Қазақстандағы экологиялық мəселелер

Главная » Рефераттар » Қазақстандағы экологиялық мəселелер

Ғаламдық проблемалар – əлемді тұтас қамтитын табиғи, табиғи-антропогендік құбылыстар. Осы құбылыстардың даму процесі жақандану деп аталады. Халықаралық деңгейде бірінші реттегі мынадай ғаламдық проблемалар бар: 1) ядролық қақтығысты болдырмау; 2) демографиялық проблема; 3) ресурстық проблема; 4) энергетикалық проблема; 5) азық-түлік проблемасы немесе ашаршылық проблемасы; 6) қауіпті ауруларды жою; 7) «үшінші əлем» елдерінің артта қалушылығын жою; 8) экологиялық дағдарыстың даму проблемасы.

Ғаламдық проблемаларды ерекше білім саласы – глобалистика зерттейді. Аталған ғаламдық проблемалар өзара тығыз байланысқан жəне барлығы іс жүзінде жердегі экологиялық дағдарыстың даму процесімен қамтылады. Əрбір ғаламдық проблемаларды міндетті түрде шешу қажет, кері жағдайда оның дамуы апатқа – өркениеттің жойылуына дейін апарып соғады. Ғаламдық проблемаларды шешу үшін ғаламдық, аймақтық жəне ұлттық бағдарламалар жасалынды, бірақ оларға келісушілік жəне үйлестірушілік жетіспейді. Ғаламдық проблемаларды шешуге шығатын шығындар құрылымының жартысына жуығын экологиялық проблемаларды шешу шығындары құрайды. Басқа барлық ғаламдық проблемалар экологиялық құрушыларды ескереді, бұл жағдай соңғысын ең артықтау ғаламдық проблема деп санайды. Ғаламдық проблемаларды шешкенде ғаламның тұрақтылығына, оның проблемаларының шатысқандығына, планеталық ауқымда ынтымақтастықтың қажеттігіне, адамзат өркениетін сақтауды жəне дамытуды қамтамасыз етуге қабілетті процедуралар мен механизмдер жасауға сүйену қажет. Сонда адамзаттың тірі қалу проблемасы мемлекеттердің басқа да проблемалары қатарында артық тұруы тиіс.

Ғаламдық экологиялық проблемалар – ғаламдық, аймақтық жəне ұлттық деңгейлерде айқындалған экологиялық проблемалар кешені. Зор геосаяси проблеманың экологиялық қауіптілігінің мынадай көріністері бар: табиғи экожүйенің бүлінуі, озон қабатының жұқаруы, атмосфераның, дүниежүзілік мұхиттың ластануы, т.б. Олар тек қана барлық елдердің қатысында БҰҰ-ның басқаруымен шешілуі мүмкін. Экологиялық проблемалардың ғаламдығы оны шешу үшін барлық елдердің жігерін айқын жұмылдыру қажеттігін тудырып отыр; қарудың барлық түрлерін азайтпай экологиялық дағдарыстан арылудың мүмкін еместігі; биосфераның жалпыға ортақ ластануына қарай ядролық соғыс емес, жай соғысты жүргізудің мəнсіздігі; қазіргі өркениеттің технологиялық құрылымын радикалдық қайта құру, өмір негізі болатын табиғатпен өзара іс-əрекеттің жаңа сапалы əдістері мен құралдарын жасау; қоршаған ортаны қорғау проблемасы бойынша БҰҰ органдары жұмысының тиімділігін арттыру жəне оларға төтенше өкілеттік беру.

.

