Қазақ тілін жеделдете оқытудың интерактивті технологиялары

Главная » Рефераттар » Қазақ тілін жеделдете оқытудың интерактивті технологиялары

Жеделдете оқыту үдерісінде көптеген негізгі әдістемелік инновациялар оқытудың интерактивті әдістерін қолданумен тығыз байланысты болып отыр. “Интерактив” сөзі тілімізге ағылшынның  “interact” “Inter” – “өзара”, “act” – әрекет сөздерінен келіп енген. Интеракция – жеке индивидтердің,  топтық, жұптық өзара біріккен әрекетте бір-біріне алма кезек әсер етуін, біреумен (адаммен) немесе бір нәрсемен (компьютермен) әңгімелесу, диалог режимінде болуды немесе өзара әрекеттесуді білдіреді. «Интерактивті – екіжақты, субъектаралық белсенділік немесе белсенділіктің диалогтық режимі» [120, 180 б.]. Демек, интерактивті оқыту дегеніміз – бұл, ең алдымен, тіл үйренушінің  диалогтық оқу ортасымен өзара байланысына құрылған оқыту. Интерактивті оқыту – таным әрекетін ұйымдастырудың арнайы бір түрі. Интерактивті оқытудың мақсаты – тіл үйренуші өз табысын, жетістігін, қатысымдық құзыреттілігін сезінетіндей, жеделдете оқыту үдерісін өнімді ететіндей оқытудың  жайлы шарттарын жасау.

Тіл үйренушілердің барлығы бірдей таным үдерісіне қатыстырылған кезде ғана интерактивті оқытудың мәні ашылады. Таным үдерісіндегі, оқу материалын меңгерудегі тіл үйренушілердің бірлескен әрекетінде әркім өзінің ерекше тұлғалық салымын жасайды, білім, идея, әрекет тәсілдерімен өзара алмасады. Бұның барлығы өзара тілектестік, өзара қолдау атмосферасында жүзеге аса отырып, жаңа білім алумен ғана шектеліп қоймай, бірлескен таным әрекетін дамытуға зор әсер етеді. Интерактивті оқыту — тәжірибе арқылы оқыту. Интерактивті оқытудың мәні тіл үйренушінің нақты тәжірибелік күйзелісі, алған тәжірибе негізінде ой қорыту (рефлексия), игерген дағдыларын іс жүзінде қолданудан  көрінеді. Бұл жерде тәжірибе  дегеніміз – біріншіден, интерактивті әдісті (ойын, тренинг тәжірибесі, көпнұсқалы компьютерлік ортамен байланыс) жүзеге асырушы қажетті шарттар болса, екінші жағынан әр түрлі қарым-қатынас кезінде меңгерілетін мамандыққа сәйкес қатысым тәжірибесі болып табылады. Интерактивті оқытудың басты аспектісі ретінде лингводидактиканы қолдану қарастырылатындықтан, интерактивті оқыту оқу үдерісін ақпараттандыру арнасында дамиды.

Жеделдете оқытудың интерактивті технологиясы — сатылы түрде жүзеге асқан кезде дамудың тиімді шарттарын тудыратын педагог пен тіл үйренушінің субъект аралық күшті өзара әрекетінің мақсатқа бағытталған тәсілдерінің жиынтығы. Интерактивті оқыту бір кезеңде бірнеше мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ең бастысы —  ол қатысымдық құзыреттілікті арттырады, тіл үйренушілер арасында эмоцияналдық байланыстың қалыптасуын қамтамасыз етеді, топпен, ұжыммен жұмыс істеуге, досының, әріптесінің пікірін тыңдауға жұмылдыра отырып, тәрбиелік мақсатты көздейді. Тәжірибе көрсеткендей, жеделдете оқыту үдерісінде интерактивті әдістерді қолдану тіл үйренушілердің жүйкесіне жайлы әсер етеді, олардың әрекеттерінің сипатын өзгертуге, сабақтың басты мәселелеріне назар аударуларына мүмкіндік береді.  Оқытудың интерактивті әдістерін қолдану тіл үйренушіні оқытудың пассивті объектісі емес, оқу үдерісінің белсенді субъектісі, қатысушысы етеді. Білім беру жүйесін ізгілендіру бағытына сәйкес оқытудың креативті технологиялары жүйесінің шетелдік тәжірибесі нәтижесінде біздің елімізде де көптеген дәстүрден тыс интерактивті технологиялар қалыптаса бастады. Оқытудың жоғары әсерлі технологияларын енгізу арқылы оқу материалын меңгерту нәтижесін арттырып қана қоймай, тіл үйренушінің тұлғалық дамуын да қамтамасыз етуге болады. Дәстүрлі дидактикалық жүйелердегі түсіндіру, айту (монолог) орнына, диалогтық тұғырнамаға негізделген интерактивті білім беру жүйесінде түсіну, өзара түсінісу (диалог) басты негізге алынады.

Интерактивті оқыту үдерісінде тіл үйренуші үнемі біреумен пікірлесу, әңгімелесу үстінде болады, өзара шығармашылық, дамытушы байланыс тілдік тұлғаның қатысымдық құзыретінің қалыптасуына зор әсер етеді. Атап айтар болсақ, компьютерлік технология, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жеке-топтық, ұжымдық оқыту технологиясы, жобалау технологиясы, «миға шабуыл» технологиясы, ойын технологиясы, кейс-стади технологиясы, портфолио технологиясы, «орныңды ал», «пікірлер шкаласы», «қиялдағы серуен» т.б. технологиялар. Аталған технологиялардың барлығы оқытудың интерактивті технологиялары жүйесін құрайды. Оқытудың интерактивті әдістері — интерактивті дәріс, аудио-бейне материалдарды қолдану, компьютерлік оқыту, рольдік ойындар, тренингтер, кейс-стади, нақты жағдаяттарды талдау, іскери ойындар, шағын топтардағы жұмыс, топтық дискуссия, миға шабуыл, жағдаяттық ойындар, жобалау әдісі, портфолио, проблемалық тапсырмалар, жарыстар, бағаланатын дискуссия т.б. Әрине, бұл әдістерді қолдану оқытушының жай дәрісінен гөрі көп уақытты талап етеді.

Интерактивті әдістердің мақсаты — тіл үйренушілердің жеке және ұжымдық түрде ақпаратты қабылдап, бағалай алуына, ақпаратты талқылауға қатыса алуына, шешім қабылдай алуына, өз пікірлерін топтың басқа мүшелеріне жеткізе алуларына, ортақ мақсаттарға жету үшін топ мүшелерімен бірлесе әрекет ете алуларына мүмкіндік жасау. Оқытудың интерактивті әдістерін қолдану арқылы тіл үйренушілердің төмендегідей тұлғалық сапалары дамиды:

  1. белсенділік пен тапқырлықтың артуы;
  2. сын тұрғысынан ойлау, өз пікірін дәлелдей алу мүмкіндігінің дамуы;
  3. қабылдаған шешімдеріне жауапкершілік сезімдерінің артуы;
  4. қатысымдық дағдыларының артуы;
  5. адамның жасырын мүмкіндіктерінің ашылуы;
  6. ынтымақтастық пен топтық жұмысқа қабілеттіліктің қалыптасуы;
  7. одан әрі өз бетімен оқу қабілетінің дамуы.

