Қазақстанның СССР құрамындағы мемлекеті мен құқығы

Главная » Рефераттар » Қазақстанның СССР құрамындағы мемлекеті мен құқығы

1936-1990 жж. Қазақстандағы конституциялық эволюциялар

30-жылдардың ортасында Қазақстан тарихында екі елеулі оқиға болды. Республика формальды түрде болса да дербес деп саналды, одақтас республика статусын алды, өзінің Конституциясын қабылдады, сөйтіп егемендігі бекіді. Сонымен қоса, мемле­кеттік-құқықтық жүйе дамуында СССР субъектілерінің құқығы барынша тарылғаны байқалады.

30-жылдардың ортасында СССР-да оппозиция болатындай жағдай жойылды. И. Сталин мен оның маңайындағылар совет өкіметінің «халықтық» сыйпатын байқату үшін және социализм­нің жеңісін көрсету үшію жаңа Конституцияны қабылдау қажет болды. 1936 ж. 5 желтоқсанында СССР-дың жаңа Конституциясы Советтердің төтенше VIII-съезінде қабылданды, ол бойынша Қазақстан Одақтың тең праволы субъектісі болып жарияланды.

.

Қазақ ССР-ның 1937 ж. Конституциясы. Қазақстанды одақтас республика қатарына көтеру совет басшыларының ойы бойынша коллективизация барысындағы демографиялық апаттың  орнын толтыру болып есептелді.

Қазақстан, Сталин алға қойған үш ережеге сай келді. Біріншіден, Қазақстанның шекарасы СССР-дың шет елдермен шекарасына айналды; екіншіден, галощекиндік геноцидке қара­мастан, қазақтар комплексті тұрған көпшілік болды; үшіншіден, Қазақстанның халқының жалпы саны одақта үшінші орында тұрды.

Республика статусының өзгеруіне байланысты Қазақ ССР-ның жаңа Конституциясын қабылдау керек болды. Қазақ АССР-ның 1926 ж. Конституциясын республиканың Орталық Атқару Комитеті қабылдаған, бірақ РСФСР ОАК-гі бекітпеген еді. Сондықтан оның заңды күші болмайтын.

1937 ж. 26 наурызында Қазақстан Советтерінің Х төтенше съезі Қазақ ССР-ның Конституциясын қабылдады. Негізгі заңның басты ережелері жалпыодақтық ережелерді қайталады, яғни республикаға қарағанда жалпыодақтық заңдар­дың артықшылығы бар деген сөз. Ең басты уақиға басқа тең праволы республика­лармен қоса Советтік Социалистік Республикалар Одағын құру болды.

Қазақстан егеменді мемлекет статусына ие болды, бұл норма формальды болғанымен оны іске асыру мүмкіндігі жоқтың қасы еді. Дегенмен, оны заң жүзінде бекіту мемлекеттіктің қалып­тасуын­дағы үлкен қадам жасалғанын байқатады.

Жаңа Конституция одақтас республикалардың құқығы мен компетенциясын (өкілеттігінің шеңбері) тым тарылтып жіберді. Одақтың басқаруына мемлекеттік жұмыстың барлық дерлік сферасы (ықпал жасау) берілді: халықаралық қатынастардың барлық түрі, қарулы күштерге басшылық ету, мемлекеттік хауіпсіздікті қорғау, халық шаруашылығы жоспарын дайындау, банкке, транспортқа, байланысқа, ақша және кредит жүйесіне, жерді және табиғатты пайдалану жүйесіне, білім беру мен денсаулық сақтау басты мәселелеріне, заң шығарудың негізіне басшылық жасау. Қалған мәселелерді республика өзі шешті.

Шын мәніне келгенде, заң қабылдаудың барлық саласында Одақтың жоғарғы билік жүргізуші және басқарушы органдары қоғамдық қатынастарды реттеуді өз қолына алды, ал республи­калардың заң шығарушылық жұмысы тежелген болатын. Бірыңғай экономикалық жүйе, бірыңғай заң мен құқық, құқық қорғау органдарының бірыңғай жүйесі СССР-ды Конституцияда айтылған федералды емес, унитарлы (біртұтас) мемлекет есебінде сыйпаттайды.

1937 ж. Конституция азаматтарға кең көлемді саяси және әлеуметтік-экономикалық құқықтар мен бостандықтар берген, соның ішінде сөз бостандығы, баспасөз бостандығы, жиналыс өткізу бостандығы т. б. Бірақта оларды іске асыру механизмі ойластырылмаған, жалпы 30-жылдардың екіншісі жартысында теңдесі жоқ саяси репрессия жасалынды және жазалаушы жүйе алдында азаматтардың ешқандай құқығы сақталмады.

Конституциялық құрылыстағы негізгі бір алға басқандық ол жалпыға бірдей, тең және тура сайлау құқығын енгізу болды, дауыс жасырын берілетін. Барлық деңгейдегі Советтер конститу­циялық өкілеттігін пайдаланғанда бұл әрине халық билігінің бастамасы болатындығы сөзсіз, бірақта партия органдарының озбыр­лығы осы демократиялық сайлау принципі негізінде шын мәнін­дегі халықтың өкілетті органдарын құруға мүмкіндік бермеді.

