Қазақтардың XV-XVIII ғғ. әдеттегі құқығы

Главная » Рефераттар » Қазақтардың XV-XVIII ғғ. әдеттегі құқығы

Әдеттегі құқықтың көздері. Жүздеген жылдар бойында Қазақстан жерінде әдеттегі құқық үстем болып келді. Әдеттегі құқық юристік, яғни заңды күші бар әдеттің жинағы, ол мемлекеттік өкімет тарапынан санкцияланған және кепілдік алған, қалыптасқан қоғамдық қатынастарды күш арқылы сақтау үшін қолданылатын.

Қазақтың әдеттегі құқығы «әдет» немесе «заң» термин­дерімен анықталған. Ұзақ жылдар бойы көшпелі қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірімен біте қайнасқан және мынадай белгілерімен сыйпатталады: қылмысты істер мен азаматтық талаптарға шектеу (шек) қойылмайтын; жазалау жүйесі біршама гуманды болатын; мүліктік жауапкершілік пен отбасылық-некелік қаты­настардың нормалық тұрғыда жете зерттелгендігі және әбден реттелуі; жазба заңдардың әсерінің соншалықты болмауы; ішкі қауымдық және қауымаралық міндеттер жүйесінің болуы, оның құқық нормасының сыйпатына айналуы.

XV-XVIII ғғ. қазақтардың әдеттегі құқығының көздері: құқықтық әдет, немесе заң; соттық прецедент (үлгі), яғни бидің билігі; билер съезінің ережесі.

.

Қазақтар өзін мұсылманмын деп санағанымен шариғат құқық жүйесінде елеулі роль атқарған жоқ. Қазақтар суннизмнің халифаттық бөлігінде болған. Мұнда әлеуметтік және экономи­калық қатынастар шариғат нормасына сай келмейтін.

Құқықтық әдет. Әдет, қоғамдық қатынастарды реттеуші есебінде, нормативтік мінез – құлықтың ең ертедегі комплексі болып саналады. Көшпенділердің экономикалық базисіне сай келді.

Мемлекеттік өкімет билігі санциялаған әдет, құқықтық әдетке айналды да, ол қазақтарда әдет немесе заң деп аталды. Бұдан басқа жора, жарғыжол терминдері де қолданылады. Қазақ хандары кезінде әдеттегі құқықты кодификациялауға шаралар қолданған. Мысалы, XVI ғ. «Қасым ханның қасқа жолы» атты Кодекс болған.

Өкінішке орай оның тексі бізге жеткен жоқ, бірақ ғалымдар оны бес бөлімнен тұрған деп айтады:

.
  1. Меншік құқығын реттеу нормасы.
  2. Қылмысты істер құқығының нормасы.
  3. Әскери жұмысқа байланысты құқық нормасы.
  4. Халықаралық құқық нормасы және елшілік этикеті.
  5. Қауым ішіндегі және қауымаралық міндеттер қатына­сының нормасы.

XVII ғ. басында «Есімханның ескі жолы» атты жаңа кодекс дайындалған. XVII ғ. қазақ қоғамындағы өзгерістер мұнда әрине әңгіме болғаны сөзсіз.

XVII ғ. аяғында Тәуке хан тұсында «Жеті жарғы» деп аталатын. Жаңа кодекс өмірге келді. Бізге оның толық емес, кейбір фрагменттері ғана жеткен, ХІХ ғ. бірінші жартысында оны Г. Спасский мен А. Лёвшин жазып алған. Ол мынандай жеті бөлімнен тұрады:

  1. Жер дауы (жайылым мен суатты құқықтық реттеу).
  2. Жесір дауы (жесірлердің мүліктік және жеке басының құқықтық ережелерін реттеу).
  3. Отбасылық-некелік құқық.
  4. Сот процесін реттейтін нормалар.
  5. Мемлекетті басқаруға және әскери іске байланысты құқық нормалары.
  6. Айып, яғни штраф төлеу, әйтпесе қылмысты істер құқығы.
  7. Құн, яғни штрафтың екінші түрі оның құқықтық нормалары (былайша айтқанда құн төлеудің).

