарихтан біз жақсы білеміз. КСРО ыдырағанға дейін Қытайдың ресми саясатына түркі-мұсылмандық халықтардың қарсылығын болжап, баға беруге арналған еңбектер саны аз..

.

Орта Азияда жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы аймақтағы геосаяси жағдайды өзгертті. Күн тәртібінде Орталық Азияға Қытай тарапынан келетін қауіп, түрік сепаратизмі, Орталық Азия мемлекеттерінің Ресеймен, Қытаймен байланысы, Қытай мен Орталық Азия арасындағы демографиялық, экономикалық факторлар т.б. өзекті болып отыр. Американдық зерттеуші Т.Фуллердің пікірінше өзгерген геосаяси жағдайда ҚХР үшін ҚР қатынастары маңыздылығы артады. Қытай Қазақстанға байланысты ұстамды саясат жүргізіп отыр. Оның басты себебі Шыңжыңдағы мұсылман сепаратизмі. Қытай өзінің сыртқы саясатында этникалық мәселеге көп көңіл бөліп, бұл факторды Қытай-Ресей, Қазақстан-Қытай, Қазақстан-Ресей қатынастарының негізгі факторы ретінде қарастырады деп есептейді. Оның пікірінше егер ҚХР-РФ қатынастары жақсарса ҚР-нан ұстамды этникалық саясат жүргізуді талап етеді.

Қазақстан мен Қытайдың жаңа геосаяси кеңістіктегі орнына екі мемлекет арасындағы шекара мәселесі де үлкен әсер етуде. КСРО негізінде шекара мәселесі халықаралық қатынастардың дамуына байланысты өзгеріп отыр. КСРО мен ҚХР-ның ара қатынастарының шиеленісуіне байланысты бұл мәселеде бірінші орынға шығып отырды. «Талас территориялар» мәселесі 1969 жылы пайда болды. Талас территориялар КСРО жағынан емес, ҚХР жағынан қойылып отырғанын атап өту керек. КСРО ыдырағаннан кейін шекара мәселесі Ресей-ҚХР және Қазақстан-ҚХР арасында жаңа қарқынға ие болды. Ресей 1992 жылы Амур мен Уссури аймағындағы 600-ге жуық кіші-гірім аралдарды және 10 шаршы км жерді Қытайға беру туралы келісім-шартқа қол қойды. 1995 жылы Приморьедегі шекараны анықтауда Ресей 1,5 га жерінен айырылып қалды/9/.

Қазақстан-Қытай арасындағы шекараны анықтау мәселесі 1992 жылы басталып, 1998 жылы аяқталды. Бұл мәселе 1992 жылы ҚР премьер-министрі С.Терещенконың Қытайға сапары кезінде, 1994 жылы ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Ли Пэнның Орта Азия мемлекеттеріне сапары барысында, 1996 жылы Цзян Цзяминнің, 1997 жылы Ли Пэннің Алматыға сапары кезінде, сол сияқты Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылы ақпандағы және М.Балғымбаевтың 1997 жылы мамырдағы Қытайға сапарында, сондай-ақ Цзян Цзяминнің 1997 жылы қыркүйектегі Алматы сапарларында талқыланды. Осы кездесулердің нәтижесінде 1997 жылы 29 қыркүйекте «Қазақстан-Қытай арасындағы шекара мәселесіне байланысты қосымша келісімге қол қойылды /10/.

Қосымша келісім бойынша, Чогон-оба және Баймұрза аймағында ҚР сауыр қыратының оңтүстік бөлігі Чоган-оба өтпеліне дейін, Жүрек және Чогон-оба, Керегенты өзендерінің бір бөлігі (жалпы ұзындағы 442 шаршы км.) Қытай-Адырбай және Талдыойрық өзендерінің жоғарғы ағысы, Баймырза өтпелінің Тарбағатай қыратының оңтүстік бөлігі (ұзындағы 187 шаршы км.), Сарышөлді аймағында Қазақстанға 95 шаршы км. жер Сарышөлді өзенінің сол жақ бөлігі, Шопақ өтпеліне дейінгі жер. Ал Қытайға — Сарышөлді өзенінің оң жақ бөлігі берілді. Жалпы ұзындығы 220 шаршы км. Сонымен талас бөліктердегі 944 шаршы км. жердің Қазақстан 537 шаршы км. (56,9 %), Қытай 407 шаршы км. (43,1 %) екі жақ зандастырды. Бүгінгі танда Қытай мен Қазақстан арасындағы дау туғызып отырған жаңа мәселе «Қара Ертіс» өзенінің мәселесі. Бұл мәселе әлі де өз шешімін күтуде.