Жағымды атмосфера тудыратын, қатысымдықты ұйымдастыратын интерактивті әдістердің үдерісі педагог тарапынан өзге тілді ортаға енгізу кезеңінде жүзеге асырылатын «коммуникативтік шабуыл» өзара әрекеті арқылы сипатталады. Ондай әдістерге «Сұхбат», «Дөңгелек үстел» (дискуссияға үйрету кезінде), «Ассоциациялар», «Әліпби» (тақырып бойынша барлық лексиканы қайталауға мүмкіндік береді), «Сөйлеу минуты», «Түсініктер аллитерациясы», «Таңдау», «Сауалдар дюжинасы», «Қолпаштау», «Әңгімелеуші көршіні алмастыру», «Рефлексивті шеңбер», «Мини-шығарма», «Сергу жаттығуы», «Тілектер тізбесі», «Фразаны аяқта» т.б. жатады.

Жеделдете оқытудың  интерактивті оқыту формасы алдына нақты және бағдарланған мақсат қояды. Жеделдете оқыту сабағын жүргізетін маман оқытудың түпкі нәтижесін, интерактивті әдістердің мәнін толық сезінбей, тек оқушыларды сергіту, бір ғана сабақты жаңаша өткізу тәрізді бір сағаттық, жеке міндеттер жетегінде жұмыс атқарса, ол сабақтың нәтижелі болуына күмән келтіреді. Оқытудың интерактивті әдістері тек оқыту формасын өзгерту үшін ғана енгізілетін болса, ол ешқандай нәтиже бермейді. Керісінше, ол жеделдете оқыту үдерісіне айтарлықтай зиянын келтіреді. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында оқытушы жеделдете оқытуда қолданатын әдіс-тәсілдерінің түпкі мақсатын айқындап, мән, маңызы түсініп, қай кезде, не үшін, қалай жүзеге асыратынын бағдарлап, олардың оқытудың соңғы нәтижесіне тигізетін әсерін анық болжағаны жөн.

Интерактивті оқыту – адамдар қарым-қатынасының ынтымақтастықты негізіне құрылады. Жұп болып, топ, ұжым болып бір мақсатқа жету үшін бір-бірімен түсінісіп, ортақ сөйлесім әрекеті іске асырылады. Оқытудың өзара әрекетінің түрлері мен тәсілдері тіл үйренушілердің қарым-қатынас жасауға, ақпаратпен алмасуға белсенді және үздіксіз жұмылуын қамтамасыз етеді. Жеделдете оқытудың әдістемелік жүйесінде оқу әрекетіне ұжымдық сипат беретін өзара әрекеттің бір-бірін толықтыратын түрлі тәсілдері кезектесіп қолданылады. Олардың ішінде жұптық, үш, төрт адам арасында, шағын топтарда, командаларда, тіл үйренуші-топ, оқытушы-шағын топ арасындағы жұмыстар көп ұйымдастырылады. Жеделдете оқытудың әдістемелік жүйесіндегі басты элементтердің бірі — оқытушы мен тіл үйренушінің ынмақтастығына, оқытушы мен топтың, тіл үйренушілердің өзара қарым-қатынасына құрылған өзара әрекет.

Оқытушының интеракция кезіндегі әрекет жүйесін бес сатыға бөліп қарастыруға болады: мақсат қою; жұмысты жоспарлау; тапсырманы бөлу; тіл үйренушілер әрекетін бақылау; бағалау. Жеделдете оқытуда адамдардың бір-бірін дұрыс қабылдауы және бағалауы үшін жағдайлар жасалады, ол тіл үйренушілердің жақсы қасиеттерін бақылап қана қоймай, сонымен бірге бұл қасиеттерді дамытуға септігін тигізеді. Оқу тобында оқытушыға деген сенім, әр тіл үйренушінің беделін мойындау, оқытушы-топ, оқытушы-тіл үйренуші, тіл үйренуші-топ, тіл үйренуші-тіл үйренуші жүйесіндегі мейірімділікке негізделген қарым-қатынас, әрқайсысының жетістігіне бәрінің сүйсінуі, сеніммен қарауы, бір-бірін мадақтауы және қолдауы негізінде өзара қатынасты басқару қолайлы психологиялық жағдай тудырады. Топта  тұрақты тілектестік қатынастар құрылса, келісіліп бірлескен әрекет  дұрыс жүзеге асады. Бірлескен оқу-танымдық әрекеттің ортақ мақсатқа құрылған мазмұны әркім үшін маңызды болғанда бұндай қатынастың құндылығы өз-өзінен арта түседі. Оқу пәнін меңгерудегі  қиындықтарды бірлесе шешуге тырысуда  ізгілік қасиеттер пайда болады. Интерактив кезінде біреудің жетістігі екінші біреудің жетістігінің шартына айналады, ол ұжымдық танымдық әрекетті өзара жауапкершілікке негізделген байланыста жүргізуге әсер етеді.

Тіл үйренушілердің бірлескен, келісілген оқу әрекетіне деген сұранысы мен қажеттілігі оқу тобын ұжым ретінде қалыптастырады. Әркімнің әрекетінің нәтижесінде ұжымның нормалары мен ережелері қалыптасады, яғни оқу әрекетінде ұжымның тұлғасы қалыптасады. Тіл үйренушілер жағдаятқа байланысты қатынас жасауға үйренсе, олар жаңа оқу жағдайына емін-еркін бейімделеді. Атап айтқанда, жеделдете оқыту әдістемесінде оқытудың екі түрі – қатынас арқылы тәжірибе жасау және қатынас тәжірибесі жүзеге асады. Қатынас дегенді жан-жақты сипаттайтын ұғымдар жүйесіне «рөлдер» түсінігі де енуі қажет. Яғни, қазақ тілін қатынас құралы ретінде үйрету түрлі шарттардағы қатысымдық рөлдерді орындау дағдыларын меңгертуді көздейді. Топта әлеуметтік рөлдерді қолдану сабақтағы қарым-қатынасты жоғары деңгейде басқаруға септігін тигізеді.

Жеделдете оқу үдерісінде ұжымдық өзара әрекет нәтижесінде:

— оқушылар бір-бірімен белсенді және жедел қарым-қатынас жасайды, біліктері мен дағдыларын жетілдіреді;

— қатысушылар арасында оңтайлы ара қатынас және оқытудың нәтижесін көтеру жағдайы мен тәсілі ретінде  ұжымға тән өзара қатынас қалыптасады;

— әркімнің жетістігі басқалардың жетістігі  болып табылады.

Оқу уәждемесін дамытуға бағытталған интерактивті технологиялардың бір түрі – қатысымдық ойындар. Жеделдете оқыту сабақтарында қолданылатын қатысымдық ойындарды түрлеріне қарай топтық, рөлдік, жағдаяттық, іскери ойындар деп қарастырамыз. Фонетикалық және лексика-грамматикалық дағдыларды қалыптастыру үшін топтық ойындар қолданылса, жаңа сөздер мен сөйлеу клишелерін бекіту және түрлі сөйлеу жағдаяттарында алдын-ала дайындықсыз тілдік қатынасқа түсе алу мүмкіндіктерін жетілдіру үшін рөлдік ойындар қолданылады. «Әрбір нақтылы сөйлеу жағдаятын ойнау арқылы талдап отырудың негізінде ұжым ішіндегі қарым-қатынас мәселелерін басқарудың әдісі мен стилін жетілдіру, мінез-құлқы қабілетін дамыту жатыр» [35, 88]. Жеделдете оқытудың талаптарына сәйкес мұғалім әрбір сабақта тіл үйренушінің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру мақсатында ойындарды өтілген жаңа тақырыпқа сай іріктеп ұсынып отырады. Ойындар аудиторияда жағымды көңіл-күй тудырып, жайлы тілдік қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал жасайды. Мұғалім ойын түрлерін алдын-ала сараптан өткізіп, үйренушінің деңгейіне сәйкес,  тілдік материалға байланысты етіп ұсынады. Ойынның танымдық, білімдік мақсаттарын айқындап, нәтижесін алдын-ала болжайды. Тақырыптар бойынша берілетін ойын түрлері өзара сабақтастықта келіп, бір-бірін толықтырып, дамыта байланысып отыруы шарт.

