Қазақстандағы мұсылмандық

Home » Рефераттар » Қазақстандағы мұсылмандық
Рефераттар Комментариев нет

Ғасырлар бойы ислам дүниесі, соның құрамында Қазақ жеріндегі мұсылмандық та береке-бірлігі бекім, ұлтымыздың намыстық арқа-сүйер рухы болатын. Ал соңғы жылдардағы Қазақстан мұсылмандығындағы күрделі ахуал, қазақ жастарының басқа діндерге толассыз өтіп кетіп жатуы, күн сайын ондаған адам діннің атын жамылган жалган ұйымдардың қүрбаны атануы, адам рухы мен жан дүниесін сиқырлап, тіпті өлімге дейін апаратын дін ағымдарының бой көтеруі қогам үшін аса қауіпті болып тұр. Еліміздің әр түпкірінде ірілі-ұсақты діни экстремистік топтардың әрекеттерін ашық көрсеткендері соған куә. Дініміздегі бұндай ахуалды көпшілік түрлі ағымдар мен секталардың бой көрсетуімен байланыстырады. Әрине, бұл дұрыс жауап, ол айтпаса да анық. Бірақ сол қаптаған жат секталар мен бірлестіктерді аса белсенділік пен қарқынды түрде бүкіл әлемдік көлемде аттандырушы болып отырған қандай күштер?
Ондай күштер бар. Ол баяғы, аты шулы дүрліккен идеологиялық күрес. «Қырғиқабақ соғыс» саясатының шиеленісуі бір мезгілдей бәсеңдеген сияқты болып еді, бірақ қазір тағы да сол «салқын соғыстың» оты қайтадан жалыңдана бастады. Оның себебі — қазір жаһаңдану процесін асықтыратын күштердің де болуында. Ол күштердің тек өздерінің ғана мүдделерін іске асыруды мақсат етуі байқалмай тұрған жоқ. Жаһандану мәселесіне экономикалық жағынан барынша дамыған индустриалды державалардың пайдасы тұрғысынан қараушылықтың бар екені баршаға айқын.
Олардың мақсаты — дамушы және өтпелі кезең елдерінің табиғи байлық, шикізат ресурстарын өзіне қарай тарту табиғи ресурстарды соңғы рет әлемдік бөлу. Өздерінің тауарларын экспорттап, Қазақстан сияқты дамушы елдерде дайын зат шығаратын кәсіпорындарды дамытпай қойып, капиталды әкету.
Бұндай саясатты іске асырудың сан-алуан әдіс-тәсілдері де қарастырылған. Сол әдістерді қаржыландыратын мұхиттың арғы жағындағы алпауыттар жыл сайын миллиардтаған доллар бөліп отырғаны да белгілі. Алпауыттардың саясаты — өздерінің көздеген елдердің бірлігіне нұқсан келтіру. Әртүрлі әрекет арқылы, соның ішінде жарылыстар ұйымдастырып, қоғамда күдік, үрей жағдайын туғызып, халықтың наразылығын күшейтіп, саяси биліктің беделін түсіру.
Ұрыс бастау үшін сылтаулар табылады. Елдердің бірлігіне іріткі салу үшін де сылтаулар сан қилы. Алпауыттар өздерінің пиғылдарын бүркемелеу үшін кейбір елдерде демократия жоқ, халықтың бостандығы шектелген деп тауып, мемлекеттің басшыларын жоюға дейін барады (мысалы, Ирак, Ливия), кейбір елдерде ұлтаралық алалаушылық мәселелерін желеу етіп әрекеттерін ақтайды. Бұндай әрекеттер қоғамдардың бекімі олқылау, осалдау салаларын көздейтіні белгілі. Осыған қарағанда, идеологиялық шабуылдар белсенділерінің пайымдауынша, ислам, мұсылмандық ұстайтын елдерде, соның ішінде Қазақстанда да олқылау болып тұрған дін ахуалы болып көрінуінде.
Діни шабуылдардың үдейе түсуінің түйіні де осында. Бірақ әрекетшілердің бұл шабуылдарды дінге негіздеуі жалған. Дін мәселесінің алға тартылуы тек шымылдық бүркемелеу ретінде. Миссионерлік ұйымдардың Қазақстандағы бүгінгі әрекеті халықаралық байланыстарда қалыпты болып көрінетін «күш сынау» ойындарының ерекше әрі өзгеше формасы екендігі айқын. Десек те, шабуылдың аты шабуыл, қандай болмасын шабуыл осал болмайды. Шетел алпауыттардың Қазақстан жөніндегі басты мақсаты -ұлтымыздың дініне іріткі салып халқымыздың бірлігін шайқау. Осы саясаты үшін — мақсат әдісті ақтайды деген принципке жүгініп — әрекеттердің небір түрлерін көрсетуде. Қазіргі кезде миссионерлер шет елдердегі әртүрлі