Қазақстандағы жемқорлық туралы баяндама

Home » Рефераттар » Қазақстандағы жемқорлық туралы баяндама
Рефераттар Комментариев нет

Қазіргі кезде, бізде, жемқорлықтың дамып кеткендігі соншалық жасыруға да келмей қалды. Оны бұқара халық күнделікті өз бастарынан өткізіп жатыр. Ұсақ-түйек бір жұмысты тындыру үшін де соны орындайтын адамның саусағының арасына аздаған тиын-тебен қыстырмасаң әр түрлі сылтау айтып апталап, кейде айлап жұмысыңды істемей діңкеңді құртады. Ал тиын-тебен беріп жіберсең ісің бір-екі сағатта-ақ бітіп шығады. «Түйені түгімен» жұтып жатқан сабаздарың қаншама. Олардің біреуі білінсе, біреуі білінбей жатыр. Ал, кейбіреулері шет елге қашып үлгерді. Сыбайлас жемқорлық барлық салада көрініс беруде. Қарап тұрсаң, бізде жемқорлық жайламаған мемлекеттік орындар жоқтай. ҚР Мемлекттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің мәліметі бойынша 2015 жылдың бірінші 7 ай ішінде 1728 сыбайлас жемқорлық қылмыс болған. Оның 552-сі парақорлық фактілер болыпты. Осы уақыт аралығында пара алу 500 мың доллар көлеміне жеткен. Соңғы кездегі «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басшыларының айналасындағы оқиғалар жемқорлықтың шегіне жеткендігін көрсетіп отыр. Бөлінген қаржының тексерусіз, бақылаусыз қалатындығы, мемлекет қаржысының ұры қалталарға түсуіне себеп болып отыр. Бұл жағдай мемлекеттің «5 реформа және 100 қадам» жоспарын құруға әкеліп отыр. Мысалы, 13-қадамда: «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықты жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» керек екені айтылған.

Жемқорлықтың күшейгені соншалық, онымен күресуге арнайы бөлім құруға мәжбүр болып отырмыз. Аурудың сыртқы белгілерін сылап-сипағаннан ештеме өзгермейтінін бағамдаған Президент, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негізделген жүйелі емдеу керектігін айтты. Американдық автокөлік өндірісінің негізін қалаушылардың бірі – өнертапқыш миллиардер Генри Форд: «Әлемдегі барлық сыбайлас жемқорлық дендеген мемлекеттерде көптеген шенеуніктер, тіпті, ғалымдар (магистранттар, ғылым докторлары, профессорлар) жүйелі ойлана алмайды және оны ойлағылары келмейді. Мұндай жағдайдың бір ғана түсіндірмесі бар, яғни, бұл елдерде әділдік негізгі жетістіктермен мойындалмайды. Сондықтан, көптеген шенеуніктер мен азаматтар амалсыздан тамыр-таныспен алдауды алғашқы орынға қояды. Сол үшін де, жемқорлық дерті бұл елдерде шешілмейтін дауға айналып отыр» деген екен. Г.Фордтың осы айтқаны біздің басымызға келіп тұрғандай. Қазіргі уақытта Қазақстанда құрылыстар қарқынды жүргізілуде. Мыңдаған шақырымдық темір жол, тас жолдар салынуда. Жолдардың ең көлемдісі «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» жолы биыл бітуге тиісті. Бұл жолдың ұзақтығы 2 787 шақырым, құны 825 млрд. теңге. Осыншама қыруар қаржының бәрі өз мақсатында жұмсалды ма, жоқ па, оны да тексеріп жатқан ешкім жоқ. Астана, Алматы, т.б. қалаларда да құрылыстар көптеп жүргізілуде. Астана басыбүтін жаңадан салынса, Алматыда соңғы кезде қосылған жаңа Алатау, Наурызбай аудандарында құрылыс қарқынды жүргізілмек. Шымкент, Ақтөбе қалалары да кеңейтіліп құрылыстар салынбақ. Осылардың бәріне халықтың салығынан түскен қаржы жұмсалатын болады. Құрылыстан басқа әр түрлі, ауылды таза сумен қамтамасыз ететін «Ақ бұлақ», басқа да «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту-2020», «Жастар тәжірибесі», «Саламатты Қазақстан», т.б. бағдарламалар жеткілікті. Бірақ осы бағдарламалардың көбі басталады да, аяқталмай жарым жолда қалып қояды. Сол сияқты өнім өндіретін кәсіпорындар да салынып, лентасы қиылып ашылады да, артынан жұмыс істемей тоқтап қалады. Ал, бөлінген қаржы желге ұшады. Оны да тексеріп, тергеп, қаншасы мақсатты түрде жұмсалды, қаншасы ұры қалталарға түсіп кеткенін ешкім тексермейді. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген. Қақпағы ашық, тексерусіз қаржыны көрінген жалап-жұқтамағанда неғылсын. Бүгінгі таңдағы тендер арқылы тапсырыс беру, жемқорлықты күшейтіп отыр. Бір кезде Ғани Қасымов депутат болып жүргенде: «Тендерді ұтып алу үшін компаниялар сол ақшаның 40 пайызына дейін тендерді ұйымдастырушыларға береді» деген еді. Бұл жағдай қазірге дейін жалғасуда. Бөлінген ақшаның біраз бөлігі пара ретінде жоқ болса, қалған қаржы сапалы жұмыс істеуге қайдан жетсін. Әсіресе бұл жағдай құрылыс саласында анық байқалуда. Аздаған жел соқса соңғы 4-5 жылда салынған үйлердің шатырлары ұшып кетеді. Ал 40-50 жыл бұрын салынған үйдің шатырлары міз бақпайды. Жоба бойынша қолдануға тиісті материалдардың орнына арзан, көбіне қытайлық материалдар салынып, құрылыс сапасыз болып шығады. Соның салдарынан құрылыстар бітпей жатып, кейбірі біткен соң құлайды. Біткеннің өзі қабылдау комиссиясына пара беру арқылы өткізіледі.