.

Қазақстан мен Қытайдың арасындағы сондай-ақ, экономикалық мәселе де маңызды орын алуда. Экономикалық мәселенің дұрыс шешілуі екі мемлекеттің Орта Азиядағы жаңа геосаяси жағдайын анықтаудағы шешуші фактор болмақ. Біздің ойымызша Қытайдың Орталық Азиядағы және Қазақстандағы сауда-экономикалық қатынастарының қарқынды дамуы екі жақ үшін де тиімді болады.

ҚХР бүгінде өзінде жүргізілген реформалардың нәтижесінде әлемдік алпауыт мемлекетке айналып отыр. Өзінің ВВП — бойынша жылдық өсімі 1980-1997 жж. 9 %-ке көтерілді. Егер де Қытайдың 30 провинциясын бір мемлекет деп алып қарастыратын болсақ, ал ондағы адам саны кейбір дамушы елдердегі адам санынан асып түседі, 1978-1995 жж. қарқынды дамып отырған 20 мемлекетті осы провинциялар ғана құрар еді /11/.

Сарапшылардың пікірінше, 2005 жылы Қытай ВВП бойынша АҚШ-ты қуып жетеді. Қытайдың экономикалық өркендеуіне тағы мына мысал дәлел бола алады: — 1995 ж., өнеркәсіптегі өндіріс құралдарының 90% 1980 жылдан кейін шығарылған; — ірі және орта өнеркәсіп орындарындағы өндіріс құралдарының 26 % дүние жүзінің алдыңғы қатарлы стандарттарына сәйкес келеді; — 1997 жылы ҚХР сыртқы сауда көрсеткіші 325,1 млрд.долл. құрады

Қазақстан мен Қытайдың жаңа геосаяси кеңістіктегі орны туралы айтқанда, біз этникалық мәселені айналып өте алмаймыз. Мәселен, АҚШ-тың Миссурий университетінің профессоры Р.Дж.Кайзер Қытайдан Қазақстанға көшетін эмигрантардың легі Қазақстанға этно-демографиялық ахуалды өзгертеді деп есептейді. Ал М.Олкотт (Колгейт университеті) пікірінше, Қазақстан үшін ұйғыр ұлтшыл күштерін қолдау Қазақстан—Қытай қатынастарына кері әсер етіп қана қоймай, ұйғыр ұлтшылдығының Қазақстанда таралуы да мүмкін деп есептейді.

Біздің пікірімізше, ҚХР Орта Азиядан Қазақстанда өзінің экономикалық қуаттылығын барынша кең пайдаланады. Бұл Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі стратегиясы. ҚХР мен Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы орнатылған дипломатиялық, сауда-экономикалық, мәдени қатынастардың дамуына, тарихтан қалған кейбір күрделі мәселелердің шешілуіне қарамастан, бүгінде жалпы Орталық Азиядағы жағдайды өзгерте алатын мәселелер бар. Бұл ғаламдық және «ішкі» даму мәселелері.

Орталық Азия мемлекеттері үшін, бұл өздерін егемен мемлекеттер құқында сақтап қалу және әлемдік өркениеттегі өз орнын алу болса, ҚХР үшін, ол 2015 дейін алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу, экономикасының өсу динамикасын төмендетіп алмау. Сондықтан да алдағы уақытта Қытай бірнеше қиындықтармен кездесуі мүмкін. ҚХР-ның даму қарқынына сараптама жасай келе қазақстандық зерттеуші К.Л.Сыроежкин негізгі қиындықтарды атап көрсетеді.

