Қазақстандық тілдік тұлға

Главная » Рефераттар » Қазақстандық тілдік тұлға

Қазақстандық тілдік тұлға

Ересек адам — іс-әрекет субъектісі, өмір жолының  субъектісі. Ересек адам өмірінің мәні — стратегиялық бағыты, тәсілі, ұстанған бағыты, болашақ бағдарлары, келешек дамуы. Ал «Мен» дегеніміз — «Біз» атты психологиялық мәртебеге ие тұлғаның әлеуметтік сапасы. Адам тұлға ретінде мәдениетті тудырады және сонымен өмір сүреді. Тұлға халықтың, этностың мәдени дәстүрінің даму болашағында қарастырылуы қажет. Адамның адам болып өмір сүруі үшін мәдениет шегінде қалыптасқан мәдени-антропологиялық прототип қажет. Мәдениет концептілері – кеңістік, уақыт, тағдыр, өмір, құқық, байлық, еңбек, бақыт, сенім, ар, тәртіп, күнә, жұмақ, тозақ, өлім т.б. Олар құндылықтар жүйесінің өзіндік белгілерін көрсетеді және әлеуметтік мінез-құлық пен әлемді қабылдаудың үлгілерін береді. Бұл — тілдік тұлғаны қалыптастыратын ерекше координаттар жүйесі. Тұлға дегеніміз – ең алдымен адамның әлеуметтік табиғаты, ал адамның өзі әлеуметтік-мәдени өмірдің субъектісі ретінде қарастырылады. А.Маслоу адамды сыртқы өмірге ешқандай бағынбайтын ішкі табиғаттың болмысы ретінде таниды. Тұлғаның қалыптасуы дегеніміз — өзін жан-жақты жетілдірген тұлға ретіндегі идеалға қарай ұмтылыс. Оның айтуынша: «…непрерывный процесс развития изначально рассчитан на то, чтобы доставлять удовольствие» [95, 192].

Тіл үйренушінің жеке тұлға ретіндегі келбеті оның тілдік тұлға келбетімен ғана толыға түседі. Тіл  үйренуші екінші тілдің табиғатын таныған сайын, тілдік таңба арқылы санасына жинақтай береді, сөйтіп, санасы да, ойлауы да, тілі де дамиды. «Адамдар екінші тілді үйренгенде жаңаша ойлап, сезініп, өзі әрекет жасап үйренеді және сол тілді меңгеру арқылы екінші тұлға болып кетеді. Жаңа тілдік «Мен» екінші тілімен араласып, жақындасып, тілге қызығушылығы артады, мәселелерді шешуге белсенді болады және өзін еркін жеңіл сезінеді» [34, 41]. Соның негізінде оның миы өзі өмір сүріп отырған ортамен, қоғаммен байланысқа енеді. Сөйтіп, үйренетін тілдің әлеуметтік-табиғи-қоғамдық ерекшелігі тілдік тұлғаның санасын қалыптастыра бастайды.

«Толық адам» проблемасын көтерген ұлы Абай: «Әлдебіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді», — деп жазады өзінің қарасөздерінде [96, 93 б.]. Атақты ақын М.Жұмабаев та: «Тіл – адам жанының тілмашы, тілсіз жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей, қор болып қалар еді. Адам тілі арқасында жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Ойлаған ойын сыртқа шығарып, басқаларға ұқтыра алса, адамның не арманы бар! Жазушы, ақын деген сөз – ойлаған ойын әдемілеп жарыққа шығара алатын адам деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Ойың толық тұрып, айтуға тілің толық жетпесе, ішің қазандай қайнайды да. Қысқасы, адамның толық мағынасымен адам аталуы тіл арқасында», — деп, толық адамның  дара тұлғасын қалыптастырудағы тілдің маңызын баса көрсетеді [97, 72б.].

