Қазақ тілін жеделдете оқытудың жалпы сипаттамасы

Главная » Рефераттар » Қазақ тілін жеделдете оқытудың жалпы сипаттамасы

Қазақ тілін оқыту әдістемесінде жеделдете оқыту мәселесін алғаш көтергендердің бірі ғалым Ф.Оразбаева қазақ тілін жеделдете оқытудың мазмұнын ашатын белгілері ретінде: «Жеделдете оқытуда ерекше орын алатын — оның мерзімі, қысқартылған уақыт мөлшері; мөлшерлі уақытта сөйлеу үдерісіне қажеті оқытылатын тілдік материалдардың көлемінің молдығы; оқытушы мен оқушының бір-біріне деген еркінділігін қамтамасыз ететін психологиялық «микроклиматтың» болуы; адамдардың сабақтағы белсенділігі, тілді үйрету үшін үйренушінің бойындағы барлық қабілеттің шексіз жұмсалуы;  әр түрлі әдістемелік тәсілдердің ұтымды пайдаланылуы”, — деп, жеделдете оқытудың басты ерекшеліктерін нақты атап береді [34, 138 б.].

Ғалым Қ.Қадашева: “Оқу процесін жеделдету дегеніміз – осы оқу пәніне берілген сағат санын көбейтпестен оның әсерлілігі мен өндірімділігін арттыруға қол жеткізу. Бұл тереңдетілген жеделдету мәні жағынан рационалды оқыту әдісімен тең болып келеді”, — дей келіп, — “Қазақстанда қазір интенсивті оқыту мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда, мемлекеттік қызметшілерге арналған формада, кейбір оқытушылардың өз инициативасымен, өз әдістемесімен жүргізіліп жүр. Қазақстанның білім беру жүйесінде интенсивті оқыту білім беру жүйесіне міндетті түрде енетін мемлекеттік стандартқа енгізілмеген. Шын мәнінде егер дұрыс әдісі анықталып, оқулықтар мен аудиовизуалды құралдармен жабдықталған болса, интенсивті оқыту тілді үйретуде жақсы нәтиже беретін әдістің бірі”, — деп, бұл әдістің болашағы үлкен екендігін көрегендікпен болжайды [37, 87 б.]. Тілді жеделдете оқыту ұғымы қазақ тілін оқыту әдістемесіне осыдан бірнеше жылдар бұрын термин ретінде енсе де, оның ғылыми-теориялық, әдістемелік негізі қаланбады, сол себепті басты ерекшеліктері, нақты әдіс-тәсілдері, технологиясы айқындалмады. «Интенсивті оқытудың негізгі принципі — активизация — активтендіру ұмыт қалды» [35, 25 б.]. Қазақ тілін шет тіл ретінде оқытудың әдістемесі енді қалыптасып келе жатқан өтпелі кезеңде мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілінің жеделдете оқыту курстарын жүргізу міндеттелген жекелеген оқытушылар мен әдіскерлер ана тілі үшін жанкешті ұлтжандылықпен жұмыс істеп, көкейкөзімен сезініп, әркім өз әдістемелік жүйесін құрып, жеделдете оқыту әдістемесінің тірек тұғырнамасының болмауы нәтижесінде басы ашылмай жатқан бұл істің мәнін түсінбестен, барлық ауыртпалығын бастан кешіруге мәжбүр болды.

«Жеделдету» сөзінің тіл үйрету термині ретіндегі мағынасына тіліміздегі “жедел — тез, жылдам, асығыс, тығыз” [74, 48 б.] ұғымдарынан гөрі орыс тілінде қолданылып жүген «интенсивный» сөзінің латын тіліндегі түпнұсқасының мәні көбірек сәйкес келеді. Латын тілінде «intensio» — қысым (напряжение) сөзінен алынған, ширату, қатайту, қарқындату, бар күшті салу деген мағынаны береді [75, 153 б.]. Осындай мағыналық жіктелуіне сәйкес жеделдету ұғымы екі түрлі мәнде қолданылады:

.
  1. Әрекетті аз уақыттың ішінде, жылдам, тығыз орындау күйі (қалпы).
  2. Әрекетті қарқынды күшпен, жоғары қабілетпен орындау күйі.

Жеделдету әрекетінің басты ерекшелігі – тек қана аз уақыт мөлшері деген қате түсінік жеделдете оқытуды ересектерді оқыту тәжірибесінде өзіндік орны бар қысқа мерзімді курстармен байланыста қарауға әкеліп соқтырды. Оның жеделдете оқытуда ұсынылатын мол ақпарат көлемін жоғары қабілетпен меңгеру сипаты назардан тыс қалып қойды. Жалпы, жеделдете оқытуды қысқа мерзімді оқытумен шатастырмаған жөн. Жеделдете оқытуды айқындайтын  тек қана аз уақыт мөлшері емес, сонымен қатар басқа да көптеген маңызды белгілері бар екені назарға ілінбей келді.

Бұл жөнінде Г.А.Китайгородская: «Интенсив терминінің өзі қате түсініле бастады. Әдісті қате түсіну оқытушы үшін «жеңілдетілген, қысқартылған, толық емес бір дүние», ал тіл үйренуші үшін «еш қиналусыз өсірілген, жылдам піскен жеміс» ұғымын берді. Интенсив сөзінің латынша мағынасына сәйкес белгілі бір уақыт көлеміндегі еңбек энергиясының көлемі ғана емес, уақыт тығыздығы да ескеріледі. Шындығында жеделдете оқыту қатал уақыт шегіндегі динамикалы, тығыз, мол тілдік материал арқылы жүргізіледі», — деп жазды [76,12 б.]. Жеделдете оқытудың мәні аз уақыт аралығында, шоғырландырылып ұсынылған мол тілдік материалды барлық психикалық резервтерді іске қоса отырып, толық меңгеру және оларды белсенді сөйлесім әрекетінде қолдану мүмкіндігіне ие болу үшін оқу үдерісіне қарқынды, пәрменді тәсілдерді енгізу ұғымдары арқылы ашыла түседі.

Адамзат баласы шет тілдерді үйренуге бүкіл өмірін арнайтыны белгілі. Тілді меңгеру, оны сөйлесім әрекетінде қолдану — әрбір адамның күрделі жан қуатын талап ететін, жеке дара өзі ғана атқаратын әрекет. Сондықтан қазақ тілін нақты бір қысқа мерзім ішінде толық үйретіп жіберу мүмкіндігі адамдардың жеке бас ерекшеліктеріне, тағы басқа объективті, субъективті факторларға байланысты шектеулі болады. Қазақ тілін жеделдете оқытудың уақыт мөлшері жайлы айтқан кезде, біз ғылыми-теориялық зерттеулер мен нақты іс-тәжірибелерге сүйене отырып, ең оңтайлы деген орташа көлемін айқындаймыз.

