Қазақстандағы ұлттық идея

Главная » Рефераттар » Қазақстандағы ұлттық идея

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық идеология жөнінде көп айтылып, көп жазылып жүр. Бірақта күні бүгінге дейін, ол қандай идеология болуы керек және алға қандай мақсаттар қойып, оны қалай іске асыруға болатыны жөнінде нақты жүйеленген бағдарлама әлі жасалынған жоқ. Біздің егеменді ел болғанымызға мүшел жас толды. Енді балалық аурудан айығып, алдымызға үлкен мақсат қойып, соған қалай жетудің жолын іздестіретін уақыт келді. Ол үшін бізді адастырмай, сол мақсатқа тура апаратын компас сияқты идеологиялық бағдарламамыз болуға тиіс. Қоғам да тірі организм. Егерде байыпты ойлап қарасақ, қоғамның құрылымы адамның дене құрылысына өте ұқсайды. Адамның организмі тіршілік жасауы үшін дененің әрбір мүшесі бір – бірімен тығыз байланыста болып және әрқайсысы өзінің жеке функциясын атқарып отыратын болса, қоғам да сол сияқты, оның әрбір саласы бір – бірімен тығыз байланыста болып және әрқайсысы өзінің тиісті міндетін атқаруы керек.

            Саясат – қоғамдағы билікті басқарудың әдіс – тәсілдерін іске асырудың құралы болса, имандылық – сол қоғамдағы өмір сүретін адамдардың рухани қасиетін тәрбиелеудің дұрыс жолы, ал экономика болса, қоғамдағы әлеуметтік өмір тіршілігінің басты тірегі. Олай болса, осы үш сала ұлттық идеологиямыздың негізгі арқауы болуға тиіс. Сондықтан, қоғамымыз дұрыс дамуы үшін, оның әуелі идеясы, осы идеяның дұрыс – бұрыстығын тексеретін оның ғылыми теориясы, сонымен қатар, оны іске асырудың тәсілдерін көрсететін стратегиясы мен тактикасы болуға тиіс. Осы айтылғандардың бәрін қосқанда ол біздің ұлттық идеологиямыз болып шығады.  Біздің санамыздағы ұлттық рух – негізінен дінімізден, тілімізден, салт – дәстүрімізден нәр алып, нығайып, дамып отырады. Сол себепті ұлттық рухымызды байытқымыз келсе – дінімізді сақтап, тілімізді жетілдіріп, салт —  дәстүрімізді өркендетуге тиіспіз. Бүгінгі күнгі қоғамымыздағы шындап қолға алынбай, ақсап жатқан басты проблема осы болып отыр. Рухани тәуелсіздігіміз берік болмаса, саяси, экономикалық тәуелсіздігіміз де баянды болмақ емес. Себебі, адамдардың санасы төмен болса, ұлттық рухани құндылықтарымызды дұрыс бағаламаса, олардың патриоттық сезімі де әлсіз болады. Патриоттық сезім болмаған жерде отанына деген сүйіспеншілік, халқына деген жанашырлық, мәдениетіне деген қамқорлық болмайды. Біздің қазіргі қоғамымызда жүріп жатқан процестер осының айқын айғағы. Бізге ұлттық идеология керек дегенде Қазақстанда тұратын халықтарды руға, жүзге, нәсілге, дінге, тапқа бөлетін идеология емес, қайта олардың басын біріктіріп, адамзат баласына ортақ құндылықтарды насихаттайтын идеология қажет. Яғни, ұлттық идеология қоғамдағы әлеуметтік топтардың идеяларынан жоғары тұруға тиіс.

            Дүние жүзінде құрылған 200-дей мемлекеттердің басым бөлігі ұлттық сипаттағы мемлекеттер. Әрбір мемлекеттің өзегі болып саналатын басты ұлт сол мемлекеттің мүддесін қорғайды, ол ұлт Қазақстан бойынша қазақ ұлты болып табылады. Бізде ұлттық идеологияны кейбіреулер «Бұл тек қазақ ұлтының идеологиясы, ал Қазақстан болса көп ұлтты мемлекет, сонда, басқа ұлттардың мүддесін кім қорғауы керек» деп жаңсақ түсінеді. Шын мәнісінде Қазақстан көп ұлтты мемлекет емес, бұл тек қазақ халқының тарихи отаны және Қазақстан унитарлы мемлекет. Қазақстанды мекендейтін басқа этностар болса, олар басқа ұлттардың өкілдері және олардың ұлттық мүддесі, діні, тілі, салт – дәстүрі өз тарихи отанында қорғалып, дамып отырады. Қазақстан қазақтардың тарихи отаны болғандықтан олардың ұлттық мүддесі, діні, тілі, салт – дәстүрі осында қорғалуы керек.