Жеделдете оқытудың интерактивті технологиялар негізіндегі жүйесі тілді меңгеру деңгейлері бойынша алға жылжуды көздейді. Біліктілік пен дағдыларды жетілдіру кезеңінде көбінесе топтық ойындар, сөйлесім әрекетін дамыту кезеңінде рөлдік ойындар, тілдік қатынасты жетілдіру кезеңінде іскерлік ойындар мен тренингтер ұйымдастырылады.

Оқу үдерісінде ойын әдісін қолдануда ересектердің балалар мен жасөспірімдерден басты ерекшелігі жайлы Г.А.Китайгородская былай деп жазады: «К сожалению, примитивное понимание преподавателем игры иногда приводит к излишней инфантилизации обучения, к примитивным коммуникативным задачам, т.е. к снижению интеллектуального творческого уровня обучения. Взрослые обучаемые мгновенно чувствуют эту несерьезность и фальшивость, и их интерес к обучению, а с ним и его результаты, сразу понижаются» [73, 10 б.]. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлерге шет тілді жеделдете оқыту барысында ойындар ұйымдастыру туралы Л.М.Войтюк төмендегідей ой қорытады: «Организуя игровые упражнения, связанные с эмоциональным воздействием и движением, надо помнить, что моторный и эмоциональный компоненты темперамента взрослых функционируют иначе, чем у детей, и применяться они должны реже, чем при работе с детьми» [78, 238 б.].  «Что касается приема присвоения «маски», который применяется в различных методических системах интенсивного обучения, его использование не представляется целесообразным, так как не у всех учащихся мотив к игре настолько силен, чтобы перевоплощение осуществлялось с легкостью. Напротив, в ряде случаев неспособность вообразить себя другим человеком и изобразить его действия и речь могут создать дополнительные трудности, вместо устранения неуверенности еще более усугубить ее, что часто случается с учащимися старших возрастных групп» [78, 238 б.]. Аталған ғалымдардың пікірлерін ескере отырып, қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытуда ойын түрлерін ұсынатын оқытушы оның технологиясын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жүйелі негіздеп, үлкен стратегиялық дайындықпен келуі тиіс. Бұл ойындар тілдік материалдарды белсендіруге құрылып, сөйлеу жаттығуларын шындық өмірге жақын имитация арқылы дамытады.

Топтық ойындар

Топтық ойындар жеделдете оқытудың қарапайым деңгейінде жиі қолданылады.  Топтық ойындардың негізгі ерекшелігі, тіл үйренушілердің сабаққа түгел қатысуы қамтамасыз етіледі, белсенділіктері арта түседі, сөйлесім дағдылары қалыптасады.

  1. Тіл үйренушілер екіге бөлініп, бірінші топ жуан сөздер, екінші топ жіңішке сөздер айтып жарысады.
  2. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, “ДОСТАСТЫҚ” сөзінің құрамындағы әріптерден мүмкіндігінше көп сөздер құрап жарысады.
  3. Тіл үйренушілер екі топқа бөлініп, «СҰЛУ» сөзіне мүмкіндігінше көп мағыналас сөздер тауып жарысады.
  4. Тіл үйренушілер екі топқа бөлініп, мүмкіндігінше көп түрік изафеттерін тауып жарысады.
  5. Тіл үйренушілер екі топқа бөлініп, бірінші топ адамның (бастықтың, кәсіпкердің, мемлекеттік қызметшінің, әйелдің, баланың т.б.) жақсы қасиеттерін, екінші топ жаман қасиеттерін айтып жарысады. Ойынды жүргізуші ол сөздерді тақтаға жазып отырады, соңынан барлығы көшіріп алады.
  6. Оқытушы ілік септікті бір есім сөз айтады, тіл үйренушілер тәуелдік жалғауының ІІІ жағын қосып, сөз тіркесінің жалғасын айтады.

Мысалы:  Оқытушы: бастықтың… —  …

Тіл үйренушілер: орынбасары т.б.

  1. Сөйлемдер тізбегі ойыны. Ойынды жүргізуге ыңғайлы болуы үшін тіл үйренушілер шеңбер бойымен бір-бірлерінің жүздеріне қарап отырады. Ойынды бастаушы адам ауыспалы осы және келер шақ формасын қатаң сақтай отырып, бір сөйлеммен бос уақытында не істейтіндігі жайлы айтады. Келесі адам алғашқының іс-әрекетін теріске шығарып (болымсыз тұлғаны қолдана отырып), өзінің немен шұғылданатындығы жайлы айтады.Осылайша ойын жалғаса береді. Кідіріп қалған адам ойыннан шығарылып отырады. Ең соңында қалған адам жеңген болып есептеледі. Мысалы: 1-адам: “Мен бос уақытымда тамақ жеймін”. 2-адам: “Ал мен тамақ жемеймін, қонаққа барамын” т.с.с.
  2. Тілдей қағаздарға 1-топ мүшелері кез келген сын есімдерді, 2-топ әр түрлі (тұрмыстық заттар, дене мүшелері атаулары, әріптестерінің аттары) зат есімдерді жазып шығады. Одан кейін шетінен бір сын есім, бір зат есімнен оқи бастайды. Нәтижесінде түрлі күлкілі сөз тіркестері (сын есім + зат есім) шығады.
  3. Тіл үйренушілер екі топқа бөлініп, мүмкіндігінше көп қарама-қарсы мәндес сын есімдер айтып жарысады. Айтылған сөздер тақтаға жазылып отырады да, кейіннен қатесі түзетіліп, көшіріліп алынады.
  4. 1-топ мүшелері шартты раймен аяқталатын бірнеше жай сөйлемдер жазады, 2-топ өз алдына бірнеше тиянақты жай сөйлемдер жазып шығады (І, ІІ, ІІІ жақтарда). Одан кейін екі топтың мүшелері кезекпен өз сөйлемдерін оқи бастайды. Нәтижесінде түрлі күлкілі сөйлемдер шығады.

(Егер ………………-са; -се // Онда…………………..- £).

  1. Сөйлемдер тізбегі ойыны: Тіл үйренушілер шеңбер құра отырады. Бірінші адам “Мен ертең…” деп бастап, ауыспалы келер шақта бір сөйлем айтады. Келесі адам “Ал мен оны кеше орындағанмын…” деп, жаңағы айтылған әрекетті нақтылы өткен шақта қайталап шығады да, “Мен ертең …” деп өзі жаңа бір сөйлем бастайды. Мысалы: 1-адам: “Мен ертең ант қабылдаймын”. 2-адам: “Ал мен кеше ант қабылдадым, ертең жұмысқа кірісемін”. 3-адам: “Ал мен кеше жұмысқа кірістім, ертең жалақы аламын” т.с.с.