Қазақстанның көптеген аудандары, бүгінгі күнге дейін экологиялық мүшкіл хал кешіп отыр. Қоршаған ортаны қорғау шараларына республикамыз біршама мөлшерде мемлекеттік жəне орталықтандырған түрде күрделі қаржы бөліп отыр. Алайда, мұның бəрі, республиканың ұлттық табысының 1 %-на да жетпейді. Табиғат қорғау шараларына бөлінген қаржының 50-60%-дық игеру үлесі, Қазақстанның ірі кəсіпорындарына тиесілі. Экожүйелердегі тұрақсыздық, табиғи- шаруашылық қорларының интенсивті түрде игерілуі (мысалы тау-кен өндірісі), жер-су қорларына үстін-үстіне келіп жатқан антропогенді салмақтың жаншып езуі, қоршаған орта жағдайын барған сайын нашарлатуда. Қоршаған ортаны зиянды заттармен, техногенді қалдықтармен ластауда Қазақстанның мына кəсіпорындары ерекше «үлес қосып» отыр: Батыс Қазақстан мұнайгазконденсат кен орындары, Өскемен корғасын-мырыш комбинаты, Өскемен титан-магний комбинаты, Лениногор полиметалл комбинаты, Зыряновск полиметалл комбинаты, Жамбыл суперфосфат зауыты, Жамбыл фосфор зауыты, Балқаш тау-кен комбинаты, Жезқазған тау-кен комбинаты, Павлодар алюминиий зауыты, Актөбе хром қосылыстары мен химия зауыты, Екібастұз энергетикалык комплексі, Қарағанды металлургия зауыты, Шымкент корғасын зауыты, т.б.

Атмосфераны ластағыш заттардан бір ғана мультипликатор — қорғасын ингредиентін мысалға алайық. Қорғасын – политропты у. Оның организмдегі азғантай ғана концентрациясы, ағзалар мен ұлпаларды, қан жүйесін, орталық жүйке жүйесін, иммун жүйесін зақымдап бүлдіреді. Қорғасынның жоғары мөлшері – Өскемен (qорт=2,4 мг/м3 ), Зыряновск (qорт=1,5 мг/м3 ), Лениногорск (qорт=2,0 мг/м3 ) қалаларының атмосфералық ауа құрамында байқалады. Шашқа жасалған спектральды анализ мəліметтері бойынша, бұл қала тұрғындарында, қорғасын мөлшері ең жоғары, яғни шекті мөлшерден 6 есе көп болып шықты. Қорғасынның бірқатар мөлшерін тұрғындар су, азық-түлік өнімдері арқылы қабылдайды. Сондықтан да болар, Шығысқазақстандықтардың ақ қан ауруымен науқастанғандар саны көбейіп отыр. Бұл техногенді қалдықтар ұзақ уақыт жатқан сайын, олардағы микроэлементтер зияндылығы қоршаған орта үшін арта түсері де сөзсіз. Жалпы, бүгінгі күнге дейін, Қазақстандағы түсті металлургия кəсіпорыңдарының тенхогенді қалдықтарының мөлшері астрономиялық цифрларға жетіп жығылып отыр: 9,139 млрд. тонна. Республика бойынша қалдықтардың 16,5%-ы Шығыс Қазақстан экожүйесінің үлесіне тисе, бір ғана «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігінде — 13,5% қалдық қордаланған (912046 млн.т), ал «Соколов-Сарыбай» өндірістік бірлестігінде қалдықтардың 42,9%-ы жинақталған.

Республикадағы жұмыс істеп тұрған кəсіпорындардың тазалау қондырғыларының сапасы мен тиімділігі 30 %-дан аспайды. Өндіріс сарқынды суларының əсерінен – Ертіс, Орал т.б. өзендерінің суы зияндылығы жөнінен нормативтік көрсеткіштерден əлдеқайда асып түседі. Өзендердегі судың өздігінен тазаруы, тек 300 шаршы метрлік жол жүріп өткен соң ғана турбулентті жəне ламинарлі араласулар əсерінен жүзеге аса алады. Жер жəне минеральды шикізат ресурстары, ауылшаруашылық алқаптары, тозудың аз-ақ алдында десе де болады. Бұл айтылғандарға, үлкен аумақтардағы жер дефляциясы дəлел бола алады. Суармалы жерлердегі құнарлылықтың төмеңдеуі, топырақ қабатындағы гумус қабатының көз алдымызда жұқалануы – Қазақстан далаларының егіс алқаптарында жиі байқалып отырған құбылыс. Ал, табиғатта қалыңдығы 5 см гумус (қарашірік) қабатын жинау үшін жүздеген жылдар қажет болса, аридті климатты аймақтар үшін бұл мақсатқа мыңдаған жылдар кететіні анық. Топыраққа рекультивация жасау да қымбатқа түсетін іс-шара: 1 га үшін 300 мың теңгеге дейін, кейде онан да көп. Мұның тағы бір зияны, экожүйенің микроклиматы енді қайтып орнына келмейтін күй кешеді.