1937 ж. Конституция өкімет билігінің және басқарудың мынандай жоғарғы органдарын белгіледі: Қазақ ССР Жоғарғы Советі, 4 жылға халық сайлайды, ол бірден бір заң шығаратын орган болды; Жоғарғы Советтің Президиумы, заңларды түсін­діреді және компетенциясына байланысты Указдар қабыл­дайды; Халық Комиссарлары Советі, бұл Қазақ ССР-дағы атқа­рушы және жарлық қабылдаушы (шығарушы) орган. Конституция бойынша 10 одақтық-республикалық наркоматтар болды. Олар әрі одақтық, әрі республикалық халық комиссариаттары Советіне бағынды.

Жергілікті Советтерде де айтарлықтай өзгерістер болды. Барлық деңдейдегі Советтер 2 жылға тең, жалпы және тура сайланатын, жасырын дауыс беру арқылы. Атқарушы және жарлық беруші органы болып Советтердің атқару комитеттері есеп­телінді, олар советке және жоғары тұрған атқару комитетіне бағынатын.

Қазақстандағы 40-60 жж. Конституциялық эволюция. Қазақ ССР-ның 1937 ж. Конституциясы 40 жылдан астам уақыт бойы Негізгі заң болып саналды, бірақ қоғамдық өмірге жасаған әсері соншалықты болған емес. И. Сталиннің жеке басына табыну конституциялық өкімет органдарын ғана емес, оның маңайындағы ең жақын жүретіндер, партия құрылымында өзіне қаратты. Бұл жағдай әсіресе ұлы Отан соғысы 1941-1945 жж. айқын байқалды.

1941 ж. 30 маусымында Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті (МҚК – ГКО) құрылды, бұл барлық өкімет билігімен пайдалана­тын төтенше орган болды. Оны И. Сталин басқарған. Қазақ­станда, басқа одақтас республикалар сияқты, МҚК (ГКО) Тұрақты өкілі жұмыс атқарды.

МҚК қабылдаған актылардың ең жоғарғы заңдылық күші болды, орталық және республикалық органдар оны сөзсіз орын­дауға міндетті болатын. Сонымен қоса шамадан тыс басқаруды ортақтастыру және қорқыту арқылы соғыста жеңе алмайтын­дығын сталиннің айналасындағылар түсінді.

Сондықтан соғыс жылдарында СССР халықтарының патриоттық және діни нанымдарына назар аударылады. Әскери тарих оқылып насихатталады, ұлт-азаттық қозғалыстарын қадір­леу колға алынады, Орта Азия мен Қазақстанның мусылман­дарының Діни басқармасы құрылады. 1944 ж. 1 ақпан­да «Одақтас республикалардың әскери бөлімдерін құру туралы» Заң қабыл­данады. Қорғаныс халық Комиссариаты одақтық-республикалық болып қайта құрылады.

Сонымен қоса «Одақтас республикаларға сыртқы байла­ныстар жасауға өкілеттік беру туралы» Заң қабылданды. Сыртқы істер Халық комиссариаты Одақтық-республикалық болып қайта құрылады. Қазақстанда Сыртқы істер Халық Комиссариаты пайда болды. Мұның барлығы БҰҰ-да СССР-дың өкілеттігін ұлғайтуға жасалған әрекет еді. Мысалы, Украина мен Белоруссия БҰҰ құрылғанда бірден мүше болып қабылданды.

Соғыстан кейін мемлекеттік қорғаныс комитеті таратылды, басқару конституциялық органдарға берілді, алайда елді басқару стилінде өзгеріс болған жоқ. 1946 ж. наурызында Халық Комиссарлар Советі Министрлер Советі болып қайта құрылды. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер И. Сталин қайтыс болғаннан кейін 50-жылдардың ортасында басталды. Республикалардың құқықтары экономика, қаржы-бюджет мәсе­леле­рінде, әкімшілік-территориялық құрылымында әжептәуір кеңей­ді. 1957 ж. «Одақтас республикалардың басқаруына сот құрылы­мын беру, азаматтық, қылмыстық істер және процессуалды кодекстерді қабылдауы туралы» Заң қабылданды.

Былайша айтқанда заңдар қабылдау саласы бір шама жеңілдетілді, 1922 ж. СССР-ды құру шартының кейбір ережелері қалпына келтірілді. Сол жылы «Одақтас республикалар қарауы­на облыстық, өлкелік әкімшілік-территориялық құрылымы мәсе­лелерін беру туралы» Заң қабылданады. Осы актылардың нәтижесінде Қазақстан өз жерінде экономикалық қажеттігіне және аймақтың ұлттық-демография­лық ерекшеліктерін ескеріп әкімшілік-территориясының шекара­сын белгілей алатын болды.

Сонымен қоса 50-жылдардың екінші жартысында ойдан шығарылған реформалардың нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесінің берекесі кетті Мысалы, 1957 ж. 4 шілдедегі «Қазақ ССР-ның экономикалық әкімшілік аймақтарын құру туралы» Заң бойынша экономиканы басқару территориялық принциппен ауыстырылды. Біраз одақтық-республикалық министрліктер тара­тылып Халық шаруашылығы Советі (Сонархоз) басқаратын 9 әкімшілік аймақ құрылды. Ол Қазақ ССР-ы Министрлер Советіне бағынатын.

1962 ж. жергілікті Советтер өнекәсіптік және селолық болып екіге бөлінді. Осы шаралардың барлығы экономиканы басқару­дың пәрменділігін арттыруға бағытталған болатын. Бірақ оны дайындау мен іске асырудың барысында экономикалық заңдар еске алынбады, қалыптасқан саяси және басқару традициясы бұзылды. Соның нәтижесінде 1964 ж. бұл реформалар тоқтаты­лып, экономиканы басқарудың бұрынғы мемлекеттік жүйесі қалпына келтірілді.