  1. Халық санының өсуі, қызмет атқаратын адамдардың санының азаюы, қарттардың санының көбеюі;
  2. Ауыл шаруашылығының төмендеуі;
  3. Қоршаған ортаны жақсарту мен экологиялық мәселе;
  4. Тұтынатын заттарды қарқынды өндірудің қажеттілігі, астық өндірудің тиімділігі мен өнімділігі;
  5. Ұлттық аймақтағы сепаратизм, Орталық пен ауылдар арасында қатынастардың шиеленісуі;
  6. ҚХР жоғарғы билік басындағы саяси дағдарыстың шиеленісуі, фракциялық саяси дағдарыс;
  7. Қалалық жердегі экономикадағы мемлекеттік сектордың дамуы мәселесі;
  8. Экономикалық реформалардың әлеуметтік зардаптары, топтардың және ауылдық жерлердегі жұмыссыздықтың көбеюі;
  9. Әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы. Оның ішінде Орталық Азия, Азия-Тынық мұхит аймағындағы жағдайға байланысты. Сол сияқты Азия қаржы дағдарысының салдары /12/.

Бұл факторлардың бәрі ҚХР мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы жағдайға тікелей әсер етеді. Өзінің демографиялық, табиғи географиялық және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне сәйкес және дүние жүзілік геосаяси жағдайдың өзгеруі Қытай алдында үлкен мәселелерді қойып отыр. Алдағы уақытта Қытай негізінен екі мәселені шешуі қажет деп есептейді.

Бірінші, Қытай жалпы адамзат алдында түрған ғаламдық мәселелерді шешуге ат салысуы мүмкін, немесе ол «шиеленіс» заманына қайта бой ұрып, Қытай идеологиясын, территориялық бақталастық геосаясатына оралуы мүмкін. Ол жағдайда «территориялық кеңейту» саясатын Қытай Қазақстаннан бастамайтынына кім кепілдік бере алады?

Сондықтан да ҚХР-ның Орталық Азиядағы стратегиясына тоқталып өтейік. 90-жылдардағы сияқты Қытайдың сыртқы саясатында Орталық Азия басымды бағыттардың бірі болып отыр. Мысалы: 1994 жылы Қытайдың Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Ли Пэн Ташкент сапарында төрт негізгі бағытты анықтаған болатын:

  1. ҚХР Орталық Азия мемлекеттеріне қауіп төндірмейді /13/. Біздің ойымызша, ҚХР-ның    Орталық    Азиядағы    саяси басымшылықтардың негізгілері мыналар:
  2. Қытай бұл аймақта Ресеймен бақталаспайды;
  3. ҚХР мен Орталық Азия мемлекеттерінің саясаты үшінші елдерге қарсы бағытталмаған;
  4. ҚХР мен Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүдделеріне сәйкес достық қатынастарды дамыту;

Аймақтағы пантюркизм мен фундаменталистік ықпалды шектеу; Орталық Азия мемлекеттерімен сауда-экономикалық қатынастарды нығайту арқылы өзінің саяси-экономикалық ықпалын сақтап қалу; аймақтағы саяси күштердің тепе-тендігін және Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы белгілі дәрежедегі қайшылықтарды сақтап отыр.

Қазіргі кездегі Орталық Азиядағы жағдай тұтасынан алғанда ҚХР тиімді болып отыр. Сондықтан да ол бұл аймақтағы өзінің экономикалық мақсат-мүдделерін анықтап алды.Олар: ҚХР үшін Орта Азия мемлекеттерінде энергетикалық комплекстердің дамуы; Металлургия саласындағы өнеркәсіптер; Құрылыс саласындағы өндіріс органдары; Қазақстанға бос еңбек күштерін орналастыру, Қытайдан миграцияны күшейту маңызды.

Сарапшылардың пікірінше, егер Қытай Орталық Азияда экономикалық мәселерге көбірек көңіл бөлсе, қазіргі уақытта бірінші орынға геостратегиялық мақсаттар шығуда. Осы мақсатта Қытай Орталық Азия мемлекеттерімен (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) тығыз сауда-экономикалық қатынастар орнатуда. Ал Қазақстанмен ерекше қатынастарға мүдделі болып отыр. Қытай мен Қазақстанның жаңа геосаяси кеңістіктегі орнын қарастырғанда біз «Шанхай бестігі» кеңесінің қызметіне және бұл Кеңестің «Шанхай ынтымақтастығына» айналу үрдісіне көңіл аударуымыз қажет.