Р.Сыздық: «Тіл – адамды тұлға ретінде тәрбиелейтін күш, ана тілі – адамды белгілі бір ұлттың, халықтың өкілі етіп шығаратын құрал” [98, 15 б.].  Екінші тілдік тұлға мәселесі соңғы жылдары қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту мәселесіне қатысты зерттеулерде көтеріле бастады. Мемлекеттік қызметшілерге, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді үйретудегі тілдік тұлға мәселесіне қатысты ғалым Б.Хасановтың «Мемлекеттік қызметшінің тілдік тұлғасы және тілдік орта» атты еңбегін атауға болады. Ғалым: «Мемлекеттік қызметші – мемлекеттік органда заңдарда белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасы ұлттық банкінің қаржысынан ақы төленетін қызметті атқаратын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы. Оның тілдік тұлғасы өркениетті елдерде мемлекеттік тіл арқылы танылады», — дей келіп [64, 7 б.], «Мемлекеттік қызметшінің тілдік тұлғасы – нақты білім мен түсінік жиынтығын меңгерген, мемлекеттік қызметте өзін сөйлеу іс-әрекетімен танытатын тұлға», — деп атап көрсетеді [64, 17 б.].

Тілдік тұлға ұғымына кең ғылыми мағына берген Ю.Н.Караулов болды. Оның пікірінше, «Тілдік тұлға – тілді зерттеудің барлық аспектілерін қамти отырып, адамды оның тілінен тыс қарастыратын пәндер арасындағы шекараны бұзып өтетін, ауыспайтын, алмаспайтын идея» [99, 15 б.]. Тілдік тұлға дегеніміз – мәтіндерді тудыру және қабылдай алу қабілетін иеленген адам. Ол қабілеті құрылымдық-тілдік күрделілік деңгейімен, шындықты бейнелеудің тереңдігі мен дәлдігімен, нақты мақсатқа бағытталушылығымен ерекшеленеді. Тілдік тұлғаның анализі түрлі деңгейлерде жасалуы мүмкін: қарапайым тілді меңгеру деңгейін көрсететін құрылымдық-тілдік деңгей және оның дамуын, мінез-құлығын басқаратын уәждемелер мен мақсаттарды айқындайтын, оның мәтін тудырушылығын басқаратын және әлемнің тілдік моделіндегі мәндер мен құндылықтар йерархиясын анықтайтын лингво-когнитивтік деңгей. Тілдік тұлға дегеніміз – тілде (мәтіндерде), тіл арқылы көрініс табатын  және өзінің негізгі белгілері тілдік құралдар базасында қайта құрылған тұлға. «Тілдік тұлға» ұғымы — адамның сапалық айқындылығын құрайтын физикалық және рухани ерекшеліктері философиялық, әлеуметтанымдық және психологиялық көзқарастар тұрғысынан айқындалатын қоғамдық мәні бар тұтастық ретіндегі пәнаралық термин. «Ең алдымен «тілдік тұлға» ретінде сөйлесім әрекетіне қабілеттілігі тұрғысынан тілді қолданушы адам қарастырылады» [100, 1 б.]. Жеке тұлғаға сөйлесім туындыларын тудыруға және қабылдауға мүмкіндік беретін тұлғаның психофизиологиялық ерекшеліктерінің кешені сөйлесім тұлғасы болып табылады. «Тілді қарым-қатынас құралы ретінде қолданушы – қатысымдық тұлғаның вербалды мінез-құлығы ерекшеліктерінің жиынтығы да «тілдік тұлға» ретінде танылады» [101, 64 б.]. Тілдік тұлға — тұлғаның тілі, дискурсы арқылы анықталатын психикалық, әлеуметтік, этикалық және т.б. құрамдас бөліктерін толық қамтитын толыққанды көрінісінің бір түрі. Адамды тілден тысқары зерттеу мүмкін болмайды, «тілді жасаушы, қолданушы, пайдаланушы – адамға назар аудармай, тілдің шегінен аспай, тілдің өзін тану мүмкін емес» [102, 7 б.].

Себебі адамның бір ауыз сөзін естімейінше, оның қандай адам екені жайлы мәлімет алу мүмкін емес. Сондай-ақ, тілді адамнан тысқары да қарастыру мүмкін емес, себебі, сол тілде сөйлейтін тұлғасыз тіл жай таңбалар жүйесі болып қана қалады. Сол себепті «Тұлғаның тілдік тұлға ретінде қалыптасуы тек тіл арқылы ғана жүзеге асады» [103, 29 б.].