Оқу үдерісінің жылдам, қарқынды жүзеге асуының маңыздылығын кезінде Ян Амос Коменский былай деп атап көрсеткен: «Нужно приложить усилие к тому, чтобы все, чему обучают и чему ученики учатся, протекало быстро, что касается обучения и усвоения, быстро, так как вначале, как правило, сильнее всего проявляется усердие. Нужно, чтобы еще раньше, чем минует воодушевление, мысль осознала, что она достигла своей цели и что пользуется своими выгодами, чтобы не поддавалась скуке, не достигнув цели, и не продолжала двигаться со скукой, поскольку бы видела, что к цели она движется вяло» [77, 581-582 б.]. «Затем: человеческая природа не выносит бесконечности; ее радует, если она может обозревать границы вещей. Поэтому все долгое, запутанное, неясное нас или отпугивает, или хотя бы отбивает у нас охоту; наоборот, все краткое, упорядоченное, ясное нас радует. Поэтому дух человека, движущегося к какому-либо отдаленному месту, наполняется радостью, если его желанная цель становится видимой» [77, 587 б.].

Ғылыми қызметкерлерге шет тілді жеделдете оқыту мерзімі жайлы Л.М.Войтюк былай дейді: «…важной особенностью интенсивного обучения является ориентация на достижение максимального эффекта за минимальный срок. Следует, однако, заметить, что в среднем общее количество часов не очень заметно отличается от того, которое отводится на усвоение аналогичного объема учебного материала при традиционных формах обучения» [78, 232 б.]. Қысқа мерзімді курстарда тіл оқыту мәселесін арнайы зерттеген А.Н.Щукин ондай курстарда орыс тілін шет тілі ретінде жеделдете үйретуге 2-3 аптадан 10 айға дейінгі мерзім аралығында уақыт жұмсалатынын айтады [79, 5 б.]. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету әдістемесінің негізін қалаушылардың бірі ғалым Ә.Жүнісбек қазақ тілінің 365 сабағын “…бір жылға арналған, созуға да, қысқартуға да болады. …Қызығушылық білдірген ұжымдарда 2-2,5 айда, сүңги оқу әдісімен 7-10 күнде үйреніп шығуға болады”, — деген пікір білдіреді [80, 1-2 б.]. Адам мүмкіндіктерінің шексіздігін, қазіргі жеделдету әдістерінің әсерлілігін ескере келе, ғалымның пікіріне қосылмауға болмайды. Тілді меңгеру әрбір адамның жағдайында ерекше, қайталанбайтын, жеке дара құбылыс болғандықтан, әрқилы уақыт аралығында өтуі мүмкін екендігіне өмірдегі көптеген мысалдар дәлел бола алады.

Қазақ тіліндегі «жеделдету» сөзінің тікелей мағынасына сәйкес бұл ұғымды тек қана «қысқа мерзім, аз уақытта тездетіп оқып шығу» деген жалған пікір қалыптасқандығы жөнінде жоғарыда айтып өттік. Жеделдету әрекетін аз уақыттың ішінде, жылдам, тығыз орындау күйі тұрғысынан қарастырушылар жеделдете оқытуда шет тілді неғұрлым қысқа мерзімде, тез үйрету көзделеді, жеделдете оқыту әдістемесінің ерекшелігі — мерзімінің қысқалығы деп атап көрсетеді. Шын мәнінде, бүгінгі қоғамымыздағы мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді неғұрлым аз уақыт аралығында  үйренуге мұқтаж. Себебі олар — негізінен оқу, білім алу кезеңінен асып кеткен, жұмысбасты, тұрмысбасты тұлғалар. Осы факторды ескере келгенде, жеделдете оқытудағы уақыт тығыздығын жоққа шығаруға болмайды. Осыған байланысты жеделдете оқытудағы уақыт мөлшерін айқындау қажеттілігі туындайды.

Қазақ тілін жеделдете оқыту мәселесі көтерілген өткен ғасырдың 90-жылдарынан бергі уақыт аралығында оның уақыт мөлшері нақты белгіленбей келді. Мекемелердегі тіл үйрету үйірмелерінің жұмысы апталық екі сағаттық жүктемеден асырылмады. Сабақтардың арасындағы ұзақ үзілістер нәтижесінде тіл үйренушілердің әр жолы алған білім, білік, дағдылары ұмытылып қала берді, топ мүшелерінің арасындағы эмоциялық, қатысымдық байланыс үзіліп қалып отырды, соның нәтижесінде жеделдете оқытудың ең қарапайым шарттарының өзін орындау мүмкін болмады. Апталық сағат мөлшерін көбейту тәжірибесі кейбір жекелеген жағдайларда ғана жүзеге асырылып, жаппай қолданыс таба алмады.

.

Соңғы жылдарда еліміздің барлық облыстарында ашылып, жұмыс істеп жатқан мемлекеттік тілді жеделдете оқыту орталықтары үшін курстардың мерзімін айқындап алу аса маңызды мәселе болды. Соған байланысты «Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге, (мемлекеттік қызметшілерге, тіл үйренуші жеке тұлғаларға) жеделдете деңгейлік оқытудың Тұжырымдамасында» деңгейлер бойынша оқыту ұзақтығы – 7,5 ай, аптасына 10-12 сағат, жалпы 120-150 сағат, әр деңгейге 120 сағат, жалпы саны – 360 сағат көлемінде деп бекітілді [47, 6 б.].

Алайда қазіргі күнде тұжырымдаманың бұл талабы орындалмай келеді. Оның басты себебі, еліміздегі қазіргі әлеуметтік-лингвистикалық жағдайға сәйкес мемлекеттік тілді үйренуші ересектер қауымы негізінен мемлекеттік қызметшілер болып отыр, оларға тіл үйрету тегін түрде, жұмыстан бос уақытта ұйымдастырылуда. Сондықтан оқу мөлшерін аптасына 4-6 сағаттан асыру үлкен қиындықтар тудыруда. Дегенмен, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретудің  өтпелі кезеңіне тән бұл көріністің ұзаққа бармауы керек екені әркімге де белгілі. Жеделдете оқытудың әлемдік тәжірибесіндегі уақыт мөлшеріне назар аударсақ, апталық он сағаттық жүктеменің өзі аздық етеді.  Біз өз тәжірибемізде әртүрлі деңгейлерде 72 сағатқа негізделген 2, 3 апталық және 2, 4 айлық жеделдете оқыту курстарын жүргіздік. Әлемдік әдістемеде теориялық және практикалық тұрғыдан дәлелденген уақыт мөлшері күніне 4-6 сағаттан, апталар бойы үздіксіз шұғылданып, деңгейаралық демалыстарын қоса есептегенде, үш деңгейді тоғыз ай, бір жылдың ішінде оқып шығуды көздейді. Бұл егемен еліміз қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мемлекеттік қызметшілерге тегін оқытудың өтпелі кезеңін артқа тастап, өз бетімен тіл үйренуді мақсат тұтқан жеке тұлғаларға шын мәнінде жеделдете оқыту кезеңі басталған кезде жүзеге асуға тиіс. Қазақ тілін жеделдете оқытуда уақыт факторын дұрыс анықтаған кезде төмендегідей мәселелер шешіледі:

— ересек тұлға үшін әрқашан да маңызды «алтын уақыт» үнемделеді;

— адам ресурстарын үнемдеу жүзеге асады;

— тілдік және сөйлеу материалдары аз уақыт аралығында тиімділікпен ұсынылады;

— жеделдете оқытудың соңғы нәтижесі – қатысымдық құзыреттілікке жылдам қол жеткізіледі.