            Ол Қазақстан мемлекетінің тікелей міндеті, сондықтан мемлекеттік идеологияның негізі ұлттық идеологиядан бастау алуы тиіс. Қазақ ұлтының –дінін, тілін, салт – дәстүрін өз елінде сақтап дамытуға ұмтылуы, бұл ешқандай талас тудырмайтын ақиқат. Кейбіреулер мұны ұлтшылдыққа балағылары келеді. Бұл біріншіден, қазақ халқының мүддесіне қарсы жасалынған қастандық. Екіншіден, халықаралық құқықты бұзу деген сөз. Себебі, Біріккен Ұлттар ұйымының қағидасы бойынша әрбір ұлт өз Отанында өзі қожа болуы тиіс. Ал мемлекеттің міндеті сол елде тұратын барлық этностардың мүддесін тең қорғау, яғни ұлттық идеология мен мемлекеттік идеологияның бір – бірінен бар айырмашылығы осы ғана. Бізде Кеңес Одағы кезінде ұлтшылдықты құбыжық көрсетіп таптық идеологияны шектен тыс мадақтап, екі терминенде адамдарды мезі қылған еді. Соның кесірінен, қазір ұлттық идеология десе, адамдар сенімсіздікпен қарайтын болды. Біз ұлтшылдық дегенде, бұрынғы отаршылдықта болған ұлт пен отарлаушы ұлттың ұлтшылдығын шатастырмауымыз керек. Мұның бір – бірінен айырмашылығы сонда, егер де жаңадан тәуелсіздігін алған ұлт, бұрынғы бодандықтың салдарынан өзінің жоғалтып алған ұлттық қасиеттерін — дінін, тілін, салт – дәстүрін қайта қалпына келтіруге ұмтылса, отарлаушы ұлт бұрынғы үстемдігін қайта орнықтыруға ұмтылады. Сондықтан біріншісінің ұлтшылдығын «патриоттық» десек, екіншісін «шовинистік» деуге болады. Қазіргі заманды мәдениет майданы деуге толық негіз бар, сондықтан түптің –түбінде қай ұлттың мәдениеті жоғары болса, сол ұлттың ықпалы үстем болары дауысыз. Ендеше біз ұлттық мәдениетімізді дамыту үшін, қазіргі өсіп келе жатқан қазақ жастары өзінің тарихын, өнерін, ана тілін, ата салтын, әдет — ғұрпын сыйлап өссін десек, рухани мәдениетімізді өркендетіп, оны күнделікті өмір салтымызға кеңінен ендіре білуіміз керек.

            Қазақ ұлты ассимиляцияға қатты ұшыраған халық. Соның салдарынан, қазіргі кезде қала тұрғындары, соның ішінде жастар «мәңгүрттер» немесе «шала қазақтар», ал ауыл тұрғындары «мәмбеттер» немесе «таза қазақтар» болып екі топқа бөлініп барады. Олай болатын себебі, біріншіден – ауыл қазақтарының ауыл өмір салтымен, яғни қазақи мәдениетпен, ал қала қазақтарының қала өмір салтымен, яғни орыс мәдениетімен өмір сүруімен байланысты болса; екіншіден – қазақтардың республика бойынша санының аздығы және қалалық жерлерде орыстарға қарағанда қазақтардың азшылықта болуынан; үшіншіден, тотолитарлық режимнің жүргізген отарлау саясатының салдары болатын. Бір өкініштісі, енді еліміз саяси тәуелсіздігін алып, республика бойынша және кейбір қалаларда ұлтымыз халықтың тең жартысынан көбін құрайтынына қарамастан, қазақтарда ассимиляциялану процесінің тоқтамай отырғанын немен түсіндіруге болады?