1978 ж. Конституциясы. 60 жылдары пролетариат дикта­турасы мемлекетінің жалпыхалықтық мемлекетке айналу тео­риясының пайда болуына байланысты жаңа Конституцияны дайындау қолға алынды. 1962 ж. СССР Жоғарғы Советі Консти­туциялық Комиссия құрған. Тек 1974 ж. Негізгі заңның жобасын КПСС ОК қарап, 1977 ж. 7 қазанында СССР Жоғарғы Советі СССР Конституциясын қабылдады. 1978 ж. 20 сәуірінде Қазақ ССР ЖС кезектен тыс VII сессисы Қазақ ССР-ның Конституция­сын қабылдайды. Ол құрылы мен мазмұнында жалпыодақтықтан айырмасы болмады.

Қазақстанның құқықтық статусы жаңа Конституция бойын­ша екі жақты болды. Бір жағынан, Қазақ ССР-ы тиісті құқықтары мен өкілеттігі бар егеменді мемлекет деп жарияланса, екіншіден, СССР Конституциясы «СССР мен республикалар егемендігінің біртұтастығын» бекіткен болатын.

СССР Конституциясындағы «бірыңғай көпұлтты одақтық мемлекет» формуласы федерацияны унитарлық мемлекетке айналдырады ішкі автономиясы бар.

1977 ж. СССР Конституциясында және 1978 ж. Қазақ ССР Конституциясында азаматтардың құқықтары мен бостандықтары елеулі түрде кеңейтілген, алғаш рет заңдылық принципі бекітіл­ген, кониституциялық реттеудің шеңбері анықталған, заңдылық­ты сақтау мемлекет қызметінің, оның органдары мен лауызымды қызметкерлері жұмысының басты принципі деп танылған.

Бірақта, жаңа Конституция, бұрынғы сияқты, формальды нормативті-құқықтық акты болды да, қоғамдық қатынастар мен күнделікті мемлекеттік басқару практикасына өте аз әсер етті. Сөйтіп, әңгіме болып отырған кездегі конституциялық заң­дылық эволюциясы бір жағынан орталықтандыруды күшейтсе, екінші жағынан одақтас республикалардың өкілеттігін тарылтты (сузил), азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын жариялады.

Алайда, 1937-1978 жж. Конституциялардың басты белгісі олардың формальдық қана сыйпаттамасының, болуында құқық­тар мен бостандықтарды қамтамасыз ететін механизмнің жоқты­ғында. Бұл жағдай Негізгі заңды нормативті-құқықтық актыдан (қоғамдық қатынастардың басты сферасын реттеп отыратын) насихаттық құжатқа айналдырды. Дегенмен, Қазақ ССР-ның егемендігі формальды түрде бекітілсе де СССР-дың тарауы кезінде Жаңа мемлекет-тәуелсіз Қазақстан Республикасы пайда болуының құқықтық негізін құрды.

1936-1990 жж. Қазақстандағы құқық пен сот жүйесінің дамуы

Құқықтың, сот ісін жүргізудің және сот органдарының дамуы совет қоғамының сол кезеңдердегі ерекшеліктері – біріншіден, азаматтардың құқықтарын заңды түрде бекіту, оларды зорлық пен заңсыздықтан қорғау болса, екінші жағынан, құқық қорғау және сот органдарының тарапынан заңдылықты жаппай бұзуға еркіндік берілді.

Сот органдары. Қазақ ССР-ның 1937 ж. Конституциясы сот жүйесінің мынандай звеносын құрды: халық соты, облыстық сот, Қазақ ССР-ның Жоғарғы Соты, айрықша соттар.

Халық соты төменгі звено болды, оның компетенциясына адам өміріне, денсаулығына, бостандығы мен абройына және ар-намысына, басқару тәртібіне байланысты қылмысты істер, мүлік­тік және қызмет бабындағы қылмыстар, мүлік, алимент, мұрагер­ік және еңбекке байланысты талас мәселелер жатты.

Облыстық соттар – контрреволюциялық қылмыстарды, мемлекеттік басқаруға байланысты аса хауіпті қылмыстарды, социалистік меншікті ұрлаушылар, өте күрделі лауазымдық және шаруашылық қылмыстарды, халық соттарының үкіміне кассация­ны қарайтын, кейбір азаматтық істерді қарайтын.

Қазақ ССР-ның Жоғарғы Соты – бірінші инстанция бойын­ша аса күрделі қылмстық және азаматтық істерді, басқа соттар компетенциясына жататын қандай болмасын істі, облыстық соттар үкіміне байланысты түскен арыздар мен наразылықтарды (қарсылықтарды), бақылау тәртібіне байланысты қылмысты және азаматтық істерді қайтадан қарау мәселесімен шұғылданатын.

Арнаулы соттар – СССР Жоғарғы Советінің қаулысымен құрылады, оған Қазақстанда әскери трибуналдар, темір жол және су транспортындағы линейлік соттар жататын. Арнаулы соттар тек қылмысты істерді ғана қарайтын.

Халық соттарын ауданның, қаланың кәмелет жасқа келген тұрғындары сайлайтын. 1948-1949 жж бірінші рет халық соттары мен заседательдерінің сайлауы өткізілді. Соттың басқа түрлерін тиісті Советтер сайлайтын 5 жылға.

Осы сот жүйесі «СССР-да, одақтас және автономиялы республикалардағы сот құрылысы» заңымен бекітілген. Алайда, Конституцияда айтылмаған сот органдары – Ерекше Совещание өмір сүрді, яғни сот жүйесінің бір тұтастығы принципін формальдылыққа айналды.