Жағдаяттық ойындар

Жеделдете оқытуда оқу қатынасын ұйымдастыру көптеген «өмірлік жағдаяттарды» шешуге бағытталған қатынас түрінде жүзеге асады. Ол үшін қарым-қатынас жасау тәсілі қазақ тіліндегі қатысымды меңгертудің жалғыз шарты мен құралына айналады. Ең алдымен, оқытушы көптеген қатысымдық тапсырмалар арқылы  үздіксіз қатынасты ұйымдастырады. Олар өмірден алынған табиғи жағдаяттар түрінде әр кезең бойынша нақты тілдік және сөйлеу материалдарына сай тапсырмаларды жоспарлау арқылы жасалады. Қатысымдық тапсырмаларда ұсынылған кез келген жағдаят жалпыға белгілі және ыңғайлы тәсілдер арқылы шешіледі, өйткені топтың барлық әлеуеті қолданылады. Ойын шарты шындық жағдаймен сәйкес келеді, бұл мінез-құлық эталоны мен сөйлесімниетін вербалдандыру құралдарын іздестіруді жеңілдетеді. Осыған орай үйренушілердің әлеуметтік-қатысымдық тәжірибесін есепке алмауға болмайды. Қатысым жағдайында тіл үйренушілердің өз серігінен алатын ақпараты да танымдық үдерістердің өзгеше сипатта болуын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде үйренушінің қазақ тіліне деген қатынасы өзгереді, ол тілді танымдық объект ретінде ғана емес, топ мүшелерімен арнаулы қарым-қатынастағы жетістіктерін қанағаттандыратын құрал ретінде қарайтын болады.

Басқаша айтқанда, кез келген ұжымдық әрекетті сипаттайтын  ынтымақтастық топтың әрбір мүшесінің іс-әрекетіне байланысты құрылады. Тұлғалық қатынас ретінде ұйымдасқан оқу әрекеті қатынас-ойын жағдайында өтеді. Ойын ұғымы бұл жерде кең мағынасында қолданылады және оқытушының топпен тікелей әрі ойластырылған және басқарылатын қарым-қатынасы түрінде жүзеге асады. Ойнау әрекеті жеделдете оқу-тәрбие үдерісін іске асырудың ең негізгі формасы болып табылады. Сөйлесім дағдылары мен біліктіліктерін қалыптастыру міндеті оқиғаның әртүрлі болуын, қатысымдық тапсырмалардың күрделенуіне қарай жағдаяттардың түрленіп  келуін талап етеді. Сөйлесім әрекетін жағдаяттық уәжделген дайын клише түрінде ұйымдастыру тіл үйренушіні тілдік қатынасқа тез үйретеді. Тіл үйренушілердің қатысымдық құзыреттіліктерін қалыптастырып, сөйлесім әрекетін дамытуға бағытталған жеделдете оқыту үдерісінде жеке тұлғаның кез келген өмірлік жағдайда ойлауы мен әрекеттену қабілеттілігіне және кез келген жағдаяттан жол тауып шешім қабылдауына негіз жасауға болады. Ондай қабілеттіліктің қалыптасуы сабақ барысында әртүрлі жағдаяттармен ынталанған тіл үйренушінің шынайы өмірде өздігінен еркін түрде тілдік қатынасқа түсуге дайындығынан көрінеді.

Тіл үйренуші субъектінің белсенді оқу әрекетін педагогикалық жағдаяттар жасау арқылы ынталандыру — оқытудың негізгі амалдарының бірі. Педагогикалық жағдаят қазақ тілін жеделдете үйретуде тіл тыңдаушының ауызша тілдесімін дамытуға зор әсерін тигізеді. Тіл үйренудегі психологиялық кедергілерді жойып, ұсынылған тілдік жағдаяттарға еніп, тілдік қатынасқа түсуге ынталандыратын мүмкіндіктер тудыру арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады. Тілдік жағдаят мәселесін алғаш көтерген ғалымдар И.М.Берман мен А.В.Бухбиндер [280]. Тілдік жағдаят дегеніміз — тіл үйренушінің білім алу қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған оқытушы ұйымдастыратын ынталандыру амалдары. Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді жеделдете оқытуда тілдік жағдаят жасау дегеніміз — еркін тілдесімге жетуге ынталандыру,  тіл үйренушілердің әрқайсысының жеке, шашыраңқы іс-әрекеті емес, оларды оқу әрекетіне ынталандыратын, қазақ тілінде қарым-қатынас жасау мақсатына жеткізетін, нәтижеге бағытталған, ортақтасқан, жүйелі, кешенді әрекет. Яғни тіл үйренушінің білім алу қажеттігін қанағаттандыратын оқу әрекеті барысында арнайы ұйымдастырылатын ынталандыруды қамтитын әрекет – тілдік жағдаят деп аталады. Педагогикалық жағдаяттар оқу үдерісін тілдік қарым-қатынастың табиғи болмысына жақындатып, сөздердің айтылуын, екпін сөздер мен ырғағының қойылуын, тіл үйренушілердің тілдік қатынасқа еніп, талаптарға сай жаттығып, табиғи жағдайда да сол бейімдері мен дағдыларын қолдануға ықпал етеді. Оқу үдерісінде тілдік қатынасты ынталандыру үшін түрлі жағдаяттарды туғызу маңызды. Ынталандыру — тілдік жағдаяттан туындайтын, оқушылардың әрекетіне ықпал ететін педагогикалық құбылыс. «Жағдаят – көптеген ынталандыру, уақиғалар, объектілер, адамдар мен эмоциялық кейіп үлгісінің /моделінің/ кешендік тұтастығы» [281, 253 б.]. Пассов Е.И жағдаят тек қана жағдайлардың, уақиғалардың, ара қатынастардың қосындысы емес, жүйе деп есептейді [57, 95 б.].

Әр жағдаяттың сыртқы ықпал арқылы ғана туындайтыны анық, оқыту үдерісінде оны жағдаяттық ықпал, нақты бір ортаның ықпалымен туындайтын іс-әрекеттік реакция дейміз, ал итермелейтін сыртқы күш, ықпал – ынталандыру болады. Адам үшін жеке тұлғаға ықпал етіп, қалаулы әрекет жасауына бағыт беретін жағдайлар ғана жағдаят болып есептеледі. Ол үшін міндетті түрде контекст – уақиға немесе іс-әрекеттің туындауына ықпал ететін ерекше күй-жай қажет. Бұл ұстаным тіл үйрету үшін аса маңызды, өйткені тілдің басты міндеттерінің бірі әлеуметтік қарым-қатынас жасау болса, оны жүзеге асыруға ықпал ете алатын қағида – тіл үйретудегі жағдаяттылық. Жағдаяттылық қарым-қатынасқа түсудің шынайы жолын тудырып, сол арқылы тіл үйренушінің сөйлеуге деген қызығушылығын арттырады. Педагогикалық жағдаят – сөйлеушіні нақты жағдайға әкеліп, сөйлеу қажеттілігіне итермелейтін салдар. Қазіргі педагогика ғылымында оқу жағдаятының төмендегі түрлері анықталған:

  1. таңдау жағдаяты;
  2. жетістікке жету жағдаяты;
  3. проблемалық оқыту жағдаяттары;
  4. тәуекелділік жағдаяты;
  5. өзін-өзі бағалау жағдаяты;
  6. қарым-қатынас жасау жағдаяты;
  7. сенім білдіру жағдаяты;
  8. тез шешім қабылдау және қарым-қатынас жасау жағдаяты;
  9. жарыс және бәсекелестік жағдаяты;
  10. түсінушілік сезімін байқату жағдаяты;
  11. ойын жағдаяты;
  12. жауапты шешім қабылдау жағдаяты;
  13. іс-әрекеттердің жаңа амалдарын меңгеру жағдаяты;
  14. сенім және сенімділік білдіру жағдаяты;
  15. талаптар қою жағдаяты;
  16. дағдыландыру жағдаяты [282, 232 б.].