Жеделдете оқытудың әлемдік тәжірибесіне сәйкес тіл үйрену курсы 50-70 сағатқа созылатын рөлдік ойындарға құрылады. Жеделдете оқытудың бірінші күнінен бастап түрлі жағдаяттарға құрылған көлемді полилог мәтіндер ұсынылады, тіл үйренушілер мәтін кейіпкерлерінің образына еніп, рөлдерде ойнай жүріп тіл үйренеді. Алайда бұл әдісті қолдану үшін тіл үйренушілер алдымен міндетті түрде ұзақтығы 200 сағаттан кем болмайтын дайындық курсынан өтуге тиісті болады. Бұл жөнінде Қ.Қадашева: «Сөйлей алатын дәрежеге жету үшін міндетті түрде үйрену кезеңінен өту керек», — деп жазады  [35, 24].

Әлемдік әдістемедегі шет тілдерді жеделдете оқытудың талаптары бойынша үш деңгейлік жеделдете оқыту курсына қатысатын мемлекеттік қызметшілер алдымен кемінде 200 сағаттық дайындық курсынан өтуі тиіс. Яғни, тіл үйренудің қарапайым деңгейіне қатысуға келген кезде жеделдете оқыту тобының қазақ тіліндегі бастапқы білім, білік дағдылары болуы тиіс. Алайда еліміздегі қазіргі әлеуметтік-лингвистикалық ахуалға сәйкес қазақ тілін жеделдете оқытудың қарапайым деңгейіне қатысуға келген тіл үйренушілердің басым көпшілігі бастапқы дайындық деңгейді меңгермеген, интерактивті әдістерге құрылған қатысымдық бағдарлы жеделдете оқыту сабағына қатысуға қабілетті болмай отыр. Соған байланысты қарапайым деңгейге арналған уақыт ішінде бірден жеделдете оқытып кетудің орнына дайындық курсы өткізілуде.

Біз сипаттаған жағдай қазіргі Қазақстанның барлық аймақтарына тән құбылыс екендігі белгілі. Қазіргі облыс орталықтарында жұмыс істеп жатқан мемлекеттік тілді жеделдете оқыту орталықтарында осындай тілдік дайындығы төмен тіл үйренушілерді толықтай оқытып шығару үшін барлығы он жылдай уақыт қажет десек, осы он жылдың ішінде қазіргі орта сыныптарда оқып жүрген оқушы жастарымыз бір-бір мамандық иесі болып, ересектердің қатарына қосылып үлгереді. Ал ол жастардың қазақ тіліндегі қатысымдық құзыреттілік деңгейлері қазіргіден әлдеқайда жоғары болатынын ескерсек, енді бір он жылдан кейін өз елімізде мектеп, ЖОО бітірген мамандарды жеделдете оқыту курстарында оқытудың қажеттілігі болмауға тиісті. Ол кезде қазіргі мемлекеттік тілді жеделдете оқыту орталықтарында тек қана шет елден келген азаматтар оқитын болады. Орталықтардың нағыз әдістемелік жұмысы сол кезде жандана түседі, себебі тіл үйренуге ниет білдірген шет елдік азаматтардың оқу-танымдық уәждемелері қазіргі тіл үйренуші ересектермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болады. Сол кезде қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мемлекеттік қызметшілерге тегін оқытудың өтпелі кезеңі аяқталып, тіл үйренуге жеке бас мақсаты тұрғысынан шешім қабылдаған жеке тұлғаларға жеделдете оқыту кезеңі басталады. Ол — әлемдік әдістемеде қолданылатын үш деңгейді бір оқу жылының ішінде оқып шығуға арналған жеделдете оқыту курстары. Ол курстарға қатысуға келген тіл үйренуші бірінші қарапайым деңгейде жүргізілетін дайындық курсында тілдік дағдыларды қалыптастыру және жетілдіру кезеңінен өтеді, екінші — орта деңгейде сөйлесім әрекетін дамыта бастайды да, үшінші — жоғары деңгейде қазақ тіліндегі белсенді тілдік қатынасқа дайын болады.

Сонымен, қазақ тілін жеделдете оқыту әдісі дегеніміз – деңгейлік оқыту жүйесінде, мол ақпараттық білімдік ортада тіл үйренушінің өздік жұмысын тиімді ұйымдастыру арқылы оқу-танымдық уәждемелерін арттыра отырып, тілдік тұлғаның қатысымдық құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған, жаңашыл ақпараттық-коммуникациялық, интерактивті оқыту технологияларына негізделген қатысымдық бағдарлы оқыту әдісі.

Қазақ тілін жеделдете оқытудың басты ұстанымдары

Әдістемелік ұстанымдар жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған психологиялық-педагогикалық заңдылықтарды ғана емес, сонымен қатар педагогикалық үдерісте іске асатын нақты мақсаттар мен жағдайларды әдістемелік жүйеде есепке алуды талап етеді. Жеделдете оқыту дидактиканың білім беру мен оқыту теориясына және әдістеме ілімінің басты ұстанымдары мен оқытудың әдіс-тәсілдеріне сай дамиды, жетіледі. Оқыту мен тәрбиелеу тәжірибесінде теориялық деректерді қолдануға бағытталған әдістемелік жүйе оның сипаттамасын, оның өмірге қабілеттілігін және бағдарлама талаптарын іске асыру мүмкіндіктерін анықтайтын бірнеше құрамдас бөліктерінің үйлесімді арақатынасының нәтижесін көрсетеді.

Әрбір әдістемелік жүйені құрайтын оқытудың мақсаты, оқу пәнінің мазмұны, оқытудың тәсілдері мен әдістері арнаулы әдістемелік ұстанымдарға сәйкес құрылады. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту тұтастық, оқу уәждемесін арттыру, сөйлесім әрекетінің түрлерін меңгерту, ынталандыру, деңгейлік, сөйлеуге қатысты ішкі резервті пайдалану, жағдайлар мен ортаны ескеру қағидалары бойынша жүргізіледі. Жеделдете оқытудың заңдылықтары негізінде оның басты төрт ұстанымын айқындаймыз. Олар:

  1. Қатысымдық ұстанымы.
  2. Тұлғаға бағыттап оқыту ұстанымы.
  3. Белсенділік ұстанымы.
  4. Саналылық ұстанымы.
  5. Қатысымдық ұстанымы.