Сондай-ақ, бізде қазір неше түрлі бағдарламалар көп. Оларға миллиардтап қаржылар бөлінеді. Бірақ, көбінің нәтижелері көңіл көншітпейді. Істің соңында жұмыстар сапасыз. Не аяқталмай қалады. Не аяғына жетпей бағдарлама тоқтатылады. Ал қаржының қайда кеткені тексерілмейді. Бөлінген қаржының есебін сұрап отыратын ешкім жоқ. Мысалы, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылды жерлерді таза сумен қамтамасыз ету жобасы бар. Бірақ ауылға құбыр тартылса, су шығаратын насосына қаржы жетпей қалады. Насос қойылса, құбырға қаржы жетпей қалады. Сонда смета бойынша бөлінген ақша неге жетпей қалады? Оның қаншасы шенеуніктердің ұры қалталарына түсіп кеткенін ешкім тексріп жатқан жоқ. Сыбайлас жемқорлықпен күреседі деген құқық қорғау орындарының өзінде бұл індеттің дендеп кеткенін Елбасы ашық айтып отыр. Бұл тұрғыда әділдік орнатады деген сот жүйесінде де былық көп. «Бүгінгі күні сот жүйесінің ең осал буыны – судьяларды іріктеу болып отыр. Судьяға қойылатын талаптар тиімді емес. Соның салдарынан судьялар корпусында сыбайлас жемқорлыққа жол беріліп жатады. Судьялар жабық корпорация іспеттес қоғамдық сыннан алшақ болмауы тиіс. Қоғамдық сын сыбайлас жемқорлық кеселіне ем болып табылады», – деді, «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев. «Сот жүйесінде бәрі жақсы» деп жауырды жаба тоқуды қысқартып, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ата-баба өсиетін судьялардың естерінде ұстағаны абзал болар еді. Сыбайлас жемқорлықтың ең қауіптісі жастардың санасын да улап бара жатқандығы. Мектепте көрінгенді сылтауратып ақша жинайды. Ата-анасы ақша бере алмаған оқушыны үлгерімі жақсы болса да шеттетіп, құрбылары менсінбей қарайды. Жоғарғы оқу орындарында (ЖОО) сессия сайын ақша жинап беріп баға алатын студенттер көбеюде. Сол үшін кейбір студенттер қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Ал кейбір ЖОО-да грантқа өту үшін пара сұрайтындар да кездеседі. ЖОО- нын қызыл дипломмен бітіріп жұмыс таба алмай қалатын студенттер де жеткілікті. Керісінше ЖОО-нын ілдаләп әрең бітірсе де көкелерінің, не әке-шешелерінің қалталарының қалыңдығынан пара беріп қалаған жұмыстарына қол жеткізеді. Талантымен табындырып, білімі мен білігін ұштастырған жастарға қарағанда, таныс-тамыры барлар жақсы жұмысқа орналасып кетеді. Бұндай жағдайлар жастардың арасында: «Жақсы білім алу маңызды емес. Маңыздысы жақсы жұмысқа орналастыратын көкең, не қалталы ата-анаң болуы керек. Бәрін ақша шешеді, бай болу керек» деген ұғым қалыптастырады. Нашар білім алып жұмысқа келген соң қызметін де дұрыс атқара алмайды. Бұл жағдай әсіресе шетелдік компанияларда: «Қазақстанның ЖОО-ны сапалы білім бермейді» деген ойға әкеледі. Сондықтан ЖОО-нын бітіргенде алдымен қызыл дипломмен бітіргендерге жұмыс таңдатуға құқық беру керек. Сыбайлас жемқорлық жастардың жаңалыққа талпынып, жүйелі ойлау қабілетін тежеуде. «Талпын талпынба, ойлан ойланба бәрібір таныс-тамырың болмаса ештемеге қол жеткізе алмайсың» деген ұғым қалыптастыруда. Бұл жастардың өз келешегіне сенімсіздікпен қарауына негіз салады. «Жастар – келешегіміз» десек, жастарға кері әсер ететін сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресуіміз керек. Онымен қалай күресеміз?