А.Н.Леонтьев тілдік жағдаятты оқулық жазудың бір бірлігі, тілдік деректі оқушыға білгізудің тәсілі, жаттығулар жасау тәсілі деп көрсетеді.

  1. «Тілдік жағдаяттың сұрау мәнді сөйлесім әрекетін тұғызатын түрі.
  2. Тілдік жағдаяттың хабарлы-сұраулы сөйлесім әрекетін тұғызатын түрі.
  3. Қарсылық мәнді сұрауды тұғызатын тілдік жағдаят.
  4. Болжал мәнді сұраулы сөйлемді тұғызатын тілдік жағдаят.
  5. Мүмкін мәнді сұрауды тұғызатын тілдік жағдаят» [283, 22 б.].

Аталған жағдаяттардың түрлері мемлекеттік қызметшінің жеке тұлғалық, тілдік қажеттіліктерін өтеуге жан-жақты мүмкіндіктер туғызады. Жалпы, оқу үдерісінде тіл үйренуге ықпал ететін педагогикалық жағдаяттарды кешенді  түрде қолданған дұрыс, себебі олар бір-бірін толықтырып отырады, бір-бірінің заңды жалғасы болып келеді. Сөйлеу жағдаяттарының екі түрлі функционалды міндеттері бар: 1) Тілдік материалды іріктеу; 2) Тіл үйренушінің жаттықтырушы әрекеттерін ұйымдастыру. «Оқу сөйлеу жағдаяттарының басқа табиғи жағдаяттардан айырмашылығы: 1) бізді қоршаған шынайы дүниенің бір бөлшегін көрсетуі; 2) сөйлеу мүмкіндігінің болуы; 3) бірнеше рет қайталауға мүмкін болуы» [190, 250 б.]. «Қатысымдық жағдаят ауызша тіл қатынасының негізі болып саналады, ол коммуникативтік актінің шығуы мен дамуына (ағымына) мүмкіндік жасап қана қоймай, осы жағдайда туған ауызша тілдік мәтіннің барлық негізгі параметрлерін анықтайды» [284, 32 б.].

Жеделдете тіл үйретуде ең негізгі талаптардың бірі — сөйлесім дағдыларын қалыптастыруға байланысты ұсынылатын жағдаяттық шарттар алуан түрлі болуы тиіс, сондықтан үнемі нақты бір оқиға шеңберінде қалу дұрыс емес, ол тіл үйренушілердің қызығушылықтарын төмендетеді. Қазақ тілін оқыту үдерісінде тілдік жағдаяттарды ұйымдастыру оқытушының әдістемелік әрекеттерін нақтылауды, жүйелеуді, оның үлкен дайындығын, педагогикалық-психологиялық амалдарды жете меңгеруін талап етеді. Сөйлесім әрекетін дамыта отырып, тілдік қатынасқа түсуде тілдік жағдаяттарды сәтті ұйымдастыру шешуші рөл атқарады. Жағдаяттардың объектілері нақты көрсетілуі арқылы ғана тіл үйренуші тұлға мен оқытушының берілген жағдаятта атқаратын нақты іс-әрекеттерін белгілеуге болады. Жоғарыдағы педагогикалық жағдаяттарды жаңа педагогикалық талаптарға сай ұйымдастырып, тіл үйренуші тұлғаның оқу әрекетін белсендіру мақсатында тілдік әрекеттерді деңгейлеп оқытуға негіздей отырып, қызығушылықтарын арттыратын жағдаяттарды тақырыпқа сай іріктеп, сәтті қолдану оқытушының асқан шеберлігінің арқасында ғана жүзеге асады.

Педагогикалық жағдаят жасау негізінде ынталандыру арқылы мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін жеделдете оқытудың педагогикалық үдерісін ұйымдастыруда  тіл үйренуші жеке тұлғаның өзіндік қабілеттерін ескеруге мүмкіндік туады. Тіл үйренушінің оқу әрекетіне деген уәждемесін, ынтасын көтеру арқылы оқуға деген қызығушылығын, тақырыпты игеру нәтижесін арттырып, тілдік қатынастың білімнен дағдыға қарай бейімделуіне толық ықпал етеді. Тіл үйренушілер арасындағы оқу әрекетін жасауда еркіндік қағидасын ұстанып, тілдік қарым-қатынастың табиғи жағдайда қалыптасуына мүмкіндік жасалады. Оқу әрекетінің әр қадамына тілдік жағдаят жасалынып, ынталандыру нәтижесінде тіл үйренушілер тапсырмаларды жеңілден күрделі дәрежеге дейін жүйелі түрде орындап, тілдік қатынастың нәтижелі қалыптасуы жүзеге асады.

Мемлекеттік қызметшілерге тіл үйретуде қолданылатын жағдаяттық ойындарды екіге бөліп қарастырамыз. Олар: рөлдік және іскери ойындар. Ойындардың бұл екі түрі де қатысымдық жағдаяттарға құрылады.

а) Рөлдік ойындар

Рөлдік ойындар дайындықсыз сөйлей білуді талап ететіндіктен, базалық деңгейден бастап жүргізген тиімді. Рөлдік ойындарда үйренушілерге көбіне басы ашық мәселелерді шешуге арналған сөйлеу жағдаяты ұсынылады, оның себебі олар бұл мәселе бойынша шешім қабылдауға және сөйлеу жағдаятын жалғастыруға ыңғайлы болады. Тіл үйренуші рөлінен кейіпкер рөліне еніп, шындық өмірге ең жоғары сөйлеу мүмкіншілігімен жақындауға, қате жібермеуге тырысады. Бұл амал үйренушінің сыни ойлауын шиеленістерді. Рөлдерді ойнауда жоғары белсенділікті арттыру үшін үйренушілер белгілі бір мәселелерді ойнау арқылы талдайды және ойлайды. «Рөлдік ойындар оқушылардың елестету, қиялдау қабілетін ұштауда ерекше қызмет атқарады» [285, 13 б.]. Үйренуші басқа адамның рөліне енеді және іштей әрекет жасайды. Рөлдерде ойнауда әрекетшілдік іс пен жан-жақты білім қажет, ойын барысында топтарға бөлу, нұсқау материалдарын беру, бағыттау, талқылау, бекіту кезеңдері рет-ретімен жүргізіледі.

«Рөлдік ойындар белгілі бір мақсатта, тілді меңгеруге деген ынтызарлықты оята отырып, орындаушылық қабілетке де жетелейді. Рөлдік ойынның мәні, ойын барысында дәріс алушының тілдік қатынас жасауға деген талабын ашуда, қажетті сөздерді үйренсем, тауып айтсам деген ойды да туғызады. Осындай ойындық жағдайда ғана қарым-қатынастық, тілдік қатынастар ерекше маңызға ие болады» [286, 58 б.]. Егер тіл үйренуші арнаулы дағдыларға сүйене отырып, іс-әрекетті құр қайталау, имитация жасау арқылы меңгеріп қана қоймай, іс-әрекет уәжін көздесе, уәждемелі сөйлесім әрекетін іске асыруға тырысса, сонда қатысым шығармашылық, тұлғалық-уәждемелік үдеріске айналады. Рөлдік оқу әрекеті өзіндік мазмұнға ие тұлғаның әлеуметтік әрекетінің бір түрі  болып табылады. Рөлдік оқу әрекетін зерттеуде бастапқы позиция ретінде жалпы және педагогикалық психологияда қалыптасқан әрекеттік амалды қарастырамыз.