Пайдалы қазбалардың ішінен, Республикаға, əсіресе ең максимальды экономикалық, экологиялық жəне əлеуметтік зиян шектіріп отырғаны – полиметалл кендері, түсті металлургия, ал микроэлементтерден – қорғасын, хром оксиді, марганец жəне уран. Олардың басым көпшілігі, шикізат күйінде, басқа елдерге жөнелтіліп, дайын өнім мен қымбат бұйымның тиімділігін солар көріп отыр. Біздің маңдайымызға əзірше жазғаны – шикізат өндіретін орындардың маңындағы зиянды қалдықтармен бүлінген су, ауа, топырақ. Қоршаған ортаның, Республикамыздағы халықтың науқастануына тигізер əсері 60 % шамасында. Ол əсіресе, тау-кен өнеркəсібі орналасқан қалаларда жоғары. Қалаларда экологиялық ахуал, соматикалық ауру түрлерінің өршуіне ықпал етуде. Арал өңірінің экологиясы, Арал қасіреті Республика аумағынан асып, бүкіл планетаның бас ауруына айналып отыр. Оны сауықтыру бағытында Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Тəжікстан, Өзбекстан жəне Түркіменстанның Президенттері бірнеше рет кездесті. Мемлекет басшыларының шешімімен, Арал бассейнін қалпына келтіру жобаларына қолдау білдіру туралы шаралар айқындалды.

Бір кездері арнасынан асып-тасып жатқан алып теңіз, бүгінде жыламсырап ағады. Теңіз ұлтанынан ұшқан тұзды шаң əлемнің түкпір-түкпіріне жетіп жатқаны туралы суыт хабарлар, барған сайын қатерлі де, қорқынышты сипат алып барады. Бұл проблеманың БҰҰ мен басқа да мəртебелі мінберлерден қайта-қайта көтерілуі де сондықтан. Экологиялық апат аймағында отырған ел, ең алдымен, ауыз су тапшылығын көріп отыр. Теңізбен қоса, Арал теңізі төңірегіндегі жергілікті тұрғындарды да құтқару керек. Өйткені, елді мекендердің тек 15-20 пайызы ғана таза су ішіп отыр, ал қалған тұрғындар мемлекеттік стандартқа мүлдем қайшы келетін ауыз суды пайдалануда. Соның өзінде, ауылдық жерде, су бір адамға бір шелектен келеді. Ал, өркениетті елдерде, онын шамасы 200-400 литрге жетіп отыр. Мұның өзі түрлі жұқпалы аурулардың өршуіне, өңір халқының денсаулығына кері əсерін тигізуде. Олар бір жағынан Арал теңізінен көтерілген тұзды тозаңның астында жатса, екінші жағынан Байкоңыр ғарыш айлағының қасіретін бастан өткізуде. Соның салдарынан, тұрғындар арасында жүрек, өкпе, қан қысымы, бүйрек, бауыр жəне басқа қауіпті аурулардың көрсеткіші республикадан да жоғары болып тұр. Мысалы, Арал аймағы орналасқан Кызылорда облысы көлемінде бір ғана туберкулез ауруымен науқастанған адамдардың жалпы саны 19,5 мың. Осыған байланысты, кейінге ығыстыруға болмайтын нақты шара – осы өңірдің тұрғындарының хал-ахуалын жақсарту, жер асты суларын кеңінен пайдалану арқылы тұщы ауыз су жіберу, су құбырлары құрылысын жүргізу, Кіші Аралды сумен толтыру.

