Қазақ тілін жеделдете оқытудың теориясы

Главная » Рефераттар » Қазақ тілін жеделдете оқытудың теориясы

Қазақ тілін жеделдете оқытып, үйретудің қалыптасуы мен дамуы

Соңғы жылдардағы қазақ тілін өзге ұлтқа оқыту әдістемесі ілімінің нысаны негізінен балалар мен жасөспірімдер болып, мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылу мәселесі зерттеліп келе жатқанын ескерсек, аталған еңбектерде қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту ісінің жалпылама тарихы баяндалды. Ал осы жалпы зерттеулер аясында қазақ тілін ересек қауымға оқыту мәселесі назарға ілінбей қала берді, соған сәйкес қазақ тілін жеделдете оқытып, үйрету үдерісінің тарихы да жеке-дара зерттелмеді.

Қазақ тілін жеделдете оқытып, үйрету ісінің өзіндік қалыптасқан тарихы бар. Ол — Қазан төңкерісіне дейінгі жылдардың өзінде басталып, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында аса қарқынды дамып келіп, Ұлы Отан соғысы, тың игеру тұстарында тоқырауға ұшыраған, 60-жылдардан біртіндеп қайта қолға алынып, өткен ғасырдың 90-жылдарынан бүгінгі күнге дейін, әсіресе, соңғы онжылдықтың ішінде ерекше серпіліспен қарқынды дамып келе жатқан бір ғасырға тақау уақыт аралығын қамтитын тарих. Ұлттық тарихымыз басқа түрлі ғылым салалары тәрізді қазақ тілін оқытып, үйрету әдістемесінің тарихына да зор әсерін тигізді. Бұл ұлы іс қазақ халқының басынан өткен әр қилы тарихи оқиғалардың ықпалымен қоғамдық-саяси сипат алып, бірде үкімет тарапынан қолдау тауып, алға басып, бірде іркіліп отырған. Қазақ тілін оқытып, үйрету үдерісі Үкімет арнайы қаулылар шығарып, тікелей назарға алған кездерде жедел, қарқынды түрде дамып, арада бірнеше жылдарда тоқырауға ұшырап келген. Мұрағат деректері мен әр кезеңдерде жарық көрген оқу-әдістемелік еңбектерге талдау жасай келе, қазақ тілін өзге ұлтқа оқыту әдістемесінің жалпы тарихынан қазақ тілін ересектерге оқытып, үйретуге қатысты жұмыстардың біршама қарқынды жүзеге асқан кезеңдерін жеке алып, оларды үшке бөліп қарастырамыз. Сонымен қазақ тілін жеделдете оқытудың қалыптасу, даму кезеңдері төмендегідей жіктеледі:

1) Бастапқы немесе сауат ашу кезеңі (1914-1941 жылдар аралығы);

2) Аралық немесе қайта құру кезеңі (1958-2000 жылдар аралығы);

3) Қазіргі  немесе  жаңа   технологиялар  кезеңі.  ХХІ  ғасырдың  басынан бастап, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан кезең.

 Қазақ тілін жеделдете оқытып, үйретудің бастапқы немесе сауат ашу кезеңі

Бұл кезең Қазан төңкерісіне дейінгі кейбір миссионерлер мен әкімшіліктер ұйымдастырған алғашқы тіл үйрету курстарының жұмыстарынан басталды да, Қазан төңкерісі жылдарында араға біраз үзіліс салып барып, одан кейін 1920-1941 жылдар аралығында қайтадан қарқынды түрде дамыды. Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңнің өзінде патшалық Ресей өзінің отаршылдық саясатын бастап кетуі үшін, алдымен қазақ халқының өкілдерімен аз да болса тіл табыса алуы керек болды, ол үшін қазақ тілін өздері білу қажеттілігі туындады. Осындай миссионерлік сипатта көрініс тапқан үдеріс жалғаса келіп, жалпы қазақ тілін оқытып, үйрету әдістемесі тарихының қалыптасуына әсер етті.

Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде ересектерге қазақ тілін үйретуге арналған бірден-бір еңбек — Шигабетдин А.Рахматуллиннің “Самоучитель киргизского языка русским и русского языка киргизам” атты 1914 жылы Қазан қаласында басылып шыққан оқулығы болды [4]. Еңбекте автор сол жылдарда қолданылған 34 әріптік қазақ әліпесі – төте жазу мен орыс әліппесін қатар беріп, мысалдар арқылы қолданылу жолдарын түсіндіреді. “Алла тағала һәм дін турасында”, “Ата-ананы ұлықтау турасында”, “Тамақтану ережесі”, “Қонақтарды қабылдау мен күту”, “Адамның дене мүшелері” т.б. тақырыптарға байланысты мысалдарды екі тілде жазылуын көрсете отырып, аудармасын ұсынды. Тіл үйренушілерге ең қажетті деген лексикалық материалдар — заттың сапасын білдіретін сөздер, түстер, аңдар, үй заттары, киімдер, сусындар, жемістер, үй жануарлары, туыстық атаулар т.б. жеке сөздер мен сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді жинақтап беріп, мағыналарын түсіндірді.