орталықтарда арнайы дайындықтан өтіп жатқандары да белгілі. Олар — «жаңа» миссионерлер деп аталатын — мол тәжірибе жинаған, азғыру әдістерін терең игерген, адамды еліктіргіш әдістері мен қабілеттері мол мамандар. Бұндай мамандарды әртүрлі мемлекеттердің ерекшеліктеріне бейімдеп те дайындайды. Мысалы, Қазақстан олардың маңызды стратегиялық объекті қатарына алынып отыр. Дінді жамылған «жаңа» идеологтардың Қазақстан азаматтарына ықпал ету үшін ұстанатын негізгі үш жолы айқындалып отыр. Біріншіден, атеистерді өздерінің секталары қатарына тарту, солар арқылы да қазақтарды өз уысына молдап түсіру. Атеистердің алдына тартатын үгіт — насихаттарының мазмұны — атеизм құрсауынан азат болған қазақстандықтарға қол үшін созып, оларға дін тануға мүмкін жасап жатырмыз деп қамқорлық көрсеткен болады.
Қазақ атеистері арасында әсіресе протестантизмге өтушілер көрініс алды. Қазақстан жеріңдегі протестанттар дұғаларын қазақ тілінде оқиды, тіпті қазақтардан пасторлар дайындалатын болды. Сөйтіп, қазақтардың қолымен қазақтарды протестантизм дініне аудару стратегиясы қолға алынуда. Екіншіден, миссионерлердің Қазақстан азаматтарына ықпал етуінің келесі түрі — күн көрінісі төмен адамдарды, әсіресе жастар арасынан іздеп тауып, қаржылай жәрдем берумен қызықтырып, өз торына түсіріп алу. Мысалы, теріс діни ағымдардың уағыз айтуына қатысқаны үшін жастарға 50 доллардан сыйақы үлестіріп және тегін тамақтанудың орын алғаны белгілі. Осы жолмен миссионерлер қарапайым халықтың біраз бөлігін жат діни ағымдарға ендіріп алды.
Теріс діни уағыздары торына көбірек түсіп қалатын қазақ әйелдері болып отыр: жалғыз бастылыққа, тұрмыс ауыртпалығына да байланысты. Ең қиыны — ондай әйелдердің балалары секталарға тартылады. Сектанттардың торына түскеннен кейін адам бірте-бірте олардың психологиялық тұтқынына енеді. Арнайы сиқырлық әрекеттің әсерінен сектаның кұрбаны ең алдымен ата-анасық туыстарық барлық бұрынғы таныс адамдарын мүлде мойындамай, оларды енді жау екен деп есептеуі тиісті. Осылай адам қоғамнан оқшауланып, жігер қайраты әлсіреп, бірте-бірте еркінен айрылып, айтқанды екі етпейтін, тілалғыш, қарыспай бағынушылық жан болып шығады. Бұндай жандылардың қатарынан экстремистерді, лаңкестерді шығару оңайдан оңай емес пе?
Үшіншіден, миссионерлердің ықпал ету үшін қолданатын тағы бір әрекеті — ислам шариғатының кейбір рәсімдерін жағымсыз жағынан көрсетуі. Олардың қазақстандық мұсылмандықта орындалуға қиынға түсетін рәсімдердің қатарына көбінесе жатқызатындары: күніге бес мезгіл намаз оқу, Құраңды мінсіз түрде араб тілінде оқи білу, жыл сайын бір ай жарық күн бойы нәр татпай Ораза ұстау, көп қаржы талап ететін, сырапшылыққа ұшырататын садақалар өткізу.
Әрине, бұндай дәлелдермен үзілді-кесілді келіспеушілік білдіру қиын. Шын мәнінде де, мысалы, күніге бес мезгіл намаз оқу үшін белгілі жағдайдың болуы қажет: қызметтен қолдың бос болуы? сәйкес орын және т.с.с. Мысалы, 2000-шы жылдардың бас кезінде студенттер намаз оқып келу үшін сабақтардан сұранушы еді. Алғашқы кезде олардың мұсылман болғысы келгенін қоштап рұқсат беріп жүрдік. Бірақ кейін ондай студенттердің сабақ үлгерімі төмендеп кетуі себебінен рұқсат бермейтін болдық. Миссионерлер осы бес мезгіл намаз оқу парыздың да қиынға түсетінін қазақ жастарына ықпал ету әрекеттерінде қолданады. Олар өздерінің үгіт-насихат жұмысында қазақтардың садақа беру рәсімдеріндегі көріністерді де шебер пайдаланады. Баршаға мәлім, қазақтардың ата-баба аруағына табыну, садақа беру, қайтыс болған кісіні бақилыққа жөнелту рәсімдері халқымыздың аса жоғары рақымшылдық қасиетін көрсетеді. Бұл