Заң бекіткен әділ сот тұтастығының да принципі бұзылды, мысалы, террор, диверсия, және жауыздық әрекеттерді қарайтын жеңілдету, оңайлату жүйесі қолданылды.

Соғыс жылдарында темір жол және су транспортында (қазақстанның) әскери трибуналдар енгізілді. Әскери трибунал­дардың қарайтын ісінің көлемі көбейді. 1941 ж. 22 маусымда СССР Жоғарғы Советі Президиумының оларға (әскери трибунал­дарға) саудагерлік, хулигандық және басқа қылмыстар, егерде қорғанысқа, қоғамдық тәртіпке, немесе мемлекет хауіпсіздігіне нұсқан келтірсе, трибуналға қарауына берілетін болды.

СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1941 ж. 18 маусым­дағы Указымен «Халық арасында оларды үрейлендіретін хабар таратқан үшін» қылмысты іс қозғалатын болды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін сот жүйесі 1938 ж. Сот құрылысы туралы Заңмен сәйкес құрылды қайтадан. 50-жылдары басталған сот құрылысының реформасы қоғамдық өмірді либерализациялаумен қатар жүргізілді. 1938 ж. «Сот құрылысың негіздері туралы» Заң қабылданды. Оның негізін­де «Қазақ ССР-ндағы сот құрылысы туралы» (1959) Заң қабылданды, сол сияқты «Қазақ ССР-ы аудандық (қалалық) халық соттарын сайлау туралы ереже» (1960) бекітілді. Осы нормативті-құқықтық актылар Қазақ ССР-ы Жоғарғы Сотының құқығын біраз кеңейтті және халық соттарының өкілеттігін ұзартты, транспорттық соттарды таратты.

Сот құрылысын реформалаудың басты нәтижесі сот жұмысы біраз демократияланды, одақтық органдардың кейбір қызметі республикалық және жергілікті соттарға берілді. 50-жылдардың аяғында қалыптасқан сот жүйесінің органда­ры өзгеріссіз отыз жыл өмір сүрді. Тек 1970 ж. ғана Әділет министрлігі құрылып, Жоғарғы Сотты төменгі сот органдарын материалдық қамтамасыз етуден, және ұйымдастыру мәселе­лерінен босатуға қолайлы жағдай жасалынды.

1978 ж. Конституция соттар сайлауын және сот ісін жүргізу жүйесін бұрынғысынша қалдырды. Басты жаңалық – соттың шешімінсіз ешкім кінәлі деп танылмайды және қылмыстық жазалау қолднылмайды сот үкімінсіз.

Сот ісін жүргізуде, соттар қызметінде позитивті өзгерістер болғанымен, айтылып отырылған кезеңде олардың жұмыстары толығынан нәрменді бола алмады. Партия және совет органдары соттардың ісіне араласып отырды, соттарды сайлауға әсер етті. Осының нәтижесінде соттардың конституциялық тәуелсіздігі сақталмады, олар әділетті органдарға айналмай, партиялық-мемлекеттік саясатты іске асырушы механизмнің бірі болды.

Құқықтың 30-және 50-жылдардың алғашқы жартысында дамуы.­ 20-жылдардың  аяғында басталған және 30-жылдары жалғасын  тапқан азаматтық, еңбек, колхоз және басқа құқық саласындағы субъектілер құқығын шектеу тенденциясы одан әрі жалғасты, қоғамдық қатынастарды реттейтін қылмыстық-реп­рессиялық шаралар күшейтілді.

Кәсіпкерлікпен шұғылдануға тыйым салынды, жеке мен­шікке жол берілмеді. Әсіресе негативті өзгерістер еңбек құқығы саласында болды. Экономикалық заңдарды ескермеу және шаруашылықты коман­далық-әкімшілік әдістері арқылы басқару нәтижесінде төменгі еңбек өнімділігі және экономиканың пәрменсіздігі заңды құбылыс болды. Бірақта өкімет оны заңдарды қатаңдату арқылы шешкісі келді.

1940 ж. 26 маусымдағы СССР ЖС Президиумының Указы бойынша сегіз сағаттық жұмыс күні, алты күндік жұмыс аптасы, қысқартылған жұмыс күні бар өнеркәсіп орындарының тізімі қысқартылды, мейрам күндері де азайтылды. Жұмыскерлер жұмыстан өз өтініші бойынша басқа жұмысқа ауыса алмайтын. Ал, инженер-техниктерді, жоғарғы маманды жұмысшы-қызметкерлерді олардың келісімінсіз басқа өндіріс орнына, тіпті басқа аймаққа жібере алатын.

Еңбек тәртібін бұзу 1940 ж. бастап қатаң жазаланатын болды. 20 минуттік жұмыста болмау, яғни «прогул» алты айлық, өзбетімен жұмыстан кетіп қалу – төрт айлық түрме жазасы кесілетін болған. Жастарға еңбек ету міндеттелді. ФЗО, ремесленный, темір жол училищелеріне оқуға алу мобилизация арқылы өтті, училищеден өз бетіңмен кету қылмыс жасағандық деп саналды. Оны бітіргендер төрт жыл бойы жұмысқа жіберген жерде еңбек ету міндетті болды.

Жұмысқа жолдаманы СССР ХКС жанындағы Еңбек резервтері Бас басқармасы беретін. Сөйтіп, 30-жылдардың екінші жартысы мен 40-жылдардың басындағы еңбек туралы заң еңбек адамдарын казармалық социализмнің экономикалық машинасының винтігіне айналдырды.