Мұрағаттық құжаттарда келтірілген деректерге сүйенсек, қазан төңкерісінен кейін 1920 жылы қабылданған «Қазақ АССР-і еңбекшілері құқығының Декларациясы республикадағы барлық тілдердің құқықтылығын жариялады. Осы құжаттан кейін қазақ тілін ересектерге ресми түрде оқыту, үйрету ісінің басталуына себепкер болған алғашқы ресми бұйрық шықты [5, 128-129 б.]. Түркістан фронтының Реввоенсоветінің 1920 жылдың 22 майында шыққан бұйрығында мектептер, оқу орындарымен қатар мекемелерде де қазақ тілін міндетті оқыту мәселесі көтерілді. Аталған «Орыс тіліндегі мектептерде, оқу орындарында, мекемелерде қазақ тілін міндетті түрде оқыту жөніндегі» бұйрыққа сәйкес партия, совет, кәсіподақ ұйымдарында жұмыс істейтін жолдастар арасында, сондай-ақ Қызыл Армияның саяси қызметкерлері мен командирлері арасында қазақ тілін үйрену жұмысы біртіндеп жүргізіле бастады. ҚазАССР-ы Орталық Атқару комитетінің қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу туралы 1923 жылғы 22 қарашадағы декретінде: “Қызметкерлер даярлайтын арнайы оқу орындары мен кәсіпкерлік курстарда қазақша іс жүргізуді үйрететін пән міндетті түрде енгізілсін” деген арнайы бап болды [5, 129-130 б.].

Осындай шараларға қарамастан, қазақ тілі бірте-бірте шеттетіліп, қазақ тілді мамандар жұмыстан шығарылып, орыс тілінің үстемдігі басым бола береді. Өзге ұлт өкілдеріне, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту мәселесі «… заңды түрде бірінші рет 1926 жылы Қазақ АССР-інің Орталық Атқару Комитеті президиумының «Аппаратты тұрақтандыру жөніндегі қаулысында» қаралды» [6, 6 б.]. Бұл қаулыда ересектер үшін қазақ тілінің кешкі курстарын ұйымдастыру (ерікті түрде) қажеттілігі атап көрсетіледі. Бұл жөнінде СССР Орталық Атқару комитетінің Ұлттар Кеңесі президиумының отырысында жасалған баяндамада былай деп атап көрсетілді: “Қызметкерлерді тұрақтандыру үшін дайындық жұмыстары екі бағытта жүргізілуде: бір жағынан жергілікті тұрғындардан орташа білікті мамандар даярлау үшін арнайы курстар ашылуда, екінші жағынан европалық жұмыскерлерге қазақ тілін үйрету ісі жүргізілуде. Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындардан білікті қызметкерлер даярлау үшін 7 курс ашылып, онда 395 адам іс қағаздарын, есепшілікті және машинамен жазуды үйренуде. Европалық жұмыскерлерге қазақ тілін үйрету үшін мекемелердің жанынан курстар ашылды, онда 1469 адам оқиды” [5, 254 б.].

Осы бір тар жол, тайғақ кешу жылдар жайлы белгілі ақын, қоғам қайраткері С.Сейфуллин: «…Сөйлесе кетсең, қызмет басқарып отырған адамдардың, мекемені билеп отырған адамдардың ешбірі қазақ тілін мекемеге кіргізбеймін дейтіні жоқ.  Бірақ, бір азғантай жерлерде ғана болмаса, қазақ тілі әлі де қазақтың өз аузында. Кей жерлерде қазақ тілін кеңсеге кіргізбек түгіл, қазақ азаматы аузын ашатын емес. Тіл – жұмылған ауыздың ішінде. Рас, шынында бұл істің өзі оңай да емес. Бірақ, қазіргі Қазақстанда әрбір мекемеде қызмет қылып жүрген азаматтар әм қызметтен тыс адамдар жалпы жұмыла бұл іске кіріссе, бұрынғы патшалардың замандарынан бері жұмылған ауызда буылып келген қазақ тілі Совет мекемесіне кіруі хақ. Жалпы, жігер керек, ынта керек», — деп жазды [7, 35-36-б.].

Өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы елімізде болып жатқан тарихи оқиғаларға назар аударар болсақ, қазақ тілін жедел оқыту деген ұғымның сол кездің өзінде де өзекті болғандығы айқын көрінеді. Бастапқы немесе сауат ашу кезеңінде «ұйқыдағы қазақты тез арада ояту», ол үшін қазақ тілін жергілікті ұлт өкілдеріне де, өзге ұлт өкілдеріне де жеделдете оқытудың қажеттігі тілші, ағартушы мамандарымыздың ішкі түйсігінде орын алды. Жоғарыдағы С.Сейфуллиннің сөзінде келтірілген «жұмыла кірісу, ынтамен, жігермен кірісу» деген бағдар сол жылдардағы қазақ тілін жеделдете оқытудың сипатын анықтап бергендей. Қазақ тілін жеделдете оқыту ұғымының бұл кезеңдегі сипаты қысқа уақыт аралығында үлкен істерді тындыру, тез, жылдам, жігермен іске кірісу түрінде болды.

Болашақ тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып, дамуында шешуші кезең болған осы аласапыран шақта қоғам қайраткерлеріміз, тілші, әдіскер ғалымдарымыздың алдында неғұрлым қысқа мерзім ішінде:

  1. халықты жаппай сауаттандыру;
  2. алғашқы оқу-әдістемелік құралдарды жазу;
  3. қазақ тілін оқытатын алғашқы мұғалім кадрларды даярлау;
  4. іс қағаздарын жүргізудің алғашқы тәжірибелерін ретке келтіру;
  5. қазақ тілін оқыту, үйрету әдістемесінің ғылыми іргетасының негізін қалау сынды уақыт күттірмейтін ұлы міндеттер тұрды.

Қазақ тілін ересектер қауымына жедел де сапалы оқытып, үйретудің жолдарын қарастыра отырып, оқу-әдістемелік құралдардың қажеттіліктерін өтеу үшін еңбектерін сіңірген ұлттық тұлғаларымызды атап айтар болсақ, олар: — 1920-40 жылдар аралығында ересек жергілікті ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесімен айналысқан А.Байтұрсынұлы, Ғ.Мүсірепов, С.Аманжолов, К.Төлебаев, М.Жолдыбайұлы; — Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету мәселесіне қатысты өз еңбектерін жазған Т.Шонанұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаев т.б. болды.