Қытай Халық Республикасының Орталық Азиядағы орнының нығаюы 1996 жылдың 26 сәуірінен басталды. Шанхай қаласында ҚХР, РФ, ҚР, Тәжікстан және Қырғыз Республикаларының арасында «Шекара аймағында өзара сенім келісіміне» қол қойылды. Бұл келісімнің маңызы зор. Тарихта бұрын сонды мемлекеттердің өзара келісімі нәтижесінде әскерлерді шекара аймағынан 100 км. шығару үрдісі тіркелмеген. Кейбір сарапшылардың пікірінше Шанхайда Ресей-Қытай стратегиялық альянс құрылды деп те жариялап үлгерді. Десек те, бұл келісімнің біздің Республика үшін қажетті келісім шарт болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Бұл келісім шартты XXІ ғасырдағы көпжақты ынтымақтастық негізін салған құжат деп те бағалауға болады. Біз, Шанхай ынтымақтастығына қатысқан мемлекеттердің қабылданған меморандумын толық келтіруді жөн санап отырмыз /14/.

Ал Қытайдың Орталық Азиядағы саясатына баға бере келіп Батыс сарапшылары оның экономикалық бірігуін демографиялық саясат түрғысынан қарастырады (Р.Даннройтер). Сондай-ақ бұл үрдістің нәтижесінде Азияда жаңа экономикалық сыбайластық ұйымның пайда болуы мүмкін деп те болжамдар жасауда (Х.Мамин).

Бұл экономикалық ұйымға Орта Азиялық жаңа мемлекеттермен қатар Иран, Ауғанстан, Кашмир, Пәкістан кіруі мүмкін. Оның пікірінше, бұндай геосаяси одақтың негізін Қытай-Пәкістан қатынастары құрайды деп атап көрсетеді. Ал атақты аналитик Т.Фуллердің пікірінше, болашақта Орта Азия мемлекеттері Қытай-Ресей-Үндістан арасындағы геосаясатқа тәуелді болуы әбден мүмкін деп есептейді.

Қытай мен Орта Азия мемлекеттерінің қарым-қатынастары Евразиядағы екі тарихи үрдістерге байланысты дамиды. Ресей және Кеңес империясының ыдырауы мен ҚХР-ның әскери қуатыньң күшеюі болмақ (Р.Муиро). Біздің ойымызша, ҚХР-ның геосаяси стратегиясында Шыңжаң мәселесі ерекше орын алады. Шыңжаң мәселесін Қытайдың сыртқы саясатынан және халықаралық экономикадан бөліп алып қарастыру мүмкін емес. Шыңжаң провинциясы аймақтың модернизациялық үш кезеңін басынан өткізді: «Үлкен секіріс», мәдени революция және 1980 жылғы реформалар. ҚХР-да реформалар дәуірінің 8-ші бесжылдығында, яғни 1991-1995 жылдары Шыңжаң жалпы Қытай дамуының басымды бағыты деп жарияланды. Біздің ойымызша, ҚХР-сы Шыңжаңды дамытуда екі стратегиялық мақсатты көздеп отыр. Біріншіден, Қытай ШҮАА (СУАР) дамытуды Орталық Азия мен Орта Шығысқа ену аймағына айналдыру болса, екіншіден Шыңжаң жаңа әлемдік экономикалық құрылымға енудің алаңы болмақ, яғни, Қиыр Шығыс, Ресей, Жапония, Кореямен қатар ұлы исламдық шеңбер Орталық Азия және Орта Шығыс, сөйтіп Қытай өзіне экономикалық тәуелді аймақты жасауға тырысады.

Айта кететін жағдай — Шыңжаң мен Орталық Азия арасындағы экономикалық интеграция КСРО тұсында қалыптасты. Мәселен, 1989 жылы Шыңжаң мен КСРО арасындағы сауда айналымы 118,5 млн.долл. жеткен. Сарапшылардың пікірінше, ресми Пекиннің Шыңжаңның басқа да Оңтүстік аймақтарымен арадағы теңсіздікті қайта қарауға мұнай факторы әсер етті. Мәселен: 1980 жж. аяғында американдық Эксон және Мобил мұнай компаниялары таримдегі мұнай кенін игеруге ынта білдірген болатын. Бірақ, олар Қытай Ұлттық мұнай компаниясының қарсылығына тап болады. Қытай мамандарының пікірінше, ЦХР шетелдік технологиясыз да өздері мұнайды игере алады деп дәлелдеді. Сондай-ақ, Қытай үкіметі шетелдің технологиялық шығындарын өтей алмайды деп түсіндірілді.