Сот прецеденті. Басқаша айтсақ бидің билігі. Құқықтық нормада айтылған ережелерге сай келмейтін қылмыс болғанда, оны билердің өзі шешетін. Билер сөзі-көптеген фольклорлық шығармаларда кездеседі.

Билер съезінің ережесі. Кейбір күрделі істер, егерде ол бүкіл қауымның мақсаттарын қозғаса, оны билер коллективі (5-6 адам) шешетін болған. Мұны жүгініс, ал он-жиырма бидің съезі – кеңес деп аталған. Олардың алдын – ала келісуі ереже деген атқа еи болды.

Сот және сот процесі. XV-XVIII ғғ. қазақ қоғамында сот билігі билердің қолында болатын. Бидің функциясын басы бос қауымдастықтың мүшесі, беделі бар, әдеттегі құқық нормасын білетін, шешен адам (сөзге жүйрік) атқара алатын. Ханда жоғарғы сот билігі болды, ол билер сотының шешімін өзгерте алатын.

Қазақтың әдеттегі құқығы бойынша қылмыс фактысына байланысты іс өткізілмейтін, жәбірленуші жақтың өтінішіне байланысты сот процесінде қаралатын. Сот процесінде даулаушы немесе талапкер (бұл ізденуші жағынан), жауап беруші немесе жауапкер (бұл жауап беруші жақтан), сонымен қоса жан беруші қатысатын.

Сот қазақтарда ашық, жарысты негізде өтетін. Билер құрамына екі жақтың келісімі керек болған. Істің қаралуы бидің қамшыны алдына қоюынан басталатын. Бұл екі жақтың да сот құрамына және ол шығаратын шешімге келісімін байқатады. Билер сотының процесі екі жақтың келісімге келуіне байланысты басталатын. Халық тым көп жиналатын. Үстің мазмұны ауызша айтылатын, куәләр шақырылатын екі жақтан да. Куә ант беретін. Ант беруден сұлтандар, билер босатылатын, әйелдер куәлікке тартылмайтын.

Ант беру институты. Қазақтың әдеттегі құқығында сот процесін өткізуде ант беру институтының маңызы күшті болды, немесе оны жан беру деп атаған. Бұл шындықты ашуға басқа шаралардың таусылғанында ғана қолданылатын.

Ант берудің екі түрі болған: 1) дәлелдеуші ант, 2) ақтаушы ант. Біріншісі – ізденуші жақ куәсінің анты, екіншісі – жауап беруші куәнің анты.

Би өзінің шешімін ауызша айтатын, шешім жария етілгеннен кейін ала жіп кесілетін, бұл сот процесі аяқталды дегенді көр­сетеді. Би билік жасағаны үшін ізденушіден түскен қаражаттың 10 % алатын, барлық штрафта биге берілетін.

Сот шешімін орындау. Сот шешімін орындау жауап берушіге жүктелетін, егерде ол орындаудан бас тартса барымта институты, яғни малын зарлап айдап кету, қолданылатын. Барымта заңды процессуалды норма деп саналатын, егерде ол би шешімінің көлемінде атқарылса.

Барымта орындалуы барысында екі жақтың адамдарына денеге зақым түсетін, кейде, тіпті кісі өлімі де болатын. Егерде барымташылар жағы травма алса, немесе өліп қалса, кінәлілер қылмысты жауапқа тартылатын, ал барымтадан қорғанған жақта осындай оқиға болса, олар жауапкершіліктен босатылатын.

Егерде мал қатарынан бірнеше рет айдалып әкетілсе және барымтаның дұрыстығын анықтау мүмкін болмаса, онда билер соты салауат арқылы екі жақты келістіруге тырасатын.

Сот шешіміне шағым жасау. Қанағаттанбаған жақ (билер шешіміне) ханға арыз түсіруге құқықты. Егерде хан би шешімін дұрыс деп қорытындыға келсе, онда арыз беруші соттың беделіне кір кетірді деп айыпталып деңесіне дүре соғылатын. Ал, егерде хан би шешіміне күмәндәнсә, оны қайта қарауға жібереді.

Би соты, барынша, екі жақты қанағаттандыратын шешім қабылдауға тиіс болған, билер қиянат келтіруден аулақ болғанда ғана шешім әділетті деп саналатын. Сондықтан билер соты шындықты дәлелдеп қана қоймай, екі жақты келістіруге, дау-жанжалды тоқтатуға күш салатын.