Қазақ тіл білімінің атасы, қазақ тіліндегі тұңғыш «Оқу құралы» атты әліппенің (1912), «Баяншы» атты әдістемелік еңбектің (1912), «Тіл – құрал» атты қазақ тілінің оқулығының (1915) авторы Ахмет Байтұрсынов мектеп оқушыларына арналған бірнеше әліппе, сауат ашу құралдарымен бірге ересектер үшін де тілді оқыту құралдарын жазған. Олар: Семей қаласынан 1921 жылы шыққан “Үлкендер үшін оқу құралы” [8, 24 б.] мен 1926 жылы Қызыл-Ордада басылып шықан “Әліппе үлкендер үшін” атты еңбектер [9, 83 б.]. Аталған еңбектер жаппай сауат ашу жылдарында ересек жергілікті ұлт өкілдерінің қазақ тілінде оқып, жазып үйренулеріне көп көмегін тигізді. Үлкендер үшін әліппе екі бөлімнен тұрды, І бөлімінде әріптер оқытылса, ІІ бөліміне «Қожанасыр ақылы», «Туған жер», «Қасқыр мен мысық», «Тұтқын зары», «Таза бұлақ», «Түн еді», «Қазақ салты», «Шаруа жайы», «Дүние қандай» т.б. тақырыптардағы мәтіндер енгізілді. Еңбектің алғысөзінде: «Бұл кітап сауатсыздықты жоятын алты айлық мектепті бітірген шала сауатты мемлекеттік қызметшілерге  арналған», — деп жазылды [9, 83 б.]. «А.Байтұрсынов қазақ тілін оқыту методикасының іргетасын қалаушы да болып саналады. 1927-28 жылдары ол «Жаңа мектеп» журналында «Ана тілінің әдісі», «Зерттеу мен сүгіретшілік әдісі туралы», «Жалпылаулы-жалқылау әдісі», «Қай әдіс жақсы?», «Ана тілінің әдісі» деген методикаға арналған бірнеше мақалалар жариялайды» [10, 36 б.]. Ғалымның бай әдістемелік мұрасын жан-жақты зерделеп, жүйелеген А.С.Қыдыршаевтың зерттеу еңбегінде А.Байтұрсынұлының бұл салада қосқан үлесі лайықты бағаланды [11].

Қазақ тілін оқыту әдістемесіне зор үлес қосқан ғалымдардың бірі Телжан Шонанов болды. Т.Шонановтың қазақ тілін оқытуға қатысты бай ғылыми-әдістемелік мұрасының ішінен біздің зерттеу нысанамызға қатысты екі үлкен топты жеке алып қарастырамыз. Олар: 1) Орыс тілді мемлекеттік қызметшілерге (өзге ұлт өкілдеріне) қазақ тілін үйретуге арналған еңбектері; 2) Шала сауатты ересектерге (жергілікті ұлт өкілдеріне) қазақ тілін оқытуға арналған еңбектері. Атап айтар болсақ, әдіскер-ғалымның «Самоучитель киргизского языка для русских” атты еңбегі 1925 жылы Орынбор қаласында басылып шықты, бұл Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде жазылған алғашқы оқу құралдарының бірі болды [12]. Т.Шонановтың бұл салаға қатысты келесі еңбегі 1929 жылы “Заочные курсы казахского языка для русских на новом алфавите” деген атпен басылса [13], 1930 жылы “Самоучитель казахского языка для русских (практика и теория)” атты оқу құралы жарық көрді [14]. Ал 1936 жылы К.Төлебаевпен бірге авторлықта ересек тіл үйренушілерге арналған “Учебник казахского языка для взрослых” атты оқу құралы шықты  [15].

Қазақ тілін оқыту әдістемесінде жазылған тұңғыш бағдарламалар да  Т.Шонанұлының үлесіне тиесілі. Ғалымның “Европалық жұмыскерлерге қазақ тілі сабақтарының қалыпты програмы” 1927 жылы [16] және С.Кеңесбаевпен авторлық бірлестіктегі “Программа по казахскому языку для ведомственных курсов по коренизации аппарата” атты бағдарламасы 1933 жылы жарық көрді [17]. Аталған соңғы бағдарламада авторлар 240 сағатқа негізделген тіл үйрету курстарында 1200-1500 лексикалық бірлікті меңгертуге болады деп есептеді.

Т.Шонановтың шала сауатты қазақ тілді ересектерге арналған еңбектерінің алдына қойған негізгі мақсаты — әріптерді таныту, оқу, жазуды үйрету, сол кездегі Кеңестік қоғам өміріне қатысты қарапайым мәтіндерді оқыту арқылы таптық, коллективтік тәрбие беру болды. Автор 1926 жылы шыққан “Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы” атты еңбегінде: “Қолдан келгенше комплекс жолымен жазылды. Комплекске жеті ірі тема кірді”, — деп атап көрсетеді. Мұндағы автордың комплекс дегені — модульдік жүйемен ұсынылған тақырыптар кешені, атап айтсақ, «Мал бағу», «Егіншілік», «Кәператив», «Саяси сауат», «Ленин өмірі мен ісі», «Төңкеріс мейрамдары», «Есеп білдіргіш» тақырыптары төңірегінде ұсынылған мәтіндер сол кезеңдегі қоғам өмірінің жан-жақты қырларын қамтыды [18, 207 б.]. 1930 жылы Қызылордада басылып шыққан “Сауаттан: Қазақстан оқу кәмиссериетінің білім ордасы үлкендер үшін ұнатқан” оқу құралында “қол қат, сенім қат, әдіріс” сынды ресми іс қағаздарының үлгілерін ұсынды [19, 48 б.]. Т.Шонановтың М.Жолдыбайұлымен бірлестікте жазылған “Әліппе” атты келесі еңбегі де ересектердің сауатын ашуға бағытталды. Латын әліпбиіндегі 29 әріптің баспа және жазбаша түрлерін суреттер мен мысалдар арқылы толық танытып шыққаннан кейін “Колхозға кім кіре алады?”, “Көптің мүлкін күт”, “Екпінді”, “Зауыт”, “Ленин”, “Сталин” т.б. бірнеше мәтіндер берілді [20, 75 б.].