Қылмыстық істер мен жағымсыз құбылыстарды (шаруа­шылық пен қоғамдық өмірдегі) болдырмау үшін репресивті шаралар қолданылуға пайдаланылды. Мысалы, 1940 ж. сапасыз продукция шығарғаны үшін кәсіпорын басшысы қылмысты жауапқа тартылатын болды, ал 1941 ж. – осы шара артық немесе қолданылмайтын құралдарды сатқаны, айырбастағаны, немесе басқа жаққа жібергені үшін қолданылатын болған.

Қылмыстық-құқықтық шара жас өспірімдерге қолданылатын кеңейтілді, қылмыс үшін жас мөлшері енді 14 жастан басталды, ал біраз қылмыс түрлері үшін тіпті 12 жастан басталады деп ескертілді.

«Контрреволюциялық» деп аталатын істерді қарағанда қыл­мысты істер процессуалды құқығының нормасы ескерілмейтін, тіпті ВКП (б) ОК ерекше телеграммасымен құқық қорғау органдарына күш қолдану шаралар арқылы еріксіз көндіруге (мойындатуға) рұқсат етілетін. Былайша айтқанда ең жоғарғы партия органдары өзі заңдылықты жаппай бұзуға санкция берген деген сөз.

Бұданда қатаң заң соғыс жылдарында қолданылды. Еңбек міндеттілігі (борыштылығы) енгізілді, жұмыс уақыты 11 сағатқа дейін ұзартылды, отпускілер (демалыс) берілмейтін болды. Әскери өнеркәсіп саласының жұмысшылары мен қызметкерлері жұмыстан өзбетімен кетіп қалса ол дезертир (қашқын) деп саналды да 5-8 жылдар аралығына сотталатын. Еңбек міндеттілігінен жалтарғандар алты айдан бір жылға дейін еңбекпен түзету лагерлеріне жіберілетін.

50-жылдардың аяғы мен 80 жылдардың ортасы кезіндегі құқықтың дамуы. 50-жылдардың ортасында құқыққа байланыс­ты  позитивті өзгерістер басталды. Онда, І-ден, құқықтың барлық салалары түбірлі өзгерді; екіншіден, одақтас республикалар деңгейінде құқықтың кодификациясы жасалынды. 1953 ж. Осо­бое совещание жойылды, «контрреволюциялық» істерді жеңіл­детіп қарау туралы 1934 және 1937 жж. Указдар күшін жойды.

1959 ж. Қазақ ССР-ның Қылмысты істер Кодексі және Қылмыстық-процессуалдық Кодексі қабылданды. Бұл норматив­ті-құқықтық құжаттар ұқсастығы (үйлестігі) бойынша қарауды бұзды (жойды), басқа біреудің жасаған қылмысы үшін құдалау тоқтатылды, сол сияқты әлеуметтік қауыптілігіне, құқыққа аздаған қарсы келетін істер үшін жауапқа тарту тоқтатылады.

¤лім жазасына кесуге байланысты қылмыстың құрамы әйелдерге өлім жазасы қолданылмайтын болды, қылмыстық істерге жататын жас көлемі ұлғайтылып 12-ден 16-ға ауысты­рылды.

Қылмыстық-процессуалдық құқықта тұлғаның дербестігі кепілдігі сақталған. Біріншіден, кінәсі дәлелденбеген жағдайда ақтайтын шаралары болды. Екіншіден, күдікті деп саналғанға кінәні аудара салуға тиым салынды. Үшіншіден, тінту, қазба жұмыстарын жүргізу (выемка), тұтқынға алу, тек прокурордың санкциясы арқылы ғана іске асырылады деген жаңа тәртіп енгізілді. Осы шараларды орындау барысында қылмысты істерді қарағанда заң бұзушылық біраз азайды, бұрынғыдай жаппай дәрежеге көтерілмеді.

1963 ж. 28 желтоқсанында Қазақ ССР-ның Жоғарғы Советі Азаматтық және Азаматтық-прцессуалдық кодекстерін бекіт­ті. Жаңа Азаматтық кодекс көптеген міндеттер жүйесін, ережелер комплексын белгіледі, ол азаматтардың мүліктік құқығын қорғау­ға, мүліктік емес қатынастарды реттеуге бағытталған еді. 1969 ж. 6 авгусында Қазақ ССР-ның Жоғарғы Советі «Неке мен отбасы туралы» Заң қабылдады. Онда, алғаш рет шетелдік­термен неке қиюға ұлықсат етілді. Сонымен қоса, некені заңды емес деп тану тәртібі енгізілді, некені айырудын соттан тыс жолдары белгіленді, әкелік қамқорлыққа алу жолдары анықталды.

1971-1972 жж. жер мен суды пайдалануды реттейтін нормативті-құқықтық акты – Қазақ ССР-ның Жер және Су кодекстері қабылданды. Бірақ осы құжаттарда жер мен суды пайдалануда азаматтарға колхоздан және мемлекеттік құрылым­нан тыс пайда табуға мүмкіндік жасалынбады.

1972 ж. Қазақ ССР-ның еңбек туралы Кодексы, 1976 ж. – Қазақ ССР-ның жер қойнауы туралы Кодексы, 1978 ж. – Қазақ ССР-ның орман-тоғай Кодексы, 1981 ж. – «Атмосфералық ауаны қорғау», «Хайуанаттар әлемін қорғау және пайдалану туралы» Заңдар қабылданды.