Бұл ұстаным қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың ерекшелігін, мақсатын және жалпы бағытын көрсете отырып, барлық оқу-тәрбие үдерісінің негізін құрайтын өзара қарым-қатынасты ұйымдастыру ұстанымы ретінде сипатталады. Қатысымдық бағыттағы ұстаным оқу жұмысының алдына қойған мақсаттарын айқындауға септігін тигізеді. «Коммуникативтікке бағытталған ұстаным — тіл үйренушінің ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас жасай алуы үшін қажетті коммуникативтік мүмкіндіктерін тудыруға бағытталған оқыту» [81, 42 б.]. Тіл – адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Тілдің қызметі тек қатынас құралы ретінде шектеліп қалмайды, одан әлдеқайда маңызды. Қатынас адамдардың ұжымдық іс-әрекетінің негізгі сипаттамасын және ұжымдағы тұлғаның әрекетін көрсетеді, сондықтан тұлғаны тәрбиелеудің күшті факторы ретінде саналады. Шынында да, іс-әрекет (еңбек) және қарым-қатынас – адамның әлеуметтік тұрмысының, оның өмір сүру салтының екі жағы, қатынас таным үдерісімен тікелей байланыста дамиды.

«Коммуникация – арақатынас партнерлерінің бір-бірімен ақпарат алмасуы, білімді, идеяны, пікірді, сезімді беру мен қабылдау үдерісі» [82, 8].  Коммуникативтік-танымдық қызмет, тілдің көмегімен жүзеге асырылады, еңбек ету мен танымдық процесс барысында адамдар арасында болатын қатынастардың ерекше түрі. Қатысым адамдардың, топтың халықтың, мемлекеттердің өзара байланысының аса қажетті бір құралы ретінде адамдар арасында ақпарат, ой-сезім, бағалаулар, мән-мағыналар, құндылықтар алмасуын мүмкін етеді. Қатысымсыз әлеуметтік топтастықтардың, әлеуметтік жүйелердің, ұйымдардың құрылуы мүмкін емес және тұтас әлеуметтік ортаның болуы мүмкін емес. Әлеуметтік процестер ішінде негізгі орындардың біріне ие болып келетін қатысым әлеуметтанудың, психологияның, саясаттанудың, қатысым теориясының зерттеу нысанасы болып табылады.

Тіл – адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. «Адамның іс-әрекетінің маңызды бір формасы – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынаста болуы” [83, 36 б.]. Коммуникативтік үдерісте адамдардың арасында өзара ақпарат алмасу жүзеге асырылады. Бұл жерде қарым-қатынасқа түсушілердің әрқайсысы үшін ақпараттың маңыздылығы үлкен рөл атқарады, себебі «…адамдар өзара сөз алмасып қана қоймайды, сондай-ақ, ортақ мәмілеге келуге тырысады» [84, 291 б.]. Ал адамдардың ортақ мәмілеге келуі ақпарат жай қабылданып қана қоймай, терең сезілгенде ғана жүзеге асуы мүмкін. Сол себепті «кез келген коммуникативтік үдеріске іс-әрекет, қарым-қатынас, таным үшеуі бірге кіреді» [85, 85 б.].

Тіл үйретудегі қатысымдық (коммуникативтік) бағытты ұстанған әдіскерлер Е.И.Пассов, А.А.Леонтьев, В.Г.Костомаров, А.Н.Щукин, М.Н.Вятютнев, Г.В.Рогова, Г.А.Китайгородская, И.Зимняя, В.А.Скалкин, Б.А.Лапидус, Н.И.Гез, Э.П.Шубин, И.Л.Бим т.б. бұл әдістің тілді жеделдете үйретуде ғылыми-теориялық және әдістемелік тұрғыдан ең тиімді екендігін дәлелдеді. «Шет тілді меңгертудегі негізгі әрекет — қарым-қатынас үдерісі, сөйлеу қатынасы» [86, 16 б.] екендігі бүгінгі күнде бұлтартпас ақиқат екендігі белгілі. Сол себепті де қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытуда дүние жүзінің әдістеме ғылымында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген қатысымдық бағытты ұстану бүгінгі күннің аса өзекті мәселелерінің бірі. Қазақ тіл білімінде қатысымдық әдістің негізін қалаған профессор Ф.Оразбаева берген анықтамаға жүгінсек,  «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі» [34, 127 б.]. Қазақ тілін өзге ұлт аудиториясында оқытудағы қатысымдық әдістің ғылыми негіздемесін жасаған профессор Ф.Ш.Оразбаева айтылым, жазылым, оқылым, тыңдалым, тілдесім процестерінің сөйлеу және ойлау механизмдеріне байланысты аспектілерінің әдістемелік жүйесін қалады. Ғалым: «Тілдік қатынас құбылысы ғылыми негізіне қарай әр түрлі ілімдерді бір арнаға тоғыстырады және бір-бірімен байланыстырады. Тілдік қатынастың қоғамдық негізі қарым-қатынас құралы тілдің қоғамдағы орны мен мәніне қатысты», — деп жазды [34, 185 б.].

Қатысымдық бағдарлы оқыту мен жеделдете оқыту әдісінің байланысы жөнінде З.Ерназарова былай дейді: «Қатысымдық  бағдарлы оқыту алғашқыда тілді жеделдете оқытудың негізгі әдісі ретінде қалыптасты. Ол дайын сөйлемдерді жаттатқызу, тілдік материалды саналы түрде меңгермей, көбінесе ойланбастан қайталауға негізделгенмен, бірте-бірте оқыту мазмұны, әдіс-тәсілдері өзгеріп, толығып отырды» [87, 13 б.]. Тілді қарым-қатынас арқылы оқыту сөйлеуге бағыттап оқытудың тәжірибелік бағдарын айқындайды. Сабақта тіл жайында айтпау керек, сол тілдің өзін қолданысқа түсіру қажет. Яғни, алдымен грамматиканы оқытып, содан сөйлеуге көшу ең үлкен адасушылықтың белгісі. Ал біздің қазіргі дәстүрлі білім беру саласында осы қателік жіберілуде. Шет тілде сөйлеуге тек қана сөйлеу арқылы, тыңдауға тыңдай отырып, оқуға оқи отырып үйренуге болады. Бәрінен бұрын жаттығулар шынайы қарым-қатынас тудыруға бағытталуы тиіс. Нағыз қарым-қатынас сипаттау, мазмұндау, бір жақты монолог түріндегі айтылымда емес, топ мүшелері түгелдей қатысқан интерактивті полилогқа құрылған тілдесім кезінде жүзеге асады.