Қылмысты істер құқығы. Қазақ құқығында «қылмыс» терминін анықтайтын түсінік болмаған. Оның орнына жаман іс, жаман қылық, кінә, немесе жазықты сөздері қолданылатын. Қандай болмасын моральдық және материалдық зиян қылмыс деп есептелген.

Осыған орай қиянат көрген (шеккен), қиянатқа ұшырған жақ сотқа шағым берсе ғана іс (қылмысты, азаматтық) қаралады. Ал, шағым түспеген жағдайда, онда қылмыс жоқ деп, немесе қылмыс орын алмаған деп есептеледі.

Қазақтың әдеттегі құқығында қылмысты екіге бөледі: қателіктен болған қылмыс және қабілетсіз адамның жасаған оқиғасы, оған жауапты қылмыскердің ата-аналары, туысқандары болуы тиіс. Егерде қылмыс жаман ойға немесе қастық тұрғыда жасалса, онда қылмыскердің жауапкершілігі арта түседі, ал егерде қылмыс аффектілік (рухани толғаныс) күйде жасалса, онда жауапкершілік жеңілдетіледі.

Қазақтың әдеттегі құқығы қылмысқа қатысушыларды дәре­жесіне қарай бөлмеген. Басты айыпкер – күнәкәр, әзәзіл, арандатушы – азғырушы, дем беруші – көмекші деп аталып, барлығы да бірдей жауапкерші аталған.

Жаза. XV-XVIII ғғ. әдеттегі құқықта жазалаудың мынандай түрі болған: 1) өлім жазасы; 2) денеге дақ салу немесе дуре соғу; 3) құн; 4) айып; 5) күнәліні жәбірленуші жаққа беру; 6) қауым­дастықтан қуу.

Өлім жазасы – өте сирек қолданылатын. Кісі өлтірсе, немесе тұрмыстағы әйелді, немесе ұзатылатын қызды зорлағаны үшін қолданылатын. Екі жақтың келісімі бойынша өлім жазасы құн төлеумен ауыстырылатын.

Денеге дақ салу және масқаралау жазасы дінге қарсы болғанда, антын бұзғанда, тұлғаға қарсы басқа да қылмыс жасағанда қолданылған.

Құн – жазалаудың негізгі түрінің бірі болды, оны кісі өліміне, немесе денеге ірі дақ түсірілгенде қолданатын. Құнның көлемі 1000 қой, 200 жылқы, 100 түйе – қауымдастықтың қатардағы мүшесін өлтірсе, қатардағы сұлтан, би, батырды өлтірсе – құн көлемі бір жарым – екі есе көбейетін. Егерде белгілі сұлтан – билеушіні өлтірілсе құн жеті есеге көбейетін.

Әйелдің құны еркек құнының жартысына тең болатын. Жарақат нәтижесінде адам еңбек етуге жарамсыз болып қалса – толық құн төленетін, егерде көзі мен тіліне зақым келсе – жарты құн, егерде оң қолы, немесе оң аяғынан айырылса – 1/4 бөлігі, сол қолы мен сол аяғынан айырылса – құнның 1/8 бөлігі төленетін.

Құнның жартысын алты жақсы затпен алуға болатын – құлдарын берсе, қаруын (мылтық), аң аулайтын бүркітін, асыл тұқымды, таңдаулы малын берсе. Құнды кінәлі бүкіл қауымдастық төлейтін.

Айып. Жазаның бұл түрі мүліктік қылмыстарға байланысты және тұлғаға қарсы бағытталған қылмыстарға қарсы қолданы­латын. Айып штрафтың бір түрі, ол тоғыз бас малмен немесе бағалы затпен төленетін.

Айып штрафының мынандай түрлері болған:

  1. бас тоғыз, түйе және басқа түліктен сегіз бас;
  2. орта тоғыз, аттан басталады және басқа 8 мал;
  3. аяқ тоғыз, өгіз және басқа 8 тұяқ;
  4. тоқал тоғыз, тек қойлар ғана;
  5. айып ат – шапан, ат пен бағалы зат.