Табиғат – бізге ата-бабамыздан мұраға қалған ең қасиеттіміз. Арал өңірін экологиялық апаттан құтқару үшін көпшіліктің күші, күресі қажет. Қазақстан экологиясы үшін, 1991 жылы жабылған Семейдегі полигонның əкелген зардап-қасіретінің орны ерекше. Бұл полигонда жарылған 500-ге жуық бомбаның сойқаны, адамдарды ақырзаман індетіне шалдықтырып, Жер-Ананы есінен тайдырып жібере жаздады. Егер жарылыс тоқтамағанда, əр сынақ табиғатқа өлшеусіз зиян əкеліп, улы тозаң мен аждаһа ошағы жарты əлемді ойрандап, Орта Азияны ядролық күл- тозаңға тұншықтырып, ондағы халықтың түбіне жететін еді. Өйткені, осы полигон маңындағы қазақтардың көбі дəрігерлердің өзі анықтай алмайтын аурулардан қырылғаны белгілі. Жарты ғасырға жуық жалғасқан атом от-жалыны жер-суды ойрандап, неше түрлі аурулардың шығуына жол ашты. Осы зілзала аймағында тұратын 1,5 миллионға жуық адам жазылмайтын дертке шалдығып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын кеселге душар болғаны жасырын емес.

Төрткүл дүние, қазақты Семей сойқаны арқылы білді десек, артық айтқандық емес. Антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының акция-шерулері Батыс пен Шығысқа шындықты жеткізіп, Кеңес империясының сұмдық қаруының, «құпия соғыстың» сырын ашты. Қоғамдық күрес пен табанды талаптардың арқасында, 1991 жылы полигон жабылды. Алайда, ел мен жер тағдыры толық шешіліп біткен жоқ. Апат аймағы əлі де қансырап жатыр. Полигон аймағындағы тұрғындарға дəрігерлік көмек көрсетіп, жер-суды сауықтыру – бірінші кезектегі маңызды шара болып қала бермек.

.

Экологиялық зардап аймағына айналған тағы бір өлке ол – «Байқоңыр» ғарыш айлағы. Байқоңырмен шектес Ұлытау даласының қай түкпіріне үңілсеңіз де, əр түрлі зымырандардың (ракеталардың) сынығынан аяқ алып жүру қиын. Бұлар – зымырандардың бірінші ұшу сатысынан айрылып, жерге құлаған бөлшектері. Зымырандардың отын құрамында хлорлы қосылыстар жиі кездеседі. Аспаннан от- жалынға оранып түскен қалдықтар 3-4 гектар аумақты улап, өртеп, тып-типыл етіп кететіндіктен, ұзақ жылға дейін, қу тақырларға айналған бұл жерлерде ештеңе өспейді. «Байқоңыр» ғарыш айлағының аумағында зымыран бөлшектері құлайтын 39 аудан белгілі жəне ол 105 мың шаршы километрден асады. Олар төмен құлдилап келе жатқанда, сұйық отын ретінде қолданылатын гептил төгіліп-шашылып – ауаны, жер мен суды улайды. Одан тараған уландырғыш заттар, сол төңіректе 130 елді мекеннің үстін себелеп өтеді. Зерттеулер анықтағандай, зымыран ұшырылған кезде ауаның ластануы 100 мың автомобильден бірден будақтаған түтінге тең. Белгілі мəліметтер бойынша, бір зымыран ұшқан кезде оның отынының ауаға тасталатын зиянды зат мөлшері 300 тоннаға жетеді. Мұның бəрі, ең алдымен адамдар денсаулығына əсер етеді. Осының салдарынан, соңғы жылдары, əсіресе Ұлытау ауданы тұрғындары арасында жүйке, қатерлі ісік аурулары, қан ағару, қан қысымының көтерілуі, кем-кетік бала туу көбейіп, нəрестелердің шетінеуі өсіп кеткен.