Қазақ тілін үйрету әдістемесінде өзіндік қомақты орны бар ғалымдардың бірі – Қошке Кемеңгерұлы. Қ.Кемеңгерұлының европалықтарға қазақ тілін үйретуге арналған оқу құралы алғашқы еңбектердің бірі болып 1926 жылы жарық көрді [21]. Тағы да европалықтарға арналған 2 жылдық оқу құралының 1-бөлімі 1928 жылы Ташкентте [22], 2-бөлімі 1929 жылы Қызылордада басылып шықты [23].

Сауатсыздықпен күрес жылдарында атақты жазушы Ғ.Мүсірепов те үлкен іске өз үлесін қосып, бірнеше әліппе оқулықтарын жазды. Олар: 1931 жылы шыққан “Жаңа күш. Сауатсыздықты жоюға арналған әліппе” [24] мен 1932 жылы жарық көрген “Қызыләскер әліппесі” атты еңбектері [25]. Әліппе кітаптарына қарапайым мәтіндер мен бірнеше суреттер енгізілді, шаруа мен жұмыскерлердің, қызыл әскерлердің сауатын ашуға арналған таптырмас құрал болды. «Қызыләскер әліппесінде» әріптерден бастап оқыту көзделеді, жер жүзі пролетарларының көсемдерінің суреттері беріледі. Сонымен қатар, «Көлік түрлері», «Қару-жарақ түрлері», «Қызыл әскерге сәлем», «Денсаулығыңды сақта», «Сақ бол!», «Қызыл әскер, төсек-орныңды таза ұста», «Қызыл әскер, атыңды күт», «Қызыл әскер, сабаққа көңіл қой!», «Бастықтың бұйрығын дәл орында», «Бір оқ босқа кетпесін», «Жауды шабуылмен аламыз», «Жалпыға міндетті соғыс қызметі», «Колхоз», «Совхоз», «Тапсыз қоғам» тақырыптарындағы мәтіндердің қызыл әскер мамандығына қатысты іріктелуі бұл еңбектің басты ерекшелігі болып табылады [25, 144 б.].

Осы жылдардағы қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты жарық көрген еңбектер негізінен мектепте оқыту мәселесіне арналды. Бұл ретте А.Байтұрсынұлының «Баяншысынан» кейінгі қазақ тілін өзге ұлтқа оқытудың әдістемесіне қатысты алғашқы зерттеу – 1940 жылы шыққан М.С.Лапатухиннің «Очерки по методике казахского языка в русской школе» атты еңбегі болды [26]. Ш.Х.Сарыбаевтың «О методике преподавания казахского языка в русской школе» атты кандидаттық диссертациясы сол жаппай сауат ашу жылдарындағы жалпы іс-тәжірибелерді жинақтай келе, әрі ересектерге, әрі оқушыларға қазақ тілін оқыту әдістемесінің ортақ өзекті мәселелерін көтерген тұңғыш ғылыми зерттеу болды [27].

Осы кезеңдегі оқулықтар мәселесі жайлы А.Байтұрсынов былай деп жазды: «Бұл күнде қазақша оқуда кемшiлiк көп. Әуелі, оқу құралы кітаптар жоқ. Ноғайша оқу құралдары қазаққа үйлеспейді. Екiншi, қазақ мектебіне түзелген программа жоқ,  онсыз оқу бір жөннен шықпайды. Үшiншi, бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалімдер аз. …Оқу құралдары сайлы болмаса, оның iшiнде оқу кітаптары оңды болмаса, оқу да оңды болмайды. Шеберге аспап серік, мұғалімге  құрал серік. Аспапсыз шеберлер еш нәрсе істей алмайды, құралсыз мұғалімдер бала оқыта алмайды» [28, 261-262 б.]. Ең алғашқы сауат ашу жылдарында айтылған ғалымның бұл ескертуі қазақ тілінің келешегін көрегендікпен болжаған ғұламаларымыздың оқу-әдістемелік құралдардың маңыздылығын барынша түсініп, оның сапасын арттыру жолында аянбай еңбек етіп, аса құнды еңбектерін дүниеге әкелулеріне көп әсер етті. Ересектерге қазақ тілін үйретудің бастапқы кезеңінде жарық көрген алғашқы оқу    құралдары  мен оқу бағдарламалары  жайлы    мәліметтерді     жинақтау    мақсатында 1 — қосымша ұсынылды.

Бастапқы кезеңнің 1941 жылмен аяқталу себебі, аталған уақыт ішінде қазақ тілін оқыту мәселесі үш-төрт жылда бір болса да көтеріліп отырса, Ұлы Отан соғысы мен тың игеру кезеңіне тап келген 1941-1957 жылдар аралығында бұл мәселе мүлдем артқа шегеріліп тасталды. Бұл қазақ тілін оқытып-үйретудің тоқырау шағы еді. Қазақ халқының көрнекті тұлғаларының бірі, атақты ғалым С.Аманжоловтың қазақ тілінің мүшкіл жағдайы жөніндегі жоғарғы орындарға 1954 жылы бірінен соң бірі жолданған екі хаты қазақ тілін жеделдете оқыту үдерісін қайта қолға алудың қажеттігін айқындаған тарихи құжаттар болды. Ғалымның хатында айтылған қазақ тілін үйрету «…тиісті күшпен, қаржы-құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс» деген пікірі сол кездегі қазақ тілін жеделдете оқытудың алғышарттарын белгілеп берді [29, 16 б.].