Шет тілдерді оқытуда рөлдік ойындарды қолданумен байланысты рөлдердің теориясы қысқа мерзімді оқытуды (Г.А.Китайгородская) зерттеу жұмыстарында қолданыс тапты. Рөлдік қатынас арқылы қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту тәжірибесі оның үлкен әлеуетті мүмкіндіктерін көрсетеді және рөлдік қатынасты оқытуда орынды  қолдану туралы қорытынды жасауға мүмкіндік  береді. Рөлдік әрекетті ұйымдастыру тәсілдері қазақ тілінде тілдік қатынасты іске асыруға түрткі жасау механизмін іске қосуға зор әсер етеді. Рөлдік ойынды қатынастың өзара тұлғалық моделі ретінде қарастырамыз. Жеделдете оқытуда қолданылатын рөлдік ойындар дегеніміз – бір уақыттағы әрі ойнау, әрі оқу, әрі сөйлесім әрекеті. Тіл үйренушілердің көзқарасы бойынша – рөлдік ойын – ойнау әрекеті, өйткені уәждеме іс-әрекеттің мазмұнына кіреді, одан тыс қалмайды, ал оқытушы көзқарасы бойынша, рөлдік ойын — оқу үдерісін ұйымдастырудың және өткізудің ерекше, ұтымды формасы. Рөлдік ойындар отбасы-тұрмыстық, мәдени-әлеуметтік және кәсіби-елтанымдық салаларға байланысты қатысымдық жағдаяттарға негіздей құрылады және топтың құрамын, экзистенциалды проблемаларын ескере отырып ұйымдастырылады.

Рөлдік ойындардың мақсаты:

қатысымдық – тілдік қатынасқа түсуге қажеттілік, қызығушылық тудыру;

білімдік – ауызша тілдесім әрекетіне жаттықтыру арқылы фонетика-грамматикалық дағдылар қалыптастыру;

тәрбиелік — саналы тәртіп, еңбексүйгіштік, белсенділікті дамыту, өзара көмек беруге тәрбиелеу;

бағдарлық – тіл үйренушінің сөйлесім әрекетін, қатысымдық ниетін жоспарлай білуді дамыту;

бағалаушылық — әрбір тіл үйренушінің өзінің және басқалардың сөйлесім әрекетін бақылап, бағалауы арқылы өз-өзіне есеп беруін, рефлексиялық қабілетін дамыту. Мысалы:

«Демалыста» рөлдік ойыны.

Ойынға қатысушылар: Отбасы мүшелері, олардың достары.

Қатысымдық жағдаят: Бір жексенбіде бос уақыттарын бірге өткізуге тырысқан әке-шешесі мен есейіп қалған балаларының тағы да әдеттегідей бірге демалу мүмкіндігінің болмауы.

Сөйлеу ниеттері: ұсыныс, талап, кеңес, шақыру, келісу немесе келіспеу, бас тарту, рұқсат беру немесе тыйым салу, кешірім сұрау, алғыс пен кешірімге жауап беру, оқиға мен әрекеттің уақыты, орны, себебі жайлы мәлімдеу, ұсыныс, шақыру, деректер мен оқиғалар, тұлғалар мен заттарға қатысты сұрақтар қою, баға беру т.б.

Ойынның барысы:

  1. Жексенбілік таңғы ас үстінде отбасы мүшелерінің демалысты бірге өткізу туралы сұхбаты.
  2. Отбасы мүшелері әрқайсысы өз достарымен, таныстарымен телефонмен сөйлесіп, басқа жоспарлар құруы.
  3. Кешкі ас үстінде бәрінің қайта жиналып, қалай демалғандары туралы әңгімелесуі.

«Шипажайда» рөлдік ойыны.

Ойынға қатысушылар: 2 демалушы, олардың туысы, шипажай бстығы, почта қызметкері.

Қатысымдық жағдаят: Шипажайда демалу мерзімі аяқталған екі демалушы ақша салынған қол сөмкелерін ұрлатып алған. Олардың қайтар жолдарына билет алуға да, шипажайда мерзімінен артық қалған күндеріне төлеуге де ақшалары жоқ.

Сөйлеу ниеттері: тілек, өтініш, ұсыныс, талап, келісу немесе келіспеу, бас тарту, рұқсат беру немесе тыйым салу, уәде, сенімсіздік, күдік білдіру, өтініш білдіру, оқиға мен әрекеттің уақыты, орны, себебі жайлы мәлімдеу, бас тарту, көңіл аударту, есіне салу, деректер мен оқиғалар, тұлғалар мен заттарға қатысты сұрақтар қою, уәде, сенімсіздік, күдік білдіру, баға беру т.б.

Ойынның барысы:

  1. Демалушылардың ақшасынан қалай айырылып қалғандығы жөнінде полиция қызметкерімен сұхбаты.
  2. Ақша жіберулерін өтініп, туыстарымен телефон арқылы бірнеше мәрте сөйлесуі.
  3. Ақша төлеулерін немесе бөлмені босатуларын талап еткен шипажай бастығымен сұхбат.
  4. 4. Ақшаны почтадан келіп алу, төлеу.
  5. 5. Кассадан билет алу.
  6. 6. Қайтар жолда поезда жолаушылармен сұхбат.

ә) Іскерлік ойындар

Рөлдік ойындар оқытудың жоғары деңгейінде іскерлік ойындарға ұласады. Іскерлік ойындар тарихи жағынан алғанда шаруашылық, басқару, имитациялық түрінде пайда болды. Іскерлік ойындар — кәсіби бағытталған іс-әрекеттің жоспарына жатқызылатын, білімді меңгеру мен білік, дағдыны қалыптастырудың кейбір модельдік формаларын ұсынатын оқытудың жаңа түрі. Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытуда іскерлік ойындар рөлдік ойындардың логикалық және табиғи жалғасы ретінде тіл үйренуші қазақ тіліндегі сөйлесім кәсіби әрекетін іске асыруға дайын болған кезде қолданылады. Егер алдыңғы деңгейлерде оқыту кезінде рөлдік ойындар жиі ұйымдастырылса, соңғы деңгейде іскерлік ойындарды енгізудің маңызы зор. Рөлдік ойындар қарым-қатынас жасауды және үйренушілердің назары кәсіби аспектіге бағытталғанда қажетті іскерлік сөйлеу штамптарын еркін меңгеруді қамтамасыз етеді.

Ш.Абдиева студенттердің қазақша кәсіби біліктілігін арттыратын бірнеше іскерлік ойындардың түрлерін ұсына келіп: «…іскерлік ойын – қазақша кәсіби сөйлеуді үйрету барысында маманның сөйлесім дағдысын қалыптастыру үшін жүргізілетін пайдалы әдістің бірі», — деген тұжырым жасайды [287, 19 б.]. Өздерінің жаңа рөлдерін орындай отырып, тіл үйренушінің топтың барлық мүшелерімен қарым-қатынасы өзгереді. Оқу сұхбаттары, жағдаяттары топ мүшелерінің іс-әрекетімен байланысты ұжымдық мінез-құлық пен тілдесімді қалыптастырады, біреудің жетістігіне қуанушылық, достық сезім пайда болады. Бұл оқу материалын тұлғалық-рөлдік ұйымдастыру оқу әрекетіне екпінділік беруге ғана емес, ұжымды қалыптастыруға себепкер болады. Іскерлік ойындар кәсіби-елтанымдық және қоғамдық-әлеуметтік салаларға байланысты қатысымдық жағдаяттарға негіздей құрылады және топ мүшелерінің мамандығын, қызметін, кәсіби проблемаларын ескере отырып ұйымдастырылады. Мысалы:

«Іссапарда» іскерлік ойыны.

