Қазақ тілін жеделдете оқыту бағдарламасы

Главная » Рефераттар » Қазақ тілін жеделдете оқыту бағдарламасы

Қазақ тілін жеделдете оқыту бағдарламасы

Әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгертуге ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру — жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселенің бірі. Қазақ тілін жеделдете үйретудің басты міндеті – оқыту мазмұнының бағдарламалық мақсаттарын қатысымдық құзыреттілік қалыптастыруға бағыттау, тіл үйренушілердің сөйлесім әрекетіне еркін түсе алуларын қамтамасыз ету. Жеделдете оқыту үдерісі тиімді болуы үшін оны басқару жоспарлы болуы тиіс. Тіл үйрету үйірмелерінде дәріс беріп жүрген оқытушылардың қолында нақты оқу бағдарламасы, оқу-әдістемелік құралдары, әр оқыту деңгейіне лайықты сабақтардың жоспарлары мен бір жүйеге келтірілген аралық, қорытынды сынақ тапсырмаларының үлгілері болуы керек. Орталықтандырылған түрде жалпыға бірдей білім берудің мемлекеттік негіздеріне сүйене отырып, жоспарлы түрде нақты мақсаттарға бағытталған іс-әрекет әрқашан ұтымды әрі нәтижелі болмақ.

Қазақ тілін жеделдете оқыту бағдарламасының мақсаты – жеделдете оқытудың соңғы нәтижесі – қазақстандық тілдік тұлғаның қатысымдық құзыреттілігінің мазмұнын айқындау және қазақ тілін тез, қарқынды, сапалы, нәтижелі, ұтымды үйретудің ғылыми-әдістемелік негіздерін тұжырымдау.

Осы мақсатты шешу үшін төмендегідей міндеттер белгіленді:

  1. Тілдік қатынастың отбасы-тұрмыстық, мәдени-әлеуметтік, кәсіби-елтанымдық және ресми-қоғамдық салаларына сәйкес өзекті тақырыптарды айқындау.
  2. Тіл үйренушілердің қатысымдық міндеттерді шешу мүмкіндігін дамыту жолдарын белгілеу.
  3. Қазақ тілін жеделдете үйретудің жүйелі әдістемесін дәйектеу.
  4. Лексикалық минимум аясына негізделген қарым-қатынас жағдаяттарын айқындау.
  5. Мамандыққа бағытталған кәсіби лексиканы іріктеу.
  6. Грамматикалық минимумды оқу мәтіндеріне сәйкес сұрыптап ұсыну.
  7. Оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім әрекеттерін жетілдіруге бағытталған қатысымдық тапсырмалар жүйесін айқындау.
  8. Аймақтық әлеуметтік-лингвистикалық жағдайды ескеру.

Қарапайым деңгейге арналған жеделдете оқыту бағдарламасының қатысымдық құзыреттілігінің мазмұны тілдік қатынастың отбасы-тұрмыстық, мәдени-әлеуметтік, кәсіби және елтанымдық салаларына қатысты төмендегі өзекті тақырыптарды қамтиды: «Ресми сәлемдесу», «Уақыт,  мекен», «Мамандық», «Менің досым», «Менің бір күнім», «Бос уақыт», «Өзім туралы», «Отбасы», «Көшеде», «Тамақ», «Денсаулық», «Сауда», «Сапар», «Мемлекеттік тіл», «Білім, мәдениет ошақтары», «Отан» т.б.

Бұл деңгейде тіл үйренушілер шектеулі сөйлеу жағдаяттарында қарапайым қатысымдық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Тіл үйренушінің төмендегі қатысымдық міндеттерді шешу мүмкіндігін дамыту көзделеді:

— қарым-қатынасқа түсе алу, танысу, басқа біреуді таныстыру, амандасу, қоштасу, өтініш білдіру, алғыс айту, ризашылық білдіру, кешірім сұрау, алғыс пен кешірімге жауап беру, қайталауын өтіну;

— деректер мен оқиғалар, тұлғалар мен заттарға қатысты сұрақтар қою, тұлғалар мен заттардың бар немесе жоқ екендігі жайлы, олардың сапасы, тәуелділігі, оқиғалар мен әрекеттердің уақыты, орны, себебі жайлы мәлімдеу;

— тілек, өтініш, ұсыныс, шақыру, келісу немесе келіспеу, бас тартуды білдіру;

— өз көзқарасын білдіру: адамға, затқа, оқиға пен әрекетке баға беру.

Осы деңгейдің лексикалық минимумы аясына негізделген төмендегі қарым-қатынас жағдаяттарында тіл үйренушінің қарапайым қатысымдық құзыреттілігін қалыптастыру көзделеді:

— жұмыста, үйде, демалыста;

— қала көшелерінде, көлікте, аялдамада;

— мейрамханада, асханада, дәмханада;

— емханада, дәрігерде, дәріханада, дүкенде, базарда;

— жолда, сапарда, әуежайда, кемежайда, сапаржайда, кеденде, кассада;

— тетрда, кинотеатрда, мұражайда;

— ауылда, қалада.

