Қазақстандық патриотизм — Конституция талабы

Home » Рефераттар » Қазақстандық патриотизм — Конституция талабы
Рефераттар Комментариев нет

Елімізде патриотизмді дамыту мəселесі күн тəртібінде тұрған мəселелердің бірі. Себебі кез келген адамның бойынан патриоттық рухты қалыптастыра алмасақ, мемлекетке, оның құрылымына жəне құқықтық жүйесіне деген бейберекеттік немесе құқықтық нигилизм қалыптасады. Сондықтан бұл мəселеге жан-жақты ғылыми тұрғыда баға беріп зерттеу қажет. Бұл мəселе ата заңымыздың 1-бабында республика қызметінің түбегейлі принциптері ретінде айқындалды. Қазақстан Республикасы Конституциясының «адам жəне азамат» бөлімінде көрсетілген міндеттер жүйесінде де түбегейлі бағыттарды белгілеп берді. Конституцияның 34-36-баптарында «Əркім Қазақстан Республикасы Конституциясын жəне заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар-намысын, мемлекеттік рəміздерін құрметтеуге міндетті, Қазақстан Республикасын қорғау əрбір азаматтың қасиетті борышы жəне парызы» деп көрсетілген.

Патриотизм – ол əрбір азаматтың бойында туа біткен сезім емес. Патриотизм ол Отанына деген сүйіспеншілік, өз халқына берілгендік оның мүддесі үшін кез-келген құрбандық пен ерлік жасауға дайын тұрушылық. Туған халқымыздын өткен тарихына көз жіберсек,. бүгінгі күні егемен ел болып, қазақ деген ұлт болып отыруымыздың өзі ата-бабаларымыздың теңдесі жоқ ерлігінің арқасы. Тарихқа үңілсек, Райымбек, Қабанбай, Наурызбай, Əлия мен Мəншүк сынды батырлардың елі, жері үшін аянбай күрескенін, кешегі Желтоқсан құрбандары — Лəззат Асанова, Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаевтың ерлігін көреміз. Ендеше өсіп келе жатқан жас буынның бойында отансүйгіштік сезімінің қалыптасуына отбасындағы тəрбиенің ықпалын елемей қоюға болмайды.

Қазіргі жағдайда патриотизм жаңа сипатқа ие болды, өйткені Қазақстанда бірнеше ұлт өкілдері өмір сүріп, «Қазақстан» деген мемлекетке бірікті. Міне, осы барлық ұлт өкілдерінде қазақстандық отансүйгіштік сезімді қалыптастыру қазіргі таңдағы өзекті мəселелердің бірі. Кез келген дамыған мемлекеттердің бұл мəселеге мемлекеттік деңгейде аса жоғары мəн берілетінін көреміз. Демек, əрбір адамның еліне деген мақтаныш сезімі орнауы қажет. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін отбасы, білім ошақтарынан бастап, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар деңгейіне дейін жоспарлы түрде ұйымдастырылған идеологиялық бағдарлама болуы тиіс. Ə. Қалмырзаевтың сөзімен айтсақ: «Патриоттық сезім əркімде əр кезеңде оянып, кейін кəмелетке келгенде біржолата буыны қатып, тəжірибемен, жаспен, уақытпен, біліммен, қоршаған ортаның ықпалымен, мемлекеттік жəне қоғамдық социологиялық институттардың əсерімен қалыптасады» [2]. Сондықтан да, жас ұрпақты Отанды қастерлеу мен ардақтауға, халқының мүдде-мақсатын қорғай білуге тəрбиелеу — басты мақсат. Елбасымыз Н.Ə. Назарбаевтың бүкіл күш-жігері елде саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты сақтай отырып, əлеуметтік-саяси мəселелерді байыппен шешуге бағытталған. Мұның көптеген нəтижелерін көріп те отырмыз.

Дегенмен Қазақстан Республикасының тəуелсіздігі жағдайында барлық ұлттардың сана-сезімін қалтқысыз қамтитын патриотизм, ел бірлігі, мемлекеттік тілді құрметтеу идеясы қалыптасуы қажет. Ол үшін Қазақстандағы барлық ұлт Отанды сезінуі керек. Құқықтық нигилизмге жəне өз Отанына деген бейберекеттілікке жол бермеу үшін ұлт өзінің құндылықтарын, адамгершілік қағидаларын сақтауға тиіс. Белгілі бір ұлттың ғасырлардан бері қалыптасқан өмір қағидаларынан тыс, өз бетімше жол табамын деу орынсыз.

Бұл мəселе бойынша Б. Момышұлы: «Патриотизм- Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тəуелді екендігі мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, жеке адамның өткенімен, бүгінгі күнімен жəне болашағымен қарым-қатынасын барлық жағынан біріктіреді» деп терең əрі жан-жақты анықтама береді [3]. Б.Момышұлы айтып отырған белгілердің педагогикалық негізі- тұлғаның патриоттық сана – сезімін қалыптастыру; патриоттық іс-əрекетін ұйымдастыру; мінез-құлқына патриоттық сипат беру оқу-тəрбие ісінің өзегі болуы керек. Тəрбиедегі басты бағыт делінген тəлім-тəрбие тұжырымдамасында: «Əрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болуы керек екенін, ұлттық болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға ұлттық əдет-ғұрыптар мен дəстүрлер көмектеседі, сол арқылы ол жалпы азаматтық мəдениетке аяқ басып, өз халқының мəдени игілігін басқа халықтарға түсінікті ете алады. Сондықтан əрбір ұрпақ өз кезімен өткенін тағдыры мен талаптарын, объективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге даярлап, оларды жинақталған бай тəжірибе негізінде тəрбиелей отырып, өзінің ата- аналарының рухани мұрасын игере түсінуі керек» екені айтылған [4].