 Қазақ тілін жеделдете оқытып, үйретудің аралық немесе қайта құру кезеңі

Екінші кезеңді аралық немесе қайта құру кезеңі деп атауымызға сол тұстағы Кеңес өкіметінің құрамындағы Қазақстан қоғамында саяси қайта құрулардың басталуы себеп болды. ХХ ғасырдың басында жоғары көтеріліп, ортасында бірнеше жыл дағдарысқа ұшырап келген қазақ тілін оқыту мәселесі 1958 жылы қарай қайта қолға алына бастады. 1958 жылы февраль айында шыққан ҚазССР Министрлер Советінің №133 — «Республиканың қоғамдық және кооперативтік ұйымдарында, мемлекеттік аппаратта іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді жақсарту шаралары» туралы қаулысына сәйкес республикада 1958-60 жылдары әртүрлі мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда қазақ тілін оқыту ісі біртіндеп қайта жандана бастады.

Қазақ тілін жеделдете оқыту мәселесі қайта қарқын алуы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен ҚазССР Министрлер Советінің «Республикада қазақ тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы» 1987 жылғы 5 марттағы қаулысы шыққан уақыттан басталды. Аталған құжатта қазақ тілін жеделдете оқытып, үйрету мәселесі тұңғыш рет үкімет деңгейінде көтерілді. Қаулыда соңғы жылдары қазақ тілінің беделі төмендеу тенденциясының байқала бастағаны ерекше ескеріле келіп,  қазақ тілін жедел үйретудің ең жақсы әдістерінің әзірленбегені туралы айтылады. Осы қаулыға байланысты бірнеше шараларды жүзеге асыру, соның ішінде жұмыс орындарында еріктілік принципін қатаң сақтау негізінде қазақ тілін үйренгісі келетіндер үшін курстар мен үйірмелер ашу көзделді [30].

Осыдан бастап қазақ тілін дамытуға үлкен бағыт бағдар жасалды. Қазақ тілін жеделдете оқыту ұғымы бұл кезеңде де қоғамдық-саяси сипатта ғана қолданылды, тез, жылдам, қысқа мерзім ішінде деген мәнінен айырылған жоқ. Сол себепті жоғары оқу орындары мен мектептерде, лицей, гимназияларда қазақ тілін оқытумен қатар мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде қысқа мерзімді курстар ашу іс-шаралары ұйымдастырыла бастады. Мемлекеттік қаулыдан кейін жаңа бағыттағы бағдарламалар, оқу құралдары шыға бастады. Қазақ тілін екінші тіл ретінде үйретуге арналған оқулықтарды, оқу құралдарын, тілашарлар мен сөздіктерді, бағдарламаларды шығару сексенінші жылдардың аяғынан бастап қоғамдық-саяси сипатқа ие болды.

1987 жылғы үкімет қаулысынан кейін іле-шала жарық көрген қазақ тілін тіл үйрету курстарында оқытып-үйретуге арналған оқу құралдары мен алғашқы бағдарламаларды жинақтау мақсатында 2 — қосымша ұсынылды.

С.Жиенбаев, Ғ.Бегалиев, И.Ұйықбаевтың авторлығымен жарық көрген «Қазақ тілі» оқулығы бұл қатарда алдыңғылардың ішінен орын алады [31]. Аталмыш еңбек С.Жиенбаевтың 1941 жылы жазылған «Учебник для курсов казахского языка» атты еңбегінің [32] заңды жалғасы бола отырып,  қажеттілікті өтеу мақсатында бірнеше жыл қатарынан қайта өңделіп, толықтырылып шығып отырды. Қазақ тілін оқытып, үйрету әдістемесіне қатысты көптеген зерттеу еңбектердің авторы, осы бағытта өзіндік ғылыми мектебі қалыптасқан, көптеген зерттеушілердің ғылыми жетекшісі ғалым Н.Оралбаеваның «Қазақ тілін үйрету курсының программасы» сол кездегі мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту курстарында басшылыққа алынған алғашқы бағдарлама болды. Кейін Н.Оралбаеваның Қ.Есенов пен С.К.Хайруллинамен авторлық бірлестікте жазылған қазақ тілі курсы тыңдаушыларына арналған «Қазақ тілін үйренеміз» оқу құралы жарық көрді [33].

Бұған қосымша ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында әдіскер, тілшілердің қазақ тілін өз бетімен үйренушілерге, тіл үйрету курстарында ересектер қауымына үйретуге арналған көптеген оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді. Олардың ішінде көпшілікке танымал болған, республика бойынша бірнеше жарияланыммен кеңінен тарағаны да, аз тиражбен жарық көріп, әрқайсысы өз аймағында, қаласында, облысында, жоғары оқу орнында ғана қолданысқа түсіп келгендері де бар. Тіпті соңғы жылдарда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің тарапынан орталықтандырылған түрде баспадан шыққан көптеген еңбектердің өзі бүкіл республиканың қажеттілігін қанағаттандыра алмады. Нәтижесінде ересектерге тіл үйрету курстарының тыңдаушыларын оқу-әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз ету мүмкіндігі болмады.