Құқықтық жүйедегі басты жаңалық 1984 ж. қабылданған – Қазақ ССР-ның әкімшілік құқықты бұзу туралы Кодексі. Бірінші рет мемлекет күш қолдануда әкімшілік жауапкершілікті күшей­туге байланысты оны кодификациялады. Мұнда «Әкімшілік құқық бұзу түсінігін белгіледі, әкімшілік құқық бұзу» ісін шеше алатын органдар мен лауазымды адамдардың тізімін және олар­дың қандай жазалау шараларын қолданатындығын анықтады.

30-жылдардың екінші жартысы мен 80-жылдардың бірінші жартысында құқықтың дамуын екі этапқа бөлуге болады. Егерде Сталин заманында 50-жылдар басына дейін негізінен қылмысты істер репрессиясы өсіп және заңдылық жаппай бұзылса, 50-жылдардың ортасынан бастап құқықтың дамуы демократиялық принциптерді нығайту бағытын ұстады. Дегенмен, құқық қатынастарды толық реттей алмады, өйткені жария етілген құқықтар мен бостандықтарды толық пайдалану мүмкін болмады.

Сөз бостандығы, азаматтардың митингі өткізу, шерулер жасау, демонстрацияларға қатысу құқықтары формальды болды, оларды іс жүзінде пайдалану мүмкіндігі болмады. Селолық жерлерде тұратын колхозшыларға паспорт берілмеді, бұл жағдай олардың жүріп-тұруын қиындатты.

Әкімшілік стагнация (тұралау) және халық тұтынатын товарлардың дефициті, тұрмыстық қажетті өтеудің сапасыздығы жағдайында көптеген әлеуметтік және экономикалық құқықтар мен бостандықтар фикцияға айналды, яғни жалған, ойдан шығарылған болды. 70-80 жылдары азаматтардың жариялы құқықтары мен оны іске асыру арасы тым алшақтай түсті.

СССР-дың күйреуі және тәуілсіздік кезеңіндегі Қазақстанның мемлекеті мен құқығының дамуы

Советтік экономикалық және саяси жүйенің жалпы дағдарысы 80-жылдардың ортасында түбірлі реформалар қажет­тігіне басшылардың көзін жеткізді. Ең алдымен партияның идеологиялық диктатынан құтылу және саяси режимді либерали­зациялау керек еді. Бірақ совет мемлекеті тұсында Қазақстанға өзінің егемендігін пайдалану мүмкін болмады. Басқа республи­калардағы жағдай да осындай еді.

1985-1989 ж. мемлекеттің дамуы. СОКП пен СССР басшы­лары саяси және экономикалық қатынастарды түбірлі өзгертуді ойлаған емес, олар социализмді аздап «жаңартуға» ұмтылды. Алайда, басшылық стилінің өзгере бастауы, барынша ашықтық, СОКП ОК Бас секретары М. С. Горбачевтың жүйені демократия­ландыруға, сайлап қоюды барынша қолдануға шақыруы халық­тың энтузиазмін туғызды. Дегенмен, 1986 ж. желтоқсанындағы Алматыдағы оқиға, барлық айтылып жүрген өзгерістер басқару­дың стилі мен әдістерінің өзгермегендігін байқатты, террор мен репрессия бұрынғысынша кен көлемде қолданылды.

Г. Колбин шын мәнінде Москваның қойған адамы еді. 17-18 желтоқсанда (1986) Алматы халқы көшелерге шығып республика мақсаттарымен санаспағандықка қарсылық білдірді. Демогстрация мен митингілердің барысында үкіметке, мемлекетке қарсы ұрандар талаптар болмағанына қарамастан оларға қарсы армия мен милицияның күші қолданылды, яғни террор мен репрессия әдістері қолданылды. Конституция мен Совет заңдары дөрекі (тұрпайы) түрде бұзылды.

Бірнеше жүз адам прокурор санкциясынсыз изоляторға қамалды, 1700-ден астам адам жарақат алды, 900-ге жуық адамға әкімшілік шаралары қолданылды, 99 адам қылмысқа тартылды, оның екеуі өлім жазасына кесілді. Тексеру және сот процесі процессуалды нормаларды бұзу негізінде өтті.

1987 ж. енгізілген жұмыс орындарына және жоғарғы оқу орындарына алу квотасы азаматтардың  конституциялық теңдігін өрескел бұзғандық еді. Жергілікті халық өкілдеріне білім алуға және абыройлы жұмыстарға орналасуға кедергі жасалынды. Олардың ортасынан «ұлтшылар мен коррупционерлер» іздесті­рілді. Дегенмен, Москвадағы өтіп жатқан процестер партия билігін әлсіретті, халықтың саяси белсенділігін арттырды. СССР Жоғар­ғы Советі 1988 ж. 1 желтоқсанында Конституцияға өзгеріс енгізді. СССР халық депутаттарының Съезі құрылып, ол ең жо­ғарғы мемлекеттік орган болып саналды. Жоғарғы Совет тұрақты жұмыс атқаратын заң шығарушы, ¤кілетті және атқарушы орган болып құрылды.

Жаңа орган – Конституциялық бақылау Комитеті пайда болды. Оның қызметі заңдар мен нормативті-құқықтық актылардың Конституцияға сай келуін зерттеу болды. Партия үстемдігінің әлсіруіне байланысты заңды процесс-республикалардың тәуелсіздігіне деген талаптар күшейе түсті, нарықтық экономикаға көшу шаруашылықты басқаруды децентрализациялауды қажет етті.