Ю.Н.Караулов көркем мәтінге сүйене отырып тілдік тұлғаның деңгейлік моделін жасап, оның үш құрылымдық деңгейін анықтап көрсетеді:

  1. Вербалдық-семантикалық деңгей (немесе құрылымдық-жүйелік).
  2. Когнитивтік деңгей (немесе тезаурустық).
  3. Прагматикалық деңгей (уәждемелік) [103, 35 –37 б.].

Тілдік тұлғаны тануда Ю.Н.Караулов жеке дара зияткерлік қасиетін қарастыруды ұсынады да, тілдік тұлғаның бірінші деңгейіне сәйкес тілдік нормадағы білігін «нөлдік деңгей» деп атайды. Бұл деңгей — вербалдық-семантикалық (семантико-қатарлық, инварианттық) қарапайым сөйлеу тілін меңгеру дәрежесін көрсетеді, сөз тіркесі мен сөйлемнің тілдік жүйедегі қалыптасқан үлгісінен тұрады. Вербалдық-семантикалық деңгейде негізгі бірліктер ретінде сөздер қарастырылады, ал олардың арасындағы қатынас түрлі грамматикалық, парадигмалық және синтаксистік байланыстар арқылы көрініс табады, стереотиптері – стандартты фразалар мен сөйлемдер. Бұл деңгей тілдік жүйеде іске асады. Онда тұлға жалпы тілге тән ерекшеліктерді меңгереді. Оны қазіргі тіл білімінде тілдік аялық білім (фоновое знание языка) деп түсіндіреміз. Кез келген айтылымның мән-мағынасын түсіну үшін сөйлеуші мен тыңдаушыда халықтың өткен тарихынан, рухани  дүниесінен хабардар аялық білім негізі болу керек. Аялық білім – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі арқылы қалыптасқан ұғым-түсінігі. Тілді меңгеру арқылы адамның санасында  қалыптасатын аялық білім танымдық қызметпен, яғни, оның ойлау жүйесімен тікелей байланысты. Сол себепті осы деңгейде тіл үйренушінің санасында танымдық қызмет арқылы қазақ тілі туралы жаңа таным, жаңа ұғымдар қалыптасады. Мемлекеттік қызметшінің сөйлесім әрекетінде кездескен тілдік бірліктердің құрылымдық, салғастырмалы, қолданбалы қасиеттерін, жалпы беретін мағынасын түсінуі оның осы нөлдік деңгейін анықтайтын өлшем болмақ.

Екінші тезаурустық деңгей — әр адамның танымында, шығармашылығында ұғым, идея, тұжырым бірліктерінен құралатын  когнитивтік деңгей. Онда әлеуметке тән релеванттық білімдер мен түсініктердің өзектілігі мен бірегейленуі және ұжымдық немесе жеке танымдық кеңістік тудыруы жүзеге асады. Бұл деңгей тұлғаның білім, сана, танымын бейнелеген мәтіндері негізінде қалыптасқан, мәтін түзуші, мәтін және мәтін қабылдаушы тұтастығынан тұратын дискурсын танытады. Мәтіндер арқылы көрінетін тілдік тұлға феномені – психикалық, әлеуметтік және этикалық, эмоциялық компоненттерден тұратын күрделі құрылым. Тілдік тұлға болмысы оның дискурсы арқылы анықталады. Яғни, қазақстандық мемлекеттік қызметшінің тілдік тұлғасының қарым-қатынас барысында таңдайтын коммуникативтік стратегиялары мен прагматикалық ниеті оның психологиялық, эмоциялық күйінен, сөзі бағытталған адресатпен достық қатынаста, пікірлес, мүдделес немесе керісінше болуынан байқалады.