Малды құлдар және бағалы заттармен айырбастауға рұқсат етілетін. Жалпы, малды ұрлау үш тоғызбен айыпталатын. Бұған қайтарылған малдың саны немесе олардың құны (бағасы) қосыл­майды. Бірақ айып штрафының көлемі қылмыстың ауырлығына қарай анықталатын.

Кінәлінің туысқандары құн немесе айып төлеуден бас тартса кінәліні жәбірленуші жаққа бере алады. Бұл жағдайда кінәлі (жаза алған адам) штрафтың немесе өтемнің құнын жұмыс істеп төлеуі тиіс, немесе тіпті өлім жағасына кесу де мүмкін.

Қауымнан қуу. Кінәлінің мүлкі консфискеленеді, егерде басқа дінге қабылданса, мінез-құлқында құқыққа қарсы қайта­лаулар болса. Мұндай жағдайда кінәлінің киімінің етегі кесіліп, ол қауымнан қуылады, ол заңнан тыс деп жарияланады. Қазақтардың әдеттегі құқығы гуманды болғандығын байқай­мыз, жазаның негізгі түрі мүліктік компенсация болғанын көреміз.

Отбасылық-некелік құқық.  XV-XVIII ғғ. Қазақтарда кіші-гірім отбасы үстем болды, ол жұбайлардан, кәрі ата-анадан, және неке құрмаған балалрдан тұратын. Үлкен патриархалды отбасы көшпелі мал шаруашы­лығы жағдайына сай келмейтін, әсіресе қыс кезінде шаруа­шылықты шашыраңқы ұстау қажет болған.

Отбасындағы басшылық балалардың әкесі, еркектің қолында жинақталған, ол барлық мүлікке иелік ететін, бірақ отбасының басқа мүшелеріне зиян келтірмеуге тырысатын. Әйелі ерімен бірдей мүлікке иелік жасай алатын. Жесір әйел балаларының кәмелет жасқа жеткенінше отбасын басқаратын, егерде ол күйеунің (жұбайының) туысқандарымен бірге тұрса.

Балалардың құқықтық жағдайы. Әдеттегі құқық балалар­дың жағдайын өте қатаң реттеген. Кәмелет жасқа келген және үйленген ұл жеке отбасын құруға құқығы болды, оған енші бөлініп берілетін – үй жићазы және малдай. Оның көлемі әкесі­нің тұрмыс күйінің дәрежесіне (яғни ауқаттылығына) байланыс­ты болатын.

Кіші ұл – кенже негізгі мұрагер саналып, ол жеке бөлініп шықпайтын. Әкесі қайтыс болғаннан кейін еншісін алған ұлдар әкеден қалған мұраның бөлігін талап ете алмайтын. Әке баласына еншісін бөліп беруге міндетті, егерде олай болмағанда ұлы сотқа шағым беріп, еншісін талап етуге құқылы.

Қыздардың құқығы тым тар болатын. Қыздың әкесі мен шешесі қызы тұрмысқа шыққанда оған жасау беруі міндетті болатын. Одан кейін қыздар мұрагерліктен айырылатын. Тұрмыс құрмаған қыздар ұлдар алатын надельдың жартысын алуға құқы­лы болды. Мұрагерлік (өсиет) ретінде қазақтарға қолданылмаған. Басты мұрагерлер болып әкесі тарапынан тараған ұлдар, іні-ағалар, әйелі есептелетін. Мүліктің тек үштен бірін ғана өсиет арқылы үлестіруге болатын.

Әйелдердің құқықтық жағдайы. Көшпелі шаруа шаруа­шылыққа байланысты қазақ әйелдері шаруашылық түріне кеңінен араласатын, сондықтан қазақ әйелдері отбасы мен қоғамдық өмірге кеңінен қатысатын. Алайда, әдеттегі құқық полигамияға ұлықсат ететін.

Адат исламдағыдай отбасында әйелдер санын анықтамаған, семьяның көпшілігі екі адамнан (жұбайы мен зайыбынан) құралатын, тек мүлікті қазақтарда екі әйелі болатын. Бұдан көп болу өте сирек кездесетін. Бәйбіше мен тоқал жеке үйлерде тұратын, жеке шаруашылығы болатын.

Үйдің зайыбы өз жасауына, малына ие болып саналатын. Жұбайы зайыбының жасауын жұмсай алмайтын, егерде неке бұзылса жасауы әйелдің өзінде қалатын.