Ойынға қатысушылар: Бастық, бөлім бастығы, хатшы, мамандар.

Қатысымдық жағдаят: Бір бөлімде қызмет істейтін екі маманның біреуі Аастанаға, екіншісі шалғай бір ауылға іссапарға кетеді. Оларға хатшы қыз қажетті құжаттар папкасын ауыстырып беріп қояды.

Сөйлеу ниеттері: талап ету, үгіттеу, дәлелдеу, тілек, өтініш, ұсыныс,  шақыру, келісу немесе келіспеу, бас тарту, рұқсат беру немесе тыйым салу, кешірім сұрау, көңіл аударту, қайталауын өтіну, қайталап сұрау, есіне салу, деректер мен оқиғалар, тұлғалар мен заттарға қатысты сұрақтар қою, тұлғалар мен заттардың бар немесе жоқ екендігі жайлы, олардың сапасы, саны, тәуелділігі, оқиғаның жүзеге асу уақыты, орны, себебі, мүмкіндігі, қажеттілігі жайлы мәлімдеу, сенімсіздік, күдік білдіру, кіналау, аяу т.б.

Ойынның барысы:

  1. Бастықтың іссапарға мамандарды жіберу туралы бөлім бастығына тапсырма беруі
  2. Бөлім бастығы мен мамандардың сұхбаты: Мамандардың денсаулығын, отбасы жағдайын айтып, іссапарға барудан бас тартуы, бөлім бастығының үгіттеуі, талап етуі, көндіруі.
  3. Мамандардың хатшы қыздан келіп құжаттарды алуы.
  4. Іссапарға келгеннен кейін, құжаттарды ауыстырып алғандары жөнінде бөлім бастығына телефон арқылы мәлімдеулері.
  5. Бөлім бастығы мен бастықтың, хатшының сұхбаттары.
  6. Іссапар мақсатын орындамай, жұмысқа қайтып оралғаннан кейін бастықтан, бөлім бастығынан сөгіс алулары.

Тренингтер

Қазіргі жаңашыл педагогикалық технологияларды ұлттық психологияны және мәдени құндылықтарды ескере отырып қолдану арқылы тіл үйренушілерді қатысымдық бағытта психологиялық дайындауды тиімді жүзеге асыруға болады. Соның ішінде топтық технология — әлеуметтік-психологиялық тренинг ерекше тиімді, полифункционалды әсері бар оқытудың белсенді әдісі, құралы және аса жаңа технологиясы болып табылады. Әлеуметтік-психологиялық тренинг ұғымы ғылымға өткен ғасырдың 70-ші жылдарында енді. Ал біздің еліміздегі психология, педагогика салаларында топтық тренинг соңғы он жылдықта ғана қолданыла бастады.

Ю.Н.Емельянов тренингті жеке тұлғаның оқуға қабілетін дамытуда немесе кез келген күрделі іс-әрекетті, соның ішінде, қарым-қатынасты меңгеру құралы, әдістер жүйесі деп анықтайды [288, 7 б.]. Біз өз зерттеуімізде әлеуметтік-психологиялық тренингті жаттығулар жүйесі арқылы жеке тұлғаның тілдік қатынасқа түсуіне және өзін-өзі дамыту үдерісіне жағымды психологиялық әсер ететін әдіс деп қолданамыз. Әдебиеттерде әлеуметтік-психологиялық тренингтің жеке тұлға құрылымдарының әр түріне әсері сипатталады. Әлеуметтік-психологиялық тренингтің мәні, қарым-қатынас кезінде жеке тұлғаның маңызды қасиеттерінің дамуына ықпалы жайлы И.Вачков [289], Л.А.Петровская [290], Ю.Н.Емельянов [291] және т.б. ғалымдардың еңбегінде баяндалады. Тренинг нәтижесінде ашықтық, үйірсектік, тәуелсіздік, идентификациялық (басқаларға ұқсау, теңесу), өз-өзіне сенімділік қасиеттері жетіледі, адамның өзіне және басқаларға деген қарым-қатынасы өзгереді, өзін-өзі бағалауда адекваттылық болады. Ғылыми зерттеулерде топтық жұмыс барысында қарым-қатынас кезінде көрініс беретін сенімсіздіктің деңгейінің төмендейтіні және топтық тренингке қатысушылардың бойында рефлексиялық, эмпатиялық үдерістердің артуын көрсетеді.

Сонымен қатар Л.А.Петровская мен И.Вачков өз зерттеулерінде тренинг барысында әлеуметтік-перцептивтік сипаттамалар динамикасына назар аударады. Л.А.Петровская жеке тұлғаның басқалар жайлы түсінігінің басты параметрлері – дәлдігі, икемділігі, көлемі, саралылығы, таңдамалығы, дәрежесі және т.б. топтық тренингте артатынын сипаттаған. И.Вачков топ жұмысына қатысушылардың өзі және басқалар жайлы түсініктерінің өзгеру ерекшеліктерін өзін-өзі бағалау және топтық бағалау динамикалары арқылы қарастырады. Аталған ғалымдардың тренинг арқылы коммуникативтілік дағдылар мен құндылық бағдарлардың жүйесін қалыптастыру мүмкіндігін ашқан жұмыстары біздің зерттеу үшін аса мәнді. Тіл үйренуші тұлғаның тренинг үдерісінде вербальды емес қатысым әрекетінің субъектісі ретінде даму мүмкіндіктері аса жоғары болады. Топтық тренинг жеке тұлғаның когнитивті, аффективті және конативті қасиеттерін кешенді түрде оңтайландырады. Тренингтік әсер феноменін психолог ғалымдар интегралды даралық іліміне сәйкес жеке тұлғаның бір қасиетінің өзгерісі басқа қасиеттерге де таралып, олардың да өзгеруіне себепкер болады деп түсіндіреді.

Топтағы мақсатқа сай әрекеттер, қарым-қатынас тіл үйренушіге өз сөйлесім әрекетіндегі кемшіліктерді байқап, түзетуге мүмкіндік береді. Алдыңғы кезекте сыртқы әрекеттер орын алады да, тұлғаның ішкі әрекеттеріне негіз болады. Нәтижесінде тіл үйренушінің өзін-өзі жүзеге асыру арқылы қатысымдық құзыреттілігін дамыту жолдарын белсенді іздестіруіне бағдар жасалады. Бұл әрбір жеке тіл үйренушінің танымдық деңгейдегі саналы өзгерісі болып табылады, топтық әрекет барысында қабылданған жаңа тәжірибе, жаңаша қатынас формалары эмоцияналдық деңгейде қайта қарастырылады, қайта бағаланады, ой елегінен өткізіледі, саналы аңғарылады. Ал келесі сатыда үйреніп жүрген тілді жағдаяттарға сәйкес қолдану тәжірибесін қажетсінеді, шынайы өмірдегіге барынша жақындатылған тілдік ортаны сезінеді, өзінің қатысымдық қабілетіне, мүмкіндігіне көзі жетеді, әрбір жеткен жетістігіне сәйкес өз-өзіне сенімі нығая береді, қуаныш, мақтаныш сезімі күшейеді, әрбір жаңадан қолданған сөз орамдарын мәңгіге жадында сақтап, өз меншігіне айналдыра береді. Келесі кезекте тіл үйренушінің мінез-құлықтық деңгейі сипатталады, топтағы басқалардың тиімді деген мінез-құлық, әрекеттерін өзімен салыстырады. Онда жеке тұлғаның өзгерістері шартты рефлекс ретінде бекітіледі де топтың әрбір мүшесінің өзін-өзі дамытуына ықпалын тигізеді. Осыдан келіп топтық тренинг арқылы өзектендірілетін тіл үйренушінің белсенділігін рефлексивті іс-әрекет деп қарастырамыз. Тренингтің өткізу формалары – миға шабуыл, топтық дискуссия, кейс-стади, проблемалық тапсырмалар, жарыстар т.б. қазақ тілін жеделдете оқыту мақсаты мен ерекшеліктеріне сәйкес таңдалады. Әлеуметтік-психологиялық тренинг жоғарыда аталғандай полифункционалды болады. Басқаша айтқанда тренинг әдістері біріншіден, диагностикалық, екіншіден, коррекциялық, үшіншіден, дамытушы функцияларды атқарады.