Когнитивтік немесе тезаурустық деңгей — тұлғаның әлемнің тілдік моделінің, оның мәдениетаралық құзыреттілігінің көрінісі, тіл мен таным сабақтастығының нәтижесі арқылы іске асқан тезаурустық қалыптасу кезеңі. Бұл деңгейдің ерекшелігі тіл үйренушінің қазақ тілін меңгеру дәрежесін сипаттайтын тұлғаның грамматикалық және лексикалық білімінің қоры арқылы көрінеді. Лингво-когнитивтік деңгейдің бірлігі ретінде нөлдік деңгейдегі сөздердің көмегі арқылы айтылатын түрлі түсініктер, идеялар, концептілер қарастырылады, олардың арасындағы қатынас әлемнің құрылымын бейнелейтін белгілі бір тәртіпке келтірілген иерархиялық жүйе бойынша тізбектеледі,  стереотиптері — өз тезаурусындағы түсініктеріне сәйкес таңдап алынған әралуан жалпылама айтылулар, қанатты сөздер мен афоризмдер арқылы көрініс табатын концептілер арасындағы тұрақты стандартты байланыстар.

Тілдік тұлғаның басым қажеттіліктерін, қызығушылықтарын, идеалдарын бейнелейтін неғұрлым маңызды концептілері оның тезаурусында соғұрлым кеңірек көрініс табады. Тезаурус дегеніміз – біріншіден, жиілігі бойынша реттелген сөздік, екіншіден, осындай сөздіктің негізінде айқындалған тілдік тұлғаның өзіндік бір ғалам бейнесінің суреті. Ол сурет тілдік тұлғаға тән ғалам бейнесі үзіктерімен тікелей байланыста болатын концептуалдық құрылымға негізделеді. Концепт – көпкомпонентті, күрделі когнитивті құбылыс, тілдік тұлғаның тілдік-когнитивті деңгейлерінің негізгі бөлшегі, әлемнің шындық немесе көркемдік негізін көрсетуші ұжымдық сананың қозғалысын айқындаушы бірлік. Адам санасындағы дүние бейнесі концептілердің көмегімен сөз арқылы таңбаланып, жарыққа шығады, вербалданады. Оның құрылымын орталық нүктесі, яғни өзегі бар және сол өзек маңына топтасқан білімдер, тұжырымдар, түсініктер мен ұғымдар, ойлар, қиялдар, болжамдар, ассоциялардан тұратын өріс түрінде елестетуге болады. Осы бағыттағы адам танымының үдерісі оның сол әлемде қандай бағдар ұстанғанына байланысты. Концептілік өріс құру арқылы белгілі бір концепт шеңберіндегі ғаламның тілдік бейнесі сипатталады. Концепт ұғымын лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан ерекшеленетін ментальды көрініс ретінде айқындау гуманитарлық, оның ішінде лингвистикалық білімнің антропоцентристік парадигмасының қалыптасуындағы заңды қадам болып табылады.

Қазақстандық тілдік тұлғаның концептілік өрісінде ұлттанымдық лексикалық деректер танымдық, аксиологиялық қызмет атқарады. Оның тезаурусындағы ғаламның тілдік бейнесінің қалыптасуына ұлттық танымдағы ата мекен, тіл, тарих, өнеге, әдебиет, мәдениет т.б. базалық концептілер зор әсер етеді. Ол концептілер тіл үйренушінің қолданысында қазақи танымның бояуы аралас жаңаша мәнге ие болады, мазмұны байиды, контекстік семантикасы тереңдей түседі. Қазақстандық тілдік тұлғаның концептілік өрісі ұлттық базалық концептілер шеңберінде  қалыптасады, ол концептілік өрісті құрайтын барлық концептілер тіл үйренуші «МЕН»-інің айналасына шоғырланып, оның өзі жасаған әлемнің тілдік бейнесі ретінде танылады. «Тіл, мәдениет және этнос өзара тығыз байланыста келіп, тұлғаның негізін жасайды – оның физикалық, рухани және әлеуметтік «Менінің» түйіндесу орнын айқындайды. Тілдік тұлға мен концепт – табиғи тілді тасушының ділі мен сана-сезімін танытушы және «сөйлеуші адам» прототиптік бейнесін қалыптастырушы лингвомәдениеттанудың базалық категориялары» [104, 65 б.].