Тіл үйренушінің тыңдалым білігін дамыту мақсатында тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени қатынас салаларына байланысты, осы деңгейге лайықталған монолог және диалог мәтіндер аудио-бейне таспалар арқылы ұсынылады. Монологтық мәтіндерді тыңдап, ондағы ақпаратты түсіну, диалогтық мәтіндердегі сөйлеушілердің қатысымдық ниеттерін түсіну дағдыларын жетілдіруге бағытталған тапсырмалар орындалады. Оқылым білігін дамытуға бағытталған мәтіндер қарапайым деңгейге сәйкес лексика-грамматикалық материал негізінде арнайы құрастырылып, бейімделіп ұсынылады. Тіл үйренушіден жалпы мазмұнды қамти отырып, зерделей оқу арқылы мәнерлі, дұрыс оқу техникасын жетілдіру талап етіледі. Сонымен қатар, оқылым мәтіндерінің жалпы мағынасын түсіне отырып оқу, мәтін тақырыбын айқындап, мәтіндегі ақпаратты біршама толық және нақты түсіну, сонымен қатар мәтін мағынасын аша түсетін кейбір детальдарды аңғару дағдыларын арттыруды көздейтін тапсырмалар орындалады.

Жеделдете оқыту бағдарламасының қарапайым деңгейінде тіл үйренушілер берілген репликаларды рөлдерге бөліп айту, сұрақтарға жауап беру, мәтін үлгісімен өз мәтінін құру, мәтін үлгісімен өзара еркін диалогқа түсу түрінде айтылым, тілдесім әрекеттерін дамытуға бағытталған тапсырмалар орындату көзделеді. Оқытушы жағдаяттық тапсырмалар бойынша өзара сұхбат, рөлдік ойындар, екі түрлі көзқарасты дәлелдеу мақсатындағы дискуссиялар ұйымдастырады. Бұл деңгейде тіл үйренушінің жазылым әрекеті негізінен тілдік дағдыны қалыптастыруға бағытталған тілдік жаттығуларды орындау кезінде жүзеге асады. Сонымен қатар оқылған мәтінге, берілген сұрақтарға сүйене отырып, қатысымдық бағдарлы репродуктивті сипатты жазба мәтіндер құрастыру, атап айтқанда, мәтінді тірек ете отырып, шағын шығарма жазу, сұхбат үлгісімен диалогтар құрастырып жазу, сұрақтарға жауап жазу жұмыстары жүргізіледі. Модель жасау, диаграмма құру, Венн диаграммасын толтыру түріндегі шығармашылық тапсырмалар да тіл үйренушінің қатысымдық құзыреттілігін дамытуға өз ықпалын тигізеді. Қарапайым іс қағаздарының үлгілерімен жұмыс ретінде хат, мінездеме, түсінік, өтініш жазу, тізім жасау жұмыстары ұйымдастырылады.

Базалық деңгейге арналған жеделдете оқыту бағдарламасының қатысымдық құзыреттілігінің мазмұны тілдік қатынастың отбасы-тұрмыстық, мәдени-әлеуметтік, ресми-кәсіби және елтанымдық салаларына қатысты төмендегі өзекті тақырыптарды қамтиды: «Жұмысқа орналасу», «Өзім туралы», «Менің әріптесім», «Менің жұмысым», «Кәсіптік мейрам», «Демалыс», «Қонақта», «Банкте», «Қызметтік міндет», «Бастық», «Жиналыс», «Лездемеде», «Іссапар», «Мақсат», «Туған жер», «Отан». Бұл деңгейде тіл үйренушілер табиғи тілдік ортада, әр алуан сөйлеу жағдаяттарында қарым-қатынас барысында негізгі қатысымдық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Тіл үйренушінің төмендегі қатысымдық міндеттерді шешу мүмкіндігін дамыту көзделеді:

— қазақ тілінің сөйлеу нормаларына сәйкес ресми қарым-қатынасқа түсе алу, танысу, басқа біреуді таныстыру, амандасу, қоштасу, өтініш білдіру, алғыс айту, ризашылық білдіру, кешірім сұрау, алғыс пен кешірімге жауап беру, құттықтау, тілдік қатынасты бастау және қолдап отыру, әңгіме бағытын (тақырыбын) өзгерту, көңіл аударту, қайталауын өтіну, қайталап сұрау, есіне салу, әңгімені аяқтау;

— ақпаратты сұрау және мәлімдеу: деректер мен оқиғалар, тұлғалар мен заттарға қатысты сұрақтар қою, тұлғалар мен заттардың бар немесе жоқ екендігі жайлы, олардың сапасы, саны, тәуелділігі, оқиғалар мен әрекеттердің жүзеге асу уақыты, орны, себебі, мүмкіндігі, қажеттілігі жайлы мәлімдеу, дәлелдеу, талап ету, үгіттеу;

— тілек, өтініш, ұсыныс, талап, кеңес, шақыру, келісу немесе келіспеу, бас тарту, рұқсат беру немесе тыйым салу, уәде, сенімсіздік, күдік білдіру;

— өз көзқарасын білдіру: адамға, затқа, оқиға мен әрекетке, қылыққа баға беру, ұнату, кіналау, таңдану, аяу, мүсіркеу.