Осы жылдарда жазылған оқулықтар, оқу құралдары, дидактикалық құралдар, бағдарламалар мен теориялық еңбектерді ғалымдар Ф.Оразбаева, Қ.Қадашева, К.Жақсылықова, Р.Шаханова өз зерттеулерінде жан-жақты жүйелеп, талдау жасап, лайықты бағасын көрсетіп берді. 1994 жылдарға дейінгі аралықта жазылған қазақ тілі оқулықтарындағы жалпы ортақ кемшіліктер ретінде профессор Ф.Оразбаева төмендегі мәселелерді атап көрсетті: “Кітаптағы негізгі материалдар сөйлеу тілін меңгеру үшін, қазақша сөйлесуді, түсінісуді үйрену үшін емес, қазақ тілінің грамматикасын, жалпы ережелерді үйрету үшін бағытталды; Белгілі бір лексикалық тақырып пен сөздік құрам төңірегінде топтасқан басты ортақ қағида жоқ; Берілген сабақтарда бірізділік пен жүйелілік көрінбейді. Орындалатын тапсырмалар мен жаттығулар бір-бірімен байланыспайды; Тіл дамытуға арналған тапсырмалар аз; Ауызекі сөйлеу тілін үйрететін мәтіндерден гөрі жалпы оқуға, аударуға арналған күрделі мәтіндер көп орын алады; Қазақша сөйлеудің қарапайым түрлері, соған қатысты шағын лексика-грамматикалық материалдарға назар аударылып келеді; Сөйлеуді үйретуге қатысы шамалы, тиімсіз грамматикалық материалдарға орын беріліп, күрделі категорияларға байланысты қиын ережелер толық айтылып, тілді үйренуге қиындық туғызады; Бір еңбек барлық тілдік материалды толық қамтып қалуға тырысады, бөтен тілді үйретуге тән кезеңдік деңгейге бөлінген талаптар жоқтың қасы” [34, 107-108 б.]. Қ.Қадашева осы жылдарда баспадан шыққан оқу құралдарының ішінде қатысымдық әдістеменің негізінде жазылған оқулықтың саны саусақпен санарлық екендігін айта келіп, негізінен деңгейлік оқытуға арналған оқулықтар мен кешенді оқулықтарға ерекше тоқталып, талдау жасады [35, 8-15 б.].

Мемлекеттік қаулының әсерімен тіл үйрету ісіне үлкен қарқынмен, жұмыла кіріскен тілші, әдіскер, оқытушылардың алдында бастапқы уақытта «тез арада», «қысқа мерзімде» деген мақсат тұрса, ендігі кезекте «жеделдете оқыту әдісінің сипаты», «оқу сапасы», «оқу нәтижесі», «сөйлесім әрекетін меңгерту» деген мәселелердің өзектілігі айқындала бастады. Бұл жөнінде Ф.Оразбаева: «…соңғы жылдарда қазақ тілін басқа ұлттарға үйретуге байланысты жаңа әдістер мен әдістемелер іздестірудің барысында оқытушыларымыз әр түрлі пікірлерге келіп жүр. Мәселен, кейбір тілшілер қазақ тілін жедел оқытудың жаңа әдістемелерін іздеп, соны іске асыру керек десе, енді бір оқытушылар қазақ тілін жеделдете оқыту дегеннің өзі қате ұғым, мемлекеттік тілді жеделдете оқыту дегеніміз – оның әлеуметтік салмағы мен қызметін төмендету, жеңілдету деп те түсініп жүр. Шындығында, бұл қазақ тілінің мәртебесін төмен түсіру деген ойды білдірмейді, сол тілді тез үйретудің тиімді әдістері, яғни, оқыту әдістемесінің бір үлгісі, бір түрі деген ұғымды білдіреді. Мұндай пікірдің шығуы, біздіңше, қоғамдық тілдің саяси-әлеуметтік қызметі мен лингвистикалық материалын шатастырудан туады, яғни, тілдің жедел тәсілмен оқытылуы – оның атқаратын функциясынан, қызметінен басқа құбылыс», — деп келіп, қазақ тілін оқыту әдістемесінде тұңғыш рет жеделдете оқыту әдісінің мән-мағынасын ашып, оның басты ерекшеліктерін, әдістемелік сипатын, ұйымдастыру кезеңдерін айқындап берді [34, 136-141 б.].

Ғалым баса көрсеткендей, бұл кезеңде қазақ тілін жеделдете оқыту ұғымы қоғамдық талап деңгейінен арыла алмай жатты. Оқытушы мамандардың қазақ тілін жеделдете, жылдамдата, аз уақыт аралығында, сапасыз, нәтижесіз оқыту оның мемлекеттік мәртебесіне нұқсан келтіреді деп, наразылық білдіруі әдістемелік тұрғыдағы «жеделдете оқытудың» тиімді жолдарын іздестіруге алғашқы бетбұрыс жасау болды. Қ.Қадашева бұл мәселеге қатысты: «…интенсивті оқыту әдістемелері қазақ тілін өзге тілді аудиторияларда оқытуда қолданылып жүр деген пікірлер болғанымен, іс жүзінде әлі іске асқан жоқ. Өкінішке орай, көптеген оқытушылар аудиторияда қандай әдістемемен оқытатынын өзі де білмейтініне көзіміз жетіп жүр», — деп жазды [35, 8 б.]. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқытып, үйрету дидактикасында бұндай заңды қайшылықтардың туындау себебі қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту мәселесінің теориялық және әдістемелік тұрғыдан негізделмеуі болды.