Сөйлесім әрекетінің лексикалық, грамматикалық, фонетикалық жағы болады. Бұл үшеуі сөйлеу үдерісінде өзара тығыз байланысты. Бұдан шығатын қорытынды — сөзді өзінің қолданылу формасынан бөлек игеруге болмайды, сөздер де, сол тәрізді грамматикалық формалар да сөйлесім әрекеті үстінде меңгеріледі. Дәстүрлі аударма-грамматикалық әдісте лингвистикалық негіз бірінші кезекке шығып, тіл үйрету тілді жүйелі және құрылымдық негізіне сүйене отырып оқыту арқылы жүзеге асырылатын болса, қатысымдық бағытта оқыту тіл бірліктері функционалды негізде белгілі бір сөйлеу мақсатында қолданылуына қарай іріктеледі. Шет тілдің лексикасын функционалдық тұрғыдан оқыту мәселесін арнайы зерттеген В.С.Коростелев: “Функционалдық – ауызша және жазбаша коммуникация процесінде не қызмет етсе, соны және қалай қызмет етсе солай меңгеру деген сөз”, — деп жазады [88, 3б.].

Жеделдете оқыту жағдайында қазақ тілінде тілдік қатынасқа түсу – оқыту үдерісінің үзінді бір көрінісі немесе жай оқу жоспарының әдістемелік кезеңі ғана емес, ол оқу — танымдық үдерісті құрастырудың негізі, алмаспайтын идеясы. Себебі қазақ тілін қатысымдық деңгейде меңгерту оқыту барысында үздіксіз қарым-қатынас жасау негізінде ғана жүзеге асады. Тіл үйренушінің іскерлік, белсенділік, өзіндік шығармашылығының негізгі факторы – оның мықты оқу уәждемесі, өзіндік терең пайымдауы мен дәлелі. Оқытушы ұйымдастыратын сөйлесім әрекетінің түрлері тіл үйренушінің қатысымдық қажеттілігіне қарай уәждеме туғызуға бағытталуы тиіс. Жеделдете оқытуда сөйлесім әрекетінің барлық түрлері (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім) жарыспалы түрде кезектесіп жүріп отырады. Тілдесім — қатысым әрекетінің ең жоғары шарықтау шегі. «Тілдесім – адамдардың қоғамдық-әлеуметтік өмірде бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынасқа түсіп, өзара пікірлесуінің нәтижесінде бірінің ойын бірі ауызша да, жазбаша да түсінуі және оған жауап қайтаруы» [34, 76б.].  Тіл үйренуші қатысым әрекетінің тыңдалым, жазылым, оқылым, айтылым түрлерін толық меңгерген кезде ғана өз дәрежесіндегі тілдесімге қол жеткізе алады.

Қазақ тілін жеделдете үйрету тілдік тұлғаның қатысымдық құзыреттілігін дамытуды, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жоғары көтеріп, оның қолданылу аясын кеңейтуді, қарым-қатынас деңгейін көтеруді көздейді. Жеделдету жолымен тіл үйретуде ең тиімдісі — қатысымдық бағдармен оқыту екендігі бүгінгі күні дәлелденді, ендігі кезекте оқытушылардың алдына қойылатын міндет – осы бағыттағы әдістемелік шеберліктерін шыңдап, нақты нәтижелерге қол жеткізу.

Тұлғаға бағыттап оқыту ұстанымы. Білім беру жүйесіндегі қайта құрудың негізгі бағыты – жеке тұлғаның дамуы. Тіл үйренуші тұлғаның рөлін жоғары көтеру тәсілі бүгінгі қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың басты ұстанымына айналып отыр. Бұл ұстаным жеделдете оқыту жүйесінің әрбір компонентінде көрінеді. Ол оқыту мен тәрбиелеу мақсатын байланыстырады, қазақ тілін жеделдете оқытуда бірыңғай оқу-тәрбие педагогикалық үдерістердің тәсілдері мен жағдайын сипаттайды. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда, оқу әрекетін ұйымдастыру ағымын жеделдету дегеніміз – оқыту үдерісінің тілдік тұлға қалыптастыруға бағытталуы, оқуды белсендіру арқылы қатысымдық құзыреттілікті дамыту.

Тіл үйренуші ересек тұлға оқыту объектісі ғана емес, ол — оқытушымен қарым-қатынасқа түсе алатын білім берудің толық құқылы субъектісі. Сондықтан да жеделдете оқытудың негізгі ұстанымы субъект-субъектілік қатынаста болатынын әрдайым ескерген жөн. Ғалым А.Алдашеваның айтуынша: “Жеке тұлғаға бағытталған оқыту – топтағы әрбір жеке адамның білігі, қабілеті ескеріле отырып, тілді меңгеруіне, лингвоелтанымдық өрісінің кеңеюіне қолайлы, оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ететін әдістердің, ұйымдастыру формаларының, технологиялардың жиынтығын оқытуда пайдалану дегенді білдіреді, яғни топта қанша адам болса да, олардың әрқайсысының тұлғалық ерекшелігіне қарай сабақтың барысын, әдістемелік тәсілдерді бейімдеу керек болады” [89, 6б.]. Тіл үйренушінің тілдік тұлғасының дамуы бір-бірімен байланысқан оқу-танымдық және қарым-қатынастық іс-әрекетте өтеді. Әрине, тұлғаның дамуы ең алдымен осы әрекеттердің тұтастығына байланысты. Ғалым Қ.Қадашеваның айтуынша: «…бүгінгі оқыту процесін жандандыру кезеңінде қоғам үйренушіге де, оқытушыға да ерекше жаңашылдық, ерекше талаптар қойып отыр, оқу процесінде әрекет етуші, оқытушы дамытушы және жандандырушы – үйренуші жеке тұлға» [35, 83б.].

Өзге тілді оқытудың басты міндеттерінің бірі – тіл үйренушілердің өзіндік ерекшеліктерімен санасып, оларды үнемі ескеріп отыру. Осыған байланысты әртүрлі тіл үйренушілер категорияларын тілдік дайындауда негізгі бағыттар тілді мәдениетаралық комуникацияның теориялық қағидалары негізінде үйрету және тіл үйренушіні мәдениетаралық коммуникация субъектісі және әдістемелік жүйенің орталық элементі дәрежесінде білім беру процесінің субъектісі ретінде қарастыру болып отыр. Тұлғалық қарым-қатынастың үйретуші қарым-қатынастан басты айырмашылығы – онда тіл үйренушінің өміріне, қызметіне қатысты оқудан басқа да тұлғалық маңызды ақпараттар алмасу жүргізіледі. Тұлғалық қарым-қатынас талқыланып жатқан мәселелерге қызығушылық туғызатындай жеке тұлғамен терең байланыс деңгейінде болады. Сабақ үстінде тіл үйренушіге қатысы жоқ, олар өмірде қолданбайтын ақпараттардан гөрі олардың әрқайсысының жеке өмірі және қызметімен тығыз байланысты мәселелерді талқыласа, ол тіл үйренушілердің қызығушылықтарын арттырады, қажеттілік тудырады. Тілді меңгеру үшін, тілді оқып-үйрену емес, оны қолдана білуге дағдылана білу керек.