рәсімдердің әсіресе соңғы жылдары ерекше құптарлыққа ие болуы да баршаға мәлім. Бірақ бұл рәсімдердің қазіргі кезде озығынан көрі тозығы көбірек ырымдар күн сайын көбее түсуде. Қайтыс болған кісіні шығарып салу дәстүрінде ысырапшылық, бәсекешілдік сияқты жағымсыз әдеттер жаппай орын алуда. Адам қайтыс болған үйдің отбасында дәл сол күні қонақасын, ертеңіне садақасын беру міндет болып саналса, бұдан кейін жетісін, қырқын, жүзін және жылын беру парызға айналғаны мәлім. Осы рәсімдердің әрбір күнінде мал шалынуы керек. Ал соңғы жылдары тек іріқара мал шалынуы міндетті деген пікір де тарады. Ең ауыры — осының барлығы адамынан айырылып қайғы шегіп отырған отбасында орындалуы тиісті болуы.
Соңғы жылдары садақаларды аста-төк ысырапшылықтың, атақ шығарудың үрдісіне айналдырып, адамның басына түскен ауыр қайғы-қасіреттің өзін байлығын көрсетуге тырысқан ағайынның бей-берекет әрекеттеріне көңілің құлазиды. Еліктеушілік дінімізді көгертпейді. Бұндай рәсімдеу, еліктеушілік әсіресе өмірдегі тұрмысы төмен, күнкөрісі қиын, мұқтаж жандарға өте ауыр соғады. Олар бұл рәсімдердің атқарылуы мұсылмандық парыз деп танылғасын, басына келген кездерде ашылып-шашылуға, ауырлықтардың бәріне төзуге бел байлап қиналады, қарызданады. Мұсылмандық жамағатымыздағы осындай жағдай миссионерлердің арандатушылық насихаты үшін өте ұтымды мәселе. Олар ислам рәсімдеріне осындай қиындықтардың мол екендігін біздің азаматтарымыздың бетіне басып айтады.
Оның үстіне «жетісі», «қырқы», «жүзі», «жылы» садақаларын беру дәстүрлері ислам шариғатында да, Құранда да жоқ [4]. Яғни бұндай рәсімдер, әсіресе мал шалу сияқты, ислам шариғатына негізделген емес. Бұл мал өсіруші болған қазақ халқының экономикалық өмір-салтынан туындаған. Әрине, сан ғасырлар бойы халқымыздың сүйегіне сіңіп кеткен әдет-ғұрып болғандықтан оқасы жоқ деуге де болар. Бірақ миссионерлердің қазақстандық мұсылмандық ислам шариғатына жатпайды деп тұжырымдауына тағы да ұтымды желеу, жастарымыздың діни сезімдерін қорлауға шулы насихаттың тізгіні болып отыр.
Міне, осы жоғарыда аталған және басқа да көптеген рәсімдердің өткізілу үдерістеріне әділ көзбен, шыншылдықпен қарап, тиісті бағасын беретін болсақ қазақстандық мұсылмандық салттарында заманның дамуына, әсіресе қазіргі нарықтық экономика талаптарына сәйкес жаңартылудың енгізілуі қажет екендігі бұрыннан да байқалып жүрді. Дін әр уақытта ұлт мәдениетінің ажыраспас, құрамдас бөлігі. Ал жеке ұлттық мәдениеті, соның ішінде әсіресе саяси мәдениеті, әруақытта дамып, жаңарып, заман талаптарына сәйкес модернизация процесінде болады.

Б. Өтемісов

С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті
профессор, тарих г. к.,
Қ. Қарабала
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті
аға оқытушы Ақтөбе қ, Қазақстан

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Заңы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы». «Егемен Қазақстан». 2011 ж. 15 қазан.
2. VII Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының материалдары. «Егемен Қазақстан». 2011 жылғы 9 маусым.
3. Хамидов А.А. Религия в политике и культуре современного Казахстана. Астана. «Астана Елорда», 2004.
4. Коран (Перевод смыслов и коментарии Пороховой И.В.) — М.: Рипол классик, 2008
5. Дербісалы Әбсаттар қажы. Тәуелсіз Қазақстан және ислам. // «Егемен Қазақстан». 2001 жылгы 23 қараша.
6. Климович Л.И. Книга о Коране, его происхождении и мифологиии. -М.: Полигиздат? 1986.
7. Әбсаттар қажы Дербісалы. Ұлық Имам — Имам Ағзам Әбу Ханифа. //Егемен Қазақстан. 2007 ж. 28 ақпан.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.