Неке түрлері (формалары). Адат тәртібі бойынша әкесінің тарапынан болатын туысқандардың жеті атасына дейін некелі болуға тиым салған. Сұлтандар мен қожаларға мұның қатысы болмайтын. Әдеттегі құқықта некенің мынандай түрлері болған: 1) қалың малдық неке; 2) қалыңмалсыз неке (бел құда); 3) бесік құда болу; 4) қарсы құда болу некесі; 5) алып қашу арқылы болатын неке; 6) еңбек өтеп болғаннан кейінгі неке;7) әменгерлік неке; 8) балдызға үйлену некесі.

Негізгі және үстем болған неке түрі қалым некесі, яғни құда түсу және қалым арқылы қалыңдықты сатып алу. Құда түсер ырымында күйеу бала мен қалыңдықтың ата-аналары болашақ неке, қалымның көлемі, жасау, тойдың шығыны т.б. келіседі, құйрық-бауыр жейді, бұл құдалықтың басты мәселелері шешілді деген сөз. Күйеу баланың әкесінің тарапынан толып жатқан кит беріледі. Ақырысында қалыңдықтың және күйеудің ауылында той өткізіледі. Қалымсыз неке өте сирек болған, ол екі әкенің  өзара келісуіне байланысты – тамырлық негізде жасалады, қалым төлемеуге келіседі. Бесік құдалықты орта байлығы бар отбасылары жасайтын. Қалым көлемі мүнда анағұрлым аз болатын. Қарсы құдалық некесінде қалым төленбейтін.

Егерде күйеу өзінің құдалық түскен қалыңдаығын алып қашса, ол ауыр қылмыс деп саналмаған, (егерде қыздың әкесі құдалық келісімді бұзған жағдайда), бірақ қалым толығынан төленген болуы тиіс. Мұнда аздаған штраф төленеді де, қалыңдық жағымен татуласу қажет. Ал, құдалық түскен басқа біреудің қалыңдығын алып қашу ауыр жаза болып есептелген. Егерде қыз алып қашушының қолында (үйінде) қалса штраф екі қалымның көлеміндей болады, ал қыз қайтып оралған жағдайда штраф бір қалымның көлемінде болған. Егерде қыздың туысқандары оның ұрлануына себепкер болса, олар күйеуге қалымды толық қайтаруға міндетті және штраф төлейтін.

Егерде құдалық түспеген қыз ұрланса, оның келісімі бойынша онда қыздың ата-анасынан кешірім сұралатын, штраф төленетін. Бұл жағдайда әдеттегі құдалық түсу мен үйлендіру процесі өткізілетін. Бірақ қалыңдықтың ата-анасы оның жасауын беруден бас тартуы мүмкін.

Қыздың келісімінсіз оны ұрлау ауыр қылмыс деп танылған, кінәлілер үлкен штраф төлейтін. Туысқаны жоқ ер адамдар қалымды еңбек етіп төлейтін. Бұл жағдайда болашақ күйеу қыздың отбасында еңбек етіп қалымын төлеуге тырысатын. Мұндай күйеу қайын атасының (әкесінің) аулында үйленгеннен кейін де қала беретін. Осындай кірме күйеуді күш күйеу немесе келеке етіп күшік күйеу деп аталатын. Ерте заманнан келе жатқан некенің бір түрі әменгерлік, немесе левирантты неке. Әдеттегі құқық нормасы бойынша жұбайы қайтыс болған әйел күйеуінің аға-інісінің біріне, немесе оның жақын туысқанына тұрмысқа шығуға міндетті болатын.

Мұндай некенің мақсаты шаруашылықты ұсақтаудан сақтау және балаларды әкесінің қауымдастығында қалдыру. Бірақ кімге тұрмысқа шығуды жесірдің өзі шешетін. Егерде жесірдің балалары болса екінші рет тұрмысқа шықпауға құқығы болған, балалары кәмелет жасқа келгенше семьяның басшысы болып есеп­телетін.