Тренинг тақырыптары жеделдете оқыту сабағының тақырыбымен байланыстыра отырып немесе тіл үйренуші ересектердің жалпы қызығушылықтарын, танымдық ой-өрісін ескере отырып  таңдалады. Жалпы тақырыптар ретінде төмендегі тақырыптарды ұсынуға болады: «Егер мен миллионер болсам», «Әйелдерді еркектерден көп дейді…», «Ең жақсы бастық», «Ең жақсы мамандық» т.б. Әлеуметтік-психологиялық тренинг барысында басты механизм қайтарымды байланыс болып табылады. Тренинг жүргізуші оқытушы қазақ халқының психологиялық ерекшеліктерін, рухани-мәдени құндылықтарын ескере отырып, қайтарымды байланыстың небір тиімді жолдарын ойластыра алуы қажет. Сондай қайтарымды байланыстың қосымша бір каналы – бейнежазба. Қайтарымды байланыс жасаудың осы формасы арқылы тіл үйренушілерге арналған тренинг нәтижелерін қорытындылау, бағалау міндеттері сәтті шешіледі. Топтық тренингтің нәтижесін бағалау топ мүшелерінің әрқайсысының тілдік қатынасқа ену сәттеріне ерекше назар аудару арқылы жүргізіледі. Оқытушы бейнежазбадағы көріністерге қарап отырып, тілдік қатынас кезіндегі тіл үйренушілердің әрқайсысының қанша лексикалық бірлік қолданғанын, қанша рет қателескенін, қандай ортақ қателіктердің болғанын бағалай алады. Сонымен қатар, әрбір тіл үйренушінің тілдік қатынаста аз орын алмайтын вербалды емес қатынасқа түсу әлеуетін, эмоциясын, өзін-өзі ұстауын т.б. бағдарлап, тиісті қорытындылар жасау мүмкіндігіне ие бола алады. Бейнежазбаны көру тренингке қатысушы тіл үйренушілерге де өз кемшілігі мен жетістігін байқап,  болған жайтты рефлексиялауға мүмкіндік береді.

Мысалы, базалық деңгей тыңдаушыларына арналған тіл үйрену курсы өз жұмысын бастаған алғашқы аптада «Қоғамдық көлікте» тренингін ұйымдастыруға болады. Оқытушы бұл тренингті жүргізудің мақсаты – топ мүшелерінің жақынырақ танысуы, өзара сыйластыққа, шыдамдылыққа, тілектестікке тәрбиелеу екендігін түсіндіріп өтеді.

Ол үшін оқытушы топ мүшелерінің (15 адамнан көп емес) орындарынан тұрып, аудиторияның ыңғайлы бір жеріне, автобуста тұрғандай бір-біріне жақын, сығылыса тұруларын сұрайды. Автобустың жүргізушісі, билет таратушы кондуктор сайланады. «Автобус» қала көшелерімен белгілі бір бағытта жылжи отырып, кезекті аялдамаларда тоқтайды. Өз аялдамаларында жолаушылар автобустан түсіп, қайта мініп жатады. Бұл қимылдардың барлығын топ мүшелері бір орындарында тұрып бейнелейді. Ең маңыздысы, автобус жүргізушісінің аялдамаларды хабарлап отыруы, кондуктордың әркімнен жол ақысын талап етуі, автобуста қысылып, ыңғайсыз келе жатқан жолаушылардың бір-бірлерінен жол сұрауы, орын беруі, рұхсат, кешірім сұрауы т.б. түріндегі тренингке қатысушылардың өзара сұхбаттарын дұрыс ұйымдастыру. 15-20 минутқа созылған тренинг барысында оқытушы алыстан ғана бақылап тұрады, ал тіл үйренушілер көңіл-күйлері көтеріліп, қызу тілдік қатынасқа қалай кіріп кеткендерін өздері де байқамай қалады.

Келесі бір тренингтің түрін «10 жылдық кездесуде» деп өткізуге болады.

Оқытушы тренингті жүргізудің мақсаты – топ мүшелерінің жақын танысуы, бір-бірлерінің жетістіктеріне қуану, бір-бірін қолдау, көзіне мақтау арқылы тілектестікке, сыйластыққа тәрбиелеу екендігін түсіндіріп өтеді де, топ мүшелерінің аудитория ішінде шеңбер жасай, бір-бірлерінің жүздеріне қарап отыруларын сұрайды.

Оқытушы: «Біз – осы отырған барлығымыз бір кездері жоғары оқу орнында бірге оқыған достармыз. Енді міне, арада 10 жыл уақыт өткеннен кейін кездесуге жиналып отырмыз. Бүгін күні бойы оқу орнымызға бардық, оқытушыларымызбен кездестік, қаланың көрнекті жерлерін араладық, мейрамханада тойлаттық, жақын әңгімелесуге уақытымыз да болмады. Ал енді қазір жайлы бір ортада отырып, сырласатын уақыт келді. Әркім осы он жыл ішіндегі өз жетістігі туралы қысқаша баяндап берсін, бір-бірлерімізге сұрақтар қояйық», — деп әңгімеге шақырады. Оқытушы тренингке өзі де қатысса, қызығырақ болады. Тренингтің бірінші кезеңі (қатысушылардың өздері жайлы әңгімелері, өзара сұрақтары) 15 минуттай уақытқа созылады. Тренингтің екінші кезеңінің шарты бойынша қатысушылар бір-бірлеріне жақсы тілектер айтулары тиіс. Оған шамамен 5-7 минуттай уақыт жұмсалады.

Жүргізілген тренингтер барысында мемлекеттік қызметшінің рефлексивті іс-әрекетінің нәтижесі төмендегідей болатыны біздің тәжірибелік зерттеуіміз арқылы анықталды:

  1. оқу әрекетіне, қарым-қатынас жасауға көзқарасы оңды сипатта өзгереді;
  2. өзін-өзі тануы, өзін-өзі бағалауы адекватты болады;
  3. өзі және басқалар жайлы түсінігі өзгереді;
  4. өзіне және басқа адамдарға – әріптестеріне, бастықтарына, қол астындағы қызметшілерге, оқытушыға т.б. қатынасы өзгереді;
  5. қатысымдық құзыреттілігі артады;
  6. тілдік, әлеуметтік тұлға ретінде құндылықтар жүйесі қалыптасады.
Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.