Сондықтан да, бұл аймақты Қытай өзі игере бастады. Бұл мәселеде Қытайдың саясаты — Шыңжаңға хандық, яғни этникалық қытайлықтардың эммиграциясын күшейтумен қатар жүрді. Шыңжандағы қытайлықтардың саны 300.000 (1949 жылы), 6 млн. дейін жеткізілді/15/. Қазақстандық сарапшылар Шыңжаң мәселесін Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесінен сабақтастыра қарастыруды ұсынады. (Е.Абен, Е.Карин). Бұл орайда олар ұйғыр сепаратизмінің таралуын алға тартады. Негізінен ұйғыр сепаратизмі Қытаймен ҚР шекаралық аймақты қамтып отыр. Сондықтан да бұл мәселенің екі мемлекеттің сыртқы саяси стратегиясында алатын орны ерекше. Ұйғыр сепаратизмі екі мемлекеттің ұлттық мүдделеріне қатысты мәселе. Бұл мәселенің өршуі үш бағытта орын алуы мүмкін: —  Тарым аймағы—Фергана аймагы (Қоқанд, Ош); —  Түрфан—Хами-Үрімші; —  Құлжа—Джонгар аймағы—Жетісу (Алматы);

Шыңжаң сепаратизмінің діни-этникалық ерекшелігін де ескеру қажет. Бұл қозғалыс Қашқариядан Үрімшіге дейінгі аймақты қамтып отыр: Батыс бағыт — Андижан, Қоқанд қалаларын, Қырғызстанның бірнеше ауылдарын және Оңтүстік Шыңжаң; Солтүстік бағыт — Жетісу және Жоңғар даласы; Шығыс бағыты — Шыңжаңның солтүстік-шығыс бөлігін қамтиды;

Бұл бағыттардың ішінде ваххабистік-экстремистік ағымдардың ең кең тараған жері Батыс аймақ болып отыр. Шыңжаңның бұл аймағы Ферғанамен шектесіп ұйғыр ұлтшылдарының орталығы деп есептеледі. Бұл бағыт тарихи дәстүрлі Қытайға қарсы күштердің орталығы. Мысалы 1871-1881 жж. атақты Якупбек бастаған мұсылмандардың көтерілісін Цин империясы үлкен күшпен басқандығы белгілі. Бүгінде Шыңжаң ұйғырларының көбі осы аймаққа келіп орналасуда. Соның ішінде Ферғана аймағында ұйғыр сепаратизмі шиеленісіп отыр. Оның алғы шарты 1871-1888 ж.ж. Якупбек бастаған Қытай үстемдігіне қарсы көтерілістен басталған. Бүгінде ұйғыр сепаратизмі ваххабизм идеологиясын қолдап аймақтағы тұрақтылыққа әсер етуде. Қытай баспасөз мәліметтеріне қарағанда, ұйғыр сепаратистік қозғалыстары Сауд Аравиясынан, Сирия, Пәкістан және Иран мемлекеттерімен қаржыландырып отыр. Қашқар мен Ферғана аймақтары діни негіздегі ұлтаралық қақтығыстардың орталығы болып отыр.

Солтүстік бағыттың ұйғырлары ҚХР Орталық үкіметіне қарсылықтың басында тұр деп атауға болады. Бұл аймақтың жергілікті тұрғындары Қазақстандағы ұйғыр халқымен тығыз байланыста. Қазақстанда 185301 ұйғыр тұрады, олар ТМД ұйғырларының 70% құрайды. Франс-пресс агенттігінің мәліметтері бойынша Қазақстанда жасырын қызмет атқаратын 4 ұйғыр ұйымдары бар. Оның ішінде Шығыс Түркістан ұлт-азаттық революциялық ұйымының біріккен орталығы. Оның жетекшісі- Жүсіпбек Мұхлиш. Ресми Пекин Қазақстанда ұйғыр қозғалысын қолдап отыр деп айыптауда. Өйткені, 1944 жылы құрылған «Шығыс Түркістан республикасы» Іле, Алтай, Тарбағатай территориясында құрылған. Бұл жерлерде қазақтар мен қырғыздар көп мекендейді. Қазақстан Республикасының бұл мәселедегі позициясы айқын. Қазақстан үкіметі сепаратистік қозғалыстардың қандайын болса да қолдамайды. ҚХР қарым-қатынастарды достық, өзара тиімді тұрғыдан дамытуды қолдайды. ҚР мен ҚХР-ның жаңа геосаяси кеңістіктегі орнын біз екі жақты қатынастардың даму үрдісінен, мемлекеттердегі әлеуметтік-саяси реформалардың алғы шарттарын сараптай отырып баға бере аламыз.