.

Сонымен, атмосфераға жүздеген тонна гептил қалдығының ыдырап, аэрогендік миграцияға көшіп жүруі, қоршаған ортаны уландыруы үйреншікті құбылысқа айналып отыр. Ұшу жолы Қазақстанның осы аймағына орналасқан зымырандардың ең қатерлісі «Протон-К» деп саналады. Оның отын багіне толтырылған 500 тонна гептил көтерілген бетте жанып кетпей, 2-3 тоннасы ұшып өткен ауа арқылы, желмен жүздеген километр жерге жайылып, топыраққа, өсімдікке сіңеді, су көздеріне түседі. Егер, гептилдің 1 грамы ғана мыңдаған адамдарды уландырып, қатерлі ауруларға шалдықтыратындығын еске алсақ, бұл экологиялық апат түрінің адамдар денсаулығына, жан-жануарлар тіршілігіне тигізер зардабын айтып жеткізу қиын. Солтүстік Каспийдің Казақстанға қарайтын экваториясы байлығының халық үшін де, мемлекет үшін де, жалпы тіршілік үшін де маңызы зор. Оның фаунасы мен флорасына əлемде теңдес аналог жоқ. Осы қасиетті Каспийге де бұрғы салынып, мұнайына шабуыл басталды. Құрамында тоғыз мұнай компаниясы бар алпауыттар Каспийдің экологиялық жағдайын асқындыра түсуде. Соңғы жылдары теңіз деңгейінің көтерілуі, ахуалды одан əрі нашарлатып отыр. Каспий мұнайының құрамында күкірт мөлшерінің жоғары екендігі аян. Сондықтан, теңіз суындағы тіршілік қауіпсіздігі жоғары қойылуы тиіс. Мұнай өнімінің суға төгілмеуі, бұрғылау, мұнайды өңдеу кезіндегі зиянды қалдықтарды залалсыздандыру жұмыстары басты назарда болуы тиіс. Теңіз түбіне бұрғы түскен кезден бастап, Каспий айдынына, оның байлығына, радиацияға қарсы емдік қасиеті бар, мұнайдан екі есе қымбат қара уылдырық беретін бекіре тектес қызыл балық пен ақ балық тұқымына шындап қатер төнді. Енжарлықтың, болжаусыздықтың салдарынан, кезінде Арал теңізі аймағында экологиялық апаттарға жол беріп қойып, кейін кеш қалып, бармақ тістегенімізді еш ұмытуға болмайды. Каспий үшін бұл сабақ болуы тиіс жəне бұл өңірдегі фауна мен флораның тепе-теңдігі сақталуы шарт.

Қазақстандағы көптеген экологиялық проблемалардың қордаланып жиналуы, оларды шешуге бағытталған түрлі шараларды бір сəтке де кешіктіруге болмайтындығын көрсетеді. Кен өндіру орындары, ауыр өнеркəсіп, радиация, сынақ полигондары мен ғарыш айлақтары, мұнай мен газ өндіру – мұның бəрі республикамыздың табиғи ортасына, экологиясына едəуір мөлшерде бірден-бір теріс əсер етіп отырған тұстары. Тек бір ғана сала – азық-түлік өнімдерінің құрамындағы гербицидтік, пестицидтік, вирустық, бактериальдық жəне химиялық уланулар, олардың 16 %-ы нормативтік талаптарға сай емес екендігін көрсетті (Қазақстандағы 1985-1990 ж. көрсеткіштер бойынша). Осының бəрі, экологиялық бағалау көрсеткіштері мен экожүйелерді қалыпқа келтіруге бағытталған мемлекеттік шаралардың əлі де мардымсыз екендігін, бұл іске жалпыхалықтық деңгейде жұмыла кірісу ғана экологиялық апаттан аман алып қалудың төте жолы екендігін көрсетеді.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.