Тіл үйренушінің төмендегі қарым-қатынас жағдаяттарына сәйкес негізгі қатысымдық құзыреттілігін дамыту көзделеді:

— әкімшілік қызметте, мамандық таңдауда, жұмыс іздеуде;

— конкурсқа қатысуда, жұмысқа орналасуда, кадр бөлімінде;

— кәсіптік мейрамда, жиналыста;

— бастықтың қабылдауында, кісі қабылдау кезінде;

— жұмыс уақытында, лездемеде, іссапарда;

— телефонмен, факс бойынша сөйлесу жағдаяттарында;

— банкте несие алу, ақша аудару, есеп-шот ашу кезінде;

— шағын бизнеспен шұғылдануда;

— қонақта, туған күнде, саяхатта, саяжайда т.б.

Тіл үйренушінің тыңдалым білігін дамыту мақсатында базалық деңгейге лайықталған монолог және диалог мәтіндер аудио-бейне таспалар арқылы ұсынылады. Монологтық мәтіндерді тыңдап, ондағы ақпаратты: хабарламаның әрбір мағыналы бөлшегінің тақырыбын, басты идеясын жеткілікті мөлшерде толық, терең әрі нақты түсіну, диалогтық мәтіндердің негізгі мазмұнын, қатысушылардың қатысымдық ниеттерін түсіну дағдыларын жетілдіруге бағытталған тапсырмалар орындалады. Оқылым білігін дамытуға базалық деңгейге сәйкес лексика-грамматикалық материалды қамтитын аутентті, дискурстық, кей жағдайларда ғана аздап бейімделген мәтіндер ұсынылады. Тіл үйренушіден жалпы мазмұнды қамти отырып, зерделей оқу арқылы мәнерлі, сауатты, жылдам оқу техникасын жетілдіре түсу талап етіледі. Сонымен қатар, оқылым мәтіндерінің тақырыбын айқындап, оның басты идеясын түсіну, мәтінде берілген негізгі және қосымша ақпаратты жеткілікті мөлшерде толық, терең әрі нақты түсіну, баяндалған ақпаратты, автордың тұжырымдары мен бағалауларын дұрыс түсіну дағдыларын арттыруды көздейтін тапсырмалар орындалады.

Бұл деңгейде тіл үйренушінің берілген тақырыпқа сәйкес қатысымдық бағдарға негізделген репродуктивті-продуктивті сипатты жазба мәтіндерді құрастыру, ресми-іскери қатынас саласына  байланысты жазба мәтіндерді өндіру дағдысын дамыту көзделеді. Ұсынылған мәтін мен сұрақтарға сүйене отырып, шағын шығарма жазу, үлгілер негізінде өз мәтіндерін құрастырып жазу жұмыстары жүргізіледі. Бағдарлама бойынша тіл үйренушінің ұсынылған тақырыпқа сәйкес қатысымдық бағдарлы жүйелі байланыстағы айтылымдарды өздігінен өндіре алу, оқылған немесе тыңдалған мәтін негізінде әртүрлі формалық-мағыналық құрылымды репродуктивті монологтық айтылым құрай алу, мәтіннің мазмұнын, негізгі идеясын жеткізу және мәтінде баяндалған деректер мен оқиғаларға, автордың тұжырымдары мен бағалауларына өз көзқарасын білдіру дағдыларын жетілдіру көзделеді. Сонымен қатар жағдаяттық тапсырмалар бойынша өзара сұхбат, дискуссия, дебат, топтық, рөлдік, іскерлік ойындарға қатысу, пікірталас, талдау, ойтолғауларға белсене араласып, өз пікірлерін білдіру түріндегі тілдесім әрекетін жетілдіру мақсат етіледі. Бағдарламаға сәйкес модель жасау, диаграммалар құру түріндегі шығармашылық тапсырмалар күрделендіріліп ұсынылады. Негізгі іс қағаздарының үлгілерімен жұмыс ретінде өтініш, жоспар, сауалнама, мінездеме, түйіндеме, бұйрық, өтініш, хаттама, шақыру қағазы, өмірбаян, жарнама, негіздеме, баяндама, хабарлама, есеп, құттықтау хат, жедел хат, алғыс хат, сенімхат жазу, ақша аудару, келісім шарт т.б. бланкілерді толтыру жұмыстары ұйымдастырылады.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.