Оқытушы ең басынан бастап тұлғалық қарым-қатынастың моделін тудырып, үйренушілерді сол қарым-қатынас деңгейіне көтеруге тырысуы керек. Оқытушы үшін бұл қатынас оқу қатынасы болып есептеледі, өйткені ол сөйлесім әрекетінің барлық түрлерінің дағдылары мен біліктерін бекіту, қалыптастыру мақсатында оны жоспарлайды, ұйымдастырады, өңдейді және басқарады. Оқытушы жеке тұлғалар арасындағы ерекше қарым-қатынастың үлгісі болуы қажет. Оқудың ең алғашқы күндерінен бастап тіл үйренуші мен оқытушы арасында бір-біріне ашық сенім білдіру, тірек болу, қайырымдылық, көмек көрсету, басқа адамның пікіріне сыйластық пен шыдамдылық таныту берік орын алуы тиіс. Тұлғалық қарым-қатынастың алғашқы сатысында-ақ оған қатысушы барлық жеке тұлғалар арасында тең дәрежелі байланыс қалыптасып, олар бір-бірін тұлға ретінде қабылдауға, өзімен тең санауға тырысулары қажет.

Қатысымдық бағыттағы жеделдете оқу үдерісіне басты қатысушылар – оқытушы мен тіл үйренуші. Оқытушы — тіл үйренушінің әрекетін бақылаушы, түсіндіруші, ақыл-кеңес беруші, реттеуші, ал тіл үйренуші – қарым-қатынасқа түсуге бар қарқынымен ұмтылушы, ізденуші, белсенді әрекет иесі. Олардың арасындағы субъект-субъектілік қатынастар ынтымақтастыққа және тең құқықты сөйлеу серіктестігіне негізделеді. Тіл үйренуші – белгілі әрекетті мақсат ететін қоғам иесі. Ол қоғамдық ортамен үндестік тауып, қарым-қатынас жасау үшін белгілі бір құзырет түрлерін меңгеруші, иемденуші әрекет иесі.

Жеделдете оқытуда тіл үйренуші — сырттан ғана бақылаушы емес, осы жерде және қазір іс жүзінде болып жатқан үдеріске толығымен батып кеткен, өз тізгінін толық сеніммен уақыт пен жағдайдың қолына ұстатқан, жағымды эмоцияларға толы, жоғары шығармашылықтың, батылдықтың, пәрменді тәуекел мен батыл шешімдердің иесі, релаксациялық күйдегі белсенді қатысушы тұлға. Тұлғасыз сөйлеу жүзеге аспайды, сөйлеу әрқашан жеке тұлғалық болады. Кез келген адам басқа адамдардан өзінің табиғи қасиеттерімен ерекшелінеді (өмірлік тәжірбиесі, құндылық бағдары, эмоциясы, қызығушылығы т.б.). Қатысымдық бағдарлы жеделдете оқыту тіл үйренушінің осындай жеке бас сипаттамаларын ескеруді ұсынады, өйткені тек қана осындай жолмен қарым-қатынас жағдайы жасалуы мүмкін. Дәстүрлі оқытудың ұстанымдарынан алшақтап, әр жеке тұлғаның ерекшеліктерін ескере отырып, қатысымдық негізде жүргізілген дәріс нәтижелі болмақ.

Орыс тілін шетелдіктерге жеделдетіп оқытудың негізін қалаушылардың бірі Г.А.Китайгородская тұлға мен ұжымның мүмкіндіктерін активтендіру әдісінің негізгі ұстанымдарының бірі ретінде тұлғалық қарым-қатынасты ұсына отырып: «Тұлғалық қарым-қатынастың үйретуші қарым-қатынастан басты айырмашылығы – онда тіл үйренушінің өміріне, қызметіне қатысты оқудан басқа да тұлғалық маңызды ақпараттар алмасу жүргізіледі», — деп атап көрсетеді [90, 6 б.]. Жеделдете оқытудың жаңа мақсатын іске асыруда қатысымдық құзыреттілікті қалыптастырудың мәні есепке алынуы тиіс, осыған байланысты тілдік қатынасқа үйретуде тұлғаға бағытталған қатынас негізге алынады. Бұл жағдайда тұлғаға бағыттап оқыту ұстанымы жеделдете оқытуда жетекші және анықтаушы болып есептеледі. Тәрбиелеу мен дамыта оқытудың жалпыдидактикалық ұстанымы жеделдете оқыту әдістемесінің басты ұстанымы ретінде қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге оқыту үдерісінде өзінің нақты әдістемелік мақсаттарын тұлғаға бағыттап оқыту ұстанымына сүйену арқылы жүзеге асырады.

Белсенділік ұстанымы. Тіл үйренуші тұлға мен топтың сөйлеу белсенділігін арттыру — білімді сапалы меңгерудің алғышарты, жеделдете оқытудың іргетасы болып табылады. Белсенділік ұстанымы бойынша топтағы әрбір жеке адамның білігі, қабілеті, құзыреті, мүмкіндігі ескеріледі. Ғалым Қ.Қадашева: «Қазіргі уақыт, кеңірек айтсақ дәуір тынысы оқыту процесінде бірінші орынға іскерлік, белсенділік, өзіндік шығармашылық жоспарын алға шығаруда. Ал оның негізгі факторы – үйренушінің өзіндік терең пайымдауы мен дәлелі. Бұның негізінде белсенділік — өзін іскер, әрекетшіл және жігерлі көрсету, белсенділікті активтендіру ұғымы қарастырылады» [35, 83], — дей келіп: «“Жеке адамның, ұжымның мүмкіндіктерінің белсенділіктерін арттыру әдісі суггестопедия және жеделдетіп оқыту әдістерімен байланысты”, — деп атап өтеді [35, 88 б.].