Қазақстандағы 1989-1991 жж. конституциялық эволю­ция. 1989 ж. билік басына Н. Ә. Назарбаевтың келуіне байланысты көптеген өзгерістер әкелді. Орталықпен және басқа одақтас республикалармен жүргізілген келіссөздер саяси жүйені реформалауды жеделдетті. 1990 ж. 24 сәуірінде «Президент қызметін тағайындау туралы» заң қабылдады. Сөйтіп мемлекет басшысы қызметі пайда болды, тәуелсіз өкімет билігінің тормақтары қалыптаса бастады.

Басты нормативті-құқықтық акты болып 1990 ж. 25 қазанында қабылданған «Мемлекеттік егемендік туралы Декларация» саналды. Ол бойынша Қазақстан Одақтың, оның органдарының заңдары мен қарарларын елдің Конституциясы мен егеменділігіне сай келмесе, орындалуы тоқтатылады деп жария етілді. Барлық табиғи байлық пен оның қорлары, экономикалық, ғылыми-техникалық саясат жүргізуге жағдай жасады.

Бірінші рет Декларация мемлекеттің әлеуметтік негізін анықтауда таптық тәсілден аулақ болды және мемлекеттің ұлттық сыйпаттамасын жария етті.

Мемлекетті реформалаудың келесі қадамы «Мемлекеттік биліктің құрылымы мен басқарылуын одан әрі жетілдіру» заңы болды. Заң бойынша Президент атқарушы және жарлықшы үкіметтің басшысы болды, Министрлер Советінің орнына Министрлер кабинеті құрылды, оны премьер-министр басқарды. Үкіметті құру президенттің міндеті болып саналды.

Республикалардың егемендігі мен одақтық шарт бір-біріне қараша-қайшы келді. Сондықтан 1991 ж. 24 шілдеде тоғыз республиканың басшылары «Егеменді мемлекеттер одағы туралы Шартқа» қол қойды. Мұнда бірыңғай басқару тек әскери және экономикалық саланы қамтыды. Бұл шарт Одақты конфедерацияға айналдырды.

1991 ж. тамызқыркүйек айына Егеменді Советтің Республикалар Од­ағын құруға келісілген. Бірақ СССР-дың кейбір басшылары бұған кедергі жасағысы келді, конституцияға сай келмейтін ГКЧП-ны құрды. 18-21 тамыздағы мемлекеттік төңкеріс әрекеті іске аспады. Орталық өкімет әлсірегендігі байқалды.

Осыған байланысты Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялауға дайындалды. 1 желтоқсанда 1991 ж. Президент сайлауы өткізілді, 10 желтоқсанда Қазақстан социалистік деп аталудан қалды. Дәл осы күні еліміз «Қазақстан Республикасы» деген атпен әлемге белгілі болды. 16 желтоқсан 1991 ж. «Мем­лекеттік тәуелсіздік туралы Декларация» қабылданды. Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталды.

Қазақстан Республикасы 1993 ж. 28 қаңтардағы Консти­туциясы. Қайшылыққа толы, өтпелі кезеңде қабылданды. Көп мәселелер шешімін таба алмады. Көптеген мәселе бойынша пікірталас, даулар көбейді. Қайшылықтарға мыналар жатты: қос азаматтық, тіл мәселесі, ұлттық мемлекет пен азаматтық қоғам құру ма? Әкімшіліктер мен кеңестер арасындағы қайшылықтар. Осы мәселелерді реттеп шешуде Н. Назарбаевтың 1992 ж. жарық көрген «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» және «Қазақстанның болашағы оның идеялық бірлігінде» (1993) атты кітаптарының ролі ерекше болды. Бұл кітаптарда көп ұлтты тәуелсіз Қазақстан халқының жаңа демократиялық, нарықтық негізде топтасуы мен еңбек етуінің теориялық негіздері қалыптасты.

Қазақстан Республкасының «Азаматтық туралы» заңы қабылданып (1991 ж. ХІІ), елде қос азаматтыққа жол берілмеді. Тіл мәселесі «Тіл жөніндегі» жаңа заңда, 1995 ж. Конституцияда шешімін тапты. Қазақ тілі мемлекеттік тіл, орыс тілі ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде тең қолданылатын болды.

1993 ж. жергілікті кеңестер мен әкімдер, Үкімет пен Жоғарғы Кеңес арасындағы қайшылық шегіне жетті. Бірақ президенттің салмақты да салиқалы саясаты арқасында мәселе Ресейдегідей қақтығыстарда жол берілмеді. Кеңестер (Советтер) Қазақстанда тарих сахнасынан жаңа құқықтық жүйеге үйлесе алмай, біртіндеп тарады. Жоғарғы Кеңес 1993 ж. 13 желтоқсанында өзін-өзі таратты, яғни біржарым жылдан кейін.

Бұл Жоғарғы Кеңес 1990 ж. 25 қазан; 1991 ж. 16 желтоқсан – декларацияларды қабылдады және Қазақстан Республикасы Конституциясын қабылдады (1993 ж. 18 қаңтар) Жоғарғы Кеңес барлығы 265 заң қабылдады. 1994 ж. 7 науырызда сайлау болып ХІІІ сайланған Жоғарғы Кеңес дүниеге келді. Парламентте 176 депутат. Жоғарғы Кеңес заң қабылдаудан гөрі Үкіметпен тайталасты. Терещенко үкіметі отставкаға кетті. Осы Жоғарғы Кеңес бір жылға жуық уақытта 8 ғана заң қабылдады. 1995 ж. 6 науырызда Қазақстан Республи­касының Конституциялық соты азамат Т. Квятковская­ның шағы­мын қарап ХІІІ сайланған жоғарғы кеңестің сайлауы барысында заңның өрескел бұзылғандығын анықтады. Жоғарғы Кеңесті легитимсіз деп қорытынды шығарды. Назарбаев пен Кекілбаев­тың қарсылығын Конституциялық сот қабылдамады.