.

Біз жоғарыда атап көрсеткеніміздей КСРО-ның ыдырауы Орталық Азияда жаңа мемлекеттердің пайда болуына әкелді. Қазақстан тоталитаризмнің барлық келеңсіз жақтарын басынан өткізді. КСРО кезінде Қазақстан ғылыми-техника дамуында Одақтас республикалар ішінде алдыңғы орында болды. Бірақ, 80-ші жылдарда Қазақстанға да саяси дағдарыс, экономиканың, әлеуметтік құлдырау тән болды. Соның салдарынан 1986 жылы Алматыда жастардың СОКП Орталық Комитеті жоғарыдан қабылдаған шешімге наразылық бұрқ ете түсті. 1989 жылы Қарағанды шахтерлерінің бас көтеруі болды.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, 1991 жылы оның түңғыш президенті болып Н.Ә.Назарбаев бірауыздан сайланды. Н.Назарбаев қоғамды демократияландыру, ҚР әлемдік қауымдастықты өзінің тиісті орнын алуда зор тарихи еңбек сіңіріп келді/16/. Бұдан бұрын айтқанымыздай, Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі ҚХР-мен өзара тиімді экономикалық біріктіру, екі мемлекеттің Орталық Азиядағы геосаяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ортақ стратегияны құрастыру болып табылады. Қазақстанның қазіргі жағдайының ерекшелігі, яғни экономикалық реформалау жолдарында қалыптасқан тетіктердің ықпалының күшеюі. Бұл өз тарапынан сыртқы экономикалық және саяси байланыстар әлеуметіне елеулі түрде ықпал етуде. Қазақстан үшін Кеңестік дәуірден кейінгі болмыстың нақты шындығын, егемендену үрдісіне талдауды, мемлекеттік стратегияның мақсаттарын Н.Ә.Назарбаев 1992 ж. «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қаз тұруы мен қалыптасуының стратегиясында» тұжырымдады. Оның ішінде стратегиялық мақсат ретінде экономикалық реформаларды ойдағыдай жүргізу, геосаяси тұрғыдан өз орнын табу, Қазақстанның қоғамдастықтағы саяси салмағын арттыру, Қазақстанның оңтайлы геосаяси жағдайын пайдалану және т.б. Сондай-ақ Н.Назарбаев ҚХР-мен толық сенім принципі негізінде өзара достық қатынастарды қолдау ел үшін төтенше маңызды екенін атап көрсетті.

Екі мемлекеттің геосаяси кеңістіктегі алатын орны және олардағы реформалардың барысы туралы өз пікірін білдіре келе, Қ.Сұлтанов екі көршілес мемлекеттің экономикалық реформаларының өзіне тән ерекшеліктерін де атап көрсетеді. Оның пікірінше, Қытайдағы реформалар бұрынғы саяси жүрісті сақтай отырып жүргізіледі және реформалар қоғамды біріктіреді, халықты аштық пен кедейліктен сақтап қалды. Қазір дүние жүзі Қытай тәжірибесін үйренуде. Ал Қазақстанда реформалар бұрынғы саяси түсінік ыдырап, экономикалық шаралардың байланыстары үзіліп, әлі жаңа мемлекеттіліктің қалыптасуы жағдайында жүзеге асуда»,- деп атап көрсетті. Қазақстан мен ҚХР өздерінің әр түрлі саяси-әлеуметтік негіздеріне экономикалық реформалардың дамуы деңгейіне қарасты жаңа геосаяси ахуалға қатысуда. Қазір олар жаңа геосаяси ойынның объектісіне айналуда.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.