Қазақстанда совет өкіметінің орнауы

Главная » Рефераттар » Қазақстанда совет өкіметінің орнауы

Қазақстанда совет өкіметінің орнауы

ХХ ғ. бірінші ширегінде бұрынғы Россия империясында бүкіл әлем тарихында әсер еткен оқиғалар болды. Октябрь төңкерісінің нәтижесінде және азамат соғысынан кейін жаңа типті мемлекет қалыптасты, ол бір саяси партияның жеке билігіне және жаңа құқықтық жүйеге негізделген. Қазақстан Россияның отарлық шет аймағы болғандықтан бұрынғы мемелекеттік-құқықтық машинаны бұзып қиратудың және жаңа «әділетті» қоғам орнатудың барлық қиын этаптарынан өтті.

Бірақ, осы процесстің барлық негативті қалдықтарына қарамастан, тек советтік режимде ғана Қазақстанның жаңа автономиялық статусы юристік тұрғыда бекіді, кейіннен бұл бүкіл конституциялық өзгерістердің базасына айналды, тіпті еліміздің тәуелсіздігін жариялаудың негізі болды десек қателеспейміз, тарихты бұрмаламаймыз.

1917 ж. күзіне қарай Россиядағы жағдай қиындай түсті. Көпшілік мәселелердің шешілуін Құрылтай жиналысына қалдыр­ған Уақытша үкіметтің беделі тым төмендеп кетті. Армия болса күйреді, ірі қалаларда аштық басталды. Пәрменді басқару жүйесі қалыптаспады, елде анархия етек алды. Саяси партиялар Құрыл­тай жиналысына дайындалып жатты. Ал, соғыстан қалжыраған ел жедел шаралардың іске асырылуын талап етті.

Қалыптасқан жағдайды солшыл-радикалдық күштер өз дәрежесінде ұтымды пайдалана білді. Олардың ядросы РСДРП (большевиктері) болды. 6 қарашадан 7-іне қараған түнде (25 қазан) әскери төңкерістің нәтижесінде Уақытша үкімет тұтқындалды, билік Петроград Советтерінің қолына көшті.

Болған уақиғаға легитимділік беру үшін Советтердің ІІ съезі 7 қарашаны үкіметті Советтердің қолына көшкен күн деп жа­риялады. Жаңа үкімет – Халық Комиссарлары Советі (ХКС) құ­рылды. ¤кімет билігінің жоғарғы органы Бүкіл-россиялық Орта­лық Атқару Комитеті және оның Президиумы сайланды.

Алғашқысында осы органдардың құрамына большевиктер­мен қатар, солшыл эсерлер (левые социал-революционеры), анархистер және басқа солшыл радикалды партиялардың өкілдері қатысты, бірақ 1918 ж. бойында большевиктер өздерінің бұрынғы одақтастарын ығыстырды, барлық өкімет билігінде бір партия­ның, большевиктердің гегемониясын (үстемдігін) орнатты.

Большевиктер Құрылтай съезінің шақырылуына қарамастан, бірнеше декларативті, бірақ халыққа соншалықты түсінікті декреттер – «Жер туралы», «Бейбітшілік туралы», «Еңбекші және қаналушы халық құқығының Декларациясы» сияқты заңдарды қабылдады.

Большевиктердің жоспары бойынша өзінің өкіметін Құрылтай съезі арқылы легитимділеу еді. Алайда, 1917 ж. 25 қарашада өткен тура, жалпыға бірдей және тең сайлаудың нәтижесінде дауыстың 25 % ғана ие болды, шын мәніндегі жеңіске оңшыл эсерлер мен меньшевиктер жеткен еді. Қазақстанда жеңіске Алаш партиясы қол жеткізді.

Демократиялық жолмен сайланған және Россияның барлық халықтарының өкілдері бар Құрылтай жиналысы большевиктер­дің өкіметін заңды деп танудан бас тартты. Ал, большевиктер болса оны таратылды деп жариялады, сөйтіп елдің демократия­лық жолмен дамуына крест қойылды.