            Мұның басты себебі, біріншіден, еліміз саяси тәуелсіздігін алғаннан кейін де, үкіметіміздің отарсыздандыру, (деклонизация) саясатын жүргізбей отырғандығы; екіншіден, өмір салтымыздың, соның ішінде қала тұрғындарының өмір салты сол бұрынғы қалпында қалуы; үшіншіден, қоғамдық сананы қалыптастырудағы ұлттық идеяның әлсіздігі. Егерде қазақ ұлты осы бағытта «шала қазақ» және «таза қазақ» болып, «шала қазақ» орыс тілі, мәдениетімен, ал «таза қазақ» қазақ тілі, мәдениетімен өмір сүре беретін болса, онда бұл болашақта ұлтымыздың бірлігіне қауіп төндіреді. Қазақ халқының басына мұндай апат келместен бұрын осы кезден оны болдырмаудың амалын ойластыруымыз керек. Оның бірден – бір дұрыс жолы, Қазақстанда ауыл және қала қазақтарына, сонымен қатар, басқа да ұлт өкілдерінің мүддесіне сай келетін ортақ идеология болуға тиіс. Үш жүз жыл бойы империалистік идеология бодан халықтардың санасына оларды «Өркениеттен кенже қалған, мәдениеті дамымаған, ұлттық санасы төмен, өз алдына мемлекет құрып, тәуелсіз өмір сүруге қабілеттері жетпейді» деп, олардың ұлттық рухын жасытып, өздеріне деген сенімін жоюға тырысты.

            Қазіргі біздің тәуелсіздігіміздің жаулары ақпарат құралдары арқылы осы идеологияны онан әрі дамытып, ұлтымыздың арасынан ассимиляцияға ұшырап, мәңгүртке айналған адамдарды пайдаланып, оларды ұлтымыздың тәуелсіздігіне қарсы қойып, қазақтарды іштей ірітуде. Олардың айтуы бойынша ауылдың өмір салты, яғни қазақи мәдениеттің көрінісі – далада киіз үйде тұрып, ат мініп, қымыз ішіп, домбыра тартып, қой бағып өмір сүру. Ал қала мәдениетінің жемісі – көп қабатты жәйлі пәтерде тұрып, көшеде көлікпен жүріп, офиста компьютермен жұмыс істеп, факспен байланыс жасап, мейрамханада дем алу. Мұның бәрі орыс мәдениеті арқылы келген жетістік деп түсіндіреді. Мұндай үгіт – насихатқа кейбір өмір тәжірибесі аз жастар шын ниетімен сенеді. Осыдан келіп – қазақ мәдениетін, тілін, салт – дәстүрін менсінбей, оның болашағы жоқ деп, оған сенімсіздікпен қарайды.

            Біздер, бодандықтың шын сыйқын көзімен көріп, басынан өткерген қазіргі аға буын ұрпақтары, жастарға тәуелсіздіктің қадір – қасиетін дұрыстап түсіндіріп, шындықтың ақ – қарасын ашық айтып, ұлттық мүддеміздің негізі – тәуелсіздігіміздің нығаюы, жеріміздің тұтастығы, дініміздің сақталуы, тіліміздің дамуы, салт – дәстүріміздің өркендеуі екенін және оны қайткенде іске асыруға болатынын насихаттап отыруымыз керек. Уақытында коммунистер «Совет Одағында коммунизм орнатамыз, ол барлық халықтар үшін жер бетінде жұмбақ болмақ, сондықтан бәріміз бір тілде, (орыс тілінде) сөйлеп, «советтік өмір салтымен өмір сүруге тиіспіз» деп халық санасын улап келген болатын. Қазақ халқы, өзінің сенгіш аңғалдығымен, осы ертегіге шын көңілмен сеніп, ақыр – аяғында өздерінің қалай орыстанып кеткенін білмей де қалды. Енді қазір дүние жүзінде жаһандану саясаты жүріп жатыр, бірақ мұны дұрыс түсініп, саналы түрде қабылдау керек. Әрине, өмір бір орында тұрмайды, жер бетінде халық көбейіп, оның материалдық қажеттілігі күннен – күнге өскенмен құрлық кеңеймейді, сондықтан жер тартылып, табиғат байлығы азайып, оның үстіне ғылым мен техника дамып, қатынас пен байланыс жетіліп, халықтардың бір – бірімен қарым – қатынасы нығая түспек. Соның салдарынан дүние жүзі бойынша жаһандану дәуірі басталып, ол бүкіл адамзат баласын қамтуы мүмкін. Бірақта, мұның аз санды, мәдениеті, экономикасы әлсіз ұлттар үшін қауіпті жағы да бар. Мұндай интеграцияға төтеп беру үшін әрбір ұлт бірінші кезекте өзнің ұлттық мәдениетін жетілдіріп рухын нығайтуы керек. Әйтпесе өзінен зор ұлттардың мәдениетіне жұтылып кетуі мүмкін. Ол үшін аз санды халықтар «Экономикалық интеграция, саяси бейтараптылық,  рухани тәуелсіздік» принципімен өмір сүрулері керек. Қазақ халқы бүгінгі күні өз тарихында күрделі де, жауапты кезеңді басынан өткеріп отыр. Әрбір халықтың ұлттық идеологиясы, сол халықтың тарихи кезеңдегі қажеттілігінен туындайтын ұлттық мүддесінен пайда болады және сол халықтың болашақ тағдыры осы идеологияны қалай іске асыруына байланысты болмақ. Олай болса бүгінгі қазақ халқының күн тәртібінде тұрған басты проблемалары.