Конституциялық Сот Жоғарғы Кеңес болмаған жағдайда 1993 ж. 10 желтоқсанда ХІІ сайланған Жоғарғы Кеңестің Қазақ­стан Республикасы Президенті мен әкімдерге уақытша қосымша өкілеттіктер беретін заңның күшіне қайта енетіндігіне түсінік берді. Қазақстан Республикасы Президенті Конституция­лық өкілеттігі бойынша ХІІІ сайланған Жоғарғы Кеңесті таратты. Сөйтіп елде Кеңес билігі өмірін тоқтатты.

1995 ж. 29 сәуірде бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі 2000 ж. 1 желтоқсанына дейін ұзартылды. 95,4 % сайлаушылар қолдады. Президент қабылдаған заңдардың кейбіреулері мыналар: «Банкроттық туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Республикалық референдиум туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Қазақстан Республикасының соттары мен судьялары туралы», «Жер туралы».

Бұл заңдарда мемлекеттік басқарудың орталық органдары­ның қызметі, елдегі нарықтық қатынастарда реттеу жүргізіліп жатқан реформаларға сәйкестендірілді. Президент пен Үкіметке, Парламентке, жергілікті басқару және өкілді органдарға, құқық қорғау органдарына жұмысты жаңа бағытқа түсіруге толық жағдай жасайды. 1995-2000 жж. бірқатар Министрліктер біріктіріліп, қайта құрылды. Жаңадан стратегиялық жоспарлау мен реформалау жөніндегі агенттік, жаңа кейбір Министрліктер құрылды.

1995 ж. 30 тамызында бүкілхылықтық референдумның нәтижесінде елің жаңа Конституциясы қабылданды. Ең жоғарғы заң қабылдаушы орган – Парламент екі палатадан: Мәжілістен және Сенаттан тұрды. Негізгі заңның 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін  демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ен қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандық­тары», – деп жазылған. Қазақстан Республикасы, сонымен қоса, президенттік басқару нысанындағы біргұтас мемлекет.

Кейіннен 1998 ж. 7 қазанында парламент президенттің ұсынуымен және өз инициативасы бойынша Конституцияға 16 толықтырулар мен өздеріс енгізді. Қазақ астанасы Алматыдан Ақмолаға ауыстырылды. Кейін бұл қала Астана деп атылынды. Осы шараның әлеуметтік – саяси жәке тарихи маңызы орасан зор. Он жылдың ішінде нарықтық экономикаға, әлеуметтік-саяси өмірге байланысты құқықтық негіз болып табылатын заңдар қабылданды. Олардың қатарына «Азаматтық кодексы», «Жер кодексы», «Саяси партиялар туралы», «Отбасы және неке туралы», «Кәсіподақтары туралы», т. б. Заңдарды қосуға болады.

Республика президенті Н. Ә. Назарбаев «Жаңа кезең-таңа экономика» еңбегінде: «Ел экономикасымен демократиялық процесстер серпінді даму үстінде. Қазақстан орынды түрде өңір лидері болып сапалады және барынша бәсекеге қаблетті экономикасы бар 50 мемлекеттің қатарынан орын алуға ұмтылуда», – деп қорытындылады. Қазақстан халқына кейінгі жолдауында (18 ақпан 2005 ж.) президент Н. Назарбаев жедел экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару жолындағы таяудағы міндеттерді алда тұр анықтады.

.

Қазақстан барған сайып халық аралық кездесулер өткізуге өз үлесі қосуда. Азияда ынтымақтастық пен тұрактылықты қамтамасыз ету мәселесіне арналған осы континент елдері басшыларының Алматыдағы Кеңесі (2002 ж.), әлемдік діндер лидерлеренің Астанада (2003 ж.) бас қосып тиісті келісімдерге келуі, басқа да аймақтың кездесулер Қазақстан Республикасының дүние жүзіндегі беделінің арта түскендігін байқатады.

.

Қорытынды

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің жарияланғаны­на биыл он төрт жыл толады. Біріккен Ұлттар Үйымының, басқа да халықаралық үйымдардың толык мәніндегі мүшесі. Оқу құралының мазмұнынан көрініп отырғандай қазақ халқы ұзақ та күрделі де тарихи жолдан өтті. Қазақ жері ондаған мемлекет­тердін куәсі. Қүқықтық  катынастар да әдет-ғұрып құқығы демо­кратия мен нарықтық қатынастарды реттеуге бағытталған бүгінгі кезендегі құқыққа дейін эволюциялық даму жолынан өтуде.

Осындай тарихи процестердің барысында Қазақстан елінің территориясы анықталды, қазақтар халық және ұлт ретінде топтасты, көп ұлтты Қазақстан хлқы қалыптасты. Құқықтық қатынастар осы құбылыстарды реттеп келеді. Қазақстан Республикасының саяси-құқықтық мемлекеттік тарихы маңызы жағынан басқадай елдерден кем түспейді. Мұны біз мақатныш тұтамыз. Бүгінгі Қазақстанның болашағы орасан зор.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.