Советтердің Бүкілроссиялық ІІІ съезі (26-31 қантар 1918 ж.) «Россия халықтарының өз еркімен бірігуі» негізінде жаңа мемлекеттің – Россия Советтік Федеративтік Социалистік Рес­публикасының (РСФСР) құрылғандығын жириялады. Советтер­дің Бүкілроссиялық V съезі 1918 ж. 10 шілдеде РСФСР Конституциясын қабылдады. Осының нәтижесінде өкімет билігінің жаңа органдары және мемлекеттік-құқықтық жүйенің жаңа принципте­рі юристік тұрғыда бекітілді. Бұдан кейінгі жағдайда Совет мемлекетінің негізі азамат соғысы жағдайында дамыды.

Қазақстанда Совет өкіметінің орнауы. Қазақстанда Октябрь төңкерісі күдіктілікпен қарсы алынды. Мұнда пролета­риат революциясының идеяларының кеңінен тарауына әлеумет­тік база болмады. Көпшілік халық жинақталған мәселелерін Құрылтай жиналысы арқылы шешуді ойластырды.

Бірақта кейбір аймақтарда, әсіресе оңтүстікте және ірі қалаларда, 1917 ж. күзі мен қысында өкімет билігінің Советтер қолына көшкендігі жарияланды. 1917 ж. қарашада Ташкентте совет өкіметі орнады. Өлкеде жаңа режимді пролетариат революциясының әлеуметтік базасы болмасада қолдау табуы (жұмысшы табының аз болуы, отарлық чиновниктер мен әскерилердің үлкен әсері, қазақ прослойкасының әжептәуір санының болуы) 1916 ж. уақиғаның қайталануы мүмкін деген қорқыныштан туған болуы тиіс.

Жергілікті басқарушы элита қандай болмасын орталық үкіметті қолдауға дайын тұрды, егерде ол орыс тілінде сөйлейтін азшылықтың аймақтағы әсерін сақтауға кепілдік берсе. Бұл Түркістандағы совет өкіметінің алғашқы қарарларынан-ақ айқын байқалды. ¤йткені жаңа үкімет жергілікті халықтар – қырғыздар­ды, қазақтарды, өзбектерді, түрікмендерді, яғни бұратаналарды «туземцыларды» басқару жұмысына қатыстырған жоқ. Сөйтіп Түркістандағы алғашқы совет өкіметі патша үкіметі­нің отарлық саясатын одан әрі жүргізді. 1917 ж. аяғы–1918 ж. басында Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстанның біраз қалалары совет өкіметін орнатқанды­ғын жариялады, бірақ олар шын мәніндегі билікті жүргізе алмады. Кейбір аудандарды Орынбор және Орал казак әскерлерінің «әскери үкіметі» басқарды. Ал, қазақ тұрғындары басым волостар мен уездерде Алаш Автономиясының органдары басшылық жасады.

Қазақ революциялық комитеті. Азамат соғысының барысында Қызыл Армияның қолындағы Қазақстан аудандарын­да басқару жұмысын ұйымдастыру мәселесі алға қойылды. Советтік негізде автономияны жариялауға дайындық жүргізетін орган қажет болды. Алаш партиясы басшылығымен бұл мәселе бойынша келіссөз 1918 ж. көктемінде басталды. Алайда Москва үкіметтің таптық негізде болуын талап етті, бірақ бұл талапқа қазақтың саяси элитасы келісе қоймады. Сондықтан большевик­тер өлкені басқаруға өздері кірісе бастайды.

1918 ж. 11 мамыры күні РСФСР-дің Ұлттық Комис­сариатының қазақ бөлімі құрылады, меңгерушісі болып М. Тун­ғанчин тағайындалған. Оның функциялары: 1) қазақ әскери бөлімдерін құру; 2) большевиктар бақылайтын жерлерде Совет­терді құру; 3) Бүкіл-қазақтық съезді шақыруға дайындық жүргізу; 4) өлкеде қазақ тілінде газеттер шығару; 5) Алаш Орда мен ақ гвардияшылар бақылайтын жерлерде үгіт-насахат жұмы­сын жүргізу.