1. Тәуелсіздікті нығайту.Қазақ халқы Ресейге бірнеше ғасыр бодандықтан кейін, өзінің саяси тәуелсіздігіне қол жеткізіп, жақында соның мүшел жасын атап өтті. Бірақ бұл тәуелсіздікті нығайту біздің хылыққа оңайға түсер түрі жоқ. Оның себебі халықаралық жағдайдың күрделігімен қоса ішкі жағдайымыздың ала – құлағында болып отыр. Кейбір азаматтар үшін, бізге тәуелсіздік өзінен — өзі келген құдайдың сыйы сияқты көрінеді. Сондықтан «Тегіннің тұзы татымас» дегендей, оның қадір – қасиетін жете бағаламайды. Соның салдарынан, әрбір азамат отанына адал қызмет етіп, оның экономикасын, мәдениетін нығайтудың орнына, әрқайсысы өзінің қара басының қамымен – байлар онан сайын бай болуды ойласа, кедейлер күнімді қалай көрем деп, соның уайымында жүр. Оның үстіне елімізде бірнеше ұлттардың өкілдері тұрады және олардың көбісінің мүддесі қазақ халқының мүддесімен барлық уақытта үйлесе бермейді.

2. Демократиялық қоғам құру.Біз тәуелсіз мемлекет құрумен бірге, демократиялық қоғам орнатуымыз керек. Ал демократия болса, бір күнде бола қоятын нәрсе емес, ол адамдардың санасына, саяси сауаттылығына, өмірге көзқарасына байланысты. Ондаған жылдар бойы тоталитарлық қоғамда өмір сүрген адамдардың санасын тез өзгерту мүмкін емес, ол ұшін талай жылдар бойы халық арасында тәрбие жұмысын жүргізу қажет.

3. Ауылдық өмір салтынан, қалалық өмір салтына өту.Қазақ халқы XIX-ғасырдың соңына дейін көшпенді өмір салтымен өмір сүрген халық. Яғни, адамзат тарихындағы көшпенділер мәдениетінің ең соңғы өкілдерінің бірі. Ал көшпенді өмір салтының отырықшы халықтардың өмір салтынан айырмашылығы жермен көктей. Сондықтан қазақ халқының ұлттық мәдениетін сақтаудың адамзат баласы үшін маңызы өте зор. Оның  үстіне, XX-ғасырдың басында қазақтарды өктем күшпен зорлап, отырықшылдыққа айналдырғанмен, оларда ұлттық нақыштағы жаңа өмір салты қалыптаспады. Себебі, қазақтарға көшпенді өмір салты рулық патрихалды қоғамның феодалдық сарқыншағы деп, оны ұмытуға үгіттеді және оларды орыс деревнясының мәдениетімен өмір сүруге мәжбүр етті. Кеңес Одағы кезінде қазақтарды қайтекнде де қалаға келтірмеуеге тырысты. Түрлі себептермен қалаға келген қазақтар болса олардың қала өмір салтымен, орыс тілі мәдениетімен өмір сүруіне тура келді. Енді халқымыз бостандыққа қол жеткізгеннен кейін және қалалық жерлерде қазақ ұлтының сан жағынан өсуіне байланысты, болашақта қазақтардың қалалық өмір салтын қалыптастырып, сол өмір салтымен өмір сүрулеріне тура келеді.