Әрине, сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін 13-қадамда Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру туралы айтылған. Бірақ, бұл бөлімге тағы да шенеуніктер алынатын болады. «Қарға, қарғаның көзін шұқи» қоярма екен. Жемқорлықпен шындап күрескіміз келсе, партиялар мен үкіметтік емес қозғалыстар мен қоғамдық ұйымдар мүшелерінен құрылған мемлекеттік комиссия құру керек. Бізде қазір «Нұр Отан», «Комунистік», «Ауыл», «Ақ жол», «Патриоттар», т.б. партиялар бар. Сондай-ақ «Азат», «Семей-Невада» қозғалысы, «Ардагерлер», «Ауғандықтар», «Чернобыльдік», «Желтоқсан», «Қазақ тілі», «Арал-Азия-Қазақстан», «Әділет», «Атамекен», «Жерұйық», «Шаңырақ», т.б. қоғамдық ұйымдар бар. Мемлекеттік комиссияға осылардан бір-бір адамнан мүше ету керек. Бұл мемлекеттік комиссия тек қана Президентке бағынып, Премьер-Министрден бастап барлық ірілі-ұсақты шенеуніктерді тексеруге құқылы болғаны абзал. Қандай да бір мақсатқа мемлекет бюджетінен бөлінген қаржының ізімен, шамамен 6 айдан кейін, осы комиссия тексеріп отырғаны дұрыс. Ол қаржы қай облысқа қанша аударылды, одан аудандарға дұрыс жетті ме, соңғы нүктесіне смета бойынша тиісті қаржы барды ма, толық бармаса қай шенеуніктің ұры қалтасында қанша бөлігі түсіп кеткенін анықтау лазым. Мемлекеттік комиссия банктерді де тексеруге құқылы болуы керек. Себебі, «банктік құпия» деген сылтаумен ұрланған талай қаржы шет елге жымын білдірмей аударылуда. Кез келген адам шет елге қаржы аударса, оны не үшін аударды, қандай зат, қанша көлемде алуға, ол заттар қашан келеді, айтылған уақытта сол заттар сол көлемде келді ме бәрін тексеру керек. Банктердің құпиялығы да сыбайлас жемқорлықтың дамуына септігін тигізіп жатыр.

Мемлекеттік комиссияға мүше болған қоғамдық ұйымдардың адамдарының құқықтары ғана емес, жауапкершілігі де жоғары болуы керек. Мемлекеттік комиссияға мүше болған қоғамдық ұйымның адамы «бармақ басты, көз қыстыға» салып, пара алып, сыбайлыс жемқорлықты жасырып-жабатын болса, оның теріс әрекетін өзі жіберіп отырған қоғамның беделіне нұқсан келетін ету керек. Бұндай жағдай анықталса, сол қоғамдық ұйымды «жемқорлықпен сыбайлас» деп БАҚ-тар арқылы халыққа жариялаған дұрыс. Сондықтар қоғамдық ұйымдар мемлекеттік комиссияға жіберерде мүшесінің әділдігіне, заңды бұзбайтындығына сенімді адамдарын жіберуі керек. Ол адам әділ, шыншыл болмаса өзін жіберіп отырған қоғамдық ұйымға да сөз келетінін бағамдағаны дұрыс. Ол адамның артында қоғамыдық ұйымның ар-намысы тұрғанын сезінуі тиіс. Бұл, жайшылықта «бұқара халық үшін қызмет етеміз» дейтін партиялар мен қозғалыстар және қоғамдық ұйымдардың қаншалықты халық үшін адал, әрі жандары ашитынын көрсететініне сын болар еді. Бүгінгі таңда экономикалық қиын жағдай туып тұр. Дүниежүзілік дағдарыс дендеуде. Осыған байланысты біраз бағдарламалар қысқартылды. Экономикамыз барлық елмен байланысты болғандықтан, бұл дағдарыстан Қазақстан да сырт қала алмайды. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» демекші, дағдарыс жағадан алғанда жемқорлық етектен алатын болса Егемендігімізден айырылып қаламыз. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күресу керек. Ол күреске халықты жұмылдырған абзал. Ол үшін қорықпай, қоғамдық бақылауды күшейткен абзал. Президентіміз де «Нұр Отан» партиясының ХVІ cъезінде: «…Қоғамдық сын сыбайлас жемқорлық кеселіне ем болып табылады» деді. Қоғамдық бақылау болмаса сыбайлас жемқорлық жеңдірмейді.

Назрахмет Қали зейнеткер. Алматы қаласы

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.