Қазақ тілін жеделдете оқытып, үйретудің қазіргі немесе жаңа технологиялар кезеңі

 Үшінші мыңжылдықтың басынан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан бұл кезеңде қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту әдістемесіне қатысты теориялық маңызды зерттеулердің қолданбалылық деңгейі арта түсті. Жоғары оқу орындары мен мектептерде нәтижелері тексеріліп, алғашқы тәжірибелері өз жемісін көрсете бастаған тұжырымдарды жеделдете оқыту әдістемесінде де қолдану мүмкіндігі туды. Атап айтсақ, модульмен оқытуға байланысты  К.Жақсылықованың [36], жаңаша жаңғыртып оқытуға байланысты Қ.Қадашеваның [37], мамандыққа бағыттап оқытуға байланысты Р.Ә.Шаханованың [38], сұхбаттық тілдесімді оқытуға байланысты Ә.Әлметованың [39] ғылыми зерттеулері қазақ тілін оқыту әдістемесіне теориялық-әдістемелік тұрғыдан жаңа тыныс ала келді. Сонымен қатар, тіл үйренушінің сөйлесім әрекетінің оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым және тілдесім түрлерінің барлығын кәсіби бағытталған лексика негізінде, елтанымдық деректер, деңгейлік тапсырмалар, тірек сызбалар арқылы дамытуға бағытталған, қазақ тілін компьютерлік, ізгілендіру, дамыта, дидактикалық бірліктерді ірілендіру т.б. оқытудың инновациялық технологиялары арқылы меңгертуге арналған көптеген зерттеулер әдістеме ілімінің дамуына игі ықпал ете отырып, қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту әдістемесінің  қалыптасуына да өз әсерін тигізді.

А.Қыдыршаевтың шешендік тануды оқытуға [40], Н.Құрманованың қазақ тілі сөз тіркесі синтаксисін ұлттық мектепте оқытуға [41], З.Бейсенбаеваның студенттерге сөзжасамды модульдік технология тұрғысынан меңгертуге [42],   Ж.Сүлейменованың қазіргі қазақ тілінің морфология курсын жоғары оқу орындарының студенттеріне оқытуға [43], Т.Әбдікәрімнің «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарында мәтін түзудің ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеуге [44], Н.Оразахынованың сатылай комплексті талдауға [45] және Ж.Дәулетбекованың қазақ тілінен сөз мәдениетін оқытуға арналған зерттеулері де осы кезеңнің жемісі [46]. Қазақ тілін оқытудың белсенді, интерактивті технологиялары қарастырылған аталған еңбектердегі қазақ тілін жалпы оқыту әдістемесіне қатысты пікірлер мен тұжырымдар өзге ұлт өкілдеріне жеделдете оқыту әдістемесінде де маңызды.

Қазақ тілін оқытудың теориясы мен әдістемесін зерттеумен шұғылданып жүрген ғалымдардың басым көпшілігі осы жылдарда республикалық, облыстық деңгейде тіл үйрету курстарының жұмыстарын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан үйлестіру ісіне де белсене атсалысты. Туған тіліне жанашыр әрбір ғалым бұл істі өз міндеті санап, тіл үйретуші оқытушылар алдында түрлі деңгейдегі семинарларда баяндамалар жасап, шеберлік мектептер ұйымдастырып, өз тәжірибелерін таратты. Бұл кезеңдегі ғалымдардың, әдіскер, оқытушылардың жанкешті әрекеттері нағыз ізгілік, ұлтжандылық сипатта болды.

Бұл жылдарда өткен ғасырдың соңғы жылдарында шыққан бірқатар оқу-әдістемелік құралдар толықтырылып, қайта өңделіп, мүлдем жаңа бағытта кемелденіп, бірнеше дүркін қайта шығып жатса, олардың қатарына жаңа авторлар легі келіп қосылып жатты. Дегенмен, осы кезеңнің алғашқы жылдарында, нақтырақ айтсақ, 2006 жылдарға дейін қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейінде жеделдете оқытуды жүзеге асыру ісі әлі де сөз жүзінде ғана болып келді. Бұл кезеңдегі мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін жеделдете оқыту мәселесі «Мемлекеттік тілді жеделдете оқыту үдерісі ондаған жылдар бойы бір жүйені басшылыққа алмай, түрлі курстар мен тіл үйрету орталықтары, жеке адамдарға тіл үйретушілер тарапынан жүргізіліп келді», «…мемлекеттік қызметшілерге (ересектерге, жеке тұлғаларға) мемлекеттік тілді оқытудың лингвистикалық және әдістемелік базасы айқындалмады. Қазақстан Республикасындағы тілдік және этнотілдік жағдайды зерттеу негізінде тілдік ортаның мол мүмкіндіктерін мемлекеттік тілді жеделдете оқыту әдістемесінде қолдану тетіктері де айқындалмады», — деп бағаланды [47, 8 б.].

Бұндай кемшіліктердің орын алуының басты себебі, республикалық деңгейде мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге (ересектерге, жеке тұлғаларға) жеделдете оқыту бойынша негізгі бағыттарды айқындайтын Тұжырымдама, Стандарт, Типтік бағдарламаның жасалмауы болды. Аталған мәселелер ұлт зиялылары, ғалымдар, тілші, әдіскер, оқытушы мамандар тарапынан үлкен алаңдаушылық тудырды.

2006 жылы еліміздің тарихында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту ісіне жаңа қарқын әкелер бірнеше маңызды оқиғалар орын алды. Атап айтсақ, 2006 жылдың мамыр айында мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданылуына жаңаша серпін беретін Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың № 127 Жарлығы жарияланып, 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітіліп, қабылданған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» толықтырулар енгізілді [48]. Жарлықта мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге қатысты ауқымды мәселелер көтеріліп, мемлекеттік органдардағы іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру кестесі бекітілді. Еліміз бойынша сараптау, зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізілді.

2006 жылдың 24 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында тіл саясатына байланысты айтқан ойлары мен Үкіметке берген нақты тапсырмалары жалпы мемлекеттік тіл саясатының жаңа кезеңін ашты [49]. Елбасының тапсырмаларын орындауға Үкіметтік комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. 2007 жылдың сәуір айында Астана қаласында өткен «Мемлекеттік тіл – елдігіміздің алтын тұғыры» атты республикалық мемлекеттік тілді оқытудағы оқу-әдістемелік құралдар мен инновациялық технологиялар көрмесі мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың дұрыс бағытта дамып келе жатқандығын айғақтады.