Жесір әйел басқа рудың азаматымен тұрмыс құра алатын. Әдеттегі құқықта мұндай мүмкіншілік болған. Осындай жағдайда күйеу жесірдің бұрынғы жұбайының қауымына қалым төлейтін және үлкен адамға қаралған құн төлейтін. Әменгерлік тек жесір әйелге ғана емес, сол сияқты қалымы төленген қалыңдық – қызға да қатысты болатын. Әйелі өлген жағдайда күйеуі құдалық түсіп қойлсада кіші балдызына үйленуге құқығы болатын. Мұндай жағдайда қалым­ның жартысы төленетін, қыз жасауының жартысын ғана алатын.

XV-XVIII ғғ. қазақтарда некенің осы түрінен басқа, соғыста қолға түскен әйел-қыздарға үйлену ұлықсат етілетін. Қалым мен жасау болмайтын. Олар заңды әйелі қатарына балалы болғаннан кейін ғана қосылатын.

Қалым және жасау. Қалымның көлемі мен құрамы құдалыққа қатысушылардың тұрмыс дәрежесіне (ауқаттылы­ғына) байланысты болатын. Батыс Қазақстанда ең үлкен, жоғары қалым көлемі алты 20 биеге жететін. Оның (алтының) әр қайсысы 60 қойға, немесе 4 түйеге тең болатын. Орта және Ұлы жүзде қалымның көлемі 7, 17, 27, 37, 47 бас малға тең еді. Мұның ең кең тарағаны 47.

Қалымның құрамында құлдың, күңнің, қару-жарақтың, қымбат заттардың болуы мүмкін. Бір биені 4-5 қоймен, бір түйені – 20 қоймен ауыстыруға болатын. Қалымды ақшадай және қымбат заттармен төлеуге де болатын.

Жасау құрамына – киіз үй (отау), киімдер, төсек орын, ыдыс-аяқ, үй малы, қалыңдықтың бас киімі – сәукеле кіретін. Жалпы алғанда жасаудың көлемі қалымның көлеміне сай келетін.

Меншік құқығы. Қазақтың әдеттегі құқығында жайылымға жеке меншік болмаған. Жер көшіп-қонуышылардың коллективті меншігі болды, әсіресе қысқы жайлым қатаң шектелетін, өйткені ол минималды (аз) қауымның меншігінде болатын. Ал, кеңейтілген қауымның меншігінде су көздері және оның манындағы жайылым болатын. Пайдаланылмайтын жерлер қауым ассоциация­сының (бірлесті­гінің) меншігінде қалатын.

Әдеттегі құқықта жерге қауым меншігі және оны қауым мүшелелерінің пайдалану жолдары айтылса, екінші жағынан – қауым басшылары: старшиндер, билер, батырларға қарасты жерлерді пайдалану тәртібі айтылған. Бір қауым екінші қауымға жататын жерлерге иелік жасай алмайтын.

.

Жер дауы билер сотында шешілетін, бірақ ақсүйектер – сұлтандар, қожалар, билер, батырлар қара сүйекпен тең құқықта болғанымен, олар артықшылықпен пайдаланған. Жеке меншікте мал және мүлік болған. Малдың құлағына ен салынатын.

Шарттар мен міндеттер. Қазақтың әдеттегі құқығы бойынша шарттар ауызша жасалатын, оның негізгі объектісі мал болатын. Шарттың негізгі түрлері айырбас, қарыз және несие. Айырбас шарты қолөнер товарлары үшін пайдаланатын. Айырбас өлшелі болып мал есептелетін.

Қарыз шарты – бір жылға және одан төмен уақытқа жасалады. Кредитор кепіл болуын қажет ететін. Несие шарты сауын түрінде жасалатын. Яғни сауын мал уақытша пайдалануға берілетін. Алушы малдың сүтін пайдаланып, малды күтуге және төлімен қайырып беруге міндеттенеді. Аманат – малды бай мал иелері кедейленген қауым мүшелеріне уақытша бағып – күтуге береді. Жылу – күйзеліске ұшыраған ру мүшелеріне жалпылама көмек жасау, мысалы стихиялық апатқа байланысты. Жұртшылық немесе ағайыншылық – штрафты, құнды, айыпты, қалымды өтейтін, жасауды дайындау үшін қауым мүшелері қосылып төлейтін. Асар – үй салуға, шөп шабуға, құдық қазуға, қойды қырқуға т.б. байланысты көмек жасау міндеті.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.