ХХ ғасырдың басында ұлттық патриотизмнің негізін салушы ғалым- ағартушылардың бірі М.Жұмабаев «Тəрбиеден мақсұт адамды һəм сол адамның, ұлтын аса, барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі — əрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі — əрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты», — қоғам мүшелерінің бақытты болуы ұлт бақытының негізі екеніне тоқталады Осыдан бір ғасыр бұрын жазылған тұжырым ХХI ғасыр қоғамын қалыптастыруда негізгі мұрат болып табылады. «… əрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тəрбиеші баланы сол ұлт тəрбиесімен тəрбие қылуға міндетті», — деп ұлттық тəрбиеге аса мəн береді . Расында да, ХХ ғасырдың аяғы мен ХХI ғасыр басында тəуелсіз елімізде қоғамдық даму үрдісінде ұлттық салт- дəстүрге, халықтық тəрбиеге деген бетбұрыс айқын байқалады. ҚР Президенті Н.Ə.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында, қазақстандық патриотизм маңызды бағыт ретінде атап көрсетілген. Онда «Жалпы, барлық құнды еңбектер, жаңалық атаулы тек отансүйгіштіктің арқасында дүниеге келеді. Қоғамның қай саласына болмасын, ең алдымен патриотизм керек. Қазақстандық ұмтылыс, толыққанды білім мен сапалы өнімнің түкпірінде Отанға деген үлкен сүйіспеншілік пен құрмет, намыс жатыр.Біздің болашағымыз – жастар. Біз жастарды жаңа өмірге бейімдей білуіміз керек» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Əрбір жас қазақстандық қыз- жігіттердің ой-санасында: «Мен – қазақстандықпын! Мен – елімнің патриотымын! Өзімнің бар білімімді, еңбегімді, тəжірибемді осы мемлекеттің бүгіні мен болашағына арнауым керек!» деген ой болуы керек. Сондықтан жас ұрпақты Отанын сүюге, ол үшін аянбай қызмет етуге, елжандылық пен ерлікке тəрбиелеу – біздің басты міндетіміз болмақ. Көне заманнан келе жатқан таным-түсінік, əдеп-тағылымдарын ұғыну, білу жəне өмірге үйлесімдерін қажетке жарату жастардың туған халқына деген құрметінің артып жəне өнегенің рухани түлей түсуіне ықпал етеді. Былайша айтқанда, елінің тарихи өткен жолы мен бұран бұлтарысы көп болмыс-білімін ұғыну халқына деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімінің қарқынды түрде жетіле түсуіне əсерлі ықпал етуімен қатар, бұл сапалы нəтижеге айналады [5].

Ал қазақстандық патриотизм – Қазақстанда мекендейтін барлық ұлт пен ұлыстардың, халықтардың Қазақстан мемлекетінің əлемдік биіктен көрінуі үшін білім, мəдениет, экономика, əлеуметтік тұрғыда дамуына жағдай жасай отырып, еліміздегі бейбітшілік, бірлік пен тəуелсіздікті сақтау үшін барлық күш-жігерін жұмсауы. Қазақстандық патриотизм – бүкіл қазақстандықтарды жасампаз еңбекке шақыру, береке-бірлікті, баянды ынтымақты орнықтыру. Отансүйгіштік рух — тəуелсіз еліміздің əлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Төл тарихы, мəдениеті мен өнері, экономикалық қуаты жоқ ел басқаларға да қызықсыз. Ал оларды кең таныту үшін алдымен өз қадір-қасиетіңді өзің жақсы білуің, мақтаныш ете алуың керек. Əр адам ата- бабаларымыз негізін салып кеткен игі дəстүрлерді мақтан ете отырып, өз ұлтын терең сүю арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеуге тиіс. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ə. Назарбаевтың Қазақстан халқына əр жылғы жолдауларын зерделей келе Қазақстандағы əлеуметтік жағдайлар жылдан – жылға дамып отырғанын көреміз: ұлттық білім беру жүйесінің əлемдік білім жүйесімен кіріктірілуі, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық мəселесі, Қазақстанның əлемдегі бəсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы, қазақ халқының моральдық жəне рухани құндылықтарын одан əрі дамытуға септігін тигізіп, Отанға деген мақтаныш сезімін жандандыра түсетіні сөзсіз. Қорыта келгенде, патриотизмді елдіктің, бірліктің ошағына айналдыру қажет. Бұл — Конституция талабы. Осы тұрғыда тəуелсіздік алғалы бері жасалған шаралар ауқымы кең. Алайда патриотизмді бүкіл Қазақстан азаматтары арасында кеңінен дəріптеу үшін мемлекеттік идеология мен арнайы бағдарлама қажет. Мұндай консепция мемлекеттің бүгінгі таңдағы экономикалық, мəдени, жəне т.б. саладағы жетістіктерін дəріптеумен ғана шектелмей, ұлттық, рухани игіліктерді бойына сіңіруі шарт. Ұлттық рухани игіліктерді – отансүйгіштікке тəрбиелеп келген тарихымызбен, əдеби мол мұрамызбен, тіл мен дінімізбен, əдет-ғұрып жəне салт-дəстүрімізбен байланыстырып қарастыру абзал. Сонда ғана патриотизм түсінігі анағұрлым толықталып, көздеген мақсатқа жетуге септігін тигізеді.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.