«Сөйлесім әрекетінің бір ғана түріне үйрету, мысалы, тек ауызекі сөйлеуге, немесе оқуға үйрету, сөйлеудің тек таңбалық, не дыбыстық түрлерін меңгерту, болмаса тек тілдік білім, не сөйлеу дағдыларының бірін меңгерту ғылыми тұрғыдан тиімді емес» [91, 7 б.]. Қазақ тілін ұлттық аудиторияда оқыту әдістемесіне қатысты іргелі еңбектің авторы Ж.Сүлейменова «белсенді әдістер» теориясының негізін қалады. Ол: «…кәсіби ізденушілік, өз бетіндік шығармашылық, теориялық сыни, кәсіби әдістемелік-теориялық ойлау қабілетін арттыруға негіз болатын ерекше ынта-ықылас, серпінмен, қызығушылықпен, жасампаздықпен, құлшыныспен, жігермен орындалатын, негізінен жұптың, топтың, ұжымның бірлескен мақсатты оқу әрекетін тудыратын әдістер жиынтығын белсенді әдістер деп атауды жөн көрдік», — деп жазады [92, 106 б.]. Оқу үдерісін ұжымдық өзара сөйлесу әрекетіне сай құрған кезде тіл үйренушілер бір-бірімен белсенді қарым-қатынас жасайды, топ ішінде әркім өзін-өзі көрсетуге тырысады және әркімнің жеке жетістіктеріне басқалардың жетістіктері тікелей әсер етеді. Топтың біріккен әрекетінде оның мүшелерінің бір-бірімен жарысуы ғана емес, сонымен бірге тұлғалардың өзара тілектестік, қайырымдылық, бауырмалдылық қасиеттері дамиды. Жеделдете оқыту үдерісінде сөйлесім әрекетін дамытуға әсер ететін интерактивті әдістерді тиімді ұйымдастыру ұжымдық қатынастарды жақсарта түседі.

Қазақ тілін жеделдете оқыту үдерісінде оқу тобының қатысымдық қызметі неғұрлым жоғары дәрежеде дамыған болса, олардың біріккен әрекеті де соғұрлым қызықты және ұтымды болады. Оқу-тілдік ұжым мүшелері өзара тең құқылы болған сайын олардың татулығы мен бірлігі нығая түседі.Ұжымдық сөйлесу әрекетінің нәтижелілігі, тұлға аралық қатынас деңгейінің жоғарылауы тұлғаның бойындағы өзгерістер арқылы анықталады. Топтағы өзара біріккен іс-әрекет арқылы қалыптасқан қатынастар әркімге өзін-өзі бағалауға, өзін-өзі ретке келтіруге түрткі береді. Ұжым мүшелері арасындағы өзара әрекет пен бір-біріне тәуелділік қоршаған орта мен нақты жағдай ұсынатын талаптарды дұрыс түсінуге талпындырып қана қоймай, сонымен бірге бұл талаптарды дұрыс қолдануға, ішкі кедергілерді жеңуге, өзінің мүмкіншіліктері мен іс-әрекетін  дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.

Ал сөйлеуді әрекеттің басқа түрлерінен бөліп қарастыруға болмайды. Сондықтан тілді үйрету белгілі бір сөйлесімдік жағдаятпен, тіл үйренуші адамның жеке мақсаты мен уәждемесіне негізделуі қажет. Ол оқытудың қатысымдық бағдарын қалыптастырады. Бұл тілді оқытудың қалыптасқан дәстүрлі әдісімен қарама-қайшылыққа түседі. Дәстүрлі-экстенсивті оқытудағы жеке атқарылатын және бағаланатын айтылыммен салыстырғанда топ ішінде белсенді сөйлесім әрекетін ұйымдастыру әрбір тіл үйренушінің қазақ тіліндегі қатысымдық уәждемесі нәтижесінде болатын біріккен әрекетті туындатады.

Жеделдете оқыту әрбір нақты сөйлеу актісінде сөйлеу қатынасының ұжымдық үдерісінің жеке тұлғалық тәсілмен жүзеге асуын қадағалайды. Бұл сөйлесім біліктілігі мен дағдысын жеделдете қалыптастыруға және оны қатынастың әлеуметтік маңызды салаларында қолдану үшін дайын болуға қолайлы жағдай жасайды. Әдіскер ғалым В.В.Петрусинскийдің пікірі бойынша: «Нақ осы жеделдете оқытуда педагогика мен психологияның кейбір прогрессивті жақтары жан-жағынан көрініс табады. Топтың оқу әрекетін белсендіру жеделдете оқытудың іргетасы болып табылады. Қысқаша айтсақ, мәселенің мәні «топ ішінде және топ арқылы» формуласы арқылы көрініс табады» [72, 94 б.]. Қазақ тілін жеделдете оқыту үшін тіл үйренуші топты дұрыс іріктеп алудың маңызы зор.

«Топтың әлеуметтік-психологиялық дамуының жоғары деңгейі – ұжым. Оның басқа аз дамыған топтардан айырмашылығы – мүшелерінің іскери әрі жеке өзара қарым-қатынастары жоғары даму дәрежесінде көрінеді. Дамыған ұжымдағы жеке және іскери қарым-қатынастарды жауапкершілік, ұйымдастырушылық, хабардарлық тәрізді сөздермен сипаттауға болады» [93, 116-117 б.]. Қазақ тілін жеделдете оқытуда оқу-тілдік ұжымның қалыптасуы тілдік қабілеттерді жетілдірумен қатар тәрбиелік мақсаттардың іске асуына, яғни тіл үйренушінің бойында тұлғалық және әлеуметтік қасиеттердің, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың қалыптасуына да септігін тигізеді. Жеделдете оқыту тобының мүшелерінің түрлі коммуникативтік құралдарды ептілікпен, шеберлікпен қолдана отырып, басқа адамдармен қарым-қатынас жасай алу мүмкіндігін интерперсоналдық іскерлік дейміз. «Қарым-қатынас жасау – мұның өзі бірлескен творчестволық, бірлесе ойлаудың, әріптестіктің сабағы, әлдекімнің ырқына берілмей, ойын еркін айта алатын және айтуға тиіс еркіндік сабағы. Бұл, сайып келгенде, өзіңнің рухани «өзіңе» өзгенің қарым-қатынасыңның және өзгенің рухани «меніне» өзіңнің қарым-қатынасының сабағы, қарсы алмасқан қадамдар, бірдейлер мен әртүрлілердің одағы [94, 286 б.].

Жеделдете оқытудың алғашқы деңгейінде-ақ оған қатысушы барлық жеке тұлғалар арасында тең дәрежелі байланыс қалыптасып, олар бір-бірін тұлға ретінде қабылдауға, өзімен бірдей, тең санауға тырысса, тіл үйретуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуге болады. Сабақ барысында ешкім де қалыс қалмай, топтың барлық мүшелері тілдік қатынасқа тартылып отырса, ол сабақ әрқашан көңілді, ерекше ықыласпен өтеді, соған сай тіл үйренушілер де бар күш-жігерін, ынта-ықыласын салады. Оқу үдерісіндегі тіл үйренушілердің сөйлеу белсенділігі қазақ тілін нәтижелі меңгеруге, өзіне керекті қатысымдық іскерлік пен дағдыны қалыптастыруға, жеке тұлғаға қажет қасиеттерді қабылдауға, белсенді сапалы қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Тіл үйренушілер бір-бірімен өзара сөйлесу әрекетінде тіл жүйесі туралы білімдерімен ғана алмаспайды, сонымен бірге қарым-қатынасқа үйренеді.