1918 ж. жазында Қазақстан жерінде соғыс қимылдарының үдеуіне байланысты қазақтардан Қызыл Армия бөлімдерін құру қолға алынады. Осыған орай Наркомнац-тың Қазақ бөлімінде әскери бөлім құрылады, кейінен ол әскери комиссариат болып жарияланды. Әскери комиссариат көп ұзамай әкімшілік мәселесімен шұғылданатын органға айналады: әскери бөлімдерді құру, салық мәселесімен шұғылданды, азық-түлік дайындаумен айналысты, съезді шақыру жұмысымен шұғылданды, өлкені басқаруды ұйымдастырумен айналысты.

1919 ж. 10 шілдеде Қазақ өлкесін басқаратын революциялық комитет (Казревком) құруға байланысты РСФСР ХКС (СНК) Декретін қабылдайды. Бұл ең жоғарғы құқықтық статусы бар мемлекеттік басқару органы болып саналды және төтенше өкілет­тікпен пайдаланды Қазақстан территориясында. Функциялары:

  1. Қазақстан жерінде совет қызметін ұйымдастыру;
  2. Орталық Совет өкіметінің барлық қаулыларын іске асыруға байланысты шаралар қолдану;
  3. Жергілікті Советтің жұмысына бақылау жасау;
  4. Өлкенің мәдени және экономикалық өмірін реттейтін шараларды іске асыру;
  5. Қазақ Автономиясы туралы Ереженің жобасын дайындау, оны советтердің съезіне ұсыну;
  6. Қазақ өлкесі, РСФСР және Түркістан Автономиялы Советтік Республикасы арасындағы қатынастарды реттеп отыру.

Казревком бөлімдерден тұрды, оның құрылымы мен функциясы бірнеше рет өзгертілді. Оның құрамында әскери комиссариат, ішкі істер, финансы-шаруашылық, халық ағарту, азық-түлік, еңбек, почта мен телеграф, юстиция, жер, информа­ция, полиграфия, денсаулық сақтау бөлімдері, жалпы канцелярия, тексеру комиссиясы, жұмысшы-шаруа инспекциясының комис­сариаты және халық шаруашылығы Советінің бюросы болған.

1919 ж. 10 шілдендегі декрет бойынша Казревкомның қара­мағына Орал, Торғай, Семей, Ақмола облыстары және Бөкей Ордасы берілген. Алайда, шын мәнінде Казревкомның билігі Бөкей Ордасы мен Торғай және Орал облыстарының біраз уезде­ріне жүрді. Ақмола мен Семей облыстары әкімшілік жағынан Сібір ревкомына бағынды, ал Қостанай уезі Челябі ревкомына қарады.

Казревкомның Қазақстан жерін біріктіруге байланысты жұмысы ақгвардишылдар қуылғаннан кейін бірден басталды. 1919 ж. күзінде Москва және Челябинскімен Қостанай жөнінде келіссөздер басталды. Тек 1920 ж. тамызында ғана Қостанай уезінің Қазақстанға жататындығы шешілді. Орал облысының мәселесін шешу үшін де Орталықтың араласуы қажет болды. Ақмола мен Семей облыстарын қайтарып беру 1921 ж. дейін созылды.

Казревком Советтік Қазақстан автономиясын құру туралы Декреттің жобасын жасай отыра, Наркомнац-қа «Қазақ өлкесінің территориясы және шекарасы туралы» құжат дайындап тапсырды. Онда республиканың құрамына Орынбор, Орал, Қостанай, Семей, Петропавловскіні қосу негізделген. 1920 ж. 9-12 тамызда Москвада Казревкомның және Түркістан, Сібір, Астрахан облисполкомдары өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жиналыс өткізілді. Бұл жиналыс өлкенің шекарасын бекітіп қана қойған жоқ, сонымен қоса Қазақ Совет автономиясын құру туралы декреттің жобасын да мақұлдады.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.