Мемлекеттік тіл жылы ретінде танылған 2007 жылы республикалық деңгейде мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге (ересектерге, жеке тұлғаларға) жеделдете оқытудың Тұжырымдамасы, Стандарты және Типтік бағдарламасын даярлау ісі мемлекеттік мәні мен маңызы орасан зор, шешілуі кезек күттірмейтін мәселе ретінде күн тәртібіне қойылды. Бүгінгі таңда оқу-әдістемелік, насихат іс-шараларын жүзеге асырып келе жатқан, әдістемелік әрі ұйымдастырушылық әлеуеті үлкен республика көлеміндегі бірден-бір құрылым болып саналатын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Тіл комитетінің жанындағы Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы осы бір ұлы істі лайықты атқарып, мемлекеттік тілді дамытудың жаңа белесінде Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге, (ерсектерге, жеке тіл үйренуші тұлғаларға) жеделдете деңгейлік оқытудың Тұжырымдамасы [48] мен Стандартын [50], Типтік бағдарламасын даярлап, ғалымдар талқылауынан өткізіп, бекітті [51]. Аталған нормативтік құжаттар қазақ тілінен білім мазмұнын, оқыту түрлері мен бағыттарын, оларды зерттеу жолдарын үйлестіретін мүмкіншілігі бар бірден-бір маңызды құжаттар болып саналады. Ендігі жерде қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту үдерісін үйлестіру ісі аталған құжаттарды әдіснамалық-теориялық негіз ретінде ала отырып жүзеге асырылмақ.

Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету үдерісін оқу-әдістемелік тұрғыдан тиісті дәрежеде қамтамасыз етудің қажеттілігін өзінің  Қазақстан халқына 2008 жылғы Жолдауында Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев ерекше ескертіп өтті. Елбасымыз: «…Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, тәжірибелік оқу-құралдарын, аудио-бейнематериалдарын әзірлеу керек», — деп атап көрсетті [52, 7 б.]. Қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейінде мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту үдерісін тіл үйретуге қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету ісі Елбасының осындай тапсырмасынан кейін жаңаша серпінмен қолға алына бастады. Соңғы жылдарда атқарылған қыруар еңбек көп қырлы бағыттағы жұмыстардың басты нысанасын көрсетіп берді, соларға негіз болды, ең бастысы, қазақ тілін  мемлекеттік қызметшілерге екінші тіл ретінде оқытудың тәжірибесі қорытылып,  қазақ тілін жеделдете оқыту ұғымы әдістемелік термин атауы ретінде, оқытудың жаңаша сипаттағы бағыты түрінде алғаш осы кезеңде қалыптаса бастады. Осы кезеңде мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту үдерісінің ерекше қарқын алып, дами бастауы төмендегі әрекеттерден анық байқалды:

  1. ҚР МжА министрлігі, Республикалық Тіл комитетінің үйлестіруімен облыстық тілдерді дамыту басқармалары жанынан облыстық, аудандық мемлекеттік тіл үйрету орталықтары құрылып, жұмыс істей бастады;
  2. оқытушылар оқу үдерісінде басшылыққа алып жүрген оқу, жұмыс бағдарламаларын ш.шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы бекіткен «мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге, (мемлекеттік қызметшілерге, жеке тіл үйренуші тұлғаларға) жеделдете деңгейлік оқытудың тұжырымдамасы, стандарты және типтік бағдарламасы талаптарына сай құрастыра бастады;
  3. еліміздің тарихында тұңғыш рет қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуге байланысты «медиа сабақтар фестивалі» (2007ж.) ұйымдастырылды (осы жолдар авторының «Қазақша үйренеміз» атты мультимедиалық бағдарламалар кешені жүлделі I орынды иеленді);
  4. мемлекеттік тілді оқыту әдістемесіне қатысты республикалық, аймақтық, облыстық деңгейлердегі конференция, семинарлар жүйелі ұйымдастырыла бастады;
  5. мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін үйрету ісімен шұғылданушы оқытушы, әдіскер мамандардың жеке ізденістері арта түсті;
  6. ізденістерінің нәтижелерін, жеке сабақтар үлгілерін, өз тәжірибелерін мақала түрінде жариялап, ортаға салып, талқылауға үлкен мүмкіндік берген әдістемелік бағыттағы мерзімді басылымдар саны көбейді;
  7. соңғы жылдарда жарық көрген еңбектерде ұстанған елтанымдық бағыттың нәтиже бермегеніне көздері жеткен мамандар қазақ тілін қатысымдық құзыреттілікке, сөйлесім әрекетінің түрлерін жетілдіруге бағыттап оқытуға арналған жаңарып-жаңғырған, белсенді әдістерді, интерактивті технологияларды іздестіріп, оқу үдерісінде қолдана бастады.
  8. мамандыққа бағытталған, модульдік, деңгейлік оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеудің тәжірибелері жинақталып, қорытылып, алғашқы үлгілері жарық көре бастады.
  9. қазақ тілін қатысымдық бағытта оқытуға арналған оқу құралдарына қойылатын талаптар деңгейі арта түсті;

— ақпараттық-коммуникациялық технологияға негізделген компьютерлік, мультимедиалық тіл оқыту бағдарламаларының саны да, сапасы да арта түсті.

Конституциямен, «Қазақстан Республикасының Тілдер туралы» Заңымен қорғалып, Елбасы өзі тікелей бақылауына алып, Үкімет тарапынан барлық қолдау көрсетіліп отырған осындай шешуші кезеңде қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту бағытын теориялық, әдістемелік тұрғыдан жан-жақты зерттеудің, басты ұстанымдарын, жетекші әдістерін ғылыми негіздеп, технологиясын тұжырымдаудың айқын қажеттілігі туды.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.