Саналылық ұстанымы. Жеделдете оқыту әдістемесі саналылық ұстанымы қатысым мен оқу үдерісінің кірігуі негізінде қазақ тілін жеделдете оқып-үйренудің қажеттігін саналы түрде түсіну, пайымдап болжау, өз ықыласымен саналы меңгеруге бел байлау, жеке бас, танымдық уәждемесінің артуы, нәтижеге, әдістің дұрыстығына, өз күшіне сену, қабылданған ақпараттардың мәнін түсіну үдерістерінің бірігуін жүзеге асырады. Қазір парасатты қоғам қалыптастыруды мақсат тұту жолында адамзаттың танымын жетілдіріп, санасын өзгерту маңызды болып отыр. Таным қашанда санамен байланысты, ол сананы қалыптастырады. Тіл үйренуші қазақ тілін меңгеру арқылы қазақ халқын таныған сайын оның қоғамдық санасы да парасаттылық бағытта дами түседі. Бүгінгі қоғам адамзаттың санасын жетілдіру арқылы жоғары қатысымдық мәдениетке жетуді көздеп отыр, ал мемлекеттік қызметшінің саналы әрекеті қатысымдық құзыреттілікке жеткізеді. Сана адамның немесе қоғамның мәдени деңгейінің өлшемі десек, тілдік тұлғаның саналы уәждемесі, оқу-танымдық әрекеті жоғары мәдениаралық біліктіліктің қалыптасуына негіз болады.

Оқу-танымдық үдерісте қалыптасатын білімділік пен саналылықтың теңесуі тілдік тұлғаның мәдениеттілігінің өлшемі болады. Саналылық тек адамға тән құндылық, онсыз мәдениеттілік қалыптаспайды. Тұлғаның танымы мен санасы — ми қызметі мен ойлау деңгейінің жемісі. Адамзат қоғамында үлкен рөл атқарған сана мидың ғана жемісі емес, ол таным процесінің жетістігі, сананың қалыптасуы білім мен танымға тәуелді. Тіл – рухани әлем, ал оны меңгеру оған толығымен бойлау арқылы жүзеге асады. Қазақ халқының бай рухани әлемін қолмен ұстау мүмкін емес, суреттеу, мазмұндау жеткіліксіз, оны ұғынып, саналы сезіну керек. Яғни, үйренетін тілді әркім өзі санасы мен  жүрегінен  өткізу,  жеке  басына  қатысты етуі керек. Құбылысты жеке басынан өткеру — сенімді күшейтеді. Тіл үйренушінің сабақ кезінде берілген тілдік материалды саналы меңгеруі оның негізгі мәнін, мағынасын  ұғуға әсер етеді, жағдаятқа сай қолдана білу дағдысы қалыптасады. Алғашқы сабақтардан бастап тіл үйренуші жаңа тілдік ортаға өз еркімен, саналы түрде кіре бастаса, оның өз мүмкіндігіне деген сенімі де арта бастайды.

.

Суггестопедия (латын тілінен аударғанда иландыру, сендіру) тіл үйренушілердің өз мүмкіндіктеріне, оқу-таным әрекетінің түпкі нәтижесіне, оқытушы қолданып отырған әдістің тиімділігіне деген сенiмін нығайтуды көздейді. Тіл үйренуші ересек тұлға оқытудың алғашқы нәтижелерін көрген сайын сенімі күннен-күнге арта түседі, онымен бірге көңілі толу, ризашылық сезімдері оянады, ал мұның барлығы қатысымдық құзыреттілікті арттыруға әсер етеді. Ф.Оразбаева бұл жайында: «Тілді білу арқылы оқушының адамдармен қатысымдық байланысы күшейеді. Сөйтіп, өзіне деген ризашылық, мақтаныш сезімі оянады, қоғамның белсенді мүшесі болуға талпындырар алғышарт пайда болады», — деп жазады [34, 144 б.].

Антисуггестивтік кедергіні жоюда оқытушы авторитеті психологиялық және физиологиялық тұрғыдан үлкен әсер етеді, себебі тіл үйренуші оқытушыдан алған ақпараттармен бірге оның тұлғалық ерекшеліктерін де қатар қабылдайды. Егер тiл үйренушiнiң өзiнiң саналы шешiмi болмаса, үйретушiнiң асқан бiлiктiлiгi мен әдiскерлiгi көңiл толтырарлық нәтижеге жеткiзе алмайды. Бұл жағдай, бiрiншiден, тiлдi үйренудiң себебiн, қажетiн саналы түрде түсiнумен байланысты болса, екiншiден, тiлдi үйренудiң нәтижесiне байланысты. Басқаша айтқанда, оқушы үшiн тiлдi үйренудiң қажеттiлiгiн түсiну аз, оның тiлдi үйренуiне сенiм туғызу керек. Ол сенiм қазақ тiлiн оқу кезiнде күн сайын өсiп, дамып, нығайып отыруы керек. Тiл үйренушiде ондай сенiм туу, беку үшiн ол тiлдi үйренген нәтижесiн көрiп отыруы қажет. Күн өткен сайын сөздiк қоры молайып, оларды еркiн қолданып, сонымен бiрге оқытушының таза қазақ тiлiнде сөйлеген сөздерiн бiршама толық түсiнген сайын, үйренушiнiң қызығушылығы да арта түседi. Тiлдi оқудың әр сатысында белгiлi нәтижелерге жеткенiн көрiп, бiлiп отырса, үйренушi барған сайын тiлдi оқуға, үйренуге ынталана түседi де, қазақ тiлiн меңгере аламын деген сенiм туады. Бұл қазақ тiлiн үйрену, оқу уәждемесiн күшейтетiн құбылыс.

Әдістемелік ұстанымдарға шолуды қорытындылай келе, солар арқылы жеделдете оқытудың әдістемелік жүйесін қалай отырып, оқытудың стратегиялық моделі ретінде қазақ тілін жеделдете оқытудың анықтамасын негіздеуге болады. Бұл анықтамада барлық ұстанымдар  түсіндіріледі. Жеделдете оқыту – жалпы ұжымның мүмкіндіктерін жұмылдыру және әр тіл үйренушінің тұлғасын шоғырланған оқу үдерісінде жан-жақты дамыту арқылы арнайы ұйымдасқан қатысымдық әрекеттерге негізделген білімді меңгеруді ұйымдастыру және сөйлесім біліктілігі мен дағдыларын қалыптастыру әрекеті.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.