4. Ассимиляцияланудан арылып – дінін, тілін, салт – дәстүрін қалпына келтіру.Патшалық Ресей де, Совет Одағы да, қайткенде де отаршылдыққа айналдырған ұсақ ұлттарды – дінінен, тілінен, салт – дәстүрінен айырып  орыстандыру немесе түрлі айла тәсілдерімен ішімдікке үйретіп, аштан қырып оларды қайткен күнде де жер бетінен аластап, солардың жеріне ие болып қалуды көздеді. Егерде патшалық Ресей бұл саясатын ашық күшпен жүргізсе Совет Одағы коммунистік идеологияны жамылып, жаңаша отарлау (неоколониялизм) саясатын жүргізді. Соның салдарынан қазақ халқының тең жартысы отызыншы жылдары ашаршалықтан қырылса, бүгінгі күні тең жартысы ассимиляцияға ұшырап, мәңгүрттеніп кетті. Осының кесірінен тәуелсіздік алғанымызға он жылдан асса да дінімізге, тілімізге, салт – дәстүрімізге қауіп төніп, болашақта қазақ халқының ұлт болып қалу – қалмауы үлкен сұрақ болып тұр. Қазіргі қоғамымызда болып жатқан кейбір келеңсіз жағдайлардың көбі осы ассимиляцияға ұшырауымыздың салдары. Мәңгүрттенген адамда Отанын сүю, ұлтын құрметтеу, ана тілін ардақтау деген сезім болмайды, соның кесірінен олар қара басының қамы мен күнделікті күні үшін өмір сүреді. Ондай адамдар ұлтына опасыздық жасауға әрқашан бейім келеді. Қоғамымызда қылмыстың асқынып, қазақтардың басқа дінге көптеп кіруі, сыбайлас жемқорлықтың тыйылмауы, ана тілін, салт – дәстүрін білмеуі, осының бәрі ұлттық санамыздың әлсіреуінің салдары, мұны ұлтымыздың саяси және рухани элиталары түсінетін уақыт жетті. Осы кезге дейін халқымыз мұның бәріне жаңадан тәуелсіздігін алған еліміздің тыныштығы үшін шыдап келген болса, енді бұдан әрі ондай сорақылыққа төзуге болмайды. Себебі, бұл жағдай осы қалыпта жалғаса берсе, келесі буын ұлттық қасиетін түгелдей жойып алуы мүмкін.

5. «Салауатты өмір салтын» құру.Қазақ халқына алдағы уақытта қандай өмір салтымен өмір сүру керектігін бізге заманның өзі алға қойып отыр. Себебі, біз осы кезге дейін бодан болып, басқа халықтың өмір салтымен өмір сүргендіктен, біздің ұлттық санамызға, дәстүрімізге зор зиян келіп, өзіміздің рухани құндылығымыздың көбінен айырылып қалдық. Енді еліміз саяси тәуелсіздігін алып, демократиялық қоғам құру үшін бізге ұлттық идеология керек. Ол идеология – «Салауатты өмір салты» болуға тиіс. Ол идеологияны «Салауатты өмір салты» дегенде қазіргі айтылып жүрген – әдепсіз әдеттерден аулақ болу, яғни ішімдікке салынбау, нашақорлыққа бармау, темекі тартпау, тазалықты сақтау сияқты бір жақты медициналық категориядағы түсінік емес, одан әлдеқайда кең мағынадағы – адамдардың рухани, әлеуметтік, қоғамдық өмірін жан – жақты қамтитын социологиялық категориядағы ұғым болуы керек.

            Салауатты сөзі қазақ ұғымында парасатты, байыпты деген мағынаны білдіреді. Егерде біздің әрқайсысымыз қандайда да бір жағдайда болмасын, әрбір ісімізді парасаттылықпен байыпты ойлап істесек, бүгінгідей келеңсіз жағдайға душар болмас едік. Мұнан былай қоғамымыз ұлттық идеологиясын анықтап, алдына айқын мақсат қойып, халқымызды соған жетуге жұмылдыра білсе, осыған дейінгі қателігімізді түзеп, өркениетті өмір сүруге болады.

            Бізге қазір ұлттық идеология ауадай қажет, бұдан былай бұл проблеманы бір күн де кешіктіруге болмайды. Біз қазір осы сұрақты күн тәртібінде бірінші кезекке қойып, ақпарат құралдары арқылы қоғамдық пікірді осы мәселеге аударып, зиялы қауымымыз бұған белсене қатысып, кең талқыға салып, бір тиянақты тұжырымға келіп, оны өмірде іске асырудың жолдарын іздеуіміз керек.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.