Үшінші – жоғары прагматикалық деңгей — тілдік тұлғаның сөйлеу тілін, мәтін жасалымын түзуге себеп болатын мақсат, уәж, мүдде мен нұсқауын қамтыған уәждік деңгейі. Бұл деңгейде тілдік тұлғаның дамуын қамтамасыз ететін уәждемелер мен мақсаттар прагматикалық болмыста іске асады. «Тұлғаның сөйлеу тілін, мәтін жасалымын түзуге себеп болып тұрған уәждер, мүдделер, мәндер мен құндылықтар сөйлеушінің тілдік моделінде көрініс табады [105, 10 б.]. Ересек тұлғаның қазақ тілін оқып-үйрену әрекетінің уәждемесі тіл арқылы қазақ халқының ұлттық рухани, мәдени құндылықтарын меңгеру мақсатына айналуы тілдік тұлғаның ең жоғары прагматикалық – уәждемелік деңгейі болып табылады. Тіл ұстанушының өз ойын, түпкі ниетін жеткізу үшін ең тиімді деп тапқан тілдік құралдарды таңдауына себеп болған уәждерді көрсететіндіктен, бұл деңгейде тіл үйренушінің жеке басына тән, өзіндік тұлғалық белгілері айқын көрінеді. Тілдік тұлғаның уәждемелік деңгейін, немесе прагматиконын оның өмірлік мақсаттары, мүдделері мен уәждері, ұстанымдары мен ниеттері құрайды. Осы деңгейде тіл үйренушінің сөйлесім әрекеті оның тіршілік әрекетін ұғынуға әсер етеді.

Тілдік тұлға нөлдік деңгейде вербалды торап пен стереотипті тіркестерді шүбәсіз ақиқат ретінде қабылдаса, өзінің индивид ретіндегі даралығын бірінші, лингво-когнитивті деңгейден бастап көрсете бастайды. Бұл даралық түсініктерді сатылау тәсілінен, өз тұжырымдарын құрған кезде оларды біріктіруінен байқалады. Бірінші деңгейден бастап тілдік тұлға бір ұғым, түсінікті екіншісінен  артық деп санап, тіпті олай болмаса да, белгілі бір идеяны маңыздырақ деп санауы мүмкін.  Бұл даралану үдерісі жоғары прагматикалық деңгейде аяқталады. Бұл деңгейдің бірліктері ретінде коммуникативтік-әрекеттік қажеттіліктер (ойын айту, ақпарат алу қажеттілігі) ортаға шығады, бұл бірліктер арсындағы қатынас қатысымдық торапты құрайды (қарым-қатынас саласы, жағдаят, әңгімелесушілердің рөлдері); стереотипі қатысымдық қажеттіліктерді қанағаттандыруы тиіс.

Тілдік тұлғаның құрылымын деңгейлерге бөлу шартты түрде жүзеге асырылатынын айта кету керек, шынайы өмірде бұл деңгейлердің өзара кірігуі мен өзара тәуелділігі байқалады. Тілдік тұлғаның деңгейлік құрылымын ескере отырып, оған мынадай әдістемелік анықтама беруге болады: дүниеге көзқарас когнитивтік деңгейдің прагматикалықпен қосындысының нәтижесі, оның өмірлік мақсаттары, әрекет уәждемесі және оның өндіретін мәтіндері арқылы көрінетін тірек мақсатымен бірге «әлемді суреттеуінің» немесе тұлғаның құндылықтары жүйесінің өзара әрекетінің нәтижесі. Тұлғаның қатысымдық кеңістігінің үш деңгейі өзара тұтасып келіп, тіл үйренушінің танымдық әлемін бейнелейтін тілдік құралдарының жүйесін белгілейді, тілдік тұлғасын жасайды.

Тілдік тұлға деп тіл білімінде «адамның сөйлесім туындыларын тудыруға және қабылдауға мүмкіндік беретін қабілеттері мен сипаттамаларының жиынтығын, шындықты бейнелеудегі тереңдігімен, дәлдігімен және құрылымдық-тілдік күрделілік дәрежесімен сипатталатын тілдік құзыреттілікті айтады, сондай-ақ, тілдік тұлғаның зияткерлік сапасы ерекше ескеріледі» [106, 140 б.]. Тілді меңгерудің әрбір деңгейінде тұлғаның жеке дара зияткерлік ерекшеліктерін көрсететін кеңістік болады. Жоғарыда айтылғандарды түйіндейтін болсақ, тілдік тұлғаның толыққанды қалыптасуы алдымен лингво-когнитивтік немесе тезаурустық деңгейден басталады. Осы деңгейде әлемнің тілдік бейнесі қайта жасалынуы, мәндер мен құндылықтардың иерархиясы білінуі мүмкін. В.фон Гумбольдт: «…Язык – это объединенная духовная энергия народа. …Через многообразие языков для нас открывается богатство мира и многообразие того, что мы познаем в нем; и человеческое бытие становится для нас шире, поскольку языки в отчетливых и действенных чертах дают нам различные способы мышления и восприятия», — деп жазады [107, 349 б.].

Уәждемелік деңгей лингвистика шеңберінен тыс шығып кетеді, алайда, нақ осы деңгейде тілдік тұлғаның белгілері айқындала бастайды. Тілдік тұлғаның осы аспектісінің жүйе құрушылық әсерінің арқасында вербалды-семантикалық және тезаурустық аспектілер тұлғалық деңгейде әсер ете бастайды. Тіл үйренушінің тезаурусы оның болмысына тән тұрақты коммуникативтік қажеттіліктерді анықтауға көмектеседі. Сонымен «Тезаурустық деңгейде тұлға «субъект» ретінде, ал вербалды-семантикалық деңгейде – «индивид немесе жеке адам» ретінде көрініс табады» [108, 139 б.]. Тілдік тұлға — «Табиғи тілдің семантикалық жүйесінде көрінетін тілді қолданушының ұлттық-мәдени прототипі немесе адам образын тілдің ерекшеліктері бойынша құру» [108, 348 б.]. Тіл арқылы адамның  ішкі жан-дүниесі, мәдениет деңгейі, білімі, сана-сезімі көрініс табады, яғни «Тіл – адам рухының айнасы десек, ең алдымен ол айнада концептісі мәдениет константы қатарын құрайтын адам тұлғасы көрініс табады» [109, 279 б.]. Тілдік тұлға ұғымы тұлғаның жеке дара сана-сезімі және дүниеге көзқарасы мен тілдің өзара байланысын білдіреді. Кез келген тұлға өзін және өзінің субъектілігін заттық іс-әрекеті арқылы ғана емес, сонымен қатар тіл мен сөйлеусіз жүзеге асырылуы мүмкін болмайтын қарым-қатынас арқылы да көрсетеді. Адамның сөзі оның ішкі әлемін танытады, оның тұлғалық қасиетін танытатын мәлімет көзі қызметін атқарады. Сөзге құндылық сипат беру, бере алмау қабілеті тілді қолданушының ішкі дүниесінің дәрежесіне байланысты. Біздің байқауымызша, прагматикалық деңгейде тілдік тұлға қоршаған ортамен тығыз байланысты және оған тәуелді болып келеді. Бұл  объективті қажеттілік оның психикасында көрініс табады. Қажеттілік қызығушылыққа, ал қызығушылық идеалға айналады. Адам тұлға болып тумайды, қалыптасады, оның мәні қарым-қатынас құндылығы деңгейінде ашылады.

Қазақстандық тілдік тұлғаның қалыптасуына әсер ететін факторлар: — тәуелсіз Қазақстанның демократиялық қоғамы; — өзін-өзі дамыту, тегін білім алу мүмкіндігі; — қоғамда қалыптасқан этикалық және моральдік нормалар; — тілдік орта; — жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар; — қазақ халқының дүниетанымы; — қазақтың ұлттық ғалам бейнесі; — қазақтың ұлттық мінез-құлқы т.б.

Қазақстандық тілдік тұлға — өз ана тілін, мемлекеттік тілді, шет тілін, ақпараттық технология тілдерін жетік меңгерген тұлға, үйреніп жүрген қазақ тілін қарым-қатынаста қолдану құзыреттілігіне ие, ол арқылы өзінің кәсіби, мәдениеттанымдық, рухани, шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын, саналы, белсенді, өзін-өзі дамытушы таным субъектісі. Қазiр тек техникалық кемел бiлiм алған адам шын мәнiндегi зиялы азамат деп есептелмейдi. Қазақстан мемлекетiнде мемлекеттік қызметшінің тілдік тұлғасы мәдениетi жоғары, рухы биiк, патриоттық сезiмi берiк, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылық бағдары орныққан болуымен ерекшеленеді.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.